12 тақырып. ХY ғасыр мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Қазақстандағы педагогикалық ой-пікірлер.
1. Әл-Фарабидің педагогикалық ой-толғамдары.
2. Шоқан Уәлихановтың ағартушылық қызметінің мәні.
3. Ы.Алтынсарин - тұңғыш қазақ педагогы.
4. Абайдың көзқарасы, педагогикалық ой-пікірлері.
1. Қазақ даласындағы ағартушылық пікірлерді, педагогтық толғамдарды қазақ халқының салт-дәстүрінен, ән-күйі мен ауыз әдебиетінен көптеп кездестіреміз. Әрине, бұл пікірлер этнопедагогика саласына қатысты болғанымен, қазақ даласындағы педагогикалық ой-пікірдің сипатын түсініп алуға көмегін тигізері сөзсіз. Педагогика тарихына қатысты мәліметтерді, әсіресе ағартушылық, педагогтық ой-пікірлерді біз қазақ елінің ғалым тұлғалары Әл-Фарабидің философиялық еңбектерінен, Ш.Уәлихановтың көзқарасынан, Ы.Алтынсариннің педагогтық әрекетінен, Абайдың әдеби шығармаларынан саралап аламыз.
Әл-Фараби (870-950) - ислам дүниесінің ең ірі, аты әлемге жайылған ғұлама философы қазақ жерінде, Отырар қаласында дүниеге келген. Аристотельдің философиялық еңбектерін оқып, түсініктеме жазып, өз тарапынан құнды еңбектер келтірген ғалым «Екінші ұстаз» деген атқа ие болды. Әл-Фарабидің педагогикалық көзқарасын оның философиялық ой-толғамдарынан іріктеп аламыз. «Танымдық қабілет тек адамға тән, ол өзін-өзі тәрбиелеу мен өздігінен білім алу арқылы шындыққа жетуге талпынады» деген пікірінен ойшылдың педагогика ғылымы саласында да құнды ойлар қалдырғанын айқындай аламыз. Оның «Екінші аналитика» трактатында педагогтық іс-әрекет негіздері қарастырылады, тәрбие мен оқыту бір-бірімен тығыз байланыста, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар деп тұжырым жасалады. «Оқыту – халық пен қаланың теориялық жақсылықтармен қамтамасыз етілуі. Тәрбие – этикалық жақсылықтармен, білімге негізделген өнермен қамту тәсілдері. Оқыту – білім алуды, философия негізі мен теориялық білімді түйсіну. Тәрбие – жас өспірім бойында белгілі бір адамгершілікті нормалар мен кәсіпті (өнерді) меңгеру дағдыларын қалыптастыруды мақсат тұтатын мұғалімдердің, тәлімгерлердің әрекеті».
Әл-Фараби еңбектерінде «мінез, ізгілік, білім, оқу, таным, еңбек, білім беру» т.б. педагогикалық түсініктемелер кездеседі. Бұл түсініктемелер «Тәрбие теориясы» мен «Оқыту теориясының» элементтері болып табылады, әрі педагогиканың философияның бір тарауы ретінде дамығанын анықтайтын дәлел.
Әл-Фараби өз заманының педагог-әдіскері болды. ІХ ғасырдың 40 жылдарында «Философтардың сұрақтарына жауап» еңбегінде оқыту, білім беру мәселелеріне тоқталады. «Оқыту», «білім беру», «оқу» түсініктері ғылыми және классикалық педагогикалық дидактиканың (оқыту теориясының) негізгі категориясы болып табылады.
Философ көрнекілік, жүйелілік қағидаларына, сөздің тәжірибелік әдістеріне тоқталып, логикалық және диалектикалық тұжырымдар жасады. Оқушылардың жас шамасына қарай осы қағидалар мен әдістерін біртұтас педагогикалық үрдісте қолдануды ұсынды.
Көрнекілік әдістерін: дәлелдеудің негізі мен білімнің бастамасы болып табылатын бақылау мен тәжірибені қолдануды ұсынды. Білім арқылы адамның жан-дүниесі саналы болады деп түсінді: «Саналы жан-дүниенің күшін, оның ерік күші шындыққа ұмтылатындай етіп күшейту қажет».
Әл-Фараби «оқытуда дұрысы жаттап алоған ба, әлде түсінген бе?» деген сұраққа «дұрысы - түсінген, себебі, бәрін жаттап алу мүмкін емес, белгілі бір белгілеріне қарап есте сақтап қалу жеңіл әрі жақсы» деп жауап береді. Мұнда ол «таным», «қабылдау», «түйсіну», «бекіту», «дағды», «біліктілік» деген түсініктер арасындағы байланысты сөз етеді.
Оқыту, білім – ғылымды игерудің алдыңғы деңгейі. Оқыту – объективті шындықты танудың ерекше түрі. Осы жете түсінген Фараби, өздігінен білім алуға тырысты, білімге жетіп, ғылымды игерді, қажетті біліктілік пен дағдыны қалыптастырды. Оқыу, білім арқылы ғылымды игеруге болатынын түсініп, өзінің қиялын, біліктілігін дамытып, өмірді таныды.
Осыны ол шәкірттері арасында насихаттады. Бүгінде «өздігінен білім алу», «оқытушының жетекшілігімен оқыту» дегенді қазіргі дидактикада «оқытудың білім беру қызметі» деп атайды. Ғалым сол кездің өзінде-ақ дидактика оқыту мен білім беру мазмұнын, оқыту әдістері мен қағидаларын, дербес пәндерге оқыту ерекшеліктерін зерттейтіндігін білген еді, себебі ол математика, геометрия және музыка пәндерін оқытуда бірізділік және көрнекілік қағидаларын қолдануды ұсынған болатын.
Фараби біртұтас педагогикалық үрдісте аталған қағидаларды пайдалану туралы әдістемелік нұсқаулар, көмекші оқу құралдар, оқулықтар жазды. «Философияны оқып үйренуді неден бастау керектігі туралы» трактатында оқытушы мен оқушының морӘлды-психологиялық қасиеттерін сөз етеді. Философ ғалымның педагогикалық тұжырымдары–тәрбиеленуші адамның мүддесін, еркін белгілі бағытта тиісті әдістер мен тәсілдер арқылы басқару өнері. Шәкірттеріне өмірлік міндеттерді шешуде және қиындықтарды жеңуде өзінің мүмкіндігіне қарауды ұсына отырып, Фараби оқуға оқыту талабын жүзеге асырады.
Көрнекілік қағидасының дыбыстық, символдық, графикалық түрлеріне аса назар аударды. Бұл мәселе «Геометриялық фигуралар арқылы табиғат сырларын түсіндірудің рухани тәсілдері», «Музыканың ұлы кітабы», «Физика негіздері», «Вакуум туралы трактат», «Астрологиялық трактат» атты еңбектерінде кеңінен ашылады.
Әдістемелік нұсқаулар, оқу құралдары мен оқулықтар жазу барысында жүйелілік қағидасын қатаң ұстанды. Оқу материалдарын жүйелі қайталап тұрудың маңызын жоғары бағалады.
Дидактиканың негізгі қағидаларының бірі теория мен тәжірибенің байланысы болып табылады. Бұл қағиданы Фараби «Музыканың ұлы кітабы» трактатында дамытады. Дәлел ретінде кітаптың «Музыка ғылымына кіріспе» атты І тарауын атауға болады (музыканың теориялық және практикалық мәселелері көтерілетін тарау).
Екінші ұстаздың еңбектерін оқып-тану барысында ғалымның дидактиканың ғылымилық пен тұтастық қағидасын қатаң ұстанғанын көруге болады. Оның ғылыми еңбектерінде ғылыми терминдер, категориялар жүйелі түрде, ғылымилық қағидасы сақтала қолданылады. ІХ ғасырдың 40 жылдарында ұсынған Әл-Фарабидің оқытудың әдістері мен қағидалары педагогика ғылымында өз көрінісін тапты.
2. Ресейге қосылу нәтижесінде Қазақстанда халық ағарту ісін ұйымдастыру және басқаруда ілгерілеу байқалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қоғамдық сананың дамуында жетекші рөлді ағартушылық-демократиялық ой атқарды. Қазақстандағы ағартушылық бағыт дүниежүзілік ағартушылық ойдан оқшауланбай, осы уақыттағы жалпыресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Қазақ ағартушылық ойының қалыптасуына ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы орыс ағартушыларының, әсіресе революциялық демократизмнің ықпалы қатты әсер етті. Осы ағым өкілдерінің идеалдары қазақ ағартушыларының көңіліне қонымды болды. Қазақстан демократтары ХШУ ғасырдағы Европа демократтары сияқты жалпы ұлттың атынан сөйледі. Қазақ ағартушылары қоғамдық прогресс жолындағы күресті үзілмей жалғасып келе жатқан патриархалды-феодалдық қатынас үстемдігі кезінде жүргізді. Осыған байланысты олардың көзқарастарында ұлтаралық ынтымақ, достық, орыс халқы мәдениетінің жетістіктері мен игі әсері жайлы ойлармен астасып жатты.
Шоқан Шыңғысханұлы Уәлиханов (1835-1866) қазақ ағартушылығының негізін салушы, энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері. Шоқан көзқарасында еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінік үйлесімді көрінеді. Ол В.Г.Белинскийдің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, А.И.Герценнің ой-толғамдарын қуаттап, олардың еңбектерін оқып-үйренді. Шоқан ағартушылық көзқарасында қай халық болмасын жалпы адамзаттық мәдениетті меңгеруді өз алдына мақсат қоюы керек деп қарастырды. Шоқан қазақ халқы еуропалық мәдениетті меңгеру үшін ағарту мәселесін іске асыруы керек деген пікірде болып, орыс мәдениетінің маңызын жоғары бағалады. Көптеген мақалаларында қазақ даласында орыс мектептерін ашуды, басқа да білім ошақтарын көбейтуді кеңес етеді. Ресейдің мәдениетті көтермелемек тәсіліне үлкен үміт артады. Бірақ ол үміті ақталмамаған соң, Шоқан типтік ағартушылықты ұстанып, халық бұқарасының өмірін материалды және рухани жағынан жақсарту үшін реформа қажет деп түсінді.
Достарыңызбен бөлісу: |