Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі таңда ғылым мен техниканың қарыштап дамуы адамның күнделікті тұрмыстағы әлеуметтік жағдайын жақсартқанымен, оның ішкі жан дүниесіне тыныштық сыйлап алаңсыз бақытты өмір сүруіне мүмкіндік бере алмай келеді. Қазіргі біздің қоғамда сабақты жақсы оқуға, жақсы білім алуға, жақсы университеттерде оқып жоғары айлықты мамандық алуға, жақсы үйде тұруға, жақсы машина мінуге деген ұмтылыс қатты байқалады. Мұның бәрі өмірдің мәні материалдық игіліктерде деп ойлаудың айқын көрінісі.
Халқымыз, «Адамның күні адаммен» дейді. Бұл сөзден адамдардың біріне бірі қызметші екенін аңғаруға болады. Мысалы, әр адам өзінің күнделікті кәсібімен басқаларға қызмет жасайды. Бір өкініштісі бұл жасап жатқан қызметін адамдар білмейді, олар күнкөріс, ақша табу үшін жұмыс істеп жүрмін деп ойлайды. Өзінің күнделікті кәсібін адал, шынайы атқару арқылы басқаларға қызмет көрсету, өзінің рухани болмысын кемелдендіру жолына түскен адамдардың ғана ісі екен.
Кемелденудің межесі де жоқ, ол үздіксіз жүріп отыруы тиіс. «Бесіктен қабірге дейін оқып үйрен» деп келетін ардақты пайғамбарымыздың хадисі де осының айғағы.
Қазақ қоғамында ежелден келе жатқан дәстүрлі дүниетаным сыртқы ықпалдың әсерімен үзілді. Жаңа көзқарастар, дүниетаным қалыптасты. Бұл жаңа дүниелер де, білім беру жүйесіндегі реформалар да, батыс әлемінен келіп жатқан әр түрлі ақпараттар да адамаралық қарым-қатынастарды реттеп, мәнді, мағыналы, бейбіт өмір сүруге ықпал ете алмай тұр.
Халқымыздың дәстүрлі тәрбиесінде жыраулық мектептердің орны ерекше екеніне назар аударып, оны бүгінгі күннің игілігіне жарату үшін Алма Қыраубаева көп еңбек сіңіріп еді, өкінішке орай ол кісінің де өмірі қысқа болып еңбек аяқсыз қалды.
Атап айтар болсақ ғалымның зерттеулері бойынша біздің ұлттық рухани қазыналарымыз өзіміздің қисса, жыр-дастандарымызда жатыр екен.
Бүгінгі күндері Алма Қыраубаева апамыздың еңбектерін әрі қарай зерттеп, ел игілігі үшін бірнеше кітаптар шығарып жүрген шығармашыл топ - «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры.
Абай атамыз өзінің «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде,
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.», деп адамның болмысының қандай болуы керек екендігінің үлгісін көрсетеді. Бұл өлеңде ақын адамның рухани болмысы махаббат екенін, адамда жаратушы құдайға, оның жаратқандарына және әділетке деген шексіз сүйіспеншіліктің болуы қажет екендігін түсіндіреді. Біз қазір осы Абай көрсеткен үлгіге саймыз ба? Жоқ, қазір азғындық белең алуда. Абай айтқан үлгінің бейнелерін ата-бабаларымыз қисса, жыр-дастандарға салып кетекнін ескере отырып, зерттеу жұмысымыздың тақырыбын, «Қисса, жыр-дастандардың адам өміріндегі рөлі» деп алдық.
Достарыңызбен бөлісу: |