Ойынның педагогикалық маңызы: Ойын оқушылардың допты лақтыру дағдысын, ептілік, жылдамдық қабілеттерін дамытып, жетілдіріп, бағдарлауға, тез шешім қабылдауға, бір-біріне көмектесуге, ұйымшылдыққа тәрбиелейді
«Доп ортадағыда»
Ойыншылар саны: 20 30 адам.
Ойынның мақсаты: Допты кеуде тұстан екі қолмен тез лақтырып, тез қағып алуға үйрету.
Керекті құрал-жабдықтар: волейбол добы мен ысқырық.
Дайындық: Сыныптағы оқушылар санына қарай 5-6 дан бөлініп, жарты шеңбер жасап тұрады. Оның ортасына бір баланы қояды.
Ойын мазмұны: Ойынды бастауға берілген белгіден кейін шеңбердің ортасында тұрған бала қолындағы добын тұрған балалардың жетекшісіне кеуде тұсынан екі қолмен лақтырып оның қайтып лақтырған добын қағып алып, келесі ойыншылармен де солай доп алысады. Доп ең шекті баладан ортадағы ойыншыға жеткенде, шеткі бала ортаға, ортадағы шеткі баланың орнына қарай жүгіреді. Сол кезде шеңбер жасап тұрған ойыншылар солға қарай бір қадам жылжиды. Ойын осылайша бірінші болып ортада тұрған бала өз орнына келгенше жалғастырады.
Ойынның ережесі:
1) Ойыншылардың арасы 1-2 метрден артық болмайды;
2) Ойыншылар орындарын ауыстыруы керек;
3) Барлық ойыншылар көрсетілген әдіспен ғана жаттығуды орындаулары қажет;
4) Допты соғып беруге болмайды.
Әдістемелік нұсқаулар: Бұл ойында балалардың орындарынан қозғалмай допты тек қолдарымен берулерін қадағалау қажет. Ойыншылар тұрғанда аяқтарын сәл алшақ қойып, тізелерін сәл бүгіп, денесін алға қарай еңкейтіп ұстайды. Егер ойышылардың тұру қашықтықтары жақын немесе алыс болса, онда ойыншылардың шамаларына қарай ол қашықтықты өзгерту керек. Балалар ойын ережелерін жақсы меңгергеннен кейін бұл ойынды жарыс ретінде де өткізуге болады.
Ойынның педагогикалық маңызы: Балалар допты лақтыру мен қағып алу жаттығуларының әдіс-тәсілдерін жетік меңгере алатын болады. Тез, шапшаң, қимылдауға, кедергі жасайтын артық қимыл-қозғалыстардан арылуға көмектеседі. Жан-жаққа көп жалтақтамай, нақты әрекет жасауға дағдыланады.
Достарыңызбен бөлісу: |