Зерттеу әдістері. Зерттеудің ғылыми-теориялық және әдіснамалық негіздерін айқындау барысында салыстырмалы-тарихи, объективті-аналитикалық және жинақтау, даралау, ой қорыту, жалпылау әдістері; экспериментті ұйымдастыру кезеңінде бақылау, сауалнама, әңгіме, диагностикалық әдістер; зерттеу нәтижелерін қорытындылау барысында аналитикалық әдістер: талдау, қорыту мен ақпаратты өңдеу әдістері: эксперименттік мәліметтерді сапалық және сандық тұрғыда сараптау, жинақтау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Бұқар жырау поэзиясын оқытудың ғылыми-теориялық және әдіснамалық негіздері айқындалып, оның қалыптасуына ықпал еткен алғышарттарына сипаттама берілді;
Бұқар жырау поэзиясын оқытудың педагогикалық-психологиялық негіздері анықталып, ғылыми жүйеленді;
инновациялық әдіс-тәсілдердің тиімділігі тәжірибе арқылы көрсетілді.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы.
Зерттеу жұмысында Бұқар жырау поэзиясының қазақ поэзиясында көрініс табу үрдісі жүйеленіп, сатылай қарастырылғандықтан, оның ғылым мен білім берудегі теориялық және практикалық маңызы арта түспек. Жұмыстың нәтижелерін қазақ поэзиясына қатысты оқытушымен бірге оқушының өздік жұмысы сабағындағы жазба жұмыстарына, семинар сабақтарына пайдалануға болады. Сондай-ақ жұмыстың ғылыми мазмұны мен тұжырымдарының жалпы әдеби поэтикалық мәні де бар.
1 БҰҚАР ЖЫРАУ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
1.1 Бұқар жырау поэзиясының тәлім-тәрбиелік идеялары
ХVІІІ ғасырда Қазақстанда ағартушылық ой-пікірдің дамуында өзіндік із қалдырған, ақын-жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі Бұқар жырау Қалқаманұлы. Батырлар жанұясында дүниеге келген. Қалқаман батыр туралы кезінде еліне, халқына батырлығымен белгілі болған, аты аңызға айналған тұлға екені белгілі. Ол өте сауатты, өз атасын елге ерте танылған және Тәуке ханның маңындағы ең құрметті адамдардың бірі болған.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде Бұқар жырау халқымен бірге халқының басына туған ауыр қиыншылықты басынан кешірді, бірақ ол үмітін үзген жоқ, өз отанын шетел басқыншыларынан қорғауға халықтан елін, жерін жанқиярлықпен қорғайтын батырлардың, ел басқыншылардың шығатынына сенімін жоғалтқан жоқ. Міне, осындай үміт артқан, өз кезінде барлық жандардың ең мықтысы болған Абылай ханның кеңесшісі, ақылшыларының бірі болды. Абылайдың ел басқарған кезеңі әртүрлі өте күрделі және қарама-қайшылық жағдайлармен сипатталады. Осы қиын жағдай, Абылай ханның саясатының екіжақтылық сипаты Бұқар жырау шығармашылығында өзіндік бейнеленді. Өзінің ұзақ ғұмырында Бұқар жырау халқының көрген көптеген қиындықты өз көзімен көре білді. Сондықтан да оның шығармашылығында өзекті тақырыптар ретінде елдің бірлігі, бейбіт өмірі, өз отанына деген сүйіспеншілік, сыртқы жаулардан елін қорғай білу, тәлім-тәрбиелік, өскелең ұрпақ тәрбиесіне толғауларында ерекшке мән береді.
Бұқар жырау «Тілек» деп аталған толғауларында:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз,
Ер шұғыл пасық залымның
Тіліне еріп азбасқа, - деп.
Үшінші тілек тілеңіз,
Үшкіліксіз көйлек кимеске.
Қазақ даласында бейбіт өмір болуын, Бұқардың айтуынша, халық пен ел билеген хандардың келісімі мен ел бірлігін сақтауға ақыл-кеңес береді [1, 229 б.].
Ақын халықтың тыныштығының қымбат екендігін, көрші елдермен достық қарым-қатынаста болуды, ханды хандықтың және халықтың мүддесіне қайшы келетін жағымсыз іс-әрекеттерден сақтандырады:
Жан біткен еріп соңынан
Он сан алаш баласын,
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы ергізіп,
Жұмсап бір тұрсаң қолыңнан, - деп Абылай ханның ел бірлігін сақтауға, көрші елдермен қарым-қатынас жасаудағы рөліне оң бағасын береді.
Ру арасындағы тартыс жағдайында Бұқар жырау адамдарды біріктіруге, ынтымақтыққа шақырудан шаршамайды, «бұрынғы өшпенділікті ұмытып, адамдар өзара достасудың» қажеттігін, «жау әруақытта да бізді айналып өтсін», «сіздер бір туған анадан қандас бауырларсыңдар», -деп руларға, тайпаларға ықпал етуге ұмтылды.
Бұқар жырау Абылай ханның саясатына, оның қазақ рулары мен көрші елдер мен қарым-қатынасына еркін араласа білді. Бұқар Жырау Абылай туралы өлеңдерінде ең алдымен оның жауларымен қарсы күрестегі ерлік істерін дәріптейді.
Бұқар жырау жақсы мен жамандық туралы, адамгершілік қасиетті, шынайы достық пен қастықты салыстыра келіп, жырау жастарды тәлімдік-тәрбиелік мәні бар қасиеттерді жастардың бойына сіңіруге ақыл-кеңес береді:
Екі жақсы қас болмас,
Екі жаман дос болмас.
Дос болғанмен хан болмас,
Екі жақсы дос болмас,
Дос болса, түбі бос болмас, - деп адамгершілік, ізгілік қасиеттерді жастардың арасында кеңінен насихаттайды [1, 232 б.].
Бұқар жыраудың шығармашылығында қарама-қайшылықтар мен керітартпа көзқарастар аз емес. Егер де ол кейбір жағдайда уақыттың және халықтың қажеттігіне байланысты елді бірлікке шақырса, сонымен қатар кейбір өлеңдерінде хан, сарай мүддесінен асып кете алмайды. Ханға берілгендік, оның мүддесін көздеу, феодалдық талаптарды, ислам дінінің ұстанымдары Бұқар жырау поэзиясына тарихи шектеушілік із қалдырады. Кейбір өлеңдерімен толғауларында ханға, жекеленген ықпалды феодалдарға табыну, әлсіз руларды, әлді көпшілік руларға бағынуды насихаттайды. Мәселен, Абылайға тәуелді, бағынышты керейлер сияқты рулардың ханның өктемдігі мен қысымына шыдай алмай басқа жаққа көшу туралы шешім алуына Бұқар жырау ханды жақтап, «Керей қайда барасың?» атты өлеңінде туған жеріңен қайда көшіп барасың, егер де Абылайдың қойған шартын орындамасаңдар мен сендердің бітіспейтін жауларың болам, - деп хан атынан сөйлейді.
Кейбір өлеңдерінде Абылайды асыра мадақтайды, сонымен қатар Бұқар жыраудың өлеңдерінің мазмұны исламның жаттанды қағидаларына сүйенеді. Оның көзқарасындағы қайшылық сол кезеңнің, оны қоршаған феодалдық- патриархалдық салт-дәстүрлермен, хандық биліктің күшімен байланысты. Бірақ оның өлеңдері мен толғауларының терең де философиялық-дидактикалық, тәлімдік-тәрбиелік мәні орасан зор.
Жыраудың көптеген афоризмдері мен өрнекті өлең жолдары халықтың арасында кеңінен тарағаны белгілі, олар мақал-мәтелдерге айналғанын аңғару қиын емес.
Бұқар жыраудың:
Жақсының аты өлмейді,
Ғалымның хаты өлмейді, - деген аталы нақыл-афоризмге айналған сөздерінің күні бүгінге дейін халқымыздың арасында кеңінен таралғандығы, оның мақал-мәтелдерге айналғандығын білеміз. Оның нақыл сөздері мен шешендік өнерін ұрпақ тәрбиесінде кеңінен қолдануға болады [2, 24 б.].
Жыраудың «Он екі айда жаз келер», «Абылай ханның қасында», «Ханға жауап айтпасам» атты толғаулары халық болашағы мен бейбітшілікті сақтау, отарлауды көздеген елден жыраққа, Жиделі байсынға көшу мәселесін қозғайды. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Жыраудың табиғат пен адам өмірін астастыра суреттейтін жырлары да мол: «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек», «Әлемді түгел көрсе де», т.б. Осының бәрі жыраудың кәнігі шеберлігі мен талғампаздығын танытады. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде, Абылай дәуірінің айнасы. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгерді Абылай хан да қасынан бір елі қалдырмаған. Ақыл-ойға кемел «Көмекей әулие» Абылай ханның дұрыс шешім, парасатты пайым қабылдауына, қос бүйірдегі екі алып мемлекеттің арасында оңтайлы саясат ұстауына, әскери дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге барынша ықпал жасайды. Заман келбеті, Отан тағдыры, болмыс шындығы, ел тұтқасын ұстаған асқан қолбасшы, біртуар баһадүр, үздік мәмілегер, зерделі мемлекет басшысы Абылай ханның жортуыл-жорық күндеріндегі іс-қимылдары, ұлтының ұлы мұраттар жолындағы ізгі, жалынды күресі – жырау мұраларында шынайы шыншылдықпен суреттеледі. Әсіресе, Бұқар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, басқыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді:
«Күнбатыстан бір дұшпан,
Ақырында шығар сол тұстан.
Өзі сары, көзі көк,
Діндарының аты боп,
Күншығысқа қарайды.
Шашын алмай, тарайды,
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Затсыз, тексіз бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір,
Жемқорларға жем беріп,
Азды көпке теңгеріп,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды.
Есен алар пұлыңмен,
Солдат алар ұлыңнан,
Күндердің күні, Абылай,
Жаяулап келер жұртыңа,
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа,
Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан» [2, 46 б.].
Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған. Бұл «Қилы заман» толғауының қалай туындағанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былайша түсіндіреді. Абылай хан бір салтанатты күнде ат үстінде Бұқардан былай деп сұраған: «Асан қайғының қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады. Миға қонбайтұғын сөз ғой». Сонда Бұқарекең қырын қарап тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне арта салып, көзіне жас алып; «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек!» деп, осы толғауды айтыпты. Отарлаудың небір қанқұйлы амал-айлаларын қапысыз ойластырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін, алдымен, тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орман-тоғайлы жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, ата кәсібінен ажырап, абдырай бастаған тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйін Бұқар жырау былайша жоқтап зарлайды:
«Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып шеті барды, ойла!
Атбасар мен Қалқұтан,
Балығы тәтті су еді.
Өзен бойын шаңдып ап,
Сүзекісін салды, ойла!
Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан,
Қараөткелді салды, ойла!
Баянауыл, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла! ….
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын,
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Ұлытау, шеті Созақтан,
Берекелі жерлерден,
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!
Қоршап алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірден шаншу, қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла!».
Бұқар жырау поэзиясының негізгі ерекшеліктерін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын білімпаздықпен бажайлаған М. Әуезов: «Жырау заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», – дейді. Бұқар жырау есілтіп-төгілтіп, алмастай жарқылдап, дария суындай құйылып отырады. Бұған: «Еліңнің қамын же – сана, Есіліп кеңес айт – сана» деген лебізі куә. Кейде сәуегей абыз ишаратпен, тәмсілмен сөйлейді. Оның қапияда шығарылған философиялық-дидактикалық сипатқа бөленген құдіретті ой-толғаныстары, тапқыр билік-кесімдері толғау түрінде беріледі. Қиыннан қиыстырылған құрыштай тастүйін сөздер, қанатты кесек ойлар, пайымды терең байламдар белгілі бір нақысты мақалмен тақпақтата, түйдектете, толқындата айтуды қалайды. Бұқар жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдарын түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған:
«Әлемді түгел көрсе де,
Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Қызыққа тоймас адамзат!» [2, 53 б.].
Ұлы ойшыл-философ сөзін де, пікірін де ойнатып, жайнатып, етек-жеңі жинақы, ықшам, жүзіктің көзінен өткендей сырлы да сұлу мінсіз түйдек әкелген. «Әлемді түгел көру», «Аспанда жұлдыз аралап, ай нұрын ұстап міну» деген данышпандық толғамдары есіңді аларлықтай есті сөздер. Бұқар жырау толғауларының сыртқы сымбаты мен ішкі қасиет-қуатында, көркем ойлау процесінде шиыршық атқан жалынды шешендіктің буы, асқақ қаһармандық рухтың лебі білінеді. Негізінде, толғаудың құрылысы күрделі ой ағымына, пікір еркіндігіне, ауызекі сөйлеу стиліне бағынады. Тармақтар 7 — 8 буынды, ұйқастары еркін. Тегінде, толғау музыкалыө аспаптардың (қобыз, домбыра) сүйемелдеуімен орандалады. Бұқар жырау толғауларының поэзиялық сәулеті, ерекше қасиеті және оның сөз қолдану ерекшелігі де өзгеше. Қара суды теріс ағызған Абылай ханды «Ай, Абылай, сен бір он бір жасыңда», «Күпшек санды күреңді» дейтін толғауларында: «Қара судың бетінде, Шайқалып аққан сең едің… Алтын тонның жеңі едің», «Алтын тұғыр үстінде, Ақсұңқар құстай түледің…. Бақ үйіне түнедің», деп «Айбалтасын алтынменен булатқан», «Періштесін жұрт үстінен дулатқан», «Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп, Зәмзәм суын мыс табаққа толтырған. Қазығын қалайыдан қақтырып, тоқпағын сом алтыннан соқтырып, Нақыра күміш шаптырып…», «Орындығын оймыштан, Ою нақыш салдырған, Сануылғын сары алтынға малдырған» деген поэзиялық сипаттаулары; ердің ері Бөгембай батырды «Қазақтың қамал қорғанына», «Бұтақты мүйіз бұғысына» ұқсатуы, жыраулардың пірі өзін «Мен – Арғын деген арыспын, Аузы кере қарыспын. Сен – бұзау терісі шөншіксің, Мен – өгіз терісі талыспын» деген метафоралық салыстырулары яки өзінің образдық көркемдік бейнесін сомдауы келісті кесек, немесе: «Бірі етек, бірі жең болған», «Найзасының ұшы алтын» тәрізді кестелі, келісті, көркем суретті сөйлемдер жырау поэзиясының муз. архитектоникасын, образдық-бейнелілік табиғатын анықтайды. Осылардың баршасы Бұқар жыраудың жаратылысы, дүниені, ғаламды жан-жақты ұғып-түсінуден, танып-білуден, «тұрмыс қазанында қайнап піскен», сөз-ұғымдарды, сөз-образдарды жаңғырта, көркейте түсер шығарымпаздық қабілетінен, филос. көзқарасынан туған деуге болады [3, 29 б.].
Бұқар жырау поэзиясында ақындық даналықтан, тапқырлықтан нәр алған әсерлі, көркем теңеулер де кездеседі. Мысалы, «Ұрғашының жақсысы, Абжыландай есіліп… Бозжорғадай бұлғаңы»; «Ормандай көп Орта жүз»; «Қорғасындай балқыған»; «Киігін қойдай қайырған»; «Құланы құлындай тулаған, түлкісі иттей шулаған»; «Буыршындай тіздесті»; «Ағып жатқан бұлақтай Жарға ойнаған лақтай»; «Ерттеп қойған құр аттай»; «От орындай тұяқтым… Саптыаяқтай еріндім, Сарымсақтай азулым… Кекілін қыздай тараған» және т.с.с. Бұлар ұлттық поэзия тілінің құлпыра түсуіне, сырты сұлу, іші ну оюлы, өрнекті сөздердің молая беруіне жойқын ықпал жасайтындығы даусыз. Бұқар жырау толғауларының танымдық-эстетикалық мәні, сұлулық әлемі даралық-авторлық айқындаулардан да байқалады. Айталық: «сегіз қиыр шартарап», «Төсі аршынды сұлу», «Құрсағы жуан боз бие», «Алпыс басты ақ орда», «Еңсесі биік кең сарай», «Құбылып тұрған бәйшешек», «Ардақталған сұлулық», «Ойнай басқан аяқтым», «Қиғаш қамыс құлақтым», «Шұбар көсем сары аяқ», «Қоспақ өркеш сары атан», «Тостаған көзді торыны» және т.б. Сөз кестесі мен бунақталу тәртібінің әуенін, орайын, шырайын түрлендіріп келтіруде меруерттей мөлтілдеген фразеологиялық оралымдардың бір-бірімен әсем қиысып, табиғи құйылып отыруы – жырау поэзиясының басты ерекшелігі. Мысалы, «Өкпеңменен қабынба, Өтіңменен жарылма», «Омыртқасы үзілген», «Өлетұғын тай үшін, Қалатұғын сай үшін», «Тар құрсағын кеңіткен, Тас емшегін жібіткен», «Назыменен күйдірген, Құлқыменен сүйдірген», «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, Қайырусыз жалқы бақтырған, Қалыңсыз қатын құштырған», «Екі қара көзді алар», «Ауыздағы сөзі алар, Бойыңдағы әлді алар, Бетіндегі нұрды алар, Бойыңдағы шарды алар, Аузыңдағы тісті алар, Қолыңдағы істі алар», «Еңкейіп орақ орарға, Тоңқайып масақ терерге», т.б. Бұқар жырау ой-пікірін, лебізін құйқылжыта, тамылжыта жеткізуде бірінен бірінің артықшылығын, айырмашылығын көрсетуде қарама-қарсы құбылыстарды шендестіре суреттейді:
«Айналасын жер тұтқан,
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе таусылмас,
Көл суалмас демеңіз»,
я болмаса:
«Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз.
Қурай бітпес құба жон,
Құлан жортпас демеңіз» [3, 49 б.].
Бұқар жырау шығармаларында замандар бойы мысқалдап жиналып, ақыл-ой таразысынан өткізілген өмір тәжірибесінің, ұлттық тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже-қағидасы іспетті нақыл-ғибрат сөздер мол. Әсіресе, белгілі бір құбылыстарды, заттар мен нәрселерді тізбелеп, салыстырып айтатын «Қара құлаш жүйрік деп», «Ежелгі дос жау болмас», «Бағаналы орда, басты орда», «Жар басына қонбаңыз», «Көкте бұлт сөгілсе», «Алыстан қызыл көрінсе», «Биік тауға жарасар», «Қорғанды шаһар қаласын», «Жал, құйрығы қаба деп», «Асқар таудың өлгені», «Ақсаңнан биік тау болмас» секілді термелерінде неше алуан мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді келтіруге болады. Мысалы,
«Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес»,
«Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы».
Бұқар жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері – Жақсылық пен Жамандық, Елдік пен Ерлік, Ізгілік пен Зұлымдық, Әділдік пен Әдептілік, Жастық пен Кәрілік, Татулық пен Араздық, Достық пен Дұшпандық, Адалдық пен Арамдық, Тектілік пен Азғындық, Тұтастық пен Бірлік. «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана, – деп жазады жыраудың тұңғыш библиографы Мәшһүр Жүсіп Көпеев – бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек». Бұқар жырау шығармаларының текстологиясы әлі күнге ретке келтірілмеген. Ең қажетті таңдамалы сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер іріктеліп, сұрыпталып алынбаған, дұрыс, түзу, мұқият салыстырулар жүргізілмеген. Бұл – болашақтың ісі. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшїүр Жүсіп Көпеев, Қ. Халид, Г.Н. Потанин, Ш.Уәлиханов, Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Қ.Мұқаметқанов, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірді. Әдебиеттанушылар Бұқар жырау толғауларының жазба әдебиетке тән сипат белгілерін атап айтқанда, әлеуметшілдік сарынын, азаматтық нысанасын, сондай-ақ, жыраудың даралық өзгешеліктерін талдаса, екіншілері өмірі мен шығармаларына үңіледі, соңғылары жыраудың тілі мен стилін қарастырады. Сөз жоқ, Бұқартану ілімінің қалыптасуы мен даму тарихы бар. Болашақта ұлы жырау мұралары жаңаша көзқарас, дүниетаным тұрғысынан (ислам құндылықтарымен сабақтастығы, мораль философиясы, мемлекет мүддесі, поэтикасы) тексерілуге тиіс [4, 124 б.].
Достарыңызбен бөлісу: |