4.7. Инфрақұрылымды дамыту
4.7.1. Көлік
Мақсаты
Экономика мен халықтың көлік қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыруға қабілетті көлік-коммуникация инфрақұрылымын озық дамыту, ол ең алдымен көлік инфрақұрылымының алуан түрлерін біртұтас көліктік, оның ішінде энергия-көліктік дәліздерге біріктіруге негізделген.
Міндеттері
1. Қозғалыс қарқындылығының перспективалық өсуін ескере отырып, автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келтіру.
2. Темір жол саласын, әуе тасымалдары нарығын, транзиттік дәліздерді, көлік-логистика орталықтарын дамыту.
3. Қазіргі заманғы жоғары технологиялық теңіз көлігін, порт және сервистік инфрақұрылым құру.
Шешу жолдары
Үкімет инфрақұрылым қызметтерінің сапасын арттыруға және құнын азайтуға назар аударатын болады.
Автомобиль жолдарының негізгі транзиттік дәліздерін олардың параметрлерін оське кемінде 13 тонна жүктемесі бар кем дегенде ІІ техникалық санатқа дейін жеткізе отырып, қайта жаңарту жалғасады, жергілікті маңызы бар жолдар желісі кеңейтіледі. Прогрессивтік технологиялар мен материалдарды енгізу жолымен автомобиль жолдарын салу мен оларға қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Транзиттік әлеуетті дамытуда Батыс Еуропа – Ресей – Қазақстан – Батыс Қытай бағытындағы автокөлік дәлізін, Каспий теңізінің қазақстандық теңіз порттарын елдің шығыс қақпаларымен байланыстыратын ендік бағыттағы автомобиль және темір жол дәліздерін салу жөніндегі жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылатын болады.
Қазақстанның көлік тораптарында, оның ішінде Достық станциясында, Ақтау теңіз портында, «Қорғас» және «Тасқала – Озинки» өтпелерінде, Астана, Алматы және басқа қалаларда көлік-логистикалық орталықтар құрылатын болады.
Инфрақұрылым объектілерін салу кезінде бұл процеске «Самұрық» және «Қазына» акционерлік қоғамдары тартыла отырып, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі кеңінен қолданылатын болады.
Экономиканың және халықтың темір жол тасымалдарына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін мыналар көзделеді:
темір жол саласын қайта құрылымдау процесін аяқтау;
темір жол көлігімен тасымалдау саласында қызметтер көрсету құрылымын қайта қарау және оңтайландыру;
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамын қайта құрылымдау және темір жол тасымалдары нарығында бәсекені дамытуға бағытталған темір жол саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру;
темір жол желісін жаңғырту;
жылжымалы құрамды жаңарту және жаңғырту, сондай-ақ локомотивтер мен вагондардың отандық өндірісін ынталандыру есебінен тасымалдар инфрақұрылымын дамыту;
әлеуметтік мәні бар жолаушылар бағыттарының халық үшін қолжетімділігін сақтау;
контейнерлік тасымалдарды дамыту;
тасымалдар мен тарифтік саясат саласындағы нормативтік базаны жетілдіру.
Азаматтық авиацияны одан әрі дамыту мынадай жолмен жүзеге асырылатын болады:
әуе кемелері паркін жаңарту;
жергілікті және сыртқы әуе нарығында бәсекелестікті дамыту;
ұшу құрамын (ұшқыштарды) бастапқы даярлау жүйесін жетілдіру және дамыту;
Астананың, Алматының, Атыраудың, Павлодардың және Шымкенттің тораптық әуежайларын және Қазақстанның өнеркәсіптік және дамушы өңірлерінде (Ақтөбе, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Орал) орналасқан әуежайларды қалыптастыру, оларды халықаралық талаптарға сәйкес келтіру;
жер үсті және аэродром инфрақұрылымын жаңғырту және дамыту.
Су көлігі саласында теңіз және өзен порттарын дамыту және жаңғырту көзделеді.
Нәтижелері
2009 жылы 2006 жылмен салыстырғанда мыналар күтіледі:
жүк тасымалдарының көлемі құбыржол көлігін ескермегенде 2275,4 млн. тоннаны құрайды (өсім 24 %);
жолаушылар тасымалдарының көлемі 12910,2 млн. адамды құрайды (өсім 22 %);
жалпы жүк айналымы құбыржол көлігін ескермегенде
306,8 млрд. тонна-км-ді құрайды (өсім 24 %);
жолаушылар айналымы 147,4 млрд. жолаушы-км-ді құрайды (өсім 25 %);
Ақтау портында жүк аударудың жалпы көлемі 2009 жылға қарай
13 млн. тоннаны құрайды;
контейнерлік тасымалдар көлемі 3,4 млн. тоннаны құрайды (өсім 200 %);
жүктерді автомобиль көлігімен транзиттік тасымалдау 3,5 есеге ұлғаяды және шамамен 0,5 млн. тоннаны құрайды; темір жол көлігімен – 30 %-ке ұлғаяды және 13,6 млн. тоннаны құрайды;
Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде қызмет көрсетілген млн. ұшақ-км саны 9 %-ке артады;
8425 км автомобиль жолдары жақсы, 9250 км-і қанағаттанарлық күйде болады;
1400 км-ге жуық жаңа темір жол желілері салынады және темір жолдардың жүк тасымалы жоғары учаскелерінің 1700 км-ден астамы электрлендіріледі;
Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Жезқазған және Шымкент қалалары әуежайларының ұшу-құшу жолақтары ИКАО халықаралық талаптарына сәйкес келетін болады.
4.7.2. Электр энергетикасы
Мақсаты
Экономиканың өскелең қажеттіліктерін қамтамасыз ететін елдің энергетикалық әлеуетін арттыру.
Міндеттері
1. Жинақтағыш қуаттар мен электр желілік объектілерді жаңғырту және озық дамыту.
2. Атом энергетикасының негіздерін жасау.
3. Энергияның жаңартылатын көздерін дамыту.
4. Энергия үнемдейтін технологияларға көшуді ынталандыру.
Шешу жолдары
Елдің электр энергиясына деген өскелең қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қазіргі электр станцияларын қайта жаңарту және кеңейту әрі жаңаларын салу жөніндегі бірқатар жобаларды іске асыруға кірісуді жоспарланады. Мұндай жобаларға Ақсу МАЭС-індегі энергия блоктарын жаңғырту, Екібастұз МАЭС-1-дегі жұмыс істемейтін энергия блоктарын оңалту және Екібастұз МАЭС-2-де жаңа қуаттарды қосу, Астана қаласында ЖЭО-2-ні кеңейту және қайта жаңарту, сондай-ақ ЖЭО-3 салу, Бұлақ СЭС-ін салу.
«Солтүстік-Оңтүстік» ЖВЖ-500 кВ транзитінің екінші желісін салу және іске қосу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, бұл транзиттің өткізу қабілетін екі еседен астамға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қапшағай СЭС-інің ең жоғары қуатын ұлғайтуға мүмкіндік беретін Кербұлақ СЭС-ін (Қапшағай
СЭС-інің қарсы реттеуіші) салу мәселесі пысықталатын болады.
Ақтөбе энергия торабын энергиямен қамтамасыз ету проблемалары «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» ЖВЖ-500 кВ өңіраралық электр беру желісін салу және Қандыағаш ҚЖЭС-ін салу арқылы шешілетін болады.
Ұлттық электр желісінің транзиттік әлеуеті ұлғайтылады және Қазақстан Республикасы энергия жүйесінің сенімділігі артады.
Қазақстанның оңтүстігін энергиямен жабдықтау мәселелерін шешу мақсатында «Самұрық» холдингі жаңа ірі жылу электр станциясын салудың әр түрлі нұсқаларын қарастыратын болады.
Үкімет шектес мемлекеттермен кешенді энергетикалық жүйе құру мәселелерін зерделейтін болады.
Энергетикалық қуаттарды дамыту мен қалпына келтірудің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін шаралар кешені әзірленетін болады.
Ұлттық электр желісін жаңғырту және көмір саласын халықаралық стандарттарға көшіру жөніндегі жұмыс жалғасады және аяқталады.
Концессиялық негізде инфрақұрылым объектілерін салу жөніндегі жобаларды іске асыруға «Самұрық» мемлекеттік холдингі және «Қазына» орнықты даму қоры, ірі отандық және шетелдік компаниялар, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорлары тартылатын болады.
Үкімет өңірлік ынтымақтастық ұйымдары шеңберінде энергетикалық биржа құрудың мүмкіндігі мен орындылығы мәселесін зерделейтін болады.
Атом өнеркәсібін және энергетиканы дамыту жөніндегі шаралар кешені әзірленетін болады, оның ішінде:
Қазақстанда атом электр станциясын салуға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді;
уранды байыту жөніндегі өндірістің жобасын әзірлеу және оның құрылысын бастау мәселесі қаралады;
Қазақстан Республикасының аумағында уранды, жылу бөлетін элементтерді және жиналымдарды конверсиялау бойынша өндірістер құру жөнінде шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіледі;
ядролық реакторлардың инновациялық жобалары үшін ядролық отынның жаңа түрлерін әзірлеу және сынау жүзеге асырылады.
Республиканың жинақтағыш қуаттарын ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асыру кезінде энергия теңгеріміне жаңартылатын энергия көздерін тартуға ерекше назар аударылатын болады. Ең алдымен, бұл – су энергетикасы, жел энергиясы мен күн энергиясын пайдалану. Осыған байланысты елдің әрбір өңірінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану әлеуетін анықтау жөніндегі мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізілетін болады. Энергетиканың осы секторына инвестицияларды ынталандыру шаралары әзірленетін болады.
Энергияны тиімді пайдалануды ынталандыруға, сондай-ақ энергетика саласына ғылымды қажетсінетін энергия үнемдеу технологияларын және тәжірибе-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін енгізу тетіктерін әзірлеуге бағытталған энергия үнемдеу туралы заң жобасының жаңа редакциясы әзірленетін болады.
Нәтижелері
2009 жылы электр энергиясын өндіру шамамен 84 млрд. кВт/сағатты, көмір өндіру 96 млн. тоннаны құрайды.
Электр энергетикасында «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің ЖВЖ-500 кВ екінші желісін, «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісін және Қандыағаш ҚЖЭС салу жөніндегі жұмыс аяқталатын болады.
Ұлттық энергетика желісін жаңғырту аяқталатын болады.
4.7.3.Телекоммуникациялар
Мақсаты
Телекоммуникациялардың бәсекелі нарығын серпінді дамыту бойынша жағдай жасау және халықты сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету.
Міндеттері
1. Мемлекеттік реттеу тетігін жетілдіре отырып, бәсекені дамыту және телекоммуникация саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
2. Телекоммуникация инфрақұрылымын, оның ішінде ауылдық жерде дамыту.
3. Интернет қызметтерін дамыту және оның қолжетімділігі үшін жағдай жасау.
Шешу жолдары
Телекоммуникация саласын ырықтандыру және телекоммуникация желілерін дамыту жалғастырылатын болады.
Ұлттық ақпараттық супермагистраль құрылысы аяқталады, сондай-ақ телекоммуникацияның, ұялы байланыстың жергілікті желісін, деректер беру мен Интернет қызметтері желісін дамыту және жаңғырту жалғастырылады.
Үкімет кейіннен ауылдық байланыс желілерін дамытуды қамтамасыз ететін тетікті әзірлей отырып, ауылдық байланыстың шығындарын субсидиялаудың қолданыстағы тәртібін жетілдіреді.
«KAZSAT-1» байланыс және хабар тарату спутнигінің сыйымдылығын толтыру жөніндегі жұмыстар жалғасады, сондай-ақ «KAZSAT-2» спутнигін жасау жөнінде іс-шаралар жүргізіледі.
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының орта мерзімді перспективада ұтқыр, тіркелген байланыс қызметтері және Интернетке қолжетімділік нарықтарында экономикалық шоғырлануын азайту жөнінде шаралар кешені әзірленетін және қабылданатын болады. Цифрлық телерадио хабарларын тарату жүйесі дамиды.
Ұтқыр байланыс нарығындағы бәсекені дамыту мақсатында радиожиіліктерді 1800 МГц диапазонында пайдалану жөнінде іс-шаралар жүргізілетін болады.
Жергілікті тіркелген байланыс пен Интернет қызметтері нарығындағы бәсекені одан әрі дамыту, сондай-ақ тарифтерді төмендету мақсатында жергілікті баламалы байланыс операторлары мен Интернет-провайдерлерге үстем байланыс операторларының абоненттік желілеріне тең құқықты қол жеткізу регламенттелетін болады.
Нәтижелері
2007 жылы:
тіркелген телефон желілерінің тығыздығы елдің 100 тұрғынына 20-ны;
ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 45; телекоммуникациялардың жергілікті желілерін цифрлау деңгейі – 85 процент;
Интернетті пайдаланушылар тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 8;
2008 жылы:
тіркелген телефон желілерінің тығыздығы елдің 100 тұрғынына 23-ті құрайды;
ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 60;
телекоммуникациялардың жергілікті желілерін цифрлау деңгейі – 90 %;
Интернетті пайдаланушылар тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 10;
2009 жылы:
тіркелген телефон желілерінің тығыздығы елдің 100 тұрғынына 24-ті құрайды;
ұялы байланыс абоненттерінің тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 95; телекоммуникациялардың жергілікті желілерін цифрлау деңгейі – 95 %;
Интернетті пайдаланушылар тығыздығы – елдің 100 тұрғынына 15-ті құрайды.
Телекоммуникация қызметтері нарығының оңтайлы құрылымы, ақпараттық қоғамның экономикалық жағынан дамуына ықпал ететін технологиялық негізі ретіндегі тиімді және дамыған телекоммуникациялық инфрақұрылым құрылатын болады.
4.8. Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін аумақтық даму
Мақсаты
Бәсекеге қабілетті мамандануды қалыптастыру негізінде ел өңірлерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету.
Міндеттері
1. Экономикалық өсу орталықтарын дамыта отырып, елдің және оның өңірлерінің ұстанымының жаңа міндеттеріне сәйкес келетін аумақтарды экономикалық жағынан ұйымдастыруды қалыптастыру.
2. Халыққа мемлекет кепілдік беретін қызметтер көлемінің өңірлер бойынша тең ұсынылуын қамтамасыз ету.
Шешу жолдары
Өңірлік саясат 2007 – 2009 жылдары Аумақтық даму стратегиясына сәйкес айқындалады және мынадай іс-шаралар арқылы іске асырылатын болады:
өңірлердің бәсекеге қабілетті мамандануын айқындайтын облыстардың, Алматы қаласының 2015 жылға дейінгі даму стратегияларын (бәсекелік стратегияларын), сондай-ақ тірек қалаларды дамыту стратегияларын әзірлеу;
облыс аумақтарын қала құрылысын дамытудың кешенді схемаларын және халықты таратып қоныстандыру мен өндірістік күштерді орналастыру жүйесін қоса алғанда, оның негізгі ережелерін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын әзірлеу;
өнеркәсіп орындары баламалы негізде орналасатын, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтар құрылатын экономикалық өсу орталықтарының (тірек қалалардың) тізбесін айқындау;
Астана қаласында – оң жақ және сол жақ жағалауда оңтүстік-шығыс бағытында екі жаңа орталық салу;
құрылысты ұтымды салу және олардың орналасу жиілігі мәселелерін шешу мақсатында ірі мегаполис қалалардың айналасындағы серіктес қалаларды дамыту мәселелерін пысықтау;
өңірлерді дамыту стратегияларының (бәсекелік стратегияларының) мақсаттарын негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді кезеңге арналған нысаналы индикаторларын белгілей отырып, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың стратегиялық жоспарларын қабылдау;
инфрақұрылым объектілерін дамыту және құру жолымен халықаралық ынтымақтастықтың аса маңызды аймақтары ретіндегі шекара маңы аумақтарының әлеуетін күшейту;
мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес-қауымдастықтар және басқа да мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен өңірлер әкімдіктерінің жанынан консультативтік-кеңесші органдар ретінде бәсекеге қабілеттілік жөніндегі кеңестер құру;
аралас өңірлердің экономикалық белсенділігін шоғырландыратын және бәсекеге қабілетті өңірлік кластерлерді қалыптастырудың қозғаушысы болуға қабілетті ірі өңірлік орталықтарды құруға ықпал ететін өңірлік даму институттарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметін ұйымдастыру;
өңірлердегі серпінді жобаларды іске асыру үшін «Самұрық», «Қазына» және «ҚазАгро» акционерлік қоғамдарын тарту;
«үдемелі» өсу аймақтарын қалыптастыру жөніндегі өңірлік бастамаларға селективті қолдау көрсету және халықаралық қаржы даму институттарымен бірлесіп, ірі инновациялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін пысықтау;
әр түрлі өңірлердегі халыққа бюджеттік қызметтердің бірдей деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу;
экологиялық жағынан қолайсыз және ауылдық аумақтардың проблемаларын шешуге бағытталған кешенді шараларды іске асыру, олардың тиімді дамуын қамтамасыз ету.
4.9. Қазақстандық экономиканың әлемдік экономикаға табысты кірігуін қамтамасыз ету
Мақсаты
Экономика салаларын Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі шарттарына бейімдеу жөніндегі жүйелі шараларды іске асыру және Қазақстанның әлемдік нарыққа кірігуі.
Міндеттері
1. Қазақстан үшін тиімді шарттарда ДСҰ-ға кіру.
2. Қазақстан нарығына импорттық тауарлар мен қызмет көрсетулердің кемсітусіз енуіне салаларды ашуға бейімдеу.
3. Өңірлік бірлестіктер (ЕурАзЭҚ, ШЫҰ және т.б.) шеңберінде экономикалық кірігуді тереңдету.
4. Сауда-экономикалық қатынастар кешенінің негізгі құрауышы ретіндегі шекара маңы ынтымақтастығын дамыту.
5. Барлық заңды тұлғалардың қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарына көшу процесін жеделдету.
Шешу жолдары
Қойылған міндеттерді шешу үшін мынадай шаралар көзделетін болады:
Қазақстанның ұлттық мүдделерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасын ДСҰ міндетті келісімдерінің нормаларына толық сәйкес келтіру;
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі жұмыс тобына мүше елдермен тауарлар мен қызмет көрсетулердің ұлттық экономикалық даму басымдықтарына жауап беретін шарттарда қазақстандық нарықтарға шығуы жөніндегі екі жақты келіссөздерді аяқтау;
Қазақстанның тиісті келіссөз ұстанымын белгілеу үшін оны мемлекеттік қолдаудың іс жүзіндегі көлемімен салыстырғандағы ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға деген негізделген қажеттілікті айқындау;
тараптардың ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөз процесін ескере отырып, ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағын кезең-кезеңімен қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;
ЕурАзЭҚ-ты дамытудың басым бағыттарын, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі бірлескен іс-шараларды іске асыру;
қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға шығуын шектейтін сыртқы сауда дауларын реттеу жөнінде шаралар қабылдау;
отандық өндірушілерді демпингтік және субсидияланатын тауарлар импортынан қорғау тетігінің тиімділігін арттыру;
Қазақстан Республикасының шет елдегі халықаралық көрмелерге, жәрмеңкелерге қатысуын қамтамасыз ету;
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын одан әрі дамытудың 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын (І кезең) іске асыру;
«Қорғас – Шығыс қақпасы» сауда-экономикалық аймағын құру;
Ресей Федерациясымен, Өзбекстан Республикасымен және Қырғыз Республикасымен сауда-экономикалық аймақтар құру;
қазақстандық инвестицияларды жылжыту жүйесін құру және қазақстандық бизнесті шекара маңы елдеріндегі ірі өңірлік инвестициялық жобаларға қатысуға ынталандыру, қазақстандық компаниялардың басқа елдерде жақсы жағдайдағы мемлекеттік келісім-шарттар алуына жәрдемдесу;
қазақстандық инвестицияларды салу үшін ықтимал тартымды шетелдік жобаларды (объектілерді) іздеу, талдау және іріктеу және шетелдік нарықтарға шығуға ықтимал мүдделі отандық компаниялармен консультациялар өткізу;
сыртқы инвестицияларды қолдау және шикізаттық емес экспортты ынталандыру жөнінде заңнамалық негізді әзірлеу;
Сауда және инвестициялар жөніндегі Америка-Орталық Азия кеңесінің шеңберінде (ТИФА) ынтымақтастықты жандандыру;
Еуропалық одақтың демпингке қарсы тексерулер жүргізуі кезінде Қазақстанның нарықтық экономикасы бар ел мәртебесін алуы мәселесін одан әрі пысықтау;
экономика дамуының жаңа кезеңінің талаптарына жауап беретін бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру үшін жағдай жасау.
Нәтижелері
Қазақстан елдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін шарттарда ДСҰ-ға кіреді. Интеграциялық бастамаларға қатысу шеңберінде Қазақстанның өңірлік деңгейдегі саяси және экономикалық рөлі күшейеді, шекаралас мемлекеттермен шекара маңы ынтымақтастығы саласындағы сауда-экономикалық қатынастар кеңейтіледі.
4.10. Жаңа жағдайларда әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыру
4.10.1. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту: мемлекеттік ақпараттың кәсібилігін, тиімділігін арттыру және оның қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету
Мақсаты
Корпоративтік басқару, ашықтық және қоғамға есеп беру принциптерінде әрекет ететін ұтқыр және кәсіби мемлекеттік аппарат құру.
Міндеттері
1. Мемлекеттік органдардың қызметін түпкі нәтижелерге қол жеткізуге бағдарлау.
2. Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыру.
3. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын, орнықтылығын және басқарымдылығын қамтамасыз ету.
4. Жоғары білікті кадрларды мемлекеттік қызмет жүйесіне тарту және оларды ұстау үшін ынталандыру жасау.
Шешу жолдары
Министрлердің, әкімдердің алдына қойылған міндеттерді іске асыру барысында олардың саяси шешім қабылдаудағы дербестігі артады және олардың түпкі нәтижелерге қол жеткізу үшін жауапкершілігі күшейтіледі.
Үкімет саяси және әкімшілік қызмет арасындағы өкілеттіктердің аражігін дәл ажыратуға және корпоративтік басқару принциптеріне негізделген менеджменттің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін қажетті құқықтық негіз жасайды. Бұл мемлекеттік органның мемлекеттік саясатты әзірлеу мен оның қызметінің ішкі процесін мәселелеріне бөлуді, оның ішінде мемлекеттік органдардың бас директорлары институтын енгізу жолымен көшуді көздейді. Үкіметтің ауысуына қарамастан мемлекеттік органдардың аппараттары жұмысының тұрақтылық тетіктері белгіленетін болады.
Оларды стратегиялық, жүйелілік, іске асыру, бақылау және қадағалау функцияларына айқын бөле отырып, мемлекеттік функцияларды сыныптау, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасында аражікті ажырату тәсілдері әзірленетін және енгізілетін болады. Осыны ескере отырып, мемлекеттік органдарға жүйелі негізде функционалдық талдау жүргізілетін болады.
Үкімет мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіру және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің санын оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Әрбір мемлекеттік орган корпоративтік басқару принциптеріне негізделген және әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын айқындайтын стратегиялық даму жоспарын қабылдайтын болады.
Мемлекеттік органдарға көбірек дербестік беру және олардың түпкі нәтижелерге қол жеткізуі үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану жөніндегі бюджеттік рәсімдер жетілдірілетін болады.
Стратегиялық даму жоспары шеңберінде персоналды басқару және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар көзделеді.
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау жөнінде халыққа әлеуметтанушылық сауал қою нәтижелері ескеріле отырып, бағалау және аудит жүйесі әзірленіп, енгізіледі. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі енгізілгенге дейін мемлекеттік органдардың қызметін рейтингтік бағалауды пайдалану мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Мемлекеттік органдардың қызметі туралы жыл сайынғы есептерді, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау және оның аудитінің нәтижелерін міндетті түрде жариялау жолымен мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігі қамтамасыз етілетін болады.
Үкімет мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін олардың жұмысының нәтижелерін бағалауды және уәждемені күшейтуді ескере отырып жетілдіру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Мемлекеттік қызметшінің жалақысы кәсібилігіне және ол орындаған жұмыстың тиімділігіне байланысты болады және жеке меншік сектормен бәсекеге қабілетті деңгейге дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.
Мемлекеттік органдардың әкімшілік регламенттері әзірлене отырып, әкімшілік рәсімдер жөніндегі заңнама жетілдіріледі және мемлекеттік органдардың арасында өзара іс-қимыл жасау тетіктері күшейтіледі. Мемлекеттік органның үлгі регламенті қабылданады, оның негізінде әрбір мемлекеттік орган өз регламентін қабылдайды.
Нәтижелері
Кәсіби, ұтқыр және ықшам мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, олардың жауапкершілігі мен қоғамға есеп беруін қамтамасыз ету.
4.10.2. Ұсынылатын мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын арттыру
Достарыңызбен бөлісу: |