2. 3. «Оғызнама» мәтініндегі мәдени-тарихи маңызды тұжырымдар
Жалпы түркілік халықтардың бір бөлігін оғыздар құрағаны белгілі. Оғыз
қаған туралы аңыз жалпы түркі әлеміне ортақ рухани, мәдени мұра болып та-
былады. Сондықтан Оғызнама қазақтар үшін де құндылығы мол дүние деуге
болады. А.Қыраубаева құрастырған «Ежелгі дәуір әдебиеті» еңбегінде: «Қазақ
жеріндегі тарихи жер-су аттары кездеседі, ру-тайпа атауларының шығу төркіні,
түркілердің діни таным-сенімдерінен мазлұмат береді. Оғыз қағанның алты
ұлынан тараған ұрпақтары туралы аңыз, жырдағы басқа да баяндалатын
оқиғалар қазақ тіршілігіне, тарихына тікелей қатысты», - деп атап көрсетіледі
/1/. «Оғызнаманы» қазақ тіліне тәржімелеген авторлардың бірі Құлмат
Өмірәлиев болып табылады. Әрине, басқа тілдердегі шығарманың әр түрлі
варианттары бар екенін де оқырмандарға ескертуге болады.
«Оғызнаманың» біздің елде қазақ тіліне бірнеше аудармасы жарық көрді /3/.
Зерттеушілер ол аудармаларға түсініктемелерінде Оғызды көптеген ба-
тырлармен салыстыра қарастырады. Халқымыздың игілігіне айналған нұсқада
көптеген мазмұнды дүниелер кездеседі. Түркілердің тарихын біріге отырып
зерттеудің құндылығы қазіргі заманда арта түсуде. Өйткені, біздің ата-
бабамыздың өзара қарым-қатынастары тарихи әр түрлі белестерден тұрғанын
атап өтуге болады.
Оғыздардың дәуірінің жан-жақты сипаттамасын бере отырып, Н.Келімбетов
төмендегідей ойларды тұжырымдайды: «Қыпшақтардың қатты тегеуірініне
төтеп бере алмаған оғыздар ХІ ғасырдың орта шеңінде Дешті Қыпшақтан
батысқа қарай ығысып кетеді. Бірақ олардың бәрі бірдей қоныс аударған жоқ
еді. Қазақстан жерінде қалып қойған оғыздар бірте-бірте қыпшақ, қарлұқ,
қаңлы, тағы тасқа түркі тілдес тайпаларымен араласып, солардың этникалық
құрамына біржола сіңісіп кеткені мәлім» /2/.
Шынымен де үлкен Еуразиялық кеңістікте халықтардың бір-бірімен қарым-
қатынасында көптеген зерттелуге тиісті қалтарыстар бар екені рас. Олар
болашақтағы ғылыми зерттеулердің еншісінде. Тек бұл мәселеде этникалық
өзімшілдікті жоғары қойып, тарихи оқиғаларға объективті баға берулерден
алшақ кетуге болмайды. Онда әр түрлі жырлар мен тарихи тұлғаларға тала-
судың жолына түсіп кету қаупі күшейеді.
90
Сондықтан «Оғыз қаған» туралы аңыздың барлық түркі халықтары үшін
ортақ мәдени мұра екеніне шек келтірмейміз. Оғыздарға қарсылық білдірген
халықтардың ішінде дін жағынан алғанда әр түрлі сенімде болған халықтардың
болуы заңды құбылысқа жатады. Өйткені, ислам діні әлі де Тұран жерінде өз
күшіне ене қоймаған кезеңдегі тарихи дәуірдің оқиғалары бұл жырда
баяндалады. Тәңірілік діннің ықпалында болған халықтар басқа сенімді де
құрметтеген сияқты.
Қазақ жерінде кең тарай бастаған әр түрлі батырлар жырлары осы Оғыз
қағанға арналған аңызға ұқсас болып келеді. Соған қарағанда, ерлердің
ерекшелігін сипатталу дәстүрі сол кезеңде қалыптаса бастаған іспетті. Міне,
сөйтіп, түркі даласының тарихи келбеті бірте-бірте өз күшіне еніп, жаңа
құндылықтар жүйесі әрбір адамның дүниетанымының қалыптасуына өзінің
терең ықпалын тигізе бастайды. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді»
дегендей ер намысы ұғымы түркілік менталитеттің түпқазығына айналады.
Міне, соның арқасында осынша кеңістікте түркілер емін-еркін өмір сүруге
мүмкіндік алады. Әрине, тарих доңғалағы түп-түзу сызықпен қозғалмайды, ол
әр түрлі сынақтардан, кедергілерден өтеді. Дегенмен әр халық өзіне құнды
деген рухани дүниесін сақтап қалуға, оны дамытуға тырысуы тиіс. Онсыз
мәдени сабақтастықтың үзілуі мүмкін. Ол халықтың этникалық келбетін
бедерсіздендіреді. «Оғызнама» келесі ұрпаққа рухани мұра болғандығымен
құнды.
Оғыз туралы жыр батырдың, болашақ ел басшысының дүниеге келуі та-
рихынан басталады. Оған алғашынан керемет қасиеттер телінеді, айрықша
сипаттармен басқа зерде иелерінен, қатар өмір сүрген пенделерден ерекше-
лендіре түседі. Мәселен, дүниеге келген нәрестеге «шырайы көк еді, аузы оттай
қызыл еді» дегеннен ертедегі мифтерге сәйкес келетін әсірелей образдаудың
кейпін, пішінін байқаймыз. Әрине, осындай эпостық жырға кейіпкер
таңдалғанда ол міндетті түрде басқалардан айрықшалана түсуі шарт және со-
нымен қатар оның тектілігі, аса туғандығы бірден аңғарылуы тиіс болатын. Ал
тектіліктің ең бірінші көрінісі осындай кішкентай нәрестеге сырттай берілген
сипаттамадан басталып, оның барлық өмірі бойы әр түрлі ерекше харекеттер
арқылы байқалып отыруы тиіс. Міне, батырлар жырларына қойылатын тарихи
санадағы ең бірінші және негізгі талабына сәйкестік осы өлшемдерден, осы
бағаланулардан басталады.
Егер жырға таңдалған кейіпкер өзінің табиғи, немесе рухани осалдығын
өмірдегі әрбір қиындыққа толы сәттерде білдіріп, байқатып отырса, онда ол
тарих сынағынан өте алмағаны және ондай кейіпкер бірте-бірте халық жадынан
өшіріліп кетуі де мүмкін. Халық үшін көбінесе қарапайым пенделік деңгейден
жоғары тұратын тарихи тұлғаның бейнесі сомдалып отыруы тиіс. Ол бейне
әркімді болсын ерліктерге, мәрттікке, батырлыққа және адалдыққа бастауы,
тәрбиелеуі қажет. Яғни бір образда қоғамдағы идеалдылық типіндегі жетілген
адам туралы түсініктің жиынтығы қалыптасуы тиіс болатын. Міне сонда ғана
тарих қойнауында пайда болған аңыз болсын, жыр болсын ауыздан ауызға
тарап, әлеуметтік сананың терең қатпарларына заңды түрде орныға алатын
болған. Ал, енді көне түркілік заманда осындай ежелгі дәстүрлердің
91
ережелеріне, талаптарына толық сәйкес келетін жырға осы Оғыз қағанға
арналған тарихи шығарманы жатқызуымызға толық құқымыз бар. Оның дәлелі
сонау орта ғасырларда пайда болған тарихи туындының қазіргі заманға дейін
жетуі болып табылады және ол мәдени мұра ретінде өзінің тарихи
тағылымдарын жас ұрпаққа ұсынары анық.
Әрине, қарапайым баладан ерекше туған нәрестенің артықшылығын
көрсетудің тарихи эпостарда әр түрлі жолдары болғаны рас. Бірақ жырды қа-
лыптастырушы авторлар (немесе белгісіз бір автор болуы мүмкін) «Осы ұл
анасының омырауынан бір-ақ рет сүт еміп, бұдан артық ембеді. Шикі ет, тамақ,
шарап тіледі» деген сипаттамаларды береді. Міне, сөйтіп, жырды құра-
стырушылар өз оқырманын бірден елең еткізеді. Тіптен, шарап тілеу шамасына
дейін жеткізеді. Сөйтіп, Оғыз бірден туғаннан басқа балалардан табиғи
болмысы жағынан көш ілгері болғандығын авторлар тікелей баяндаумен ай-
налысқаны байқалады. Әрине, бұл сипаттауларды нағыз ерлікке, елін, жерін
қорғауға тәрбиелеудің халықтың өзі ойлап тапқан өзіндік фольклорлық тех-
нологиясы деп түсінуге де болады. Сондықтан, реалистік негіздегі, тіптен,
прагматистік негіздегі тәрбиеге бас ұрған қазіргі тарихи кезеңдегі заманда-
старымыз үшін жырдың сюжетіндегі кейіпкер бейнесінің неге олай суретте-
летіндігі түсініксіз болуы да мүмкін. Жас ұрпақ кейбір әсірелеуді қабылдамауы
да мүмкін. Бірақ, мәселенің іргелі тұстарына барынша ұқыппен назар
аударғанымыз дұрыс іспетті.
Бұл жерде ерекше маңыз беріп, көңіл аударатын нәрсе ретінде тарих сах-
насына, ментальдік, яғни ділдік құрылымдарға түркілік заманның негізгі
құндылықтық бағдарларының басымдылықтарын түсіну мәселесі шығады.
Оғыздар өмір сүрген тарихи кезең үшін қандай әлеуметтік, саяси және рухани
мәнділіктер қоғам үшін негізгі маңыздылыққа ие болған деген сұрақ
туындайды. Әрине, жаугершілік заманы, кеңістік пен уақыттың қатаң бәсе-
келестікке бағынған кезеңінде негізгі мәселе тіршілік үшін күрес болғаны анық.
Ол мәселені Оғыз батырдың қатпен шайқасынан да, одан кейінгі елді басқарған
кездегі көптеген басқа жұрттармен шайқасынан байқаймыз. Яғни жырдың
жалпы мазмұнына үңілетін болсақ, бұл тіршілікте өмір үшін үнемі күресте болу
керек. Бірақ сол күрестің мақсаты жеке бастың ғана амандығын, қадір-қасиетін
күйттеу емес, елдің қамын ойлау, оның әрбір өкілі үшін жанкештілікпен тер
төгу, реті келіп жатса қан төгу деген тарихи тұжырым астарланып жеткізіледі.
Міне, осындай әрекетке баруға кім дайын болуы керек? Әрине, Оғыз қаған
сияқты ердің үлгі болатын жері осындай сәттер іспетті. Ал, енді өзінің жеке
басының мүддесін үлкен қауымдастық мүддесіне бағындыруға дайындықтар
мен әрқашанда халық үшін қандай қиындыққа болсын дайын болу сияқты
деректер рухани жағынан алғанда біршама жетілген әлеуметтік субъектінің
өмірдегі әрекеті болып табылады.
Оғыз қағанның түркілер тарихында қомақты орын алу себебі де осындай
шығыста басымдық танытқан дүниетанымдық бағдардың озық үлгілеріне
сәйкес келетін тарихи кейіпкер болуында деген ойдамыз. Сондықтан Оғыз
қаған жыры түркілердің оғыз тайпаларының ауқымынан асып көптеген көрші
елдердің тарихи болмысына ерекше мәдени құндылық ретінде өз орнын табады.
92
Жалпы халықтардың нағыз шынайы бағалауы әрқашанда этникалық шеңберде
шектеліп қалуды қаламайды. Егер әр түрлі мәдениетте орын алған тыңдауға,
қадірлеуге тұратын образдар сол мәдениеттен тысқары жерлерде де белгілі бір
құрметке ие болатыны белгілі. Мәселен, мұсылман елдерінде Ғайса пайғамбар,
Сүлеймен пайғамбар туралы аңыздар орта ғасырларда кең тарағаны белгілі.
Сол сияқты Оғыз қағанның түркі елдері ғана емес, басқа да көрші елдердің
рухани өміріне ерекше тарихи тұлға ретінде ендеп кетуіне кедергі болмағанына
сенімдіміз.
Оғыз қағанның үйленуінің суреттелуі де кереметтерге толы. Әсіресе, өзінің
алғашқы жарын кездестіргендегі сипаттау Оғыз заманындағы басымдық
танытқан дүниетанымдық эстетикалық келбеттерді айшықтайды. «Осы қыз
сондай көрікті еді: күлсе Көк Тәңірінің өзі күлетіндей, жыласа Көк Тәңірінің өзі
жылайтындай еді» деген жолдардан бұл дүниенің әсемдігі мен мұңының өзі
әйелдің қас-қабағына қордаланғандай әсер қалдыртады. Яғни дүниенің бәрін
ұйымдастырушы, басқарушы, реттеуші күшті Көк Тәңірі дегеннің өзінде, оның
өзі ер адамның өмірлік серігі болатын арудың жан дүниесінің ырғағына үнемі
назар салатындай кейіпте түсініледі. Бұл Көк Тәңірінің орнын, ең жоғарғы күш
ретіндегі мәртебесін төмендету емес, ол, керісінше, әйел затын барынша
асқақтату, оны әлемдегі әсемдіктің, нәзіктіктің, үйлесімділіктің тетігі, белгісі
ретінде қарастыру болып табылады. Міне, осындай әйелге деген жоғары
деңгейдегі рухани қатынастардың талай ғасырлар бойы түркі әлемінде орын
алып келгеніне дәлелдер тарихи деректерде, ғұламалардың тарихи
шығармаларында барынша жеткілікті.
Тек ортағасырлық Шығыста әлеуметтік қатынастар негізінен деспоттық
сипатта болған түсінік Еуропалық түсінікте ғана орын алып келгені белгілі.
Шын мәнінде бұл әйелге деген қатынасты иерархиялық өзара байланыс деп
сыңаржақты пайымдау болып табылады. Әйелдің сұлулығы мен қатар
байыптылығына ғасырлар бойы тәнті болған түркілік әлем оған деген құрметін
ешқашан төмендетпеген және оны Ғаламның керемет бөлшегі ретінде үнемі
жырға қосып отырған. Міне, осы дәстүріміздің қазіргі замандағы жалғасы
болғанын қалаймыз және әйелді тек қана қоғамның еңбек ресурсы ретінде
қабылдауымыз, оның әсемдігін, қылықтылығын екінші қатарға ысырып қойып
нарықтың қатаң заңының қисынына жегіліп, жеңіліп кете беруіміздің өзі
рухани дүниеміздің әлсірегенін, ғасырлар бойы қалыптасқан түркілік заманнан
келе жатқан әйел сыйлауға байланысты тамаша дәстүріміздің іргесі шайқала
бастағанын танытары анық. Міне, сондықтан Оғыз қағанның өз жарын қалай
сүйгенін, ұлдары мен қыздарын қалай мәпелегенін тәлімдік өнегесі бар
әрекеттер деп бағалауға болады.
Әлемдегі әрбір құбылыстың өзіндік мағынасы және тарихи процесс үшін
мәнділігі бар. Ешқандай тарихи оқиға бекерден-бекер әлеуметтік шындықта
орын алмайды. Тіптен, ондаған, жүздеген жылдар өткеннен кейін теріс мағы-
нада бағалаулар берілген тарихи деректерге түсіністікпен қараудың уақыты да
келеді. Ол дегеніңіз адамзат тарихындағы барлық зұлымдық пен жамандықтың
бәрін, соғыстар мен қан төгістерді ақтап алу емес. Керісінше, сондай адам
істемеуге тиісті харекеттердің тарихи процесте орын алғандығына қын-
93
жылыспен себептерін анықтау болып табылады. Түркілердің тарихында басқа
әлем халықтарындағыдай талай соғыстардың болғаны белгілі. Оғыз қағанның
ұрпақтары да көптеген шайқастардың куәсі болғаны анық. Ал осы
қақтығыстардың барлығына себептер болған қозғаушы күштер әрбір заманда
өмір сүрген адамдардың әрқайсысының бойында жинақталған рухани
жетілмеуге байланысты деген пікірдеміз. Ал енді көптеген адамдардың қы-
рылуына себепкер болған ұлы шайқастардың себебін жекелеген ел басшыла-
рының ерік-жігеріне, немесе аса ерекше зұлымдығына тели салу үстірттеу
түсінік болып табылады. Себебі, орта ғасырлардың өзіндегі адами рухани
болмыстың жалпы деңгейі ел аралық, тұлға аралық үйлесімділікті биік дең-
гейде орната қоюға іргетас бола алмағанын жасыруға болмайды. Сондықтан
рухани әлсіздіктердің көрінісі үлкен соғыстар, басқыншылық жорықтары
ретінде тарих сахнасында көрініс беріп отырған. Бірақ, дегенмен соның өзінде
тарихтың доңғалағын әрі қарай домалатудың тетігін іздеген тұлғалардың іс-
әрекеттері елеусіз қалмауы тиіс болатын. Сондықтан Оғыз қаған сияқты
батырлардың өмір тарихын философиялық тұрғыдан пайымдауды өзіміз үшін
үлкен құрмет деп сезінуге тиістіміз.
Әдебиеттер
1. Оғызнама //Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы: Ана тілі, 1991. – 58-76 б.
Достарыңызбен бөлісу: |