Азаматтық құқық жалпы сипаттамасы Жоспар



бет14/20
Дата30.03.2022
өлшемі60.51 Kb.
#456525
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20
Азаматтық құқық

Баланың ұлты. Баланың ұлты оның ата-анасының ұлтымен айқындалады. Егер ата-анасының ұлты әр түрлі болса, ол баланың қалауы бойынша оған жеке басының куәлігі немесе паспорт берілген кезде әкесінің немесе шешесінің ұлтымен айқындалады. Одан әрі баланың ұлты оның өтініші бойынша басқа ата-анасының ұлтына өзгертілуі мүмкін.
Баланың мүліктік құқықтары. Баланың заңда белгіленген тәртіппен және мөлшерде өзінің ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерінен асырау қаражатын алуға құқығы бар. Балаға алименттер, зейнетақылар, жәрдемақылар ретінде тиесілі сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билік етуіне келіп түседі және оны олар баланы асырап-бағуға, оған білім беруге және оны тәрбиелеуге жұмсайды.
Баланың өзі сыйға немесе мұрагерлік тәртібімен алған кірістерді, мүлікті, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлікті меншіктенуге құқығы бар. Өз еңбегінен кіріс алған бала, егер ол ата-анасымен бірге тұрса, отбасын асырау жөніндегі шығыстарға қатысуға құқылы.
Баланың өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікке билік ету құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 22 және 23-баптарымен белгіленеді. Баланың ата-ана мүлкіне меншік құқығы болмайды, ата-ананың баланың мүлкіне меншік құқығы болмайды. Бірге тұратын балалар мен ата-аналар бір-бірінің мүлкін өзара келісім бойынша иеленіп, пайдалана алады. Ата-аналар мен балалардың ортақ меншік құқығы пайда болған жағдайда олардың ортақ мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы азаматтық заңдарда белгіленеді.
Баланың қорғалу құқығы. Баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-анасы (олардың орнындағы адамдар), ал осы заңда көзделген жағдайларда қорғаншы және қамқоршы орган, прокурор және сот жүзеге асырады. Кәмелетке толғанға дейін заңға сәйкес әрекетке толық қабілетті деп танылған кәмелетке толмаған адамның өз құқықтары мен міндеттерін, оның ішінде қорғалу құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқығы бар. Баланын ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) тарапынан жасалған қиянаттан қорғалуға құқығы бар. Баланың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған кезде, оның ішінде ата-анасының (олардың біреуінің немесе олардың орнындағы адамдардың) баланы асырап-бағу, тәрбиелеу, оған білім беру жөніндегі міндеттерін орындамауы кезінде немесе тиісті дәрежеде орындамауы кезінде не ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) құқығын теріс пайдалану кезінде бала қорғаншы және қамқор­шы органға, ал он төрт жасқа толғанда — сотқа өзінің құқықтарын қорғау үшін өз бетінше өтініш жасауға құқылы.
Баланың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгендігі туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған ұйымдардың лауазымды адамдары мен өзге де азаматтар ол жөнінде баланың іс жүзінде тұратын жері бо­йынша қорғаншы және қамқоршы органға хабарлауға міндетті. Мұндай мәліметтерді алған жағдайда қорғаншы және қамқор­шы орган баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетгі.
Ата-аналардың құқықтары мен міндеттері. Қазақстан Республикасының 1998 жылы 17 желтоқсанда қабылданған № 321-1 «Неке және отбасы туралы» Заңының 60—66-баптарында ата-аналардың отбасындағы құқықтары мен міндеттері көрсетілген.
Ата-аналардың өз балаларына қатысты құқықтары тең және міндеттері (ата-ана құқықтары) тең болады. Ата-ана құқықгары балалары он сегіз жасқа (кәмелетке) толғанда, сондай-ақ кәме­летке толмаған балалар некеге тұрған кезде тоқтатылады. Кәме­летке толмаған ата-аналардың баласымен бірге тұруға және оны тәрбиелеуге қатысуға құқығы бар. Некеге тұрмаған, кәмелетке толмаған ата-аналар олар бала туған жағдайда және олардың ана және (немесе) әке болуы анықталған жағдайда өздері он алты жасқа толғанда ата-ана құқығын өз бетінше жүзеге асыруға құқылы. Кәмелетке толмаған ата-аналар он алты жасқа толғанға дейін қорғаншы және қамқоршы орган балаға қорғаншы тағайындайды, ол баланың кәмелетке толмаған ата-аналарымен бірге оны тәрбиелеуді жүзеге асыра­ды. Баланың қорғаншысы мен кәмелетке толмаған ата-ананың арасында туындаған келіспеушілікті қорғаншы және қамқоршы орган шешеді. Кәмелетке толмаған ата-аналардың жалпы негіздерде өздерінің әке және ана болуын мойындауға және оған дау айтуға құқығы бар, сондай-ақ олардың он төрт жасқа толғаннан кейін сот тәртібімен өз балаларына қатысты әке болуын анықтауды талап етуге құқығы бар.
Ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті. Ата-аналардың өз балаларын тәрбиелеуге құқығы бар және оған міндетті. Ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар. Бала тәрбиелеуші ата-аналар өздерінің қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде, оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікте болады.
Ата-аналар балалардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. Ата-аналардың балалардың пікірін ескере отырып, орта білім алғанға дейін білім беру мекемесі мен балаларды оқыту нысанын таңдауға құқығы бар. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісімі бойынша ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушілік болған жағдайда олар (олардың біреуі) бұл келіспеушіліктерді шешу үшін қорғаншы және қамқоршы органға немесе сотқа жүгінуге құқылы. Ата-аналар өз балаларының заңды өкілі болып табылады және кез келген жеке және заңды тұлғаларға қатысты, оның ішінде соттарда арнаулы өкілеттіксіз олардың құқықтары мен мүдде­лерін қорғайды. Егер қорғаншы және қамқоршы орган ата-ана­лар мен балалар мүдделерінің арасында қайшылық барын анықтаса, ата-аналардың өз балаларының мүдделерін білдіруге құқығы жоқ. Ата-аналар мен балалардың арасында келіспеушілік болған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін өкіл тағайындауға міндетті.
Ата-ана құқықтарын балалардың мүдделеріне қарама-қайшы жүзеге асыруға болмайды. Балалардың мүдделерін қамтамасыз ету олардың ата-аналары қамқорлығының негізгі мәні болуға тиіс. Ата-ана құқықтарын жүзеге асыру кезіңде ата-аналар ба­лалардың дене және психикалық денсаулығына, олардың адамгершілік жағынан дамуына зиян келтіруге құқығы жоқ. Балаларды тәрбиелеу әдістерінде адамның қадір-қасиетін кемсітетін немқұрайлылық, қатыгездік, дөрекілік, балаларды қорлау немесе қанау болмауға тиіс. Ата-ана құқықтарын балалардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіре отырып жүзеге асыратын ата-аналар заңда белгіленген тәртіппен жауап береді. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасауға, оны тәрбиелеуге және баланың білім алуы мәселелерін шешуге қатысуға құқығы бар. Бала бірге тұратын ата-ана, егер мұндай қарым-қатынас жасау баланың дене және пси­хикалық денсаулығына, оның адамгершілік дамуына зиян келтірмесе, баланың екінші ата-анасымен қарым-қатынас жасауына кедергі болмауға тиіс. Ата-аналары бөлек тұрып жатқан жағдайда балалардың тұратын жері ата-аналарының келісімімен белгіленеді.
Келісім болмаған жағдайда ата-аналардың арасындағы дауды балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып сот шешеді. Бұл орайда сот баланың ата-аналар­дың әрқайсысына, аға-інілері мен апа-сіңлілеріне (қарындастарына) үйірлігін, баланың жасын, ата-аналардың адамгершілік және өзге де жеке қасиеттерін, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасында орын алған қатынастарды, олардың дамыту және тәрбиелеу үшін балаға жағдай жасау мүмкіндігін (ата-ана­лар қызметінің түрі, жұмыс режимі, материалдық және отбасылық жағдайы және т.с.с) ескереді.
Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқығын жүзеге асыру тәртібі туралы жазбаша түрде келісім жасасуға құқылы. Егер ата-аналар келісімге келе алмаса, ата-аналардың (олардың біреуінің) талап етуі бойынша дауды қор­ғаншы және қамқоршы органның қатысуымен сот шешеді. Соттың шешімі орыңдалмаған жағдайда кінәлі ата-анаға заңдарда көзделген шаралар қолданылады. Сот шешімі қасақана орындалмаған жағдайда баладан бөлек тұратын ата-ананың талап етуі бойынша сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, баланы соған беру туралы шешім шығара алады. Баласынан бөлек тұратын ата-ананың өз баласы туралы тәрбие, емдеу мекемелері мен баска да мекемелерден ақпарат алуға құқығы бар. Ақпарат беруден ата-ана тарапынан баланың өмірі мен денсаулығына қатер болған жағдайларда ғана бас тартылуы мүмкін. Ақпарат беруден бас тартуға сот тәртібімен дау айтылуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет