Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегi n 2464 Конституциялық заңы



бет4/10
Дата17.07.2016
өлшемі0.52 Mb.
#206248
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

32-бап. Сайлау алдындағы үгiттi тоқтату

1. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

2. Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан iлулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.

Ескерту. 32-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.



6-тарау. Сайлауды қаржыландыру

33-бап. Сайлауды мемлекеттiк қаржыландыру

1. Партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауын қоспағанда, Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергiлiктi атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетiн бюджет қаражатына иелiк етудi аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртiбi Қазақстан Республикасының бюджеттiк заңнамасында белгiленедi .

2. Республикалық бюджет қаражатынан:

1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне, электронды сайлау жүйелерiнiң пайдаланылуын қамтамасыз ететiн мамандарға еңбек ақы төлеуге;

2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;

3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткiзуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;

4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке;

5) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президенттiкке, Парламент Сенатының және мәслихаттардың депутаттығына, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелiгiне кандидаттар туралы, сондай-ақ партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға жұмсаған шығындары жабылады.

3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.

4. Алып тасталды - 2005.04.15 N 44 Конституциялық Заңымен.

Ескерту. 33-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

34-бап. Сайлауды мемлекеттiк емес қаржыландыру

1. Президенттi және Парламент және мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттардың сайлау алдындағы үгiтiн осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен құрылатын сайлау қорлары қаражатынан қаржыландыруға болады.

2. Сайлау қорлары заңдарда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуге жатады.

3. Сайлау қорлары мынадай көздерден:

1) кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаражатынан;

2) кандидатқа оны ұсынған Республиканың қоғамдық бiрлестiгi бөлген қаражаттан;

3) Республика азаматтары мен ұйымдарының ерiктi қайырмалдықтарынан құралады. Мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, қайырымдылық ұйымдарының, дiни бiрлестiктердiң, өздерiнiң жарғылық капиталында шетелдiк қатысушысы бар қазақстандық заңды тұлғалардың ерiктi қайырмалдықтарына, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың анонимдiк қайырмалдықтарына тыйым салынады.

4. Сайлау қорларына заңды жолмен алынған қаражат қана берiледi. Қорға келiп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздерi туралы ақпаратты сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейiн он күн iшiнде:

Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттарын партиялық тiзiм бойынша сайлау кезiнде - Орталық сайлау комиссиясы;

Парламент Сенатының депутаттарын сайлау кезiнде - облыстық (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) сайлау комиссиялары;

мәслихаттардың депутаттарын сайлау кезiнде - округтiк сайлау комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

5. Аталған көздерден сайлау қорларына жолдануы мүмкiн ақшалай қаражаттың шектi мөлшерi осы Конституциялық заңның Ерекше бөлiмiнде белгiленедi. Белгiленген мөлшерден артық түскен ақша қаражаты сайлау қорына есептеуге жатқызылмайды және оларды қосқан азаматтар мен ұйымдарға қайтарылып берiледi. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады. Дерегi жоқ қайырмалдықтар республикалық бюджет кiрiсiне енгiзiледi.

6. Сайлау қорын құрайтын ақша қаражаты кандидат, партиялық тiзiм тiркелгеннен кейiн тиiстi сайлау комиссиясы банк мекемелерiнде ашатын арнаулы уақытша шоттарға түсiрiледi. Аталған шот бойынша кiрiс есептелмейдi және төленбейдi. Осы Конституциялық заңда аталған мақсаттар үшiн сайлау қорының қаражатына иелiк ету құқығы тек қана кандидатқа және партиялық тiзiмдердi ұсынған саяси партияларға берiледi. Банктер тиiстi сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шотқа келiп түскен қаражат және олардың жұмсалуы туралы апта сайын есеп бередi. Тиiстi сайлау комиссиясының сұратуы бойынша сол мәлiметтер жиырма төрт сағаттың iшiнде берiледi. Сайлау қорларының қаражатын жұмсау тәртiбiн және тиiстi банк мекемесiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi .

7. Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған саяси партия партиялық тiзiмдi керi қайтарып алған немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi ұсыну немесе кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылған жағдайда сайлау қорына түскен ақша қаражаты оны қосқан азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылуға жатады. Бұл ретте аталған қаражатты қайтаруға байланысты шығыстар оларды енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады.

8. Арнаулы уақытша шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар, оның iшiнде жеке және заңды тұлғалармен есеп айырысулар, мiндеттi аударымдар, салықтар және бюджетке төленетiн басқа да төлемдер сайлаудың алдындағы күнi сағат 18-де тоқтатылады.

Қайта дауыс беру өткiзiлген жағдайда кандидаттың сайлау қорына түсiруге рұқсат берiлген ақшаның шектi сомасы бiр жарым есе ұлғайтылады.

Қайтадан дауыс беру өткiзiлген кезде өздерiне қатысты қайтадан дауыс беру өткiзiлетiн кандидаттардың арнаулы уақытша шоттары бойынша қаржы операциялары қайтадан дауыс беру тағайындалған күнi қайта жаңғыртылады және сайлау күнiнiң алдындағы күнгi сағат он сегiзде тоқтатылады.

Сайлау қорына ол құрылған кезден бастап түскен ақшаның жалпы сомасы осы Конституциялық заңмен белгiленген шектен acпaуғa тиiс.

9. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей кандидат, саяси партия тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi. Сайлау қорының сайлау науқаны мақсаттарына жұмсалмай қалған ақшалай қаражатының үштен екiсi республикалық бюджетке жiберiледi, ал үштен бiрi кандидатқа, саяси партияға қайтарылады.

10. Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның осы баптың 1-8-тармақтарында белгiленген ережелердi, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген сайлау қорлары қаражатын жұмсау тәртiбiн бұзуы - кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жоюға, ал сайлау өткiзiлгеннен кейiн кандидаттың Президент, Парламент депутаты, мәслихат депутаты, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшесi ретiнде тiркелуiне дейiн тиiстi аумақ немесе округ бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға әкеп соғады.

Ескерту. 34-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.

35-бап. Сайлау шараларын сайлау комиссияларының қаржыландыруы

1. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiндегi сайлау iс-шараларын қаржыландыруды Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

2. Сайлау комиссияларының төрағалары ақшалай қаражатқа иелiк етедi және қаржы құжаттарының сайлау комиссияларының қаржы мәселелерi жөнiндегi шешiмдерiне сай келуi үшiн жауап бередi.

Ескерту. 35-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.



36-бап. Сайлау науқанын өткiзуге бөлiнген қаражаттың жұмсалуын бақылау

1. Сайлау науқандарына республикалық бюджеттен бөлiнген қаражатты кандидаттардың жұмсауын бақылау Қазақстан Республикасының заңдарына  сәйкес жүзеге асырылады.

2. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуын бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары және банк мекемелерi жүзеге асырады.

3. Тиiстi сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша аталған бақылауды жүргiзуге өздерiнiң құзыретiне сәйкес мемлекеттiк органдардың мамандары тартылуы мүмкiн.

Ескерту. 36-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.

7-тарау. Дауыс беру тәртiбi

37-бап. Сайлау бюллетенi

1. Сайлау бюллетенiне мемлекеттiк тiлдiң әлiпбилiк тәртiбiмен тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiле отырып, барлық тiркелген кандидаттар енгiзiледi. Саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары енгiзiледi. Жеребе тартуды Орталық сайлау комиссиясы жүргiзедi. Жеребе тартуды өткiзудiң тәртiбiн Орталық сайлау комиссиясы белгiлейдi.

2. Сайлау бюллетеньдерi мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде басылады.

Сайлау бюллетеньдерi сайлау округiндегi сайлаушылардың жалпы санының 1 процентi резервiмен сайлау округiндегi сайлаушылардың санына тең мөлшерде дайындалады.

3. Сайлау бюллетеньдерi учаскелiк сайлау комиссияларына сайлаудан кем дегенде бiр күн бұрын сайлау учаскесiндегi сайлаушылардың жалпы санының 1 процентi резервiмен жеткiзiледi.

4. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

5. Сайлау бюллетеньдерi орналасқан үй мөрлеп бекiтiлiп, iшкi iстер органдарының күзетуiне тапсырылады.

Ескерту. 37-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



38-бап. Дауыс беру уақыты мен орны

1. Президенттi, Парламент Мәжiлiсi мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау жөнiндегi дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат жетiден жиырмаға дейiн өткiзiледi. Аумақтық немесе округтiк сайлау комиссиялары тиiстi әкiмнiң, учаскелiк сайлау комиссияларының ұсынысы бойынша дауыс берудi бастайтын және аяқтайтын басқа уақыт белгiлеуге хақылы. Бұл орайда дауыс берудi сағат алтыдан ерте бастап, сағат жиырма екiден кеш аяқтауға болмайды. Дауыс берудi бастау және аяқтау уақытын өзгерту туралы аумақтық немесе округтiк комиссиялардың шешiмi сайлаушылардың назарына жеткiзiлуге тиiс.

2. Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн уақыт пен орын туралы дауыс беру өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, ал  мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiнiң сайлауын өткiзген кезде бес күннен кешiктiрмей сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ өзге де әдiстермен хабардар етуге тиiс.

3. Қазақстан Республикасының иелiгiндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, әскер бөлiмдерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда, алыстағы мал шаруашылығы учаскелерiнде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан құрылған сайлау учаскелерiнде, егер тiзiмге енгiзiлген сайлаушылардың бәрi дауыс берсе, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс берудi кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады. Мұндай учаскелердiң тiзбесiн тиiстi сайлау комиссиясы сайлауға дейiн жетi күннен кешiктiрмей, мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауды өткiзгенде үш күннен кешiктiрмей бекiтедi.

4. Сенат депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру бiр күннiң iшiнде өткiзiледi. Бұл ретте дауыс беру уақытын аумақтық сайлау комиссиясы анықтайды.

Ескерту. 38-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.



39-бап. Дауыс беруге арналған үй-жай

1. Президенттi, Парламенттiң, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлауға дауыс беру арнайы бөлiнген бөлмелерде өткiзiлуге тиiс, оларда жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жеткiлiктi мөлшерде жабдықталуға, сайлау бюллетеньдерiн беретiн орындар белгiленiп, дауыс беруге арналған жәшiктердiң қойылуы дауыс беретiн адамдар оларға жасырын дауыс беруге арналған кабиналар арқылы өтiп келетiндей болуға тиiс. Бұл ретте байқаушылар, сенiм бiлдiрiлген адамдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен сайлау комиссиясы мүшелерiнiң сайлау жәшiктерiн, жасырын дауыс беруге арналған кабиналарға кiрудi және шығуды бақылауына жағдай жасалуға тиiс.

2. Дауыс беруге арналған үй-жайдағы адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi. Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған үй-жайдағы сайлаушылардың санын реттейдi; тәртiпке жауапты болады және осы Конституциялық заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етуге хақылы.

Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заңдарын бұзған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясының мүшесi оның жұмысына қатысудан дереу шеттетiледi, ал байқаушы мен өзге адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған дәлелдi шешiмi бойынша дауыс беруге арналған үй-жайдан шығарылады.

Осы шешiмнiң орындалуын iшкi iстер органдары жүзеге асырады, олар сонымен қатар сайлау комиссиясының шеттетiлген мүшесiн, сондай-ақ шығарылған байқаушыны немесе өзге адамды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдайды.

3. Дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртiптi қамтамасыз ету iшкi iстер органдарына жүктеледi. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi дауыс беруге арналған үй-жайда комиссия төрағасының шақыруымен ғана болуға тиiс және тәртiп қалпына келтiрiлгеннен кейiн не комиссия төрағасының өтiнiшi бойынша ол жерден дереу шығуға мiндеттi.

Ескерту. 39-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.



40-бап. Дауыс берудi ашу

1. Президенттi, партиялық тiзiм бойынша сайланатын Мәжiлiстiң депутаттарын, мәслихаттардың депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастауға тиiс.

2. Сенат депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлау жөнiнде дауыс беретiн күнi тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру басталғанға дейiн бiр сағат бұрын дауыс беруге арналған пункттердi аша бастауға тиiс.

3. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

4. Учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясының төрағасы:

1) дауыс беру басталардан отыз минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар екенiн немесе жоқ екенiн, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады;

2) комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Ескерту. 40-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



41-бап. Дауыс берудi ұйымдастыру

1. Әрбiр сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс бередi.

2. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

3. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушыларға (таңдаушыларға) сайлаушылар тiзiмдерi (таңдаушылар тiзiмдерi) негiзiнде сайлаушының (таңдаушының) жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуi бойынша берiледi.

4. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмге бюллетеньдердi алғандығы туралы қол қояды.

5. Комиссияның бюллетеньдi (бюллетеньдердi) берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi (бюллетеньдердi) алған сайлаушының (таңдаушының) тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысының бюллетеньдер бepуге құқығы жоқ.

6. Жекелеген сайлаушылар денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне, сондай-ақ сайлау учаскелерi құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрiлмей берiле алатын жазбаша өтiнiшi бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруға тиiс.

Осы тармақта көрсетiлген өтiнiш келiп түскен жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы өтiнiш берген сайлаушының сайлаушылар тiзiмiндегi аты-жөнiнiң тұсына тиiстi белгi қояды.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырған кезде тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екi мүшесi алып жүредi.

Учаскелiк сайлау комиссиясының мүшелерi байқаушыларды, сенiм бiлдiрiлген адамдарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiн сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруi туралы хабардар етуге мiндеттi.

Сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру үшiн шыққан кезде оларға байқаушылар не сенiм бiлдiрiлген адамдар iлесiп жүруге құқылы.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi ұйымдастыру кезiнде сайлау комиссиясының мүшелерi, сайлау бюллетеньдерiнiң бүлiнуi мүмкiн екендiгi ескерiле отырып, олардың қажеттi мөлшерiмен қамтамасыз етiлуге тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде дауыс берiлген жағдайда бюллетень (бюллетеньдер) сайлаушыларға дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштерiнiң негiзiнде берiледi, олар бұл туралы өтiнiштерiне қол қояды.

Бюллетень (бюллетеньдер) берген комиссия мүшесi оған өз қолын қояды, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiшке де қол қояды.

6-1. Жалпы жұрттың танысуы үшiн сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күнi арасындағы кезеңде сайлаушы өзiнiң болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушының өтiнiшi бойынша және ол жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлiгiн табыс етедi. Бұл ретте сайлаушылар тiзiмiне тиiстi белгi қойылады. Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлiгiн көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретiн күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiмiне енгiзедi.

Есептен шығару куәлiгi бiр елдi мекеннiң шегiндегi басқа сайлау округiнде немесе басқа сайлау учаскесiнде дауыс беруге қатысқысы келетiн сайлаушыларға берiлмейдi.

Есептен шығару куәлiктерiн беру дауыс беретiн күннiң алдындағы күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он сегiзде тоқтатылады.

7. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

8. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

9. Дауыс берудi осы баптың 6-тармағына сәйкес ұйымдастырып, өткiзу азаматтардың сайлау құқықтарын бұзу, дауыс беру құпиясын бұзу немесе сайлаушының ерiк бiлдiруiн бұрмалау мүмкiндiгiн болдырмауға тиiс.

Ескерту. 41-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



42-бап. Дауыс берудi өткiзу

1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:

1) сайлау комиссиясының мүшесi;

2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;

3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;

4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;

5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.

2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

Сайлаушы саяси партиялардың атаулары бар бюллетеньде өзi жақтап дауыс беретiн саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға
кез келген белгi қояды.

3. Сайлаушы мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының мүшелерiн сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.

3-1. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

5. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.

Ескерту. 42-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1998.11.06 N 285, 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау

43-бап. Сайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi) дауыстарды санау

1. Президенттi, партиялық тiзiмдер бойынша сайланатын Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүшелерiн сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.

Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзiлiссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.

Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетiндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгiлердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.

Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.

Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.

2. Парламент Сенаты депутаттарын және Қазақстан халқы  Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.

3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.

3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшiктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.

Бiрiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгiндегi бюллетеньдердiң саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiнiштердiң санына сәйкес келуге тиiс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгiдегi сайлау бюллетеньдерiнiң саны жазбаша өтiнiштердiң тиiстi санынан артық болып шықса, онда бұл жәшiктегi барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшiгiнен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бiрге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.

4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:

1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;

2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;

3) комиссияның әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.

4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң саны бойынша:

1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;

2) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстар санын;

3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;

4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;

5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.

Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнiң және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.

5. Мынадай бюллетеньдер:

1) белгiленбеген үлгiдегi;

2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;

3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;

4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.

6. Алып тасталды - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен.

7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.

7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсi депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенiм бiлдiрiлген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бiр рет қана жүргiзедi.

8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.

Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.

Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.

Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi берiледi.

8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтiк сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бiрiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.

Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайында iлiнедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.

Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi берiледi.

8-2. Округтiк сайлау комиссиясы дауыс беру күнiнен бастап бес күннен кешiктiрмей сайлау учаскелерiндегi дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпы жұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.

Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.

9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы.

Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактiлерiн табыс еткен өтiнiш берушiлердiң қатысуымен жүргiзiледi.

Сайлау комиссиясы шешiмiнiң негiзiнде жүзеге асырылатын дауыстарды қайта санау сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейiн жүргiзiлуге тиiс.

Ескерту. 43-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет