басқармасының төрайымы.
* * *
… Терминдерді қазақшалаудың мынадай талаптары болуы керек:
-
салаға аса қажетті терминді ғана қазақшаға аудару (бұл тілдің шұбарлануына жол бермейді);
-
терминді аудару жөнінде нақты тапсырыстың болуы және оған сала мамандарының бастан-аяқ қатысуы (айталық, Әділет министрлігі, прокуратура, Парламент аппараты, т.б.);
-
қазақшаға аударылған терминдер жобасының арнайы басылым беттерінде жария етілуі (мәселен, бұған «Ана тілі» немесе «Терминологиялық жаршы» газеті (дұрысы «Терминологиялық хабаршы» бюллетені болар – Д.Д.) таңдалынуы мүмкін);
4) терминнің нақты түсіндірмесінің жариялануы;
5) әрбір ұсынылған балама сөздің авторы, баламаның қазақ тілінің заңдылығына сәйкестігі мен терминнің баламасы болуға жарайтындығына қажетті дәйектің болуы;
6) балама сөздердің көпшілік ортада жан-жақты талқылануы;
7) Терминкомның ең жарамды деген нұсқаны тапсырыс жасаушының құптауымен сынақ мерзіміне (3 ай) жөнелтуі;
8) сынақ мерзімінде айтарлықтай дәлелді қарсылық жоқ болған жағдайда баламаны тапсырыс жасаушымен бірге бекіту;
9) бекітілген баламаны арнайы терминологиялық сөздікке енгізу.
«Евразия» газеті, 02.09.05.
* * *
Знание казахского языка дает мне огромные привилегии, открывает передо мной все двери. Я разговариваю на равных со всеми, это – настоящее богатство.
Татьяна Бурмистрова,
әнші.
Әне, әйтпесе!
Намыстан жарыл, қазақ!..
Қостанай мемлекеттік университеті практикалық қазақ тілі пәнінің оқытушысы Анна Носкова «Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріндегі анафора мен эпифораның қолданылуы» деген тақырыпта қазақша диссертация қорғап шықты.
Анна 1980 жылы Ресейдің Свердлов қаласында дүниеге келген. Ұлты – орыс.
«Астана хабары»
(04.06.05).
* * *
Нормативтік құқықтық құжаттарды өздері әзірлеп жүрген қызметкерлерге министрліктің 2004 жылғы 1 қазандағы № 308-к бұйрығымен жалақының 10%-ынан 30%-ына дейін үстемеақы төленеді (Орталық аппарат бойынша 11 адамға, комитеттер бойынша 8 адамға).
Иван Кравченко,
ҚР Индустрия және
сауда министрінің бірінші орынбасары.
* * *
... Түбі бәріміз қазақша сөйлейміз.
Александр Юн,
«Қазақмыс» корпорациясы бас
басқарушысының бірінші орынбасары.
* * *
… Сыртқы істер министрлігіндегі оң тәжірибелер басқаларға үлгі етуге тұрарлық. … Министрлік жылына екі рет қызметкерлердің мемлекеттік тілді игеру мүмкіндіктерін байқау мақсатымен аттестация өткізеді. Сондықтан қызметкерлердің біразы екі аттестация аралығында қазақшаны үйренуге тырысады. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің қызмет бабындағы құжаттары өте сапалы әзірленеді.
«Егемен Қазақстан»,
07.06.05.
* * *
Қаладағы қазақтардың бәрінің кіндігі Қосағашқа байланған. Нәріміз де, әріміз де сонда. Менің Нұрсұлтан деген ұлым осындағы орыс мектебінде оқиды. Алайда жылда жазғы демалысында Қосағаштағы ата-апасына апарып тастаймын. Тілді, салт-дәстүрін ұмытпау үшін.
Асқар Зиянұров,
Алтай Республикасы, Ресей.
* * *
Адамның ниеті болса, тілді үйрену қиын емес. Сондықтан тіл мәселесін бұл жерде проблемаға айналдырудың қажеті жоқ. Біз қайта елде жетекші ұлтқа айналып отырған қазақ халқына рахмет айтуымыз қажет.
Абу-Қасым Хожалиев,
«Вайнах» шешен-ингуш
мәдени орталығының төрағасы.
* * *
… Қазақшаны меңгергеніме қуаныштымын. Тек бір өкінішім – Қазақстанның орыс тіліне әлі де тәуелді екендігі. Өзім орысша білмеймін. Бірақ, амал жоқ, кейде дүкенге кіру үшін, көшеде жөн сұрау үшін орысша білмесең болмайды екен.
… Қазақстандағы барлық ұлт қазақша сөйлеуі керек дегенді мен үнемі айтып жүремін. Қазақстанға келетін болғандықтан, орыс тілін емес, қазақ тілін үйрендім. Мен неге бір елге келіп, басқа елдің тілін үйренуге тиіспін? Олай болмайды ғой.
Чарльз Уеллер,
Орталық Азия тарихи-мәдени зерттеу
орталығының құрылтайшысы әрі төрағасы.
* * *
… Германиядағы тіл мәселесі Қазақстандағыдан мүлдем басқаша, мұндағыдай қиындық жоқ. Неміс тілінің 500 жылдық тарихы бар, ол Мартин Лютерден бастау алады. Германияда мемлекеттік тіл деген ұғым қалыптаспаған. Неміс тілі әрі ресми, әрі ұлтаралық қатынас тілі болып табылады. Басқа жақтан керген шетелдіктерге неміс тілін білу Германия азаматтығын алу үшін қажетті негізгі шарт.
Мирко Круппа,
елшіліктің І хатшысы.
* * *
Жапон тілі – бүкіл Жапония мемлекетінде, оның ішінде Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю және Окинава аралдарында қолданылатын тіл. Жапон тілінде сөйлейтіндердің көпшілігі аталған жерлерде өмір сүріп, сол тілді өзінің ана тілі деп есептейтіндер … жапондар. «Жапон тілі» атауы әлем тілдерінің бірі ретінде «Жапония тілі» деген ұғымға ие. Сондай-ақ «ұлттық тіл» сөзі мемлекет, халық ұғымын, «менің елімнің тілі» дегенді білдіреді.
Тосио Цунодзаки,
Жапония елшісі.
* * *
Балаларды жас кезінен бастап шет тілдерінде оқытпасақ, дамымай қалуымыз ықтимал деген сыңаржақ пікір бар. Бұл пікірге үзілді-кесілді қарсымын. Біріншіден, ең басты сылтауымыз - өркендеген мемлекет бола алмаймыз дегендік. Олай болса, алдыңғы қатарлы елдерді санамалап көрейікші.
Германия – Еуропадағы өркениетті елдердің бірі. Неміс балалары сауатын неміс тілінде ашып, гимназия бітіргенше кемінде үш тілді меңгеріп шығады. Бірінші-төртінші сыныпта сабақ тек неміс тілінде жүргізіледі. Одан кейін 5-сыныпта ағылшын тілі қосылады. Жетінші сыныпта екінші шет тілін таңдау мүмкіндігі туады. Яғни гимназия бітірген бала өз тілінде сөйлеп-ақ, қалауы бойынша үш тілді меңгеріп шығуға мүмкіндік алады.
Францияда 1995 жылы компьютер бағдарламаларын ағылшын тілінде жүргізуге тыйым салынып, 3500-ден астам ағылшын тілінен енген терминдерді қолданыстан шығаруды ұйғарған. «Англо-америкалық тіл империализмімен» күресу үшін тіл комитеті құрылған. Бұл шаралардың ұлт болашағын ойлаудан туындағанын кім жоққа шығара алады?
Жалпы, дамыған елдерде білім беру жүйесі үшке бөлінеді: қажетті, пайдалы және ұнамды. Соның ішінде ұлттық білім жас балаларға қажетті білім ретінде алғашқы баспалдақта қалануы тиіс. Жапония, Қытай, Индонезия қатарлы шығыстың дамыған елдерінде де осы үрдіспен оқытылады.
Жапонияда тілге қойылатын талап күшті болғандықтан, балалардың 3-4 жасынан, яғни балабақшадан ана тіліне икемдей бастайды. Индонезия 1996 жылдан мемлекеттік тілге жаппай көшіру саясатын ұстанып келеді.
… ТМД мемлекеттеріне назар аударсақ, Балтық бойындағы мемлекеттерде «Тіл полициясы» жұмыс істейді, тіл тазалығын қадағалайды.
Ресейде «англо-америкалық тіл империализміне» алаңдап: «… Комитет министров рекомендовал обучать по крайней мере одному современному языку всех учеников начиная с 11-го возраста»(Педагогика, 07.2000 г.) деп жазады. Қарап отырсақ, өркениетке осы елдердің ешқайсысы өз тілін өгейсітіп жетпеген, керісінше, ана тіліне баса назар аударып отырған.
Екіншіден, біздің көтеріп отырған мәселеміз бүгінгі күні ғана туындап отырған жоқ.
XVI-XVII ғасырларда чех педагогы Ян Амос Коменскийдің:
-
Туғаннан 6 жасқа дейін «Ана мектебі»;
-
6-12 жас аралығы «Ана тілі мектебі»;
-
12-18 жас аралығы Латын гимназиясы;
-
18-24 жас аралығы Академия сатылары осының тағы бір дәлелі.
Рәшида Ұзақова,
Қазақ қыздар педогогика институтының студенті.
* * *
Қытайда екі телеарна тәулік бойы тынбай, қазақша сайрап тұрады.
Болат Бопай,
этнограф.
* * *
Араб тілі – Сауд Арабиясы Корльдігінің барлық мемлекеттік құрылымында қолданылатын, сондай-ақ мектепке дейінгі орындардан бастап, жоғары оқу орындарына дейін оқыту жүргізілетін тіл…
Араб тілі – ең ежелгі, өте бай тілдердің бірі. Қасиетті Құран-кәрімнің араб тілінде түскенін ұмытпаған жөн. Ол, сондай-ақ БҰҰ мен оның бүкіл құрылымындағы ресми тілдердің бірі. Араб тілін білу Сауд Арабиясы Корольдігінің барлық азаматтарына міндетті. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін араб тілін үздік меңгерген болу қажет.
Әли әл Хамдан,
Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі.
* * *
Еврей халқы иврит тілінде 4 мың жылдан бері сөйлеп келеді. Иврит тілінде Інжіл жазылған…
Иврит тілін білу Израильдің барлық азаматтарына бірдей міндетті емес. Ол қызметі немесе қызметіне қарай міндеттері иврит тілін қолданумен тікелей байланысты азаматтарға ғана міндеттеледі. Азаматтық алу кезінде иврит тілін меңгеруін қадағалау елге оралу жөніндегі заңға қатысы жоқ адамдар үшін ғана ескеріледі.
Моше Камхи,
Израильдің Қазақстандағы елшісі.
* * *
Голландықтардың өз елінде ұзақ уақыт мекен етуге келген мигранттарға ел үкіметі голланд тілін білуді міндет еткен. Голланд мектептерінде 8 жылдай білім алғандардың бәрі дерлік тест (голланд тілінен – Д.Д.) тапсырады, ал жаңадан келгендер 5 жыл ішінде сынақтары өтіп үлгерулері керек. Бұл талап орындалмаған жағдайда 400 евро айыппұл салынып, елден кету қаупі төнеді. Ол елде имигранттар сынақты өз қалталарынан ақша шығарып тапсырады. Ал егер олар сынақтан сүрінбей өтсе, шығарылған ақшаларының көп бөлігі өз иелеріне қайтарылады.
Б.Жантөреева,
Астана.
* * *
Жапонияда болғанымда «Мицубиси-Корпорейшн» басшысынан «Сіздердің маман-менеджерлеріңіз қайда оқыған? Массачусетсте ме, Гарвардта ма?» деп сұрадым. Ол: «Біздегі ең үлкен менеджерлер өзіміздің ұлттық университеттерді бітірген. Олар тілді (жапон тілін – Д.Д.), мәдениетті, ұлт болмысын жақсы біледі, жапон қоғамымен жұмыс істесе алады» деп жауап қайырды. Әне, жапон түсінігі осындай…
Мен Павлодарға келгенде, «анау» деп, «мынау» деп кежегесі кейін тартқандар болды. Оларға айттым: «Бір бала қазақша оқимын десе, жағдай жасаңдар. «Қазақша оқимын» деген талабы үшін бүкіл оқытушы оның айналасында жүгіруіміз керек. Бұл – намысы бар, жүрегі бар, тілге сенімі бар бала деген сөз. Егер қазақ тобына қиянат жасасаңдар, сол күні жұмыстан қуамын» деп. Құдайға шүкір, бұл мәселе бізде реттелген.
Ерлан Арын,
экономика ғылымдарының докторы.
* * *
… Француз тілі… БҰҰ-ның тілі. Яғни әлемдік тіл. Сол әлемдік тілді Франция үкіметі қызғаштай қорғайды. Француз тілін (Қазақстандағы қазақ тілі сияқты білмеу, тіпті, білгісі келмеу, тіпті, білуден ашықтан-ашық бас тарту былай тұрсын) шұбарлап, былғап сөйлегендердің бәріне айып салады. 1984 жылы ол айыппұл 5000 франк болған («Техника и наука» журналы, №3, 1984), ал қазір – 20000 франк («Известия», №77, 23.04.1994).
… Біз, қазақ, тірі тілімізді өзге түгіл, өз қазағымызға үйрете алмай келеміз. Ал еврейлер ше? Бұдан 1000 жыл бұрын өліп қалған тілін олар Израильде тұратын (еврейі бар, еврей емесі бар) барлық халыққа үйретіп отыр. Қалай? Израильде министрлік болсын, басқа болсын, барлық мекеме қызметкерлері 6 сағат жұмыстан кейін (және біздегідей басқа тілде емес, өз мемлекеттік тілінде жұмыс істегеннен кейін) сол отырған орындарында, орындарынан тұрмай, мемлекеттік тілді тағы да 6 сағат оқиды екен.
Сейілбек Қышқашұлы,
25.09.03.
* * *
… Тілді алға жылжыту өте қиын болып тұрғандығы: біріншіден, тілдің ілгері жылжуына барша бірдей құқықты емес; екіншіден, не істеу керек екендігін, қалай іске асыруды білмейміз; үшіншіден, тіл жанашырлары мен қарсыластарының ара салмағының айырмасы мол. Бір-бірімізден көп бөлінеміз.
* * *
… Қазақстанда әзербайжан тілін дамыту мәселесін қозғау саяси тұрғыдан да, әлеуметтік-ғылыми тұрғыдан да дұрыс емес. Әзербайжан тілін Әзербайжанда дамытады. Ал Қазақстанға келіп алып, менің ана тілімді дамыт деу ақылға сыймайтын шара ғой. Қазақстанда қазақ тілі жан төзгісіз хал кешіп отырғанда өзге ұлттардың тіліне қамқорлық жасау қисынсыз шаруа.
Асылы Осман,
ғалым.
* * *
Ана тілі негізінде екінші, үшінші, т.б. тілді үйрену әлдеқайда жеңіл әрі сапалы болатынын, баланы табиғатына жат тілде сөйлеуге мәжбүр ету оның психологиялық, физиологиялық өзгерістерге, әр түрлі дағдарыстарға жиі ұшырауына соқтыратыны педагогика ғылымында айтылып, жазылып, дәлелденгеніне ден қоймайды, жеткілікті мән бермейді. Бауыр еті – балаларының табиғатына мұндай зорлық, өктемдік жасайтын ата-аналар педагогика, психология ғылымынан мүлдем хабарсыз болуы да мүмкін.
Сайраш Әбішқызы,
М.Сералин атындағы сыйлықтың иегері.
* * *
Қазақ мектебі көбеймей, қазақ мектебінің көктемі көгермейді.
Жақау Дәуренбеков,
жазушы.
* * *
Меніңше, мамандарды жұмысқа қабылдауда мемлекеттік тілді білмейтіндігін тексерудің ешбір заңға қайшы жері жоқ, өйткені тіл туралы заң баптарының зер сала қарап отырсақ, іс қағаздары, ең бірінші, мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Олай болса, мемлекеттік қызметтегі кез келген маманның жұмысқа қабылданарда қазақ тілінде іс жүргізе алатын дәрежеде тілді білуін талап ету орынды деп ойлаймын.
Сәрсенғали Әбдіманапов,
Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры.
Керек сөз
Өзгеден үйрен де жирен...
... Қазіргі замандағы 10 миллионнан асатын қазақтарға басылым беттерінде, теледидар экрандарынан қазақ тілінің қажеттілігін арттыруға күштері жетпей жатқанын, осы мәселеде қауқарсыз екендіктерін айтып жылаудың түк те қажеті жоқ. Бұл, әрине, түк бітпей жатыр деген сөз емес. Дегенмен, келісіңіз, егер мен өз ана тілімді ауызша да, жазбаша да қолданбайтын болсам, менің балаларым оны қайдан біледі? Егер анасы асүйде «екі қасық қант» деп жазудың орнына «две ложки сахара» деп жазатын болса, қызы ешқашан ана тілін қолдана отырып торт пісірмейтін болады. Бұл – қарапайым заңдылық.
Тілді қалай сақтап қалуға болады деген сауалға қыпшақ тілді армяндар тамаша мысал бола алады. Олар Украинадағы Галицко-Подольскіге келіп тұрақтағаннан кейін, Львов пен Каменец-Подольскідегі колониясын үш мың адам ғана құраған. Олардың барлық жазба ескерткіштерін зерттей келгенде, бірде-бір жерде бөгеде елде жүрген аз халықтың тілді сақтау қиын болып барады дейтін дерегін таппадым. Ана тілінде дәріс беретін мектептерін де өздері қаражаттандырған. Осының арқасында 30 мың беттік жазба мұраларын қалдырған. Және сол бес ғасыр бойы Львов пен Каменецте әкімшілік билігі талай өзгерсе де сол жердің қожайындарын өздерімен есептесуге көндіріп, дәулетті тұрмыс құрған.
Александр Гаркавец,
ғалым.
* * *
... Біріншіден, аралас мектеп жайлы. ... Аралас мектеп әлсіз ұлттарды біртіндеп жою үшін жасап шығарылған отарлық жүйе тетігі... Біз одан тездетіп бас тартпасақ, уақыттан ұтыламыз.
... Әркімнің өз дерті өзіне батады... Өз ауруымызды өзіміз емдемесек, оның ешкімге де керегі жоқ және оны «неге емдейсің» деуге де ешкімнің құқы жоқ.
Екіншіден, «Мемлекеттік тілде іс жүргізу» пәні жоғары оқу орындарына арналған мамандықтардың Мемлекеттік білім беру жүйесіндегі негізгі пәндер қатарынан алынып тасталған. Тек таңдау пәндері қатарында қалдырылған. Міне, басты түйіткілдердің бірі осы жерде. Білім министрлігімен бірлесе отырып, мұны қайтадан қалпына келтірмесек, тек қана ұлт ұтылады.
Үшіншіден, мемлекеттік тіл – кәсіпкерлік тіліне айналмай, көсегесі көгермейді. Мұның алғышарттары жасалмаған, әлі іске асыра алмай отырмыз.
Төртіншіден, мәжбүрлеу мәселесі. Кез келген баланы азамат қылып қалыптастыру үшін ата-анасы тәрбиеге мәжбүрлеп көндіреді. Сол сияқты, бірнеше ғасырға созылып кеткен орталық езгінің кесірінен, көптеген ұлттық құндылықтарды жоғалтып алған халқымызды аялап сүйе отырып, мәжбүрлеуіміз керек.
Қырымбек Көшербаев,
Маңғыстау облысының әкімі.
* * *
... Бірінші сыныптан орта мектепті бітіргенге дейін ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың бүкіл өмірінде қазақ тілі ең басты қажеттілік болу керек деп санаймын. Қазақ мектептерінің санын, әсіресе, қалаларды ұлғайту, оқулықтардың сыртқы түрін ғана емес, сонымен бірге мазмұнын да сапалық түрде жақсарту, қазақ тілінің жоғары білікті оқытушыларын даярлау керек.
С.Башоян,
Армян мәдени орталығының өкілі.
* * *
Ұлт рухын сақтау – сол ұлттың абыройлы парызы. Рухын сақтаған ел өміршең болады. Ұлт та, ұлттың рухы да ең әуелі тілі арқылы танылады. Тілін сақтай алған ел өзін, өзінің ертеңі мен болашағын қамтамасыз ете алады. Сондықтан бұл мәселелер туралы айтқанда, сана төрінен орын алар ең киелі ұғым – Тіл. Тілдің мемлекеттік мәртебесін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде қамтамасыз ету – сол тілді «мемлекеттік тіл» деп жариялаған, мойындаған елдің міндеті…
Қазақ тілінің тек Қазақстан Республикасында ғана өмір сүретіндігін ұрпақ санасына сіңірудің еш артықшылығы жоқ.
Фаузия Оразбаева,
педагогика ғылымдарының докторы.
* * *
Тілдік орта қазақылануға бет бұрған соң күнделікті қолданыстағы сөздер құлаққа сіңіп қалады. Мысалы, басқа ұлттардың өкілдері көшелердегі қазақша жарнамаларды, маңдайшадағы жазуларды жақсы түсінеді... Алматы қаласындағы ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері «Екі тілділікті біз дұрыс түсініп жүрміз бе?» деген үндеуін Интернет арқылы таратты. Олар қазақша жазылған «Арман» кинотеатры», «Самал» кафесі» деген атаулардың аудармасының қажетсіздігі, «нан-хлеб», «май-масло», «ет-мясо» деген сөздерді осылай қосарлап жазудың дәуірі өтіп кеткені туралы айтады. Коммерциялық жарнамалардан басқа көрнекілік аппараттарды мемлекеттік тілде жазып ілуге шақырады. Демек тіл үйренудің алғышартының біреуі осы.
Бауыржан Омаров,
профессор.
Күн тәртібіндегі мәселе
Дәлелді сауал... неге?
Адамгершілік құндылықтың барлығының мәні тіл мен мәдениетте! Сәбиін ана тілінде әлдилей алмайтын ана баласына қайтіп қазақы тәрбие бермек? Сіз ауылдың қарадомалағы мен қаланың асфальтта өскен баласын салыстырып көріңізші. Аралары жер мен көктей!
... Түркияда қаншама ұлттың өкілі тұрады. Алайда сол ұлттардың бірде біреуі «Мені армян мектебіне бер», «Мен Әзірбайжан мектебіне барамын», «Мені орыс тілінде оқыт», «Маған еврей балабақшасы керек» деген талап қоймайды. Олардың барлығы өздерін түркиялықпыз, түрікпіз деп санайды. Түрік тілінде тәрбиеленіп, түрік мектептеріне барады.
... «Ресми» деген мәртебе «мемлекеттік» деген мәртебеден де жоғары тұр. Бірақ мүмкін Елбасымыз дәл сол кезде барлық ұлттың өкілдері орыс тілін жетік білгендіктен, солай бекіткен болар. Мен оған да онша ашынбаймын. Менің жанайқайым: Ата заңымыздың 1-бабында қазақ тілінің Қазақстанда мемлекеттік тіл екендігі айтылса, 2-бапта орыс ресми тіл болып табылатыны жазылған. Біз неге бірінші бапты шетке ысырып тастаймыз да, екінші бапты мүлтіксіз орындаймыз?
Асылы Осман,
ғалым.
* * *
Қазақстанда бір ғана ұлт болуы керек. Ол – қазақ. Оның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Көптеген елдерде осындай. Мәселен, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Иран және тағы басқа елдер өзге ұлт өкілдерін өзіне сіңіріп алған. …Өзбекстанның қазақтарын ешкім «қазақ» демейді. Олардың тегі – қазақ, бірақ ұлты - өзбек.
* * *
Маған орыстілді БАҚ өкілдері сұхбат алуға келеді. Келісемін, бірақ қазақша деп шарт қоямын. Онда ала алмаймын дейді, мен де мейлі деп қоя саламын. Өйткені сұхбат маған емес, оған керек. Қажет болса, жолын тапсын. Бәріміз де сондай принципке көшуіміз керек. Дәрісті қазақша оқы, ешкім қуып шықпайды. Бұл Прибалтика мен Польшаның принципі ғой…
Мен ойлаушы едім, Франция Еуропалық одаққа кіргеннен кейін француз тілі қолданыстан қалған шығар деп. Қайдағы, барлығы тек французша сөйлеседі. Содан кейін ақшаны қайда шашады, дүние жүзіне француз тілін тарату үшін.
Әзімбай Ғали,
саясаттанушы.
Ұрымтал сөз:
Қазақ тілі қолға алынғалы... сөйлеу мәдениеті де былтырғы, алдыңғы жылдарға қарағанда жөнделіп келеді. Қазақтың жігіттері сондай шешен сөйлейді... Патсайы жеңгей: «Керіліп өскен кербезім, Айдындағы аққудай, Бере жатар жауабын, Іркілместен жатсынбай, Танысайық әуелі, Жағалбайлы – жалпақ ел, Боласыздар қай туған?» дейді. Осы сөздерді сонша шығын етпей-ақ, салған жерден: «Танысайық. Сосын қайтасыздар» десе, несі кетеді. Жоқ, психологиясын аңдап, айналып, үйіріліп, тамыр басып, бетін бері қаратады.
... 1991 жылы егемендік, одан бұрын Тіл заңы жарияланды. Енді барша қазақстандықтар жұмылып, бәрі сөйлемейінше, оған басшы болмайынша, мемлекеттік тіл өркендемейді. Ал, жалпы, меніңше, халық дайын. Басшыларға қарап отыр. Біз – үлкен семьямыз. Семьяда балалар әкесін, яғни халқы басшысын тыңдайды, бағынады. Менің бір ұл, бір қызым бар, мемлекеттік тілді түсінеді, рас, сөйлемейді. Егер орта, облыс, қала мемлекеттік тілде сөйлесе, олар да, немерелерім де көштен қалмайды.
Василий Илющенко,
зейнеткер
(«Ана тілі», 25.05.00).
* * *
Алматы қазақша сөйлемейінше, Қазақстан қазақша сөйлемейді.
Қасымхан Бегманов,
ақын.
* * *
Қазақ тілі маған әлі күнге ауылдың ғана тілі секілді көрінеді.
… Тілімізге қауіп төніп тұрғанын бар жән-тәнімізбен сезінетін шаққа жеттік. Оның үстіне «бұрынғы күнім күн екен, ендігі күнім мұң болуы» мүмкін – аяушылық білмейтін «аждаһа» ағылшын тілі күн санап төрімізге озып келеді. Тіл үшін күресте қорғана-қорғана шаршадық, шабуылға шығатын сәт бүгін. Бұған дейін кешеуіл – өліммен тең!
Өмірзақ Ақжігіт,
журналист.
* * *
Малайзия халқының ұлттық менталитетіне революция жасаған Махатхир Мохаммад елдің 23 жыл бойы үздіксіз премьер-министрі болған. Англияда білім алып, ағылшын тілін еркін меңгерген. Лоббистік саясаттың құйтырқыларын сезінген ол шетелдерде ағылшын тілінде оқыған өз елінің азаматтарына мемлекеттік жауапты қызметтерді ұсынбауды алдына мақсат етіп қойған.
Халықтың 35 пайыз ауқатты тобын құрайтын қытай қоғамын ортақ құндылықтар үшін қызмет етуге шақырған. Сөйтіп ол әлемнің 52 елінде мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған ағылшын тілінен өз елін қызғыштай қорыған.
... Мемлекеттің айбыны болып табылатын әскери орта да ағылшын тілін оқуға ден қойып отыр. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі біздің әскери мамандарымызды онсыз да дүние жүзін жаулап алған ағылшын тіліне оқытуды қолға алуда.
... Қазақстан әскерилері неге ағылшын тілін меңгеруге сонша құмар болып қалды? Олар дипломатиялық салада қызмет атқармайды ғой. Меніңше, британдықтарға тілдік орта қажет. Оның стратегиялық маңызы бар. Өз мүддесін әріден ойлайтын ағылшындардың лоббистік саясаты болашақта біз арқылы бүкіл Орта Азияға бақылау орнату болмақ.
... Кезінде Ливия революциясының көсемі М.Каддафи өз еліне ойда жоқта АҚШ әскери шабуыл жасай қалса, қиындыққа ұшырасын деп, өз әскерилеріне ағылшын тілін білуге қатаң тыйым салған көрінеді. Ал әскерде тіл алу, байланыс орнату деген өте маңызды.
... 1920 жылдары 30-ға жуық ұлттың әскери оқу орындарында талапкерлер дәрісті ана тілінде тыңдаған екен. Әскери Жарғы, көмекші құрал, нұсқаулар, бұйрықтар ұлт тілдеріне аударылыпты. Ұлттық жасақтардың басшылығы өзге ұлт өкілдеріне ол тілді біліп, оқуды өмірдің өзі мәжбүр еткен.
Тіпті сол кездегі әлеуметтік ортаға байланысты Түркістан майданының қолбасшысы М.Фрунзе саяси қызметкерлер мен командирлердің бәріне: «өздерің қызмет етіп жүрген жерлердегі жергілікті ұлттың тілін үйренуге міндеттісіңдер» деп бұйрық берген. Міне, мәжбүрлеу деген осы.
Ермек Жұмахметұлы,
Алматы.
Дөп сөз
Ұяттың ең үлкені – өз тіліңді білмеу
Біз халықтың саны жағынан әлемдегі үлкен елміз ғой. Соған қарамастан, тұтастай өз тілімізде сөйлейміз. Қытай елінде әуелі өз ана тіліңді жетік меңгермей, өзге тілге ұмтылу мүмкін емес. Бұл – ұлттық заңымыз. Ұяттың ең үлкені - өз тіліңді білмегенің.
Қытайда өз тіліңді білгенің - әке-шешеңді құрметтегенің деген қағида бар. Яғни, ұлттық тіл – ұлттығыңның айнасы.
Ли Лэтень,
«Ақтөбемұнайгаз» ААҚ үкімет және қоғамдық байланыстар
бөлімінің бастығы («Ана тілі», 07.03.02).
Білуге тиіссің!
Мемлекеттік тіл – мәртебелі тіл
«Қазақстанская правда» газетінің тілшісі Гүлнәр Нұрпейісова 2004 жылы жергілікті жерлердегі мемелекеттік тілдің мәртебесін зерделеу мақсатында Украина, Беларуссия, Литва, Латвия, Эстония елдерінде болып қайтқан еді. Гүлнәрдің әкесі – қазақ, шешесі – орыс. Төменде сол сапардан келгенде «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан қысқаша үзінді.
... Балтық жағалауындағы елдердің мемлекеттік тілі – олардың құндылығында. «Мәртебелі тіл» деген түсінік бар ол жақта. Халық сол мәртебелі тілде сөйлейді. Ол - өздерінің ана тілі. Басқа ұлттарда тұрып жатқан елінің тілін білмеуден артық сұмдық жоқ. «Мемлекеттік тілді білесіз бе?» деген сұрақ қойылса: «Мен неге білмеуім керек» деп өзіңізге сауал тастайды. «Мен Эстонияда тұрамын, мемлекеттік тілді білуге міндеттімін!» деп таңданыспен қарайды олар мұндай сұрақ қойғандарға.
Литвада беделді «Еңбек» деген партия бар. Партия басшысы – орыс. Литва тілін өте жақсы меңгерген. Өзі Парламентте қызмет етеді. Оны литвалықтар да, басқа ұлттар да ұлтына қарамастан, қадірлейді. Тілін білгені үшін, тілді қастерлегені үшін.
... Литвада «Мемлекеттік тілді білу, білмеу» деген әңгіме жоқ. Меңгерген тіліңнің сапасына назар аударылады. Өте жақсы білуге тиіссің. Литва тілінде дұрыс сөйлеу қадағаланады. Айыппұл салу жүйесі тіл мәселесінің басын ашып берді деуге де болады. Себебі, инспектор бір тексерер, айыппұл салар. Келесі жолы бұл тағы қайталанса, жұмыссыз қаласыз. Кейбіреулер бізді тіл үйренуге мәжбүрлеуде деп даурығады. Мұндай жағдайда былайғы тағдырыңды таңдауың керек. Не үйде отырасың, не тілді үйреніп қызмет істейсің.
... Эстонияда азаматтық алу үшін мемлекеттік тілді білуің шарт. Бұны қысым деп те атады Ресей. Бірақ «өз елдеріңе қайтыңдар!» деген бір ауыз сөз айтылмады ғой. Елде тұрыңыз, жұмыс істеңіз, тек тілін біліңіз – деген ғана талап қойылды.
Гүлнәр Нұрпейісова,
«Казахстанская правданың» тілшісі
(«Ана тілі», 12.08.04).
* * *
… Маған бір ой келеді. Тіл білмейтін министрлерді орындарынан алып тастаса қайтеді? Тіпті, бір-екі министрді алып тастаса да жетіп жатыр. Сонда бәрі қазақша үйренер еді. Тілге шын жанымыз ашыса, сөйткен дұрыс!
Достарыңызбен бөлісу: |