Қазақстан республикасының азаматтық процестік кодексі


тұлғаларды жеделдетілген оңалту және оңалту туралы iстердi қарау



бет16/21
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124822
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
тұлғаларды жеделдетілген оңалту және оңалту туралы iстердi қарау

Сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту және оңалту туралы iстердi оңалту және банкроттық туралы заңнамада белгіленген ерекшеліктермен осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды.
43-тарау. ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЗАТТЫ ИЕСІЗ ДЕП ТАНУ ЖӘНЕ ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІККЕ КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫН ТАНУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
356-бап. Арыз беру

1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы затты иесіз деп тану туралы арыз осы затты иеленуге кіріскен жеке тұлғаның тұрғылықты жеріндегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.

2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.

3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін сотқа арызбен жүгінсе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 242-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды кері қайтарады.


357-бап. Арыздың мазмұны

1. Жылжымалы затты иесіз деп тану туралы арызда қандай заттың иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ меншік иесінің осы затқа меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кетуі туралы куәландыратын дәлелдемелер және арыз иесінің затты иеленуге кіріскені туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.

2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп тануға жататыны, оны кім және қалай анықтағаны және оның иесіз мүлік ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ меншік иесінің осы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетінсіз осы мүлікті тастап кеткені туралы куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
358-бап. Істі сот талқылауына дайындау

Істі сот талқылауына дайындау кезінде сот қандай адамдар (меншік иелері), іс жүзіндегі иелері және басқалары мүліктің тиесілігі туралы мәліметтерді бере алатынын анықтайды, бар мәліметтер бойынша тиісті ұйымдардан жауап алады, сондай-ақ осы Кодекстің 165-бабында көзделген барлық іс жүргізу әрекеттерін жүргізеді.

Сот талқылауына істі дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
359-бап. Арызды қарау

Жылжымалы затты иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.

360-бап. Арыз бойынша сот шешімі

1. Сот жылжымалы зат иесінің жоқтығын не иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кеткенін тани отырып, жылжымалы затты иесіз деп тану туралы және оны иеленген адамның меншігіне беру туралы шешім шығарады.

2. Жылжымайтын мүлік иесінің жоқтығын не оның меншік құқығын сақтау ниетінсіз тастап кеткенін және белгіленген тәртіппен есепке алынғанын тани отырып, сот жылжымайтын мүлікті иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім шығарады.
44-тарау. АЗАМАТТЫҚ ХАЛ АКТІЛЕРІ ЖАЗБАЛАРЫНА ТҮЗЕТУЛЕР НЕМЕСЕ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗУ ТУРАЛЫ ІС ЖҮРГІЗУ
361-бап. Арыз беру

Егер құқық туралы дау болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары жасалған жазбаға түзетулер енгізуден бас тартса, сот азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателерін анықтау туралы істі қарайды. Азаматтық хал актілеріндегі жазбаның қатесін анықтау туралы арыз арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша не азаматтық хал актілерін жазу органы орналасқан жердегі сотқа беріледі.

Істі сот талқылауына дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
362-бап. Арыздың мазмұны

Арызда азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателігі неде екендігі, жасалған жазбаны түзетуден немесе өзгертуден қашан және қандай азаматтық хал актілерін жазу органы бас тартқаны көрсетілуге тиіс.


363-бап. Арыз бойынша сот шешімі

Азаматтық хал актілеріндегі жазбалардың қателігін анықтаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органдарының мұндай жазбаны түзетуіне немесе өзгертуіне негіз болып табылады.


45-тарау. НОТАРИАТТЫҚ ӘРЕКЕТТЕРГЕ НЕМЕСЕ ОЛАРДЫ ЖАСАУДАН БАС ТАРТУҒА БЕРІЛЕТІН ШАҒЫМДАР БОЙЫНША

ІС ЖҮРГІЗУ


364-бап. Шағым беру

1. Жасалған нотариаттық әрекетті немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп есептейтін мүдделі адам бұл жөнінде нотариус немесе нотариаттық әрекет жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адам тұрған жердегі аудандық сотқа шағым беруге құқылы.

2. Заңдарда аталған лауазымды адамдардың өсиеттер мен сенімхаттарды дұрыс куәландырмауына немесе оларды куәландырудан бас тартуына шағымдар тиісті аурухана, басқа да стационарлық емдеу-профилактикалық мекеме, халықты әлеуметтік қорғау мекемесі, тиісті халықты әлеуметтік қорғау органы, экспедиция, госпиталь, әскери-оқу мекемесі, әскери бөлім, құрама, мекеме, ұйым, бас бостандығынан айыру орны орналасқан жердегі сотқа беріледі.

3. Қазақстан Республикасының туын көтеріп жүзетін теңіз кемесі немесе ішкі сулардағы жүзу кемесі капитанының өсиетті дұрыс куәландырмауына немесе оны куәландырудан бас тартуына шағымдар кеме тоқтайтын порт орналасқан жердегі сотқа беріледі.

4. Шағым сотқа арыз жасалған нотариаттық әрекет туралы немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде беріледі.
365-бап. Істі сот талқылауына дайындау

Істі сот талқылауына дайындау кезінде сот жасалған қандай нотариаттық әрекетпен немесе оны жасаудан бас тартумен арыз берушінің келіспейтінін, оның құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу неден көрінетінін анықтайды, осы Кодекстің 165-бабында көзделген барлық процестік әрекеттерді жасайды.

Істі сот талқылауына дайындау арыз соттың іс жүргізуіне қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл мерзімді ұзартуға жол берілмейді.
366-бап. Шағымды қарау

1. Шағымды сот арыз берушінің, шағым жасалып отырған нотариаттық әрекетті жасаған немесе нотариаттық әрекет жасаудан бас тартқан нотариустың қатысуымен қарайды. Алайда олардың келмеуі істі шешуге кедергі болмайды.

2. Егер шағым беру кезінде немесе істі қарау кезінде мүдделі адамдар арасында жасалған нотариаттық әрекетке негізделген құқық туралы дау белгілі болса, сот арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады, онда арыз берушіге және басқа да мүдделі адамдарға олардың дауды талап қою жөніндегі іс жүргізу тәртібімен шешу құқығын түсіндіреді.
367-бап. Шағым бойынша сот шешімі

Арыз берушінің шағымын қанағаттандырған сот шешімі жасалған нотариаттық әрекеттің күшін жояды немесе мұндай әрекетті жасауға міндеттейді.


46-тарау. КӨРСЕТУШІГЕ БЕРІЛЕТІН ЖОҒАЛҒАН БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӘНЕ ОРДЕРЛІК БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ (ШАҚЫРТУ ІСІН ЖҮРГІЗУ)

368-бап. Арыз беру

1. Бағалы қағаздарды ұсынушыға берілетін бағалы қағазды немесе ордерлік бағалы қағазды (бұдан әрі - құжат) жоғалтқан адам заңда көрсетілген жағдайларда соттан жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы және ол жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы өтініш жасай алады. Тиісінше сақтамау салдарынан немесе басқа да себептермен құжаттың төлемдік белгілері жоғалған кезде де құжат бойынша құқықтардың қалпына келтірілуі мүмкін.

2. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арыз құжатты берген мекеме (адам) орналасқан жердегі сотқа беріледі.


369-бап. Арыздың мазмұны

Арызда жоғалған құжаттың ерекше белгілері, оны берген мекеменің (адамның) атауы көрсетілуге, сондай-ақ құжат жоғалған кездегі мән-жайлар, арыз берушінің құжатты берген тұлғаға ол бойынша төлем жүргізуге немесе оны беруге тыйым салу туралы өтініші жазылуға тиіс.


370-бап. Істі сот талқылауына дайындау

1. Істі соттың талқылауына дайындау туралы ұйғарымда судья арыз берушіні бұқаралық ақпарат құралдарында (аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі, Интернет желісінде, теледидарда) көрсетушіге жоғалған бағалы қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды қалпына келтіру туралы іс қозғалғаны туралы өз есебінен жарияланым жасауға міндеттейді.

Жарияланым сот белгілеген мерзімде жүргізіледі және:

1) құжаттың жоғалғаны туралы арыз келіп түскен соттың атауын;

2) арыз берген тұлғаның және оның мекенжайының көрсетілуін;

3) құжаттың атауы мен ерекше белгілерін;

4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға ол жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беру ұсынысын қамтуға тиіс.

2. Арыз беруші бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым туралы растауды ол орналастырылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей сотқа ұсынуға міндетті. Жарияланым туралы растауды ұсынбау арызды қараусыз қалдыруға әкеп соғады.

3. Сот ұйғарымның көшірмесін құжат берген мекемеге (адамға), тізілім ұстаушыға және арыз берушіге жібереді.

4. Судья арызды қабылдағаннан кейін құжатты берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем жүргізуге немесе оны беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген мекемеге (адамға), тізілім ұстаушыға және тіркеушіге жібереді.

Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады.

371-бап. Құжатты ұстаушының арызы

Жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушы жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін ұйғарым шығарған сотқа құжатқа өз құқықтары туралы арыз беруге және бұл орайда құжаттың төлнұсқасын табыс етуге міндетті.
372-бап. Құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскеннен кейінгі судьяның әрекеттері

1. Құжатты ұстаушыдан жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін арыз келіп түскен жағдайда сот құжатты жоғалтқан адамның арызын қараусыз қалдырады және құжатты берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем төлеуге және оны беруге тыйым салынатын мерзім белгілейді. Бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.

2. Сонымен бірге сот арыз берушіге оның сол құжатты талап ету туралы құжатты ұстаушыға жалпы тәртіппен талап қою құқығын, ал құжатты ұстаушыға оның қолданылған тыйым салу шаралары арқылы келтірілген залалды арыз берушіден өндіріп алу құқығын түсіндіреді.

3. Соттың ұйғарымы аппеляциялық тәртіппен шағым беруге, наразылық келтіруге жатпайды.


373-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау

1. Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 372-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.

2. Арыздың жоғалған құжатты ұстаушыдан үш ай мерзім өткен соң, бірақ мәні бойынша іс қаралғанға дейін сотқа келіп түсуі осы Кодекстің 372-бабында көзделген салдарға әкеп соғады.
374-бап. Арыз бойынша сот шешімі

1. Арыз берушінің арызы қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.

2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда, сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
375-бап. Құжат ұстаушының мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы талап қою құқығы

Қандай да бір себептермен осы құжатқа өз құқығы туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.


47-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) БАСҚА МЕМЛЕКЕТТIҢ АУМАҒЫНДА ЭКСТРЕМИЗМДI НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТIК ӘРЕКЕТТI ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ҰЙЫМ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ, ОНЫҢ ІШІНДЕ ОНЫҢ ӨЗ АТАУЫН ӨЗГЕРТКЕНІН АНЫҚТАУ ТУРАЛЫ, СОНДАЙ-АҚ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ТАРАТЫЛАТЫН АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ЭКСТРЕМИСТIК НЕМЕСЕ ТЕРРОРИСТІК ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
376-бап. Арыз беру

Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызды прокурор осындай талаптарды мәлімдеген прокурордың орналасқан жері бойынша немесе осындай материалдар табылған жері бойынша сотқа береді.


377-бап. Арыздың мазмұны

Арызда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстремистік немесе террористік деп танылуы мүмкiн әрекетті ұйымның Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында жүзеге асыру фактiсiн не оның өз атауын өзгерту фактісі, сондай-ақ ақпараттық материалдарда экстремизм немесе терроризм белгілерінің болуын фактісін растайтын мән-жайлар жазылуға тиiс.

Прокурордың ұйымды экстремистiк немесе террористiк деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арызында қамтылған материалдар шет мемлекеттердiң құзыреттi органдарынан алынған нақты деректердi де, соның iшiнде халықаралық соттардың және шет мемлекеттер соттарының сот шешiмдерiн де қамтуы мүмкiн.
378-бап. Арыз бойынша сот шешімі

Сот ұйымды экстремистік немесе террористік деп және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тани отырып, ұйымның қызметіне тыйым салу және оны тарату және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағына ақпараттық материалдарды әкелуге, шығаруға, дайындауға және (немесе) таратуға тыйым салу туралы, сондай-ақ ұйымның мүлкін тәркілеу және мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы шешім шығарады.

Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттiң аумағында экстремизмді немесе террористік әрекетті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік ұйым деп тану туралы, соның ішінде оның өз атауын өзгерткенін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы соттың шешімі бұл туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк органның арнайы есепке алу жүйесiне қосу үшiн негiз болады.
48-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУМАҒЫНДА ТАРАТЫЛАТЫН, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАЛЫҚ АКТІЛЕРІНЕ ҚАЙШЫ КЕЛЕТІН АҚПАРАТТЫ ҚАМТИТЫН ШЕТЕЛДІК БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛЫНЫҢ ӨНІМІН ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
379-бап. Арыз беру

Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне қайшы келетiн ақпаратты қамтитын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн заңсыз деп тану туралы арызды шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының өнімінде заңды мүдделері қозғалған азаматтар мен заңды тұлғалар, прокурор немесе уәкiлеттi орган арыз берушiнiң орналасқан жерi бойынша бередi.


380-бап. Арыздың мазмұны

Қазақстан Республикасының аумағында таралатын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін заңсыз деп тану туралы арызда ақпараттың осындай деп танылуға жататыны көрсетілуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне ақпараттық өнімнің сәйкес еместігін куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс. Арызда жазылған ақпараттың таралғанын растайтын фактілер арызда жазылуға тиіс.


381-бап. Соттың арыз бойынша шешімі

Сот Қазақстан Республикасының аумағында таралатын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келетін ақпаратты қамтитын шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімі заңсыз болып табылатынын танып, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуды тоқтата тұру не тоқтату туралы шешім шығарады.

Соттың шешімі тиісті мемлекеттік органға жіберіледі.

49-тарау. ШЕТЕЛДІКТІ НЕМЕСЕ АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕГІНЕН ТЫС ШЫҒАРЫП ЖІБЕРУ ТУРАЛЫ АРЫЗ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ


382-бап. Арыз беру

Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды ішкі істер органдары шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның болған және (немесе) тіркелген жеріндегі сотқа береді.


383-бап. Арыздың мазмұны

1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызда Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын куәландыратын мән-жайлар жазылуға тиіс.

2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызға шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
384-бап. Арызды қарау

1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арызды сот іс қозғалған кезден бастап он күн ішінде қарайды.

2. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы арыз шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қаралады.

3. Сот шығыстарын, сондай-ақ шығарып жіберу бойынша шығыстарды шығарып жіберілетін шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар не Қазақстан Республикасына шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды шақырған ұйымдар немесе жеке тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығарып жіберу бойынша шығыстарды өтеуге қаражаты болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, тиісті іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.


385-бап. Арыз бойынша сот шешімі

1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі оны қабылдаған күннен бастап заңды күшіне енеді және шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберуге негіз болады.

2. Шешімде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс мерзім көрсетіледі.

3. Соттың шешімі орындау үшін ішкі істер органдарына жіберіледі.


386-бап. Шығарып жіберу туралы сот актісін орындауды тоқтата тұру

Шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының аумағынан кетуге тиіс болатын сот көрсеткен мерзімге дейін шағым немесе наразылық келіп түскен жағдайда, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу туралы сот шешімі шағым немесе наразылық қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.


5-бөлімше. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
50-тарау. ЖОҒАЛҒАН СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДІ НЕМЕСЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ІС ЖҮРГІЗУДІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ БОЙЫНША

ІС ЖҮРГІЗУ


387-бап. Арыз беру

1. Азаматтық іс бойынша толық не бір бөлігі жоғалған, шешім шығарумен немесе тоқтатумен аяқталған сот ісін жүргізуді немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіруді сот осы тарауда белгіленген тәртіппен жүргізеді.

2. Сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды даудың мәні бойынша шешім шығарған не іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарған сотқа іске қатысатын адамдар не прокурор береді.

3. Жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды атқарушылық іс жүргізу тараптары, сот орындаушысы не прокурор атқарылатын жері бойынша сотқа береді.

4. Арызда: арыз берушінің нақты қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді сұрайтыны, соттың мәні бойынша шешім қабылдағаны не іс бойынша іс жүргізудің тоқтатылғаны, онда арыз берушінің қандай процестік жағдайда болғаны, іс бойынша тағы да кімдердің және қандай процестік жағдайда қатысқаны, олардың орналасқан не тұратын жері, арыз берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені туралы, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе олар туралы мәліметтердің тұрған орны, арыз берушінің нақты қандай құжаттарды қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қандай мақсат үшін қалпына келтіру қажет екені көрсетілуге тиіс.

5. Арызға сақталып қалған және іске қатысты құжаттар немесе олардың көшірмелері, олар белгіленген тәртіппен куәландырылмаса да арызға қоса беріледі.

6. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызға мемлекеттік баж төленбейді.
388-бап. Арызды қарау

1. Арызда жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы мәселе бойынша сотқа жүгінудің мақсаты көрсетілмеген кезде, сондай-ақ егер арыз беруші көрсеткен жүгіну мақсаты оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен байланысты болмаса, сот іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істі қозғаудан бас тартады не егер ол іс қозғалған болса, оны уәжді ұйғарыммен қараусыз қалдырады.

2. Мәні бойынша қаралғанға дейін жоғалған сот ісін жүргізу осы тарауда белгіленген тәртіппен қалпына келтіруге жатпайды. Мұндай жағдайда талапкер жаңадан талап қоюға құқылы. Сот ісін жүргізудің жоғалуына байланысты жаңа талап қою бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымында осы мән-жайлар міндетті түрде көрсетілуге тиіс.

3. Істі қарау кезінде сот іс жүргізудің сақталған бөліктерін, іс жүргізу жоғалғанға дейін азаматтар мен заңды тұлғаларға істен алып берілген құжаттарды, осы құжаттардың көшірмелерін, іске қатысы бар басқа да материалдарды пайдаланады.

4. Сот процестік әрекеттер жасау кезінде қатысқан адамдардан, ал қажет болған жағдайларда – іс жүргізуді жоғалған істі қараған соттың құрамына кірген адамдардан, сондай-ақ сот шешімін орындаған адамдардан куәлар ретінде жауап ала алады.
389-бап. Арыз бойынша сот шешімі

1. Іс жүргізуді тоқтату туралы соттың шешімі немесе ұйғарымы, егер олар іс бойынша шығарылса, міндетті түрде қалпына келтірілуге жатады.

2. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы жоғалған сот шешімін немесе ұйғарымын қалпына келтіру туралы сот шешімінде сотқа табыс етілген және жоғалған іс жүргізу бойынша процеске барлық қатысушылардың қатысуымен сот отырысында зерттелген қандай нақты деректердің негізінде сот қалпына келтірілетін сот актісінің мазмұны анықталды деп есептейтіні көрсетіледі.

3. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша шешімнің уәждеу бөлігінде соттың қандай дәлелдемелерді зерттегені және жоғалған іс жүргізу бойынша қандай іс жүргізу әрекеттерінің жасалғаны дәлелденгені туралы соттың түйіні де көрсетіледі.

4. Егер шешімді орындау жүргізілсе, жоғалған атқарушылық іс жүргізу қалпына келтіріледі.

5. Сот шешімінің орындалуы туралы акті жасалған және сот орындаушысы орындау кезінде көрсеткен әрекеттердің мәні көрсетіле отырып, сот шешімімен қалпына келтіріледі.

6. Атқарушылық іс жүргізуді шешім орындалғанға дейін жоғалған кезде атқару парағының телнұсқасы берілуі мүмкін жағдайда, сот жоғалған атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру туралы істі қозғаудан уәжді ұйғарыммен бас тартады.
390-бап. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату

1. Жоғалған іс жүргізу бойынша сот қаулысын дәлме-дәл қалпына келтіру үшін жиналған материалдар жеткіліксіз болған кезде сот іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызды талқылауды ұйғарыммен тоқтатады және іске қатысатын адамдарға жалпы тәртіппен талап қою құқығын түсіндіреді.

2. Жоғалған іс жүргізу бойынша сот қаулысын қалпына келтіру туралы арызды қарау оның сақталу мерзімімен шектелмейді. Алайда, оны орындау мақсатында жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіру туралы арызбен жүгінген жағдайда, атқару парағын орындау үшін ұсыну мерзімі өткен және сот қалпына келтірмесе, сот сонымен қатар арыз бойынша да іс жүргізуді тоқтатады.
391-бап. Жоғалған іс жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілерін даулау тәртібі

1. Жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіруге байланысты сот актілері осы Кодексте белгіленген тәртіппен дауланады.

2. Көрінеу жалған арыз берілген кезде жоғалған сот ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы арыз бойынша іс қозғауға байланысты сот шығыстары арыз берушіден өндіріліп алынады.
6-бөлімше. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
51-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТЫ НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ ҚАЙТАРУ ТУРАЛЫ НЕМЕСЕ БАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗУ ҚҰҚЫҚТАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТУРАЛЫ АРЫЗДАРДЫ ҚАРАУ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
392-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде баланы қайтару туралы немесе балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз беру

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару немесе осындай балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз) жауапкер оның қорғаншылық құқықтарын немесе қол жеткізу құқықтарын бұзды деп пайымдаған ата-анасы немесе өзге де адам сотқа береді не прокурор сотқа береді.

2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа беріледі.

3. Егер баланың Қазақстан Республикасының аумағында болу орны белгісіз болса, баланы қайтару туралы немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз баланың Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған болу орны бойынша немесе жауапкердің Қазақстан Республикасындағы соңғы белгілі болған орны бойынша осы баптың екінші бөлігінде көзделген сотқа беріледі.

4. Баланың болу орны өзгерген жағдайда баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз осы бапта белгіленген соттылық ережелерін сақтай отырып, арызды өзінің іс жүргізуіне қабылдаған соттың қарауына жатады.

5. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызда тиісті талап Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде қойылатыны көрсетілуге тиіс.


393-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздарды қарау тәртібі

Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыздар бойынша істер (бұдан әрі - баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында және осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен, талап қою жөніндегі іс жүргізудің жалпы қағидалары бойынша қаралады және шешіледі.


394-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету

Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі басқа шаралармен бірге қажет болған жағдайларда судья осы Кодекстің 15-тарауына сәйкес баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін жауапкерге баланың болу орнын өзгертуге және оның Қазақстан Республикасынан кетуін уақытша шектеуге тыйым сала алады.


395-бап. Талап қою талаптарын біріктіруге және қарсы талап қоюға жол берілмеушілік

Талапкердің Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған екі немесе одан да көп баланы қайтару туралы немесе екі немесе одан да көп балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы талаптарын біріктіру жағдайын қоспағанда, бірнеше талап қою талаптарын біріктіруге және баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша қарсы талап қоюына жол берілмейді.


396-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қарау

1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз прокурордың және қорғаншылық және қамқоршылық органының міндетті түрде қатысуымен қаралады.

2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды сот істі сот талқылауына дайындауға және уәжді шешім жасауға арналған мерзімді қоса алғанда, сот арызды қабылдаған күннен бастап қырық екі күннен аспайтын мерзімде қарайды.

397-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешімі

1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған баланы қайтару туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және баланы тұрақты тұратын мемлекетіне Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қайтарудың негізділігін, баланы қайтару тәртібін, сот шығыстарын және баланы қайтаруға байланысты шығыстарды бөлуге арналған нұсқауды немесе баланы тұрақты тұратын мемлекетіне қайтарудан Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде Қазақстан Республикасына заңсыз алып өтілген немесе Қазақстан Республикасында күштеп ұсталып отырған балаға қатысты қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешімі осы Кодекстің 19-тарауында белгіленген талаптарға сәйкес келуге және талапкердің Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудың негізділігін, талапкердің қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларын, сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қол жеткізу құқықтарын жүзеге асырудан бас тартудың негізділігін және сот шығыстарын бөлуге арналған нұсқауды қамтуға тиіс.


398-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешіміне апелляциялық шағымдар, ұсынымдар беру мерзімі және істі апелляциялық сатыдағы сотта қарау мерзімі

1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешіміне апелляциялық шағым, ұсыным осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес түпкілікті нысанда сот шешімі қабылданған күннен бастап он күн ішінде берілуі мүмкін.

2. Апелляциялық шағым, ұсыным бойынша келіп түскен баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа келіп түскен күннен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады.
399-бап. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына жекеше шағым, прокурордың ұсынымын беру және қарау мерзімі

1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша бірінші сатыдағы соттың ұйғарымына іске қатысатын тараптар және басқа да адамдар жекеше шағым беруі мүмкін, ал прокурор осы Кодекстің 52-тарауында белгіленген қағидаларға сәйкес бірінші сатыдағы сот ұйғарым шығарған күннен бастап он күн ішінде ұсыным бере алады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген жекеше шағым, ұсыным істі осы Кодекстің 429-бабында көзделген қағидаларға сәйкес апелляциялық сатыға берген күннен бастап он күннен кешіктірілмей қаралады.
400-бап. Сот қаулыларының көшірмелерін жіберу

1. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы, қайтару туралы, оны қозғалыссыз қалдыру, баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арызды қараусыз қалдыру, баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы сот ұйғарымдарының көшірмелері, бірінші сатыдағы соттың көрсетілген ұйғарымдарына жекеше шағым немесе ұсыным бойынша апелляциялық сатыдағы сот шығарған ұйғарымның көшірмесі тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей Қазақстан Республикасының халықаралық шарты бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсаттарында Қазақстан Республикасында тағайындалған уәкілетті органға (бұдан әрі осы бапта – орталық орган), сондай-ақ осы бала туралы даумен байланысты іс, егер мұндай іс туралы ұйғарым шығарған сотқа мәлім болса, іс жүргізуінде жатқан сотқа жіберіледі.

2. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы арыз бойынша осы Кодекстің 151-бабының екінші бөлігінде, 152-бабының екінші бөлігінде, 137-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген сот ұйғарымдарының көшірмелері тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей арыз берушіге немесе өзіне жіберіледі.

3. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша осы Кодекстің 271-бабында көзделген сот ұйғарымдарының көшірмелері, егер сот отырысына келмесе, іске қатысатын адамдарға тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.

4. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешімдерінің көшірмелері іске қатысатын, бірақ сот отырысына қатыспаған адамдарға және орталық органға түпкілікті нысанда сот шешімі қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі. Егер көрсетілген іс бойынша осы Кодекстің 236-бабына сәйкес қосымша шешім қабылданған болса, оның көшірмесі іске қатысатын адамдарға және орталық органға қосымша шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.

5. Егер баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша сот шешіміне шағым жасалмаса, апелляциялық шағым жасау мерзімі өткен соң заңды күшіне енген шешімнің көшірмесі орталық органға және осы бала туралы даумен байланысты іс бойынша, егер мұндай іс туралы шешім қабылдаған сотқа мәлім болса, іс жүргізуді тоқтатқан сотқа жіберіледі.

6. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша апелляциялық ұйғарымның көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш күн мерзімде орталық органға және осы бала туралы даумен байланысты іс, егер мұндай іс бойынша ұйғарым шығарған сотқа мәлім болса, іс жүргізуінде жатқан бірінші немесе екінші сатыдағы сотқа жіберіледі.

7. Баланы қайтару немесе қол жеткізу құқықтарын жүзеге асыру туралы іс бойынша соттың шешімін түсіндіру туралы сот ұйғарымының көшірмесі сот отырысында болмаған іске қатысатын тұлғаларға және орталық органға тиісті ұйғарым шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.


3

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет