ХХ ғасырдың басындағы жыраулық дәстүрдің күйреуі
ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында дәстүрлі өмір салты өз жалғасын тауып келді. Қожа Ахмет Яссаудің салған ізімен құдайға құлшылығын жасап, қисса, жыр-дастандарын тәрбие құралы ретінде пайдаланып келді. Мұндай рухани қазығы мықты елді түбегейлі бағындырудың мүмкін еместігін түсінген Ресей империясының орнына келген мұрагер Кеңес үкіметі, қазақ халқының сағын сындырып рухани күш қуатынан айыруды бастап кетті.
Ол үшін большевиктердің ең әуелгі қолға алған амалдары, құдайсыз қоғам құру болды. Жер-жерлерде құдасыздар ұйымдары құрылып жатты. Халыққа еркіндікті желеу етіп ежелден бері уақыт сүзгісінен өтіп сұрыпталған салт-дәстүрлеріміз, ырым, тиымдарымыз ескіліктің сарқыншағына теңеліп, салт-дәстүрімізді тұтынуға тиым салына бастады.
1927 – 1937 жылдар арасында ел үшін қызмет еткен ұлт зиялылары мыңдап атылып кетті. Діни сауаты бар молда, ахун, ишан, әулие бабалар сотсыз, сұраусыз атылып жатты. Осындай қасақана жасалған теріс саясаттың салдарынан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі әр отбасында айтылып отыратын қисса, жыр-дастандар айту үрдісіміз ескіліктің сарқыншағы ретінде тарих қойнауына еніп кете берді. Құдай туралы айту қылмысқа теңелді.
1926 жылы дінге қатысы жоқ, ұлттық мереке наурыз мерекесін тойлауға тиым салынды. Сол зобалаң замандарда арнайы ұйымдастырылып, әрбір үш қазақтың екеуі мерт болған ашаршылық кезінде жан сауғалап шет елдерге кеткен қандастарымызда салт-дәстүрлеріміз бен тіліміз жақсы сақталды.
Шәкәрім атамыз, «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, көкірек көзімен көреді» дейді.
Абай, «Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі
Іштегі кірді қашырса
Адамның хикмет кеудесі» дейді.
Мұндағы Шәкәрімнің «Көкірек көзі» деп тұрғаны көзге көрінбейтін ғайыпты таза жүрекпен сезу. Абайдың «жүректің көзін ашу» деп тұрғаны, адамның жан дүниесінің тазаруы, жаман ой, жаман ниеттен тазару, Аманат қиссасында айтылғандай елжіреген шапағат күйде болу. Міне осы халге жеткен адамға Хақтың сәулесі түсетінін айтып отыр. Яғни, адам ғайыптан хабар ала бастайды. Біздің жырау, әулие бабаларымыз рухани өсу арқылы болашақты болжайтын деңгейге жеткен. Оған тарих куә. Ең берідегісі Бұқар жырау, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім рухани өсудің, тазарудың үлгісі деп айтсақ артық болмайды. Өз өмірін ел үшін сарп еткен қазақ зиялылырының бәрі де сол қисса, жыр-дастандардан нәр алып өскен рухы мықты қайраткерлер еді.
ХХ ғасырдың басындағы большевиктердің сұрқия саясатының салдарынан қазақ даласында жыр сақталғанымен жыраулық дәстүр, қисса айту тоқтады. Бұл үдерістер қазақ халқының рухани болмысына оңайлықпен жазылмайтындай жара түсірді.
Достарыңызбен бөлісу: |