4.2. Мұра және мұрагерлік
Мұрагерлік — қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің баска адамға (адамдарға) — мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен міндеттер:
1) егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
2) өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығы;
3) алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;
4) зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң актілерінің негізінде басқа да төлемдер төлеу құқығы;
5) мүліктік құқықтармен байланысы жоқ жеке мүліктік емес құқықтар мұраның құрамына қірмейді. Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен басқа да материалдық емес игіліктерді мұрагерлердің жүзеге асыруы және қорғауы мүмкін. Мұрагерлік өсиет және (немесе) заң бойынша жүзеге асырылады.
Мұрагерлік заң бойынша жүзеге асырылуы үшін кемінде екі жағдай болу керек: біріншіден, мұраға ие болатын тұлға, заң бойынша мұрагер болатындардың сапына кіруі керек, екіншіден, мұрагерлік ашылу керек. Өсиет бойынша мұра беруші мұра алушыны өзінің еркімен өсиетте белгілейді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1061, 1062,1063,1064,1065,1066-баптарына сәйкес заң бойынша мұрагер болу құқығының бірнеше кезеңдері көрсетілген. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның ішінде ол қайтыс болғаннан кейін тірі туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы алады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын екінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының ата-анасы бір, ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі алады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының туған немере ағалары мен апалары алады.
Заң бойынша мұрагер болу құқығын төртінші кезекте мұра қалдырушының алтыншы атаға дейінгілерін қосқанда басқа туыстары алады, бұл ретте туыстық дәрежесі неғұрлым жақын туыстар туыстықтың неғұрлым алысырақ дәрежедегі туыстарын мұрагерліктен шеттетеді. Туыстық дәрежесінің жақындығы ортақ ата-бабасынан туу саны негізінде анықталады. Әрбір дүниеге келу бір ата (бір туыстық) дәрежесі деп аталады. Мұрагерлікке шақырылған төртінші кезектегі мұрагерлер тең үлесте мұрагер болады.
Заң бойынша мұрагер болу құқығын бесінші кезекте, егер мұра қалдырушымен бір отбасында кемінде он жыл бірге тұрса, тең үлеспен оның туыстас аға-інілері мен апа-сіңлілері, (қарындастары), өгей әкесі мен өгей шешесі алады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын алтыншы кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар алады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын жетінші кезекте мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болған және онымен бірге тұрған еңбекке жарамсыз адамдар заң бойынша мұрагерлер қатарына жатады. Басқа да заң бойынша мұрагерлер болған кезде олар мұрагер болуға шақырылатын кезектегі мұрагерлермен бірге, мұраның төрттен бірінен аспайтын бөлігін мұраға алады. Егер мұра қалдырушымен неке мұра ашылғанға дейін іс жүзіңде тоқтатылғандығы және ерлі-зайыптылардың мұра ашылғанға дейін кемінде бес жыл бөлек тұрғандығы дәлелденсе, сот шешімімен ерлі-зайыптылар заң бойынша мұрагерліктен шеттетілуі мүмкін.
Мұрагер өзінің мұрагерлікке шақырылғандығы туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты айдың ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Дәлелді себептер болған жағдайда бұл мерзімді сот ұзартуы мүмкін, алайда бұл екі айдан аспауға тиіс. Мұрадан бас тарту мұрагердің мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа арыз беруімен жасалады. Егер сенімхатта бас тартуға өкілеттік арнайы көзделсе, мұрадан өкіл арқылы бас тартуға болады. Мұрадан бас тартуды кейіннен күшін жоюға немесе қайтарып алуға болмайды. Мұрагер өзіне сол үшін берілген мерзім өткеннен кейін мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Егер ол мұраға қалдырған мүлікті іс жүзінде иеленуге кіріссе не оған билік етсе, не оның осы мүлікке құқықтарын қуәландыратын құжаттарды алуға өтініш жасаса, ол бұл құқықты аталған мерзім өткенге дейін де жоғалтады. Мұрагер мұрадан бас тартқан кезде өзінің өсиет бойынша немесе кез келген кезектегі заң бойынша мұрагердің қатарындағы басқа адамдардың пайдасына бас тартатындығын көрсетуге құқылы. Өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердің пайдасына мұрадан бас тартуға жол берілмейді. Сол сияқты, азаматтық кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мұраның бір бөлігінен бас тартуға, мұрадан ескерту жасап немесе шарт қойып бас тартуға жол берілмейді. Мұрадан бас тартушы өсиеттік бас тартудан бас тартуға құқылы. Ішінара бас тартуға, ескерту жасап, шарт қойып немесе басқа адамның пайдасына бас тартуға жол берілмейді. Мұраны қабылдаған кез келген заң бойынша мұрагер мұраны бөлуді талап етуге құқылы. Мұраны болу мұрагерлердің келісімі бойынша оларға тиесілі үлестерге сәйкес, ал келісімге қол жетпеген кезде — сот тәртібімен жүргізіледі. Егер өсиет бойынша да заң бойынша да мұрагерлер болмаса не мұрагерлердің ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса, не олардың бәрі мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған деп танылады. Иесіз қалған мұра мұраның ашылған жері бойынша коммуналдық меншікке ауысады.
Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету жөніңде өз ықтиярын білдіруі өсиет болып танылады. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін де, кірмейтін де бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Өсиетті өзі жасауға тиіс. Өкіл арқылы өсиет жасауға жол берілмейді. Өсиет қалдырушы себебін түсіндірместен заң бойынша мұрагерлердің біреуін, бірнешеуін немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туыңдамаса, заң бойынша мұрагерді мұрадан айыру оның ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлік етуші ұрпақтарына қолданылмайды. Өсиет оның жасалған жері мен уақыты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәлаңдырылуға тиіс. Мыналар:
1) нотариатта куәландырылған өсиеттер;
2) нотариатта куәландырылғандарға теңестірілетін өсиеттер тиісінше ресімделген болып танылады. Өсиетке өсиет қалдырушының өзі қол қоюы қажет. Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша оған нотариустың немесе өсиетті куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзі қол қоя алмауының себебін көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкін. Нотариус немесе өсиетті куәландыратын өзге адам, пайдасына өсиет жазылған немесе өсиет қалдырудан бас тартылған адам, оның зайыбы, оның балалары, ата-аналары, немерелері мен шөберелері, сондай-ақ өсиет қалдырушының заң бойынша мұрагерлері, толық әрекетке қабілеттілігін иеленбейтін азаматтар, сауатсыз және өсиетті оқуға қабілетсіз басқа да адамдар, жалған жауап бергені үшін соттылығы бар адамдар өсиетті жаза, куә бола алмайды, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоя алмайды.
Нотариатта куәландырылған өсиетті өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиіс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкін. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиетті өсиетке қол қойылғанға дейін нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс.
Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетті өзі оқи алмайтын болса, ол үшін оның мәтінін нотариустың қатысуымен куә оқып береді, ол туралы өсиет қалдырушының өсиетті өзі оқи алмауының себептері көрсетіліп, өсиетте тиісті жазба жасалады. Егер нотариат куәландырған өсиет қуәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегі, аты және тұрақты тұратын жері көрсетілуге тиіс. Осындай мәліметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгізілуі тиіс. Өсиет қалдырушының тілегі бойынша нотариус өсиеттің мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет). Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупімен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екі куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желімденуге тиіс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желімденеді. Нотариус жоқ елді мекендерде тұратын адамдардың өсиетін заң актілерінде нотариат әрекеттерін жасауға уәкілдік берілген лауазымды адамдар куәландырады.
Нотариатта куәландырылғандарға теңестірілетін өсиеттер. Нотариатта куәландырылған өсиеттерге:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу алдын алу мекемелерінде емделіп, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердің, өзге де емдеу алдын алу мекемелерінің бас дәрігерлері және кезекші дәрігерлері, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердің директорлары, бас дәрігерлері куәландырған өсиеттері;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери емдеу мекемелерінде емделіп жатқан әскери қызметшілер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердің және басқа да әскери емдеу мекемелерінің бастықтары, олардың медицина бөлімі жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекші дәрігерлері куәландырған өсиеттері;
3) жүзу кезінде Қазақстан Республикасының жалауымен теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде жүрген азаматтардың осы кемелердің капитандары куәландырған өсиеттері;
4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттері;
5) нотариустары және нотариат әрекеттерін жасауға уәкілдік берілген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендеріндегі әскери қызметшілердің өсиеттері, сондай-ақ осы бөлімдерде жұмыс істейтін жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің де әскери бөлімдердің, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлері (бастықтары) куәландырған өсиеттері;
6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттері теңестіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |