3. Тілдік норма және функционалдық стильдер мәселесінің көп аспектілігін анықтаңыз.
Қазіргі қазақ әдеби тілінің нормаларына келгенде, олардың жалпыға ортақтығын, міндеттілігін айтумен қатар, функционалдық стильдерге бөліп қарау керектігі де назар аударады. «Қазіргі қазақ әдеби тілі» деп, кезеңге қарай әдейі атағанымыздың себебі – тілдік норма дегеніміз тілдің өзі сияқты – динамикалық «тірі» құбылыс. Тілдің әр кезеңдегі ішкі («құрылымдық») және сыртқы (экстралингвистикалық) дамуына қарай, нормалары да әлеуметтік өзіндік сипат ала қалыптасады. Бұл жердегі әңгімеміз с и н х р о н д ы қ және ф у н к ц и о н а л д ы қ нормалар жайында болмақ.
Тілдік норманы міндетті түрде қолдану бар да, ыңғайына қарай қолдану бар. Айталық, орыс тіл мамандарының (Б.Н.Головник т.б.) тануынша, грамматикалық, орфоэпиялық, орфографиялық, пунктуациялық нормаларды қ а т а ң, міндетті түрде сақтау керек, ал стилистикаға келгенде ыңғайына қарай б о с а ң нормаларға да иек артуға болады дейді. Тілдің функционалдық стильдерге қарай ажыратылатын нормалары стилистикалық нормалар дегенмен бір емес. Соңғысы тілді дұрыс қолданудың үстіне ә с е м (искусная речь) қолдануды көздесе, функционалдық стильдердің әрқайсысына тән (өзгелерінен ажыратылатын) азды-көпті нормалары дегеніміз – жалпы тілдік нормалар аясына кіреді.
Тағы бір мысал: шайтан ~ сайтан варианттарының алдыңғысының өзінің номинативтік мағынасында қолданылуы – жалпы (барлық стильде) норма, ал сайтан варианты әрі фонетикалық вариантқа айналып, әрі коннотаттық мағынаға («сиқырлы») ие болып, тек көркем әдебиетте, көбінесе поэзияда орын алады. Бұл жерде әр функционалдық стильге тән белгілерді анықтауда оларға қатысты тілдік нормалар дегенмен, бір жағынан, байланыстыра, екінші жағынан, ажырата қарау керек сияқты. Мысалы, біріншіден, екіншіден, әрине, қысқасы, сонымен, меніңше, біздіңше, пәленшенің айтуынша (пікірінше), ал деген сияқты қыстырма сөздер басқа стильдерге қарағанда, ғылыми стильде, публицистикада жиі қолданылатыны – осы стильдерге тән белгілер. Бірақ бұларды өзге стильдерде қолданылмайды деуге болмайды, өзге, әсіресе көркем әдебиетте, оның поэзия жанрында көрсетілген қыстырма сөздердің орын алуы сирек кездеседі, ол – бұған белгі емес.
Немесе заң-сот материалдарында, ресми құжаттар тілінде сөздер негізінен номинатив (тура) мағынасында жұмсалады, бұл үлгілерде сөздердің сипаттаушы, суреттеуші, көріктеуші қатарлары қолданылмауға тиіс. Мысалы, ресми хабарларда, құжаттарда Президент деген сөз Елбасы деген суреттеме сыңарымен ауыстырылмайды. Соңғы вариант көтеріңкі (пафостық) тонмен жазылған газет-журналдар тілінде, яғни публицистикада, көркем әдебиетте, оның ішінде поэзияда қолданыла береді.
Ғылыми стильде ғылыми терминдердің мол қолданылатындығы, сөйлемдердің анық, түсінікті болуы – ғылыми жазбалардың стильдік белгілері болса, мұнда да жалпы тілдік ортақ нормалармен қатар, осы функционалдық стильдің әрі белгісі, әрі нормалары болып келетін тілдік элементтер аз емес.
Әрине, тілдік нормалардың функционалдық стильдерге қарай азды-көпті айырмашылықтарын атағанда, көркем әдебиет стилін өзгелерінен бөлек алуға тура келеді. Жалпы тілдік бейтарап (нейтрал) нормаларға жатпайтын бірқатар лексикалық және грамматикалық тұлға-бірліктер көркем әдебиетте жұмсала беретін, яғни нормативтік элементтер бола алады. Айталық, қарапайым сөздер, диалектизмдер, дөрекі сөздер, жаргондар жалпы әдеби тілдің лексикалық нормасынан тыс тұрады, олар ресми публицистика, ғылым, кеңсе-іс қағаздары үлгілерінде қолданыла қалса, бұл – нормадан уәжсіз (жөнсіз) ауытқу болмақ. Ал көркем проза мен драмалық шығармаларда бұлар көбінесе кейіпкерлер тілінде, тіпті шығарманың жанрлық сипатына қарай автордың өз баяндауында да қолданылуы норма болып табылады.
Кейіпкердің қай өлке тұрғыны екенін көрсету үшін немесе оның мәдениеттілік, сауаттылық дәрежесін, мінез-құлқын (дөрекі, тәрбиесіз, жөнсіз қасиеттерін) аузынан шыққан сөзі арқылы бейнесін күшейте түсу үшін жазушы жалпы лексикалық әдеби норма шенберінен шығып кетеді, бірақ олардың қолданысы көркем әдебиет стилі үшін уәжді (дәлелді, орынды) болып тұрады. Бұған көптеген мысал келтіруге болады, мұны тіпті кез келген сауатты оқырман көркем шығарманы оқып отырғанда өздері де көре алады. Мысалы, Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жаннаты» деген романының тіліне зер салсақ, үлкен бір юмормен жазылған дүние сияқты. Мұнда «маусымдық кәсіп қуған калымщиктерден басқа барлық жібі түзу де, жібі қисық та, қысқасы, «тайганың ақ жапалағындай шақырайып тас керең отырған кесір шалына» дейін кейіпкерлерінің тілі қыршанқы болып келеді. Автор олардың аузына әкри, ләухи, шорту сияқты одағай іспеттес ауызекі элементтерден бастап, бет-мордасы (бет-әлпеті дегеннің орнына), түйекөтен (помидор), қотқа жүрмейді («қағазсыз қара басыныз бұл күнде қотқа жүрмейді»), ассалау («ұрының кәсібі тілге зар емес, ассалауы не, атанның басы не») деген тәрізді әдеби нормадан тыс тұрған элементтерді салады. Қарапайым сөз, тұрпайы сөз, макаронизмдер деп аталатын тұлғасын мейлінше өзгертіп, кекесінмен, мысқылмен қолданылған өзге тілдік сөздер мен сөз орамдары кейіпкерлерінің диалогтерінде де, автордың өз баяндауында да орын алған: «Бекет осымен біржола шоңқиған... Бекет начальникті таяқ туқылымен күситіп бір жібергісі кеп тұрды...», «қотанаяқ тракторист», бүпит (буфет), әрісдомкрат (аристократ), төріс (турист). Бұлар – әрине, стильдік мақсатпен қолданылған бейәдеби бірліктер.
Сөйтіп, көркем әдебиет үлгілері өзге стильдердің элементтерін де, диалектизмдер, архаизмдер, кәсіби сөздер, қарапайым сөздер, дөрекі сөздер, жаргондар, ауызекі сөйлеу тілінің белгілері сияқты бейәдеби тұлға-бірліктерді де, архаизмдер, кәсіби сөздер сияқты сирек қолданыстағы элементтерді де еркін жұмсай алады, өйткені көркем әдебиет тек коммуникативтік емес, эстетикалық функцияны да қоса арқалайтындықтан, өзге стиль үлгілерінен оқшау тұрады. Осы ерекшеліктерінен болар, кейбір зерттеушілер көркем әдебиетті функционалдық стильдер қатарына қоспайтын-ды. Көркем әдебиет туындыларында өз нормаларын қатаң сақтайтын тұйықтық жоқ, ол көп қырлы стиль болып келеді. Қайталап айтсақ, көркем әдебиеттің барлық жанрлары, әсіресе поэзия тілі поэтикалық (эстетикалық-көркемдік) сөз өрнегіне жиірек барады, ал поэтикалық амалдар тіл құралдарын барлық кеңістіктен, яғни барлық функционалдық стильдерден іздетеді. Өзге стильдердің элементтері де, әдеби нормадан тыс тұрған тілдік тұлғалар да көркем әдебиетте белгілі бір стильдік жүк арқалап тұрады, яғни олардың көркем шығармаларда орын алуының уәжі (мотиві, себебі, дәлелі) болады. Сондықтан бұларда ауызекі сөйлеу тілінің де, кітаби жазба тілдің де белгілері тоғысады. Көркем туындылар тілінің бұл қасиеті, кейбір қазақ зерттеушілері атағандай, «кемістігі» емес ( «көркем әдебиетте әдеби нормадан тыс жөнді-жөнсіз ауытқулар көп ұшырайды, сондықтан басқа стильдер тіліне өнеге-үлгі бола бермейді» – М.Балақаев), ерекшелігі болып келеді.
Қазақ тілінің функционалдық стильдерінің бір-бірінен айырым белгілері көрсетіліп келеді. Ол белгілерді қазақ тілін зерттеушілер орыс тіл білімінің танымынан шығарып, яғни соған орайластырып айтатынын мойындаймыз. Бұған, біріншіден, тіл-тілдегі функционалдық стильдер табиғатының, қызметінің универсалий (ұқсас, ортақ, бірдей) құбылыс екендігі негіз болса, екіншіден, ресми-іс қағаздарының, ресми ақпарат материалдарының, тіпті ресми публицистиканың, ғылыми әдебиеттің, қазақ тілі мен әдебиетінен басқа пәндер бойынша жазылған мектеп оқулықтарының күні кешеге дейін көбінесе орыс тілінен аударылып ұсынылып келгені себепкер болды. Сондықтан публицистикалық стиль жалпы әдеби тіл нормасын қатаң сақтайды, әдеби нормадан тыс лексикалық тұлға-бірліктерді – диалектілік, қарапайым, жаргон сөздерді пайдаланбайды, морфологилық тұлғалардың да бәсең нормаға жататын варианттарын (мысалы, -тұғын, менен, дағы) қолданбайды, жалпы синтаксистік нормаларды да қатаң сақтайды, яғни сөйлем мүшелерінің, құрмалас сөйлем компоненттерінің орын алмасып келуі кездеспейді деген белгілер аталады. Бұл белгілер – осы стильдің тілдік нормасы болып та есептеледі.
Ғылыми стильде де нормадан тыс тұратын сөздер қолданылмайды, морфологиялық тұлғалардың да жалпы тілдік бейтарап (нейтрал) варианттары жұмсалады, сөйлем құрылысы да тілдік қатаң тәртіпті сақтайды, сөздердің дәл (денотаттық) мағыналарын жұмсау үстем болады, баяндау барысында синтаксистік нормалардың да жалпы тілдік варианттарына жол беріледі. Бұл стильде ғылыми терминдердің, оның ішінде жалпы әдеби тілдік нормаға енбейтін, тар ауқымды мамандық терминдері деп аталатындарының да еркін әрі жиі орын алуын ғылыми әдебиеттің стильдік белгісі де, нормасы да деуге болады.
Кеңсе-іс қағаздарының стильдік нормалары (әрі белгілері) өзгелерден мүлде ажыратылып көрінеді, мұнда шаблон құрылымдар: сөйлем түрлері, сөз тіркесімдері, мәтіннің құрылымы орын алады, лексикалық норма қатаң сақталады, сөздердің метафора, теңеу, эпитет сияқты көріктеуіш қызметте жұмсалуына, сөздің коннотаттық мағынада келуіне жол берілмейді. Әсіресе заң-закон, қаулы, ереже сияқты ресми құжаттардың тілдік нормасы берік әрі тұрақты болуы шарт.
Ал бұлардың барлығынан оқшау тұратын – көркем әдебиет стилінің нормалары. Әрине, бұл айтылғандардың барлығы – функционалдық стильдердің әрқайсысының тілдік сырттай белгілері және соларға орай нормалары туралы. Ал әрбір стильдің өз ішінен мазмұндық-жанрлық бөліністеріне қарай және функционалдығына (мақсатына) орай бөлшектеп, әрбіреуіне тән шағын белгілерін (детальдарын) көрсетер болсақ, сөз жоқ, функционалдық стильдер нормаларын жеке-жеке өз алдына ғылыми ізденіс объектісі етуге тура келеді.
Тіліміздің жалпы құрылымдық нормаларымен қатар, көркемдік-эстетикалық заңдылықтарын (нормаларын) қалыптастыратын, беркітетін, әрі қарай ұластыратын, қалың жұртшылыққа ана тілінің байлығы мен әсемдігін танытатын, сол байлық пен әсемдікті дұрыс пайдалана білуге тәрбиелейтін құралдың бірі – көркем әдебиет. Демек, қазақ тілі мәдениетін көтеруде қазіргі кезеңдегі көркем әдебиет стилінің орны, рөлі, қызметі ерекше.
Көркем әдебиет – өнер туындысының бірі сөз өнерінің құралы, шеберлік дүкені («дүкен» дегенді ұстахана, шеберхана, мастерская мағынасында жұмсап отырмыз). Көркем шығарма – өнер ескерткіші болғандықтан, бір жағынан, сол өнерді сомдайтын ұстаның: жазушының, ақынның, публицистің, драматургтің ш е б е р л і г і н сөз ету керек болса, екінші жағынан, көркемсөз иелері әдеби тіл нормаларын белгілеуші, жетілдіруші, сақтаушы болғандықтан, олардың бұл нормаларды ұстануы немесе олардан ауытқуы тұрғысынан да әңгіме болуы тиіс. Л и н г в о с т и л и с т и к а және т і л м ә д е н и е т і деп танылатын бұл екі саланың екеуінің де зерттеу нәтижелері белгілі кезеңдегі, айталық қазіргі, қазақ көркем әдебиет тілінің жалпы әдеби тілдің даму бағытымен, даму принциптерімен өлшенетіндігін көрсетеді. Сондықтан бұл орайда қай тұрғыдан болса да, сөз болатын тіл мәселесі, сайып келгенде, т і л д і к н о р м а ғ а барып тіреледі.
Тілдік нормаларды функционалдық стильдерге қарай ажыратып тануда олардың бір стиль шеңберінде тұйықталатын сипаты жоғын білу керек. Жоғарыда көрсетілгендей, нормалардың бір функционалдық стильдің өз ішінде ғана емес, азды-көпті стильаралық «ауыс-түйістер» де жүріп жатады. Мысалы, ғылыми стильге жататын кейбір әдебиетте публицистикаға тән белгілер (нормалар) кездесуі мүмкін және керісінше. Ресми іс қағаздары мен құжаттар тілінде ғылыми стильге тән реттілік (санамалылық), нақпа-нақтықты көрсететін лексика-грамматикалық бірліктер норма үдесінен шығып тұруы әбден ықтимал. Бұл фактілерді әрбір функционалдық стиль үлгілерін талдаған ғылыми-танымдық ізденістерден көруге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |