Қазақ философиясы тарихы. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін. – Т. Қазақ философиясының



Pdf көрінісі
бет26/57
Дата28.03.2024
өлшемі2.98 Mb.
#496759
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   57
annotation23044

 Қазақ – сөз қадірін білген халық. 
**
Философ Қ. Бейсенов бұл өлең жолдарын танымдық теориямен байланыстырып өз 
ойын былай деп түйіндейді: «Асан Қайғының танымдық теориясы мынандай 
дәйектілікте көрінуге тиіс: Сезімдік таным (шер) – рационалдық таным (ақыл-ой) – 
сөз. (Қ.Бейсенов. Қазақ топырағында қалыптасқан ғақлиятты ой кешу үрдістері. 
Алматы, 1994. 119-б). Біздің ойымызша, бұл жолдардың танымдық негізі этикалық 
жағдайларда, яғни адаммен байланысты қарастырылады. 


183 
тәккәппарлық, ғайбатшылық, қызғаншақтық, мақтанқорлық қасиеттер үйiр 
болады. Олар адамның өз басына ғана зиян әкелiп қоймай, сонымен қатар өзiн 
қоршаған жақын адамдардың тағдырын бұзады, бақытсыздықтар құрылымын 
жасауы мүмкiн. Бақ пен қыдыр әлемге тарау үшiн Адам өзiн күнде тәубеге 
шақырып, рухани тазалыққа ұмтылуы шарт. 
Арғымаққа мiндiм деп, 
Артқы топтан адаспа. 
Күнiңде өзiм болдым деп, 
Кең пейiлге таласпа. 
Артық үшiн айтысып, 
Достарыңмен санаспа. 
Ғылымым жұрттан асты деп, 
Кеңессiз сөз бастама. 
Жеңемiн деп бiреудi 
Өтiрiк сөзбен қостама /11/. 
Табиғатты қабылдау, оның барлық сұлулығын жан-тәнiңмен түсiну, терең 
мәнiне бойлау, оны өмiр игiлiгiне жарату кез келген адамның қолынан келе 
бермейтiнiне тоқталады. Әрқайсымыз үшiн, қоршаған ортамыздағы керемет 
әсемдiк әлемiн қадiрлей бiлу адамдық парыз. Өйтпесе «табиғат жетiмсiреп – өз 
әсемдiгiн жоғалтпай ма?» – деген сауал қояды халайыққа. 
Көлде жүрген қоңыр қаз 
Қыр қадiрiн не бiлсiн. 
Қырда жүрген дуадақ 
Су қадiрiн не бiлсiн! 
Ауылдағы жамандар 
Ел қадiрiн не бiлсiн! 
Көшiп-қонып көрмеген 
Жер қадiрiн не бiлсiн! /12/ 
Асан Қайғы шығармашылығының тағы бiр ерекше астары адам болмысы-
ның күрделi құрылымын аша бiлу, оны адамгершiлiк принциптерiмен байла-
ныстыра бiлуiнде. Тәни және рухани әлем түбiнде адамгершiлiк табиғатымен 
бiрiгiп, тұтастанған дүниеге айналады. Қоршаған орта болса, адам үшiн ол 
баста өмiр тәсiлi, өмiр құрылымы ретiнде берiлген iспеттi. Сондықтан Асан 
Қайғы пiкiрiнше, дүниеде себепсiз, ретсiз орналасқан және дамитын ешнәрсе 
жоқ, барлық iс-әрекет пен өзгерiстердiң негiзi Ғаламдық Мәнмен тығыз бай-
ланыста. 
Реалистiк, нақты тұрғыдан қарастыру тәсiлi – Асан Қайғы дүниетанымының 
өзегi, сондықтан заттар мен құбылыстардың мiндеттi түрде бейнесi мен кейпi 
болуы, халықтың дүниенi қабылдау дәстүрлерiне сай сипатталуы – бұл 
ерекшелiк далалық философияның бiр қыры. Әрине, әрбiр сөздiң көп қатпарлы 
астары бар екенiн де есiмiзден шығармайық. Мiне, сондықтан сезiмдiк 
қатынастарды жүйеге келтiру өнерi, рационалдық деңгейге көтеру талпынысы 
Асан Қайғы дәуiрiндегi iрi жетiстiктер қатарына жатады. Қазақтың қоғамдық 
ой-пiкiрiнде әлемдi тану, ой тұжырымдау саласының ерекше бiр бағыты 
өркендей түстi. Сөйтiп, қазiргi мағынадағы ғылыми танымға жатқызбағанмен 


184 
әлеуметтiк таным практикасының (аңдау немесе байыптау – созерцание) 
табалдырығы қалана бастады, iргесi көтерiлдi. 
В.П. Иванов атап өткендей, бұл әлемдi байыптау бiртұтас қамтудың, иге-
рудiң сол дәстүрге сәйкес бiрден-бiр тәсiлi едi /13/. Осы жағдайда үйлесiмдiлiк, 
тұтастық және кемелденгендiк идеясы негiзгi өзектi идеяға айналып, 
дүниетанымдық айшықтардың нағыз қайнар көзiне айналды. Байыптау ұғымын 
жан-жақты зерттеушi Қ.Ш. Нұрланова оны Ғаламды танып-бiлудiң өзiндiк 
тәсiлi, өмiрге, болмысқа философиялық қатынастың негiзi ретiнде қарастырады. 
