Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы


Жерлеу кезінде әскери құрметтер көрсету



бет125/195
Дата02.01.2022
өлшемі0.64 Mb.
#452088
1   ...   121   122   123   124   125   126   127   128   ...   195
5. Жалпы Әскери Жарғылар - әскери қызметтің құқықтық негізі - 02.08.21

Жерлеу кезінде әскери құрметтер көрсету


      48. Жерлеу кезінде әскери құрметтер:

      1) Кеңес Одағының Батыры, "Халық Қаһарманы" атақтарына ие болған, "Отан" орденімен наградталған адамдарға, "Даңқ" (Слава) ордендерінің толық иегерлеріне;

      2) Ұлы Отан соғысына және басқа да соғыстарға (Қазақстан Республикасының мүдделерінде және Бітімгершілік күштер бөлімшелерінің құрамында қарулы жанжалдарға және жауынгерлік іс-қимылдарға) қатысқандарға;

      3) "полковник" (бірінші дәрежелі капитан) және одан жоғары әскери атақтағы запаста немесе отставкада болатын офицерлерге, сондай-ақ жоғары сержанттар құрамының адамдарына;

      4) әскери қызметте болудың жалпы ұзақтығы 25 және одан да көп жылы бар, әскери қызметтен әскери қызметте болудың шекті жасына жетуі, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттардың қысқаруына байланысты босатылған аға офицерлер құрамының адамдарына;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері негізінде мемлекет алдындағы ерекше еңбегі бар азаматтарға;

      6) әскери қызмет өткеру, әскери жиындар уақытында қаза тапқан (жаралану, зақымдану, контузия алу, сырқаттану нәтижесінде қайтыс болған) әскери қызметшілерге, сондай-ақ әскери міндеттілерге көрсетіледі.

      Егер қаза табу (қайтыс болу) қаза тапқанның (қайтыс болғанның) құқыққа қарсы іс-қимылдар жасау кезінде болса, әскери құрметтер көрсетілмейді.

      49. Әскери қызметте болған уақытта қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілерді жерлеуді ұйымдастыру олардың тікелей бастықтарына, ал оларды жерлеу кезінде құрметті эскорт тағайындалатын қалған адамдарды – гарнизон (жергілікті әскери басқару органы) бастығына жүктеледі.

      50. Әскери қызметшілерді жерлеу кезінде әскери құрметтер көрсету үшін тағайындалатын бөлімшелер (командалар) құрметті эскортты құрайды.

      Құрметті эскортқа:

      1) кіші офицерлер құрамының, кіші және аға сержанттар құрамының адамдарын, сарбаздарды (матростарды) жерлеу кезінде – бөлімшеге дейін;

      2) аға офицерлер және жоғары сержанттар құрамының адамдарын жерлеу кезінде – взводқа дейін;

      3) Кеңес Одағының Батыры, "Халық Қаһарманы" атақтарына ие болған, "Отан" орденімен наградталған адамдарды, "Даңқ" ордендерінің толық иегерлерін, мемлекет алдында ерекше еңбегі бар азаматтарды, генералдарды (адмиралдарды), әскери бөлімдер мен құрамалардың командирлерін жерлеу кезінде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының (аумағында жерлеу өткізілетін өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының) ерекше нұсқауы бойынша ротаға дейін және одан жоғары тағайындалады.

      Взвод немесе одан көп құрамда тағайындалатын құрметті эскорт тысы жоқ және қаралы лентасы бар Мемлекеттік Тумен (Жауынгерлік Тумен) болуға тиіс.

      51. Құрметті эскорттан басқа, жерлеуге:

      1) оркестр;

      2) мәйітке (мәйіт салынған табытқа) құрметті қарауыл;

      3) мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығару және қабірге түсіру үшін 8-10 адам тағайындалады.

      Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) тасымалдау үшін автомобиль бөлінеді.

      Кеңес Одағының Батыры, "Халық Қаһарманы" атақтарына ие болған, "Отан" орденімен наградталған адамдарды, "Даңқ" ордендерінің толық иегерлерін, мемлекет алдында ерекше еңбегі бар азаматтарды, генералдарды (адмиралдарды) жерлеу кезінде марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) тасымалдау үшін зеңбірек лафеті бөлінеді.

      Жерлеуді қашық елді мекендерде ұйымдастырған жағдайларда құрметті эскорттың құрамын, санын, қару-жарағы мен жабдығын гарнизон (жергілікті әскери басқару органының) бастығы айқындайды.

      Ордендер мен медальдарды алып жүру үшін ордені немесе медальдары бар әрбір жастықшаға бір адамнан тағайындалады, бұл ретте генералдар мен офицерлерді жерлеу кезінде ол үшін офицерлер, ал сержанттарды (старшиналарды), сарбаздарды (матростарды) жерлеу кезінде – сержанттар (старшиналар), сарбаздар (матростар) тағайындалады.

      Әрбір орден жеке жастықшаға тағылады. Медальдар бір жастықшаға бірнешеуден тағылуы мүмкін.

      Табыттың қақпағына баскиім бекітіліп қойылады. Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) ұлттық өрнегін бас жағына қаратып, Мемлекеттік Тудың матасымен жабады.

      52. Өз әскери бөлімінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшіні жерлеуге құрметті эскортты және команданы осы бөлімнің командирі тағайындайды. Марқұмның мәйітін шығару және жерлеу уақыты мен орны туралы гарнизон бастығына хабарланады.

      Осы Жарлықтың 48-тармағында көрсетілген адамдар тұрақты қызмет орнынан (тұрғылықты жерінен) тыс жерде қайтыс болған жағдайда жерлеуге құрметті эскорт пен команданы қайтыс болған және жерлеу орны бойынша гарнизондардың (жергілікті әскери басқару органдарының) бастықтары тағайындайды.

      53. Егер қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшіні жерлеу басқа қалада немесе ауылда өткізілетін болса, марқұмның мәйітіне (мәйіт салынған табытқа) құрметті эскорт пен оркестр қала шегінде орналасқан теміржол (теңіз, өзен) учаскесі мен станциясына (портқа), әуежайға дейін ілесіп жүреді.

      Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) жерлеу орнына дейін жол жүргенде ілесіп жүру үшін әскери бөлім командирінің немесе гарнизон (жергілікті әскери басқару органы) бастығының бұйрығымен кемінде төрт адам тағайындалады, оларға нұсқамадан өткен және өздерімен бірге: қайтыс болғаны туралы хабарлама; қайтыс болғаны туралы дәрігерлік куәлік; қайтыс болғаны туралы куәлік; инфекциялық сырқатының жоқтығы туралы анықтама; марқұмның отбасына оның қайтыс болу жағдайлары мазмұндалған, әскери бөлім командирінің қолы қойылған хат; қаза тапқанның (қайтыс болғанның) оралған және сүргілі мөрмен мөрленген заттары, құндылықтары мен наградалары болуға тиіс.

      Белгіленген жерге келгеннен кейін ілесіп жүрушілер жергілікті әскери басқару органының бастығына акті бойынша қаза тапқанның (қайтыс болғанның) құжаттарын, заттары мен құндылықтарын тапсыруға және жерлеуге өзі қатысуға міндетті.

      Онда жерленген күні мен орны көрсетілген, жергілікті әскери басқару органы бастығының елтаңбалы мөрімен расталған қайтыс болғаны туралы түбіртекті ілесіп жүрушілер қайтып оралғаннан кейін өз әскери бөлімінің штабына өткізеді.

      Жерлеу белгіленген пунктке марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табыттың) немесе көліктің бір түрінен басқасына тиеу пункттеріне әкелу уақыты туралы тиісті гарнизон бастығына (жергілікті әскери басқару органының бастығына) әскери қызметші қаза тапқан (қайтыс болған) әскери бөлімнің командирі бір тәуліктен кешіктірмей хабарлауға тиіс.

      Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) қарсы алу және жерлеу орнына дейін ілесіп жүру үшін осы Жарғының 50, 51-тармақтарына сәйкес жерлеуге құрметті эскорт және команда тағайындалады.

      54. Әскери қызметшінің қайтыс болғаны туралы әскери бөлімнің командирі қысқа мерзімде қаза тапқанның (қайтыс болғанның) жақын туыстарына және марқұм отбасының тұрғылықты жері мен әскерге шақырылу орны бойынша жергілікті әскери басқару органына хабарлауға міндетті.

      55. Гарнизон бастығы жерлеуге арналған құрметті эскорт пен команда тағайындалатын әскери бөлімнің командиріне олардың киім нысаны, келу уақыты мен орны туралы алдын ала хабарлайды.

      Офицерлер мен сержанттар (старшиналар) жерлеулерде күнделікті киім нысанында және гарнизон бастығының нұсқауы бойынша оларда сол жақ жеңінде қаралы таңғыш болуға тиіс.

      56. Марқұмның мәйітіне (мәйіт салынған табытқа) құрметті қарауылды қою уақытын гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) айқындайды.

      Қарауыл өз құрамынан екі жұп сақшы қояды. Сақшылардың бір жұбы марқұм мәйітінің (мәйіт салынған табыттың) екі жағына, бас жағында одан екі адымда, екінші жұп – марқұмның аяқ жағына тұрады. Сақшылардың әр жұбы екінші жұпқа қарама-қарсы, автоматтарын "кеудеге" (карабиндерін "аяққа") күйінде ұстап тұрады және саптық қалыпты қабылдайды.

      Сақшылардың сол жақ жеңінде қаралы таңғыш болуға тиіс.

      Мәйіттің (мәйіт салынған табыттың) жанындағы сақшылар осы Жарғының 44-тармағында көрсетілгендей ауысады.

      Рәсім уақытында және мәйітті (мәйіт салынған табытты) қабірге түсірген кезде сақшыларды ауыстыру жүргізілмейді.

      57. Марқұмға құрметтер көрсету үшін әскери бөлімнен және қоғамдық ұйымдардан өкілдер қатарынан құрметті сақшылар қойылуы мүмкін. Олар қарусыз, қаралы таңғыштармен, құрметті қарауылдың сақшылары жанында, құрметті қарауыл сақшыларының сырт жағында бір-екі адым арақашықтықта тұрады және әрбір 3-5 минут сайын ауысады.

      58. Мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығару орнына келгеннен кейін құрметті эскорт өрістетілген саптың маңдайшебін мәйіт (мәйіт салынған табыт) шығарылатын жаққа қаратып сапқа тұрады. Оркестр эскорттан оңға қарай үш адымда тұрады.

      Құрметті эскорт жерлеу кезінде әскери сәлемдесуді орындамайды.

      59. Мәйітті (мәйіт салынған табытты) ғимараттан шығарған кезде алдыңғы жағында марқұмның портретін ұстаған әскери қызметші, одан кейін үш-бес адым арақашықтықта бірінен кейін бірі – ордендердің үлкендік ретімен марқұмның ордендері мен медальдарын ұстаған әскери қызметшілер, олардан кейін осынша арақашықтықта – гүлдестелерді ұстаған әскери қызметшілер. Содан кейін марқұмды шығарып салатын мәйітті (мәйіт салынған табытты) көтерген адамдар және құрметті қарауыл жүреді.

      Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) шығарған сәтте құрметті эскорт бастығы өзінің саптағы орнынан кетпей: "ТІК ТҰР" (егер эскорт карабиндермен қаруланған болса: "ТІК ТҰР", "Қарауыл-ҒА") командасын береді, қолын баскиіміне апарады. Сапта тұрған барлық әскери қызметшілер басын мәйіт (мәйіт салынған табыт) жаққа қарай бұрады. Оркестр қаралы маршты орындайды.

      Саптан тыс тұрған әскери қызметшілер мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығарған кезде саптық қалыпты қабылдайды және қолын баскиіміне апарады.

      60. Рәсім осы Жарғының 59-тармағында көрсетілген тәртіппен қозғалады. Құрметті қарауыл марқұмды шығарып салушы адамдардан кейін жүреді, одан кейін оркестр мен құрметті эскорт жүреді.

      Рәсім жаяу тәртіппен жылжыған кезде оркестр қаралы маршты үзіліс жасай отырып орындайды.

      Құрметті қарауылдың сақшылары мәйіттің (мәйіт салынған табыттың) екі жағында автоматтарын "кеудеге", карабиндерін "иыққа" күйінде ұстап жүреді; мәйітке (мәйіт салынған табытқа) автомобильмен ілесіп жүрген кезде – сақшылар отырған күйде, қаруларын тізелерінің арасында ұстайды.

      61. Жекелеген жағдайларда гарнизон бастығының ерекше нұсқауы бойынша мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығаратын жерде және жерлеу орнына кіреберісте рәсім өтетін жолдың екі жағы бойына бір қатарлы немесе екі қатарлы жаяу саппен әскерлер сапқа тұрғызылуы мүмкін.

      62. Жерлеу орнына келгеннен кейін оркестр ойнауын тоқтатады.

      Құрметті эскорт пен оркестр қабірге маңдайшеппен сапқа тұрады.

      Гүлдестелерді, ордендер мен медальдарды ұстаған әскери қызметшілер, сондай-ақ құрметті қарауылдың сақшылары қабір жанындағы орындарға тұрады.

      63. Марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) қабірге түсірер алдында қаралы митинг ашылады. Қаралы митинг аяқталғаннан кейін Мемлекеттік Ту матасы шұғылалы күн мен қалықтап ұшқан қыран бейнесі жоғарыға қаратылып және бүгіссіз ұқыпты бүктеледі және марқұмның отбасына тапсырылады, оркестр қаралы маршты орындайды. Мәйітті (мәйіт салынған табытты) түсірген кезде Мемлекеттік Ту (Жауынгерлік Ту) еңкейтіледі, құрметті эскорт мәйітті (мәйіт салынған табытты) шығарған кездегідей, марқұмға құрметтер көрсетеді (осы Жарғының 59-тармағы). Құрметті эскорт құрамынан тағайындалған бөлімше бос патрондармен үш дүркін салют жасайды.

      Жекелеген жағдайларда Қорғаныс министрінің ерекше нұсқауы бойынша артиллериялық салют жасалуы мүмкін.

      Салюттің бірінші дүркіні жасалғанда оркестр Мемлекеттік Гимнді орындайды. Мемлекеттік Гимн орындалып болғаннан кейін бөлімшелер, егер орын мүмкіндігі болса, оркестрмен әскери сәлемдесуді орындаумен қабір алдынан жүріп өтеді. Сақшылар оркестр Мемлекеттік Гимнді орындап аяқтағаннан кейін немесе бөлімшелер жүріп өткеннен кейін алынады.

      Жерлеу кезінде әскери құрметтер көрсету рәсімі әрбір жағдайда қаза тапқан (қайтыс болған) адамның туыстарының немесе жерлеуді ұйымдастыратын адамдардың келісімі бойынша жүргізіледі.

      64. Наградталған және қайтыс болғаннан кейін наградталған қаза тапқандардың (қайтыс болғандардың) ордендері мен медальдары, құрметті атақтарына төсбелгілері, сондай-ақ оларды наградтау туралы құжаттар естелік ретінде сақтау үшін олардың отбасыларына (туыстарына) беріледі. Одан басқа, қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшінің наградалары экспонаттау және сақтау үшін мұражайларға берілуі мүмкін.

      Егер наградталған қаза тапқанның (қайтыс болғанның) отбасы (туыстары) болмаса, оның наградалары мен наградтау туралы құжаттары Қазақстан Республикасының Президентіне қайтарылады.

      65. Марқұмның мәйітін кремациялау жағдайында құрметті эскорт крематорий алдында, жерлеу рәсімі қозғалысының бағытына қарама-қарсы маңдайшеппен сапқа тұрғызылады. Оркестр эскорттан оңға қарай үш адымда сапқа тұрғызылады.

      Жерлеу рәсімі крематорийге жақындаған кезде оркестр қаралы маршты орындай отырып, марқұмның мәйітіне (мәйіт салынған табытқа) крематорийге дейін ілесіп жүреді.

      Қаралы митинг уақытында оркестр ойнауын тоқтатады.

      Кремациялау үшін марқұмның мәйітін (мәйіт салынған табытты) түсіру кезінде құрметті эскорт бастығының сигналдары бойынша Мемлекеттік Ту (Жауынгерлік Ту) еңкейтіледі, оркестр қаралы маршты орындайды, салют басталғанда – ойынын тоқтатады, тағайындалған бөлімше бос патрондармен үш дүркін салют жасайды. Салют аяқталғаннан кейін оркестр Мемлекеттік Гимнді орындайды.


Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыстарда, әскери
борышты орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің
ескерткіштеріне және қабірлеріне гүлдестелер қою кезінде әскери
құрметтер көрсету


      66. Әскери бөлімдердің делегациялары гүлдестелерді Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін ұрыстарда, әскери борышты орындау кезінде қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне және қабірлеріне қояды.

      67. Мемлекеттік және әскери делегациялар гүлдестелерді қойған кезде гарнизон бастығының бұйрығымен гарнизон әскери бөлімдерінің бір немесе бірнеше Жауынгерлік Туы бар қаруланған құрметті қарауыл және оркестр тағайындалады.

      Гүлдестелерді қоюға қатысатын құрметті қарауылдың, оркестр мен әскери қызметшілердің киім нысаны – салтанатты.

      68. Ескерткішке (қабірге) гүлдестелерді қояр алдында құрметті қарауыл құрамынан бір-екі жұп сақшы қойылады. Сақшылар саптық қалыпты қабылдайды, бұл ретте автоматтар – "кеудеге" (карабиндер – "аяққа") күйінде болады. Сақшыларды қою уақытын гарнизон бастығы белгілейді.

      Құрметті қарауыл ескерткіш (қабір) алдында оған маңдайшеппен немесе оң қапталмен (ескерткіштің немесе қабірдің орналасуына байланысты) сапқа тұрғызылады. Мемлекеттік Туды (Жауынгерлік Туды) алып жүруші топ құрметті қарауылдың оң жақ қапталына тұрады, оркестр Мемлекеттік Тудан (Жауынгерлік Тудан) оңға қарай сапқа тұрғызылады.

      69. Гүлдестелерді ұстаған делегация белгіленген орынға сапқа тұрады және құрметті қарауыл сабының бойымен жүре отырып, ескерткішке (қабірге) қарай қозғалысты бастайды. Делегация алдында құрметті қарауыл офицері жүреді. Одан кейін екі-үш адым арақашықтықта – гүлдестелерді ұстаған адамдар (екі адам) және одан әрі осынша арақашықтықта – үш-бес адамдық лекте делегация жүреді.

      Гүлдестелерді ұстаған делегация құрметті қарауылға 40-50 адым жақындағанда "кеудеге" күйінде болатын автоматтармен қаруланған қарауыл бастығы: "Қарауыл – ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Назар оң-ҒА (сол-ҒА)", ал карабиндермен қаруланғанға – "Қарауыл – ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Оңнан (солдан) қарсы алу үшін, қарауыл-ҒА" командаларын береді.

      Құрметті қарауыл команданы орындап, гүлдестелерді ұстаған делегацияның қозғалысын басын бұра отырып шығарып салады. Оркестр қаралы-салтанатты әуендерді орындайды. Мемлекеттік Ту (Жауынгерлік Ту) алға еңкейтіледі.

      70. Ескерткішке (қабірге) жақындағанда делегация гүлдестелерді қояды және бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алады. Оркестр ойнауын тоқтатады.

      Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Мемлекеттік Гимнді орындайды. Мемлекеттік Гимнді орындау аяқталғаннан кейін гүлдестелерді қойған делегация ескерткіштен (қабірден) кетеді және өтіп бара жатқан қарауылға қарап сапқа тұрғызылады, ал қарауыл бастығының командасы бойынша құрметті қарауыл жорықтық лекке қайта сапқа тұрғызылады және оркестрдің салтанатты маршымен ескерткіш (қабір) және гүлдестелерді қойған адамдар алдынан жүріп өтеді.

      71. Шетел мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары, сондай-ақ қорғаныс министрлері мен ресми әскери делегациялары гүлдестелерді қойған кезде осы Жарғының 66-70-тармақтарында мазмұндалған тәртіп сақталады.

      Бұл ретте қаралы-салтанатты әуендер тек делегация басшысының келісімі бойынша орындалады. Бір минут үнсіздіктен кейін гүлдестелерді қоятын делегация мемлекетінің гимні және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні (бір шумақтан) орындалады. Шетел әскери делегацияларына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының өкілдері ілесіп жүреді.

      Жауынгерлер ескерткіштері мен қабірлеріне басқа шетел делегациялары гүлдестелерді тарын қойған кезде құрметті қарауыл мен оркестр тағайындалмайды. Бұл жағдайда ескерткішке (қабірге) гарнизон бастығының бұйрығы бойынша бір-екі жұп сақшы қойылады, олар гарнизон бастығы белгілеген уақытта алынады. Қажет болған кезде гүлдестелерді қойылатын орынға дейін оны жеткізу үшін екі әскери қызметшісі бар офицер бөлінеді.

4. Әскерлердің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайларды және олардың салдарларын жоюға қатысуы


      72. Төтенше жағдай – адамдардың құрбан болуына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай.

      Төтенше жағдайларды жою үшін ішкі істер органдарының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын, қоғамдық бірлестіктер мен халықты тарту, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану Қазақстан Республикасының заңдарына және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің шешімдері негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының және басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тиісті басшыларының бұйрықтарымен әскери бөлімдер төтенше жағдайларды және олардың салдарын жоюға, адамдардың өмірін құтқаруға және зардап шеккен адамдарға көмек көрсетуге тартылуы мүмкін.

      73. Төтенше жағдайларды және олардың салдарларын жою үшін немесе халыққа көмек көрсету үшін бөлінген әскерлерге гарнизон бастығы тапсырма қояды, онда мыналар көрсетіледі: әрбір әскери бөлім (бөлімше) қандай командирдің (бастықтың) бағынысына баратыны, қозғалыс тәсілі, берілетін техникалық құралдар, қойылған тапсырманың орындалу мерзімі, қару-жарақ, киім нысаны мен жабдықталым тәртібі.

      74. Тағайындалған орынға келгені туралы әскери бөлім (бөлімше) командирі, ол қарамағына тағайындалған лауазымды адамға жедел баяндайды және оның нұсқауы бойынша қойылған міндеттің орындалуын ұйымдастырады.

      Егер авария, апат немесе табиғи зілзала болған жерде қарамағына әскерлер тағайындалған лауазымды адам болмаса, әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі өз іс-қимылын мемлекеттік жергілікті басқару органдарымен және олардың өкімі бойынша бөлінген күштермен келісе отырып, қойылған тапсырманы дербес орындауға кіріседі.

      Қойылған тапсырманың орындалғаны туралы әскери бөлімнің (бөлімшенің) командирі гарнизон бастығына және өзінің тікелей бастығына баяндайды.

      75. Авария, апат немесе табиғи зілзала болған жерде қалған немесе одан шығарылған мүлікті күзету үшін төтенше жағдайлардың немесе оның салдарларын жою үшін бөлінген әскери бөлім командирінің бұйрығымен уақытша қарауылдар тағайындалады.

      Осы қарауылдар олар тағайындалған әскери бөлімнің (бөлімшенің) командиріне, гарнизон бастығы және қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіге бағынады және қызметті жалпы негіздерде өткереді.

      76. Әскери бөлімдерді, бөлімшелерді немесе командаларды мемлекеттік жергілікті басқару органдарының өкілдеріне бағындыруға жол берілмейді.


5. Гарнизондық наряд
Жалпы ережелер


      77. Гарнизондық наряд көшелерде және гарнизонның басқа да қоғамдық орындарында әскери қызметшілер арасында әскери тәртіп пен реттілікті ұстау, гарнизондық объектілерді күзету мен қорғау үшін, сондай-ақ әскери бөлімдердің көлік құралдары жүргізушілерінің (механик-жүргізушілерінің) жол жүру қағидаларын сақтауын бақылау және гарнизон қызметінің басқа да міндеттерін орындау үшін тағайындалады.

      Әскери полиция органдарының штаттық құрылымы мен саны болуға мүмкіндік болатын гарнизондарда Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалған міндеттер ауқымында гарнизонда қызмет өткеру гарнизонның әскери полициясына жүктеледі.

      Әскери бөлімдердің командирлері (бастықтары) гарнизондық қызметті ұйымдастыру және өткеру мәселелері бойынша гарнизон бастығына бағынады.

      Гарнизондық нарядтың құрамына:

      1) қарауылдар бойынша кезекші (командирі гарнизон бастығы болып табылатын әскери бөлім бойынша кезекші);

      2) қарауылдар бойынша кезекшінің көмекшісі;

      3) гарнизондық қарауылдар;

      4) кезекші бөлімше;

      5) гарнизондық патрульдер;

      6) жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау бекеттері (жол жүруді реттеуші) тағайындалуы мүмкін.

      Әскери бөлімдердің командирлері әскери полиция бөлімшелері болмағанда жол жүруді реттеушілерді даярлауға жауапты болады.

      Қажет болған кезде гарнизон бастығы гарнизондық нарядтың құрамын өзгертеді.

      78. Гарнизондық наряд нарядқа түсер алдында бір тәуліктен кешіктірілмей тағайындалады. Ол осы наряд тағайындалған әскери бөлімдерден көлік құралдарымен қамтамасыз етіледі.

      79. Гарнизондық наряд тағайындалатын әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) командирлері жеке құрамды іріктеу мен орналастыруға, оның қызметті өткеруге даярлығына, нұсқау беруге уақтылы жіберу мен таралымға келуіне, кезекші бөлімшенің ұдайы әзірлігіне және белгіленген орынға шақыру бойынша оның уақтылы келуіне жауапты болады.

      80. Гарнизонның штаб бастығы әр айға гарнизондық нарядтың ведомосын (3-қосымша) жасайды, оны гарнизон бастығы бекітеді.

      Гарнизондық нарядтың ведомосынан үзінді-көшірмелер жаңа ай басталғанға дейін он тәулік бұрын қызмет өткеруге тартылатын барлық әскери бөлімдерге жіберіледі.

      Гарнизондық нарядтың ведомосындағы әрбір өзгеріс туралы гарнизон бастығы әскери бөлімдердің командирлеріне уақтылы хабарлайды.

      81. Нарядқа түсер алдында әскери бөлімнің штабында қарауылдар бойынша кезекшіге, гарнизондық патрульдердің бастықтарына және жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі бекетшілерге (жол жүруді реттеушілерге) нұсқама беріледі, олардың негізінде гарнизонның штаб бастығы қарауылдар бойынша кезекшіге бұрынғы және жаңа парольдері бар жазбаны, патрульдер бастықтарына – қозғалыс бағыты, патрульдеу уақыты, ерекше міндеттері көрсетілген патруль бастығының куәлігін, ал жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі әрбір бекетшіге (жол жүруді реттеушілерге) – жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі бекетшінің (жол жүруді реттеушінің) куәлігін (4-қосымша) береді.

      82. Қарауылдар (әскери бөлім) бойынша кезекшіде, оның көмекшісінде, патруль және жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі бекеттің құрамында (жол жүруді реттеушілерде) кеудесінің сол жағында тиісті жазуы бар төсбелгісі, одан басқа жол жүру қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі бекетшілерде (жол жүруді реттеушілерде) реттеушінің бағдартаяғы болуға тиіс.

      83. Гарнизондық нарядты тағайындау, даярлау және қамтамасыз ету Ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәуліктік нарядты тағайындау, даярлау және қамтамасыз ету тәртібіне сәйкес жүргізіледі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   121   122   123   124   125   126   127   128   ...   195




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет