Ы.Алтынсарин және мысал жанры. Ы.Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне жаңа сападағы мысал жанрын енгізді. Ильминскийге жазған хатында (1876, 3 желтоқсан) былай деді: «Мысалдарды (басни) енгізгім келмейді. Өйткені, қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен қарға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді деп, тіптір енжитінін тәжірибемнен білемін». Дегенмен де, Ы.Алтынсарин И.А.Крыловтан екі мысал аударған. Олар - «Егіннің бастары» және «Қарға мен түлкі» мысалдары. И.А.Крылов мысалындағы салған жерден айтылатын мораль Ы.Алтынсариннің «Қарға мен түлкі» мысалында жоқ. Түпнұсқа қарғаның ірімшік тауып алуынан басталса, аударма аш түлкінің тамақ іздеп, жортып келе жатуынан басталады. «Абайдың И.А.Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұсқаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7-8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең дәстүрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады». Сондай-ақ, Ы.Алтынсарин аудармасы бала ұғымына жақындау. Бұнда сыншылдықтан гөрі әңгімелеу сипаты басым. Хайуанаттар жайындағы ертегінің өлеңмен жазылған түрі сияқты қабылданады. Абай мысалдарындағы ызалы кекесін, қаһармандар мінез-құлқына қатысты баға, оқиға өрбуіне байланысты болжам Ыбырай шығармасынан байқалмайды.
«Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегі. «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегі 1884 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Ы.Алтынсарин діннің тәрбиелік мәнін жоғары бағалады. Дін иелері түсініп жаттап, оның тәрбиелік мәнін тыңдаушыларға аша білу парыз деп түсіндірді. «Түсінбей жаттау - күнә» деп діни уағыздарды құр босқа жаттап алып молда болу ел мәдениетіне, тәрбие ісіне жат екенін ашына жазды. Ол діни оқулықтардың мазмұнын жете түсінбеген дүмше молдалар дін-шариғат қағидаларын өздерінше бұрмалап теріс түсініктер беретінін қаттты сынады. Ыбырай шариғат сүрелерін ана тілінде түсіндірді. Оларды өмір тіршілігімен, адам тәрбиесімен тығыз байланыстыра талдады. Діни терминдердің мән-мағынасын ашуға зер салды. Кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде иман туралы айтылады(иман дегеннің не екені, құдайдың бірлігі, Мұхамбет оның елшісі екендігін қалай тану керек екендігі көрсетіледі). Екінші бөлімде құдайға құлшылық ету, намаз оқу, ораза ұстау, кедейлерге садақа беру (зекет) беру және жалпы қайырымдылық істер істеу, қажыға бару көрсетілді, оқылатын аяттар қосылды. Үшінші бөлімде адамгершілік жайы көрсетілді. Төртінші бөлімде арабша аяттар қазақ тіліне аударылып берілді. Ағартушы ғалым адамның не нәрсеге болса да берік сенімі жүректен терең орын алмаса, ол әсерлік, тәрбиелік нәтиже бермейді деген тұжырым жасайды. «Сонымен, бірінші жағынан, халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, бұл талапты ешбір шарамен тоқтатуға болмайтынын еске ала келіп, екінші жағынан, осылай болған соң, қазақ жастарына, өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің негізгі рухына толық сай, дін оқытуға негізгі құрал бола алатын оқу құралын жасап берудің қажет екендігін еске ала келіп, мұның үстіне, мүмкін болғанынша, біріншіден, қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуі үшін, ал, екіншіден, қазақтың жазба тілінде татар тілі орынсыз етек алуына жол бермеу үш(бұл- қазақтарды татарландыруды ең сенімді тәсілдерінің бірі ғой) мен соңғы кезде Мұхамббет шариғатын үйрене бастап, осыған қоса жіберіліп отырған оқу құралын құрастыруға кірістім».
Достарыңызбен бөлісу: |