«Байыптау – өте бай әлемдiк қатынастың мәдениет ретiнде дамыған қиял 
(воображение) қасиеттерiмен тiкелей байланысты. Тұтас ғаламға деген шынайы 
қатынастың мағынасы әсемдiк пен мәңгiлiкке деген тиiстi бағамен анықталады. 
Бай қиялдың арқасында, интуицияның көмегiмен Ғаламдық шартараптың 
көмескi тұстарын «қамтып» отыруға мүмкiндiк ашылады. Әлемнiң шексiздiгi, 
кеңдiгi, 
ұлылығы 
оның 
бiрте-бiрте 
ғана 
сырын 
адам 
баласына 
байқататындығында» - дейді /14/. 
Мiне, осындай қарым-қатынастар белең алған әлеуметтiк дүниеде тiкелей 
қабылдау, сезiмталдық, байыптау арқылы әлемнiң болмыстық мәнiн ашу 
дәстүрi терең тамыр жайғандығын бiлдiредi. «Адамның ұлылығы, оның бел-
сендiлiгi тек қана iс-қимылынан ғана байқалып отырмайды, сонымен қатар ол 
Ғаламды, Әлемдi, Болмысты дұрыс түсiне бiлу, оны байыптау тұрғысынан 
байқалады» /14/. 
Сөйтiп, адамның iшкi мағынасы оның әлемге деген сан қырлы қатынасын 
қамтиды (танымдық, эстетикалық, байыптау және т.б. өмiр мен өлiмге деген 
адамның шынайы көзқарастары) және ол адамның тұтастығын танытады. 
Бұл мәселелердi көтеру себебiмiз – Асан Қайғы мен Қазтуған жыраулардың 
Әлемге деген қатынасы тұтастығымен ерекшеленедi. Сондықтан зерттеу 
объектiсiне айналған жыраулар – нағыз дала философтары. 
Әлемнiң тұтастығы – Асан Қайғы мен Қазтуған жыраулардың шығарма-
шылығында жәй ғана механикалық жиынтық емес, ол диалектикалық өтпелi 
кезеңдерден тұрады, себеп-салдарлы байланыстарға арқа сүйейдi және оның 
өзегiн қайшылықтар мен әмбебап заңдылықтар құрайды. Сондықтан әр түрлi 
тiршiлiк иелерiнiң тағдырлық ерекшелiктерi жалпы әлемдiк тұтастықтың 
үйлесiмдiлiгiн сақтайды, құлпырта түседi. БҮған дәлел мына жыраулық ой-
толғаулары: 
«Бұл заманда не ғарып? 
Ақ қалалы боз ғарып, 
Жақсыларға айтпаған 
Асыл шырын сөз ғарып; 
Замандасы болмаса, 
Қариялар болар тез ғарып; 
Қадiрiн жеңге бiлмесе, 
Бойға жеткен қыз ғарып; 
Ел жағалай қонбаса, 
Бетегелi бел ғарып, 
Қаз, үйрегi болмаса, 


185 
Айдын-шалқар көл ғарып; 
Мүритiн тауып алмаса, 
Азғын болса пiр ғарып; 
Ата жұрты бұқара 
Өз қолында болмаса, 
Қанша жақын болса да, 
Қайратты туған ер ғарып» /15/. 
Өмiрден, Ғаламнан өз орнын таба алмаған әрбiр жан иесi тағдыр сынағына 
түседi, Мәндiк негiздерiн iздеумен болады. «Адасқанның алды жөн, арты 
соқпақң, – деп Абай атамыз айтқандай, егер кеш болса да өз орнын тапқан әрбiр 
Тұлға бұл тiршiлiкте бақытты, өмiрi үйлесiмдi. Мiне, осы тұрғыдан алғанда 
Асан 
Қайғының 
қолданатын, 
өрнектейтiн 
«Ғарып» 
ұғымы 
түпкi 
дүниетанымның ерекше категорияларының қатарына жатады. Бұл ұғым арқылы 
дүниенiң диалектикалық өзара байланыстарын айқындай түсуге болады, 
метафизикалық абсолюттеуден құтыламыз. Ойшылдың қарым-қатынастар 
жүйесiне берген бағасын, бiз философияның негiзгi принциптерiнiң бiрi 
күмәндану принципiне көңiл бөлгенiн байқаймыз. 
Асан Қайғы жырларында дүниеде, өмiрде кез келген кездейсоқ жағдайдың 
болу мүмкiндiгiн жоққа шығармайды, сонымен қатар бәрiбiр әр түрлi 
құбылыстар логикасы түбiнде тұрақты дәстүрлi заңдылықтарға ұмтылатын-
дығына меңзейдi. Мәселен, түнде ұшқан қаздар мен тырналардың қонатын кезi 
болады, мiне, сонда олар өздерiне жат, бөтен жерлерге де қонуы мүмкiн 
екендiгiн айтады. Бiрақ, құстар бiр түнеп алған соң, таң ата мiндеттi түрде 
ұшып кететiнiн, ол жердi жерсiнбейтiнiн, мәңгiлiкке қалып қоймайтындығына 
назар аудартады. Адам да өзi өмiр сүретiн жерiн терең жүрек сезiмiмен таңдау 
керек екендiгi жайлы ой-тұжырым туындайды. Қазақтың көшпендiлiгi 
(номадизм) де өте күрделi, бiрақ логикалық қисыны нақты сипатқа ие болған 
заңдылыққа бағынған. 
Әр нәрсенiң өз Уақыты, өз Кезеңi бар екенiн, қанша айтқанмен ңкүн шық-
сынң деп, өз Уақыты келмесе күн шықпайтынын, мүмкiндiк шындыққа айна-
латын сәт келмесе, ол процесс жүзеге аспайтынын Асан Қайғы жырлары 
арқылы өз тұрғысынан баяндайды. Сөйтiп, бақыт пен махаббаттың өзi керемет 
күш дей келiп, бұл кереметтер келген жерде дала құлпырып, гүлдеп ке-
тетiндiгiне, ауызға түскен әрбiр ас балдай тәттi болатындығына кәмiл сенедi. 
Адам, Дала, Ғалам Асан Қайғы үшiн – бiртұтас дүние /16/. 
Асан Қайғының толғауларында нақты әлемнiң және әлеуметтiк өмiрдiң 
объективтi диалектикасы өзiндiк поэтикалық нұсқада өрнектелген. Асан 
Қайғының шығармашылығындағы образдар өзiнiң құндылығы жағынан ло-
гикалық ұғымдар әлемiне жақын, кейбiр кезеңдерде пара-пар келедi деуге 
болады. Әрине, бұл жерде объективтi диалектиканың көрiнiс беруi классикалық 
варианттағы логикалық-теориялық құрылым ретiнде емес, көркем образдар 
кейпiнде сипат алған. Мұндай тәжiрибе тек қана Азиялық дүниетанымға тән 
деп шектей алмаймыз. Мәселен, Гете мен Пушкинге назар аударсақ – нағыз 
көркем образдар диалектикасын көремiз. 


186 
Асан Қайғымен қоса сол заманның Шығыстық ғұламаларына тән ортақ 
қасиет – диалектикалық идеялардың табиғат пен әлеуметтiк құбылыстарға сай 
көркемдiк образдар арқылы байланыстар мен себеп-салдарлар, жалпы 
өзгерiстер мен қайшылықтар әлемiн құрайды деген тұжырымдар жасауға бо-
лады. Бұл жағдай, яғни көп салалық, көп бағдарлық – әлемнiң тұтастығына
бiрлiгiне iргетас болатын тұрғы деуге болады. Әлем ешқашанда бiр ғана бағыт, 
бiр ғана тәсiлмен шектелмейдi, ол өзiнiң дамуында сан түрлi әрекет, қимыл, 
талпыныстарды мойындайды және сол арқылы Ғалам Мәнi байи түседi. 
Бiздiң ойымызша, Асан Қайғы қоғамды этикалық организм ретiнде қара-
стырады және оны жетiлдiру оның әрбiр мүшесiнiң жалпы және мәңгiлiк 
мiндетi деп алған. Өмiрдiң сан қырлы сырын түсiнуде, тiршiлiктегi жақсы мен 
жаманның айырмасын бiлуде ойшылдың терең ойлары адамзат үшiн жол 
көрсеткiш белгiсiндей. Ал қазақ халқы үшiн нағыз бiрiктiрушi феномен, да-
мытушы рухани күш. 
Адамның кез-келген iс-әрекетi тек қана әдiлдiк идеясына бағынуға тиiс 
деген ой тұжырымына арқа сүйеген. Әдiлеттiлiк принципi негiзгi бағдар болған 
қоғам ғана адамның бақытты болуына iргетас бола алады. Қандай қоғам адамға 
қолайлы, қандай әлеуметтiк ортада ол – Тұлға деңгейiне көтерiледi. Мiне, кез 
келген қоғам үшiн күн тәртiбiнде тұрған сұраққа былай жауап беруге 
тырысады: 
«Әдiлдiктiң белгiсi, 
Бiле тұра бұрмаса. 
Ақылдының белгiсi, 
Өткен iстi қумаса. 
Жамандардың белгiсi, 
Жауға қарсы тұрмаса. 
Залымдардың белгiсi,
Бейбiттiң малын ұрласа. 
Надандардың белгiсi, 
Бiлгеннiң тiлiн алмаса. 
Шамаңша шалқып көре бер, 
Қәбiрге әзiр қоймаса, 
Артында қалар атақ жоқ, 
Тiрiде даңқың болмасаң /17/. 
Асан Қайғы шығармаларында әлеуметтiк қайшылықтар мен күрделi саяси 
мәселелер жөнiнде көзқарастар онша көп кездеспейдi. Тiптен саналы түрде 
саясат мәселесiне тоқталмауға тырысатындай түр көрсетедi. Бiздiңше, саясат 
бар жерде әдiлдiктiң де аздау болатынын ескерген болар. Мiне, сондықтан ол 
көбiнесе этикалық мәселелердi өз шығармашылығының негiзгi арқауы еткен. 
Сонымен қатар хандардың мүлт кеткен жерiн байқап, халықтан алшақтап 
кетпеуiн ескертiп отырумен болған. Оны мына жыр жолдарынан байқаймыз: 
Халқың түгел ашықса, 
Ақыл кетер басыңнан, 
Халқың түгел күйзелсе, 
Бақытың кетер басыңнан. 


187 
Бұл жерде Асан Қайғы ханға әлеуметтiк немесе саяси баға беруге талпын-
байды, негiзiнен оны адамгершiлiк принциптерiне (этикалық сипаттағы) 
шақырумен болады. Дегенменде, Асан Қайғы әлеуметтiк өмiрдiң ащы шын-
дығын өзiнiң өткiр тiлiмен айшықтап отырған, қоғамдық өмiрдегi шешiмiн 
табуға тиiстi мәселелердi назарынан тыс қалдырмаған. Халық сол үшiн де оны 
ұнатқан және көпшiлiк алдында үлкен беделге ие болып, өзiн кең даланың 
нағыз Асан Атасы ретiнде көрсеткен. 
Кез келген қоғамға талдау жасай отырып, оның идеологиясымен тығыз 
байланысты екенiн, сол арқылы басқарылып, сол арқылы өмiр сүре алатынын 
байқаймыз. Сондықтан тарих сахнасының көптеген кезеңдерi (өткенде де, 
болашақта да) саяси мәселелерсiз дамуы мүмкiн емес. Сондықтан қоғам әр 
уақытта алыптарды (ғылымның, бiлiмнiң, өнердiң, саясаттың), тұлғаларды 
қажет етедi, мiне сондықтан «Қайырымды қаласын» (әл-Фараби), «Күн қала-
сын» (Кампанелла), «Жер ұйықты» (Асан Қайғы) және т.б. iздеген ғұламалар 
дүниеге келедi. Осы қозғалысқа сәйкес қоғамда қозғалыстар мен дамулар, 
жаңғырулар мен жаңа мағыналар пайда болады, әлсiн-әлсiн құндылықтар жаңа 
қырларымен пайымдалып отырады. Осындай сапалы өзгерiстер, iргелi 
тұжырымдар бұқара халық үшiн бағдар, жол сiлтер алау сияқты рөлдердi 
атқарады. 
Асан Қайғының өмiр бойы iздегенi – адамдардың өмiрiне ең қолайлы мекен 
екенi белгiлi. Ол бұл жерде адамдар тең құқықты және бәрi де бақытты болуға 
тиiс, яғни Асан Қайғы әлеуметтiк-утопиялық идеяны көтере отырып, өзiнен 
кейiнгi қазақтың қоғамдық ой-пiкiрiнiң, жаңа мұраттардың қалыптасуына үлкен 
ықпал еттi. Бұл жерде: «Қоғамдық ойлар тарихындағы утопиялық идеялар 
қоғамның прогресивтi дамуы туралы теориялардың алдында келетiн дүниелер 
екенiн сенiмдi түрде айтуға болады» /18/, – деп көрсеттi Г.П.Францев, оның бұл 
ұстанымын ойымызға дәйек еткенiмiз орынды. 
Асан Қайғы шығармаларының рухына сәйкестендiрiп, Үмбетей Тiлеуұлы, 
Бұқар жырау, Дулат және басқалар идеялары ХIХ ғасырдың соңында өмiр 
сүрген Абайға дейiн жеткен дәстүр қалыптасты. Әлеуметтiк утопия сонау орта 
ғасырларда халықтың арман-қиялынан пайда болып, кеше ғана өзiнiң тiршiлiгiн 
тоқтатқан социализм заманына дейiн жеттi. Өз заманының ақыны, жырауы 
ретiнде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығында да көрiнiстер бердi. Әрине, 
идеологияның поэзияға тиген әсерiн «керемет қоғам» айшықтарынан 
байқаймыз. Соның бiр дәлелi ретiнде мынандай өлең жолдарын келтiруге 
болады: 
Заманнан Заман – еш заман, 
Қол сұғып бетiн ашпаған, 
Өмiрдiң шың белесi 
Асан Қайғы, Жиренше 
Арман еткен өлгенше: 
«Жер ұйық» атты жер осы! /19/ 
Асанның пайымдауынша, халық үшiн туған жердiң әрбiр бұтасының, 
төбесiнiң өзiндiк орны бар Желмаясын мiнiп алып, қазақтың кең даласын 
оңтүстiктен солтүстiкке дейiн, шығыстан батысқа дейiн шарлап шыққандағы 


188 
мақсаты жәй ғана қыдыру, көру емес. (Қазiргi заманда ауқатты елдердiң қал-
тасы азаматтары демалысқа шыққан уақытта елдер аралап, ңкруизң жасауды 
әдетке айналдырған). Асан Қайғы мақсаты әлде қайда тереңде жатыр – ол 
халқы алдындағы борышын орындауда. 
Асан Қайғы iздеген «Жер ұйық» – адам үшiн (оның iшiнде қазақ үшiн) өмiр 
сүруге ең қолайлы болатын жер жәннаты. Қазақ негiзiнен көшпендiлiк өмiр 
салтына бейiмделген ел болатын. Ал оған абсолюттi мағынада сай келетiн жер 
жоқтың қасы болып шықты. Сонау Ұлытаудың да, Жетiсудың да, Сарыарқаның 
да, Сыр бойының да, Атырау алқабы мен Шу өңiрiн де, Ертiс жағалауы мен 
Алатау бөктерiнiң өзiндiк керемет қасиеттерi мен бiраз кемшiлiктерi табылып 
отырған. Өзiнiң туған өлкесi Едiл мен Жайық жағалауын былай суреттеген: 
Едiл мен Жайықтың 
Бiрiн жазға жайласаң, 
Бiрiн қыста қыстасаң, 
Ал қолыңды маларсың 
Алтын менен күмiске! /20/ 
Бiрақ Асан Қайғы ол жерлердi де «Жер ұйыққа» жатқызбаған. Сонда «Асан 
Қайғыны қанағаттындыратын әлем қайда?»- деген сұрақ туындайды. Туған 
өлкесiнiң мерейiн көтерiп тастағанмен, ақиқат одан да күштiрек деген сыңай 
танытады. «Жер ұйықтың iздеген Асан Атамыз қазақтың бiраз жерлерiн сын 
қармағына iледi. Табиғат ана сараңдық жасаған екен-ау деген көңiл кiрбiңiн 
сездiредi. Әрине, қазiргi замандағыдай ақпараттар қоры болмағандықтан 
Қазақстан жерiнiң қойнауы толған байлық екенiн (мұнай, газ, темiр, алтын, жез 
және т.б.) бiлмеген екен деп сыңаржақты ойлар айтып қалушылар да болар. Бұл 
жерде мәселе әр заманның өзiндiк мүдделерi мен қажеттiлiгiнде. Мүмкiн 
бiрнеше ғасыр өткен соң, қазiргi «байлық» деп жүрген заттарымыз қажетсiз 
дүниелер болуы да ықтимал. Өйткенi жаңа қуат көздерi ашылса (әсiресе, Күн 
қуаты игерiлсе) көмiр мен мұнайдың қажеттiлiгi болмауы да мүмкiн. Онсыз да 
экологиялық дағдарысқа ұшыратып отырған «байлақтарымызды» жылы жауып 
қоймаймыз ба? 
Қазақ даласында да Еуропаны дүр сiлкiндiрген Томас Мордың «Утопиясы», 
Кампанелланың «Күн қаласы» iспеттi «Жер ұйық» идеясы шарлаған кезең 
болды. (Бұл идеяның iздерi Қазтуғанда да бар). Халық Асанмен бiрге 
армандады, аңыздарды толықтырды, жаңа жерлердi iздеумен болды. Халық – 
«Жер ұйық» жоқ деген сөзге сенгiсi келмейдi. Сондықтан да болар көшпендiлер 
философы – Асан Қайғының негiзгi тұжырымы былай өрнектелген деуге 
болады: «Жер ұйық» – бақыт пен дәулет, тыныштық пен бейбiтшiлiк әлемi, 
және оған жету үшiн халық сабырлылыққа, шыдамдылыққа үйренiп, өзiн 
iскерлiгiмен таныта бiлу керек – сонда ғана аңсаған арманыңыздағы жер 
жәннатына жетесiз, басқаша айтқанда, өзiңiздiң жеке «Жер ұйығыңызбен та-
бысасыз». 
Асан Қайғы iс-әрекетiнiң түпкi мәнi – халықтың бiрлiгiн нығайту, аумақтың 
тұтастығын насихат ету, даласы мен таулы аймақтың халқын бiр-бiрiне 
жақындату, табиғаттың қыры мен сырын қауымға паш етiп, өзiн-өзi танып 


189 
бiлуге шақыру. Халықтың iштей бiрлiгi болғанда ғана мықты, бiртұтас 
болғанда ғана өзiн-өзi сақтай алады, дамыта алады. 
Өз дәуiрiнiң шоқтығы биiк жұлдызы болған Асан Қайғы үшiн Адамға та-
биғаттың тұмса ортасынан орын табу шешiлмеген мәселе болып келсе, ал 
қазiргi экологиялық апат пен дағдарыс заманында тек қана географиялық орта 
ғана емес, сонымен қатар ниет пен пейiл, ар мен ұят нарық салмағын көтере 
алмай сыр беруде, өкiнiшке орай. 
Мiне, зерделi азамат үшiн Қайғының үлкенi сол болып тұр, бiз үшiн 
бұйырған осы заманда. 
Кең байтақ қазақ даласы жаралы жануардай ыңырсуда (Арал өңiрi, Семей 
полигоны, түтiнге толы қалалар, ауруға шалдыққан аналар мен балалар). Қазiргi 
өмiрдiң ащы ақиқатын қанша айта бергеннен өзгере қоймасы анық. 
Экологиялық сананың қалыптасуы кешеуiлдегенi белгiлi. Өткен социалистiк 
дәуiрде, қазiргi өтпелi кезеңде (өркениеттi қоғамға) әзiр жарытып экологиялық 
бiлiмдер таратқан емес, ешкiмнен еш нәрсе талап еткен емес. Бұрын жоспар қуу 
болса, қазiр пайда табу көзiн iздеген пысықтардың құрбандығына айналуда 
даламыз да, қаламыз да, жануар да, адам да. Шетелдiк инвесторлар iшiнен 
қатаң талаптарды сақтап отыратын, шарттарды орындайтын фирмалармен ғана 
жұмыс iстеген жөндi. Себебi, келесi ұрпаққа да табиғат керек емес пе? 
Табиғаттың өзiн-өзi реттеуi, жаралы болған жерiнiң жазылуы ондаған 
жылдарға созылатын ғалымдар ескерту үстiнде. Ал кез келген адамның өмiрi 
бұл дүниедегi қайталанбас керемет екенiн қайталап айтудың да қажеттiлiгi 
жоқтай. Дегенмен де өз заманның әдiлетсiздiгi мен қиындығына күйзелген, 
тiптен кейбiр iстерге жан-тәнiмен қынжылған Асан Қайғының айтқан мы-
нандай сөздерi қалған екен: 
Ай, хан мен айтпасам бiлмейсiң, 
Айтқаныма көнбейсiң, 
Шабылып жатқан халқың бар, 
Аймағын көздеп көрмейсiң. 
Мастанып, қызып терлейсiң, 
Өзiңнен басқа хан жоқтай. 
Елеуреп неге сөйлейсiң?! /21/ 
Хан болмаса да, ханға биiктен сөйлейдi, хан iсiнiң терiстiгiн қауым алдында 
әшкерелейдi. Бұдан Асан Қайғының iрiлiгiн байқау қиын емес. 
Өзiнiң еркiн сөйлей алатын дiлi арқылы жұртшылық алдында үлкен беделi 
болған Асан Атамыз өз заманының ақиқат пен әдiлдiк жаршысы, өз жұртының 
патриоты, батыл сыншысы, күрескер қайраткерi, халқының адал перзентi! 
Аты аңызға айналған Асан Қайғының замандасы Қазтуған жырау болған. 
Қазтуған жырау Сүйiнiшұлы ХV ғасырда Едiл бойында өмiр сүрген (Дештi-
Қыпшақ заманында). Бұл кезең Қазақ хандығының қалыптаса бастаған уақыты 
болатын. Ол әскери аристократтардың ортасынан шыққан Едiл бойының түрiк 
тайпаларының көсемi болған. Бiзге жеткен жыр толғаулары арқылы Қазтуғанды 
тек жауынгер ретiнде танымаймыз, сонымен қатар өз заманының қоғамдық-
саяси қайраткерi және ақын-ойшылы екенiн мойындаумыз керек. Өйткенi 


190 
жырау шығармаларында «батырлар дәуiрiнiң» дүниетанымдық ерекшелiктерi, 
сана-сезiм деңгейi туралы көркемдеп жеткiзiлген деректер келтiрiлген. 
Қазтуған жыраудың толғаулары көлемi жағынан шағын болса да, iшкi 
мазмұны жағынан толғау түрiн өзге бiр қырынан танытады. Егер Асан 
Қайғының негiзгi кейiпкерi зұлымдық бiткендi жеңе бiлетiн жақсылықты 
бойына жинаған жан болса, Қазтуған шығармаларында жамандықтың көрiнi-
стерiнен гөрi әлеуметтiк-сыни ауанда қалыптасқан моральдық үрдiстер басым. 
Ол поэзиядағы әр түрлi абстрактiлi жақтарды шектеп, оның орнын нақты, 
өмiрлiк мағынамен толықтыруға тырысты. Бiрақ Қазтуғанда этикалық 
мәселелер ауқымынан алысқа кетпейдi, көбiнесе сол төңiректе өз ойын топтай 
түседi. 
Асан сөздерiндегi елдiк мәселесiне Қазтуған толғаулары ерлiк мазмұнымен 
қосылып, бiрiн-бiрi толықтыра түседi. Асан Қайғының шығармашылығынан 
пессимизмдiк әуендер естiлсе, Қазтуғанда керiсiнше ерлiк рухы, батырлық лебi, 
өжеттiлiк әуендерi молырақ. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазтуған толғаулары 
батырлар жырының жеке бiр жырау атымен сақталған шағын бiр жалғасы 
тәрiздi, сонымен қатар, поэзиямыздың кейiнгi тұстарында едәуiр өрiс алған 
ерлiк толғауларының алғашқы нұсқауларының бiрi болып табылады /22/. 
Сонымен Қазтуған жырау шығармашылығы әскери және саяси оқиғалардың 
көрiнiстерiнен ақпар берiп отырады. Қазтуған өз заманының қайнаған қазандай 
екпiнiн, айналасында болып жатқан өзгерiстерiн, әлеуметтiк-психологиялық 
астарға толы әлемiн жырларында халықтың қамын ойлап, оның болашағына 
азамат ретiнде жаны ашитын жырау қалпында жеткiзе бiлген: 
«Бұдырайған екi шекелi, 
Мұздай үлкен көбелi, 
Қары ұнымы сұлтандайын жүрiстi, 
Адырнасы шайы жiбек оққа кiрiстi 
Айдаса қойдың көсемi
Сөйлесе қызыл тiлдiң шешенi, 
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, 
Қалайылаған қасты орданың сынығы, 
Билер отты би соңы, 
Би ұлының кенжесi, 
Буыршынның бұта шайнар азуы, 
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы, 
Бұлұт болған айды ашқан, 
Мұнар болған күндi ашқан, 
Мұсылман мен кәуiрдiң 
Арасын өтiп бұзып дiндi ашқан 
Сүйiнiшұлы Қазтуған!» /23/ 
Осындай диалектикалық икемдiгi бар, батырлық қаїар бар, шабыттың 
шынына көтерiлген, эпикалық образды қалыптастыра бiлген жырларды тек 
қана Қазтуған сияқты жауынгер – көсем, халқын сүйген ұлтжанды жырау жаза 
алатын едi. 


191 
Асан Қайғының пассивтi рефлексиясымен салыстырғанда Қазтуған жария 
еткен жыр жолдарынан рухани күштi, қайратты жанның өзiн ұстай бiлетiн 
ұстамдылығын, жеке өмiрдiң мәнiн диалектикалық тұрғыдан түсiнуге деген 
талпынысын, адамгершiлiктi құрметтеуге ұмтылысын байқаймыз. Қазтуғанның 
түпкi мақсаты – сом денелi батырды жасай отырып, сол арқылы халқының 
мiнезiн, дiлiн қалыптастыру және әр жерде бөлек-бөлек, тайпа-тайпа болып 
өмiр сүрiп жатқан халқының басын бiрiктiру болып табылады. Ол әрине адам 
мүмкiндiгiнiң таусылмас қайнар көзi бар екенiн, оның рухани өмiрiнiң ғаламат 
екенiн тиiстi деңгейде бағалай бiледi. 
Тiптен Қазтуғанның кейбiр жырларында адамзаттың болашағы жайлы 
болжамдар жасалып, түбiнде космос (ғаламды) игере бастайтынын көре-
гендiкпен өз жырларында айшықтай бiлген: 
«Бұлұт болған айды ашқан, 
Мұнар болған күндi ашқан 
Сүйiнiшұлы Қазтуған!!!» 
Бұл жолдардан Қазтуғанның эпикалық кейiпкерi өзiнiң күшiн байқатудан, 
өзiнiң өмiрлiк орнын табуда биiкке өрлеп кеткендей. Өз заманына сай 
заңғарлық, мәдени-көркем қозғалыстар – осы өзiндiк «ұлы байлық – рух» ұраны 
батырлар уақытының этикалық әсемдiгiмен астасқан формалар арқылы 
өрнектелген. 
Шынымен, сол кезеңнiң рухани мәдениетi заманына сәйкес қалыптасқан 
болмыстық құрылымдардың күрделi салаларын қамтып отырған. Бұл көрiнiс 
жыраудың өте белсендi, рефлексияға толы толғауларынан, этика-эстетикалық 
тұтастығы, этникалық бiрлiгi бар халық жайындағы батырлар жырларынан 
байқалып отырады. 
Дәуiрдiң сондай қаталдығына қарамастан, жырдағы батырлық, ерлiк 
үлгiлерiн баяндау негiзгi бағдар болғанымен, сонымен қатар Қазтуған жыр-
ларынан әдiлеттiлiкке қарай ұмтылыс, лирикалық терең iзденiстер кездесiп 
отырады. Олар бiр-бiрiн толықтыра түседi. 
«Салп-салпыншақ анау үш өзен, 
Салуалы менiң ордам қонған жер 
Жабағалы жас тайлақ 
Жардай атан болған жер, 
Жатып қалып бiр тоқты 
Жайылып мың қой болған жер, 
Жарлысы мен байы тең, 
Жабысы мен тайы тең, 
Боташығы бұзаудай, 
Боз сазаны тоқтыдай 
Балығы тайдай тулаған, 
Бақасы қойдай шулаған 
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, 
Балығы көлге жылқы жаптырмас. 
Бақасы мен шаяны 
Кежiдегi адамға 


192 
Түн ұйқысын таптырмас» /24/. 
Табиғат әсемдiгiн қалай суреттей бiлген! Осындай шынайы сезiмнiң адамды 
тек қана өз отанын, жерiн, елiн сүйген адам екенiне тәнтiмiз. Ата-баба өсиетiн 
орындаушы, аманатын лайықты түрде жалғастырушы Тұлға екенiнде шүбә жоқ. 
Осындай көзқарастардан Қазтуған жыраудың адамдық қасиетi мен өзiн 
қоршаған ортаның бiрлiгiн байқаймыз, осы қарым-қатынастарды көрсететiн 
адами рухтың ахуалын сеземiз. Бұл жерде тағыда қазақтың өмiрдi, дүниенi 
қабылдауына тән байыптау ерекшелiгi жайлы айта кетуге болады. Өйткенi 
жыраудың әлемдi тұтастықта қарастыру тәжiрибесi өте терең тамырлары бар 
дүниелер болатын. Осы жерде тағы да Қ.Нұрланованың пiкiрiн келтiре кетудi 
жөн көрдiк: 
«Табиғат анадан ажырамаған, оған қарсы тұрмаған, керiсiнше табиғатпен 
бiр туған, бiте қайнасқан адамның байыптау әрекетi де табиғи. 
Бұл байыптау – табиғатты игеру, әлемтану әдiсi (Бұхар жырау), өзiнiң 
таңғажайыптығымен тұқыртпай, қайта шабыт берер, шарықтатар сұлулығын 
түйсiну (Қазтуған), ғаламның тылсым әнiн үздiксiз қозғалысы үстiнде тыңдау 
(әл-Фараби)... 
Осының барлығында да Ғалам сырымен түсiнiстiк деңгейiндегi өз қаты-
насыңды шындық мәндi әдiспен құрудың маңызы зор» /25/. 
Асан Қайғыға ұқсас Қазтуған жырау үшiн туған жердiң әрбiр шешiмiн 
таппаған мәселесi жанына бататыны көрiнiп тұрады. Едiл жағалауынан алы-
стаған сайын туған жердiң қадiрiн терең түсiне бiлгендей. Қазақ халқының 
Ресей елiмен қосылу кезеңiн Қазтуған қилы заман деп атаған, яғни болашағы 
қандай болатыны, бұлыңғыр көкжиектер жырау жүрегiн мазалайды. 
«Менiң бүйтiп қозғалақтап жүргенiм, 
Ауызы түктi кәпiрдiң 
Күштi болған салдары-ай 
Кәпiрден теңдiк алуға 
Қайта келер деймiсiң 
Мұсылманның баяғы 
Шыңғыстан туған хандары-ай, 
Бұл қоныстан кетпесең 
Атаңа нәлет кәпiрдiң 
Пайдасына қалмаса игi едi
Ноғайлы, қазақ жұртымның 
Кейiнгi туған баллары-ай! 
...Бұл сөзiме құлақ сал, 
Асан Қайғы, ер Абат 
Бiрге жүрген жолдасым» /26/. 
Асан Қайғы мен Қазтуғанның дүниетанымдарының этикалық әдепке 
үйретушiлiк бағыттары өте жақын. Жырлардың идеялық өзектерiнiң нақты-
лығы мен өткiрлiгi, психологиялық қайшылыққа толы болуы (идеялықтан гөрi) 
– өз заманының әлеуметтiк-саяси ахуалына сай келiп, сол кезеңнiң әлеуметтiк 
болмысын аша түседi, кейiнгi ұрпаққа көркем образдар түрiнде тарих беттерiн 
айшықтайды. 


193 
Бұл ақын-жыраулардың дүниеге келуi, тарих сахнасында өз рөлдерiн 
атқаруы кездейсоқ жағдай емес едi. Олар халық санасының сан қатпарлы ас-
тарында жатқан ойларды, мәдени құныдылықтарды әлемге паш етушi Тұлғалар 
болатын. Халық даналығы өзiнiң құнарлы ортасынан жарыққа шығу үшiн 
осындай қатарынан оза туған ғұламалар керек болды. Мiне, соның айғағы қазақ 
даласының Орта ғасырлардағы екi алыбы: Асан Қайғы мен Қазтуған жырау. 
Олардың өмiрi қилы заманда өткенмен жырларының әрбiр жолдарынан өмiрге 
деген құштарлықты, жасампаздықты аңғарамыз. 
Кейiнгi ұрпақ үшiн құны зор толғауларының қатарына ар-ұят, шындық, 
халық, туған жерге деген махаббат, Отан қадiрi, адам арасындағы сыйластық 
жатады. Әсiресе, қазiргi кезеңде қоғамымызда белең алып отырған кейбiр 
жағымсыз әлеуметтiк, саяси үрдiстер уақытында Асан Қайғы мен Қазтуғанның 
бiрлiкке шақырған, қазақтардың текетiрестiктен аулақ болуға үгiттеген 
сөздерiнiң орны ерекше. Қоғаммен қоса экологиялық дағдарыс, апат одан әрi 
тереңдеуде, жатсыну процестерi жалғасуда... Адамдар арасындағы түсiнбе-
стiктер көбейiп, өздерiнiң бойындағы бiрiккенде жиналатын күшiнен айрылуда. 
Мiне, осындай мәселелердiң кең қанат жаю қаупiнен Асан Қайғы мен Қазтуған 
еңбектерi, жырлары жұртшылықты сақтандырады. 
Лев Озеров өзiнiң бiр мақаласында француз сыншысы Пиконның: «За-
манның қиындығы күшейген сайын поэзияға жүгiну қажеттiгi де арта түседi», – 
деген сөзiн келтiредi: Әрi қарай ол поэзия адамға ңтарихтың жетпей жатқан 
жерлерiнң толықтырып беретiнiн, тiптен адамның жеке болмысының 
кемшiлiктерiн жауып отыратын дүние екенiн айтады. 
Сөйтiп, ХV ғасырда Асан Қайғы мен Қазтуғанның ақындық, жыраулық 
ғасырлары деп батыл айтуға болады. Олардың қалдырып кеткен мұралары 
бiздiң рухани өмiрiмiздi байытып, тiршiлiгiмiздiң мән-мағынасын айқындай 
түсуге өз үлестерiн қосуда. Сондықтан олар халық зердесiне мәңгiлiкке алтын 
әрiппен жазылған Тұлғалар болып қала бередi. 
Әдебиеттер 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет