Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі


-тарау. БІРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТІК СЫНЫПТАМА



бет3/18
Дата20.07.2016
өлшемі326.4 Kb.
#211566
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

6-тарау. БІРЫҢҒАЙ БЮДЖЕТТІК СЫНЫПТАМА
     26-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың анықтамасы
      1. Бірыңғай бюджеттік сыныптама объектілерге топтамалық кодтар бере отырып, бюджет түсімдері мен шығыстарын функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша топтастыру болып табылады.
      2. Бюджет процесі бірыңғай бюджеттік сыныптама негізінде жүзеге асырылады.
      3. Бiрыңғай бюджеттiк сыныптама мемлекеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерi, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлықтары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан және облыстық маңызы бар қала мәслихатының шешімдері негiзiнде жасалады.
      4. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      27-бап. Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамы
      Бірыңғай бюджеттік сыныптама:
      1) бюджет түсімдерінің сыныптамасын;
      2) бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;
      3) бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.
      28-бап. Бюджет түсімдерінің сыныптамасы
      1. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына негізделген белгілі бір сипаттамалар бойынша барлық деңгейдегі бюджеттер түсімдерінің топтамасы бюджет түсімдерінің сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет түсімдері сыныптамасының топтамасы санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
      Санаттар түсімдерді экономикалық белгілер бойынша топтастыруды көрсетеді.
      Сыныптар мен кіші сыныптарда түсімдер олардың көздері мен түрлері бойынша топтастырылады.
      Өзіндік ерекшелік бюджетке төлем немесе түсім түрін айқындайды.
      29-бап. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы
      1. Функционалдық және ведомстволық белгілер бойынша бюджеттік қаражаттың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Қазақстан Республиканың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын іске асыруды көрсететін барлық деңгейлердегі бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:
      функционалдық топтар;
      функционалдық кіші топтар;
      бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері;
      бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар).
      3. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) топтастыру арқылы жасалатын бюджет шығыстарының ведомстволық сыныптамасы қалыптастырылуы мүмкін.
      Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      30-бап. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы
      1. Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.
      2. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру санаттан, сыныптан, кіші сыныптан және өзіндік ерекшеліктен тұрады.
      Санат шығыстарды экономикалық белгілері бойынша топтастырады. Сынып және кіші сынып шығыстарды мемлекеттік мекемелер жүргізетін операциялардың негізгі түрлері бойынша топтастырады. Өзіндік ерекшелік бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін мемлекеттік мекеме жүргізетін операцияның түрін айқындайды.
      3. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
     31-бап. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі
      1. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган болып табылады.
      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі өзіне жүктелген функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес айқындалады.
      Бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын, экономиканың әртүрлі салаларындағы жобаларды іске асыруды көздейтін, ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру жоспарланған бюджеттік бағдарламалар бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімші болады.
      2. Егер бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бір мезгілде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және мемлекеттік мекеме болып табылса, ол бюджет қаражатын дербес пайдаланады.
      3. Облыстық бюджеттік бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері болып табылатын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ішкі істер органдары мен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органдардың аумақтық органдарын қоспағанда, мемлекеттік органдардың құрылымдық және аумақтық бөлімшелері бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бола алмайды.
      4. Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.
      5. Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың базалық құрылымы және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасы негiзге алына отырып айқындалады.
      6. Әкiмдердiң және облыстық мәслихаттардың, республикалық маңызы бар қалалар, астана мәслихаттарының аппараттары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкiмдiктерi уәкiлеттiк берген атқарушы органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың iшкi iстер органдары облыстық бюджеттiк бағдарламалардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi болып табылады.
      7. Аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің және мәслихатының аппараттары, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі уәкілеттік берген атқарушы органдар аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады.
      8. Қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламаларының әкімшілері осы әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің аппараттары болып табылады.
      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.11.23 N 55-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      32-бап. Бюджеттік бағдарламалар
      1. Бюджеттік бағдарлама мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында айқындалған стратегиялық бағыттармен, мақсаттармен, міндеттермен, нәтиже көрсеткіштерімен немесе стратегиялық жоспарды әзірлемейтін мемлекеттік органның ережесінде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысқан бюджет шығыстарының бағытын айқындайды және нәтиже көрсеткіштері мен бюджет шығыстарын қаржыландыру көлемдерін қамтиды.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Бюджеттік бағдарламаларды бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі әзірлейді және олар мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының құрамында бекітіледі.
      Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жоспарлы кезеңге арналған жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдері, нәтижелілік және тиімділік көрсеткіштері бар бюджеттік бағдарламаларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен әзірлейді.
      Стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларын бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бірінші басшысы бекітеді.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының бюджеттік бағдарламаларын тиісті тексеру комиссиясының төрағасы бекітеді.
      Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) мәслихаттарының аппараттары әкімшілері болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды тиісті мәслихаттың хатшысы бекітеді.
      Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар әкімшілері болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі бекітеді.
      Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала немесе астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар әкімшілері болып табылатын бюджеттік бағдарламаларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі тиісті жергілікті уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бекітеді.
      2-1. Жоғары тұрған бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер есебінен іс-шараларды іске асыруға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды нысаналы трансферттер аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісімен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдармен келісу бойынша төмен тұрған бюджеттің бюджеттiк бағдарламаларының әкiмшiлерi бекітеді.
      2-2. Бюджеттік бағдарламалар бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде олардың қаржыландыру көлемдері мен нәтижелер көрсеткіштері өзгерген жағдайда қайта бекітіледі.
      Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бастамасы бойынша бюджеттік бағдарламаларға тоқсанына бiр реттен жиi емес, тоқсанның екінші айының 25-күніне дейін өзгерістер енгізуге жол беріледі.
      3. Бюджеттік бағдарламалар стратегиялық жоспарда тұжырымдалған мақсаттар мен міндеттерді шешу үшін қажеттілік пен жеткіліктілік принциптеріне негізделе отырып әзірленеді.
      Бюджеттік бағдарламалар өзінің мазмұны бойынша мемлекеттік функциялармен, өкілеттіктермен және мемлекеттік қызметтер көрсетумен немесе бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қызметінің бағыттарымен біртекті топталуға тиіс.
      4. Бюджеттік бағдарламада оны іске асыруды бағалау үшін тікелей және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштері болуы тиіс, сондай-ақ бюджеттік бағдарламада сапа мен тиімділік көрсеткіштерінің болуы мүмкін.
      Сапа көрсеткіштері көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің оны алушылардың талабына және мемлекеттік қызметтер көрсету стандартына сәйкестігінің деңгейін көрсетеді.
      Тиімділік көрсеткіштері бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып, ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізуді немесе бюджет қаражатының аз көлемін пайдалана отырып, тікелей нәтижеге кол жеткізуді көрсетеді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      5. Бюджеттік бағдарлама бюджеттік кіші бағдарламалар үшін де бюджеттік бағдарламаларға арналған нәтиже көрсеткіштерін қолдану шартымен бюджет қаражатын жұмсаудың бағыттары нақтыланған кіші бағдарламаларға бөлінуі мүмкін.
      5-1. Төмен тұрған бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттер бойынша нәтиже көрсеткіштері жоғары тұрған бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен іс-шараларды іске асыруға бағытталған тиісті жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша көрсетіледі.
      Жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы даму трансферттері есебiнен іс-шараларды іске асыруға бағытталған жергілікті бюджеттік бағдарламалар бойынша тікелей нәтиже көрсеткіштері жергілікті бюджеттік инвестициялық жобалар бөлінісінде көрсетіледі.
      5-2. Әрбір бюджеттік бағдарламаға бюджеттік бағдарламаның жоспарлануы мен орындалуын қамтамасыз ететін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің лауазымды адамы – бюджеттік бағдарламаның басшысы бекітіледі.
      Бюджеттік бағдарламаның басшысы бюджеттік бағдарламаны сапасыз жоспарлағаны және оның нәтижелеріне қол жеткізбегені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
      6. Бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) әзірлеу және бекіту (қайта бекіту) тәртібін және олардың мазмұнына қойылатын талаптарды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
      Ескерту. 32-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.11.24 N 495-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.11.23 N 55-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 150-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б.қараңыз); 02.07.2014 N 225-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
      33-бап. Бюджеттік бағдарламалардың түрлері
      1. Мазмұнына байланысты бюджеттік бағдарламалар:
      мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асыруға;
      трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге;
      бюджеттік кредиттер беруге;
      бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға;
      күрделі шығыстарды жүзеге асыруға;
      мемлекеттің міндеттемелерін орындауға;
      нысаналы салым салуға бағытталған бағдарламалар болып бөлінеді.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақты екінші бөлікпен толықтыру көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      2. Мемлекеттік басқару деңгейіне байланысты бюджеттік бағдарламалар:
      1) республикалық бюджеттің құрамында бекітілетін республикалық бағдарламаларға;
      2) облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бағдарламаларына;
      3) аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында бекітілетін аудандық (қалалық) бағдарламаларға;
      4) республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында бекітілетін, қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламаларына бөлінеді.
      Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.
      3. Бюджеттік бағдарламалар іске асыру тәсіліне байланысты:
      1) бір әкімші іске асыратын дара бюджеттік бағдарламаларға;
      2) белгілі бір бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламаларының құрамында бекітілетін және бюджеттік бағдарламалардың әртүрлі әкімшілері арасында ағымдағы қаржы жылы ішінде бөлінуге жататын, бөлінетін бюджеттік бағдарламаларға бөлінеді.
      Мұндай бюджеттік бағдарламаларды бөлу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалануға бағытталған бөлінетін бюджеттік бағдарламалар бойынша бекітілген (нақтыланған) бюджетте көзделген шығыстар толық бөлінбеген жағдайда, сондай-ақ шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар үшін бөлінбеген сома бюджеттің атқарылмауы болып табылмайды.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.07.2014 № 225-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      4. Бюджеттік бағдарламалар біртұтас бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға және дамудың бюджеттік бағдарламаларына бөлінеді.
      Дамудың бюджеттік бағдарламаларына бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға жатады.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.11.23 N 55-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      34-бап. Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге
               асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік
               қызметтерді көрсетуге бағытталған бюджеттік
               бағдарламалар
      1. Мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламаның құнына олармен байланысты барлық ағымдағы шығыстар кіреді.
      2. Бюджеттік бағдарламалардың атауларында жүзеге асырылатын мемлекеттік функциялардың, өкілеттіктердің мазмұны және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету немесе мемлекеттік орган қызметінің бағыттары көрсетілуге тиіс.
      3. Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауы мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.04.2013 N 89-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      35-бап. Трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге
               бағытталған бюджеттік бағдарламалар
      1. Трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беруге бағытталған бюджеттік бағдарламаларға:
      1) бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер;
      2) мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне арналған ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер;
      3) жеке және заңды тұлғаларға арналған бюджеттік субсидиялар жатады.
      2. Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттің бір деңгейінен басқасына өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер болып табылады.
      3. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған ақшалай төлемдерден басқа, жеке тұлғаларға арналған трансферттер, бұл жеке тұлғаларға олардың иелігіндегі табыстарын өсіруге не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген шығындардың немесе нұқсандардың белгілі бір түрлерін толық немесе ішінара өтеуге арналған ақшалай төлемдер.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, мемлекеттік функцияларды орындаудың және республиканың немесе өңірдің дамуының әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асырудың басқа да тәсілі болмаған кезде ғана жеке және заңды тұлғаларға, соның ішінде шаруа немесе фермер қожалықтарына берілетін бюджеттен қайтарымсыз төлемдер бюджеттік субсидиялар болып табылады.
      5. Бюджеттен субсидиялар төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      36-бап. Бюджеттік кредиттер беруге бағытталған бюджеттік
               бағдарламалар
      Бюджеттік кредиттер:
      1) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға;
      2) мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметін жүзеге асыруға;
      3) қаржы агенттіктерінің мемлекеттік инвестициялық саясатты іске асыруына;
      4) төмен тұрған бюджеттердің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға;
      5) мемлекеттің әлеуметтік саясатының міндеттерін шешуге бағытталады.
      Ескерту. 36-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      37-бап. Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға
               бағытталған бюджеттік бағдарламалар
      Бюджеттік инвестициялар бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу арқылы жүзеге асырылады.
      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 03.12.2013 № 150-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      38-бап. Күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған
               бюджеттік бағдарламалар
      Күрделі шығыстарға, бюджеттік инвестициялардан басқа, шығыстардың экономикалық сыныптамасына сәйкес материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға не нығайтуға, күрделі жөндеуді (қалпына келтіруді) жүргізуге және өзге де күрделі шығыстарға бағытталған шығыстар жатады.
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      39-бап. Мемлекеттің міндеттемелерін орындауға бағытталған
               бюджеттік бағдарламалар
      Мемлекеттің міндеттемелерін орындауға бағытталған бюджеттік бағдарламаларға:
      қарыз алу шарттарынан туындайтын, уақыттың белгілі бір кезеңінде сыйақының, комиссиялық алымдардың, айыппұлдардың және өзге де төлемдердің жиынтық төлемдері, хеджирлеу мәмілелері бойынша төлемдер;
      қарыз алушының қарыз шартында белгіленген тәртіппен алған қарыз сомасын қайтаруы, мемлекеттің қарыз шартынан туындайтын басқа да міндеттемелерді орындауы;
      Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдарға үлестік және донорлық жарналар;
      мемлекеттік кепілдіктер мен кепілгерліктер бойынша міндеттемелерді орындау;
      мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындау;
      мемлекеттің Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінен немесе соттардың шешімдерінен туындайтын басқа да міндеттемелері жатады.
      Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.11.23 N 55-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 131-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      39-1-бап. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттік
                 бағдарламалар
      1. Дербес білім беру ұйымдарының қызметіне және (немесе) қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйымға тек қана дербес білім беру ұйымдары мен олардың ұйымдарының немесе Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін бюджеттен төленетін өтеусіз және қайтарымсыз төлемдер нысаналы салым болып табылады.
      2. Нысаналы салым Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған мақсаттарға бағытталады.
      3. Нысаналы салым салу бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілері арқылы жүзеге асырылады.
      4. Дербес білім беру ұйымдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметіне нысаналы салым нәтижелілігінің көрсеткіштері бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілерінің стратегиялық жоспарларында немесе бюджеттік бағдарламаларында айқындалады.
      Дербес білім беру ұйымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілерінің стратегиялық жоспарларында немесе бюджеттік бағдарламаларында айқындалған, өздерінің қызметіне нысаналы салым нәтижелілігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жауапты болады.
      5. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша шығыстарды жоспарлау мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес бюджеттік өтінім жасау арқылы жүзеге асырылады.
      6. Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. Кодекс 39-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.02.16 N 557-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2013 № 151-V Заңымен (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      40-бап. Барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын,
               сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және
               объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін
               органдардың мемлекеттік органдар мен олардың
               мекемелерінің шығыстарын сыныптау
      Барлау және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын, сондай-ақ қорғалатын тұлғалардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен олардың мекемелерінің шығыстары мынадай бюджеттік бағдарламалар:
      мемлекеттік функциялар мен өкілеттіктерді орындауға, трансферттер беруге және күрделі шығыстарды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама;
      бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бір бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстардың экономикалық сыныптамасының бір өзіндік ерекшелігі бойынша көрсетіле отырып, бір функционалдық топ бойынша жіктеледі.
      41-бап. Мемлекеттік тапсырма
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 10.06.2014 № 208-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      1. Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оның ұйымдарына, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс мемлекеттік тапсырма болып табылады.
      Жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдарға, мемлекеттік тапсырманы орындауға бюджет қаражатын бөлу осы заңды тұлғалардың жарғылық капиталы ұлғайтылмай жүзеге асырылады.
      2. Мемлекеттік тапсырманы жоспарлау бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.
      3. Мемлекеттік тапсырманы орындау бекітілген республикалық бюджеттік бағдарламаларды республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі мен мемлекеттік тапсырманы орындаушы арасында азаматтық-құқықтық мәміле жасау арқылы іске асыру шеңберінде, онда нәтижелер көрсеткіштері көрсетіле отырып, жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік тапсырманы орындау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдер сақталмай жүзеге асырылады.
      4. Мемлекеттік тапсырмалардың, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және мемлекеттік тапсырмаларды орындауға жауапты заңды тұлғалардың тізбесін жыл сайын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      5. Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 41-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.04.02 № 263-IV (2010.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.19 N 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2012.02.01 N 551-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
      41-1-бап. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар
      Осы бапта айқындалған жағдайлар басталған кезде ең үздік тікелей нәтижеге қол жеткізу үшін бекітілген бюджеттік бағдарламаларға қосымша бөлінетін республикалық бюджет шығыстары шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар болып табылады.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың жалпы көлемі кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджет шығыстары көлемінің төрт пайызынан аспауға тиіс.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар бюджетті әзірлеу кезінде осы Кодексте белгіленген талаптар сақтала отырып, жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетті қалыптастырған кезде жоспарланады.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесін және көлемін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган қалыптастырады, Республикалық бюджет комиссиясы қарайды және олар әлеуметтік-экономикалық даму болжамының құрамында мақұлданады. Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджетте мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімшілік жасайтын, жеке бөлінетін бюджеттік бағдарлама бойынша көзделеді.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстар бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша бюджет кірістерінің атқарылуы есепті кезеңге арналған бекітілген жоспарлы көрсеткіштерден асып түскен жағдайда, сондай-ақ ағымдағы қаржы жылына арналған әлеуметтік-экономикалық даму параметрлерін жақсарту болжанған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бойынша бөлінеді. Бұл ретте, ағымдағы қаржы жылының бюджетінде көзделген бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджет қаражатының уақтылы игерілуі, шығыстардың әлеуметтік бағыттылығы, ағымдағы қаржы жылындағы бюджеттік бағдарламалар бойынша қабылданған міндеттемелердің аяқталу мерзімдері ескеріледі.
      Шартты түрде қаржыландырылатын шығыстарды бөлу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Ескерту. 6-тарау 41-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.11.23 N 55-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет