Қазақстан республикасының азаматтық процестік кодексі



бет21/21
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124822
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
1. Сот шешімді, ұйғарымды немесе қаулыны жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қарай келіп, арызды қанағаттандырады және шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күшін жояды не оны қайта қараудан бас тартады.

2. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша ұйғарымдары шағым жасауға және наразылық келтіруге жатпайды. Ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық және кассациялық шағымға енгізілуі мүмкін.

3. Бірінші, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарымдарына шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.

4. Шешімнің, ұйғарымның немесе қаулының күші жойылған жағдайда сот істі осы Кодексте белгіленген қағидалар бойынша қарайды.
58-тарау. АРАЛЫҚ СОТТАРДЫҢ ШЕШIМДЕРIНЕ ШАҒЫМДАНУ IСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
485-бап. Аралық соттардың шешімдеріне шағым жасау

1. Аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды аралық сотта талқылау тараптары, іске қатысуға тартылмаған, бiрақ аралық сот заңда көзделген негiздер бойынша құқықтары мен мiндеттерiне қатысты шешiм қабылдаған үшiншi тұлғалар аралық сот шешімінің көшірмесін алған күннен бастап отыз күннің iшiнде бере алады.

2. Аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арыз аралық сот дауды қараған жердегi сотқа беріледі.

3. Егер шешімге шағым жасау үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өтіп кетсе және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіру үшін негіздемелер болмаса, судья арызды қайтарады.
486-бап. Арызды қарау

1. Аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды сот осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он жұмыс күні iшiнде қарайды.

Үшінші тұлға шағым берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болса, судьяның іс бойынша іс жүргізуді отыз күнге дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.

2. Үшінші тұлғалар аралық соттың шешіміне шағым берген жағдайда, сот аралық соттың талқылау тараптарын, сондай-ақ үшінші тұлғаларды сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырады. Аталған тұлғалардың сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарландырылып, келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды.

3. Сот істі қараған кезде мәлімделген талаптар мен қарсылықтарға негіз ретінде сотқа ұсынылған дәлелдемелерді зерттеу арқылы аралық сот шешімінің күшін жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздердің болғанын немесе болмағанын анықтайды.

4. Сот аралық соттың шешiмiне шағым жасау туралы арызды қараудың нәтижелерi бойынша аралық сот шешiмiнiң күшiн жою не арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Мүдделi адамдар соттың ұйғарымына шағым жасауы мүмкiн.
487-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату

1. Егер аралық соттың шешiмi онда көрсетілген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаса, өзінің пайдасына аралық соттың шешiмi шығарылған аралық сотта талқылау тарапы (өндiрiп алушы) аралық сот дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа сот шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.

2. Атқару парағын беру туралы арызға:

1) аралық сот шешiмiнiң түпнұсқасы немесе көшiрмесi қоса беріледі. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесiн осы аралық соттың төрағасы куәландырады, нақты дауды шешу үшiн аралық сот шешiмiнiң көшiрмесi нотариалды куәландырылуға тиiс;

2) заңда белгiленген тәртiппен жасалған аралық келiсiмнiң түпнұсқасы немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесi қоса беріледі.

3. Атқару парағын беру туралы арыз аралық соттың шешiмiн ерiктi түрде орындауға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.

4. Белгiленген мерзiмiн өткiзіп алған не оған қажеттi құжаттар тiркелмей берiлген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгіленген тәртiппен шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкiн.

5. Егер сот атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, аталған мерзiмдi қалпына келтiруге құқылы.

6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес жұмыс күні iшiнде жеке-дара қарайды.

7. Өндiрiп алушының аралық сот шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы келіп түскен арызы, сондай-ақ оны сот отырысында қараудың орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Арыздың қаралатын орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуге мүмкiндігі болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.

8. Сот аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде аралық соттың шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.

9. Сот арызды қараудың нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға тиiс және ол шағым жасауға, наразылық келтіруге жатпайды.
488-бап. Атқару парағын беру

Сот аралық соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстің 241-бабының қағидалары бойынша беріледі.
489-бап. Атқару парағын беруден бас тарту

Сот, егер:

1) аралық соттың шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап сотқа:

аралық келiсiмнiң жарамсыз болып табылатындығының;

аралық соттың шешiмі аралық келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғанының немесе аралық келiсiмнiң шегiнен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында еместігінің дәлелдемелерін ұсынса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Егер аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылары мұндай келiсiмде қамтылмайтындардан бөлiп шығаруға болатын болса, онда аралық соттың аралық келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тартуға болмайды;

аралық соттың құрамы немесе аралық сотта талқылау Қазақстан Республикасының аралық сотта талқылау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуiнің;

аралық сот шешiмi өзiне қарсы қабылданған тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етілмегенінің не аралық сотқа басқа да себептермен өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;

тараптардың бiрiнiң аралық келiсiм жасау кезiнде әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi болғанының;

соттың немесе аралық соттың сол тараптардың арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша шығарылған, заңды күшiне енген шешiмi не талапкердiң талап қоюдан бас тартуына байланысты iс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы соттың немесе аралық соттың ұйғарымы болғанының;

сот үкiмiмен белгiленген қылмысты жасаудың нәтижесiнде соттың шешiм шығаруы мүмкiн болғандығының дәлелдемелерiн ұсынса;

2) сот:

дау Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе осы дау бойынша аралық келiсiмдi тараптар бағындырған басқа құқыққа сәйкес аралық сотта талқылау нысанасы бола алмайтынын;

аралық соттың шешiмi осы баптың 1), 2) тармақшаларында белгiленген талаптарға және Қазақстан Республикасының жариялы тәртiбiне қайшы келетiнiн анықтаса, аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
4-бөлім. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПРОЦЕСС
59-тарау. ШЕТЕЛДІК ТҰЛҒАЛАР ҚАТЫСАТЫН ІСТЕР

БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ


490-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша Қазақстан Республикасы соттарының құзыреті

1. Егер Қазақстан Республикасының аумағында жауапкер-ұйым орналасқан болса немесе жауапкер-азаматтың тұрғылықты жері болса, шетелдік тұлғалар қатысатын істі Қазақстан Республикасының соттары қарайды.

2. Қазақстан Республикасының соттары, сондай-ақ шетелдік тұлғалар қатысатын істерді мынадай жағдайларда:

1) шетелдік тұлғаның басқару органы, филиалы немесе өкілдігі Қазақстан Республикасының аумағында болғанда;

2) жауапкердің Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі болғанда;

3) алимент өндіріп алу туралы және әке екенін анықтау туралы іс бойынша талапкердің Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;

4) мертігу, денсаулыққа өзге де зақым келтіру немесе асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша зиян Қазақстан Республикасының аумағында келтірілгенде немесе талапкердің Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;

5) мүлікке келтірілген зиянды өтеу туралы іс бойынша, зиянға талап қоюға негіз болған әрекет немесе өзге де мән-жайлар Қазақстан Республикасының аумағында орын алғанда;

6) талап қою, оның толық немесе ішінара орындалуы Қазақстан Республикасының аумағында орын алуға тиіс болған немесе орын алған шарттан туындағанда;

7) талап қою Қазақстан Республикасының аумағында орын алған негізсіз баюдан туындағанда;

8) некені бұзу туралы іс бойынша талапкердің Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда немесе ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасының азаматы болғанда;

9) ар-ожданды, абыройды және іскерлік беделді қорғау туралы іс бойынша талапкердің Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болғанда;

10) дербес деректер субъектілерінің құқықтарын қорғау туралы, оның ішінде шығындарды және (немесе) моральдық зиянды өтеу туралы іс бойынша талапкердің Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болған жағдайларда қарайды.

3. Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен және/немесе халықаралық шартымен өз құзыретіне жатқызылса, басқа істерді де қарайды.

491-бап. Шетелдік тұлғалар қатысатын Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыреті

1. Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне:

1) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлікке құқығына байланысты істер;

2) егер тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағында болса, тасымалдаушыларға тасымал шартынан туындайтын талап қою жөніндегі істер;

3) егер ерлі-зайыптылардың екеуінің де Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некесін бұзу туралы істер;

4) осы Кодекстің 28-31-тарауларында көзделген ерекше талап қою бойынша іс жүргізу істері жатады.

2. Қазақстан Республикасының соттары ерекше іс жүргізу ісін:

1) фактіні анықтау туралы іс бойынша арыз берушінің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған немесе анықталуға тиіс факт Қазақстан Республикасының аумағында орын алған немесе орын алатын;

2) өзіне қатысты бала асырап алу туралы, әрекетке қабілеттігін шектеу немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы, кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабілетті (эмансипация) деп жариялау туралы, психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы, психикасының бұзылуынан зардап шегетін азаматты мәжбүрлеп ауруханаға жатқызу мерзімін ұзарту, туберкулезден, алкоголизмнен, нашақорлықтан және уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емдеу туралы арыз берілген азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері болған;

3) өзіне қатысты хабарсыз кетті деп тану немесе қайтыс болды деп жариялау туралы мәселе қойылған азамат Қазақстан Республикасының азаматы болған не Қазақстан Республикасының аумағында соңғы белгілі тұрғылықты жері болған және бұл ретте Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін анықтау осы мәселенің шешілуіне байланысты болған;

4) иесіз деп тану туралы арыз берілген зат Қазақстан Республикасының аумағында болған;

5) бағалы қағазды жоғалды деп тану туралы және оған тиісті құқықтарды қалпына келтіру (шақыртып іс жүргізу) туралы берілген арызды Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе орналасқан азамат немесе ұйым берген;

6) жаңсақтығын анықтау туралы арыз берілген азаматтық хал актілеріндегі жазуды Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін жазу органдары жасаған;

7) шағым жасалып отырған нотариаттық әрекеттерді (оларды жасаудан бас тартуды) Қазақстан Республикасының нотариусы немесе басқа да органы жасаған жағдайларда қарайды.
492-бап. Шарттық соттылық

Шетелдік соттың құзыреті осы Кодекстің 31-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, тараптардың жазбаша келісімімен көзделуі мүмкін. Мұндай келісім болған жағдайда сот жауапкердің өтінішхатымен, егер мұндай өтінішхат істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін мәлімделсе, арызды қараусыз қалдырады.


493-бап. Құзыреттің өзгермейтіндігі

Қазақстан Республикасының заңнамасы көзделген құзыреттілік қағидаларын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының соты іс жүргізуге қабылдаған іс бұдан әрі тараптардың азаматтығы, тұрғылықты жері өзгеруіне және құзыретке әсер ететін басқа да мән-жайларға байланысты басқа мемлекеттің сотының соттылығына жатқызылса да, мәні бойынша шешіледі.


494-бап. Шетелдік сотта іс жүргізудің маңызы

1. Қазақстан Республикасы сот шешімдерін өзара тануды және орындауды көздейтін халықаралық шарт жасасқан шет мемлекеттің соты егер сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде шешім шығарып қойған болса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

2. Егер шет мемлекеттің сотында сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған дау жөніндегі іс болса, ол бойынша шешім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасында тануға жатса, Қазақстан Республикасының соты арызды қараусыз қалдырады, ал іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

3. Осы баптың ережелері осы іс Қазақстан Республикасы соттарының айрықша құзыретіне жатқызылатын жағдайларды қозғамайды.


495-бап. Соттылық

Қазақстан Республикасының заңдарымен Қазақстан Республикасы соттарының құзыретіне жатқызылған істердің соттылығы осы Кодекстің3-тарауында белгіленген соттылық ережелері бойынша айқындалады.


496-бап. Шетелдік тұлғалардың процестік құқықтары мен міндеттері

1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік және халықаралық ұйымдардың (бұдан әрі – шетелдік тұлғалар) өздерінің бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтарын және Заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін Қазақстан Республикасының соттарына жүгінуге құқығы бар.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көрсетілмесе, шетелдік тұлғалар процестік құқықтарды пайдаланады және процестік міндеттерін Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей орындайды.

3. Соттарда шетелдік тұлғалар қатысатын істер бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекске, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына және халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарының процестік құқықтарына арнайы шектеулер қоятын мемлекеттердің шетелдік тұлғаларына қатысты жауап ретінде Қазақстан Республикасы шектеулер (реторсиялар) белгілеуі мүмкін.
497-бап. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттігі

1. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың азаматтық процестік әрекетке қабілеттігі олардың жеке заңы бойынша айқындалады.

2. Өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құқығы азаматтың жеке заңы болып табылады.

3. Азаматта бірнеше шет мемлекеттің азаматтығы болған жағдайда, ол неғұрлым тығыз байланыста болатын, оның ішінде азаматтың тұрғылықты жері бар мемлекеттің заңы оның жеке заңы болып есептеледі.

4. Азаматтығы жоқ адамның тұрғылықты тұратын жері бар мемлекеттің заңы, ал олай болмаған жағдайда - оның әдетте тұрып жатқан мемлекетінің заңы сол адамның жеке заңы болып есептеледі.

5. Өзінің жеке заңы бойынша процестік әрекетке қабілетті болып табылмайтын адам, егер Қазақстан Республикасының заңына сәйкес процестік әрекет қабілетіне ие болса, ол Қазақстан Республикасының аумағында әрекетке қабілеті бар деп танылуы мүмкін.


498-бап. Шетелдік және халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі

1. Шетелдік ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған шет мемлекеттің заңы бойынша белгіленеді. Бұл заң бойынша процестік құқыққа қабілеті жоқ шетелдік ұйым Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында құқыққа қабілеті бар деп танылуы мүмкін.

2. Халықаралық ұйымның процестік құқыққа қабілеттілігі осы ұйым соған сәйкес құрылған халықаралық шарттың немесе Қазақстан Республикасының өзге де халықаралық шарттарының негізінде белгіленеді.
499-бап. Шет мемлекеттердің органдары берген құжаттарды тану

1. Қазақстан Республикасының азаматтары мен ұйымдарына немесе шетелдік азаматтарға қатысты шет мемлекеттердің заңдары бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жасалған, шет мемлекеттердің құзыретті органдары белгіленген нысанмен берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды Қазақстан Республикасының соттары, егер Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық жариялау болған немесе апостиль қойылған жағдайда қабылдайды.

2. Шетел тілінде жасалған құжаттар Қазақстан Республикасының соттарына ұсынылған кезде олардың тиісті түрде куәландырылған, сот ісін жүргізу тіліне аударылған аудармасымен бірге берілуге тиіс.
500-бап. Құқықтық көмек туралы тапсырмалар

1. Қазақстан Республикасының соттары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және заңнамасында көзделетін көлемде құқықтық көмек көрсетеді.

Құқықтық көмек көрсету, атап айтқанда, хабарламаларды, басқа да құжаттарды тапсыруды және жіберуді, сондай-ақ өзге де процестік әрекеттерді орындауды, атап айтқанда, тараптарды, куәгерлерді тыңдауды, жергілікті жерде сараптама, қарап-тексеру жүргізуді, орындалуы құқықтық көмек көрсету шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе халықаралық шартында көзделген басқа да процестік әрекеттерді қамтиды.

2. Қазақстан Республикасының соттары:

1) тапсырмаларды орындау Қазақстан Республикасының егемендігіне нұқсан келтіретін немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне қатер төндіретін;

2) тапсырмаларды орындау соттың құзыретіне кірмейтін жағдайларды;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, өздеріне Қазақстан Республикасының заңында немесе халықаралық шартында көзделген тәртіппен берілген жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы шетелдік соттардың тапсырмаларын орындайды.

3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, шетелдік соттардың жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмаларын атқару осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

4. Қазақстан Республикасының соттары жекелеген процестік әрекеттерді орындау туралы тапсырмалармен шетелдік соттарға жүгіне алады.

5. Қазақстан Республикасы соттарының шетелдік соттармен қарым-қатынас жасау тәртібі Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында айқындалады.


501-бап. Шет мемлекеттiң иммунитетi

Осы Кодексте белгiленген жағдайларды қоспағанда, шет мемлекет Қазақстан Республикасында соттық иммунитеттi, талап қоюды қамтамасыз ету иммунитетiн және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетiн қоса алғанда, юрисдикциялық иммунитеттi пайдаланады.


502-бап. Соттық иммунитет

Осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес шет мемлекет, егер ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiссе не осы Кодекстiң 508-бабына сәйкес шет мемлекетке иммунитет қолданылмайтын болса, сондай-ақ, егер ол мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырғандағыдан өзге қызметтi жүзеге асырса, оның iшiнде осы Кодекстiң 508, 509, 510, 511, 512, 513, 514, 515-баптарында көрсетiлген жағдайларда соттық иммунитеттi пайдаланбайды.


503-бап. Шет мемлекеттің қарсы талап қоюға қатысты иммунитеттен бас тартуы

1. Қазақстан Республикасының сотына талап қойған шет мемлекет осы мемлекеттiң алғашқы талап қоюындағы сияқты сол құқықтық қатынастарға немесе фактiлерге негiзделген кез келген қарсы талапқа қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.

2. Қазақстан Республикасының сотына қарсы талап қойған шет мемлекет алғашқы талап қоюына қатысты соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.
504-бап. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасы сотының юрисдикциясына келiсуi және соттық иммунитеттен бас тартуы

1. Егер шет мемлекет тиiстi мәселеге немесе iске қатысты Қазақстан Республикасы сотының юрисдикцияны жүзеге асыруына, атап айтқанда:

1) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында;

2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты болып табылмайтын жазбаша келiсiмде;

3) Қазақстан Республикасының сотында мәлімдеме жасау немесе нақты талқылау шеңберiнде жазбаша хабардар ету арқылы тiкелей келiсiм бiлдiрсе, ол соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады.

2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi оның талап қоюды қамтамасыз ету иммунитетінен және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетінен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.

3. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдануға келiсуi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.
505-бап. Шет мемлекеттiң сот талқылауына қатысуы

1. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында өзiнiң бастамасымен қозғалған талқылау тарапы болып табылса немесе Қазақстан Республикасының сотында iстiң мәнiн талқылауға қатысса немесе iстiң мәнi бойынша қандай да бiр өзге әрекеттi қолданса, осы мемлекет соттық иммунитеттен бас тартуға келiскен деп танылады. Алайда, егер мемлекет ол осындай әрекетті қолданғанға дейiн иммунитет туралы мәлiмдеуге негiз болатын фактiлердің өзiне белгiлi болмағанын сотта дәлелдесе, ол осы фактiлер өзiне белгiлi болғаннан кейiн дереу солардың негiзiнде иммунитетке сүйене алады.

2. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатысса немесе иммунитетке сүйену немесе талқылау нысанасы болып табылатын мүлiкке қатысты өз құқығына дәлелдемелер келтiру мақсатында қандай да бiр басқа әрекетті қолданса, соттық иммунитеттен бас тартуы ретiнде қарастырылмайды.

3. Шет мемлекет өкiлiнiң Қазақстан Республикасының сотына куәгерлік айғақтар беру үшiн келуi осы мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi ретiнде қарастырылмайды.

4. Егер шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатыспаса, бұл мән-жай өзiнен-өзi оның соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуі ретiнде түсiндiрiлмеуге тиiс.
506-бап. Шет мемлекеттің төрелiк талқылауға қатысты иммунитеттен бас тартуы

Егер шет мемлекет туындаған немесе болашақта туындауы мүмкін дауларды өзiнiң қатысуымен төрелікте қарауға жазбаша нысанда келiсiмін бiлдiрсе, Қазақстан Республикасы сотының төрелікке қатысы бар функцияларды жүзеге асыруына қатысты мәселелер бойынша, оның осы дауларға байланысты соттық иммунитеттен бас тартуға ерiктi түрде келiскенi деп танылады.


507-бап. Иммунитеттен бас тартуға келiсiмдi керi қайтарып алу

1. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен, талап қоюды қамтамасыз ету иммунитеті мен сот актiсiн мәжбүрлеп орындату иммунитетінен бас тартуға келiсуi, осындай келiсудi керi қайтарып алуға жол беру дауға қатысушы басқа тараппен келiсiмде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, керi қайтарып алынбайды.

2. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттен бас тартуға келiсуi сот талқылауының барлық сатыларында қолданылады.
508-бап. Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетi бұзылған жағдайда шет мемлекеттің иммунитетін қолданбау

Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, шет мемлекет Қазақстан Республикасының соттық иммунитетін, сол сияқты талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi, осындай шет мемлекет Қазақстан Республикасы мен оның меншiгiнiң юрисдикциялық иммунитетiн бұзған жағдайда пайдаланбайды.


509-бап. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

1. Шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы кезiнде туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Шет мемлекет жасаған немесе мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырған кездегiден өзгеше түрде онымен байланысты болатын кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша соттық иммунитеттi осы мемлекет Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

3. Шет мемлекет жасаған немесе ол байланысты болатын мәмiле оның егемендi билiгiн жүзеге асыруымен байланысты қызмет болып табылатындығы не табылмайтындығы туралы мәселенi шешу кезiнде Қазақстан Республикасының соты осындай мәмiленiң сипаты мен мақсатын назарға алады.


510-бап. Заңды тұлғаларға қатысуға байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында құрылған немесе негiзгi қызмет орны бар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға өзiнiң қатысуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.


511-бап. Мүлiкке құқықтарға қатысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

Шет мемлекет:

1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлiкке өзiнiң құқықтарына, сондай-ақ осындай мүлiкке байланысты өзiнiң мiндеттемелерiне;

2) жылжымайтын мүлiкке осы мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асыруға байланысты емес негiздер бойынша туындайтын өзiнiң құқықтарына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.


512-бап. Залалды (зиянды) өтеу туралы даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

Шет мемлекет, егер талап Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орын алған әрекетпен (әрекетсiздiкпен) немесе мән-жайлармен мүлiкке зиян (залал) келтiруден туындаса, осы мемлекеттiң өмiрге және (немесе) денсаулыққа келтiрiлген зиянды және мүлiкке келтiрiлген залалды өтеуi туралы даулар бойынша соттық иммунитеттi пайдаланбайды.
513-бап. Зияткерлiк меншiк құқықтары объектілерiне қатысты даулар бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

1. Шет мемлекет зияткерлiк меншiк объектiлерiне өзiнiң құқықтарын белгiлеуге және жүзеге асыруға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Шет мемлекет басқа тұлғалардың зияткерлiк меншiк объектiлерiне құқықтарын осы мемлекеттiң ықтимал бұзуына қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.
514-бап. Еңбек даулары бойынша шет мемлекеттің соттық иммунитетін қолданбау

1. Шет мемлекет Қазақстан Республикасының аумағында толық немесе iшiнара орындалған немесе орындалуға тиiс жұмысқа қатысты осы мемлекет пен қызметкердiң арасында туындаған еңбек даулары бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң қағидасы:

1) қызметкердiң Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болған жағдайды қоспағанда, талқылау қозғалған кезде қызметкер өзін жұмысқа қабылдаған мемлекеттiң азаматы болып табылатын;

2) қызметкер мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттердi орындау үшiн жалданған;

3) еңбек шартын жасасу немесе қайта жаңарту даудың нысанасы болып табылатын жағдайларда қолданылмайды.


515-бап. Теңiз кемелерiн және iшкi суда жүзетiн кемелердi пайдалануға байланысты даулар бойынша шет мемлекеттің иммунитеті

1. Теңiз кемесiнiң немесе iшкi суда жүзетiн кеменiң меншiк иесi болып табылатын не осы кеменi пайдаланатын шет мемлекет, егер кеме талап қоюға негiз болған фактiлер туындаған кезде мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттардан гөрi өзге мақсаттарда пайдаланылса, осы кеменi пайдалануға немесе осы кемемен жүк тасымалдауға қатысты даулар бойынша соттық иммунитеттi Қазақстан Республикасында пайдаланбайды.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң қағидасы:

1) әскери корабльдерге және әскери-қосалқы кемелерге, сондай-ақ мұндай корабльдер мен кемелердiң бортында тасымалданатын жүкке;

2) мемлекетке тиесiлi және осы жүк қандай кемемен тасымалданатынына қарамастан, тек қана мемлекеттiк коммерциялық емес мақсаттарда пайдаланылатын немесе пайдалануға арналған жүкке қатысты қолданылмайды.

3. Осы баптың қолданылу мақсаты үшiн кеменi пайдалануға қатысты даулар деп, атап айтқанда:

1) кемелердiң соқтығысуына, порттық және гидротехникалық құрылыстардың бұзылуына немесе басқа да суда жүзетiн кеме аварияларына;

2) көмек көрсетуге, құтқару жұмыстары мен жалпы аварияға;

3) кемеге қатысты жеткiзiлiмдерге, жөндеу және басқа да жұмыстарға, қызметтер көрсетуге;

4) теңiз ортасының ластану салдарына;

5) суға батқан мүлiктi көтеруге қатысты даулар түсiнiледi.
516-бап. Шет мемлекеттің талап қоюды қамтамасыз етуден және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеті

Шет мемлекет:

1) шет мемлекет осы Кодекстiң 504-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәсiлдердiң бiрi арқылы осы бапта көрсетiлген юрисдикциялық иммунитеттiң түрлерiнен бас тартуға тiкелей келiсiм бiлдiрген;

2) шет мемлекет Қазақстан Республикасының сотында талқылаудың нысанасы болып табылатын талапты қанағаттандырған жағдайда мүлiктi резервке қойған немесе өзгедей түрде белгiлеген;

3) шет мемлекеттiң Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлкi мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсаттарда пайдаланылатын және (немесе) пайдалануға арналған жағдайларды қоспағанда, талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттi және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттi пайдаланады.
517-бап. Егеменді билiктi жүзеге асыру мақсатында пайдаланылатын мүлiк

Мемлекеттiң егеменді билiгiн жүзеге асырудан өзге мақсаттарда шет мемлекет пайдаланатын және (немесе) пайдалануына арналған мүлiк ретiнде (осы Кодекстiң 516-бабының 3) тармақшасы), атап айтқанда, шет мемлекеттiң мынадай мүлкi қарастырылмайды:

1) шет мемлекеттiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң немесе оның консулдық мекемелерiнiң, арнайы миссиялардың, халықаралық ұйымдардың жанындағы өкiлдiктердiң, халықаралық ұйымдар органдарындағы не халықаралық конференциялардағы шет мемлекет делегацияларының функцияларын жүзеге асыруы үшiн пайдаланылатын немесе пайдалануға арналған мүлiк (оның iшiнде банк шотында тұрған ақша);

2) әскери мүлiк және (немесе) Қазақстан Республикасы таныған бiтiмгершiлiк операцияларда пайдаланылатын мүлiк;

3) сатуға қойылмаған не сатуға арналмаған мәдени құндылықтар немесе мұрағаттық құжаттар.
518-бап. Шет мемлекет қатысатын iстер бойынша сот ісін жүргізу

Егер осы Кодексте немесе басқа заңдарда өзгеше көзделмесе, шет мемлекет қатысатын iстердi Қазақстан Республикасының соттары, заңды тұлғаларға, атап айтқанда, шетелдiк заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын соттылық туралы қағидаларды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының сот iсiн жүргізу қағидалары бойынша қарайды.



519-бап. Шет мемлекеттiң соттық иммунитетi туралы мәселені шешу тәртiбi

1. Шет мемлекеттiң соттық иммунитеттi пайдалануы туралы мәселені Қазақстан Республикасының соты тараптарды шақыра отырып, сот отырысында шешедi.

2. Егер Қазақстан Республикасының соты шет мемлекетте соттық иммунитеттiң болуын анықтаса, даудың сотта қаралуға жатпауына байланысты іс бойынша іс жүргізу тоқтатылады.


520-бап. Қазақстан Республикасы сотының шет мемлекет қатысатын даулар бойынша талап қоюды қамтамасыз ету және сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы мәселелердi шешуi

1. Қазақстан Республикасының соты талап қоюды қамтамасыз ету және шет мемлекетке қатысты шығарылған сот актiсiн мәжбүрлеп орындату туралы мәселелердi шет мемлекетте тиiсiнше талап қоюды қамтамасыз етуден иммунитеттiң және сот актiсiн мәжбүрлеп орындатудан иммунитеттiң болуына немесе болмауына қарай шешедi.

2. Шұғыл шаралар қабылдамау сот актiсiн орындауды қиындатуы мүмкін болатын немесе, атап айтқанда, сот актiсiн орындауға жол бермеу мақсатында мүлiктi жою, бүлдiру, орнын ауыстыру ықтималдығының едәуiр дәрежесiне немесе оған өзгедей билік етуге байланысты мүмкін болмайтын жағдайларда, Қазақстан Республикасының соты шет мемлекет тиiстi иммунитеттi пайдаланады деп пайымдауға өзiнде жеткiлiктi негiздер болмаған кезде тараптың өтiнiшi бойынша талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға, ал атқарушылық іс жүргізу сатысында - шет мемлекеттің мүлкіне өндіріп алуға құқылы. Қазақстан Республикасының соты шет мемлекеттің мүлкіне тыйым салуға, талап қоюды қамтамасыз етуге байланысты басқа да шараларды қолдану туралы, сондай-ақ шет мемлекеттің мүлкінен өндіріп алу туралы ұйғарым шығарады, оған осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

3. Мұндай шешімді қабылдау шет мемлекетті тиiстi иммунитеттiң болуына сілтеме жасап, оны даулау құқығынан айырмайды.



521-бап. Өзара түсiнiстiк қағидатын қолдану

1. Шет мемлекетке қойылған талапты Қазақстан Республикасының сотында қарау кезiнде сот талап қоюшының немесе iске қатысушы басқа да адамның өтiнiші бойынша өзара түсiнiстiк қағидатын қолданады.

2. Кәсiпкерлiк қызметке байланысты даулар бойынша, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызметтен тыс азаматтық-құқықтық мәмiлелерден туындаған даулар бойынша тиiстi шет мемлекетте Қазақстан Республикасына берiлетiн юрисдикциялық иммунитеттiң көлемiн дәлелдеу өзара түсiнiстiк қағидатын қолдану туралы өтiнiшхат берген тұлғаға жүктелуi мүмкін.

3. Егер өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындаған шет мемлекетте осы Кодекске орай шет мемлекетке берiлетiн иммунитетке қарағанда Қазақстан Республикасына юрисдикциялық иммунитет неғұрлым шектелген көлемде берiлетiнi дәлелденсе, онда Қазақстан Республикасының соты көрсетiлген мәселенi өзара түсiнiстiк негiзiнде шешу кезiнде Қазақстан Республикасының тиiстi шет мемлекетте юрисдикциялық иммунитеттi қандай көлемде пайдаланатынын негiзге алуға құқылы.


522-бап. Осы Кодекстi қолдану мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының сотына жәрдемдесу

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi Қазақстан Республикасы сотының сұрау салуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша осы Кодекстiң шет мемлекетке қатысты қолданылуына байланысты, атап айтқанда, өзiне қатысты юрисдикциялық иммунитет туралы мәселе туындайтын тарап шет мемлекет болып табыла ма, мемлекеттiң егемендi билiгiн жүзеге асыру жөнiндегi қызмет орын алды ма, шет мемлекетте Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетi қандай көлемде берiледi деген мәселелер бойынша қорытынды бередi.

2. Қазақстан Республикасының соты дау нысанасы болып табылатын мәселелер бойынша жәрдемдесу және түсiндiру үшiн Қазақстан Республикасындағы және шетелдегi өзге де органдар мен ұйымдарға белгiленген тәртiппен жүгiнуi немесе сарапшыларды тартуы мүмкін. Істегi бар дәлелдемелердiң жиынтығы ескерiле отырып, алынған қорытындылар мен түсiндiрмелер Қазақстан Республикасы сотының бағалауына жатады.
523-бап. Шет мемлекетке процестік құжаттарды жiберу және тапсыру

1. Шет мемлекетке оған қатысты Қазақстан Республикасының сотында iс қозғалғаны туралы хабарламаны және өзге де сот құжаттарын жiберу дипломатиялық арналар арқылы жүзеге асырылады. Тиiстi мемлекеттiң сыртқы iстерiн жүргiзетiн атқарушы билiк органының оларды алған күнi осы құжаттардың тапсырылған күнi болып есептеледi.

2. Қазақстан Республикасы соттарының шет мемлекетке құжаттарды тапсыру туралы және Қазақстан Республикасының сотында оған қатысты қозғалған iске байланысты өзге де процестік әрекеттерді жасау туралы тапсырмалары Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнде және Қазақстан Республикасының құқықтық көмек көрсетудi регламенттейтiн халықаралық шарттарында көзделген тәртiппен ресiмделедi.
524-бап. Сырттай шешiм

Қазақстан Республикасының сотында талқылауға қатыспаған шет мемлекетке қатысты шешiм, егер сот:

1) осы Кодекстiң 519-бабының талаптары сақталғанын;

2) шет мемлекетке оған қатысты iс қозғалғаны туралы құжаттарды тапсыру туралы тапсырма жiберiлген күннен бастап кемiнде алты ай өткенiн;

3) осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес мемлекет соттық иммунитеттi пайдаланбайтынын анықтаған жағдайда шығарылуы мүмкін.
525-бап. Шетелдік соттардың және төреліктердің шешімдерін тану және орындату

1. Шетелдік соттардың шешімдері, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулылары (ұйғарымдар), сот бұйрықтары, сондай-ақ өздері шет мемлекеттердің аумағында қабылдаған аралық соттардың және халықаралық коммерциялық төреліктердің шешімдері (шетелдік төрелік шешімдер, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулылар (ұйғарымдар), сот бұйрықтары), егер осындай шешімдерді, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулыларды (ұйғарымдарды), сот бұйрықтарын тану және орындату Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе халықаралық шарттарында не өзара түсіністік негізінде көзделсе, танылады және Қазақстан Республикасының соттары орындайды.

2. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, шетелдік соттар мен төреліктердің шешімдерін, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулыларды (ұйғарымдарды), сот бұйрықтарын танудың және орындаудың шарттары мен тәртібі заңда белгіленеді.

3. Шетелдік соттың немесе төреліктің шешімі, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулылары (ұйғарымдар), сот бұйрықтары, шешімдері, татуласу келісімдерді бекіту туралы қаулылары (ұйғарымдар), сот бұйрықтары заңды күшіне енген кезден бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін. Дәлелді себептермен өткізіп алынған мерзімді осы Кодекстің 126-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының соты қалпына келтіруі мүмкін.


526-бап. Шетелдік соттардың орындауды талап етпейтін шешімдерін тану

1. Қазақстан Республикасында шетелдік соттардың өз сипаты бойынша орындауды талап етпейтін мынадай шешімдері:

1) сот шешім шығарған мемлекет азаматтарының ғана жеке мәртебесін қозғайтын;

2) егер некенің бұзылуы кезінде ерлі-зайыптылардың ең болмағанда біреуі Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрса, Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы;

3) егер ерлі-зайыптылардың екеуі де некені бұзу сәтінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұрса, Қазақстан Республикасы азаматтарының арасындағы некені бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы шешімдері Қазақстан Республикасында танылады.
527-бап. Төрелiк шешімді мәжбүрлеп орындату

1. Егер төрелік шешiм онда белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаған болса, төрелік шешiм пайдасына шығарылған төрелік талқылау тарапы (өндiрiп алушы) төрелік дауды қараған жердегi не борышкердің тұрғылықты жеріндегі немесе заңды тұлғаның органы орналасқан жердегі, егер тұрғылықты жері немесе орналасқан жері белгісіз болса, онда борышкердің мүлкі орналасқан жердегі сотқа төрелік шешiмді мәжбүрлеп орындату туралы арызбен жүгiнуге құқылы.

2. Атқару парағын беру туралы арызға тиiстi түрде расталған төрелік шешiмнің түпнұсқасы немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi, сондай-ақ болған кезде төрелiк келісімнің түпнұсқасы немесе соның тиiстi түрде расталған көшiрмесi қоса берiледi. Егер төрелiк шешiм немесе келiсiм шетел тiлiнде жазылса, тарап осы құжаттың қазақ немесе орыс тiлiндегi тиiстi түрде куәландырылған аудармасын табыс етуге тиiс.

3. Атқару парағын беру туралы арыз төрелiк шешімді ерiктi түрде атқаруға арналған мерзiм аяқталған күннен бастап үш жылдан кешіктiрiлмей берiлуi мүмкiн.

4. Белгiленген мерзiмiн өткiзiп алған не оған қажеттi құжаттар қоса тiркелмеген атқару парағын беру туралы арызды сот қарамай керi қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады, оған осы Кодексте белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.

5. Сот, егер сот аталған мерзiмдi өткiзiп алу себептерiн дәлелдi деп тапса, атқару парағын беру туралы арызды беру мерзiмiн қалпына келтiруге құқылы.

6. Судья атқару парағын беру туралы арызды сотқа арыз түскен күннен бастап он бес күн iшiнде жеке-дара қарайды.

7. Өндiрiп алушының төрелiк шешiмді мәжбүрлеп орындату туралы келіп түскен арызы, сондай-ақ оның соттың отырысында қаралу орны мен уақыты туралы сот борышкердi хабардар етедi. Оның арызын қарау орны мен уақыты туралы өндiрiп алушы да хабардар етiледi. Егер борышкерден сот отырысына келуi мүмкiн болмауының дәлелдi себептерi көрсетiлiп, арызды қарауды кейiнге қалдыру туралы өтінішхат келіп түспесе, борышкердiң немесе өндiрiп алушының сот отырысына келмей қалуы арызды қарауға кедергi болмайды.

8. Сот төрелiк шешiмді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арызды қараған кезде төрелiктiң шешiмiн мәнi бойынша қайта қарауға құқылы емес.

9. Сот арызды қарау нәтижелерi бойынша атқару парағын беру туралы не оны беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Атқару парағын беру туралы соттың ұйғарымы дереу орындалуға жатады.
528-бап. Өтінішхат беру

1. Халықаралық төрелік (аралық) сот шешiмiнің күшін жою туралы өтінішхат сотқа беріледі және шешімді даулап отырған адам немесе оның өкілі оған қол қояды.

2. Төреліктің шешiмiне шағым жасау туралы өтінішхат төрелік дауды қараған жердегi сотқа беріледі.

3. Егер шешімге шағым жасау үшін осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім аяқталса және осы Кодекске сәйкес оны қалпына келтіруге негіздер болмаса, судья өтінішхатты қайтарады.

4. Өтінішхатқа мемлекеттік баждың төленгені туралы құжат, шағым жасалып отырған шешімнің көшірмесі және өтінішхаттың дәлелдерін растайтын құжаттар тіркелуге тиіс.
529-бап. Өтінішхатты қарау

1. Сот төрелік шешiмге шағым жасау туралы өтінішхатты осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша iс қозғалған кезден бастап он күн iшiнде қарайды.

Судьяның үшінші тұлға шағым берген кезде қосымша дәлелдемелер беру қажет болған жағдайда, іс бойынша іс жүргізуді отыз күнге дейінгі мерзімге ұзартуға құқығы бар.

2. Төрелік талқылау тараптарының біреуінің өтінішхаты бойынша істі сот талқылауына дайындаған кезде судья дәлелдемелерді талап ету үшін осы Кодексте көзделген қағидалар бойынша төреліктен не бірінші сатыдағы тиісті соттан іс материалдарын талап ете алады.

3. Сот төрелік талқылау тараптарына, сондай-ақ үшінші тұлғалар төреліктің шешіміне шағым берген жағдайда үшінші тұлғаларға сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарлайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабарланған аталған тұлғалардың келмей қалуы істі қарауға кедергі болмайды.

4. Сот істі қараған кезде төрелік шешімінің күшін жою үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздердің бар немесе жоқ екендігін анықтайды.

5. Сот төрелiктiң шешiмiне шағым жасау туралы өтiнiшхатты қараудың нәтижелерi бойынша төрелiк шешiмiнiң күшiн жою не өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығара алады. Мүдделi тұлғалар соттың ұйғарымына шағым жасауы мүмкiн.
530-бап. Атқару парағын беруден бас тарту

Сот, егер:

1) бұл тарап сотқа:

сот төрелiк келiсiм тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекетке қабiлетi шектеулi деп, немесе төрелiк келiсiмдi тараптар - оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыз деп тануының;

ол төрешiнiң тағайындалғаны туралы немесе төрелiк сотта талқылау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өз түсiндiрмелерiн бере алмағанының;

төрелiктiң шешiмi төрелiк келiсiмде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғанының не төрелiк келiсiмнiң шегінен шығатын мәселелер жөнiндегi қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiктің ведомстволық қарауында еместiгiнiң дәлелдемелерiн ұсынса, төрелiктің шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.

Егер төрелiктiң төрелiк келiсiмде қамтылатын мәселелер жөнiндегi шешiмiн мұндай келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмдерден бөлiп шығаруға болатын болса, онда төрелiк шешімінің төрелiк келiсiмде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегi шешiмiнен тұратын бөлігінiң ғана күшi жойылуы мүмкiн;

төрелiктің құрамы немесе төрелiк сотта талқылау рәсiмi тараптардың келiсiмiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегенiнiң дәлелдемелерiн ұсынса;

2) сот төрелiк шешiмнің Қазақстан Республикасының жариялылық тәртiбiне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiмшығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк сотта талқылаудың нысанасы бола алмайтынын анықтаса, төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беруден бас тарту туралы ұйғарым шығарады.
531-бап. Атқару парағын беру

1. Қазақстан Республикасының соты төрелік шешімдерді мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы ұйғарым шығарған кезде атқару парағы осы Кодекстiң 241-бабының қағидалары бойынша берiледi.

2. Төрелiктiң шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға арналған атқару парағын беру туралы арыз бойынша шығарылған соттың ұйғарымына осы Кодексте сот актiлерiне шағым жасау үшiн көзделген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.


60-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
532-бап. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін қолданысқа енгізу

1. Осы Кодекс 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

2. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мына заңнамалық актілердің:

1) 1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің(Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 644-құжат; 2000 ж., № 3-4, 66-құжат; № 10, 244-құжат; 2001 ж., № 8, 52-құжат; № 15-16, 239-құжат; № 21-22, 281-құжат; № 24, 338-құжат; 2002 ж., № 17, 155-құжат; 2003 ж., № 10, 49-құжат; № 14, 109-құжат; № 15, 138-құжат; 2004 ж., № 5, 25-құжат; № 17, 97-құжат; № 23, 140-құжат; № 24, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; № 24, 123-құжат; 2006 ж., № 2, 19-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 72-құжат; № 13, 86-құжат; 2007 ж., № 3, 20-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 10, 69-құжат; № 13, 99-құжат; 2008 ж., № 13-14, 56-құжат; № 15-16, 62-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 17, 81-құжат; № 24, 127, 130-құжаттар; 2010 ж., № 1-2, 4-құжат; № 3-4, 12-құжат; № 7, 28, 32-құжаттар; № 17-18, 111-құжат; № 22,130-құжат; № 24, 151-құжат; 2011 ж., № 1, 9-құжат; № 2, 28-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 50-құжат; № 14, 117-құжат; № 16, 128, 129-құжаттар; № 23, 179-құжат; 2012 ж., № 2, 14-құжат; № 6, 43, 44-құжаттар; № 8, 64-құжат; № 13, 91-құжат; № 14, 93-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 9, 51-құжат; № 10-11, 56-құжат; № 13, 64-құжат; № 14, 72, 74-құжаттар; № 15, 76-құжат; 2014 ж., № 1, 6, 9-құжаттар; № 4-5, 24-құжат; № 11, 67-құжат; № 14, 84-құжат; 2014 жылғы 10 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жаңа2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы; 2014 жылғы 12 шілдеде «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Жаңа Қазақстан Республикасының Заңы; 2014 жылғы 2 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актілерiне мемлекеттік басқару деңгейлерi арасындағы өкiлеттiктердiң аражігін ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» 2014 жылғы 29 қыркүйектегі ЖаңаҚазақстан Республикасының Заңы);Жаңа



2) «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексін күшіне енгізу туралы» Жаңартылған1999 жылғы 13 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 18, 645-құжат; 2001 ж., № 15-16, 239-құжат; 2006 ж., № 10, 52-құжат) күші жойылды деп танылсын.
 

Қазақстан Республикасының

Президенті



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет