Зерттеу нысаны. Бұқар жырау поэзиясын оқыту мәселесі.
Зерттеу пәні: Бұқар жырау поэзиясы.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Бұқар жырау поэзиясын білім беру үдерісінде оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерін қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Осы мақсат үрдісінен шығу үшін жұмыстың алдына мынадай міндеттер қойылды:
мектепте Бұқар жырау поэзиясын оқытудың әдіс-тәсілдерін зерделеу;
Бұқар жырау поэзиясын оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындап, әдіснамалық тұрғыдан жіктеу;
Бұқар жырау поэзиясының тәлім-тәрбиелік идеяларын қарастыру;
Бұқар жырау поэзиясындағы тәрбиелік мәні зор аформизмдерді жинақтау.
Зерттеу болжамы: Егер қазақ әдебиеті пәнінің мектеп бағдарламасында «Бұқар жырау поэзиясы» атты тарауды оқыту енгізіліп, оның ғылыми-әдістемелік жүйесі айқындалса, онда оқушылар қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығын сипаттай отырып, өзіндік ой-пікірін қорғауға дағдыланады, ұлттық құндылықтар мен асыл мұраларды құрметтеуге, қадірлей білуге үйренеді, жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде танылады. Өйткені теориялық білімге негізделген пәндік құзіреттіліктер өзінің оң нәтижесін береді.
Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері ретінде философиядағы тұлға мен әлеуметтік қоғам, таным мен мәдениет, мұрат пен мүдде мәселелері; психологиядағы жас ерекшелік қағидалары, негізгі психологиялық ұғымдар; педагогикадағы антропоөзектік бағыттар, дидактикалық ұстанымдар, оқытудың заманауи талаптары, инновациялық технологиялар туралы ойлар басшылыққа алынды. Сол секілді жұмыста әдебиеттану, филология, қазақ әдеби тілі, әдеби байланыс пен дәстүр және жаңашылдық, қазақ әдебиетін оқыту мәселелеріне орай жазылған ғылыми еңбектер қарастырылды.
Зерттеу жұмысының дереккөздері.
Ұлт поэзиясы, қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі, түркі тектес халықтар әдебиетінің поэзиясы және қазіргі қазақ поэзиясын талдауға арналған әдеби сын, әдеби зерттеу еңбектер жұмыстың негізгі әдіснамалық әрі теориялық тірегі болды. А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Н.Келімбетов, С.Қасқабасов, М.Мағауин, А.Ж. Жақсылықов, С.Б. Ержанова т.б. ғылыми зерттеу еңбектері мен фольклор мұралары, Қ.Мырзалиев, Ж.Әскербекқызы, Т.Әбдікәкімов, Т.Медетбек т.б. ақындардың поэзиялық жинақтары негізге алынды. Зерттеу жұмысымыздың әдістемелік негіздерін анықтауда қазақстандық әдіскер-ғалымдардың, атап айтқанда, Ә.Қоңыратбаев, Т.Ақшолақов, С.Тілешова, Б.Сманов, Т.Жұмажанова, А.Әлімов, Т.Сабыров, Б.Жұмақаева, т.б. зерттеулері мен еңбектері басшылыққа алынды.
Достарыңызбен бөлісу: |