Нәтижелері
2006 жылмен салыстырғанда 2009 жылы мыналар күтіледі:
өңдеуші өнеркәсіпте өнеркәсіп өндірісі көлемінің нақты алғанда
8 – 9 % деңгейінде жыл сайынғы өсуіне қол жеткізу;
өңдеуші өнеркәсіпке жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 1,5 есеге ұлғайту;
шикізаттық емес экспорттың көлемін 1,5 есеге ұлғайту;
өңдеуші өнеркәсіптің негізгі қорларының орташа тозу көрсеткішін кемінде 10 %-ке азайту;
өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігін кемінде 30 %-ке ұлғайту;
ЖІӨ-нің жалпы ғылымды қажетсінуін (ҒЗТКЖ-ға арналған ұлттық шығыстарға қатысты (мемлекеттік және жекеше) ЖІӨ-ге) 0,5 %-ке дейін арттыру;
ҒЗТКЖ-ға арналған ұлттық шығыстарда жеке меншік сектордың үлесін 45 %-ке дейін ұлғайту;
кәсіпкерліктің инновациялық белсенділігін 3 есеге арттыру (патенттердің санын арттыру);
өңдеуші өнеркәсіпте кемінде 5 «серпінді» жобаны іске асыру.
4.5.2. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту
Мақсаты
Агроөнеркәсіптік кешеннің орнықты дамуын оның салалары өнімділігінің өсуі мен кірістілігі негізінде қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекелік артықшылығын дамыту.
Міндеттері
1. Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру.
2. Аграрлық өндірісті әртараптандыруды қамтамасыз ету және оның инфрақұрылымын дамыту.
3. Қазақстандық тауарлардың экспорттық нарықтарға жылжуы үшін негізгі бағыттар мен «тауашаларды» айқындау және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы нақты «серпінді» жобаларды іске асыру.
4. АӨК салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету.
5. Аграрлық ғылым мен инновациялардың рөлін арттыру.
Шешу жолдары
Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік саясат агроөнеркәсіптік кешенді орнықты дамыту жөніндегі 2009 – 2011 жылдарға арналған шаралар кешенін әзірлеуге және ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге бағытталады. Балық шаруашылығын дамыту жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленетін болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді институционалдық қолдауды оңтайландыру үшін «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-ның құрылымдарын функционалдық талдау, тиімділігін бағалау мен бейіндеу жүргізіледі.
Аграрлық өндірісті әртараптандыру және оның инфрақұрылымын дамыту мақсатында:
агроөнеркәсіптік кешен салаларында өңірлерді мамандандыруды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылады;
агроөнеркәсіптік кешен салаларының, ең алдымен, ауыл шаруашылығы құралымдарының өнімділігі мен кірістілігін арттыру жөніндегі шаралар кешені әзірленеді;
республикада ауыл шаруашылығы өнімінің көтерме (коммуналдық) рыноктарын дамыту жалғастырылады;
агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың және оның өнімінің рыноктарын реттеудің мынадай жаңа тетіктері енгізіледі:
Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорының қатысуымен микрокредит ұйымдарын құру;
ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттерге кепілдік беру жүйесін қалыптастыру;
ауылдық округ деңгейінде ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетулермен қамтамасыз ету.
Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және индустрияландыру:
республиканың негізінен астықты белдеуі – Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында экспортқа бағдарланған астықты қайта өңдеуші кластерлерді дамытуда;
республиканың негізінен жеміс-жидекті белдеуі – Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан, көкөніс шикізатын қайта өңдеуші кәсіпорындардың қатысуымен бәсекеге қабілетті жеміс-көкөніс кластерін дамытуда;
Қостанай облысында бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған сүт кластерін дамытуда кластерлік қағидатты іске асыру есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу жөніндегі өндіріс, оның ішінде «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-ның қатысуымен дамиды.
Ауыл шаруашылығы салаларын дамыту басымдықтарын қалыптастыру мақсатында:
шетелдік агроазықтүліктік рыноктардағы экспорттық «тауашаларды» анықтау жөнінде жұмыс жүргізіледі;
агроөнеркәсіптік кешен өнімінің сыртқы нарықтарға жылжытылуы үшін экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру және оны одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданады.
Үкімет астықты және оның қайта өңдеу өнімдерін сыртқы нарықтарға тасымалдауды мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын әзірлейді, сондай-ақ Қара және Каспий теңіздерінің порттарында астық терминалдарын салу мен жарақтандыруды қамтамасыз етеді.
Республикада қайта жаңартылған ресурстардан биоотын шығару жөніндегі өндірістерді, дамыған инфрақұрылымы бар осы заманғы бордақылау алаңдарын құру мен дамытуды ынталандыру мақсатында қажетті шаралар тұжырымдалады, сондай-ақ тиісті жобалар іске асырылады.
АӨК салаларын қазіргі заманғы прогрессивтік энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу негізінде техникалық және технологиялық жаңғырту мынадай жолмен қамтамасыз етіледі:
суармалы жерлерді дамыту және энергия, ылғал және ресурс үнемдеуші технологияларды, ауыл шаруашылығында су пайдалану мен қалдықсыз технологиялардың айналымды және тұйық жүйелерін енгізуді ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу;
ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сыналатын сорттарының сапасын бағалау жөніндегі зертханаларды жарақтандыру;
ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың басым бағыттары бойынша өнідірісті әзірлеу мен ұйымдастыру жөніндегі бас жобалау-конструкторлық бюролар құру мен олардың тиімді жұмыс істеуі жөнінде шаралар әзірлеу.
Аграрлық ғылым мен инновациялардың рөлін арттыру үшін ғылыми зерттеулер негізінде тиімділігі жоғары технологиялар құру жөнінде іс-шаралар іске асырылатын болады
АӨК үшін ғылыми-білім беру кешендерін құру мақсатында салалас жоғары оқу орындарының әлеуетін шоғырландыру қамтамасыз етіледі, сондай-ақ аграрлық бейінді ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарын білікті ғылыми кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде шаралар тұжырымдалады.
ғылыми-өндірістік орталықтардың, тәжірибе шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының базасында «ҚазАгроИнновация» мамандандырылған компаниясы құрылады және «ҚазАгро» ұлттық холдингі» АҚ-ға беріледі.
Нәтижелері
АӨК жалпы өнімінің көлемі 1 гектар егістікке шамамен 300 АҚШ долларын құрайды.
2007 – 2009 жылдары тамақ өнеркәсібі өнімінің өндірісі көлемінің өсу қарқыны жылына шамамен 7 %-ті құрайды.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің энергиямен қамтамасыз етілуі 1 гектар егістікке 178 ат күшін құрайды.
Республиканың машина-трактор паркі жыл сайын 2 %-ке жаңартылады.
Егістік құрылымында жоғары рентабельді дақылдар егістігі 70 %-ке дейін ұлғаяды.
Суғаратын суды тұтынуды үнемдеу 20-30 %-ті құрайды.
4.5.3. Жер қатынастары, геодезия және картография
Мақсаты
Жер қатынастары, геодезия және картография, сондай-ақ жер ресурстарын пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.
Міндеттері
-
Жер учаскелерін, оның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына беру және ресімдеу рәсімінің ашықтығын әрі оңайлатылуын қамтамасыз ете отырып, жерді нарықтық айналымға тарту көлемін ұлғайту.
2. Жер ресурстарын басқару, жер қатынастарын, геодезиялық және картографиялық іс-шараларды реттеу саласында заңнамалық, ғылыми-әдістемелік және нормативтік құқықтық қамтамасыз ету.
3. Халықаралық талаптарға жауап беретін және мемлекеттің қажеттілігін қамтамасыз ететін геодезиялық және картографиялық өнім шығаруды ұлғайту.
Шешу жолдары
Алға қойылған қойылған міндеттерді шешу үшін:
жер заңнамасына нарықтық операциялар үшін қол жетімді жерді арттыру, жер учаскелерін беру тәртібінің ашықтығын және оңайлатылуын қамтамасыз ету бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі;
жер қатынастарын, геодезияны және картографияны реттеу жөнінде ғылыми, әдістемелік, нормативтік-техникалық құжаттама әзірленеді;
жерді қашықтықтан зондтау және жергілікті жерлердің қазіргі жағдайына сәйкес келетін мемлекеттік топографиялық карталардың ауқымды қатарын жаңарту жөнінде жұмыстар жүргізіледі;
елдің геодезиялық және картографиялық өнімдерге мұқтажын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданады.
Нәтижелері
Жер учаскелерін беру мерзімі, оның ішінде шағын бизнес субъектілері үшін он бес күнге дейін қысқартылады, жер учаскелеріне арналған құжаттарды бір айға дейін ресімдеу мерзімі белгіленеді.
Нарықтық айналымға тартылған ауыл шаруашылығы жерінің саны осы санаттағы барлық жердің кемінде бес процент деңгейіне жетеді.
Жер қатынастары, геодезия және картография саласында тұтастай нормативтік құқықтық, ғылыми, әдістемелік, нормативтік-техникалық база жасалады.
Мемлекеттік және басқа да тілдерде мемлекеттік топономикаға сәйкес келетін ауқымды қатардағы мемлекеттік топографиялық карталардың 20 %-ке дейінгісі жаңартылды, тақырыптық, оқу карталары мен атластар жасалды және шығарылды.
4.5.4. Минералдық шикізат кешенін дамыту
Мақсаты
Өндіруші сектор қызметінің тиімділігі мен экономикалық қайтарымын арттыру.
Міндеттері
1. Экономиканың шикізат секторын тиімді басқаруды арттыру.
2. Табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
3. Қазақстанның әлемдік және өңірлік энергетикалық кеңістіктегі ұстанымын нығайту қамтамасыз етілетін болады.
Шешу жолдары
Республиканың минералдық шикізат кешенінің ресурстық базасын одан әрі дамыту және нығайту.
Алға қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
алаңдарды геологиялық және гидрогеологиялық толық зерделеуді жүргізу;
кенді аудандарды геологиялық-минерагеникалық картаға түсіру;
перспективалы учаскелерде іздестіру, іздестіру-бағалау және іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу;
пайдалы қазбалардың кен орындарын, бірінші кезекте, көмірсутегі шикізатын ғарыштық болжау және іздестіру жүйесін құру;
жер қойнауын пайдалану, сондай-ақ жер асты суларының және қауіпті геологиялық процестердің мониторингін жүргізу;
мұнайдың және өзінен-өзі құйылатын гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және тұмшалау;
геологиялық саланың басым бағыттарын ғылыми-техникалық қолдау;
жер қойнауы мен минералдық шикізат ресурстары мағлұматтары бар осы заманғы ақпараттық база құру.
Маңызды тау-кен өнеркәсібі және мұнай-газ өндіретін аудандар бойынша жаңа буындағы геологиялық-картографиялық негіз құрылады, минералдық шикізат кен орындары мен жер асты суларын орналастырудың заңдылығы айқындалады. Халықаралық стандарттарға сәйкес пайдалы қазбалардың қорлары қайта бағаланатын болады.
«Электрондық үкімет» шеңберінде осы заманғы ақпараттық технологиялар базасында жер қойнауын пайдалануды басқару жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады.
«Электрондық үкіметті» дамыту шеңберінде «Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» (ЖП ББМЖ) ақпараттық жүйесін құру жоспарланып отыр, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың басқару және өзара іс-қимыл, жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі келісім-шарттық міндеттемелерді, экология, әлеуметтік сала, білім беру саласындағы міндеттемелерді, қазақстандық кадрлар мен тауар өндірушілерді, жұмыстар мен қызметтер көрсетушілер мен басқаларды тарту жөніндегі міндеттемелерді орындау мониторингі мен оларды бақылау мәселелерін келісуге мүмкіндік береді.
Заңнамалық база жер қойнауын пайдалану құқықтарын беру тәртібін оңайлату бөлігінде оны беру жөніндегі рәсімдерді оңтайландыру жолымен жетілдірілетін болады.
Қазақстанның Өндіруші салалар қызметінің ашықтығы бастамасын (ӨСҚАБ) енгізуі шеңберінде де тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Қазақстанның энергетикалық шикізатты жеткізушілердің әлемдік нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Каспий құбыржол консорциумының мұнай құбырын кеңейтуді, Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалдау жүйесін жасауды, Қазақстан –Қытай құбыржолын (ІІ кезең) салу жобасы жөніндегі жұмысты жалғастыруды көздейтін көмірсутегіні тасымалдаудың мультимодальді экспорттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Газ саласын дамытудың жаңа стратегиясы әзірленетін болады.
Қытайға газ жеткізуді кейіннен және ықтимал кеңейте отырып, Бейнеу – Бозой және Шалқар – Самсоновка газ құбыржолын салу мәселесі қаралады.
Нәтижелері
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2009 жылы алтын қорларының өсімі 20 тоннаны, мыс 245 мың тоннаны, қорғасын 100 мың тоннаны, мырыш 290 мың тоннаны құрайды.
Жер асты суларының пайдалану қорларымен 937 ауылдық елді мекен қамтамасыз етілетін болады.
Мұнай өндірудің өсімі жылына 78 млн. тоннаға дейін және газ 35,7 млрд текше метрге дейін қамтамасыз етіледі, көмірсутегілер бойынша экспорттық әлеует ұлғайтылады. Атасу – Алашонкоу мұнай құбырының өткізу қабілеті кеңейтіле отырып жылына 20 млн. тоннаға жеткізіледі.
4.5.5. Тұрғын үй құрылысының әлеуметтік бағдарланған саясатын іске асыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту
Мақсаты
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және тиімді нарықтық тетіктер негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту
Міндеттері
-
Тұрғын үй құрылысын, оның ішінде жеке меншік құрылысты дамыту.
-
Тұрғын үйді жалға беру секторын дамыту.
3. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту.
4. Тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру.
Шешу жолдары
Үкімет Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының
2008 – 2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасын әзірлейді және Қазақстан Республикасының заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар дайындайды.
Елде жылжымайтын мүліктің бәсекелі және ашық нарығын құру үшін мынадай шаралар көзделетін болады:
жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында әкімшілік және заңнамалық талаптарды оңайлату;
жер учаскелерін ресімдеу жөніндегі рәсімдерді оңайлату және оларды беру ашықтығын қамтамасыз ету;
жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүйесін жетілдіру;
жылжымайтын мүлікті бағалаудың тиімді әдістерін әзірлеу.
Республикалық бюджеттен тұрғын үй салынған аудандарда инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым құрылысына қаражат бөлу жолымен жеке тұрғын үй құрылысы секторын дамытуды ынталандыру саясаты жалғастырылады. Республикалық бюджеттен кредит қаражаты есебінен тұрғын үйлерді одан әрі салу жоспарланады. Астана қаласында бюджет саласының қызметкерлері үшін тұрғын үй салу, оның ішінде тұрғын үй құрылысы жинақтарының жүйесін дамыту арқылы жалғастырылатын болады.
Ипотекалық кредит беруге байланысты қызметтерді көрсететін сақтандыру компанияларын ынталандыру үшін тиісті заңнамалық негіз жасалатын болады.
Үкімет тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту мақсатында:
тұрғын үйді жалға беру (коммуналдық) секторын дамыту және жеке меншік жалдау үйлерін салуды ұйымдастыру үшін жағдай жасауды;
экономикалық өсу полюстерінің маңында құрылатын серіктес қалаларда инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым салуды ынталандыруды;
ипотекалық кредит беру және тұрғын үй құрылысы жинақтарының жүйелерін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар тұжырымдауды ұйғарып отыр.
Қолданыстағы өңірлік бағдарламаларға сәйкес апатты тұрғын үйлерді бұзу жалғастырылатын болады.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мақсатында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жөндеу және тұрмысы төмен азаматтарға берілетін тұрғын үй жәрдемақылары жүйесін жетілдіру мәселесі зерделенетін болады.
Үкімет құрылыс сапасын мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Құрылыс индустриясын дамытуды ынталандыратын негізгі шаралар, оны мемлекеттік қолдаудың, оның ішінде бәсекеге қабілетті құрылыс материалдарының, бұйымдары мен конструкцияларының жаңа өндірістерін құруды ынталандыру жөніндегі нысандары мен әдістері де айқындалатын болады.
Нәтижелері
2007 – 2010 жылдары жалпы алаңы кемінде 33,8 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.
Әкімдіктерде коммуналдық (жалға алу) тұрғын үйін алуға кезекте тұрған 14,0 мыңнан астам отбасы және бұзуға жататын апатты тұрғын үйлерде тұрып жатқан 5,0 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың
2008 – 2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы шеңберінде салынған тұрғын үйлерді сатып алуға ипотекалық кредит беру жөніндегі ставка кемінде 10 %-тен төмендейтін деңгейге дейін азайтылатын болады.
Құрылыс индустриясына прогрессивті технологияларды енгізу есебінен өндірістің материалды қажетсінуі, энергияны қажетсінуі және еңбекті қажетсінуі 25 – 30 %-ке төмендетілетін болады.
2010 жылға қарай ішкі нарық қажеттілігінің шамамен 70 %-ін құрылыс материалдарының, бұйымдардың және конструкциялардың отандық өндірісі қамтамасыз ететін болады.
4.6. Техникалық реттеудің жаңа моделіне көшу
Мақсаты
Адамның өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін өнім мен процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ саудадағы техникалық кедергілерді жою.
Міндеттері
1. Техникалық реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру.
2. Техникалық регламенттерде ең аз қажетті талаптарды белгілеу жолымен әкімшілік кедергілерді жою.
3. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнім туралы ақпарат жинау және алмасу жүйесін жасау.
4. Мемлекеттік стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру, техникалық регламенттерді әзірлеу үшін айғақтау базасын құру.
5. Аккредиттеу және сәйкестікті растау жөніндегі жұмыстарды дамыту және жетілдіру үшін жағдай жасау.
6. Сәйкестікті растау жөніндегі отандық органдар мен зертханаларды халықаралық деңгейде тану.
7. Отандық кәсіпорындарды халықаралық менеджмент жүйесінің стандарттарына өту үшін ынталандыру және оларға жағдай жасау.
8. Экономика салаларының қажеттілігін метрологиялық қамтамасыз ету үшін эталон базасын жетілдіру.
9. Техникалық реттеу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен стандарттау және аккредиттеу жөніндегі функциялардың ара жігін ажырату.
10. Техникалық реттеу және өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау.
Шешу жолдары
Қойылған міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:
қажетті заңнамалық актілерді әзірлеу және қабылдау;
мемлекеттік органдардың техникалық регламенттердің қабылдануымен жойылуға жататын ведомстволық құжаттарды айқындау мақсатында заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге және өзге де нормативтік құжаттарға талдау жүргізуі;
техникалық регламенттерді әзірлеу және қабылдау;
техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін ықтимал қауіпті өнімнің есебін жүргізу;
өнімнің өмірлік кезеңінің барлық сатыларында қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша оны қадағалау жөніндегі функциялардың аражігін ажырату;
анықталған тәртіп бұзушылықтар үшін жазаның қайтымсыздығы мен шамалас болуын қамтамасыз ету;
аумақтық бақылау органдарын, оның ішінде жедел талдаулар жүргізу үшін арнайы жабдықпен қамтамасыз ету;
мемлекеттік метрологиялық қадағалау саласын қысқарту;
техникалық регламенттердің талаптарын орындауда айғақтау базасы ретінде қызмет ететін үйлестірілген стандарттар әзірлеу;
республикада стандарттау жөніндегі жаңа техникалық комитеттер құру және олардың Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO), Халықаралық электротехникалық комиссия (IEC) мен Еуропалық стандарттау комитеті (CEH) халықаралық техникалық комитеттерінің жұмысына қатысуын қамтамасыз ету;
қажетті халықаралық стандарттарды сатып алу және оларды түпнұсқа тілінен, оның ішінде материалдық, табиғи және энергетикалық ресурстарды үнемдеу, телекоммуникация мен инфрақұрылым мәселелеріне байланысты, әсіресе, шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды қазақ және орыс тілдеріне аудару жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты кәсіпорны базасында стандарттау жөнінде ұлттық орган құру;
салалық мемлекеттік органдарда стандарттау қызметтерін құру;
техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты кәсіпорны базасында сәйкестікті растау органдарын аккредиттеу жөніндегі ұлттық орган мен зертханалар құру;
мемлекеттік органдардың сынақ зертханаларын (орталықтарын) құру жөнінде шаралар қабылдау және жұмыс істеп тұрған сынақ зертханаларының (орталықтарының) жұмысын жетілдіру;
шекара маңы сауда орталықтарын салу шеңберінде, сондай-ақ бейінді емес мемлекеттік активтерді бәсекелі ортаға беру есебінен өнім жөніндегі сынақ зертханаларын құру;
аккредиттелген ұйымдар, оның ішінде интеграциялық бірлестіктер шеңберінде беретін аккредиттеу, сертификаттар мен хаттамалар жүйелерінің баламалығы жөніндегі көп жақты және екі жақты келісімдер жасасу жөнінде шаралар қабылдау (қазақстандық экспортты жылжыту үшін «жасыл дәліз» құру);
ұлттық эталон базасын жетілдіру, оның шетелдік ұқсас желілерге сәйкес келуіне қол жеткізу;
жаңа материалдар, биотехнология, ядролық технологиялар мен жаңартылатын энергия көздері технологиялары, көмірсутегі және тау-кен-металлургия секторларына арналған технологиялар және оларға байланысты сервистік салалар, сондай-ақ ақпараттық және ғарыш технологиялары саласындағы жоғары технологиялы өлшеу, сынау жабдығы құралдары мен эталондарын жаңғырту және олармен жарақтандыру жөнінде талдау жүргізу;
өлшеу құралдарын сынаудың мемлекеттік орталығын құру;
кәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау менеджменті, экологиялық менеджмент жүйелеріне және тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менеджменті жүйелеріне арналған стандарттарды енгізуді нормативтік және әдістемелік қамтамасыз ету;
өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында менеджмент жүйелерін жедел енгізу үшін халықаралық сарапшыларды тарту;
менеджмент жүйелерін енгізетін және халықаралық стандарттар бойынша өнім шығаратын кәсіпорындарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының және «Алтын сапа» республикалық көрме-конкурсының лауреат кәсіпорындарын ынталандырудың экономикалық және қаржылық тетіктерін әзірлеу;
техникалық регламенттерді, стандарттарды әзірлеуді, зертханалар құруды, даму институттарының қызметі шеңберінде жаңа өндірістер ашу кезінде менеджмент жүйелерін енгізуді қамтамасыз ету;
халықаралық деңгейдегі сарапшы аудиторларды даярлау және біліктілігін арттыру;
бұқаралық ақпарат құралдарында техникалық реттеудің халықаралық моделіне көшу идеясын кеңінен жария ету.
Нәтижелері
Кемінде 100 техникалық регламент қабылдау.
Өнім қауіпсіздігі мен нарықты қорғау деңгейін және отандық өнімнің шетелдік нарықтарда бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Өнімге және процестерге қойылатын талаптарды белгілеуде ведомстволық нормалауды және мемлекеттік органдардың функцияларды қайталауын болдырмау.
Ұлттық стандарттарды халықаралық талаптармен үйлестіру деңгейін
65 %-ке дейін жеткізу.
Жұмысына Қазақстан қатысатын халықаралық техникалық комитеттердің санын 14-ке дейін арттыру.
«Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау.
Сәйкестікті растау жөніндегі кемінде 10 орган мен зертханаларды аккредиттеу.
Сәйкестікті растау мен аккредиттеу нәтижелерінің шет елде мойындалуы.
Ұлттық аккредиттеу жүйесін жетілдіру.
Сәйкестікті растау рәсімдерін қысқарту немесе қайталама рәсімді болдырмау есебінен өнімнің өзіндік құнын төмендету.
Менеджмент жүйелерін енгізген кәсіпорындардың саны 1500-ге дейін артады.
Өлшеу құралдарын сынаудың мемлекеттік орталығын құру.
Метрология саласында бәсекелі ортаны дамыту және жекелеген қызметтер нарығын дамыту.
Техникалық реттеу мен өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тиімді ұйымдық құрылымы.
Достарыңызбен бөлісу: |