5-жаттығу. Қарсылықты салаластарды тауып, көп нүктенің орнына тиісті тыныс белгілері мен жалғаулық қойып жазыңыздар. 1. Студент тағы да оның бет-жүзіне таңырқай қарап ... тұра беруге аяз шыдатар емес (И. Бун). 2.Өзінің жастығына қарамастан, өмірден алған тәжірибесі көп және кімнің кім екендігін кісінің түрінен тани кететін "сиқыры" да бар еді ... берілген жауынгерлік тапсырманы орындауға келгенде өте байсалды еді (Ғ. М.). 3. Бұлар тағы біраз жерді шолып шықты... ешкімді де кездестіре алмады (М. F.). 4. Басқалары білместіктен істесін... Досқа не жорық (Ә. Н.). 5. Онда мен "романтиканы" бір дүлей қорқыныш деген мағынада ғана аңғаратынмын... Жарқын ағайдың "романтикалық қызығы" менің алғашқы түсінігіме қабыспай, қарсы келіп жатыр (Ә. С). 6. Аты үркіп жалт ете қалды да, Базарды жерге жалп еткізді... ұзын шынжыр арқанды үзіп кете алмай, ат осқырынып тұрып қалды (А. Т.).
6-жаттығу. Мына жай сөйлемдерді салалас құрмалас сөйлемге айналдырыңыздар.
1 .Көктем келді. Күн әлі суық.
2. Мен ағамның үйіне келдім. Үйде ешкім жоқ екен.
З. Ернар киноға кетті. Билет болған жоқ.
4. Мен саған хат жаздым. Сен маған жауап қайтарған жоқсың .
5. Қар жауып түр. Күн суық емес .
б. Жолдасым ауырып қалды. Дәрігерді шақыртпады.
7. Мен сіңліме ойыншық алдым. Ол онымен ойнамады.
8. Менің қарным ашты. Мен асханаға барған жоқпын.
9. Дүкеннен азық-түлік сатып алайын деп едім. Дүкен ашық емес .
10. Қайрат сағатын жөндетуге кетті. Ақшасын үйде қалдырыпты.
12. Себеп - салдар жэне түсіндірмелі салалас
Құрамындағы бөліктері бір-біріне себеп-салдар, түрткі-нәтижелі қатынаста келетін салаластардың түрін себеп-салдар деп атайды.
Мысалы: Әні ұзақка созылды. Жұрттың бәрі қорқа бастады: төрт тараудың біреуінен ғана алынған үзінді осынша болса, қалғаны қашан бітеді. (P. Ғ.). Басқа үйге жиналмай, Сегізбай үйіне жиналамыз, себебі мұнда көңілді отыруға толық жағдай бар. (Б. С).
Себеп-салаластар жалғаулықсыз да (бірінші мысал), жалғаулықты да (екінші мысал) болып кездесе береді.
Себеп-салдар салаластың басты-басты жалғаулықтары: өйткені, себебі, неге десең, сондықтан, сол себепті т. б.
Себеп-салдар салалас жалғаулықсыз байланысқанда, құрамындағы бөліктердің арасына қос нүкте қойылады. Алда жақсы кездесулер, сый-құрмет көп болар деген жақсы ой, жарқын үміт Шоқанды көп әлдилеген осындай тәтті ойлардың тербеуімен жол азабын, алыс-жақынын онша сезбеген (С. Бақб.).
Себеп-салдар салаластың бөліктері жалғаулық арқылы байланысса, жалғаулықтың алдына үтір қойылады. Ұлпан жүзінде өкініш те, күйініш те жоқ еді, сондықтан жұрт соған таң қалды (Ғ. М.).
Түсіндірмелі салалас.
Құрамындағы бөліктердің біреуі басқаларының мазмұнын қамтитын не-месе кейінгі бөліктер алғашқы бөліктің, мазмұнын ашып тұратын салалас-тардың түрін түсіндірмелі салалас деп атайды. Мысалы: Майор бәсекелі атыстың шарттарын түсіндірді: тай тұяғындай бақыр жамбыны атып түсірген мергенге түлкі терісі, күміс жамбыны атып түсірген мергенге қасқыр терісі, алтын жамбыны атып түсіргенге құндыз берілуі керек екен (Ғ. М.).
Түсіндірмелі салаластың қүрамы әр түрлі болып келуі әбден мүмкін. Айталық, екі немесе бірнеше сыңарлардан тұрған салалас түрінде де, тіпті аралас құрмалас сөйлем тәрізді де кездесе береді. Дегенмен, бір немесе бірнеше бөліктегі айтылған ойды нақтылау, саралау немесе түсіндіру мазмұны байқалса, түсіндірмелі салалас деген мақұл.Мысалы: Бақтығұл бұл жылқыны басқа Қозыбақ, аулынікі деп ойлап келсе, енді олай емес, анық өзінің ауызға, ойға да алғаны қас дұшпаны, құныкері – Сәлменнің өз жылқысы болып шықты (М. Ә.).
Түсіндірмелі салалас басым көпшілігінде жалғаулықсыз қолданылады, тек сирек жағдайларда ғана түсіндірілуші бөлік сонша, сондай деген сөздерге аяқталып отырады.
Мысалы: Барақ, қуанғаны сонша – көшені басына көшіре күліп, бір-дің басын, екіншісінің аяғын айтып, әр нәрсені сөз қылып самбырлап келеді (С.М.) Түсіндірмелі сөйлемнің түсіндірілуші бөлігінен кейін (сон-дай, сонша, соншалық сөздері болмаса) қос нүкте қойылады: Құс атаулы аспанда да толып жүр: қарлығаш, ұзақ, қарға, торғай, таған деймісің – бәрі де бар (Р. Г.). Түсіндірілуші бөлік сондай, сонша, соншалық, сондайлық тәрізді сөздерге аяқталса, олардан кейін сызықша қойылады: Бесбақсы желінің Тасарықтағы еңбектеген бала мен еңкейген кәріге дейін белгілі екені соншалық – ол туралы екінің бірі аңыз айтады (Қ. Қ.).
Жаттығулар жинағы
1-жатгығу. Көп нүкте қойылған жерге қандай жалғаулық керек екенін тауып, көшіріп жазыңыздар.
1. Үйдегі жұрт бізден бұрын шайға қанып алған сияқты... алдарына қойған шәшкелеріндегі суық шайға қолдарын созбайды (С. М.). 2. Барлық бәленің бәрі колхоздың ұсақтығынан. Енді ірілендіреді. Жақында жағдай жақсарады... Ілені жіберіп отыр (Ш. А.). 3. Сақманшы кемпір бір жолы қойларды қораға тал түсте айдап әкеліпті... Танабайға қолғабыс етем десе керек (Ш. А.). 4. Поэзия жігіттің бір осал жері болу керек... өлең туралы сөйлеген сайын көзі жайнап, шабыттана түсті (І.Е). Ойлап отырсаңыз, мынау Ұлы жеңіс — барша халықтың, яғни әрбір кеңес адамының жеңісі... кешегі жауынгер, бүгінгі еңбеккер аға-апаларымыздың жеңіске жетер жолда тындырған ұлан-ғайыр істері біздің жадымызда мәңгі сақталатын дастандай жалғаса береді ("Арулар отты жылдарда" жинағынан).
2-жаттығу. Мына жай сөйлемдерді біріктіріп, түсіндірмелі салалас етіп жазыңыздар.
1. Сәдірдің қосы деген төрт қараша үй. 2. Ат баптарлар, қысыр сауар-лар, бүркіт баптайтындар – бәрі осында (F. М.). 3. Барымташылар тобы әуелде үлкен қара топыр болып, бұлдырап қозғалақтап, арасындағы қы-лаңдары көпке дейін көрініс беріп барады. 4. Кейін ептеп-ептеп көз ұшы-нан жоғалып кетті. 5. Түн құшағына батты (М. Ә.). 6. Ернеудің бір айналма тұсында із екі айрылды. 7. Бірі ернеуді бойлап ілгері кетті. 8. Екіншісі тө-мен қарай түскен (С. М). 9. Ол екі балық, бір құшаққа жуық көк сарымсақ, бес француз нанын жеді. 10. Оларды нәшіне келтіріп, баппен шайнағаны сонша. 11. Қасында қас боп түрғандардың өздері тегіс таңданумен болды (И. Бун.). 12. Бағып жүрген сиырларым күнде кешке аман-сау ауылға келеді. 13. Есебінен сиырлар да жаңылмайды. 14. Мен де жаңылмаймын. Тарғыл аласы он жеті. 16. Қызыл шұбары он үш. 17. Қарасы тоғыз. 18. Құбақаны бесеу деген секілді, түр-түрімен есептеліп қойылған (Ғ. М.).
3-жаттығу. Түсіндірмелі салаластарды көшіріп жазып, соңғы жай сөй-лем алғашқысының құрамындағы қай сөздік мағынасымен байланысты тү-сіндірмелі қатынаста тұрғанын табыңдар да, сол сөздің астын сызыңыздар.
1. Екі салт атты кең өлкені тұтас жапқан жасыл егіннің тың даламен астасқан шетін жағалап келе жатты: біреуі – Байжан, біреуі – Самарқан. 2. Мал етінін асылдануы сондай – майы аузына салдырмайды. 3. Көпшілік екі мәселеге көбірек тоқтады: бірі – жеміс отырғызу мәселесі, бірі – ағаш тілу мәселесі. 4. Бірінщі мәселе туралы көпшілік күтпеген бір жаңалық кеп шықты: жеміс отырғызатын бригаданы басқару ісін Тартоғайдағы балалар үйінің қызметкерлері алыпты. 5. Олардың сырт көріністері де балапан-дарға ұқсайды: бәрінде де сарғылт түсті шаңғылық костюм, бәрінің де басында жылы ақ берет. 6. Қойнына салған хаттың оған ыстықтығы сонша – төс қалтасында қағаз емес, тірі Дәулеттің соғып тұрған жүрегі сияқты. 7. Бұған жалғыз-ақ құрал бар: ол – жаңа жоспар жасау. (С. М.) 8. Саған ашып айтарым сол: мен осында қаламын. (Ә. Ә.)
4-жаттығу. Берілген салалас құрмаластарды (ыңғайлас, қарсылықты, түсіндірмелі) топтап жазыңыздар.
1. Жас әйелдер үй иесі әйелдің ассуына жәрдемдесті, өзгелері қонақтармен кеңеске кірісті. 2. Бүл жөнінде көп қызық мәліметтер жазуға болар еді, – оның бұл хатта қажеті жоқ қой деймін. 3. Ақан өрт болып жанған жүректен шыққан жалынды өлеңдер жазады, бірақ Жамал Ақан-ның жанын қайдан үға алсын? 4. Кім біледі, баға берген де шығар-ау, бірақ елуден асқан адаммен қалай өмірін қоса алсын? 5. Ақын – жел, есер, гулер жүйрік желдей. Акын – от, лаулап жанар аспанға өрлей. (Мағжан Жұма-баев.) 6. Жанына батыра бірдеңе айтып салғысы келіп еді, – қапелімде аузына ондай ызғарлы сөз де түсе қоймады. 7. Сапардың сүйетін екі нәр-сесі барды: біріншісі – көгершін ұшыру да, екіншісі – көл бетінде қайық-пен жүзу болатын. (М. И.)
5-жаттығу. Көп нүктенің орнына ыңғайына қарай жай сөйлем ойлап тауып, себеп-салдар салаласқа айналдырып жазыңыздар.
1. Ол ауданға жетуге асық, өйткені... 2. ... себебі ауыл онша алыс емес еді. 3. Қойға енді біз иеміз, сондықтан ... 4. Одан әрі олар сөйлескен жоқ: ... 5. ... жаңа туған баланың атын Сәтжан қойды. 6. ... өйткені көптен көрмеген Нариманға жолығады. 7. ... сондықтан шаршап келе жатқан Жанай қуанып кетті. (С. Бегалин.)
6-жаттығу. Оқып шығып, себеп-салдар салаластардың қалай құрмаласып тұрғандығын ажыратыңыздар, содан соң көшіріп жазып, жалғаулық шылаулардың астын сызыңыздар.
І. Жаманшұбарлықтар қыстаудан шықпайды, өйткені жас төлді қорада ұстау керек. 2. Анновка мен Жаманшұбарда тамырлар коп болатын, сондықтан олардың қарым-қатынастары да коп болатын. 3. Жаманшұбар мен Достың болашақта гүлденетін бейнесі барлық көркем суретімен жарқырай қалды, бұл жайлаудың тыңы көтерілмеуге мүмкін емес. 4. Бұл екі жолмен де менің жүргім келмейді: олар Жаманшұбарға мені тым алыс орағытып апарады. 5. Небір масаның, небір шыбынның ызың еткен дыбысын естімейсің, олар онда жоқ. 6. Бұл араның жері үнемі дымқос боп жатады, шөбі еш уақытта тақырланып қалмайды. 7. Жалаңаш маңында жазда да, қыста да жөнді жел болмайды, ұйтқыған боран кездеспейді. 8. Бұл араның малы қыс жұтауға тиісті емес, себебі ондаған көлдің төңірегіне жайыла шалғын өседі. (С. М.).
ІІ. Алматыда немесе сол сияқты күнгейлік өлкелерде алма жемісінің қадірі жоқ, өйткені ол көп те, арзан да. 2. Бұл бетте біз бөгелмек емеспіз: оны азды-көпті көрдік. 3. Біздің жерге егін шықпай қоймайды: біз агротехниканы ойдағыдай қолданамыз. 4. Ол кісінің өзін кенші деуге болады, себебі тастарадың тегін, түрін өте жақсы біледі. (А. Маш.)5.Не шөп, не егін жинаудың түк белгісі жоқ: бұл маңайда не шабылған, не үйілген егін, шөп жоқ. 6. Жеке бастың ісіне көпшіліктің ісін айырбастауға болмайды, сондықтан бұл пікірден қайтуыңды өтінемін. (С. М.)
7-жаттығу. Салаластарды түр-түріне (ыңғайлас, қарсылықты түсін-дір-мелі, себеп-салдар) ажыратыңыздар, әр түрін өз алдына топтап жазыңыздар.
1. Мен ағын судан қыс бойы күнелтіп жүрген тағы да екі түрлі кішкентай құсқа кездестім. Бұлардың бірі - үлкен кісінің бармағындай ғана. Мұның да құйрығы қайқы, мұның да жүні қара қоңыр. Өзінің ширақтығында шек жоқ: ағыны әжептәуір судың иіріміне қойып келіп кетеді. 2. Арқа жүні будыраған жануар ұша алатын емес, бірақ қозғалысы ширақ. 3. Жиекқұм үстінде селтиіп жұдырықтай сұр тас тұр. А, тас емес, сұқсыр екен ол! Бұған оқ шығармауға да болады, өйткені келісті мамығы, не жөнді еті жоқ. 4. Ия, одан бері бірталай жылдар өтті, бірақ тосыннан кездескен қара сұр қыран менің есімнен шықпай қойған еді. 5. Құм қайрақ болып тапталып қалған жол қандай жақсы: машина бір қалыпты жедел сырғиды! (Ә. Көшімов.) 6. Сырдарияда дәуіт дейтін болады: түрі, қанаты шегірткеге ұқсайды, үлкендігі де шегірткедей, түсі көгілдір. 7. Кітап мені терең теңіздей тартып ала жөнелді. Айтылып жатқан оқиғаның жобасына түсіндім, өйткені оқиғасы өте қызық екен. Құмартуым сондай -бас ала алмадым. 8. Орақшылар жұмысқа күн көтеріле кірісті. Әдетте, оруды ең құрметті кісі бастауға тиіс, сондықтан көпшілік бұл құрметін Сырбайға көрсетпек болды. (С. М.)
8-жаттығу. Көшіріп жазып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар да, себебін түсіндіріңіздер.
1. Таңқыбай көруге де өзгеше жан бойы бейне он бес-он алты жасар бала жігіттің бойындай-ақ денесі де тап сондай талдырмаш толысып жетпеген бозбаланың денесі (X. Ес). 2. Сенен бір тілегім ат үсті асығыс қорытынды жасай көрме (М. К,ар). 3. Екеуінің шүғылданғандығы сондай ішке кірген кісіні аңғармады (Г.С). 4. Өмір оны тағы да жақсы адамдарға әкеп қосты мынау шахтер Жүсіп Жанбосынов, оның сүйікті әйелі Құралай, революцияға шейінгі тілектес Прохор Иванович Холмецкий, қырдың сұлу қызы Қаракөз бұлар қандай таза жанды адамдар дейсіз. 5. Қаракөз қателеспеген екен фельд-шер шын сенімді дос боларлық кісі екен (М. К,ар.). б.Сіздерге де айтарым сол сағат төртте осында келіңіздер. 7. Оның қорыққандығы сондай не айтып, не қойғанын білген жоқ. 8. Мен енді ғана аңғардым жолдың үстінде бұлар мініп келген өзіміз жел қайық деп атайтын «виллис» тұр екен. (Ә. Ә).
9-жаттығу. Себеп-салдарлы салаластарды тауып, құрамындағы сөйлемдердің байланысу жолына, себеп мәнді мен салдар мәнді сөйлемдерінің орналасу тәртібіне көңіл бөліңіздер.
1 Тереңге балық уылдырық шаша алмайды, неге десең, онда уылдырық оралатын не балдыр, не шел, не қамыс жоқ. (С. М.). 2. Біз Бершанскаяны білмейтінбіз: ол – полкты қабылдау үшін басқа бір бөлімнен келген (X. Досп.). 3. Ауыл шымыр-шымыр қайнайды: өрістен мал қайтты, көшеде ойнаған бала, жүгірген ит-құс (Т. Мүст.). 4. Жаны шығып кете жаздады, өйткені оның қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес (Б. М.). 5. Әскерден де осы кемтарлығынан босаған көрінеді, әйтпесе соғыста жүре береді екен (С. М.). 6. Сізді ешкім шақырған жоқ, сондықтан сіз бармайсыз (Ә. Ә.). 7. Қайыққа байланысты мәселе әзірше осымен тынды да, әңгіме басқа жұмыс жайына ауды (М. И.). 8. Қайыр сөзді әрі қарай тереңдеткісі келмеді, әңгіме желісін бұрып жіберді (3. Ш.).
10-жаттығу. Көп нүктенің орнына себеп-салдар мәнді жалғаулықтар-дың бірін қойып, одан кейін сөйлемдердің орнын ауыстырып көріңіздер, соған байланысты қандай өзгеріс болғандығын түсіндіріңіздер.
1. Төмендегі ориентирлер жақсы керінеді ... самолет бағытын қиналмай-ақ біліп отырмын. (X. Досп.). 2. Олар менен ересектеу еді ... әр нәрседен көмек беріп жүрді. 3. Қорытындысында директор алдында ұяла қойғаным жоқ ... «өте жақсы» деген бағамен аттестат алып шықтым. 4. Жел шығыс жақтан соғып тұрған... зеңбірек даусы бізге естілмейді. 5. Мейрам контордан бірін таппады ... бәрі жер астында екен (Ғ. Муст.). 6. Мезгіл кешкіріп кетті ... амалсыз қонуға тура келді (С. М.). 7. Ахметшенің пәтерін Хакім бірден тапты ... бұған қызыл нарлар себеп болды (X. Ес). 8. Мен жылқыға үйренген адам едім ... фермаға кетіп барамын; сен танкіге үйренген адам едің ... тракторға кетіп барасың (М. И.).
11-жаттығу. Көшіріп жазып, тиісті тыныс белгісін қойыңыздар. 1. Кейін қайта алмаймыз өткел тосатын уақыт жоқ (X. Рахимов.). 2. Үйде көп бола алмадым әскери қызметке алып кетті. 3. Үйі жақын сондықтан бұлар көп сөйлесе алған жоқ. 4. Делегацияны бастап бару міндеті Саусақовка тапсырылды себебі Саусақов қазақ, орыс тілін жақсы біледі (М. Қар.). 5. Кейін соның бәріне де қуанасың өйткені болашақ сен секілді ашық жанды адал жандардікі. (Ә. Ә.) Уақыт та жақындап қалып еді келгенің жақсы болды. 7. Сырекеңді ала кетейік өйткені жер мөлшерін со кісі ғана жақсы біледі. 8. Оны Тәрбие тосырқап барып таныды. Самарқан екен. Алғаш тани алмауына Тәрбие айыпты да емес еді. Самарқанның бұрын қырып жүретін мұрты қияқтанып өсіп кетіпті. 9. Сұр жорға кешікпей табылды маңайлас разъездегі біреудің қорасында терлігі ерттеулі қалпында қалып қойыпты. 10. Айбаршаның бүгін аса көңілді жүруіне себеп Дәулеттен кеше хат алған екен. 11. Плащты масадан қорғану үшін киген болар одан масаның тұмсығы өтпейді (СМ.).
13. Талғаулы салалас
Құрамындағы жай сөйлемдерінің тек біреуіндегі іс оқиғаның жүзеге асатындығына болжал жасауды білдіретін салаластың түрін талғаулы салалас дейміз.
Мысалы: Бұл істің шындығын не көзімен көрген айтар, немесе құлағымен естіген айтар. (Ә. Ә.) Бұл жерде я сен тұрарсың, я мен тұрармын. (X. Ее.)
Талғаулы салалас не, немесе, я, яки, болмаса, әйтпесе, не болмаса, я болмаса, әлде деген шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Бұл шылаулар (болмаса, әйтпесе, не болмаса, я болмаса дегендерінен басқалары) жай сөйлемдердің әрқайсысымен қайталанып, не қайталанбай араларында бір рет келіп, тұра береді.
Кейде талғаулы салаластың құрамында үш жай сөйлем болады: олардың алғашқы екеуі ма, ме сұраулы шылаулы болып, өзара талғаулы шылау арқылы байланысады да, соңғысы сол болжал, тұспал жасалған істің қорытындысын, түйінін білдіреді. Мысалы:
«Басқа түссе, баспақшыл» ма, әлде бұған дейін дағдыланғандары бар ма, – балташылар да, арашылар да, сүргішілер де сол әйелдердің арасынан табылды. (С.М.) Құлазыған көңілі баланы жұбаныш, қуаныш еткісі келе ме, әлде жоқ іздеген көңілдің көп далбасасының бірі ме, әйтеуір, бұл сұрақ Шәкенге ауыр тиді. (F. Мұст.)
Кезектес салалас
Құрамындағы жай сөйлемдері арқылы берілген істің, оқиғаның кезек-тесіп келуін білдіретін салалас сөйлемнің түрін кезектес салалас дейміз.
Мысалы:
Клубта кейде кино болады, кейде қызықты баяндамалар тыңдалады. Машина жүрісін бірде шапшаңдатады, бірде баяулатып әндетеді. Экскаватор біресе ұзын мойнын жоғары көтереді, біресе төмен созып күрк-күрк етеді. (Ғ. Мұст.)
Кезектес салалас бірде, біресе, кейде деген кезектес мәнді жалғаулық шылаулардың қатысуы арқылы жасалады. Бұл жалғаулықтар көбінесе жай сөйлемдердің әрқайсысымен қайталанып айтылады: Біржан біресе бұлбұл нақысты, көп ырғақты «Жиырма бесті» созады, біресе назды қоқыр, кең тынысты «Жанбота» шығады. (М. Ә.)
1-жаттығу. Мәтіннен талғаулы салаластарды теріп жазыңыздар да, қалай құрмаласып тұрғандығын түсіндіріңіздер.
1. Кезек-кезек шелекті не машинамен айналдырып шығарады, не атпен айналдырып тартып шығарады. (С. С.) 2. Биғайша селк ете түсті, бірақ. қысылғанын білдірмеуге тырысты. (X. Ес.) 3. Сапар бұл сөзін қаншама нық айтам десе де, даусы сәл дірілдеп солғын шықты. Я алдымда булығып ашу тұрды, я көзінде жаңа бір үрей тұрды. (М. И.) 4. Ешбір өзгеріссіз суда ақырын тербеледі, қалтқы да жыбыр-жыбыр қозғалады. 5. Биғайша ерінің ел қамын жейтінін, игі істер істеп жүретінін іштей мықтап түсінетін, сондықтан оны жаманшылықтан, көлденең сөзден қызғыштай қоритын. (X. Ес.) Қашан шықтың ауылдан? Тура келесің бе, әлде жолдағы ауылдарға соқтың ба? (X. Ес.) 7. Мен, әрине, оның менен нені білгісі келіп тұрғандығын түсіндім, әйтсе де оған барғым келді. (М. Г.) 8. Түбінде, бұл ең бері салғанда, ғылымның бір маманы болады, әйтпесе, көрерсің, осыдан дындай академик шығады. (С. М.) 9. Күндіз ылғи ұзақ. жырлар жырланады немесе әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады. (М. Ә.) 10. Біз оған көмектесуіміз керек. Бұл жолда ұрысуға да, намысына тиюге де болады, алайда арамыздан аластауға болмайды. Ол да өзіміздей ұжымның мүшесі, жолдасымыз, жақынымыз. Сен намысыңды, үжымыңның намысын солайша, оны сапқа қосып қорғауың керек. (М. И.).
2-жаттығу. Талғаулы салаластардың жалғаулық шылауларын түсіріп жазыңыздар да, олардың енді қандай салаласқа айналғанын түсіндіріңіздер.
1. Не мына Әбдіні қолымызға шығарып бер, не болмаса кепіл бол. 2. Дәулеткелді бұның не сөзінен қызық күтеді, не бір мінезінен әлдеқандай қызық күтеді. 3. Қалада жайланып жатып емделем бе, болмаса дәрігердің рұқсатымен елге қайтам ба, – ақылыңыз керек боп отыр. 4. Көзге ілінетін ұзын шидің басын, селдір қамысты талшық етеді немесе анда-санда кездесетін тікенді шеңгелді, қарағанның басын түйелер үзіп-жұлып талшық етеді. 5. Кейбір кәрі бие, қартаң ат, арық кұнан, байталдар не шөге жығылады немесе бүйірінен опырыла құлайды. (М. Ә.) 6. Ол кезде мен толқындай шапшыған сөздерді жақсы көруші ем, я болмаса шапқан аттай шаңдатқан сөздерді жақсы көруші ем. (Ғ. М.) 1. Маған бура я жетер, я жетпес еді. 8. Бетіне іркістеле құм байланған жазық далада машина еркін жүре алмады ма, әлде қашқан жануарлар жүйрік пе – киіктер үзақ уакыт шалдырмады. (С. М.)
3-жаттығу. Мәтіннен кезектес салаластарды тауып жазыңыздар, салаласу жолдарын түсіндіріңіздер.
І. Қазан аспаның аузында от кейде жылтылдайды, кейде қызып жанып лапылдайды. (М. Ә.) 2. Құлыншақ – бірде көл кісі, бірде шөл кісі. 3. Тынысы тарылып, тұла бойы бір ысып, бір суынды. Тамырлары қатты соғып, есінен біресе адасады, біресе қалпына қайта келеді. (Р. Райымқұ-лов.) 4. Ауыр жарақаттың зардабынан көтеріңкі тартқан қуқыл бетіне біресе болмашы қан жүгірді, біресе қуара әудемде әлденеше құбылды. (С. О.) 5. Аттардың дүсірлері біресе оң жағына ойысқандай болып отырды, біресе сол жағына ойысқандай болып отырды. 6. Баяу ескен жел бірде басылады, бірде толқып жасыл шөптердің бастарын акырын ғана ырғайды. 7. 0ның қара кер көзі айнадай жалтырап, кейде нәзік мұнарланып жасаурады, кейде тұнжырап терең ойға батты, кейде гауһарша жалтылдап от шашты. (С. С.)
4-жаттығу. Берілген жай сөйлемдерді мағыналарына қарай топтасты-рып, кезектес салалас етіп құраңыздар.
1. Сейтжан оны қыста таудағы мұз айдынында көрді. 2. Жазда еңбек даласында көрді. (Р. Райымқұлов.) 3. Қызыл бұйра тобылғылы, жасыл қоңыр Қарағанды адырлар, шоқылар, таулар қалып жатыр. 4. Желбіреген ақ селеулі дала қалып жатыр. (С. С.) 5. Ойы шарқ ұрады. б.Қабағын тұнжыратады. 7. Шырайы күлім қағады. 8. Нұрғали Жұманға қарады. 9. Ол Аманбайға да қарады. 10. Екеуі апалақтап олай жүгіреді. 11. Бұлай да асығып жүгіреді. 12. Құбылмалығы ескен желдей. Оңнан жүгіріп шығады. 13. Солдан жүгіріп шығады. 14. Қалқай қағазға қарайды. 15. Ол Хасенге қарайды. 16. Қолын артына ұстайды. 17. Сол қолымен белбеуін ұстайды. 18. Бүйірін таянып келе жатқан адамның түріне келеді. 19. Балақаз ашулы арыстанға ұқсайды. 20. Ол теңіздің толқыған долы толқынына ұқсайды. (М. И.) 21. Қаңғыр-күңгір шыққан адам дауыстары үзіледі. 22. Ол - дауыстар тұтасып кетеді. (Ғ.С.)
5-жаттығу. Көшіріп салаластардың түр-түріне қарай ажыратыңдар да, әрбір жалғаулықтың мәнін түсіндіріңіздер.
1.1. Сәуле біресе отыра қалып жазды, біресе комбайнның макетімен шұғылданды. (Ә.Ә.) 2. Мен де шат, менде және халқым да шат. (Ж. Ж.) 3. Ана әлдебіреу келер деп күтті, бірақ ешкім келмеді. (М. Г.) II. 1. Асқар онша әнші жігіт емес еді және оның даусы да пәлендей қоңыраулы болмайтын. (С. М.) 2. Жүріп келе жатып сөйлеу қиын ғой, сондықтан бұлар үндемей келеді. З. Ол бұрынғы Виллиге ұқсамайды, өйткені ащы дауыс оны тез-ақ есінен тандырған. 4. Генри үлкен қып отты жақты, өйткені ол өз денесі мен қасқырлардың тісінің арасына от қана кедергі болатынын біледі. (Дж Л.) 5. Сіздердің алдарыңызда таудай екі міндет тұр, сондықтан да ертеңнен бастап жұмысқа кірісулеріңіз керек.
6-жаттығу. Сөйлемдердің ішінен жалғаулы салаластарды тауып, олардың басқа салаластардан айырмашылығын көрсетіңіздер. 1. Осы бірер минутта жанды жеген жұмбағым шешіледі. Я мынау емендей ең жоғары көтеріліп көкке шырқаймын, я мынау шіріген орындықтай қайысып, шөгіп қаламын (М. И.). 2. Мұны да айтатын еді, – пеш жанында тұрған Күлзипа-ның тесіле қарағандығы ұстап қалды (Ғ. М.). 3. Сізге не Мұрат бірдеңе айтқан, не Мырқалдың қоңырсытып жүрген сөзін естігенсіз. Егер Мұрат бірдеңе деген болса, жасырмай-ақ айта беріңіз. 4. Біздің бұл кеңесіміз ұзақ-қа созылуы мүмкін, сондықтан тезірек бастайық (Ә. Ә.). 5. Өзен – ағаш сияқты да, сағалар – оның тамырлары сияқты (С. М.). 6. Бұл біздің қойшы баланың әні. Байқайсыз ба, ән сазында не жалғыздық көңіл-күйінің уайым ұйтқыған мұңды сазы жоқ, не жетімдігін еске түсіретін қайғы жалыны ес-пейді. (А. Лек.). 7. Сапар бұл сөзін қаншама нық айттым десе де, даусы сәл дірілдеп солғын шықты. Я алқымда булығып ашу тұрды, я көңілде жаңа бір үрей тұрды. (М. И.). 8. Лиза орман құстарының әуеніне салып ысқырып еді, әлгі сыбыр шыққан жақтан төрт адамның қарасы көрінді (А. Лек.). 9. Түбінде бұл ең бері салғанда, ғылымның бір маманы болады, әйтпесе көрерсің, осыдан дыңдай академик шығады (С. М.).
7-жаттығу. Талғау мәнді жалғаулықтардың қайсысы талғаулы салаласты, қайсысы бірыңғай мүшелерді байланыстырып тұрғандығын ажыратып, олардың арасындағы айырмашылығын түсіндіріңіздер.
1. Сіздің не аңшы екеніңіз өтірік, не қорқып келе жатқаныңыз өтірік (Э. Ә.) 2. Осыдан басқа не бір дыбыс, не қозғалыс, не бір сөзбен сыр берген жоқ. (М. Ә.) 3. Бұл сөздердің бірін де я Раушанның, я Бәкеннің көзінше ешкім айтқан емес. (Б. М.). 4. Ара-тұра болса да не бір тұщы көл, не бір тұщы бұлақ, я өзен бітірсейші кең далаға. 5. Орныма кісі табылмайды деген сөз бе екен. Не Самарқан бола салар, болмаса Анатолий Кондратьевичтің өзін қыстаймын. (Ж. М). 6. Әлде әзілі, әлде мазағы екенін түсіне алмаған Дана бір қызарып, бір сазарып, не күлерін, не ренжірін білмей отырды. (С. Сарғасқаев) 7. Сенің алдыңда екі-ақ жағдай бар: не сабақты жақсы үлгіруің керек, не университетті тастап ауылға кетуің керек. (С. Шайм.)
Достарыңызбен бөлісу: |