4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi
24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi және оларды жасау тәртiбi
1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.
2. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
4. Сайлаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады. Тiзiмде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (18 жастағылар үшiн - қосымша күнi мен айы) және тұрғылықты мекен-жайы көрсетiледi. Таңдаушылар тiзiмi әлiпби тәртiбiмен немесе өзге тәртiппен жасалады және тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған жылын, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауы әрi оның тұрғылықты мекен-жайын қамтиды.
5. Сайлаушылардың тұрғылықты жерi бойынша тiзiмiн тиiстi жергiлiктi атқарушы орган халықты есепке алуды жүзеге асыратын органдар ұсынған мәлiметтердiң негiзiнде жасайды.
Әрбiр сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиiстi жергiлiктi атқарушы органда сайлаушы ретiнде тiркелуге құқылы.
Егер сайлаушыға сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмайтыны белгiлi болса, оның өзiнiң болатын жерi бойынша жергiлiктi атқарушы органға өзiн тиiстi сайлаушылар тiзiмiне енгiзу жөнiнде жазбаша өтiнiш беруге құқығы бар.
Осы тармаққа сәйкес азамат өтiнiш жасаған кезде жергiлiктi атқарушы орган азаматты тiркелу орны бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығаруды және оны сол азамат дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзудi ұйымдастырады.
Әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылардың тiзiмiне тиiстi әкiм қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын тиiстi сайлау комиссиясына акт бойынша тапсырылады.
Басқа құзыреттi органдар мен ұйымдардың деректерiмен алдын ала салыстырылған сайлаушылар туралы мәлiметтердi жергiлiктi атқарушы орган әр жылдың 1 шiлдесiне және 1 қаңтарына электрондық жеткiзушi арқылы және қағазға түсiрiлген күйiнде тиiстi аумақтық сайлау комиссияларына тапсырады.
Жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиiстi сайлау комиссиясына тапсырылған сайлаушылар тiзiмдерiнiң, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердiң дұрыстығы үшiн жауапты болады.
6. Жатақханаларда тұратын күндiзгi бөлiмдерде оқитын студенттер мен аспиранттар сайлаушылар тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
7. Әскер бөлiмдерiндегi сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.
8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.
Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасының
иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi дауыс берiлетiн күннiң алдындағы күндегi жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.
9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.
10. Дауыстарды санау басталғаннан кейiн сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерiстер енгiзуге тыйым салынады.
Ескерту. 24-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.
25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне енгiзу
1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:
1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2) тиiстi сайлау учаскелерi аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелген азаматтар;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтiк, iскерлiк және туристiк сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтiнiш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгiзiледi.
2. Таңдаушылар тiзiмiне:
1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың
2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.
3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.
Ескерту. 25-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.
26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру
1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.
Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерiнiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.
2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерi танысу үшiн жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен сайлауға дейiн кемiнде жетi күн бұрын ұсынылады.
3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
Учаскелiк сайлау комиссияларының жұмыс кестесiн, дауыс беру күнiн қоспағанда, тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.
4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тiзiмiне енгiзу, одан шығару не тiзiмдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы тұрған жер бойынша тиiстi сотқа шағым жасауға болады, ол шағымды - арыз келiп түскен күнi қарап, түпкiлiктi шешiм қабылдайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүргiзедi.
Ескерту. 26-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдiк заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бiр нәтижеге қол жеткiзуге кедергi болатын және (немесе) демеп жiберетiн қызметтi жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзiмi аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
3. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пiкiр таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы iс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенiм бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерiн өткiзу жолымен;
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
4. Мыналарға:
1) мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде олардың лауазымды адамдарына;
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
4) дiни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
5. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Осы Конституциялық заңда мыналар:
1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенiм бiлдiрген адамдары ретiнде үгiттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тарту;
2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берiлмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады.
Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.
6. Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; өтiнiш келiп түскеннен кейiн баспа басылымының таяудағы нөмiрiнде сол бетте, сондай көлемде және сол қарiппен немесе теледидар не радио хабарларында жиырма төрт сағат iшiнде сондай уақытта аталған адамдарға ар-намысын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғауы үшiн терiске шығаруды тегiн жариялауына мүмкiндiк беруге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тiзiмдердi ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тiркеуi жөнiндегi iс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетiнен орын, эфир уақытының көлемi бойынша бiрдей таратуға мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиiстi сайлау комиссияларының сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және осы Конституциялық заңда белгiленген хабарламаларды жариялауына кiдiрiссiз мүмкiндiк туғызады.
8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшiн жауапты болмайды.
9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар берiп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгiт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгiттi жүргiзуге тыйым салынады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады.
Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға әкеп соғады.
10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келiсiмiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерiнiң жазбаша келiсiмiнсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2005.04.15 N 44, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестiктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге құқылы.
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгiт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткiзуiнiң тең жағдайына кепiлдiк берiледi.
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуiне кепiлдiк бередi. Әрбiр кандидаттың телевизиядан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуiне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат берiледi.
Партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар теледидарда Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын, ол белгiлейтiн уақыт көлемiнде саяси пiкiр-сайыстарға қатысуға құқылы.
Бұқаралық ақпарат құралдары тiркелген кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға шарттық негiзде эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бередi. Бұқаралық ақпарат құралдарында кандидаттарға және партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын беру туралы шарттың талаптары белгiлi бiр кандидатқа, саяси партияға артықшылық туғызбауға тиiс. Эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешiм ресми жарияланғаннан кейiнгi оныншы күннен кешiктiрмей хабарлауға және жариялауға тиiс, сондай-ақ Президент сайлауы кезiнде - Орталық және облыстық сайлау комиссияларына, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттары мен өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде өзге де аумақтық, сондай-ақ oкругтiк сайлау комиссияларына берiлуге тиiс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың бiрiне эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге берген келiсiмi басқа да кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетiнен орын бөлуге келiсiм беруi болып табылады.
Кандидаттар мен партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуының кезектiлiгi жазбаша өтiнiштердiң келiп түсу ретiмен не егер өтiнiштер бiр мезгiлде келiп түссе, жеребе бойынша белгiленедi.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерiн бөлуге және сөйлеген сөздерiне iле-шала, сондай-ақ баспа басылымдарындағы сөздерiне сол нөмiрде түсiнiктеме жасауға тыйым салынады.
4. Жергiлiктi атқарушы органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуi үшiн шарттық негiзде үй-жай бередi. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшiн бiрдей және тең болуға тиiс.
Сайлау комиссиялары жергiлiктi атқарушы органдармен және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен бiрлесiп, бөлiнген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесiн жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Тиiстi сайлау комиссиялары партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгiттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгiттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткiш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iлiп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәлiметтердiң стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәлiметтердiң стандартты жиынтығынан тұратын бiрыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.
7. Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына кандидаттар өз сайлау қорларының қаражаты есебiнен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, сайлау алдындағы жария iс-шараларды өткiзуге, қосымша үгiт материалдарын шығаруға байланысты шығындарды төлеуге, сондай-ақ көлiк және iссапар шығыстарының орнын толтыруға құқылы. Бұл мақсатқа кез келген басқа көздерден өзге ақша тартуға, сайлау науқаны барысында кандидаттар пайдаланатын, кандидаттардың сайлау қорлары қаражатынан ақысы төленбеген жеке және заңды тұлғалардың кез келген тауарын, жұмысы мен қызметiн қабылдауға, аталған жеке және заңды тұлғаларға осы қызметтердiң көрсетiлгенi үшiн кандидат тарапынан жәрдемнiң кез келген түрiне тыйым салынады.
Кандидатқа, саяси партияларға сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда олардың осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс. Жазбаша келiсiмi жоқ тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
8. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың мерзiмдi баспа басылымдары сайлау комиссияларының хабарламаларын, сайлауға қатысатын кандидаттар туралы деректердi Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiппен және көлемде жариялауға мiндеттi.
9. Сайлаумен байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау caлу нәтижелерiн жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары сұрау салуды жүргiзген ұйымды, сұрау салуды жүргiзуге тапсырыс берген және оның ақшасын төлеген адамдарды, сұрау салу жүргiзiлген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрау салудың нақты тұжырымын, сұралғандардың саны мен сұрау салу нәтижесiнiң қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пiкiрге сұрау салу нәтижелерiн, сайлау нәтижелерiнiң болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулердi дауыс берiлетiн күн алдындағы бес күн iшiнде және дауыс берiлетiн күнi жариялауға жол берiлмейдi.
Сайлау күнi дауыс берiлетiн үй-жайда немесе дауыс беру пунктiнде қоғамдық пiкiрге сұрау салуға тыйым салынады.
Ескерту. 28-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.
29-бап. Кандидаттың, саяси партияның сайлау алдындағы бағдарламасы
Президенттiкке, Парламент және мәслихат депутаттығына, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшелiгiне кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия өзiнiң болашақ қызметiнiң сайлау алдындағы бағдарламасын баяндайды. Сайлау алдындағы бағдарламада Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiру, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты тiркеуден, саяси партияның партиялық тiзiмiн тiркеуден бас тартуға, ал кандидат немесе саяси партия мұндай сайлау алдындағы бағдарламаны тiркелгеннен кейiн ұсынған жағдайда кандидатты немесе партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға құқылы.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004.04.14. N 545 Заңымен.
30-бап. <*>
Ескерту. 30-бап алынып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
31-бап. Сенiм бiлдiрген адамдар
1. Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргiзетiн, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн бiлдiретiн сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.
2. Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерiнiң қалаулары бойынша тиiстi сайлау округiндегi әр сайлау учаскесiне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.
Сенат депутаттығына кандидаттың әрбiр ауданда, қалада, қаладағы ауданда бiр-бiрден сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқығы бар.
Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтiнiшiн табыс етедi.
3. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.
4. Сенiм бiлдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол Сенат депутатын сайлау кезiнде мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.
5. Сенiм бiлдiрiлген адамдар Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бiрлестiктерi, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленедi, мiндеттерiне ие болады және кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның өздерiне жазбаша нысанда берген өкiлеттiгi шегiнде әрекет етедi.
6. Сенiм бiлдiрiлген адамдар сайлау науқаны аяқталғаннан кейiн, өз ұйғарымымен, кандидаттың және партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның шешiмiмен, сондай-ақ кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеудiң күшi жойылған, осы Конституциялық заң бұзылған жағдайларда өз мәртебесiнен айырылады.
Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |