Оң шетелдік тәжірибеге шолу жасау.
Сауданы мемлекеттік реттеудің халықаралық тәжірибесінде бастапқы кезеңде шағын және орта кәсіпкерлерді ірі бөлшек сауда кәсіпорындарының ығыстыруын, бөлшек нарықты шетелдік бөлшек бизнес көшбасшыларының басып алуын, бөлшек сауда кәсіпорындарының барынша тиімді ірі пішімдерінің таралуы кезінде бөлшек саудадағы жұмыспен қамтудың төмендеуін болдырмауға бағытталған қатаң реттеу қолданылады. Бұл шаралар ірі пішімді сауда объектілерін ашуға рұқсат алуды қиындату, жұмыс уақытын белгілеуге дейін болған қатаң талаптармен ілесе жүрді.
Алайда, экономиканың даму шамасына қарай жаңа сауда мақсаттарын қалыптасады, мысалы, жоғарылатылған бағаларды төмендету, сапа стандарттарын арттыру, логистикалық инфрақұрылымды дамыту, бөлшек сауда тиімділігін арттыру. Осыған байланысты дамыған елдерде де (Франция, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония), дамушы елдерде де (Қитай, Сингапур, Үндістан) елдерінде де қолданылатын мемлекеттік реттеудің оңтайландырылған талаптары жүргізіледі. Бұл шаралар ірі сауда пішімдерін дамытуға ықпал етіп, саланың өнімділігінің, тиімділігі мен бәсекеге қабілетінің өсуіне әкеліп, ауқым тиімділігін іске асыруға, барынша жоғары тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Көтерме және бөлшек сауда.
Халықаралық тәжірибеде көтерме және бөлшек сауданы реттеудің нақты моделі жоқ, өйткені бұл әрбір елдің қажеттілігіне байланысты болады. Мәселен, Франция, АҚШ және Польша ірі пішімді сауданы дамытумен белсенді айналысты, ал Жапония сияқты елдер керісінше ұсақ дүкендердің дамуын қолдай отырып, ірі пішімдерді дамыту үшін мүмкіндіктерді шектеуге ұмтылды. Алайда, тұтастай бірқатар әмбебап құралдар да бар, олардың көмегімен қандай да бір мақсаттарға қол жеткізуге болады.
Үлкен пішімді дүкендерді дамытуды шектеу. Бұл шаралар алаңы белгілі бір шектік деңгейден асатын дүкендерді ашуға міндетті түрде келісім белгілеу жолымен іске асырылады. Орташа алғанда бұл деңгей 300-ден 3000 шаршы метр аралығында түрленіп отырады.
Көптеген Еуропа елдерінде жаңа сауда объектісін салуға немесе ашуға рұқсат елу үшін жобаның коммерциялық орындылығына сараптамадан өтіп, тиісті рұқсат елу керек. Бұл ретте жаңа объектінің жұмыспен қамтуға, бағалар мен жұмыс істеп тұрған шағын бизнеске әсері ескеріледі. Сауда объектілерін ашуға арналған мұндай рұқсаттар Австрияда (сауда алаңдарының шектік деңгейі – 800 шаршы метр), Бельгияда (400 шаршы метр), Венгрияда (3000 шаршы метр), Германияда (800 шаршы метр), Данияда (1000 шаршы метр), Испанияда (2500 шаршы метр), Италияда (1500 шаршы метр), Польшада (2000 шаршы метр), Португалияда (500 шаршы метр), Финляндияда (2000 шаршы метр) бар.
Мысалы, Францияда сауда және индустрияны дамыту туралы заңда (1996 жыл) жаңа сауда объектісін салуға және ашуға арналған рұқсат елудің рәсімдері нақты айқындалған. Бизнестің алуан түрлерін үйлесімді дамыту үшін мынадай қағидаттар белгіленген: дистрибуцияның жаңа нысандарының жоспарланбаған өсімінің алдын алу, жергілікті жоспарларға сәйкес және қоршаған ортаға залалын тигізбейтін теңгерімді қалалық даму.
Үлкен пішімді дүкендерді орналастыру бойынша шектеулер. Бұл мақсат жоспарлау жүйесінің көмегімен орындалады. Мәселен, Ұлыбританияда мемлекеттің негізгі тетігі жерді пайдалануды жоспарлау жүйесі болып табылады, ол қалалық орындардағы супермаркеттердің орналасуын реттейді. Ұлыбританияда бөлшек сауданы реттейтін арнайы заңнама жоқ, алайда мемлекеттің қала орталығына таяу супермаркеттер салуға рұқсаттар беруді шектеу арқылы қызметті жанама реттеудің құралдары бар.
Жапонияда бөлшек сауданың үлкен сауда орталықтарының орналасу орындары туралы заң бар. Оған сәйкес дүкенді ашу кезінде оның қоршаған жағдайға әсері – сауда орталықтары орналасқан жерлерде жол кептелісінің болуы мүмкіндігі т.б. зерделенеді. Олар жүзеге асыратын қызметтің жергілікті қоғамға үйлесімділігі қажеттілігі зерделенеді.
Биржалық сауда.
Биржалық сауданы дамыту саласында басқа елдердің тауар биржалары қызметінің ілгерінді тәжірибе бар. Ресей Федерациясында тауар биржаларын құру және олардың қызметі «Тауар биржалары және биржалық сауда туралы» РФ Заңымен, сондай-ақ биржалардың құрылтай құжаттарымен, биржалық сауданың ережелерімен және биржалардың заңнамаға сәйкес қабылданған басқа да ішкі құжаттарымен реттеледі. Атап айтқанда, әрбір биржа биржалық тауарлардың тізбесін дербес белгілеуге құқылы, бірақ бұл ретте биржалық сауда практикасының биржалық саудаға қоятын талаптары ескеріледі. Ресейдің негізгі биржалық тауарлары: астық («Мәскеу Банкаралық Валюталық биржасы»), бензин мен қант, (РСЖ), сондай-ақ цемент, көмір мен тыңайтқыш (МҚБ) болып табылады.
Беларусь Республикасында «Тауар биржалары туралы» Заңға сәйкес тауар биржасы акционерлік қоғам нысанында құрылады. Биржаларды реттеу және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – Беларусь Республикасының Сауда министрлігі болып табылады. Беларусь Республикасының Министрлер кеңесі заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер биржалық сауда-саттықта, оның ішінде сыртқы сауда-саттықта жасауға міндетті тауарлар тізбесі мен мәмілелерді және мұндай мәмілелерді жасау шарттарын бекітеді. Тізбеге негізгі стратегиялық тауарлардың 86 позициясы қосылған: тас көмір, брикеттер, шөкемтастар мен тас көмірден алынған қатты отынның ұқсас; тазартылған мыс және өңделмеген мыс қорытпасы.
Әлемде ең дамыған, көп ғасырлық жинақталған тәжірибесі мен әлемдік қаржы нарығында жетекші рөл атқаратын ағылшын тауар және қор биржаларының жүйесі болып табылады; олардың ішінде тауарлардың нақты түрлеріне мамандандырылған Лондон металдар биржасы мен Лондон тауар биржасы ірі әлемдік биржалар болып табылады.
2000 жылғы маусымда Еуропа одағында «Ақпараттық қоғам қызметтерінің, және атап ішкі нарықтағы электронды сауданың кейбір құқықтық аспектілері туралы директива» (Электрондық сауда туралы директива) қабылданды. Қабылданған акті Еуропа одағы ішкі нарығының, мекеме еркіндігі мен қызметтер ұсыну еркіндігі сияқты жалпы қағидаттарына, сондай-ақ ұлттық заңнаманы үйлестіру туралы ережелерге негізделеді. Бұған байланысты аумағында қызмет көрсетілетін мемлекетті айқындау мәселесінің маңызы зор. Мұндай қызмет коммерциялық кәсіпорынды шектеусіз мерзімге құруды көздеуі тиіс. Бұл ережеге сәйкес оның сайты деректерінің нақты орналасқан орны емес, ал оның нақты экономикалық белсенділігі, яғни қызметті ұсыну қамтамасыз етілетін орын қызметтерді жеткізушінің орналасқан орны болып табылады.
ЕО ішкі нарығының қағидаттарын іске асыру ақпараттық қоғам қызметтерін көрсету үшін биліктен алдын ала рұқсат алу қажетсіздігі туралы көріністен де байқалады. Бұл ретте жеткізуші фирмалық атауын, шынайы орналасқан жері, электрондық почта мекенжайын қамтитын өзі туралы ақпаратқа тұрақты қол жетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
Қоғамдық тамақтандыру қызметі.
Бұл саланы реттеу мемлекеттің секторды дамытуға мүдделілігіне байланысты болады. Мәселен, Мальтада қоғамдық тамақтандыру қызметтері саласына айрықша назар аударылады, осыған байланысты «Қоғамдық тамақтандыру объектілерін құру тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» тиісті қаулы (2005 жыл) жұмыс істейді. Бұл елде барлық қоғамдық тамақтандыру объектілерін міндетті түрде лицензиялау жүргізіледі, оны жергілікті билік жүзеге асырады. Осыған байланысты осы нормативтік құқықтық актімен тамақтандыру объектілері 3 класқа бөлінеді: «Бірінші класс», «Екінші класс» және «Үшінші класс», оның ішінде:
- мейрамханалар да үш класқа бөлінеді;
- снэк-барлар мен қарапайым барлар «Бірінші» және «Екінші кластарға» жіктелген;
- күнгі клубтар мен дискотекалар «Стандарт» ретінде жіктелуі тиіс.
АҚШ-та Michelin Red Guide Trip Organization халықаралық жүйесі жұмыс істейді. Ол ерекше мейрамханалар үшін жұлдыз береді (ең көбі үш жұлдыз):
*- «өз санатындағы өте жақсы мейрамхана»;
**- «онда қайта баруға лайық»;
*** - «арнайы саяхат жасауға лайық» (Michelin жүйесі).
Отелдер мен отелдер жанындағы мейрамханаларда да осындай жүйе пайдаланады, ең көбі 7 жұлдыз. Бұл жүйеге сәйкес қоғамдық тамақтандырудың барлық қалған объектілері санаттар бойынша бөлуге жатпайды.
Бұл секторды мемлекеттік реттеу мен нормативтік бақылаудың негізгі құралы лицензиялау болып табылады, ол алкоголь сусындары мен темекі өнімдерін сатуды жүзеге асыратын сауда объектілеріне қолданылады. Алайда әлемдік стандарттарға сәйкес болуын рейтингтік бағалау мен бақылауды Michelin Red Guide Trip Organization ұйымы реттейді. Оның үстіне сәйкестікке әділ тексеру жүргізу мақсатында инспекцияны бұл ұйымның сарапшысы (біліктілік жүйесі өлшемдерін толтыру үшін), сондай-ақ жекелеген өңірдің қауіпсіздік мэриясы комиссиясы құпия өткізеді.
Мұндай жүйе Ұлыбритания мен Францияда да бар.
Достарыңызбен бөлісу: |