Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентiнiң кейбiр жарлықтарының күшi жойылды деп тану туралы


Мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiктi дамыту



бет11/13
Дата17.06.2016
өлшемі0.7 Mb.
#142746
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

      Мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiктi дамыту
      Инвестицияларды мемлекеттiң дәстүрлi жауапкершiлiгi саласына тарту келiсiмшарттардың мынадай түрлерiн жасау арқылы мемлекеттiң билiк ету құқығын сақтай отырып, мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жеке меншiк секторға беру негiзiнде жүзеге асырылатын болады:
      жобалау, қаржыландыру, салу және пайдалану (концессия), бұлар бойынша жеке меншiк секторы концессия объектiсiн салуды немесе реконструкциялауды қаржыландыру, басқару, ұстау және пайдалану жөнiндегi функцияларды орындайды, мемлекет қызмет көрсету сапасын бақылау функциясын өзiне қалдырады, сондай-ақ мемлекеттiк қолдау шараларын беруi мүмкiн.
      Мыналарды концессияға беру ұйғарылып отыр:
      Астана - Қарағанды, Алматы - Қорғас, Ташкент - Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы, Алматы - Қапшағай, Орал - Каменка - Ресей Федерациясының шекарасы (Озинкиде), Астана - Щучинск автомобиль жолдарының учаскелерi;
      Жетiген — Қорғас, Ералиев - Құрық темiр жол учаскелерi;
      Кендерлi жаңа халықаралық әуежайын салу.
      пайдалану және ұстау, бұлар бойынша жеке меншiк секторы өндiрiстiк объектiлердi жалға алады, қызметтердi жеткiзушi ретiнде тұтынушы алдында жауапты болады, мемлекет жобаны iске асыру кезiнде инвестиция үшiн жауапкершiлiктi өзiне қалдырады;
      салу және пайдалану, бұлар бойынша жеке меншiк секторы объектiнi салу (қайта жаңарту) және пайдалану жөнiндегi функцияны орындайды, мемлекет пайдалану кезiнде жобаның iске асырылуын қаржыландыруға жауапты болады;
      басқару және ұстау (мүлiктi сенiмгерлiк басқару), бұлар бойынша жеке меншiк секторы мемлекеттiк меншiк объектiлерiн басқару және оларға қызмет көрсету жөнiндегi функцияларды орындайды, мемлекет қызмет көрсету үшiн, объектiлердi кеңейту, қалпына келтiру және күрделi жөндеу жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн тұтынушылар алдында жалпы жауапкершiлiктi өзiне қалдырады.
      Инфрақұрылымдық жобаларды iске асыру кезiнде жинақтаушы зейнетақы қорлары маңызды рөл атқарады, олардың қаражатын тарту үшiн мемлекеттiң кепiлгерлiгiмен инфрақұрылымдық облигациялар шығару тетiгi қолданылатын болады.
      Мемлекет синдикаттық қаржыландыру және секьюритилендiру тетiктерiн пайдалана отырып, МЖӘ жобаларын жобалық қаржыландыру принциптерiн енгiзу, құрылымдау және сүйемелдеу жөнiндегi жұмысты жалғастыратын болады. Заңнамаға ерекше заңды мәртебесi бар арнайы жобалау ұйымдарын құру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн түзетулер енгiзiледi.

Заңнаманы жақсарту

      1. «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңын жаңа редакцияда қабылдау.


      2. «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.
      3. «Инвестициялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.
      4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.
      5. Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерiне арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту бөлiгiнде өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.

2.13 Сауда саясаты

Ағымдағы жағдайды талдау

      Тиiмдi сауда саясатын жүргiзу индустриялық-инновациялық дамудың маңызды құрамдас бөлiгi болып табылады. Жаһандану және қатаң бәсекелестiк жағдайында қазақстандық экспорттаушылар әлемдiк нарықтарда қолда бар «тауашаны» ұстауы және жаңаларына ие болуы кажет, бұл ретте халықаралық сауда ережесiн ұстануы тиiс.


      Осыған байланысты Қазақстанның Дүниежүзiлiк сауда ұйымы мен Кеден одағына кiруi жолымен жаһандық экономикаға кiрiгуi объективтi шарт болып табылады.
      Қазiргi уақытта Кеден одағының негiзгi құқықтық базасы әзiрлендi. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы аумағында үшiншi елдерге қатысты сыртқы сауданы кедендiк-тарифтiк және тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары қолданылады.
      Кеден одағына қатысушы үш елдiң ДСҰ-ға кiруi жөнiндегi келiссөздердi үш елдiң бiрыңғай келiссөз делегациясы қайта бастады.
      Жаһандық нарықтарға кiрiгумен қатар, экономиканың экспортқа бағдарланған шикiзат емес секторларын дамыту жөнiндегi қойылған мiндеттердi шешу үшiн экономикалық мүдделердi iлгерiлетудiң және сыртқы нарықтардағы сауда және сауда емес кедергiлердi жоюдың тиiмдi жүйесiн, сондай-ақ шикiзат емес экспортты iлгерiлету институттарын қалыптастыру талап етiледi.
      Iшкi сауданы дамытудың оң үрдiстерi бiрқатар проблемалардың сақталуымен қатар жүредi.
      Биржалық сауда, сауданың қазiргi заманғы форматы дамымаған. Сауда базарларында көлеңкелi айналымның қомақты көлемi, контрабандалық және контрафактылық өнiмдi өткiзу деңгейiнiң жоғарылығы; сатылатын тауарларға жалған сертификаттарды кеңiнен пайдалану шоғырланған.

Негiзгi мiндеттер

      1. Әлемдiк сауда жүйесiне кiрiгу жолымен республиканың экономикалық мүдделерiн iлгерiлету мен қорғаудың тиiмдi әрi жедел жүйесiн құру.


      2. Экономиканың шикiзат емес секторының қазақстандық өнiмiнiң экспортын дамыту мен iлгерiлетуге жәрдемдесу.
      3. Iшкi сауданың тиiмдiлiгiн арттыру, сауда инфрақұрылымын жетiлдiру арқылы сауда саласындағы еңбек өнiмдiлiгiн ұлғайту.

Нысаналы индикаторлар

      2014 жылдың соңына қарай мыналар жоспарланып отыр:


      1. Әлемдiк саудаға тартылуы жөнiнен ДЭФ рейтингiн 80 орынға дейiн жоғарылату.
      2. Кеңейтiлген экономикалық санаттар жөнiндегi сыныптамаға (БҰҰ хатшылығының статистикалық сыныптамасы) сәйкес экспорттың жалпы көлемiндегi шикiзат емес экспорттың үлесiн 40,0 %-ға дейiн ұлғайту.
      3. 2014 жылдан бастап бөлшек сауда айналымы өсiмiнiң жыл сайынғы қарқынын алдыңғы жылға қарағанда %-бен кемiнде 106,0 %-ға жеткiзу, бұл ретте 2010 жылы - 100,0 %, 2011 жылы - 102 %, 2012 жылы - 103 %, 2013 жылы - 104 %.
      4. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемiнде қазiргi заманғы сауда форматтарының үлесiн 50 %-ға дейiн жеткiзу.

Iс-қимылдар стратегиясы

      Республиканың экономикалық мүдделерiн iлгерiлету және қорғау, әлемдiк сауда жүйесiне кiрiгу жүйесiн құру


      1. Әлемдiк сауда жүйесiне кiрiгу жолымен республиканың экономикалық мүдделерiн iлгерiлету мен қорғаудың тиiмдi әрi жедел жүйесiн құру мақсатында Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын қалыптастыру аяқталатын болады.
      2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын iс жүзiнде iске асыру басталды.
      Кеден одағы бажсыз саудаға қосымша ретiнде үшiншi елдерге қатысты бiрыңғай сыртқы сауда саясатын қолдануды және iшкi кедендiк шекараларды жоюды көздейдi.
      Бұл мақсатта бүгiнде үш мемлекетте жұмыс iстейтiн сауда режимдерiн бiрiздендiру үшiн үшiншi елдермен, оның iшiнде ТМД елдерiмен келiссөздер жүргiзiлетiн болады.
      Бұдан басқа, мемлекеттер басшылары қабылдаған шешiмдерге сәйкес 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлттықтан тыс органға (Кеден одағы комиссиясы) бiрыңғай кедендiк тарифтi жүргiзу және үш мемлекетке қатысты болатын әрi тараптардың ұсыныстары негiзiнде қалыптасатын тарифтiк емес шараларды қолдану жөнiндегi өкiлеттiктер берiлдi.
      2010 жылғы 1 шiлдеден бастап iшкi кедендiк шекараларда кедендiк ресiмдеу, ал 2011 жылғы 1 шiлдеге дейiн кедендiк бақылау жойылады. Осылайша, әкiмшiлiк кедергiлердi жою және бiздiң елдер арасында тауарлардың еркiн қозғалысын қамтамасыз ету арқылы кеден одағының сыйымдылығы шамамен 165 млн. адам болатын iшкi нарығы бар бiрыңғай кедендiк аумағы құрылады.
      Iшкi нарықты кеңейту шетелдiк инвестициялар тарту, жаңа өндiрiстердi дамыту, өзара толықтыратын кәсiпорындарды кооперациялау үшiн әкiмшiлiк кедергiлердi жою негiзгi ынталандыру шарасы болады, сондай-ақ бiрлескен кәсiпорындар құру және өзара инвестициялардың өсуi үшiн жағдай жасамақ.
      2. 2012 жылға дейiн Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бiрыңғай экономикалық кеңiстiгi құрылатын болады.
      Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру қатысушы мемлекеттердiң iшкi инфрақұрылымына тең қол жеткiзудi көздейдi, бұл теңiзге шығатын жолы жоқ ел ретiндегi Қазақстан үшiн айрықша өзектi.
      Сондай-ақ қызметтер нарығының жұмыс iстеуiнiң бiрыңғай шарттарын белгiлеу, жұмыс күшi мен капиталдың еркiн қозғалысы, бәсекелестiктiң, өнеркәсiптiк субсидиялаудың бiрiздендiрiлген ережелер, ауыл шаруашылығын қолдаудың бiрыңғай шаралары, бiрыңғай экономикалық саясат, тарифтiк саясат жүргiзу, мемлекеттiк сатып алудың бiрiздендiрiлген ережелерi көзделiп отыр.
      Бұл мақсатта Бiрыңғай экономикалық кеңiстiктiң құқықтық негiзiн құрайтын тиiстi халықаралық құжаттар әзiрленетiн болады.
      3. Үшiншi елдермен және елдер бiрлестiктерiмен преференциялық сауда туралы келiсiмдер жасасу жөнiндегi ұсыныстарға бастама жасалатын болады.
      Кеден одағына мүшелiктi есепке ала отырып, Түркiменстанмен, Еркiн сауданың Еуропалық қауымдастығына мүше мемлекеттермен (Швейцария, Лихтенштейн, Норвегия, Исландия), Сербиямен және Черногориямен еркiн сауда туралы, Египетпен, Иорданиямен, Израильмен, Ауғанстанмен, Парсы шығанағы елдерiмен (Сауд Арабиясы Корольдiгi, Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар, БАӘ) және басқа да елдермен преференциялық сауда туралы келiсiмдер жасасу жөнiнде келiссөздер жүргiзiлетiн болады.
      4. Келiссөздердi аяқтау және ДСҰ-ға кiру.
      Қазақстанның ДСҰ-ға толыққанды мүше болуы, сондай-ақ осы халықаралық ұйымның нормалары мен ережелерiне сәйкестiк қазақстандық тауарлардың ДСҰ-ға мүше мемлекеттердiң нарығына кемсiтпеушiлiк негiзде енуiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ халықаралық төрелiкке қол жеткiзу жолымен үшiншi елдердiң нарығында қазақстандық өндiрушiлердiң мүдделерiн тиiмдi қорғауға мүмкiндiк бередi.
      ДСҰ-ға мүше болу сыртқы экономикалық саясаттың болжауға болатындығы және ашықтығы есебiнен тiкелей шетелдiк инвестициялар түрiндегi капитал ағынын ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық тауарларға қойылатын сауда шектеулерi мен саудадағы дауларда кемсiтушiлiк тәсiлдердi жоюға мүмкiндiк бередi.
      5. Экономикалық мүдделердi iлгерiлету және сыртқы нарықтардағы сауда және сауда емес кедергiлердi жою.
      Қазақстандық тауарларға қатысты сауда шектеулерiн белгiлеу кезiнде бастама бiлдiру және халықаралық сауда дауларын шешу рәсiмiн жүргiзу не халықаралық келiсiмдерге сәйкес қарсы шаралар қолдану тетiгi пайдаланылатын болады.
      6. Кедендiк-тарифтiк және тарифтiк емес реттеу тетiктерiн қолдану.
      Қолда бар өндiрiстi және оны дамыту жөнiндегi жоспарды зерделеу жөнiндегi жұмыс тұрақты негiзде жүргiзiлетiн болады, оның нәтижесi бойынша өндiрiлуi Қазақстанда жүзеге асырылатын тауарларға қатысты кедендiк бажды жоғарылату бойынша, сондай-ақ оларға қатысты алыс шетелдерден импортқа мүдделiлiгi бар тауарларға кедендiк баждарды төмендету бойынша ұсыныстар әзiрленетiн болады.
      Сондай-ақ әлемдiк нарық конъюнктурасы өзгерiстерiнiң iшкi нарыққа әсерiн талдау негiзiнде тауарлардың сыртқы саудасын кедендiк-тарифтiк және тарифтiк емес реттеудiң басқа да шараларын қолдану жөнiнде ұсыныстар әзiрленетiн болады.
      Бұдан басқа, отандық кәсiпорындарды қажеттi шикiзатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ iшкi нарықта тауарлардың аса жетiспеушiлiгiнiң пайда болуына жол бермеу мақсатында экспортты шектеу жөнiнде тиiстi ұсыныстар әзiрленетiн болады.
      Ұсыныстар Кеден одағы комиссиясының қарауына жiберiлетiн болады.
      Экономиканың шикiзат емес секторының қазақстандық өнiмiнiң экспортын дамытуға және iлгерiлетуге жәрдемдесу
      1. Экспорттаушыларды ақпараттық және сараптамалық қолдауды қамтамасыз ету.
      Мақсатты мүддесi бар елдердiң нарықтарына экономиканың шикiзат емес секторының қазақстандық нақты тауарларымен ену үшiн елдер, саудадағы серiктес елдердiң салалары/өнiмдерi бойынша шолулар, әлемдiк сауда үрдiсiн (Trade Performance Index (TPI)), Қазақстан экспорт өнiмiнiң жыл сайынғы анықтамалығын, «Экспорттаушыға көмек» атты нұсқаулық, «Export Guide» жол көрсетушi материалдар топтамасының жариялымдарын талдау тұрақты жүргiзiледi және қазақстандық кәсiпорындар мен өнiмдер туралы ақпарат халықаралық мамандандырылған каталогтарда орналастырылады.
      Жаңа экспорттық тауашаларды игеру үшiн экономиканың өңдеушi секторының нақты өнiмдерiнiң тауар белгiлерiн әзiрлеу және оларды сыртқы нарықтарға iлгерiлету жөнiндегi iс-шаралар iске асырылатын болады.
      Экспорттық қызметтi басқару бойынша мамандарды даярлау жөнiндегi оқу бағдарламалары iске асырылып, озық тәжiрибенi Қазақстан кәсiпорындарында қолдану мақсатында шетелдiк озық экспорттық өндiрiстерге бару ұйымдастырылатын болады.
      «Экспортқа бағдарлану» идеологиясын қалыптастыру үшiн жеке меншiк және мемлекеттiк секторларды тарта отырып, экспортты нысанаға алуды насихаттау жүргiзiлетiн болады.
      2. Экспорттық сауда операцияларын қаржылық қолдау.
      2010 жылдан бастап экономиканың шикiзат емес секторының өнiмiн (қызметтерiн) экспорттаушыларға олардың маркетингтiк зерттеулер жүргiзуге; отандық тауарлардың шетелдегi брендингiне; сыртқы нарық үшiн тауарлардың жаңа түрлерiн өндiруге; мамандардың бiлiктiлiгiн арттыруға; шетелдерде өкiлдiктер ашуға; Интернет-ресурс құруға және шетелдерде тарату үшiн баспа өнiмiн дайындауға байланысты iс-шаралар жөнiндегi шығындарын өтеу түрiнде экспорттық гранттар ұсынылатын болады.
      Экспортты сақтандыруды және сауда экспорттық операцияларға кредит берудi, сондай-ақ бiрқатар жанама қызметтердi қамтитын экономиканың шикiзат емес секторларының шағын және орта бизнес өкiлдерiнiң сауда экспорттық операцияларын қаржылық қолдауды жүзеге асыру үшiн экспорттық-кредит агенттiгi (ЭКА) құрылатын болады.
      3. Экспорттаушыларға мақсатты нарықтарда дистрибуция арналарына қол жеткiзуге жәрдемдесу
      Мыналар көзделiп отыр:
      шетелдердегi дипломатиялық өкiлдiктердiң, сауда өкiлдiктерiнiң, құрметтi консулдар институтының ресурстарын пайдалану, сондай-ақ инвестициялар, сауда және технологиялар мәселелерi бойынша өкiлдер институтын құру үшiн елдiң шет елдердегi дипломатиялық өкiлдiктерi құрамында Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң ұсынымы бойынша тағайындалатын және оған есеп беретiн дипломатиялық рангтегi Кеңесшi-елшi және жекелеген елдердегi Қазақстан елшiлiктерiнде атташе штаттық бiрлiктерiн айқындау мәселесiн пысықтау есебiнен халықаралық желi құру. Олардың қызметiн рейтингтiк бағалау енгiзiлетiн болады;
      отандық өндiрушiлердiң өнiмiн кепiлдiкпен жылжыту және экспорттаушыларға қосылған құны жоғары тауарларды өткiзу арналарына қол жеткiзуге жәрдемдесу үшiн мамандандырылған мемлекеттiк трейдинг компаниясын құру;
      әлемдiк үздiк тәжiрибе үлгiсiнде экспортты қолдау жүйесiнiң басты элементтерiнiң бiрi ретiнде экспорттық орамды дамыту үшiн мамандандырылған құрылым құру.
      Экспорт елiнде қазақстандық өндiрушiлерге тiкелей кешендi жәрдемдесу мақсатында 2010 - 2014 жылдары Экспортты дамыту және жылжыту жөнiндегi ұлттық ұйымның (Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң экономиканың шикiзаттық емес секторының экспортын дамыту және жылжыту жүйесiнiң операторы болып табылатын «KAZNEX» экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы» АҚ) шетелдiк өкiлдiктерiнiң желiсi ашылатын болады.
      Бiрлескен стратегияны әзiрлеу және мемлекеттiк органдардың экспортты дамыту және жылжыту жөнiндегi iс-қимылдарын үйлестiру, сондай-ақ экспортты дамыту мен жылжытуға тосқауыл болатын әкiмшiлiк және төрешiлдiк шараларды жою мен бизнестiң қажеттiлiгiн қамтамасыз ету үшiн қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерiн қорғау және проблемаларын шешу кезiнде Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiнiң жанындағы Экспорттаушылар кеңесiнiң, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөнiндегi үкiметаралық комиссиялардың (ҮАК) жұмысы жандандырылатын болады.
      Мемлекеттiң қазақстандық экспорттаушылар үшiн пәрмендi шараларды қамтамасыз етуi мақсатында 2010 жылдан бастап Қазақстанды iзгiлiк көмек шеңберiнде өнiм жеткiзушiлер қатарына кiрiктiру жүргiзiлетiн болады.
      Көлiктiк-логистикалық орталықтар құруды ынталандыру жолымен қазiргi заманғы көлiктiк-логистикалық инфрақұрылым түзу арқылы Қазақстанның Еуропа, Ресей, Қытай мен Орталық Азия арасындағы халықаралық сауда хабы ретiндегi әлеуетiн iске асыру.
      Отандық өндiрушiлер мен шетелдiк әлеуеттi сатып алушылар арасында тiкелей байланыстар орнатуға жәрдемдесу, өнiмнiң сапалық және баға көрсеткiштерi бойынша ақпарат алмасу, экспорттық келiсiмшарттарды мұқият талқылау үшiн Қазақстанның шетелдердегi тұрақты сауда миссиялары, Қазақстанның әртүрлi өңiрлерiнде «Сатушылар мен Сатып алушылар» форматында кездесулер, нақты тауарларды мақсатты түрде iлгерiлету iс-шаралары ұйымдастырылатын болады.
      Iшкi сауданың тиiмдiлiгiн арттыру
      Халықаралық практиканы ескере отырып, баға белгiлеудiң ашық жүйесiн қалыптастыру мақсатында қазiргi заманғы биржалық сауда инфрақұрылымы құрылатын болады.
      Сауданың қазiргi заманғы нысандарын дамыту мақсатында iрi сауда форматтары, сауда желiлерi дамытылатын болады. «Өндiрушi - тұтынушы» тiзбегiндегi шығындарды азайту үшiн өңдеу, орау, сауда жабдығын сатып алуды жеңiлдiкпен қаржыландыру жолымен және шағын сауда форматтарын (гипермаркеттер, супермаркеттер, дискаунтерлер үлгiсiндегi сауда үйлерi және т.б.) бiрыңғай брендпен және бiрыңғай ассортиментпен әрi баға саясатымен бiрiктiру арқылы сауда-сатып алу кооперациясы жүйесi құрылатын болады.
      Отандық тауар өндiрушiлердiң өнiмiне қашықтан қол жеткiзудi дамыту мақсатында екiншi деңгейдегi барлық банктердi бiрыңғай прессинг орталығына (Webmoney-ге, Paypal-ға ұқсас) бiрiктiретiн Интернет-дүкендерге кiрiктiру үшiн қолайлы модульдерi бар Интернет желiсiнде қолма-қол ақшасыз ақы төлеудiң электрондық жүйесi, сондай-ақ бiрыңғай республикалық электрондық сауда алаңы құрылатын болады.
      Тауарларды қашықтан жеткiзу жүйесiн дамыту, бөлшек тауар айналымын ұлғайту және тұтынушылар үшiн қызмет көрсету сервисiн жоғарылату мақсатында Астана және Ақтөбе қалаларында почталық-логистикалық орталықтар құрылып, олардың жанынан жеткiзудiң оңтайлы схемаларын (халықаралық стандарттар деңгейiнде) көздейтiн сұрыптау орталықтары жұмыс iстейтiн болады.

Заңнаманы жақсарту

      1. Ұлттық заңнаманы Дүниежүзiлiк сауда ұйымының, сондай-ақ интеграциялық бiрлестiктер шеңберiнде жасалатын халықаралық құқықтық базаның талаптарына сәйкес келтiру.


      2. «Сауда қызметiн реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Экспортты және экспортты экономикалық ынталандыру құралдарын дамыту мен жылжыту жөнiндегi ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесiн бекiту, сондай-ақ сауда құрылымының дамуын реттеу бөлiгiнде өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу.
      3. Электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетiлдiру.

2.14 Бағдарламаны қаржылық қолдау құралдары

Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау

      Әлемдiк қаржы дағдарысы отандық экономиканы шетелдiк кредиттiк қаражатпен қорландыруды уақытша тоқтатты, осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары үшiн сыртқы қорландыруға қол жеткiзу жабылды не шектеулi болып қалды. Екiншi деңгейдегi банктердiң Бағдарламаға енгiзiлген ұзақ мерзiмдi және орта мерзiмдi инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшiн «ұзын ақшасы» жоқ. Осыған байланысты Бағдарламаны даму институттарының қатысуымен қаржыландырудың көлемi мен құралдарын  ұлғайту қажеттiгi туындайды.



Негiзгi мiндеттер

      Құралдарды кеңейту арқылы экономиканың басым секторына инвестицияларды және қаржыландыру көздерiнiң қол жетiмдiлiгiн ұлғайту.



Нысаналы индикаторлар

      Жоспарланған кезеңде экономиканың басым секторларының негiзгi капиталына кемiнде 6 280 млрд. теңге көлемiнде инвестициялар тарту.



Iс-қимылдар стратегиясы

      Отандық кәсiпорындарды және инвестициялық жобаларды республикалық және өңiрлiк деңгейде қаржылық қолдау құралдарының, операторлары мен агенттерiнiң бiрыңғай жүйесiн қалыптастыру көзделiп отыр. Бұл ретте, экономиканың басым секторларындағы инвестициялық қызметтi жандандыруды ынталандыратын нарықтық тетiктер мемлекеттiк қаржылық қолдаудың негiзiне алынады.


      Мемлекеттiк құралдарды қолдану саясатында жеке меншiк қаржы ресурстарын жұмылдыруға және екiншi деңгейдегi банктер мен басқа да қаржы институттарының кредиттiк қызметiн индустрияландыру мақсатына шоғырландыруға баса мән берiлетiн болады.
      Қаржылық қолдау жүйесi отандық өндiрушiлер үшiн қаржы ресурстарының қол жетiмдiлiгiн арттыруға, инвестициялық жобалардың қажеттiлiктерiне, олардың өзiн-өзi ақтауы мен рентабелдiлiк көрсеткiштерiне сәйкес қаржыландырудың қолайлы шарттарын ұсынуға шоғырланады.
      Мемлекеттiк қаржы ресурстары мемлекеттiк және жеке меншiк операторлар арқылы жiберiлетiн болады. Мемлекеттiк сектордың операторларына мыналар жатады:
      «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкi» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Қазагроқаржы» АҚ, «Аграрлық кредиттiк корпорация» АҚ, «Азық-түлiк келiсiмшарт корпорациясы» АҚ, «Даму» ШКДҚ» АҚ, әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациялар, «Kaznex» экспортты жылжыту корпорациясы» АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөнiндегi мемлекеттiк сақтандыру корпорациясы» АҚ және басқа да ұйымдар.
      Жеке меншiк операторларға мыналар жатады: екiншi деңгейдегi банктер, халықаралық даму институттары, лизингтiк компаниялар, инвестициялық компаниялар және қаржыландырушы басқа да ұйымдар. Бұл ретте, жеке меншiк операторларды iрiктеу өлшемi қоғамдастық үшiн анық әрi ашық болады және қатысатын барлық әлеуеттi қатысушылардың жобаны iске асыруға тең (кемсiтушiлiксiз) қол жеткiзуiн қамтамасыз етуi тиiс. Өлшемдерi мен тәртiбiн Үкiмет айқындайтын болады.
      Операторлар мен құралдардың жұмыс iстеуi қаржы ресурстарын ұтымды және тиiмдi пайдалану, қолдау көздерi мен құралдарының кең спектрiн ұсыну және мемлекеттiң тәуекелдердi жеке меншiк сектормен бөлiсу қағидаттары бойынша ұйымдастырылатын болады.
      Мемлекеттiк сектордың операторлары қаржылық қолдау көрсетудiң, орнықты жұмыс iстеудiң мынадай қағидаттарға негiзделген тетiгiн қалыптастырады:
      қаржылық қолдау көрсетудiң теңгерiмдiлiгi;
      мемлекеттiк қолдаудың қажеттi шараларын қаржыландыру және көрсету жөнiнде шешiмдер қабылдаудың уақтылылығы;
      мемлекеттiк ұйымдардың белгiлi бiр операциялар мен қызмет түрлерiне мамандануы;
      қаржыландыру және әртүрлi құралдарын белгiлi бiр инвестициялық жобада кiрiктiру саласында мемлекет пен жеке меншiк қаржы институттары арасындағы кооперация.
      Мемлекеттiк сектор операторларының қызметi Бағдарламаның мақсаттары мен мiндеттерiнiң барынша тиiмдiлiгiне қол жеткiзуге бағдарланатын болады. Қажеттi қаржыландыру көлемiне сәйкес ұйымдардың өндiрiстiк қуаттары мен қызметкерлер саны ұлғайтылады немесе қысқартылады, iшкi бизнес үдерiстерi оңтайландырылып, қарау рәсiмдерi т.б. регламенттелетiн болады.
      Мемлекеттiк сектор операторларының инвестициялық саясаты мен басымдықтары индустриялық даму қажеттiлiктерiне шоғырландырылып, бағытталатын болады.
      Бағдарлама операторлары экономиканың құрылымын сапалы өзгертуге және оның орнықты өсуiне ықпал ететiн жобаларды инвестициялау саясатын жүргiзетiн болады. Мыналар жобаларды қаржыландырудың негiзгi өлшемдерi болып табылады:
      Бағдарламаның басымдықтарына сәйкестiк;
      жобаға мiндеттi түрде өзiнiң қатысуы;
      экспортқа бағдарлану;
      бәсекеге қабiлеттi тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндiру.  Бұл ретте, өнiм осыған ұқсас әлемдiк стандарттарға сәйкес болуы және құны жағынан бәсекеге қабiлеттi болуы тиiс;
      қосылған құны жоғары өнiм өндiру, бұл ретте, қосылған құны барынша жоғары немесе әлемдiк нарықтарға шығуға мүмкiндiк беретiн элементтерi бар жобаларға басымдық берiлетiн болады;
      еңбек өнiмдiлiгiн арттыру;
      энергия тұтынуды қысқарту;
      ресурс үнемдеудi ұлғайту;
      қазақстандық қамтуды дамытуға ықпал ететiн өндiрiс, шағын және орта бизнес кәсiпорындарын тарту;
      инновациялар мен озық технологияларды дамыту және енгiзу.
      Мемлекеттiк қаржылық қолдау жүйесi инвестициялық белсендiлiктi ынталандырудың нарықтық тетiктерiн құруға ықпал ететiн болады, ол мынадай негiзгi құралдарды қолдануды көздейдi:
      кредит беру;
      лизингтiк қаржыландыру;
      үлестiк қаржыландыру;
      кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;
      корпоративтiк кепiлдiктер (кепiлгерлiктер) беру;
      сервистiк қолдау;
      экспорттаушылар үшiн гранттар беру;
      экспорт алды қаржыландыру - экспорттаушылар кәсiпорындарын саудалық қаржыландыру және олардың экспорттық операцияларын сақтандыру;
      өнiмдi сатып алуға арналған ұзақ мерзiмдi келiсiмшарттар;
      ҒЗТКЖ-нi гранттық қаржыландыру;
      мемлекеттiк кепiлдiктер және мемлекеттiң кепiлгерлiктерi түрiндегi мемлекеттiң шартты мiндеттемелерi.
      Мемлекеттiк қаржылық қолдау шарттары мынадай шарттар ескерiле отырып, Бағдарламаның басымдықтарына сәйкес берiлетiн болады:
      сыйақы ставкалары - сыйақы ставкаларын саладағы инвестициялардың орташа салалық рентабелдiлiгi мен өзiн-өзi ақтауын ескере отырып, нарықтық деңгейден төмен деңгейге дейiн азайту жөнiнде шаралар қабылданатын болады;
      мерзiмдер - жобалардың тиiсiнше өзiн-өзi ақтауына және қаражаттың қайтарылуына қол жеткiзу мақсатында қаржыландыру мерзiмдерiн ұзартуға назар аударылатын болады;
      қаржыландыру өлшемдерi - осы Бағдарламаның және басқа да бағдарламалық құжаттардың стратегиялық мақсаттары мен мiндеттерiне сәйкес әзiрленетiн болады;
      қаржыландыру лимиттерi - салалық бағытталуды және шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң (iрi, орта және шағын бизнес) мөлшерiн ескере отырып белгiленетiн болады.
      Кәсiпорындар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру, мемлекеттiң жобалардағы қатысу үлесiн, операторлар мен қолдау құралдарын айқындау, сондай-ақ жеке меншiк қаржы секторын тарту үшiн республикалық және өңiрлiк деңгейде қолдаудың тиiстi бюджеттiк бағдарламалары қалыптастырылатын болады.
      Қол жеткiзiлуi тиiс нысаналы көрсеткiштер, орындау мониторингiнiң алгоритмi, сондай-ақ көрсетiлген бюджеттiк бағдарламалардың тиiмдiлiгiн бағалау әдiстемесi және бөлiнген қаржы ресурстарының мақсатты пайдаланылуын бақылау тетiктерi бекiтiлетiн болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет