Дене дайындығы. Қазіргі уақыттағы волейбол – бұл жоғарғы қозғалысқа белсенділік, ойын әрекеттерінің үлкен шиеленушілігін сипаттаушы, ойыншыдан функционалды мүмкіндіктерін және жылдамдық пен дене қасиеттерін шегіне жеткенше жұмылдыруын талап етуші спорттық ойын.
Дене дайындығының міндеттері – денені жан-жақты дамыту мен денсаулықты нығайту, функционалды мүмкіндіктерін көтеру және волейболшылардың қозғалыс қасиеттерін жетілдіру.
Дене дайындығының міндеттері – дене тәрбиесі жүйесінің жалпы міндеттерінен шығады және спорт түрлерінің ерекшеліктерімен нақтыланады. Волейболшының дене дайындығы келесі міндеттерді шешуге нақты бағытталады:
1. Даму деңгейін көтеру және ағзаның функционалды мүмкіндіктерін кеңейту (функционалды дайындық);
2. Дене қабілеттерін тәрбиелеу (жылдамдық, күш, ептілік, икемділік, төзімділік), сонымен бірге іс-әрекеттерінің тиімділігін қамтамасыз ететін (секіргіштік, ойнау ептілігі, төзімділік-атлетикалық дайындық) осылармен байланысты дене қабілеттерінің кешенін дамыту.
Бұл міндеттердің шешімі жалпы және арнайы дене дайындығы үдерістерінде іске асырылады.
Жалпы дене дайындығы (ЖДД) – волейболшы ағзасын шыңдауға және дамытуға бағытталған: барлық мүшелер мен жүйелердің функционалды мүмкіндіктерін дамыту, бұлшық еттерді жетілдіру, күш, шапшаңдық, ептілік, икемділік, төзімділік дене қабілеттерін талап деңгейіне дейін көтеру.
Бұл міндеттерді шешу үшін жалпы дамытатын әртүрлі дене жаттығулары қолданылады.
Бірде-бір дене қабілеті жеке дара дами алмайды. Олардың әрқайсысының даму деңгейі бір-бірімен тығыз байланысты болады. Мысалы, волейболшының шапшаңдық төзімділігі жүгіруде көрінетін бұлшық еттер күшімен жалпы төзімділікке байланысты дамиды.
ЖДД волейболшының тәсілдік шеберлігінің артуына ықпал етеді. Волейболшыға қажетті барлық қимыл дағдылары – бұрыннан бар дене қасиеттері негізінде қалыптасады. Сондықтан да спортшының қимыл-қозғалыс тәжірибесі қаншалықты мол болса, ол волейбол тәсілдерін соншалықты меңгереді және тәсілдік шеберлігі де барынша жоғары болады. Қимыл-қозғалыс тәжірибесі тек дене дайындығы үдерісінде, волейболшы әртүрлі дене жаттығуларының тәсілін меңгергенде ғана жинақталады.
Негізінде, жалпы дене дайындығы амалдары дайындық кезеңінде қолданылады. Дегенмен, жалпы ұзақтығы 5-7 айға созылатын бірнеше мезоциклден тұратын волейболшылардың жарыс кезеңінің ерекшеліктерін ескере отырып, бұл кезеңге оқу-жаттығу үдерісіне жалпы дене дайындығы амалдарын енгізген жөн. Бұл – дайындық кезеңінде қол жеткізген дене қабілеттері деңгейін сақтауға көмектеседі. Жарыс кезеңінде жаттығу барысында волейболшылардың арнайы жаттығуларын ғана қолданып, жалпы дене дайындығы амалдарының көлемін қысқарту дене қабілеттерінің даму деңгейін төмендетіп жіберетіндігін тәжірибе көрсетіп отыр.
ЖДД шамадан тыс машықтанудың алдын алуда және ұзаққа созылған арнайы машықтануларда сабаққа деген қызығушылықтың жоғалуына жол бермеуде ЖДД тиімді амал болып есептелетінін есте сақтаудың маңызы зор. Волейболдың арнайы жаттығуларынан құрылымы мен сипаты жағынан дене жаттығуларының уақытылы ауысып отыруы жүйке жүйесіне оң әсер етеді, жоғалтқан күшті тез және толық қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Сондықтан да қарқындылығы мен көлемі ауыр келетін машықтану және жарыс жүктемелері жеңіл мүмкіндік береді. Ал ондай жүктемелерсіз қазіргі уақытта жоғары спорттық шеберлікке қол жеткізу мүмкін емес.
Достарыңызбен бөлісу: |