Дәрістің мақсаты: жылу энергия көздері және жылу өндіргіш инженерлік жүйелері туралы жалпы мәліметтермен танысу.
Коммуналдық - тұрмыстық және технологиялық (өндірістік) тұтынушылар үшін жылу - өндіргіш (қазан) қондырғылар жылу энергияның көздері болып табылады.
Жылу өндіргіш қондырғы жалпы технологиялық схемамен байланыстырылған күрделі жылутехникалық құрылғылар жиынтығынан тұрады. Осы құрылғылар көмегімен отынның химиялық энергиясы жұмыстық дененің (ыстық судың немесе су буының) жылу энергиясына айналады.
Энергияның осындай түрленуі отынның жануы кезінде орындалады. Отының жанар элементтері тотықтырушымен (ауа оттегімен) қосылу нәтижесінде газ тәрізді жану өнімдері пайда болады және көп мөлшерде жылу бөлінеді. Бөлінген жылу қазан қондырғыда айналып жүретін жұмыстың денеге (суға немесе буға) беріледі.
Сонымен жылу энергиясын өндіру үшін:
1) қажетті мөлшерде отын мен тотықтырушы (ауа) қазан қондырғыға апарылуы керек;
2) жану процесін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету керек;
3) жұмыстық дене қажетті күйге келтірілген соң оның қазан қондырғыда айналып жүруін орындау керек;
4) қызған жану өнімдері - жұмыстық дене арасындағы жылу алмасу неғұрлым қарқынды болуына жағдай туғызуы керек;
5) суытылған жану өнімдері қазан қондырғыдан шығарылуы керек.
Әрине, қазан қондырғының құрылымдылық ерекшеліктері оның міндеті мен қуатына, өндірілетін жылу тасығыштың түріне (су немесе бу), жағылатын отынның түріне және жағу әдісіне тәуелді болады. Мысалы, аса қызған бу өндіретін және қатты отын қолданатын жылу өндіргіш қондырғы (бу қазан) 1 суретте келтірілген негізгі элементтерден тұрады.
Олар:
1) ошақ камерасы;
2)тозаңдатылған көмір жағылатын жанарғылар (ошақ камера қабырғасында орнатылған);
3) су экономайзері - иірілген құбырлардан тұрады, онда қазан қондырғыға түсетін су алғашқы рет қыздырылады;
4) буландыратын қыздыру беттері - ошақ камерасы қабырғаларында орнатылған тік құбырлар жиыны түрінде жасалынған; қазанда айналып жүретін су осы құбырларда жартылай буланып қаныққан буға айналады;
5) қазанның барабаны; буландыратын қыздыру беттерінен келетін қаныққан бу жиналады;
6) буды аса қыздырғыш; иірілген құбырлар жиыны, мұнда қазанда алынған қаныққан бу аса қызған буға айналады;
7) топ құбырдан тұратын ауа қыздырғыш; мұнда түтін газдардан жылуды қабылдаған ауа жануды сүйемелдеу үшін ошаққа апарылады;
8) үрлеу желдеткіші - мұның көмегімен ауа қоршаған ортадан алынып, ауа қыздырғыштан өтеді, содан соң ошақ камераға жеткізіледі;
9) түтін сорғыш түтін газдарды қазан қондырғыдан мұржа арқылы атмосфераға шығарады;
10) түтін құбыры
11) күл сүзгіш түтін газдарды күлден тазартады;
12) шлак-күл ұстау жүйесі шлак пен күлді қазан қондырғыдан шығаруын қамтамасыз етеді;
13) отын дайындайтын және отын жіберіп тұратын құрылғылар отынды ұнтақтап, ұсатып, кептіріп жануға дайындайды және қазандарға жеткізеді;
14) су дайындайтын құрылғыларға иониттік сүзгіштер - сүзгіштерде су құбырынан келетін су қаққа айналатын тұздардан тазарып жұмсартылады;
15) деаэрациялық қондырғы - деаэрациялық қондырғыда жұмсатылған су газдардан тазарады;
16) қоректендіретін сорғыштар (насостар) қорек судың (жұмсартылған және деаэрацияланған) су экономайзері арқылы қазанның барабанына үздіксіз келіп түсуін қамтамасыз етеді.
17 ) бастапқы судың сорғышы;
18 ) су құбырынан алынатын су;
19) конденсаттық бак;
20 ) конденсаттық насос;
21 ) конденсат қайтару;
22 ) тұтынушыларға берілетін бу;
23 ) ауа алғыш;
24 ) түтін газдың шығуы;
25 ) қысым реттегіш.
Достарыңызбен бөлісу: |