Дәріс №2
Тақырыбы: Пестицидтер (улы химикаттар) айналымы саласындағы қауіпсіздіктің жалпы талаптары
Мақсаты: Заң өсiмдiктердi зиянкестерден, арамшөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды және егiн өнiмiн, оның сапасын сақтау мен Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбауға бағытталған.
Негізгі сұрақтар:
1.Пестицидтерді (улы химикаттарды) буып-түю және олардың ыдысы жөніндегi талаптар
2.Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану кезіндегi қауіпсіздік талаптары
3.Пестицидтердің (улы химикаттардың) буып-түйілуін таңбалау жөніндегi талаптар
4.Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау кезіндегi қауіпсіздік талаптары
5.Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Негізгі термин сөздер: Пестицидтерді буып-түю,таңбалау, қауыпсыздік талаптары.
Пестицидтерді (улы химикаттарды) буып-түю және олардың ыдысы жөніндегi талаптар
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) буып-түю және оларға арналған ыдыс өнімді сақтау, тасу және өткізу кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тиіс.
2. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар адамды, қоршаған ортаны пестицидтердің (улы химикаттардың) қауіпті қасиеттерінен қорғау үшін арнайы лайықталуға тиіс.
3. Буып-түю мен ыдысқа пайдаланылатын материалдар пестицидтердің (улы химикаттардың) құрама заттарының бұзылуына немесе өзге де зиянды әсеріне төзімді болуға және:
1) жану және (немесе) жылудың едәуір бөлігінің бөлінуін;
2) тез тұтанатын, уытты немесе тұншықтыратын газдардың бөлінуін;
3) басқа да химиялық белсенді және қауіпті заттардың түзілуін тудыратын реакцияға түсе отырып, олармен өзара әрекеттеспеуге тиіс.
Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану кезіндегi қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) қолдану Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер (улы химикаттар) тізімінде белгіленген тиімді және қауіпсіз қолдану технологияларын сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Пестицидтерді (улы химикаттарды) техникалық регламенттердің талаптарын бұза отырып қолдануға тыйым салынады.
3. Пайдаланылмаған пестицидтерді (улы химикаттарды) уақытша сақтауға арнайы арналған орындардан басқа жұмыс орындарында қалдыруға тыйым салынады.
Пестицидтердің (улы химикаттардың) буып-түйілуін таңбалау жөніндегi талаптар
1. Пестицидтердің (улы химикаттардың) буып-түйілуін таңбалау:
1) телефонның, факстың, телекстің нөмірін және электрондық мекен-жайды қоса алғанда, өтініш берушінің (жеткізушінің, дайындаушының, дистрибьютордың немесе импортердің) атауы және толық мекен-жайын;
2) пестицидтің (улы химикаттың) атауы мен оның нысаналы мақсатын;
3) пестицидтің (улы химикаттың) номиналды мөлшерін (салмағын немесе көлемін);
4) шығару партиясы нөмірінің белгіленуін;
5) дайындалған (шығарылған) күнін;
6) қауіптілік қасиеттерінің және адамға, қоршаған ортаға және мүлікке әсер ету сыныптарының белгілерін (пиктограммаларын);
7) өнімді қауіпсіз сақтау, тасымалдау, өткізу, қолдану және кәдеге жарату жөніндегі ұсыныстарды қамтуға тиіс.
2. Буып-түюді таңбалау өшірілмейтін анық әріптермен немесе нышандармен түсіріледі.
Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау кезіндегi қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау осы үшін арнайы арналған, құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына, экологиялық талаптарға, санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сай келетін арнайы қоймалық үй-жайларда жүзеге асырылуға тиіс.
2. Қоймалар үрлейтін және тартатын желдеткіштерімен жабдықталады. Тартатын желдеткіш құрғақ сүзгіш элементтермен жабдықталады.
3. Пестицидтерді (улы химикаттарды) қоймада сақтауға үй-жайды санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қызметінің органдары зерттеп болғаннан кейін пестицидтерді (улы химикаттарды) алу және сақтау құқығына санитарлық паспорт жасалғаннан кейін ғана жол беріледі.
4. Сақталынатын пестицидтердің (улы химикаттардың) мөлшері қойманың жобалық құжаттамасында көзделген қойма сыйымдылығынан аспауға тиіс.
5. Пестицидтерді (улы химикаттарды) сақтау шарттары мен тәртібіне қойылатын талаптар әзірлеуді, сондай-ақ аталған талаптардың сақталуын бақылауды мемлекеттік санитарлық-зпидемиологиялық бақылау органдары жүзеге асырады.
Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау кезіндегі қауіпсіздік талаптары
1. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау қауіпті жүктерді көлік құралдарымен тасу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Пестицидтермен (улы химикаттармен) бірге немесе бұрын пестицидтерді (улы химикаттарды) тасу үшін пайдаланылған көлік құралдарымен тамақ өнімдерін, жемшөп және ауыз су тасуға қатаң тыйым салынады.
3. Пестицидтерді (улы химикаттарды) тасымалдау үшін пайдаланылған көлік алдын ала тазартылмай және көлік құралы залалсыздандырылмай, басқа да тағамдық емес жүктерді тасымалдау үшін пайдаланылуға тиіс емес.
Достарыңызбен бөлісу: |