Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Отаршылдық қанаудан жергілікті халықтың экономикалық жағдайы.
2. Еңбекшілердің қайыршылыққа ұшырауы.
3. Жерді зор көлемде тартып алу, алым-салықтың көбеюі.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 356-359 б.б.
2. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995ж. 121-122 б.б.
3. Ч. Мусин «Ұлы дала тарихы» А; 1994ж. 127 б.
4. Ә. Әбдәкімұлы «Қазақстан тарихы» А; 1997 ж. 113-114 б.б.
20- дәрiс.
Тақырыбы: Патшалы Ресейдiң 1867-1868 жылдардағы Қазақстандағы әкiмшiлiк реформалары.
Дәрістің мазмұны:
1.Капиталистiк қатынастардың Қазақстанға енуi.
2.Басқару туралы Уақытша ереженiң мәнi.
1.Капиталистiк қатынастардың Қазақстанға енуi.
1867-1868 жылдардағы реформалар бойынша әскери-сот комиссиялары мен уездiк соттар құрылды, олар жалпы империялық заңдар негiзiнде жұмыс iстедi. Бұл «Ережелер» екi жыл мерзiмге тәжiрибе түрiнде уақытша енгiзiлген болатын. Алайда, бұл «тәжiрибе»ргiлiктi халыққа терiс әсер етуi ықтимал деген қауiппен 20 жылдам астам уақытқа созылды. 1886 жылы 2 маусымды «Түркiстан өлкесiн басқару туралы ереже», 1891 жылғы 25 наурызда «Ақмола, Семей, Жетiсу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже» қабылданды. Түркiстан өлкесi жерiнiң құрамына Ферғана, Самарқанд және Сырдария облыстары кiрдi. Сырдария облысы Әмудария бөлiмiнен және Қазалы, Перовск, Шымкент, Әулиеата және Ташкент аталған 5 уезден құралды. Ал Орынбор және Батыс Сiбiр генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Ақмола, Семей, Орал, Торғай және Жетiсу облыстары кiрдi. 1897 жылы Жетiсу облысы қайтадан Түркiстан генерал-губернаторлығының қарауына берiлдi.
2.Басқару туралы Уақытша ереженiң мәнi.
Әскери-әкiмшiлiк отарлау саясаты Ресейден шаруалардың қазақ жерiне ағылып келуiне жол ашты. Қазақ даласын отарлау саясатын iске асыру жолында Жетiсудың бiрiншi әскери-губернаторы Колпаковскийдiң бастауымен 1868 жылы «Жетiсуда шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережелер» бекiтiлдi. Осы ереже бойынша қоныстанушы әр жанға 30 десятина жер бөлiндi. Қоныс аударушылар 15 жыл мерзiмге алым-салықтан, рекруттық (әскери мiндет) мiндеткерлiктен босатылды. Мұқтаж отбасыларға «керек-жарақтар алу үшiн» ақшалай көмек берiлдi.
XIX ғасырдың екiншi жартысында Еуропа мемлекеттерiнде дамыған капиталистiк қатынас Ресейге әсер етпей қоймады. Осымен байланысты Ресейдiң капиталистiк өнеркәсiбi мен Қазақстандағы ауыл шаруашылық өндiрiсi арасындағы қатынас күшейдi. Сауда және өсiмқорлық капиталы Ресейдiң орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сонымен бiрге өлкенiң өз iшiнде де тауар айналымының өсуiн шапшандатты. Өлкеде үстем болған натуралды шаруашылық бiртiндеп ыдырай бастады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Капиталистік қатынастардың Қазақстанға енуі және даму салалары.
2. Қазақ жерін басқару туралы Уақытша Ереженің мәні.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 361 б.
2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003ж. 162-167 б.б.
3. Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995ж. 123-124 б.б.
21- дәрiс.
Тақырыбы: ХХ-ғасырдағы Қазақстан.
Дәрістің мазмұны:
1.ХХ ғасырдың басындағы өлкедегi жалпы ахуал.
2. I- шi дүниежүзiлiк соғыстың Қазақстанға әсерi.
3.Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы, оның Қазақстанға әсерi.
1.ХХ ғасырдың басындағы өлкедегi жалпы ахуал.
Капиталистiк қатынастардың қазақ даласына енуi көшпелi және жартылай көшпелi мал өсiрушiлiкпен айналысатын қазақ ауылында патриархалдық-феодалдық қатынастардың ыдырау процесiн тездеттi. Өлкеде өнеркәсiптiң жаңа салалары пайда болды. Қоғамдық еңбек бөлiнiсi одан әрi дамып, жұмысшы табы қалыптасты.
ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына қарай Ресейде капиталистiк даму империалистiк сатыға көтерiлдi. Бiрақ Ресейде империализм елдiң экономикасы мен саяси құрылысында феодалдық-крепостниктiк қалдықтардың сақталуы жағдайында дамыды. Помещиктердiң сойылын соғатын iрi монополистiк капиталмен тығыз байланыстағы патша өкiметi елдiң өндiргiш күштерiнiң дамуына тұсау болып, қоғамдық прогрестi тежедi.
Бiрiншi орыс төңкерiсi кезiнде патшалық тәртiпке қарсы күреске ұлттық аймақтардың езiлген халықтары да көтерiлдi. Қазақстан еңбекшiлерiнiң 1905-1907 жылдардағы ереуiлдерi орыс халқының төңкерiстiк күресiмен тығыз байланысты болды.
Қазақстан қалаларында өткен жұмысшылар мен қызметкерлердiң жиналыстарында Петербургтегi қарусыз жұмысшыларды атқылауға наразылық бiлдiрiлдi. Ереуiл кезiнде қаза тапқандардың отбасыларына көиек үшiн қаржы жиналды. Қалалар мен темiр жолдарда ереуiлдер өттi. 1905 жылы ақпанда Перовск, Түркiстан, Шалқар темiржолшылары өздерiнiң экономикалық жағдайларын жақсарту талабын қойған ереуiл жасады.
2. I- шi дүниежүзiлiк соғыстың Қазақстанға әсерi.
1914 жылы патшалы Ресей дүниежүзiлiк соғысқа тартылды. Бұл бiрiншi дүниежүзiлiк империалистiк соғыс барлық халықтарға, соның iшiнде Қазақстанға да аса ауыр зардаптарын тигiздi.
1916 жылы 25 маусымда патша үкiметiнiң “Бұратана халықты мемлекеттiк қорғаныс жұмыстарына пайдалану тәртiбi тураы ереже” қабылдануына байланысты тiптi күшейе түстi. Жұмыстан немесе әкiмшiлiк ережелерi мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға немесе үш ай мерзiмге тұтқынға алуға, болмаса айып ретiнде ақша өндiрiп алуға кесетiн болды. Азық-түлiктiң екi-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршiте түстi.
Майданға миллиондаған қазақ, өзбек қырғыз, т.б. ұлттардың жастарын қаруландырмай, соғыс әдістеріне үйретпей аттандыру оларды тірідей өлімге айдаумен бірдей еді. Бұл отаршылдардың бір шырғалаңы болатын. Оған қоса, Ресей өзіне қарсы соғысып жатқан Түркияға мұсылман халықтарын қарсы қойып, олрды өзара қыр-қыстыру қиямпырыстығын да ойластырды.
Патша жарлығына сай ең әуелі соғыс барысында қираған әскери бекіністер мен қорғаныс қамалдарын қалпына келтіруге 391065 жігіт жіберілуі тиіс болды. Бұған барлық жерде бұқара халық наразылық білдіріп, ереуілге шығады. Кісі жібермеу антына қол қояды. Ежелгі жаумен белдесуге шыққан елдің бірі Жетісу жұрты болды. Столыпин реформасының әлегінен ата-баба қонысынан айырылып, қанаты қайырылған Жетісу сол 1916 жылдың жаз айларында ұлт-азаттық көтерілістің туын тікті. Олар қарсылық көтерілісіне қол жинап жатқанда қазақтардың ата қонысына орналасқан қара шекпенді мұжықтарды отарлау әкімшілігі қаруландырып үлгерді. Теміржол торабы арқылы Жетісуға бүкіл Түркістан өлкесінен жазалаушылар қосыны келіп жетті. Ойдым-ойдым көтеріліске шыққан халықты патша жазалаушы қосындары қанға бөктірді. Көтерілісті бастаушылар Жәмеңке мен Ұзақ аяусыз жазаланды.
3.Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы, оның Қазақстанға әсерi.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық төңкерiс жеңiске жеттi. Патша өкiметi құлатылып, министрлер мен көрнектi чиновниктер тұтқынға алынды. Патша өкiметi құлатылғаннан кейiн бүкiл Ресейдегi сияқты Қазақстанда да қос өкiмет орнады. Бұрынғы патша чиновниктерi, эсерлер, меньшевиктер және буржуазиялық Уақытша үкiмет органдарымен бiрге халықтық өкiметтiң жаңа органдары жұмысшы, шаруа және солдат депутаттарының Кеңестерi құрылды.
Уақытша үкіметтің қазақ өлкесіндегі жергілікті органдары 1917 жылы наурыз-сәуірде құрылды. Уақытша үкімет облыстарды басқаруға бұрынғы патша шенеуніктерін және қазақтың ұлттық зиялыларын сайлады: Ә.Бөкейханов – Торғай облысының, М.Тынышбаев – Жетісу облсының, М.Шоқай – Түркістанның Уақытша үкіметінің комиссары болды.
Қазақ ұлттық зиялыларының жетекшісі Ә.Бөкейханов «Жаңарған Ресейдің азат азаматтары-қазақтарға» деген үндеуінде қазақтарға ұйымдасу қажет екендігін баса көрсетті. Ақпан төңкерісінен кейін ұлттық-либералдық қозғаыстың басшылары қоғамдық-саяси дамудың маңызды мәселелері бойынша Уақытша үкімет жағына шықты.
1917 жылғы наурыз-сәуір – жұмысшы және саолдат депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы мамыр-маусым – шаруалар депутаттарының Кеңестері құрылды. Кеңес үкіметінің көтерген мәселелері: шаруаға – жер; жұмысшыларға – 8 сағаттық жұмыс күні; халыққа – бейбітшілік беру. 1917 жылғы наурыз – жергілікті социал-демократтардың астыратын жұмыс істеуден ашық түрде жұмыстарын өрістеткен кезеңі.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
-
ХХ-ғасырдың басындағы өлкедегі жалпы ахуал.
-
1905-1907 жылдардағы ревалюциялық оқиғалар, саяси қозғалыстардың өрістеуі.
-
Бірінші дүниежүзілік соғыстың Қазақстанға әсері.
-
Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы, оның Қазақстанға әсері.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
-
К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 376-378 б.б.
-
«Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994 ж. 162-163 б.б.
-
«қазақ тарихы» жур. 2004ж. №3, 91 б.
22-дәрiс.
Тақырыбы: Тоталитарлық жүйенiң қалыптасу кезеңiндегi Қазақстан.
Дәрістің мазмұны:
1.Қазақ АКСР-нiң құрылуы.
2.ЖЭС-ке көшуi.
3.Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру.
1.Қазақ АКСР-нiң құрылуы.
Заман талабы қазақ халқының ұлттық кеңес мемлекеттігін құруын қажет етті. Жүзеге асыруға тиісті шаралар: халықтың бұрынғы территориялық тұтастығын қалпына келтіру; қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру.
Арнаулы комиссия құрылып, республика шекарасын белгілеумен айналысты. Бұл өзгерістер кезінде әр түрлі көзқарастар туындады. Қазақ өлкесіне Ақмола, Семей, Орал облыстарының қосылуына қарсылық. Республика құрамына Омбы облысын, Орта Азияның көп бөлігін, Барнаул уезін, Алтай өлкесін қосу.
1919 жылғы 19 қыркүйек – Орынбордың Қазақ өлкесіне қосылуы туралы шешім қабылданды. 1920 жылғы 7 шілде – Орынбор республика құрамына енгізіліп, тұңғыш астанасы (1920-1924 ж.ж.) болды. 1924-1929 ж.ж. астана – Ақмешіт (Қызылорда). 1929 жылдан астана – Алматы.
Қостанай аймағын республика құрамына қосу қажеттігін А.Байтұрсынов пен М.Сералин жан-жақты дәлелдеді. Батыс Сібірге еніп келген Ақмола мен Семей облыстарын өлке құрамына енгізу мәселесі 5 рет қаралып, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, М.Сералиндердің тарихи деректемелерінен кейін ғана шешілді.
1920 жылы 4 қазанда Орынборда алғашқы Қазақстан Кеңестерiнiң Құрылтай съезiнде Орталық Атқару Комитетi (төрағасы С.М. Меңдешев) және Халком Кеңесi сайланды. Съезд “Қырғыз (Қазақ) АКСР-i еңбекшiлерi құқықтарының декларациясын” қабылдады. Онда Қазақ АКСР-i РКФСР-дiң құрамына кiретiн жұмысшылардың, еңбекшi қазақ халқының, шаруалардың, казактардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерiнiң автономиялы республикасы болып құрылғанын мәлiмдедi. Декларация Кеңестердiң таптық мәнiн белгiлеп бердi. Ол ұлттық езушiлiк пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетiнiн жариялады.
2.ЖЭС-ке көшуi.
Қазақ жеріндегі ЖЭС-ке көшу көптеген қиыншылықтармен бірге жүргізілді. 1921 жылы жазда қуаңшылық болып, малдың 80%-ы қырылды. Елде аштық басталды. Ашығушылар республика халқының 1/3 бөлігін қамтыды: 1921 жылғы қараша – 1млн. 508 мың адам; 1922 жылғы наурыз – 2 млн. 303200 адам. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губернияларын аштық жайлады. Аштыққа індет қосылып, 1922 жылы маусымда Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар 82%-ға жетті.
Астық мол болған Семей, Ақмола губернияларынан азық-түлік отрядтары ауылшаруашылық өнімінің 80%-н әкетті: астық – 4 млн. пұт; май – 24,5 мың пұт. Бұл жиналған азық-түлік пролетариат орталықтары – Мәскеу, Петроград, Самара, Қазан, Саратовқа жіберілді. Нәтижесінде Қазақстанның астықты аймақтарының халқы ашыға бастады.
Қазақстанда жаңа экономикалық саясатты (НЭП-тi) iске асыру 1921-1923 жылдарда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетiнiң азық-түлiк салығына көшу туралы шешiмi негiзiнде жүргiзiлдi. Салықтың мөлшерi салғыртқа қарағанда аз болды. Мәселен, 1920 жылы Жетiсу және Сырдария облыстарында астық салғырты бойынша 10,4 млн пұт астық жиналса, 191 жылы салық арқылы шаруалардан жиналған астық 6,0 млн пұттан асқан жоқ.
Елдiң экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығын өркендету үшiн кооперативтендiру жоспары негiзiнде 20-жылдардың аяқ шенiнде бүкiл елдегi сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды.
Республика экономикасының құлдырап төмендеуi 1932-1933 жылдардағы қуаңшылықпен тұстас келдi. Осындай елдi арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екi жылда республикада аштықтан өте көп адам қырылып, қазақ елi орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады. 2 млн 200 мың адамынан, яғни қазақ ұлтының 49 процентiнен айрылды. Республикада тұратын басқа халықтар да сан жағынан кемiдi.
3.Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру.
Социализмнің бұрмалануы Қазақ өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы қызметіне Ф.И. Голощекиннің (1925-1933 ж.ж.) келуімен күшейе түсті. Ол «Қазақ ауылы Қазан лебін сезінген жоқ, сондықтан «Кіші Қазан» төңкерісін жасау қажет» деген идеясын ұсынды. Оның бағыты қарсылыққа ұшырап, Сталинге хат жолдап, «Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат негізінен алғанда дұрыс саясат деп ойлаймын» деген жауап алды. Осыдан бастап Голощекин идеясына жол ашылды.
«Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты: өлке өнеркәсібін ұсақ және орташа деңгейде дамыту; өлкені шикізат базасы ету.
Голощекин бұл қағидасын 1927 жылы ұсынып, 1930 жылы VII Өлкелік партия конференциясында нақтылады. Саяси Бюро мүшелігіне кандидат А.А. Андреев VI Бүкілқазақтық партия конференциясында бұл бағытты қолдайтындығын мәлімдеді.
Қазақстанға Ф.И. Голощекиннiң өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып келуi қазақ халқы үшiн тұп-тура бақытсыздық болды. Голощекин әмiршiл-әкiмшiл басқару жүйесiне арқа сүйеп, небiр сұмдық амал-айла, зымияндық әдiс қолдану арқылы қазақ зиялыларын бiр-бiрiне айдап салды, “халық жауы” деп жала жауып, мыңдаған қазақ азаматтарының қанын төктi. Қуғынға ұшырап, туған жерiнен аластатылып кеткендердiң алдыңғы легiнде А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Халел және Жанша Досмұхамедовтар, М. Тынышбаев, К. Кемеңгеров сияқты ұттың бетке шығар саңлақтары болды. Голощекиннiң тiкелей басшылығымен 1929 жылы – 31, 1930 жылы – 82, 1931 жылы – 80 “контрреволюциялық ұйымдар” “ашылып”, бұл ұйымдардың мүшесi болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығарлары қамауға алынды.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
-
Қазақ АКСР-нің құрылуы.
-
1921 жылғы ашаршылық.
-
ЖЭС-ке көшу, оның табыстарымен кемшіліктері.
-
Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру, Ф.И.Голощекиннің қағидасы.
-
«Кіші Қазан» төңкерісінің бағыты.
-
1932-1933 ж.ж. ашаршылық.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
-
Х. Маданов «Қазақ халқының арғы-бергі тарихы» А; 1995 ж. 76-80 б.б.
-
«Қазақстан тарихы» очерктер, А; 1994 ж. 171-173 б.б.
-
К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 25-37 б.б.
-
Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 147-155 б.б.
23-дәрiс.
Тақырыбы: Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында.
Дәрістің мазмұны:
1.КСРО-ға фашистердiң шабуылының басталуы.
2.Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.
1.КСРО-ға фашистердiң шабуылының басталуы.
1940 жылғы 18 желтоқсан – фашистік Германия басшылығы «Барбаросса» соғыс жоспарын жасады. Мақсаты: КСРО-ға қарсы соғыс ашу; «Қауырт соғыс» идеясы бойынша соғысты 1941 жылдың күзінде аяқтау. Бұл соғыс жоспары бойынша фашистер КСРО-ны: сансыз көп ұлттың жасанды және тұрақсыз бірлестігі; ішкі бірліктен жұрдай этникалық конгломерат ретінде қарастырды. КСРО территориясын, бірнеше рейхкоммисариатқа бөлуді көздеді.
Фашистік Германияның қуыршық мемлекет құрудағы көзеген экономикалық және саяси мақсаттары: Ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және азық-түлік базасын жасау; Кеңес елін отарға айналдырып, халықтарын құлдыққа түсіру. 1941 жыл 22 маусым – фашистік Германия КСРО-ға тұтқиылдан соғыс ашты. Ұлы Отан соғысы басталды.
1941 жылғы 22 маусымда гитлершiл Германия мен КСРО арасындағы сұрапыл соғыс басталды. Бұл Кеңес Одағы үшiн бұрын-соңды бастан кешкен барлық соғыстардың iшiндегi ең ауыры болды.
Ұлы Отан соғысының даңқты тарихының беттерiне жазылған қазақстандықтардың ерлiгi аз болған жоқ. Елiмiздiң басқа да халықтарының ұл-қыздарымен қатар бiздiң республиканың жастары да жаумен Балтық теңiзiнен Қара теңiзге дейiнгi майдан шептерiнде ерлiкпен шайқасты. Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерiнен бастап басқыншылармен кескiлескен ұрыс жүргiздi. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, Ш. Шолтыров, К. Иманқұлов, Е.А. Качан т.б. жаумен жан аямай шайқасып, ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Жау тылында қалған көптеген жауынгерлер партизан қозғалысына қатысты. Олардың арасында Жұмағали Саин, Қасым Қайсенов, Әди Шәрiпов, сол сияқты басқа да жерлестерiмiз аз болған жоқ.
Ұлы Отан соғысы барысында Сталинград шайқасы бетбұрыс кезең болды. Бұл сұрапыл шайқасқа қатысқан құрамалардың арасында Қазақстанда жасақталған 38-атқыштар дивизиясы болды. Ол әр кезде 62-армия (қолбасшысы В.И. Чуйков), 57-армия (қолбасшысы М.С. Шумилов) құрамында болды.
2.Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.
Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерлiктерi үшiн мыңдаған қазақстандықтар Кеңес Одағының орден, медальдарымен наградталды. 500-ге жуық қазақстандыққа Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Олардың 99-ы қазақ. Солардың қатарында Кеңестiк Шығыстың қос қарлығашы, қаһарман қыздары - Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова болды. Кеңес одағының Батыры атағы қазақстандық ұшқыштар Т. Бигелдинов, Л.И. Беда, И.Ф. Павлов, С.Д. Луганскийге екi реттен берiлдi.
Ұлы Отан соғысы жеңiспен аяқталғаннан кейiн Қазақстан еңбекшiлерi бейбiт құрылысқа оралды. Экономиканы бейбiтшiлiк жағдайға бейiмдеп, қайта құру еңбекшiлердiң қоғамдық-саяси белсендiлiгi жағдайында жүргiзiлдi. 1945 жылғы қазанда Алматыда республиканың 25 жылдығына арналған Қазақстан Жоғарғы Кеңесiнiң мерекелiк сессиясы болып, оған туысқан республикалардың, Мәскеу мен Ленинградтың делегациялары, өнеркәсiп пен ауыл шаруашылығының озаттары, ғылым мен мәдениет қайраткерлерi қатысты. Осы мерекеге орай 5304 адам ордендермен және медальдармен наградталды.
Жалпыға бiрдей жетiжылдық бiлiм беру туралы Заң одан әрi жүзеге асырылды. Сөйтiп 1952 жылдың аяғында Қазақстанда жалпы бiлiм беретiн 19 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны болды, бұлада 1,5 млн адам оқыды. Дегенмен мектептердiң ескiрген, тозған үйлерiн жөндеуге халықтың, село мен қала еңбекшiлерiнiң тарапынан үлкен көмек көрсетiлдi. Сонымен бiрге олар клуб, кiтапханаларға да жәрдемдестi. Кiтап қорларын толықтыру үшiн кiтап, радиоқабылдағыш т.б. мәдени құралдарды жинап бердi.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Германияның КСРО-ға шабуылы.
2. Фашистік Германияның көздеген экономикалық және саяси мақсаттары.
3. Қазақстандық – Кеңес Одағының батырлары.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 77-117 б.б.
2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 252-259 б.б.
3. «Қазақ тарихы» жур. 1997 ж. №2 5-22 б.б.
24-дәрiс.
Тақырыбы: Батыс Қазақстан Сталинград шайқасының жақын тылы.
Дәрістің мазмұны:
1.Қазақстандықтар Сталинград шайқасында.
2.Қазақстанда жасақталған дивизиялар.
3.Нүркен Әбдiровтiң ерлiгi.
1.Қазақстандықтар Сталинград шайқасында.
1942 жылдың 17 шілдесінен Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстар басталды. 1942 жылдың күзінде Сталинград шайқасының жалына Батыс Қазақстан даласына жетті. 1942 жылғы күз – Каспий алабына соғыс жағдайы енгізілді. 1942 жылғы 1 қыркүйек – Атырау қорғаныс комитеті құрылды. 1942 жылғы 10 қыркүйек – Атырау аспанында алғашқы жау ұшағы пайда болды. 1942 жылғы 15 қыркүйек – Атырау облыстық мемлекеттік қорғаныс комитеті соғыс жағдайын енгізді. 1942 жылғы 16 қазан – Орал облысы майдан өңіріне енгізілді. 1942 жылғы 26 қазан – Орал аймағы әуе шабуылынан қорғану бөлімдерінің қатарына енгізілді. 1942 жылғы 23 қазанда – Қазақ радиосы Сталинградты қорғаушылар үшін арнаулы радиохабар ұйымдастырды.
1943 жылғы желтоқсанда белгіленген шекара бойынша Қазақстан Сталинград облысымен шектесті. Орал қаласында ірі әскери-оперативтік байланыс торабы құрылды. Батыс Қазақстанға көшіріліп орналастырылған госпитальдар саны 20-ға жетті. Сайхан, Шұңғай, Жәнібек станцияларына шабуылдаған 7 млн. сомнан асатын шығын келтірді. Алайда Орал – Урбах – Астрахань темір жол байланысы тоқтатылмады.
Сталинград шайқасы – Ұлы Отан соғысының 1942 жылғы 17 шiлдеден 1943 жылғы 2 ақпанына дейiнгi аралыққа созылған соғыс тарихындағы iрi шайқастардың бiрi. Ол Совет Армиясының Сталинград қорғанысы (17 шiлде-18 қараша 1942) операциясынан басталып, Сталинград қарсы шабуылы («Уран», 19-30 қараша 1942), Котельников қарсы шабуылы (24-31 желтоқсан 1942) және қоршауға түскен жаудың топтасқан күшiн жоюды көздеген қарсы шабуыл («Кольцо», 10 қаңтар-2 ақпан 1943) операцияларын қамтыды. Шайқас Ұлы Отан соғысы мен бүкiл екiншi дүние жүзiлiк соғыстың барысында түбегейлi бетбұрыс жасауға шешушi үлес қосқан Совет Армиясының iрi жеңiсiмен аяқталды.
2.Қазақстанда жасақталған дивизиялар.
Сталинград шайқасына Қазақстанда жасақталған 27, 387, 28, 29, 38-атқыштар дивизиясы мен 81-атты әскер дивизиясы, 152 -атқыштар бригадасы қатысты. 1942 жылдың 10 қыркүйегiнде бiр ғана Сталинград майданында жалпы қазақ жауынгерлерiнiң саны 8280 адам болды. Қазақстандық 29, 38-ші атқыштар дивизиялары Калач қаласында фашистердің 300 мыңдық тобын қоршап, құртып жіберуге қатысты. Неміс-фашист әскерлерінің 28 дивизиясы толық талқандалды. Сталинградтың қақ ортасындағы бір үй үшін сержант Павлов ротасындағы жауынгерлер 58 күн айқасты. Бөлімде орыс, украин, грузин, татар, қазақ, өзбек, тәжик, абхаз жігіттері бір үйдің адамдарындай бауырластық жағдайда, Отан алдындағы борыштарын абыройымен атқарды. Сталинград түбiндегi соғыс жүрiп жатқан кезде ондағы қазақстандық жауынгерлерге республика еңбекшiлерi, Қазақстан Компартия Орталық Комитетi, Қазақ ССР Жоғарғы Советi мен Халық Комиссарлары Советi 1942 жылы 9 қазанда үндедi жолдады. Бұл үндеуде: «Сталинград-шығыстың кiлтi. Сталинград түбiндегi қазақ жауынгерлерi орыс, украин, белорус, өзбек, тәжiк, түркмен, азербайжан, грузин жауынгерлерi сияқты өзiнiң от басын, өз семьясын, өзiнiң туған Совет жерiн қорғайды. Қазақ жауынгерi өз анасының, әкесенiң, өз жарының, өз балаларының немiс баронының құлдарына айналуына жол бермейдi»,-делiнген.
3.Нүркен Әбдiровтiң ерлiгi.
Сталинград қорғауда 1942 жылдың 19 желтоқсан күнi Боковск-Пономаревка ауданындағы әуе ұрысында 21 жастағы ер жүрек ұшқыш Нүркен Әбдiров капитан Н.Ф. Гастеллоның ерлiгiн қайталады. Ол өзiнiң жанған самолетiн дұшпанның танк колоннасының үстiне құлатты. Совет халқы Нұркен ерлiгiн жоғары бағалап, оған Совет Одағының Батыры атағын бердi. Нұркен ана сүтiн ақтап, туған елiн, Отанын қорғады. Өмiрдi сүйген ұлымыз өлiмнен қорықпады. Сталинград шайқасында қазақстандық жауынгерлердiң, басқа бауырлас ұлттармен бiрге жасаған қаһармандығы мен өшпес ерлiктерi таңданарлық едi. Сталинград шайқасында жауынгер қыздар Мәлике Тоқтамысова, Роза Момынова, Әсия Бекерова өздерiнiң ерлiгiмен көзге түстi.
Қазақстанда жасақталған 29 және 38-атқыштар дивизияларының батырлары Сталинградты қорғаушылардың қатарында өздерiнiң батырлығымен елiмiздi сүйсiндiрдi. Сталинград шайқасында көрсеткен ұйымшылдығы, ерлiгi, тәртiптiлiгi үшiн 29-атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық деген құрметтi атаққа ие болды. Бұл дивизияның жауынгерлерi қазақ халқының «Өлiспей берiспеңдер» деген тапсырмасын адал орындап шықты, жаппай ерлiк көрсеттi.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Сталинград шайқасы (1942-1943ж.ж.)
2. Қазақстанда жасалған 29 және 28 – атқыштар дивизияларының батырларының Сталинград үшін шайқасы.
3. Н.Әбдіровтың ерлігі.
4. Батыс аудандар, Шоңай, Жәнібек, Сайқын станцияларының оперативты тылға айналуы.
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. . К. Аманжолов «Қазақстан тарихы» А; 2004ж. 107-114 б.б.
2. Ч. Мусин «Қазақстан тарихы» А; 2003 ж. 252-259 б.б.
25- дәрiс.
Достарыңызбен бөлісу: |