Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 – 2009 жылдарға арналған бағдарламасы



бет3/7
Дата17.07.2016
өлшемі1.06 Mb.
#206232
1   2   3   4   5   6   7

4.3.3. Ғылымды дамыту

Мақсаты

Жаңа білімдерді тиімді дамыту мен пайдалануды қамтамасыз ететін бәсекеге қабілетті ұлттық инновациялық жүйенің негіздерін құру.



Міндеттері

1. Ғылыми және инновациялық қызмет үшін қазіргі заманғы инфрақұрылымды дамыту.

2. Академиялық ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары ықпалдастығын қамтамасыз ету.

3. Ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың тиімді жүйесін құру.

4. Ғылыми-зерттеуді және конструкторлық қызметті жүргізуде жеке меншік сектор үшін ынталандырулар туғызу.

5. Ғылыми кадрларды даярлау сапасын арттыру және қазақстандық ғылымның әлемдік ғылымға кірігуі үшін жағдайлар жасау.

6. Ғылыми қызметкерлердің жалақысының деңгейін арттыру.

Шешу жолдары

Мемлекет Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындайтын басым бағыттар бойынша болашақ инновациялық экономиканы құру үшін негіз болатын іргелі және қолданбалы зерттеулерге қаражат бөлетін болады.

Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді қаржыландырудың гранттық жүйесі дамиды.

Шетелдік үздік ғалымдарды тарта отырып, жобалар мен ғылыми-техникалық бағдарламаларға тәуелсіз сараптама жасау ғылыми жобаларды іріктеу мен бағалау жүйесінің маңызды буынына айналады.

Инновациялық қызметті қаржыландырудың қосымша нысандары, оның ішінде «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы арқылы және жеке меншік бизнес қаражатын тарту есебінен кеңейтіледі.

Үкімет қолданбалы ғылымды қаржыландыру саласындағы озық тәжірибе мен білімді енгізу, әлемдік деңгейдегі күрделі ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді дамыту саласындағы қазіргі заманғы басқару әдістерін еншілеу жөнінде нысаналы бағытта жұмыс жүргізетін болады.

Қабылданған халықаралық практикаға сәйкес білімді молықтыру және отандық кадрлар даярлау жүйесі болатын университеттік ғылым құрылатын болады. Жоғары оқу орындарының жанынан ғылымды дамытудың
5 басымдығы бойынша инженерлік бейінді 15 зертхана ашылатын болады.

Мынадай бағыттар: нанотехнология, биотехнология, ядролық технологиялар, көмірсутек және тау-кен металлургия өнеркәсібіне арналған жаңа технологиялар, сондай-ақ ғарыштық технологиялар бойынша барлық ғалымдар мен ғылыми ұжымдар және жеке меншік сектор үшін ашық қолжетімді 5 ұлттық зертхана құрылатын болады.

Ұлттық ғылыми зертханалардың қызметі мемлекеттік саясат пен жекеше бастама үшін бағдар ретінде ғылыми және ғылыми-техникалық дамудың белгілі бір мемлекеттік басымдықтары шеңберінде халықаралық стандарттар негізінде жүзеге асырылатын болады.

2009 жылы ұлттық ғылыми зертханалардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің халықаралық стандарттарына көшуі қамтамасыз етілетін болады (Good Laboratory Practice – тиісті зертханалық практика, Good Scientific


Practice – тиісті ғылыми практика).

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілетін болады.

Ғылыми әлеуетті барынша пайдалану мақсатында академиялық ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының кірігуін күшейтуге бағытталған құрылымдық реформалар жүргізілетін болады.

Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін инновациялық-білім беру консорциумдарын құруды қолдау жүзеге асырылатын болады.

Ұлттық компаниялармен бірлесіп, олардың негізгі қызметіне байланысты болжамды перспективалық проблемаларды шешуге бағытталған арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар әзірленетін болады.

Жоғары ғылыми-техникалық комиссия жанынан халықаралық сараптамалық кеңес құрылатын болады, оның негізгі міндеттері ғылымды дамытудың әлемдік трендтерін талдау және отандық ғылыми-техникалық әлеуетке сараптама жүргізу болады.

Шетелдік ғалымдарды, ұйымдар мен халықаралық бағдарламаларды, оның ішінде шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін қатыстыра отырып, қазақстандық ғылыми жобаларды іске асыру ұйғарылып отыр.

Ғылым саласының қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.



Нәтижелері

2009 жылға қарай ұжымдық пайдаланудағы 5 ұлттық ғылыми зертхана және басым ғылыми бағыттар бойынша жоғары оқу орындары жанындағы инженерлік бейінді 15 зертхана жарақтандырылатын болады, сондай-ақ олардың стратегиялық даму жоспарлары әзірленеді.

2008 – 2009 жылдары шетелдік жетекші ғылыми орталықтарда
100 қазақстандық ғалым үшін қысқа мерзімді тағылымдамалар ұйымдастырылатын болады.

2008 – 2009 жылдары ұлттық компаниялармен бірлесіп бес басым бағыт бойынша арнайы ғылыми-техникалық бағдарламалар, сондай-ақ шетелдік ғалымдарды, ұйымдарды қатыстыра отырып, шамамен 10 қазақстандық ғылыми жоба және халықаралық бағдарламалар мен жобалар, оның ішінде шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін қатыстыра отырып, іске асырылатын болады.


4.3.4. Медициналық қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз ету

Мақсаты

Денсаулық сақтаудың қолжетімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру.



Міндеттері

1. Денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін енгізу.

2. Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру.

3. Денсаулық сақтаудың әлеуметтік мәні бар проблемаларын шешу.

4. Медициналық, фармацевтикалық білімнің және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру.
Шешу жолдары

Денсаулық сақтауды басқарудың жаңа моделін құру жөніндегі міндеттерді шешу үшін мыналар көзделеді:

ерікті медициналық сақтандыру жүйесін және бәсекеге қабілетті жеке меншік секторды одан әрі дамыта отырып, денсаулық сақтаудың бюджеттік моделін қалыптастыру;

денсаулық сақтау органдары мен ұйымдары қызметінің түпкі нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерін әзірлеу және енгізу;

саланы барлық деңгейдегі білікті басқарушы кадрлармен қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау менеджерлерін даярлау жүйесін құру, осы мамандарды даярлау, оның ішінде шетелде даярлау қажеттілігі мен кезеңділігін айқындау;

денсаулық сақтау ұйымдарына шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін беру және өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарға ауыстыру жолымен олардың дербестігін кезең-кезеңімен арттыру, сондай-ақ қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізу;

түпкі нәтижеге бағдарланған еңбекақы төлеудің сараланған жүйесін одан әрі жетілдіру;

саланы басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс әзірлеу;

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтаудың біртұтас ақпараттық жүйесін құру» жобасын іске асыру, осы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне, оның ішінде пациенттердің электрондық медициналық картотекасын құру бөлігінде қажетті өзгерістер енгізу.

Үкімет сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы бюджет қаражатын орталықтандыру, оларды өңірлік коэффициенттерді ескере отырып, жан басына шағу принципі негізінде бөлу, медициналық көмек көрсету, мемлекеттік денсаулық сақтау объектілерінің жұмыс істеуі үшін жауапкершілікті министрлік пен жергілікті атқарушы органдар арасында бөле отырып, денсаулық сақтауды басқарудың бірыңғай құрылымын құру мәселелерін пысықтайтын болады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін және оның сапасын арттыру үшін мыналар көзделеді:

бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының желісін мемлекеттік нормативке сәйкес келтіру және пайдалану үшін жарамсыздарының және ыңғайластырылған үй-жайларда орналасқандарының орнына үлгі объектілер, оның ішінде ауылда салу, дәрігерлерге арналған тұрғын үй салу;

аурухана секторын халықаралық тәжірибені ескере отырып, көп бейінді және мамандандырылған ұйымдарды нормалау, типтендіру және біріктіру жолымен қайта құрылымдау. Көп бейінді стационарларды дамыту инвестициялық саясаттың басымдығы болып айқындалады. Бұл ретте уақтылы жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетулерге қабілетті жаңа объектілерді салу және пайдалануға беру қазіргі объектілерді ауыстыра және тиімсіз жұмыс істейтін төсектік қорды қысқарта отырып жүзеге асырылатын болады;

2008 – 2010 жылдар аралығында, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін пайдалана отырып, оларға аса мұқтаж өңірлерде


100 денсаулық сақтау объектісін салу;

медициналық қызмет көрсетулердің сапасын арттырудың орнықты жүйесін қалыптастыру үшін медициналық ұйымдарды кезең-кезеңімен тәуелсіз аккредиттеуді енгізу;

тәуелсіз сараптама жүйесін дамыту жолымен тұтынушылар үшін медициналық ұйымдар қызметінің ашықтығын арттыру;

медициналық қызметтерді қоса алғанда, салада пайдаланылатын рәсімдерді одан әрі стандарттау, сондай-ақ оларды бақылау тетіктерін енгізу;

үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, дәрілік препараттардың қолжетімділігін, тиімділігін, қауіпсіздігін және сапасын арттыруға бағытталған дәрілік қамтамасыз етудің жаңа моделін әзірлеу және енгізу.

Денсаулық сақтаудың әлеуметтік мәні бар проблемаларын шешу үшін:

ұйымдық құрылымын жетілдіріп, қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын сырқаттар мен мүгедектердің ауруларының алдын алудың, ерте диагностикалаудың, емдеудің және медициналық оңалтудың тиімді әдістерін енгізіп, ұйымдық құрылымдарды жетілдіре, кардиохирургиялық бейіндегі мамандарды даярлап және олардың біліктілігін арттыра отырып, кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту;

инфекцияның таралуын тиімді эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз ете, індетке қарсы іс-шараларды күшейте, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туберкулезге қарсы сатып алынатын препараттардың сапасын жақсарта, жұқпалы шағын түйіршікті нысандарымен ауыратын созылмалы сырқаттарды емдеу жөніндегі оңтайлы схемалар мен ұйымдық қағидаттарды әзірлей отырып, халықты туберкулезден қорғау;

трансфузиялық көмектің қауіпсіздігін, сапасын және қолжетімділігін қамтамасыз ету, АҚТҚ/ЖҚТБ-мен аурудың өсу қарқынын төмендету үшін Қазақстан Республикасында қан қызметін жетілдіру;

әлемде сынақтан табысты өткен нақты принциптер мен іс-шараларды жүйелендіре, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі туу және өлі туу өлшемдеріне көшуді жүзеге асыра және медициналық-статистикалық көрсеткіштер деректерінің болжамды өсуіне байланысты әкімшілік шаралар қабылдауға уақытша мораторий жариялай отырып, ана мен бала өлімін азайту;

халықтың медициналық және санитарлық сауаттылық деңгейін, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бастапқы медициналық-санитарлық көмекпен өзара іс-қимылын арттыру, ауыз судың сапасын бақылауды күшейту, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде алдын алу іс-шараларын өткізу, барлық білім беру ұйымдарында медициналық пункттер желісін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру көзделеді.

Медициналық, фармацевтикалық білімнің және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру үшін мыналар көзделеді:

медициналық және фармацевтикалық білім беруді реформалау тұжырымдамасын іске асыру;

халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген жоғары әрі орта медициналық және фармацевтикалық білім берудің мемлекеттік жаңа стандарттарын енгізу;

үздіксіз кәсіптік білім беру және медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру үшін халықаралық тәжірибе негізінде сертификаттау тетіктерін енгізу;

халықаралық талаптарға сәйкес медициналық жоғары оқу орындарын ұлттық аккредиттеу жүйесін енгізу;

танылған шетелдік агенттіктердің медициналық жоғары оқу орындарын халықаралық аккредиттеуді жүргізуі үшін жағдай жасау;

қажеттілікті ескере отырып, мамандардың ауылдық жерлерде одан әрі жұмыс істеуі жағдайында оларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде квота белгілеу;

медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру үшін дәрігерлердің білімін бағалау жүйесін ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;

ғылыми зерттеулер жүргізудің халықаралық стандарттарын енгізуді көздейтін медицина ғылымын реформалау тұжырымдамасын әзірлеу, практикалық денсаулық сақтау сұраныстарын негізге ала отырып, медициналық зерттеулердің негізгі бағыттарын қалыптастыру;

Астана қаласында құрылатын медициналық кластер базасында практикалық денсаулық сақтауға жаңа ғылыми, білім беру және басқару технологияларының трансфертін жүзеге асыру.

Нәтижелері

Медициналық көмек сапасының индикаторларын қоса алғанда, медициналық ұйымдар қызметінің көрсеткіштерін жақсарту.

Денсаулық сақтау қызмет көрсетулерінің қолжетімділік деңгейі мен олардың сапасының өсуі, оларды әлемнің дамыған елдерінде қабылданған стандарттарға кезең-кезеңімен жақындатуға қол жеткізу.

Ана мен бала өлімінің көрсеткіштерін (қазіргі есептеу әдістемесіне орай), туберкулезбен сырқаттануды және одан қайтыс болуды азайту, басқа да әлеуметтік мәні бар аурулар бойынша ахуалды тұрақтандыру.

Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждер түлектерінің білім деңгейін және оларды клиникалық даярлау сапасын арттыру.
4.3.5. Халықты әлеуметтік қолдау, еңбек қатынастары және көші-қон

Мақсаты

Өңірлік және салалық аспектілерін ескере отырып атаулы әлеуметтік көмек саясатын жетілдіру және еңбек қатынастарын дамыту.


Міндеттері

1. Халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесін дамыту.

2. Нарықтық қатынастарға негізделген атаулы әлеуметтік көмек көрсету (тұрмысы төмен азаматтарға, оның ішінде әйелдер мен жастарға), ана мен баланы әлеуметтік қорғау жүйесін нығайту жөніндегі қағидаттарды жетілдіру.

3. Өңірлік және салалық аспектілерін ескере отырып халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және еңбек көші-қонын үйлестіру.

4. Әлеуметтік әріптестік негізінде әлеуметтік диалогты нығайту және ұжымдық келіссөздер жүйесін одан әрі дамыту. Бюджет саласында еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру.

5. Ерлер мен әйелдердің қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерін іске асыру үшін жағдайлар жасау.



Шешу жолдары

Мемлекеттік бюджеттен берілетін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері арттырылатын болады, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін индекстеу тұтыну бағасы индексінің болжанатын өсімін 2 проценттік пунктке арттыра отырып, жүзеге асырылады.

Зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының өрісін кеңейту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Жинақтаушы зейнетақы қорларынан зейнетақы төлемдерін төлеу жүйесі жетілдіріледі, зейнетақы жинақтауларын сақтау және қартайған шақта олардың жеткіліктілігі жөніндегі мемлекет кепілдіктерінің тетігі әзірленеді.

Халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен және міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту жөніндегі жұмыс жандандырылатын болады.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында әлеуметтік диалогтың рөлі артады және жұмыс берушілердің зиянды өндірісте жұмыс істейтін қызметкерлердің пайдасына ерікті, кәсіптік аударымдарды жүзеге асыруы үшін шарттық әлеует пайдаланылады.

Әлеуметтік диалогты одан әрі нығайту, ұжымдық шарттар жүйесін, атқарушы билік органдарының өкілдері, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар және өзге де уәкілетті қызметкерлер, барлық деңгейдегі адамдар мен ұйымдар арасындағы өзара сындарлы қарым-қатынастарды дамыту Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жобасында қамтылған жаңа қағидаттардың негізінде жүзеге асырылатын болады.

Халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында:

1998 жылғы 1 қаңтарға зиянды және ауыр еңбек жағдайларында еңбек өтілін жинақтаған адамдарға қосымша жәрдемақылар енгізіледі;

балалы отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылады;

жүктілігі бойынша демалыста және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын әлеуметтік төлемдерден зейнетақы жарналарын аударуды жалғастыра отырып, жұмыс істейтін әйелдер үшін жүктілікті, бала тууды және ана болуды міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізіледі;

әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы күшейтіледі;

тұрмысы төмен халықтың жұмыссыз бөлігі арасында жұмыспен қамтудың белсенді нысандары пайдаланылады;

мүгедектерді, оның ішінде сапалы әлеуметтік қызмет көрсетулер жолымен, қолдау қамтамасыз етіледі.

Орнықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар жаңа жұмыс орындарын құру және жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру жөнінде шаралар қабылдайтын болады.

Еңбек нарығында отандық мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еңбек көші-қонын реттеу мақсатында:

ұлттық еңбек нарығының мүдделерін ескере отырып, өңірлік аспектіде шетелдік жұмыс күшін пайдалану проблемаларын кешенді шешуге бағытталған көші-қон саясатын жетілдіру;

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жағдайында ішкі еңбек нарығын қорғауға және Қазақстан мен Орталық Азия өңірі елдерінің арасында білікті жұмыс күшінің басқарылатын қозғалысына бағытталған тетіктерді қалыптастыру;

жергілікті мамандарды кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға айрықша ден қоя отырып, шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен ауыстыру жөніндегі саясатты жүргізу;

еңбек нарығының өңірлік және салалық қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыссыздарды кәсіптік даярлаудың және қайта даярлаудың икемді жүйесін құру;

кәсіптік даярлыққа және біліктілігін арттыруға жіберу кезінде әйелдер мен жастарға басым құқық беру жөнінде жұмыс жүргізілетін болады.

Жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын сақтауын бақылауды күшейту жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Мемлекеттік әлеуметтік стандарттарды халықаралыққа кезең-кезеңімен жақындатуға сәйкес жұмыс күшінің қарапайым молықтырылуын қамтамасыз ететін жалақының ең төменгі мөлшері белгіленетін болады.

Бюджет саласы қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады, мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын және қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру жәрдемақылары енгізіледі.

Республика ұйымдарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында еңбекті қорғауды басқару жүйесінің халықаралық стандарттарын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Республика ұйымдарында өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі ескерту, алдын алу шаралары, сондай-ақ қауіпсіздік нормаларын сақтауды мемлекеттік және ведомстволық бақылау күшейтіледі.

Отбасының жағдайын жақсарту, ерлер мен әйелдердің некедегі құқықтары мен мүмкіндіктеріне кепілдіктердің сақталуы мақсатында Қазақстанда неке мен отбасының беделін арттыру жөніндегі іс-шаралар кешені әзірленетін болады.

Гендерлік саясатты одан әрі институционалдық дамыту мәселесі пысықталатын болады.

Халықты гендерлік мәселелер бойынша ақпараттық ағарту ісі және білім беру жүйесіне гендерлік білімді енгізу жалғастырылады.

Дағдарыс орталықтарын дамыту, сенім телефондарын, зорлық-зомбылық құрбандарына арналған уақытша баспана мен панажай желісін құру үшін шаралар әзірленетін болады.



Нәтижелері

2008 жылы шамамен жарты миллионға жуық зейнеткерге зейнетақы мөлшері және бір жарым миллионнан астам алушыларға базалық зейнетақы мөлшері 35 процентке арттырылатын болады.

Бала тууына байланысты және бала бір жасқа толғанға дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар ұлғайтылатын болады. Халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамту кеңейтілетін болады және демографиялық ахуал жақсартылады.

Отбасындағы зорлық-зомбылық проблемаларын шешу үшін жағдай жасалатын болады.


4.3.6. Жастардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау мен дамыту

Мақсаты

Жастардың жан-жақты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық және ұйымдық жағдай жасау.



Міндеттері

1. Жастардың экономикалық белсенділігін дамытуға жәрдемдесу.

2. Жас ұрпақтың азаматтық өзіндік сана-сезімін дамыту.

3. Жастардың әлеуметтік мәні бар бастамаларын іске асыру.



Шешу жолдары

Жастардың жан-жақты дамуы үшін жағдайлар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету мақсатында:

жастар саясатын іске асыру саласындағы стандарттарды кейіннен тұжырымдай отырып, жастар үшін әлеуметтік қызмет көрсетулер ұсынудың өлшемдері мен индикаторлары әзірленеді;

жас отбасыларды тұрғын үймен басым қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде шаралар көзделеді;

жұмысшы мамандықтарды танымал ету және насихаттау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрақты жүргізіледі;

әрбір салада жастар үшін әлеуметтік қызметтер жұмысын дамыту қамтамасыз етіледі;

жастардың экономикалық бастамалары іске асырылады;

«Жасыл ел» ұлттық жобасын іске асыру жалғастырылады және жастарды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тартуға бағытталған жаңа жобалар әзірленеді;

азаматтық өзіндік сана-сезімді қалыптастыру, өз елімен ұштастыру мен сәйкестендіру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру бойынша жұмыс жалғастырылады;

жүйелі негізде табысты жас қазақстандықтың имиджін қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.



Нәтижелері

2009 жылы жастар үшін әлеуметтік қызмет көрсетулердің бірыңғай стандарты бектілетін болады.

Қолданыстағы заңнамаға жас отбасыларды тұрғын үймен басым қамтамасыз ету, өзара еңбек қатынастарын және кәсіпкерлікті дамыту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Жұмысшы мамандықтарын танымал ету және оны насихаттау жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізудің нәтижесі жастардың кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін дамыту мен оның мүмкіндіктері туралы хабардарлығын арттыру болады.

2009 жылы әрбір облыста облыс деңгейінде кемінде – екі және аудан деңгейінде бір жастарға арналған әлеуметтік қызметтер жұмыс істейтін болады.

Жыл сайын әрбір өңірде жастардың кемінде бір бизнес-жобасы іске асырылады.

Жастар ұйымдарының кемінде 60 % қызметі жастарға патриоттық тәрбие беруге жұмылдырылатын болады.

4.3.7. Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру және мәдениет саласын дамыту

Мақсаты

Ұлттың мәдени және рухани әлеуетінің өсуін қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің рөлін нығайту, ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау.



Міндеттері

1. Қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың факторы ретінде мемлекеттік тілдің, сондай-ақ орыс және ағылшын тілдерінің рөлін арттыру.

2. Қазақстандық мәдениет пен өнерді дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау.

3. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту.

4. Мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру.

5. Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі тетігін жетілдіру.



Шешу жолдары

Мемлекеттік тілдің нақты мәртебесін қамтамасыз ету үшін:

сараланған инновациялық-технологиялық әдістемелерді пайдалана отырып, мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру;

мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;

тіл туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Бұдан басқа, орыс және ағылшын тілдерін одан әрі дамыту жөнінде шаралар қабылданады.

Қазақстандық мәдениет пен өнерді дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау үшін:

Қазақстан халықтарын рухани дамыту қорын құру туралы мәселе зерделенеді;

мәдениет саласын жаңғырту, инновациялық менеджментті енгізу, орталықта және жергілікті жерлерде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру жөніндегі шаралар жүйесі іске асырылады;

отандық мәдениет пен өнерді елде және шетелде одан әрі танымал ету жөнінде шаралар қабылданады;

елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен тиімді пайдалану жөніндегі, оның ішінде тиісті заңнамалық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

Тұтастай алғанда шаралар маңызды халықаралық мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталықтарының бірі ретінде Қазақстанның рөлін арттыруға бағытталатын болады.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жаңғыртылуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін олардың технологиялық базасын нығайтуға, ұсынылатын қызмет көрсетулердің сапасы мен жеделдігін жақсартуға бағытталған шаралар кешені кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.

Діни сенім бостандығын қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты одан әрі іске асыру үшін мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіру жөніндегі шаралар жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың әріптестігі тетігін одан әрі нығайту үшін:

мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру практикасы жалғастырылады;

үкіметтік емес ұйымдармен диалог тетіктерін одан әрі нығайту және дамыту үшін жағдай жасалады;

азаматтық қоғам институттарын дамытудың нормативтік құқықтық базасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады;

қазақстандық патриотизм идеяларын насихаттау негізінде этникааралық келісімді одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар кешені әзірленеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет