Сұрақтар мен тапсырмалар
1.Ш.Құдайбердиевтің азаматтық және табиғат лирикасына жататын өлеңдерін анықтаңыздар. Әлеуметтік сыншылдық, гуманистік сипаттарын аңғарыңыздар.
2.Шәкәрім өлеңдерінің Абай шығармаларымен үндестігі мен жалғастығына назар аударыңыздар.
3.Ш.Құдайбердиевтің «Абай марқұм өткен соң өзіме айтқан жырларым» өлеңін Махамбеттің элегиялық сарындағы жырларымен салыстырыңыздар.
4.Шәкәрімнің Абай тақырыбындағы өлеңдерін жаттаңыздар.
Оқуға ұсынылатын кітаптар
1.Шәкәрім. Шығармалары. -Алматы: Жазушы, 1988.
2.Шәкәрім Құдайбердіұлы. Өлеңдері мен поэмалары. - Алматы: Рауан, 1990.
3.Ш.Сәтбаева. Шәкәрім Құдайбердиев. -Алматы: Білім, 1991.
4.Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясы. 2- кітап. - Павлодар: Арман, 2004.
3 ТАРАУ. СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ
Өнер-білім тақырыбындағы өлеңдері. С.Торайғыров күрделі кезеңде өмір сүрді. Кезең оқиғалар ақынның дүниетаным көзқарасына, шығармаларының тақырыптық мазмұны мен түрін, жанрына әсер етті. Іргелі оқу орнынан білім алу және халқының қызметіне жарайтын азамат болу - оның ынта-тілегіне айналды. «Оқып жүрген жастарға» (1912) өлеңі анау, тілек түрінде жазылған. Ыбырайдың «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңін еске салатын жолдар бар:
Басқалар жоғын тапқанда
Біздер қайтіп қаламыз.
Басқалар - мәдениеті, өнері озық елдер. 7-8 буын аралас өлең Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңімен буын өлшемі жағынан ғана ұқсас емес. Талапшылдыққа, тәуекелшілдікке қатысты ойды Сұлтанмахмұт өлеңінен де байқауға болады.
Тәуекелге бел бусақ
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
Өлеңде лирикалық кейіпкер әділетсіз жанның жүрекке салған жарасын айтады. Жастарды қулық, сұмдыққа қарсы тізе қосуға шақырады.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз.
деп ауызбірлікке, ынтымаққа үндейді. Абай, Ыбырайдың аталған өлеңдерінен бір ерекшелігі, бұнда саяси астар бар. Ақынның бодандық бұғауында отырған халқының шарасыз халін таныған, қабырғасы қайысқан қалпы төмендегі жолдардан байқалады:
Тепкісінде басқаның
Қор боп жүдеп барамыз.
«Балалық» сөзі XX ғасыр басындағы ақын-жазушылар шығармаларының көпшілігінде алаңсыз, уайымсыз тірлік кешкен халықтың бейқамдығын білдіретін тұспал сөз ретінде ұғынылған. Осы ретте С.Дөнентаевтың 1915 жылы жазылған «Балалық» деген өлеңі еске түседі. Қазақ жұртының ойсыздығы оның балалығы ретінде тұспалданатын өлеңнің 4 шумағында автор балаға тән мінез-құлық қасиеттерінің бірсыпырасын, атап айтсақ, алдағанға сену («Алдау үшін көз жұмғанды «өлді» деп», «Уансын деп ұсынғанды «берді» деп», «Ел қыдыртам, мінгіземін тайға» деп, «Қаймақ пенен тойғызамын майға» деп), соның салдарынан қолындағысынан айрылу («Алдағанның бірін ұқпай айла деп, Қолдағысын бәрін берген балалық»), затты сыртқы сипатына қарай бағалау («Иегіне шұлғау орап шәрпім деп», «Жылтыраса санын соғып «алтын» деп», ««Құбыжық» деп бөркін теріс кигенді»), өз мінін білмеу («Жығылғанын жұртттан көрген балалық») тәрізді сипаттарын баяндайды. Сұлтанмахмұт та өз кезегінде осы сөзге салмақ салады:
Ойынды енді азат қыл,
Қалсын былай балалық!
Балалықты қою деген сөз - ірі істерге бағыт түзеу деген сөз. Демек, Абайдың кезінде айтқан «Ғалым болмай немене, балалықты қисаңыз» сөзі XX ғасьф басындағы ақын- жазушылар үшін басты қағида болмады деуге негіз жоқ.
«Шәкірттерге» (1912) өлеңінде ақын заман жастарының сергелдең тірлігін көрсету арқылы кезең шындығын береді. Өлең бір жағынан автобиографиялық сипатта көрінеді. Сұлтанмахмұт өмірін еске түсірсек, көп сәттерін өлеңде суреттелетін жастардың әр алуан адасқан тірлігін қайталайтындай әсер береді. 11 буынды өлеңнің де айтпағы - оқу-білім және ынтымақ-бірлік артықшылығы.
Оқыған жастарының арқасында
Көз ашты көрші жұрттың халықтары - деп Абай, Ыбырай сүрлеуімен тіке тартады. Немесе
Білеміз ынтымақсыз іс оңбайды,
Тартынып, шу-шулеткен кісі оңбайды.
Бізде бар аққу, шортан, шаян халқы,
Біздің іс бүйтуменен еш оңбайды. - деп орыс мысалынан үлгі етер тұсты сәтті таңдайды. «Шығармын тірі болсам адам болып» (1913) өлеңінде ақын ай мен жұлдыз, күнді оқу, білім, өнер үғымында қолданады. Ай мен күн, жұлдыздың да бірінен екіншісін артық етіп көрсету арқыл Сұлтанмахмұт оқу-тоқудың түр-түрі болатынын, шамалы білім мен мол білім ара-жігі болатынын меңзейді.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған.
Надандықты лирикалық кейіпкер өліммен пара-пар санайды.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.
Надан болмау - лирикалық кейіпкердің басты мақсаты. Сондықтан «Тебем деп, тірі болсам надандықты, Серт етіп, өз-өіме еткен егес» - деп серт береді. Лирикалық кейіпкер уәдесі ақынның кейінгі жазьшған өлеңдерінен де көрініс тапқан. Бұларда ақын серті жік-жікке бөлініп, таратылып айтылады. «Өмірімнің уәдесі» (1914) өлеңінде білім алу белгілі бір пәндерді игерумен ұғынылады.
Оллаһи, ант етемін алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен,
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Бұларды игермеу - лирикалық кейіпкер үшін өліммен тең. Меже - отыз жас. Өмірінің тағы бір уәдесі - «ақын» деген атаққа ие болу. Ақындық мансап емес. Ақындық - жүрек қазынасын халқына тарату. Демек, қаһарманның тағы бір уәдесі - жүрек қазынасын халқының пайдасына жарату. «Шәкірт ойы» (1917) өлеңінде лирикалық кейіпкер мақсаты нақтылық сипатқа ауысады. Сөзі ширақ, үні нық. Бұл жолы «Бұл сөзім асып айтқан асылық емес» деп («Шығармын тірі болсам адам болып» өлеңіндегідей) деп күмілжімейді, ақталмайды.
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың кегіне
Күн болмағанда, кім болам?
Келесі шумағы «Еңбек түбі - бейнет, бейнет түбі - зейнет» дегенді дәлелдеуге бағытталған. Бұнда бұрынғы ай да, жұлдыз да жоқ. Күн ғана бар. Күн жалқы «білім» ұғымында ғана емес, халық үшін жалпы «жақсылық» ұғымында.
Қыздырып күннің қарауы,
Надандық теңізі тартылар,
Орны отайып, көгерер
Қызығын жайлап ел көрер.
Лирикалық қаһарманның мақсаты айқын. Бұрынғы уәдесіне берік. Ендігі шешімінен де ешкім (Қаһарман Рүстем, Әли де, сыланған жар да...) айныта алмақ емес.
Достарыңызбен бөлісу: |