Кәсіби түрде өзін-өзі жетілдіру дегеніміз – ол қазіргі педагогикалық талаптарға сай келу үшін өзінің кәсіби және жеке қабілеттерін дамыту. Мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеуге деген түрткілердің қалыптасуының бірнеше жолдары бар. Оның біріншісінде - мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеуіне қоғам талаптары, мектеп басшыларының талаптары, мектеп өмірінің стилі, яғни белгілі біреудің әсері итермелесе, екіншісінде - мұғалімнің өзіндік қасиеттері: жауапкершілігі, кәсіби мәртебесі итермелейді. Әрбір түрткінің жанында нақты мұқтаждық тұр. Мұқтаждық болмаған жағдайда, өзін-өзі тәрбиелеудің түрткілеріне осы процеске деген мұғалімнің қызығушылығын жатқызуға болады. Бұл жағдайда жағымды эмоция үлкен рөл атқарады. Өзін-өзі тәрбиелеуде мұғалім үлкен жұмыс атқарады.
Гуманистік философия мен педагогиканың негізін салушылардың көпшілігі өз қажеттігін тануды жеке тұлғаның кемеліне келуінің, кәсіби жетілуінің басты көрсеткіші ретінде есептеп, бұл ұғымның философиялық, психологиялық, педагогикалық аспектілерін әр кезеңде әр түрлі қарастырған.
Джон Дьюдің жеке тұлғаның өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйене, оны реттей отырып білім алуына, еркін дамуына мүмкіндік жасау арқылы қоғамды демократиялық даму жолына әкелуді көздейтін философиясы бүгінгі білім берудегі өзекті мәселе болып отыр.
Психологияда өзіндік қажеттілік ұғымын американдық ғалым Абрахам Маслоу еңгізді. Бүгінгі педагогикада оның «өзіндік қажеттігін тану» өз мүмкіндігін, потенциалын жүзеге асыруға ұмтылу, өз қабілетін, талантын, яғни ойындағы барын іске асыру арқылы адам тұлға ретінде толық қалыптаса алады» деген пікірі аса құнды. Сонымен қатар, өз мүмкіндігін қажетіне айналдыра алатын адамды А.Маслоу кәдімгі өзіміз күнде кездестіріп жүрген адамдарымызбен қатар қоймайтынын тағы да былай дәлелдеп келтіреді: «орташа адам – ол өз дарынын, қабілетін, мүмкіндігін жылы жауып қойған, не басып тастаған адам». Оның теориясы бойынша, адамның дамуы – екі жағы бар қажеттілік пирамидасына ұқсайды: бір жағынан әлеуметтік тәуелділігі, екінші жағынан, оның өз қажеттілңгін тани алуына қатысты танымдық табиғаты. А.Маслоу жалпы қажеттіліктерді туа пайда болған деп, алғашқы үш деңгейді - физиологиялық, әлеуметтік, психологиялық қажеттілік ретінде қарастырады. Төртінші деңгейді - өзін-өзі құрметтеу, қадірлеу үшін атқарылатын әрекеттер ретінде, ал бесінші деңгейді – шығармашылық қажеттілік, өз мүмкіндігін жүзеге асыру өзіндік қажеттігі деп есептейді.
Мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеуі - өзіндік тұлғаны өзгертуге бағытталған жоспардан басталады. Бұл жоспардың негізіне өзіңдік даму деңгейін дамытуға қойылатын талаптармен салыстыру жатады. Осыған негізделе отырып мұғалім өзін-өзі тәрбиелеуге бағытталған міндеттер жүйесін белгілейді. Осыдан кейін ғана өзін-өзі тәрбиелеу процесі басталады.
Мұғалімнің өзін-өзі тәрбиелеуі тұтас түрде жүруі тиіс. Ең алдымен мұғалім өзінің танымдық, ұйымдастырушылық, коммуникативтік біліктілігін жетілдіріп отыруы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |