Сұрақтар мен тапсырмалар
1.Ы.Алтынсариннің ағартушылық қызметін баяндаңыздар.
2.«Қазақ хрестоматиясы», «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбектерінің кұрылымдық ерекшеліктерін айтыңыздар.
3.Ы.Алтынсариннің халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы еңбегін әңгімелеңіздер.
4.Ы.Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелеріне тақырыптық, идеялық тұрғыда талдау жасаңыздар. Ыбырай әңгімелеріндегі өмір суреттерінің шынайы сипатына назар аударыңыздар.
5.Ы.Алтынсарин өлеңдерінің құрылымдық жүйесін талдаңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
1.Ы.Алтынсарин. Таза бұлақ. - Алматы: Жазушы, 1988.
2.Ы.Алтынсарин. Мұсылманшылықтың тұтқасы. – Алматы: Қаламгер, 1991.
3.Ы.Алтынсарин. Қазақ хрестоматиясы. – Алматы:Білім, 2003.
4.Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2- кітап. - Павлодар: Арман, 2004.
IV БӨЛІМ
XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАР
ӘДЕБИЕТІ
1 тарау. ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
XX ғасыр басындағы жазба әдебиеті XIX ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі дәстүрлерді дамытты және өз өрнегін де тапты. XX ғасырдың басында «Оян, қазақ!» деп жар сала келген жазба әдебиетімізге өз мақсатын жүзеге асыру үшін тың түрлер, жаңа жанрлар қажет еді. Әзге шығармаларды аудара отырып, дүниежүзілік жазба әдебиетте бар озық әдіс, тәсілдерді игерді, төл әдебиетімізді жаңа жанр, соны түрлермен молықтырды. Қазақ аудармашылары көбіне мысал жанрында аударуға ден қойды. Қалам иелері мысал жанрында көкейдегі ойды жеткізу әлдеқайда жеңілірек, әлдеқайда тиімдірек болатынын түсінді. А.Байтұрсыновтың «Қырық мысал» (1909), С.Көбеевтің «Үлгілі тәржіма» (1910), Б.Әтетілеуовтің «Жиған-терген» (1914), С.Дөнентаевтың «Уақ-түйек» (1915) жинақтарындағы мысалдар ел бойын жағымсыз мінез-құлықтан арылту мақсатын көздеді. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» үлгісін ұстанған оқулықтар ретінде С.Көбеевтің «Үлгілі бала» (1912), Т.Жомартбаевтың «Балаларға жеміс» (1912), М.Дулатовтың «Қирағат» (1924) жинақтарын айтуға болады. Балаларға арналған өлеңдердің жеңіл, ойнақы ұйқасқа құрылу ережесі XX ғасыр басындағы қазақ балалар әдебиетінде қатаң орнықты. Қазақ ақын-жазушыларының қатары бұл тұста, әсіресе, ағарту саласында істеп жүрген мұғалім, тәрбиешілермен недәуір толықты. Сол дәуірдің, өзі өскен ортасының дәрежесінде алғанда біраз білімі бар мәдени қайраткер және тәжірибелі мұғалім Т.Жомартбаев әдебиетке осы тұста келіп қосылды. Оның «Балаларға жеміс» атты еңбегі 1912 жылы Семейдің «Ярдам» («Жәрдем») баспасынан жарық көрді. Арманы жастарды білімге ынталандыру болғанын ақын «Балаларға өнеге» деген өлеңінде ашып айтады.
Б.Өтетілеуов те - Абай, Ыбырай шығармаларын жас буын тәрбиесіне кең пайдаланған алғашқы ұстаздардың бірі. Шәкірті Ғ.Мүсірепов «Ол кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе өзі аударған Крылов мысалдарын айтып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды» - деп жазды. Аударма жасауда Абайдан көп үйренген. Оның Абай аударған И.А.Крыловтың «Қарға мен бүркіт», «Піл мен қанден» мысалдарын, А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан үзінділер аударуы тегін емес.
XX ғасырдың бас кезінде балаларға арналған әдебиет жанрлары өсті. Солардың ішінде балалар поэзиясының да салмағы артты. Оны біз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ағартушылық мақсатта туған өлеңдерінен, Спандияр Көбеевтің «Үлгілі бала», «Үлгілі тәржімә» кітаптарындағы өлең, әңгіме, аудармаларынан, Сәбит Дөнентаевтың төл мысалдары мен сатиралық өлеңдерінен көреміз. XX ғасыр басындағы түрлі бағыт өкілдері Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев дәстүрлерін берік ұстанды. Ыбырай өлеңдері мен әңгімелерінің ықпалы әрқайсысының шығармаларынан байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |