Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегi n 2464 Конституциялық заңы



бет2/10
Дата17.07.2016
өлшемі0.52 Mb.
#206248
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

18-бап. Учаскелiк сайлау комиссияларының өкiлеттiктерi

Учаскелiк сайлау комиссиясы:

1) сайлау учаскесiнде Президенттi, Парламент Мәжiлiсiнiң, мәслихаттардың депутаттарын және өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiндегi сайлау шараларын жүргiзедi;

2) учаскелiк комиссияның орналасқан жерi туралы сайлаушыларды хабарландырады;

3) тиiстi сайлау учаскесiнде сайлаушылардың тiзiмiн нақтылайды;

4) азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзiмдердегi қателiктер мен жаңсақтықтар туралы арыздарды қарайды және оған тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

5) сайлаушыларды дауыс беру күнi, уақыты және орны туралы хабарландырады;

6) дауыс беруге арналған үй-жай дайындайды, кабиналар мен жәшiктердiң жасалуын қамтамасыз етедi;

7) сайлау күнi сайлау учаскесiнде дауыс берiлуiн ұйымдастырады;

8) дауыс санауды жүргiзедi және учаскедегi дауыс беру нәтижелерiн анықтайды;

9) дауыс берудi әзiрлеу мен ұйымдастыру мәселелерi жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды және солар бойынша шешiмдер қабылдайды;

10) Республика заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Ескерту. 18-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

19-бап. Сайлау комиссиясы мүшесiнiң мәртебесi

1. Сайлау комиссияларының мүшелерi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.

2. Сайлау комиссиялары мүшелерiнiң құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясымен , осы Конституциялық заңымен және өзге де заң актiлерiмен айқындалады.

2-1. Мыналар:

сотталғандығы заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;

сот iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адам сайлау комиссиясының мүшесi бола алмайды.

3. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, мүшелерi және оның аппаратының қызметкерлерi өз өкiлеттiктерiн кәсiби тұрақты негiзде жүзеге асырады.

Сайлау комиссиясының төрағасы сотта және басқа да мемлекеттiк органдарда комиссияның мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ ол сайлау комиссиясының мүдделерiн бiлдiру жөнiндегi өкiлеттiктi тиiстi сенiмхат беру арқылы басқа адамдарға беруге құқылы.

4. Сайлау комиссиясының осы баптың 3-тармағында аталмаған мүшелерi сайлау өткiзу кезеңiнде өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң ұйғарымы бойынша жұмыстан шығарылмайды не басқа жұмысқа ауыстырылмайды.

5. Сайлау комиссиясының мүшесi:

1) тиiстi сайлау комиссиясының отырыстары туралы, жедел шешiм қабылдауды қажет ететiн жағдайларды қоспағанда, қырық сегiз сағат бұрын хабардар етiледi;

2) сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, тиiстi сайлау комиссиясының құзыретiне жататын мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге және олар бойынша дауыс берiлуiн талап етуге құқылы;

3) күн тәртiбiне сәйкес отырыстың басқа қатысушыларына сұрақтар қоюға және оларға мәнi бойынша жауаптар алуға құқылы;

4) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясының құжаттарымен және материалдарымен танысуға, олардың куәландырылған көшiрмелерiн алуға;

5) өзi құрамында тұрған сайлау комиссиясы мүшелерiнiң төрттен үшiнiң даусымен расталған уәкiлеттiгi бойынша төменгi тұрған сайлау комиссиясының қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқылы;

6) Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Конституциялық заңының және өзге де заңдарының талаптарын, жалпыжұрт таныған әдеп нормаларын сақтауға мiндеттi;

7) өзiне жүктелген мiндеттердi, сайлау комиссиясының және оның төрағасының, жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға мiндеттi;

8) азаматтардың сайлау құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, шешiмдер қабылдау кезiнде әдiл және тәуелсiз болуға, сондай-ақ кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруден аулақ болуға мiндеттi;

9) өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ.

6. Сайлау комиссиясының мүшесi сайлау комиссиясының белгiленген өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, оның қызметi тоқтатылған кезде, сондай-ақ:

1) мiндеттерiн атқарудан босату туралы өз еркiмен өтiнiш берген;

2) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;

3) тиiстi сайлау комиссиясы құрылған әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен;

4) соттың оған қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген;

5) оны iс-әрекетке қабiлетсiз, iс-әрекетке қабiлетi шектеулi, хабар-ошарсыз кеткен деп тануы немесе оны қайтыс болған деп жариялағаны туралы сот шешiмi заңды күшiне енген;

6) қайтыс болған жағдайларда сайлау комиссиясын құрған органның шешiмi бойынша өз мiндеттерiн атқарудан босатылады.

Аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi өзiн ұсынған саяси партия қызметiн тоқтатқан жағдайда өз мiндеттерiнен босатылады.

Саяси партияны тарату туралы шешiмнiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қабылдануы ол ұсынған аумақтық, округтiк және учаскелiк сайлау комиссиялары мүшесiнiң мiндетiнен босатылуына негiз болады.

7. Комиссия мүшесi лауазымдық өкiлеттiгiн немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бiрнеше мәрте бұзған жағдайда сайлау комиссиясын құратын орган оны лауазымын атқарудан босатады.

8. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы сайлау комиссиясын құратын орган осы Конституциялық заңның 10-бабында белгiленген тәртiппен сайлау комиссиясының мүшесiн сайлағанға дейiн шығып қалған комиссия мүшесiнiң орнына сайлау комиссиясының мүшесiн тағайындайды.

9. Сайлау комиссиясы бiр ұйымның қызметкерлерiнен тұрмауға тиiс.

10. Сайлау комиссиясының мүшесi тиiстi комиссия орналасқан әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында тұруға тиiс.

Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

20-бап. Сайлау комиссияларының қызметiн ұйымдастыру және олардың әрекеттерiне шағым жасау. Сайлау комиссияларының қызметiндегi жариялылық

1. Сайлау комиссияларының қызметi алқалылық, жариялылық және ашықтық негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Алғашқы отырыстарды:

1) Орталық сайлау комиссиясының отырысын комиссияның төрағасы комиссия сайланғаннан кейiн он төрт күннiң iшiнде шақырады;

2) төменгi тұрған сайлау комиссияларының отырыстарын тиiстi жоғары тұрған комиссиялардың төрағалары олар құрылғаннан кейiнгi жетi күн мерзiмнен кешiктiрмей шақырады.

3. Сайлау науқанын әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде комиссиялардың отырыстары кемiнде екi аптада бiр рет өткiзiледi. Өзге уақытта комиссиялар өздерiнiң отырыстарын қажетiне қарай комиссия төрағасының немесе мүшелерiнiң кемiнде үштен бiрiнiң бастамашылығымен өткiзедi.

4. Егер сайлау комиссияларының отырыстарына комиссия мүшелерi жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, олар заңды болады.

5. Комиссиялардың шешiмдерi, осы Конституциялық заңда белгiленгеннен өзге жағдайларды қоспағанда, олардың мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Сайлау комиссиясының оның шешiмiмен келiспейтiн мүшелерi ерекше пiкiрiн айтуға құқылы, ол дереу жоғары тұрған сайлау комиссиясының назарына жеткiзiледi және комиссия отырысының хаттамасына жазбаша нысанда тiркеледi.

6. Сайлау комиссиялары жалпыға қолжетiмдi телекоммуникациялық желiлерде орналастырылатын, ал осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда өзгедей жолмен жариялауға жататын өз шешiмдерiмен барлық адамдардың еркiн танысуы үшiн жағдай жасайды.

Сайлау комиссияларының құрамында өкiлi жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткiзу кезеңiне кеңесшi дауыс құқығын бере отырып өз өкiлiн тиiстi сайлау комиссиясына жiберуге құқылы.

Саяси партияның кеңесшi дауыс құқығы бар өкiлi сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, сайлау комиссиясының құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша ұсыныстар енгiзуге құқылы, сайлау комиссиясының әрекетiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға құқылы.

7. Сайлау комиссиясының отырыстарына кандидаттар, сенiм бiлдiрiлген адамдар, байқаушылар, қызметтiк куәлiгi мен редакцияның тапсырмасы болған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатыса алады.

Депутаттыққа кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар өздерiне қатысты мәселелер қаралатын кезде тиiстi сайлау комиссияларының отырыстары мен күн тәртiбi туралы алдын ала хабардар етiледi.

Сайлау комиссиясының үй-жайында сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

8. Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған сайлау учаскесi ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезiнде дауыс беру нәтижелерi анықталғанға дейiн сайлау учаскесiнде бiр мезгiлде әрбiр кандидаттан сенiм бiлдiрiлген бiр-бiр адамнан, қызметтiк куәлiгi мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбiр бұқаралық ақпарат құралынан бiр-бiр өкiлден және Қазақстан Республикасының әрбiр саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бiрлестiгiнен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан бiр-бiр байқаушыдан және шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.

9. Егер осы Конституциялық заңда шағым жасаудың өзге мерзiмдерi белгiленбесе, сайлау комиссиясының шешiмдерiне және iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) шешiм қабылданған немесе iс-әрекет (әрекетсiздiк) жасалған күннен бастап он күннiң iшiнде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкiн. Көрсетiлген мерзiмдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешiмiне және iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) берiлген өтiнiш қарауға жатпайды.

Өтiнiштер сайлау комиссиясы мен сотта бiр мезгiлде қаралған кезде сайлау комиссиясы сот шешiмi күшiне енгенге дейiн өтiнiштi қарауды тоқтата тұрады. Сот түскен өтiнiш туралы және оны қарау нәтижелерi бойынша сот шешiмiнiң заңды күшiне енгенi жөнiнде сайлау комиссиясын хабардар етедi.

10. Мемлекеттiк органдар, ұйымдар, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары сайлау комиссияларына өздерiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсетуге, оларға қажеттi мәлiметтер мен материалдар беруге, сайлау комиссияларының өтiнiштерiне - үш күн мерзiм iшiнде, ал сайлау күнi және оның қарсаңындағы күнi дереу жауап қайтаруға мiндеттi.

11. Аумақтық, округтiк, учаскелiк сайлау комиссияларының мүшелерi сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiне өздерiнiң қалауымен комиссияның шешiмi бойынша сайлауды өткiзуге бөлiнген қаражаттың есебiнен ақы төлене отырып, өндiрiстiк немесе қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатылуы мүмкiн.

Сайлау комиссияларының мемлекеттiк қызметшiлер болып табылатын мүшелерiнiң сайлауды әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде өздерiнiң негiзгi жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сайлау комиссияларының өзге мүшелерiне осы кезеңде сайлау өткiзуге бөлiнген қаражат есебiнен кемiнде ең төменгi үш жалақы мөлшерiнде жалақы белгiленедi.

Сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, оның iшiнде мемлекеттiк қызметшiлер болып табылатын мүшелерiнiң үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндерiндегi жұмысына, түнгi уақыттағы еңбегiне ақы төлеу сайлау өткiзуге бөлiнген қаражаттың есебiнен жүзеге асырылады.

12. Мыналар:

1) Парламент, мәслихаттар депутаттары, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерi;

2) Президенттiкке, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерi, сондай-ақ кандидаттардың сенiм бiлдiрген адамдары;

3) мемлекеттiк саяси қызметшi лауазымындағы адамдар;

4) Қазақстан Республикасы соттарының судьялары сайлау комиссияларының мүшелерi бола алмайды.

Кандидаттардың жұбайы (зайыбы) мен жақын туыстары, сондай-ақ кандидаттарға тiкелей бағынышты адамдар осы кандидат қатысатын сайлау округiнде сайлауды тiкелей ұйымдастыру мен өткiзудi қамтамасыз ететiн сайлау комиссияларының құрамында бола алмайды.

Осы тармақтың екiншi тармақшасында аталған адамдар тиiстi кандидат тiркелген күннен бастап сайлау комиссиясының мүшесi мiндетiнен босатылады.

Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары

1. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бiрлестiктерi, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкiлеттiктерi оның тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiлiп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиiс. Бұл құжат байқаушыны жiберген ұйымның мөрiмен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы деректердi есепке алу журналына енгiзу арқылы оны тiркеу үшiн көрсетiледi.

2. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:

1) сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;

2) дауыс беруге, соның iшiнде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;

3) дауыс берудi өткiзу және дауыстарды санау кезiнде тиiстi сайлау учаскесiнiң дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;

4) тасымалданатын сайлау жәшiгiн бақылап жүруге, соның iшiнде оларды тасымалдау кезiнде көлiк құралында болуға;

5) сайлау учаскесiнде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерiн ресiмдеу рәсiмiн барлық аталған рәсiмдердi анық көру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда байқауға;

6) тиiстi сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерiнiң шешiмдерiне, iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;

7) сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгi болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруiн өткiзу кезiнде қатысуға;

8) учаскелiк сайлау комиссиясы мүшелерiнiң пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерiн санауы және жоюы кезiнде қатысуға;

9) дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергi жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;

10) дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсiмiн байқауға;

11) дауыс беру өткiзiлгеннен кейiн дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшiрмелерiн алуға;

12) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиiстi жазбаша мәлiмдемелердi, актiлердi табыс етуге және табыс еткенi туралы белгi соқтыруға құқылы. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенiм бiлдiрiлген адамдардың, байқаушылардың өтiнiштерi бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актiлерiн қоса беруге мiндеттi.

3. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:

1) олардың жеке басы мен өкiлеттiгiн куәландыратын құжаттарын өздерiмен алып жүруге;

2) сайлау процесiне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешiмдердi қабылдау рәсiмiне араласпауға;

3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергi келтiретiн iс-әрекеттер жасамауға;

4) сайлау учаскесiнде сайлау комиссиясы төрағасының тиiстi сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiп ережелерiн сақтау жөнiндегi талаптарын орындауға;

5) өз ескертулерiн құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактiлермен негiздеуге;

6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға;

7) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге мiндеттi.

4. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бiрлестiктерiнiң, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиiстi сайлау комиссиясы байқаушыны тiркеудiң күшiн жоюға құқылы.

Ескерту. 20-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

20-2-бап. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi

1. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысуға шақыруды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы iстер министрi жiбере алады.

Шақыру Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi арқылы жiберiледi.

Шақыруда миссия саны мен құрамына, сондай-ақ миссияда гендерлiк балансты, елдiк өкiлдiктi қамтамасыз етуге қатысты тiлектер қамтылуы мүмкiн.

2. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледi.

Аккредиттеу үшiн шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiне өз байқаушыларының, өкiлдерiнiң тiзiмiн ұсынады.

Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылмайтын жеке тұлғалар аккредиттеуге жатпайды.

Қазақстан Республикасында саяси, экономикалық немесе басқа мүдделерi бар не Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттiң заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзғаны үшiн олардың аккредиттелуi керi қайтарып алынған (күшi жойылған) не аккредиттеуге өтiнiм бергенге дейiнгi бес жыл iшiнде қылмыстық iс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңiнде заңсыз қызмет жасауда кiнәлi деп танылған адамдар аккредиттелмейдi.

3. Шет мемлекеттердiң, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мерзiмiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

4. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткiзу кезеңiндегi қызметi үшiн негiз болып табылатын, Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiк берiледi. Аккредиттеудi жүргiзу дауыс беру күнiнен бес күн бұрын аяқталады.

5. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң өз мәртебесiн Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысы жоқ қызметтi жүзеге асыру үшiн пайдалануға құқығы жоқ.

6. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң:

1) сайлау процесiнiң барлық кезеңдерiне қатысуға;

2) сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға;

3) дауыс берудi өткiзу және дауыстарды санау кезiнде сайлау учаскелерiне кiруге;

4) сайлау процесiне қатысушылармен кездесуге;

5) өздерiнiң байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерiн хабардар етуге, ұсынымдар енгiзуге;

6) жария мәлiмдемелер жасауға;

7) дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсiмiн байқауға құқығы бар.

7. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдiк бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi:

1) жеке басын және аккредиттелгенiн куәландыратын құжаттарын өздерiмен бiрге алып жүруге;

2) сайлау процесiне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешiмдер қабылдау рәсiмiне араласпауға;

3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергi келтiретiн iс-әрекеттер жасамауға;

4) сайлау учаскесiнде сайлау комиссиясы төрағасының тиiстi сайлау комиссиясы белгiлеген тәртiп ережелерiн сақтау жөнiндегi талаптарын орындауға;

5) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;

6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.

8. Осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуiн керi қайтарып алуға құқылы.

9. Байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиiстi сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуiн керi қайтарып алу туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.

Ескерту. 20-2-баппен толықтырылды - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен, өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2009.02.09. N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңымен.

3-тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi

21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi

1. Қазақстан Республикасында мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланылады.

2. Сайлау округтерi Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi және сайлаушылардың мөлшермен бiрдей саны болуы ескерiлiп құрылады. Бұл ретте облыс шегiндегi, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасындағы, аудандық, қалалық сайлау округтерiндегi сайлаушылар санының айырмасы осы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктегi әрбiр депутаттық мандатқа сайлаушылардың орташа санының он бес процентiнен аспауға тиiс.

3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжiлiс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.

4. Мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттар сақталып, бiр мандаттық аумақтық сайлау округтерi құрылады.

5. Өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.

Ескерту. 21-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.

22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың шекараларын қайта қарау

1. Сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады.

2. Сайлау округтерiнiң тiзiмiн, олардың шекараларын және округтiк сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн көрсетiп, сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн он күннен кешiктiрмей тиiстi сайлау комиссиялары тиiстi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

3. Сайлау округтерiнiң тiзiмiне өзгерiстер енгiзудi, олардың шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлерiн анықтауды тиiстi сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

Ескерту. 22-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңымен.

23-бап. Сайлау учаскелерiн құру

1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткiзу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң сайлау комиссияларымен келiсiлген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлылық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.

2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:

1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;

2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.

3) алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады. Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлiгi орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.

4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Тиiстi әкiмдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейiн жетi күн мерзiм iшiнде, ал өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде үш күн мерзiмде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлаушыларды әрбiр сайлау учаскесiнiң шекарасы жөнiнде хабардар етедi.

Ескерту. 23-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет