БАЙЫРҚАЛЫ сын. Салиқалы, салмақты, маңызды. Автор біраз терминдердің
қазақша баламаларын ұсына отырып, фольклорлық терминдер мәселесінің байырқалы
шешімі әлі табылмай келе жатқанын ескертеді («Қаз. әдеб.»).
101.
БАҚЫЛАМПАЗ сын. Абайлағыш, аңдағыш. ≈ Бақылампаз адам.
102.
БАЛ МІНЕЗ [-ДІ] Жұмсақ мінезді, жайдары. Бал мінез болар сондай бір кісіде,
Біз оның сағынармыз күлкісін де. Сағынған сайын біздер сезінерміз Жүргендей
бұрынғыдай жұрт ішінде (С.Мәуленов, Алыс кетіп.). Балалықтың бірге өтті жақсы күні,
жақсы айы. Жаздым саған бұл бетті бал мінезді, Батсайы (С.Мәуленов, Жолдас).
103.
БАЛА КӨКІРЕК Албырт, нанғыш, жас адамның бала көңілі. – Біздің Еркежан
ұнай ма саған? – Ұнамастай несі бар? – деп күлді Серік. – Әлі бала көкірек біздің осы
(«Жұлдыз»).
104.
БАЛА МІНЕЗ [-ДІ] Аңқау, адал, ақкөңіл. Өткен жылы Тайман суретті осы араға
іліп жатқанда бала мінезді, ақ көңіл әкесі кәдімгідей ыңғайсызданып, қысылып қалған
(3.Қабдолов, Өмір ұшқ.). Бала мінез ойыншы бұрынғылар, Аңқау екен, мазақтап соны
сынар. Артқа қарап, ақ пейіл шалға күліп, Абыройсыз, атақсыз көрге құлар (Абай, Тол.
жин.).
105.
БАПАНДАЙ сын. 1. Осал емес, сайлы, шебер. – Иә, бауырсаққа бапандай
көрінесіз, жететін шығарсыз оған да, – деп Майра тағы да күлді (Ә.Нұршайықов,
Махабб.). 2. Сөзін өткізетін, әмірі жүретін. Ол бұлардан басқа Құдайларға бапандай,
жыны келсе оларды шетінен бір шыбықпен айдауға бар (Қ.Сатыбалдин, Қараторғай).
Пастромканың басы шығып кетсе, тамақбау босап қалса, емірін осымен өткізген қарт
оларға бапандай (З.Ақышев, Жесірлер).
106.
БАРЛАҒЫШ сын. Тез бағдарлай қоятпын, байқағыш, аңғарымпаз. Бақытгүл
жүрегінің құпиясын көрсетпеуге тырысып, жүзін көзден жасыра беретін. Бірақ көз де
аңдығыш, тез барлағыш (Н.Ғабдуллин, Сарғ. жап.).
107.
БАРЛАМПАЗ сын. Айналасына, алды-артына жиі көз тастап, ой жүгіртіп
отыратын сақ, ойлы, барлағыш. Адам жасы ұлғайған сайын барлампаз бола береді
екен (Ауызекі).
108.
БАСАЛҚЫ МІНЕЗ Сабырлы, ақыл тоқтатқан байсалды мінез. Сырбаз
Балғабай қырықтың қырқасына ілінген, басалқы мінез, кейбір ретте сөзге де сараң жігіт
(Қ.Ұябаев, Қырда.).
109.
БАСАЛҚЫЛЫ сын. Көрген-білгені мол, басалқалы, салиқалы. Осы әпкем де
қызық екен, көрдім ғой ол кісіні, ұстамды, басалқылы адам көрінеді (Ш.Құмарова, Қос
шынар).
110.
Достарыңызбен бөлісу: |