1.2 Азаматтық құқықтық қатынастардың субъектілері
Азаматтық құқықтар мен міндеттер құқықтың субъектілері деп аталатын құқықтық қатынасқа қатынасушыларға тән. Азаматтық Құқықтық қатынастардың субъектілеріне азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бөліністер жатады. Аталған субъектілердің азаматтық құқықтық қатынастарға қатынасуының алғышарты олардың азаматтық құқықтық қабілеттілікке және азаматтық әрекет қабілеттілігіне ие бола алуы.
Азаматтық құқықтық қабілеттілік дегеніміз азаматтың заңмен бекітілген құқықтарға ие болып, белгілі бір міндеттерді атқара алу қабілеттілігі. Азаматтық құқық қабілеттілігі барлық азаматтарға бірдей, ортақ деп танылады. Азаматтық құқық қабілеттілігі ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады. Азаматтық құқықтық қабілеттілік дегеніміз: азамат Қазақстан Республикасы шегінде де, одан тыс жерлерде де мүлікті, соның ішінде шетел валютасын меншіктенуге; мүлікті мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркін шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзі немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бірігіп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәміле жасасып, міндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдык қызметтің өзге де туындыларына интеллектуалдық меншік құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүліктік және жеке құқықтары болады; өз фамилиясы мен өз есімін, сондай-ақ, қаласа, әкесінің атын қоса, өз атымен құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асырады. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленіп, міндеттерді жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншік ат (ойдан шығарылған есімді) пайдаланатын реттері көзделуі мүмкін; азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері деп танылады. Он төрт жасқа толмаған адамдардың немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жері олардың ата-анасының, асырып алушыларының немесе қорғаншыларының тұрғылықты жері болып танылады.
Заңды тұлғалардың құқықтық қабілеттілігі олар мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін пайда болып, өздерінің қызметін тоқтатқанда жойылады.
Азаматтың әрекет қабілеттілігі дегеніміз азаматтың өзінің іс-қимылымен белгілі бір құқықтарға ие бола алу және сол құқықтарды іске асыра алу және белгілі бір міндеттерді атқару, алып жүре алу қабілеттілігі. Азаматтық қабілеттілік, әрекет қабілеттілігі жоқ, жартылай, толық емес, толық, шектелген деген сияқты түрлері бар.
Алты жасқа дейінгі балалардың әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылады. Сонымен бірге, жүйке ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсіне алмайтын немесе не істегенін білмейтін азаматты сот әрекет қабілеттілігі жоқ деп тануы мүмкін, соған байланысты оған қорғаншылық белгіленеді.
Жартылай әрекет қабілеттілігі 6—14 жасқа дейінгі балаларға тән. Азаматтық заңнамалар бойынша олар үшін мәмілелерді, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан ата-анасы, асырап алушылары немесе қорғаншылары жасайды. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар өздерінің жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың толық, емес әрекет қабілеттілігі бар деп мойындалады. Бұл жастағы азаматтар мәмілелерді ата-анасының, асырап алушыларының немесе қорғаншыларының келісімімен жасайды. Мұндай келісімнің нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәміле үшін белгіленген нысанға сай келуге тиіс. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар өздерінің табысына, стипендциясына, өзге де кірістеріне және өздері жасаған интеллектуалдық меншік құқығы объектілеріне өз бетінше билік етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмілелер жасасуға құқылы. Жеткілікті негіздер болған жағдайда қорғаншылық және қамқоршылық органы кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кірістеріне және өзі жасаған зияткерлік меншік құқығы объектілеріне өз бетінше билік ету құқығын шектеуі немесе ол құқықтан айыруы мүмкін. Он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар осы баптың ережелеріне сәйкес өздері жасаған мәмілелер бойынша дербес жауапты болады және өздерінің әрекеттерінен келтірілген зиян үшін осы Кодекстің ережелері бойынша жауап береді.
Азаматтар 18 жасқа, яғни кәмелетке толғанда олардың толық әрекет қабілеттілігі мойындалады. Бұл жерде мынандай бір сәтті есімізге салып кеткеніміз жөн. Егерде заң құжаттарында он сегіз жасқа жеткенге дейін некелесуге рұқсат етілетін жағдайда, он сегіз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемінде әрекет қабілеттілігіне ие болады.
Спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарға салыну салдарынан өзінің отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабілеттілігін сот Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіп бойынша шектеуі мүмкін. Оған қамқоршылық белгіленеді. Ол тұрмыстық ұсақ мәмілелерді өз бетінше жасауға құқылы. Басқа мәмілелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кірістерін алуды және оларға билік етуді ол тек қамқоршысының келісімімен ғана жүзеге асыра алады. Азамат спирт ішімдіктеріне немесе есірткі заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабілеттілігіне қойылған шектеудің күшін жояды. Сот шешімінің негізінде азаматқа белгіленген қамқоршылықтың күші жойылады. Мүліктік және жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар азаматтық құқық объектілері бола алады.
Мүліктік игіліктер мен құқықтарға (мүлікке): заттар, ақша, соның ішінде шетел валютасы, құнды қағаздар, жұмыс, қызмет, шығармашылық интеллектуалдық қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары, мүліктік құқықтар мен басқа да мүлік жатады.
Жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарға: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, абырой, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |