«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым»
96
күштердің ықпалы мен билегінде болуы еді. Мысалы, Алаш автономиясы 1918 жылдың 14-24
маусымындағы қаулысында «Алаш автономиясының территориясында Кеңес өкіметі шығарған
барлық декреттер жарамсыз деп танылсын» деп атап көрсетті [2, 108-109 бб].
Азамат соғысы аяқталғаннан және елдегі жағдайдың біршама тұрақталғаннан кейін РКФСР
Заң Халық Комиссариаты жанынан құрылған «VIII-ші бөлім» өзінің қызметін кең құлашпен
бастады. Бөлімнің Қазақстандағы меңгерушісі И.М.Алексеев, ал хатшысы болып Г.М.Ибрагимов
бекітілді. Республикада құрылған «VIII-ші бөлім» төмендегідей жұмыстар атқарды:
– жоғарыда айтылған декреттің губерниялар мен облыстарда іске асырылуына басшылық
жасау;
– дискуссия, лекция, әңгімелесу және қысқа мерзімді үгіт курстары арқылы «дінге қарсы
ғылыми насихатты» ұйымдастыру;
– діни қоғамды тіркеуге қатысты қорытынды беру.
Елдегі құрылған әртүрлі ұйымдардың жанынан дінсіздер бұрышы ұйымдастырылып,
халықтың арасында табиғаттың құбылыстарын, адамның жаратылысын ғылыми тұрғыдан
түсіндіретін танымдық лекциялар өткізілді. Бірақ та осы жұмыстарға қарамастан 20-жылдардың
орта кезінен бастап Қазақстанда діни жандану өзінің биік шыңына жетеді. Мұрағат құжаттарына
қарағанда мұсылман мекемелері Қазақстанның барлық аудандарында қызмет жасады және
әртүрлі ұлттардың өкілдерін (қазақ, өзбек, татар, ұйғыр) біріктірді. Қазақстанда бірнеше ондаған
діни мектептер, мұсылмандық сот істері қызмет жасады. Мешіттер салынды, имамдардың рөлі
артты. «Исламдық фактордың» белең алуы, бұқараның арасында идеологиялық ықпалынан
айырылған өкіметке үлкен қауіп туғызды. Кеңестік билік осыған байланысты мұсылман дініне
қатысты мемлекеттік саясатты қатаң бақылауға алып, Ораза, Құрбан айттар мейрамы кезінде
ауыл-ауылдарға «VIII-ші бөлімнің» өкілдерін жіберіп, мұсылман дініне қарсы үгіт-насихат
науқанын жүргізді.
Республикада негізінен дінге қарсы күрес 20-жылдардың орта кезінен бастап ұйымдасқан
сипат алды. Дінді қоғамдық өмірден сәтті ығыстыру үшін коммунистер дінге қарсы қозғалысты
бұқаралық қозғалысқа айналдыруға талпыныс жасады. Сол себептен де қоғамдық ұйым құруды
ойластырды. Құрылатын ұйымның басты мақсаты «халықты діни нанымнан азат ету» еді. Көп
кешікпей-ақ 1925 ж. сәуірінде «Дінсіздер одағы» құрылды. Ал 1929 жылдың маусымында бұл
одақ «Жауынгерлік дінсіздер одағы» болып өзгертілді. Партия тарапынан одақтың алдына
мынадай міндеттер қойылды [3, 232 б]:
а) дінмен идеялық күрес;
ә) еңбекшілерде ғылыми дүниетанымды қалыптастыру;
б) діндар адаммен жеке жұмыс жүргізу;
в) атеистік әдебиеттерді шығару;
г) ғылыми-жаратылыс білімін насихаттау және т.б.
Қазақстанда «Дінсіздер одағының» ұялары мен үйірмелері 1926-1927 жылдардан бастап
пайда бола бастады. Кейіннен «Дінсіздер одағының» қалалық және аудандық Кеңестері пайда
болды. Кеңестердің жанынан қазақ жастарының секциясы ұйымдастырылды. Бұл секцияларда
әр ай сайын дінге қарсы тақырыптарда лекциялар оқылды. Ұйымдастырылған лекцияларда
лектор ислам дінін құбыжық ретінде көрсетіп, Ораза, Құрбан айттардың шығу тегі және діни
ұстанымдар мен дағдылардың «кесірі» жайлы айтудан бір тынбады. Жер-жерлерге «Дін –
еңбекшілердің таптық жауы» деген сарындағы жарнамалар іліне бастады.
Қазақстандағы «Кіші қазан» дінге қарсы насихатпен қатар жүргізілді. 1926 жылдың
қыркүйегінде БК (б) П Қазақстан Өлкелік комитеті жанынан дінге қарсы насихат жүргізетін
комиссия ұйымдастырылды. Комиссияның құрамына Б. Мырзахмедов, И. Хухарев және Н.
Арықова кірді. Комиссия дінге қарсы жұмысқа комсомол, Қосшы одағы, кәсіподақтарды және де
әртүрлі ұйымдарды белсенді түрде тартуға тырысты. Бірте-бірте дінге қарсы насихат дінге қарсы
күреске ұласты. Егер де бұрын дінге қарсы күресте басты назар мәдени-ағарту жұмыстарына,
табиғаттану мен қоғамтануға қатысты әдебиеттер шығаруға аударылса, енді басты назар
|