Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегi n 2464 Конституциялық заңы



бет6/10
Дата17.07.2016
өлшемі0.52 Mb.
#206248
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

II. Ерекше бөлiм

10-тарау. Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауы

51-бап. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы

Президенттiң кезектi сайлауы бес жылда бiр рет тиiстi жылғы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.

Ескерту. 51-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.11.06 N 285, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

51-1-бап. Республика Президентiнiң кезектен тыс сайлауы

1. Президенттiң кезектен тыс сайлауы Республика Президентiнiң шешiмiмен тағайындалады және тағайындалған күнiнен бастап екi ай iшiнде өткiзiледi.

2. Кезектен тыс сайлаудан кейiнгi Президенттiң кезектi сайлауы бес жыл өткен соң осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде жарияланады.

Ескерту. Конституциялық заң 51-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.03 № 404-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңымен.



52-бап. <*>

Ескерту. 52-бап алып тасталды - ҚР 1998.11.06 N 285 Конституциялық заңымен.



53-бап. Республика Президентi сайлауын жариялау

1. Президенттiң кезектi сайлауын Парламент Мәжiлiсi қыркүйектiң екiншi жексенбiсiнен кешiктiрмей жариялайды.

2. Алынып тасталды - ҚР 1998.11.06 N 285 Конституциялық заңымен.

3. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Президент болып сайлана алмайды.

Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне - Елбасына қолданылмайды.

Ескерту. 53-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.11.06 N 285, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268, 2010.06.14 № 289-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Конституциялық заңдарымен.



54-бап. Республика Президенттiгiне кандидатқа қойылатын талаптар

1. Президент болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 41-бабының 2-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.

2. Президенттiкке кандидатқа Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға оның сәйкестiгiн азаматтың өзiн-өзi ұсыну туралы өтiнiшi немесе республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзiндiсiн кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен қоса тапсырған кезден бастап бес күн iшiнде Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi. Бұл ретте Президентке кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл тұру фактiсiн Орталық сайлау комиссиясы анықтайды, ал кандидаттың мемлекеттiк тiлдi еркiн игергенiн анықтау рәсiмi Республика Конституциялық Кеңесiнiң Конституцияның 41-бабының 2-тармағына ресми түсiндiрме беруi туралы актiсiне сәйкес Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен анықталады.

3. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

Ескерту. 54-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.05.08 N 222, 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

55-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну

1. Президенттiкке кандидаттар ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық, қоғамдық бiрлестiктерде, сондай-ақ өзiн-өзi ұсыну жолымен - азаматтарда болады.

2. Президенттiкке кандидаттар ұсыну сайлау жарияланған күннен кейiнгi күнi басталып, сайлауға екi ай қалғанда аяқталады.

3. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. Қоғамдық бiрлестiктер осы қоғамдық бiрлестiктiң мүшесi болып табылмайтын адамдарды кандидаттыққа ұсынуға хақылы. Қоғамдық бiрлестiк Президенттiкке бiр ғана кандидат ұсынуға хақылы. Президенттiкке кандидат ұсыну туралы шешiм республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады да хаттамадан үзiндi жасалады. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының шешiмi:

1) Президенттiкке кандидатқа жеткiзiледi;

2) Президенттiкке кандидаттың дауысқа түсуге келiсiм беруi туралы өтiнiшiмен қоса Орталық сайлау комиссиясына тапсырылады.

4. Президенттiкке кандидаттыққа өзiн-өзi ұсыну олардың Орталық сайлау комиссиясына тиiстi өтiнiш беруi арқылы жүргiзiледi.

5. Егер кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталатын күнi Президенттiкке екiден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.

Ескерту. 55-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.

56-бап. Республика Президенттiгiне кандидатты қолдап қол жинау

1. Сайлаушылардың Президенттiкке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады.

2. Президенттiкке кандидатты сайлаушылардың Республиканың облыстарының, республикалық маңызы бар қаласының және астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауға тиiс.

3. Президенттiкке кандидатты қолдап қол жинауды сенiм бiлдiрiлген адамдар ұйымдастырады және кандидаттың Конституциямен және осы Конституциялық заңмен белгiленген талаптарға сәйкестiгiн тексеруден кейiн бес күннен кем емес мерзiмде осы Конституциялық заңның 55-бабының 3 және 4-тармақтарында белгiленген оны ұсыну туралы құжаттар негiзiнде Орталық сайлау комиссиясы беретiн қол қою парақтарымен ресiмделедi. 

4. Әрбiр қол қою парағының рет нөмiрi болуға тиiс және оған кандидаттың тегi, аты, әкесiнiң аты мен оның сенiм бiлдiрген адамының жеке қолы, қол жинаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, қол жинау жүргiзiлген елдi мекеннiң атауы, сондай-ақ қол қоятын адамдар туралы мынадай мәлiметтер бар бағаналар енгiзiлуге тиiс:

1) тегi, аты және әкесiнiң аты;

2) жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi мен сериясы;

3) туған күнi, айы мен жылы;

4) тұрғылықты немесе уақытша тұратын жерiнiң мекен-жайы;

5) жеке қолы.

5. Қол жинаушы адам қол жинаған кезде тиiстi қол қоятын парақта жеке қолы қойылған кандидаттың сенiм бiлдiрген адамының тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн көрсетуге тиiс.

6. Орталық сайлау комиссиясы:

1) қол қою парағының үлгiсiн бекiтедi;

2) Президенттiкке кандидаттарды қол қою парақтарының қажеттi санымен қамтамасыз етуге мiндеттi.

7. Президенттiкке кандидатты қолдауға қол жинау жөнiндегi толтырылған қол қою парақтары аумақтық сайлау комиссиясына тапсырылады, ол он күн iшiнде паспорт қызметi қызметкерлерiн қатыстыра отырып қойылған қолдардың шын екендiгiн тексерудi жүзеге асырады, тиiстi хаттаманы ресiмдейдi және оны Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.

8. Қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру, осы баптың 2-тармағына сәйкес, Президенттiкке кандидатқа қажеттi дұрыс қойылған қолдар саны анықталғанға дейiн жүргiзiледi.

Ескерту. 56-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

57-бап. <*>

Ескерту. 57-бап алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.



58-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттың сайлау қорының мөлшерi

Кандидаттың сайлау қоры:

1) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен бес мың еседен артық аспауға тиiстi кандидаттың жеке қаражатынан;

2) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен жетi мың еседен артық аспауға тиiс кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бiрлестiктiң қаражатынан;

3) жалпы сомасы заңмен белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнен он бес мың еседен артық аспауға тиiс Республика азаматтары мен ұйымдарының өз еркiмен берген қайырмалдықтарынан құралады.

Ескерту. 58-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.



59-бап. Республика Президенттiгiне кандидаттарды тiркеу

1. Президенттiкке кандидаттарды тiркеудi Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

2. Президенттiкке кандидат тiркелгенге дейiн және оның Конституция мен осы Конституциялық заң талаптарына сәйкес келуi тексеруден өткеннен кейiн, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдарды тексергеннен кейiн Орталық сайлау комиссиясының есеп-шотына заңмен белгiленген ең төменгi жалақының елу мәрте мөлшерiнде сайлау жарнасын енгiзедi. Кандидат сайлау қорытындылары бойынша Республика Президентi болып сайланған немесе кандидат дауыс беру қорытындылары бойынша дауыс беруге қатысқан сайлаушылар даусының кемiнде бес процентiн алған жағдайларда, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгiзiлген жарна кандидатқа қайтарылады. Қалған жағдайлардың бәрiнде енгiзiлген жарна қайтарылмауға тиiс және республикалық бюджет кiрiсiне алынады.

Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) тiркеуге дейiн тұрғылықты жерi бойынша салық органдарына осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне мемлекет алдындағы салық мiндеттемелерiнiң орындалуына салық бақылауын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасының уәкiлеттi мемлекеттiк органы белгiлеген тәртiппен және нысанда табысы және мүлкi туралы декларациялар ұсынады.

Кандидат пен оның жұбайы (зайыбы) жариялаған табысы және мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыстығын салық қызметi органдары кандидат тiркелген күннен бастап он бес күн iшiнде тексередi.

Бұл ретте салық қызметi органдарынан кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы мәлiметтер беру жөнiнде талап алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талап алынған күннен бастап төрт күн iшiнде беруге мiндеттi.

3. Президенттiкке кандидаттар нешеу болса да тiркеуге ұсынылады.

4. Президенттiкке кандидаттарды тiркеу, егер сайлауды тағайындау кезiнде өзгеше көзделмесе, сайлауға дейiн екi ай бұрын басталады және сайлауға қырық күн қалғанда аяқталады.

5. Қоғамдық ұйымнан Президенттiкке кандидаттарды тiркеу мынадай құжаттар болған жағдайда жүзеге асырылады:

1) қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органының Президенттiкке кандидат ұсыну жөнiндегi мәжiлiсiнiң осы қоғамдық бiрлестiктi Республиканың Әдiлет министрлiгiнде тiркеу туралы құжаттың көшiрмесi қоса тiркелген хаттаманың үзiндiсi;

2) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм беру жөнiндегi өтiнiш;

3) азаматтардың кандидатты қолдап жиналған қолдарын тексерудiң нәтижесi туралы аумақтық сайлау комиссиясының хаттамалары;

4) кандидаттың өмiрбаяндық деректерi;

4-1) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен;

4-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;

5) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат.

6. Президенттiкке кандидат өзiн өзi ұсынған жағдайда оны тiркеу мына құжаттары болған жағдайда жүзеге асырылады:

1) Президенттiкке кандидат болып дауысқа түсу ниетi жөнiндегi өтiнiшi;

2) аумақтық сайлау комиссиясының азаматтардың Президенттiкке кандидатты қолдап жиналған қолдарды тексеру нәтижелерi жөнiндегi хаттамасы;

3) кандидат туралы өмiрбаяндық деректер;

3-1) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен;

3-2) кандидат пен оның жұбайының (зайыбының) табысы және мүлкi туралы декларация тапсырғаны туралы салық органының анықтамасы;

4) кандидаттың сайлау жарнасын енгiзгендiгiн куәландыратын құжат.

7. Орталық сайлау комиссиясы:

1) Президенттiкке кандидаттарды тiркегеннен кейiн жетi күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында әрбiр кандидаттың тегiн, аты мен әкесiнiң атын, туған жылын, атқаратын қызметiн (жұмысын), жұмыс орны мен тұрғылықты жерiн көрсетiп, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның қоғамдық бiрлестiкке қатыстылығы мен ұлты туралы мәлiметтердi жариялайды;

2) тiркелген кезде кандидаттарға тиiстi куәлiк бередi;

3) мынадай жағдайда:

кандидат ұсыну ережелерiн бұзған, тiркеу үшiн қажеттi құжаттарды табыс етпеген;

кандидат Конституцияда және осы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес келмеген;

кандидат өзiнiң сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызмет жағдайын пайдаланған;

кандидат өзiн тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi сайлау алдындағы үгiт жүргiзген;

сот кандидаттың және (немесе) оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, оның iскерлiк беделiн түсiретiн жалған мәлiметтердi тарату фактiсiн анықтаған;

сот кандидат пен оның сенiм бiлдiрiлген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактiлерiн анықтаған;

осы Конституциялық заңда белгiленген өзге де жағдайларда кандидатты тiркеуден бас тартады немесе тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды;

3-1) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңдарына сәйкес кандидаттың немесе оның жұбайының (зайыбының) декларацияны тапсыру кезiне декларацияда көрсеткен табысы мен мүлкi туралы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған жағдайда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

Тiркеуден бас тартуға немесе тiркеудiң күшiн жоюға қатысты кандидаттар тиiстi сотқа шағым жасай алады.

Дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға немесе бұған дейiн тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

8. Орталық сайлау комиссиясының Президенттiкке кандидатты тiркеуден бас тартуына немесе тiркеу жөнiндегi шешiмнiң күшiн жоюына кандидаттың жеке өзi не оны ұсынған қоғамдық бiрлестiк он күн iшiнде Жоғарғы Сотқа шағым беруi мүмкiн, ол шағымды берiлген күнiнен бастап он күн мерзiм iшiнде қарайды. Жоғарғы Соттың шешiмi түпкiлiктi болып табылады.

Ескерту. 59-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.05.08 N 222, 1999.05.06 N 375, 1999.06.28 N 407, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.

60-бап. Кандидатурасын алып тастау, кандидат ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою

1. Президенттiкке кандидат тiркелген күннен бастап және дауыс беруге екi күн қалғанға дейiнгi кез келген уақытта Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтiнiш бере отырып өз кандидатурасын алып тастай алады.

2. Республикалық қоғамдық бiрлестiктiң жоғары органы тiркеуге дейiн және тiркеуден кейiн кез келген уақытта тиiсiнше Орталық сайлау комиссиясына ұсыныс жасау арқылы Президенттiкке кандидат ұсыну жөнiндегi өз шешiмiнiң күшiн жоя алады.

3. Мұндай жағдайда Орталық сайлау комиссиясы кандидатты тiркемейдi не оны тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.

4. Егер кандидатураны алу немесе кандидатты ұсыну туралы шешiмнiң күшiн жою осыған мәжбүр ететiн себептерсiз жүргiзiлген болса, онда Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын өткiзуге республикалық бюджет қаражатынан жұмсалған шығыстың бiр бөлiгiн кандидаттың немесе тиiсiнше оны ұсынған қоғамдық бiрлестiктiң есебiне жатқызуға хақылы.

Ескерту. 60-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44 Конституциялық заңдарымен.



61-бап. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн шығып қалғандардың орнына Республика Президенттiгiне кандидаттар ұсыну

1. Тiркеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн кандидаттардың шығып қалуы нәтижесiнде Президенттiкке екiден кем кандидат қалған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы өз қаулысымен сайлауды екi айдан аспайтын мерзiмге ұзартады.

2. Мұндай жағдайда Президенттiкке кандидаттар ұсыну осы Конституциялық заңда белгiленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.

Ескерту. 61-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



62-бап. Республика Президентiн сайлау кезiндегi дауыстарды санау

1. Президент сайлауында дауыстарды санау нәтижелерi аумақтық сайлау комиссияларының мәжiлiстерiнде белгiленедi және хаттамаға енгiзiледi, оған комиссия төрағасы мен мүшелерi қол қойып, екi күн мерзiм iшiнде Орталық сайлау комиссиясына жолданады.

2. Дауыстарды санау нәтижелерiн анықтауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 62-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.



63-бап. Қайта дауыс беру

1. Егер сайлау бюллетенiне екiден артық Президенттiкке кандидаттар енгiзiлiп және олардың бiрде-бiреуi сайланбай қалса, Орталық сайлау комиссиясы ең көп дауыс алған екi кандидат бойынша Президент сайлауы жөнiнде қайта дауыс беру тағайындайды. Кандидаттардың бiреуi шығып қалған жағдайда, сайлау бюллетенiне неғұрлым көп дауыс алған келесi кандидат енгiзiледi.

2. Қайта дауыс беру осы Конституциялық заңның талаптарын сақтай отырып екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Қайта дауыс берудi өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.

3. Алып тасталды - ҚР 1998.11.06 N 285 Конституциялық заңымен.

Ескерту. 63-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.11.06 N 285, 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

64-бап. Қайта сайлау

1. Егер Президент сайлауы жарамсыз деп танылса, не қайта дауыс беру сайланған Президенттi анықтауға мүмкiндiк бермесе, Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауын қайта тағайындайды.

2. Қайта сайлау алғашқы сайлаудан кейiн екi ай мерзiмнен кешiктiрiлмей өткiзiледi. Дауыс беру бастапқы сайлауды өткiзу үшiн жасалған тiзiм бойынша және сол сайлау учаскелерiнде өткiзiледi.

3. Сайлау комиссияларын құру, Президенттiкке кандидаттар ұсыну мен тiркеу, басқа да сайлау шаралары осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте сайлау шаралары мерзiмiнiң қысқартылуын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.

4. Қайта сайлау өткiзу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланады.

Ескерту. 64-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



65-бап. Республика Президентi сайлауының қорытындыларын анықтау және жариялау

1. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссиясы хаттамаларының негiзiнде сайлаудан кейiн жетi күндiк мерзiмнен кешiктiрмей Президент сайлауының қорытындыларын белгiлейдi және тиiстi қаулы қабылдайды.

2. Республика Президентi болып:

1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған;

2) қайта дауыс беру кезiнде, басқа кандидатпен салыстырғанда, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшiлiк дауысын алған.

3) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

3. Республика Президентi сайлауының қорытындысын анықтау мен жариялауға байланысты өзге мәселелер осы Конституциялық заңның Жалпы бөлiмiнде белгiленген ережелерге сәйкес шешiледi.

Ескерту. 65-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.11.06 N 285, 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



66-бап. Сайланған Республика Президентiн тiркеу

1. Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде сайлау өткiзген күннен бастап жетi күн мерзiм iшiнде сайланған Республика Президентiн тiркейдi.

2. Егер учаскелердiң немесе әкiмшiлiк бөлiнiстердiң жалпы санының кемiнде төрттен бiр бөлiгiнде:

1) сайлау жарамсыз деп танылса;

2) не оның барысында немесе дауысты санау не дауыс беру нәтижелерiн анықтау кезiнде осы Конституциялық заңды бұзу орын алса, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы, азаматтардың арыздары бойынша сайланған Президенттi тiркеуден бас тартуы мүмкiн.

3. Осы баптың 2-тармағында көрсетiлген ретпен қабылданған Орталық сайлау комиссиясының шешiмiне Президенттiкке кандидат оның қабылданған күнiнен бастап он күн iшiнде Жоғарғы Сотқа шағым бере алады, ол он күн мерзiм iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдайды.

Ескерту. 66-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.

66-1-бап. Республика Президентiнiң кезектен тыс сайлауын өткiзу

Президенттiң кезектен тыс сайлауы осы Конституциялық заңда Президенттiң кезектi сайлауы үшiн белгiленген қағидаларға сәйкес өткiзiледi. Сайлау iс-шараларын өткiзу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.

Ескерту. Конституциялық заң 66-1-баппен толықтырылды - ҚР 2011.02.03 № 404-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Конституциялық заңымен.

67-бап. <*>

Ескерту. 67-бап алып тасталды - ҚР 1998.11.06 N 285 Конституциялық заңдарымен.



68-бап. Республика Конституциялық Кеңесiнiң Республика Президентi сайлауын өткiзудiң дұрыстығы жөнiндегi мәселенi қарауы

1. Республика Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң сайлау қорытындылары шығарылғаннан кейiн он күн iшiнде берiлуi мүмкiн өтiнiшi бойынша Конституциялық Кеңес дау туындаған жағдайда Республика Президентi сайлауын өткiзудiң дұрыстығы жөнiндегi мәселенi шешедi. Бұл ретте Республика Президентiнiң қызметке кiрiсуi өтiнiштi қарау кезiнде тоқтатыла тұрады.

2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Президентi сайлауын өткiзудiң дұрыстығы жөнiнде дау туындаған жағдайда сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты материалдарды Конституциялық Кеңеске бередi.

3. Конституциялық Кеңес Конституцияны бұзу анықталған учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) Республика Президентi сайлауы Конституцияға сәйкес емес деп таныған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тиiстi учаскелердегi (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердегi) сайлауды жарамсыз деп тану және сайлау жарамсыз деп танылған учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстерде) екi ай iшiнде қайта дауыс беру өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды.

Ескерту. 68-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

11-тарау. Республика Парламентi Сенатының депутаттарын сайлау

69-бап. Сенат депутаттары сайлауын тағайындау

1. Сайлау тағайындауға мыналар:

1) кезектi сайлау үшiн - Сенат депутаттарының конституциялық өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуi;

2) кезектен тыс сайлау үшiн - Парламент өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы Сенатта өкiлдiгi жоқ тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң құрылуы;

3) шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өткiзу үшiн - депутат өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы, оны мандатынан айыру не оның қайтыс болуы негiз болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1)-тармақшасында белгiленген жағдайда депутаттар сайлауын Сенат депутаттарының конституциялық өкiлеттiгi мерзiмiнiң бiтуiне дейiн кемiнде төрт ай қалғанда Республика Президентi тағайындайды және ол конституциялық өкiлеттiк мерзiмiнiң бiтуiнен кемiнде екi ай бұрын өткiзiледi.

3. Осы баптың 1-тармағының 2)-тармақшасында көзделген жағдайда депутаттар сайлауын Республика Президентi бiр мезгiлде Парламент өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiм қабылдай отырып әрi Парламент өкiлеттiгiн тоқтатқан күннен бастап екi айдың iшiнде тағайындайды.

4. Осы баптың 1-тармағының 3)-тармақшасында көзделген жағдайда шығып қалғандар орнына депутаттар сайлауын Орталық сайлау комиссиясы мерзiмiнен бұрын тоқтатылған, депутаттық мандатынан айырылған, не оның қайтыс болған сәтiнен бастап екi айдан кешiктiрмей тағайындайды.

5. Сенат депутаттары сайлауы Конституцияның 41-бабының 3-тармағының талаптары ескерiле отырып тағайындалады және мерзiмi бойынша Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауымен сәйкес келе алмайды.

Ескерту. 69-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.



70-бап. Сенат депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар

Сенат депутаты болып сайлану үшiн азамат Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгiленген талаптарды қанағаттандыруға, сондай-ақ Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және осы Конституциялық заңға сәйкес белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс.

Ескерту. 70-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

71-бап. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну

1. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiн келесi күнi басталып, сайлау өткiзiлетiн күнге бiр ай қалғанда аяқталады.

2. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну:

1) облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана), қалалық, аудандық мәслихаттар сессияларында жүргiзiледi. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң мәслихаттардағы өкiлдерi арқылы Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бiрнеше мәслихаттан бiр кандидат ұсынылуы мүмкiн;

2) өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен жүргiзiледi.

3. Сенат депутаттығына кандидат болып тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының аумағында тұратын азамат ұсыныла алады.

4. Сенат депутаттығына кандидат етiп ұсыну жөнiндегi шешiм тиiстi мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады және бұл шешiм:

1) ұсынылған кандидатқа жеткiзiледi;

2) кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтiнiшiмен бiрге тиiстi облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының сайлау комиссиясына жiберiледi.

5. Сенат депутаттығына кандидаттардың өзiн-өзi ұсынуы азаматтардың тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына осы әкiмшiлiк аумақтық бөлiнiс бойынша өзiнiң Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi жайында өтiнiш беру арқылы жүргiзiледi.

6. Облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестiгiн анықтайды және осы баптың 4-тармағының 2)-тармақшасында, 5-тармағында көрсетiлген оның ұсынылуы туралы құжаттар негiзiнде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшiн қол қою парақтарын бередi.

7. Кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталған күнi Сенаттың депутаттығына екiден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.

Ескерту. 71-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет