Бөлім бойынша кезекші
431. Бөлім бойынша кезекші бөлім және батальондар басқармасы офицерлерінің, роталар командирлері мен оларға теңестірілгендердің қатарынан тағайындалады. Ол: жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге белгі алынған кезде бөлімшелер мен бөлім басқармасын уақтылы хабарландыру, бөлімдегі ішкі тәртіп пен күн тәртібін (қызмет уақытының регламентін) ұстау, тәуліктік нарядтың қызмет атқаруы, құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау, сондай-ақ Жауынгерлік Тудың, бөлім штабы мен қызметтері офицерлерінің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің пистолеттері мен оқ-дәрілерінің сақталуы үшін жауап береді. Бөлім бойынша кезекші бөлім командиріне бағынады. Оған бөлімнің барлық тәуліктік наряды бағынады.
Жеке батальондар және оларға теңестірілген әскери бөлімдер бойынша кезекші етіп взводтар командирлерін, сондай-ақ батальон штабы мен қызметтерінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін тағайындауға рұқсат етіледі.
Бөлімнің ішкі қарауылына қатысты бөлім бойынша кезекші Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының ережелерін басшылыққа алады.
432. Таралымнан кейін жаңа кезекші бұрынғы кезекшіден тізімдеме бойынша құжаттарды, сондай-ақ бөлім штабы мен қызметтерінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің қару мен оқ-дәрілерін қабылдайды. Қару дана бойынша нөмірімен және жиынтықта қабылданады.
Одан кейін бөлім бойынша бұрынғы кезекшімен бірлесіп, ол хабарлау мен техникалық күзет құралдарының, радиациялық және химиялық барлау аспаптарының ақаусыздығын тексереді.
433. Барлық тәуліктік наряд адамдары кезекшілікті тапсырғаннан және қабылдағаннан кейін және қарауылдар бастықтарының қарауылдардың ауысуы туралы баяндауынан кейін бұрынғы және жаңа кезекшілер бөлім командиріне баяндаумен келеді.
Мысалы: «Полковник мырза. Аға лейтенант Жаппасбаев бөлім бойынша кезекшілікті тапсырды». «Полковник мырза. Капитан Жилов бөлім бойынша кезекшілікті қабылдады».
Одан кейін бөлім бойынша жаңа кезекші кезекшілікті қабылдау кезінде анықталған, ауысқан тәуліктік наряд жоя алмаған барлық кемшіліктер туралы, сондай-ақ қарауыл күзететін объектілерді ашу және жабу туралы баяндайды.
434. Бөлім бойынша кезекші:
бөлімшелердің күн тәртібін (қызмет уақыты регламентін) орындауына бақылау жасауға және белгіленген белгілерді беруге басшылық жасауға;
тәулігіне кемінде екі рет (оның біреуі түнде) тәуліктік нарядтың қызмет атқаруын және бөлімшелердегі ішкі тәртіпті сақтауды жеке өзі тексеруге, қылмыстардың, оқиғалардың, теріс қылықтардың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын және әскери тәртіпті бұзуға жол бермеу жөніндегі, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі шараларды қабылдауға;
командирге бөлімде болған барлық оқиғалар туралы, өз еркімен кетіп қалған мерзімді қызметтің әскери қызметшілері және оларды іздестіру жөнінде қабылданған шаралар туралы дереу баяндауға; бөлім командирінің және штаб бастығының болатын орнын ұдайы білуге;
кезекшінің бөлмесінде болуға; қызмет істерімен кеткенде өз орнына көмекшісін қалдыруға және оған қайда қанша уақытқа кеткенін хабарлауға;
оқу-жаттығу далаларының аудандарын, сондай-ақ қандай бөлімшелер қайда және қандай сабақтар өткізіп жатқанын білуге; полигондарда, оқу орталықтарында (лагерьлерде) бар қару-жарақ, әскери және басқа техника, зымырандар, оқ-дәрілер, өзге де материалдар, сондай-ақ гарнизон шегінен тыс іссапарға кеткен командалар туралы мәліметтері болуға;
жеке құрамның, оқу-жаттығу жауынгерлік және көлік пайдалану топтары машиналарының шығысы, сондай-ақ алыс рейстердегі автомобиль техникасы туралы мәліметтері болуға; парк бойынша кезекші арқылы кезекші тартқыштардың, санитарлық көлік құралдарының, өрт сөндіру және кезекші машиналардың әзірлігін, олардың паркке қайтып оралуын бақылауға, бөлім командиріне олардың рейсте бөгелу жағдайлары туралы баяндауға, машиналарды іздестіруге және паркке қайтып оралуына шаралар қабылдауға;
бөлімнен тағайындалған бөлімшелерді (командаларды), қарауылдарды тексеруге және уақтылы жіберуге және бұл туралы бөлім штабының бастығына немесе командирге баяндауға;
бөлім орналасқан жерден сейілдемеге босатылған мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің сыртқы пішінін қарап тексеруге және сейілдеме қағаздарына олардың қайтып оралу уақыты туралы белгілер жасауға; шабармандарға елтаңбалы мөрмен расталған хабардар ету карточкалары бойынша бөлім орналасқан жерден тыс шығуға рұқсат етуге;
бөлім орналасқан жерде немесе оған жақын маңда өрт, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде Жауынгерлік Туды, жеке құрамды, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілер мен басқа да материалдық құралдарды құтқаруға дереу шаралар қабылдауға, құтқару жұмыстарын ұйымдастыруға, ал өрт кезінде, одан басқа өрт сөндіру командасын шақыруға және ол келгенге дейін өрт сөндіруді ұйымдастыруға;
бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру туралы белгі алған кезде дереу белгіні бөлімшелерге жеткізуге, бөлім командирі мен штаб бастығына баяндауға, командирлердің орынбасарлары мен бөлімнің басқа да лауазымды адамдарын хабардар етуге, олар келгенге дейін бөлімшенің іс-қимылына басшылық жасауға; бөлімшелердің өз жиын пункттеріне ұйымдасқан түрде шығуына бақылауды жүзеге асыруға;
жұмылдыру туралы хабарлама алған кезде бұл туралы дереу командирге және бөлімнің штаб бастығына хабарлауға және олардың нұсқаулары мен нұсқамаларына сәйкес әрекет етуге;
қару мен оқ-дәрілерді бөлім басқармасының әскери қызметшілеріне қару мен оқ-дәрілерді беру кітабына қол қоюмен (29-қосымша), ал жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде ауыстырушы карточкалар бойынша жеке қару мен оған оқ-дәрілерді, жеке радиоактивтік сәулелену мөлшерін өлшеуіштерді беруге; оларды уақтылы тапсыруды бақылауға;
қарсылас ядролық, химиялық және биологиялық қару қолданған немесе радиациялық химиялық қауіпті объектілердегі апат нәтижесінде радиациялық және химиялық қауіп туындаған жағдайларда, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ескерту белгісін алған кезде қолда бар нұсқаулыққа сәйкес әрекет етуге;
азық-түліктердің қазандарға салынуын бақылауға, дәрігермен (фельдшермен) бірлесе отырып, тамақты таратар алдында тамақ дайындау сапасын бақылауды есепке алу кітабына тиісті жазба жаза отырып, оның сапасын тексеруге және оны беруге рұқсат етуге; тамақтың дұрыс сапалылығына күмәнді болған жағдайда оны беруге тыйым салуға, дереу бөлім командиріне бұл туралы баяндауға; тамақ беру және ішу уақытында асханада жеке өзі болуға және тағамдардың температуралық режимін, оның нормаларының жеке құрамға толық жеткізілуін бақылауға;
казармаларда және бөлім орналасқан жерде тазалық пен тәртіпті бақылауды жүзеге асыруға;
роталардағы (бөлімшелердегі) қару сақтауға арналған бөлмелерді ашқан (жапқан) кезде жеке өзі қатысуға және оларды бөлім бойынша кезекшінің нөмірлі мөрімен мөрлеуге; бірнеше бөлімшеде қаруды, оқ-дәрілерді бір уақытта беру кезінде қару сақтауға арналған бөлмелерді байланыс құралдары арқылы ашуға рұқсат етуге; роталар бойынша кезекшілерден кешкі тексерулерді жүргізгеннен кейін бөлімшелердің қару сақтауға арналған бөлмелерінің, қаруы бар пирамидалардың кілттерін, сондай-ақ қызметтен кеткен кезде роталар командирлерінен (роталар старшиналарынан) бастап оқ-дәрілері бар жәшіктердің, пистолеттері бар шкафтардың кілттерін күзетуге қабылдауға;
бөлімшелердегі қару сақтауға арналған бөлмелердің күзет дабылдамасы өз бетінше іске қосылған кезде дабылдаманың өздігінен іске қосылу себептерін анықтауға және оның күзетуге қойылуын бақылауды жүзеге асыруға;
қарауыл күзететін объектілерді ашуға наряд негізінде қарауыл бастығына осы объектілерді ашуға рұқсат беруге;
ерекше жағдайларда бөлімшелер бойынша кезекшілерге казармаға кіретін есіктердің тиегін жабуға команда беруге;
бөлім командирі келген кезде оны қарсы алуға, "Тік тұр" командасын беруге және оған баяндауға міндетті.
Мысалы: "Полковник мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Бөлім бойынша кезекші капитан Гаевский".
Бөлім бойынша кезекші басқа әскери қызметшілер болмаған кезде "Тік тұр" командасын бермейді, тек баяндайды.
Бөлім бойынша кезекші бөлім командирінің орынбасарларына тек өзін таныстырады.
435. Кешкі тексеруден және таңертеңгі тексеруден кейін бөлім бойынша кезекші бөлімшелер бойынша кезекшілерден баяндауларды қабылдайды және жеке құрамның шығысы; бөлімшелерде (командаларда) іссапарға кеткендер;
алыс рейстердегі машиналар; полигондардағы, оқу орталықтарындағы (лагерьдегі) қару-жарақтар, әскери және басқа техника, зымырандар, оқ-дәрілер, өзге де материалдық құралдар туралы; кешкі тексеруде болмағандар туралы мәліметтерді, ал өз еркімен кетіп қалғандар болған кезде олардың тізімін жасайды. Көрсетілген мәліметтерді ол таңертеңгі баяндауда бөлім командиріне ұсынады.
Тәуліктік нарядтың қызмет атқаруындағы анықталған барлық кемшіліктер туралы және кезекшілікті тапсырғанға дейін жою мүмкін емес кезекшілік уақытындағы бөлімдегі ішкі тәртіпті бұзушылықтар туралы бөлім бойынша кезекші кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына жазба жазады (30-қосымша).
Кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабын күн сайын бөлім бойынша кезекші бөлім командирінің қарап тексеруі және ауысымға рұқсат етуі үшін ұсынады.
436. Бөлім бойынша кезекші:
Қазақстан Республикасының Президентін және бөлім командирінің тікелей бастықтарын;
армия генералдарын, адмиралдарды, генерал-полковниктерді, сондай-ақ инспекциялау (тексеру) жүргізуге басшылық жасау үшін тағайындалған адамдарды қарсы алады және бөлім орналасқан жер бойынша оларға ілесіп жүреді.
Осы адамдарды қарсы алған кезде бөлім бойынша кезекші «Тік тұр» командасын береді және оларға баяндайды.
Мысалы: «Армия генералы мырза. Екінші мотоатқыштар бригадасы (мынадай ауданда) даладағы тактикалық сабақтарда. Бөлім бойынша кезекші капитан Шалов».
Бөлім бойынша кезекші аты аталған адамдардың келгені туралы дереу бөлім командиріне немесе оның орнындағы адамға баяндайды. Келген командирді (бастықты) бөлім командирі қарсы алған және оған баяндаған жағдайда бөлім бойынша кезекші тек өзін таныстырады.
Бөлімге жоғарыда көрсетілмеген генералдар мен адмиралдар, сондай-ақ өзінің бөлімінікі емес аға офицерлер келген жағдайда бөлім бойынша кезекші оларға өзін таныстырады.
Мысалы: «Генерал-майор мырза. Бөлім бойынша кезекші капитан Көбенов». Одан кейін ол оларды бөлім командиріне немесе оның орнындағы адамға ертіп келеді. Өз бөлімінікі емес қалған әскери қызметшілер келген адамның жеке басын және қажет кезде оның келу мақсатын анықтағаннан кейін бөлімге бір жолғы рұқсаттамалар бойынша жіберіледі.
437. Бөлім бойынша кезекшіде: бөлім бойынша кезекшіге және оның көмекшісіне нұсқаулықтар; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге және жұмылдыру кезіндегі нұсқаулықтармен пакеттер; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына қарауылдың ауысымы үшін паролі бар пакет; бөлімнің күн тәртібі (қызмет уақытының регламенті); таңертеңгі дене жаттығуын өткізу жоспары мен киім нысанының нұсқалары; өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулықтар; аумақты бөлімнің бөлімшелеріне бекітіп беру схемасы; қарсыластың жаппай қырып-жою қаруын қолдану жағдайына нұсқаулық; телефон станциялары мен лауазымды адамдарды шақыру кестесі; қару мен оқ-дәрілерді беру кітабы; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; қарауылды тексеру құқығы берілген бір жолғы куәліктердің үлгілері; жалпыәскери жарғылар; оқу материалдық-техникалық базасы объектілерінің орналасуының схема-картасы; бөлім бөлімшелерінің бір аптаға арналған сабақтарының құрама кестесі; радиациялық, химиялық және биологиялық қадағалау журналы; бөлімшелер мен жеке құрамды хабардар ету құжаттары; оқиғалар мен құқық бұзушылықтар жағдайындағы іс-қимылдар тәртібі жөніндегі нұсқаулықтар; жұмыс дәптері мен басқа да құжаттар болуы тиіс.
Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі
438. Бөлім бойынша кезекшінің көмекшісі кіші офицерлерден немесе сержанттардан (старшиналардан) тағайындалады және бөлім бойынша кезекшіге бағынады. Ол: бөлім бойынша кезекшінің міндеттерін, нұсқаулығын білуге, бөлім бойынша кезекшіде бар күзет құралдарымен және байланыс құралдарымен, радиациялық және химиялық барлау құралдарымен жұмыс істей білуге, кезекшінің орнына қала отырып, оның міндеттерін орындауға міндетті.
439. Офицерлерден тағайындалған бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне бөлімнің тәуліктік нарядының барлық адамдары бағынады. Ішкі қарауылдарға қатысты ол Гарнизондық және қарауылдық қызметтер жарғысының талаптарын басшылыққа алады.
Сержанттардан (старшиналардан) тағайындалған бөлім бойынша кезекшінің көмекшісіне офицерлерден басқа, тәуліктік нарядтың барлық адамдары бағынады.
Парк бойынша кезекші
440. Бөлімде парк бойынша кезекші офицерлерден, ал жеке батальонда келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден - сержанттардан тағайындалады. Ол парктегі ішкі тәртіп пен нарядтың парк бойынша қызмет атқаруы үшін жауап береді. Парк бойынша кезекші бөлім бойынша кезекшіге, паркте ішкі қызмет тәртібі мен бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына немесе бөлімнің техникалық қызметтерінің біреуінің бастығына бағынады.
Оған парк бойынша тәуліктік кезекшілер мен кезекші тартқыштардың механик-жүргізушілері (жүргізушілері) бағынады.
441. Парк бойынша жаңа кезекші белгіленген уақытта бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына нұсқамаға келеді.
Таралымнан кейін парк бойынша жаңа кезекші тізімдеме бойынша бұрынғы кезекшіден құжаттар мен мүлікті қабылдайды, онымен бірге парк аумағын және барлық парк үй-жайларын аралап шығады және тізімдеме бойынша мөрленген парк үй-жайларын, сақтау орындарын, сондай-ақ ашық алаңдар мен қалқа астында тұрған қару-жарақты, әскери және басқа техника мен жабдықты қабылдайды.
Кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабына ол кезекшілікті қабылдау кезінде жою мүмкін емес кемшіліктерді жазады.
Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы бұрынғы және жаңа кезекші бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына, одан кейін бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.
442. Парк бойынша кезекші:
оған бөлінген үй-жайда болуға; бөлім бойынша кезекшінің рұқсатымен қызмет істері бойынша кеткенде өз орнына бос ауысымның тәуліктік кезекшісін қалдыруға және оған қайда және қанша уақытқа кететінін хабарлауға;
паркке келген барлық адамдардың рұқсат қағаздары мен жеке басын куәландыратын құжаттарын мұқият тексеруге және бір жолғы рұқсаттамаларға паркке келген және кеткен уақыты туралы белгі қоюға; ауысымнан кейін рұқсаттамаларды техникалық бөлімге тапсыруға;
парк үй-жайлары мен сақтау орындарын ашуға бөлім бойынша бұйрық берілген адамдарды, бұл туралы тиісті кітаптарда жазу жаза отырып жіберуге, оларды ашу (жабу) кезінде болуға және есіктерді (қақпаларды) парк бойынша кезекшінің нөмірлі мөрімен мөрлеуге;
машиналардың парктен шығуына және парктің ішіндегі қозғалысына жеке өзі рұқсат етуге;
машиналардың шығуы мен қайтып оралуының белгіленген үлгідегі журналын жүргізуге;
машиналардың рейстен паркке уақтылы қайтып оралуын бақылауды жүзеге асыруға, ал олар бөгелген жағдайда бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына және бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;
парктен жол қағазындағы, материалдық рұқсаттамадағы және тәртіптемедегі жазбаға сәйкес мүлікті алып шығуды (кіргізуді) бақылауға, сондай-ақ парк аумағына бөтен адамдардың жіберілуін болдырмауға шаралар қабылдауға;
парктегі күн тәртібінің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға және парктегі жеке құрамның санын, қандай бөлімшелердің қандай жұмыспен айналысатынын білуге; паркте қару-жараққа, әскери және басқа техникаға техникалық қызмет көрсетумен немесе паркті жабдықтаумен байланысты емес жұмыстарға жол бермеуге;
парктің кіреберісіндегі кезекті тәуліктік кезекшілерді уақтылы қоюға және ауыстыруға;
ақаулы және ақаусыз қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың болуын, шығысын, санын ұдайы білуге;
парк үй-жайларындағы және аумағындағы тазалық пен тәртіпке, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау ережелерін сақтауға бақылауды жүзеге асыруға;
жылдың суық уақытында парк үй-жайлары мен су-май жылытқышта пештерді уақтылы және дұрыс жағуды және парктің барлық үй-жайларында, от жағылмайтын сақтау орындары мен ашық алаңдарда белгіленген температураны ұстауға бақылауды жүзеге асыруға; қозғалтқыштарды суыту жүйелерінен судың ағызылғандығын суды ағызуды бақылау кітабындағы жазумен, ал қатты аяздарда одан басқа, машиналардан аккумулятор батареяларының алынғандығын және тиісті жазулардың ілінгендігін тексеруге;
өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасының болуы мен жай-күйін тексеруге;
нарядқа түсер алдында кезекші көлік құралдарының әзірлігін тексеруге және бұл туралы бөлім бойынша кезекшіге баяндауға;
парк үй-жайлары мен аумағында, осы үшін арнайы бөлінген және жабдықталған орындарды қоспағанда, шылым шекпеуді және от жақпауды бақылауды жүзеге асыруға;
паркке қайтып оралған машиналар мен басқа техникаға уақтылы техникалық қызмет көрсетуге шаралар қабылдауға;
машиналарға қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тек жанар май құю пункттерінде жанар май құйылуын бақылауға;
тұрақтарға жанар май құйылмаған машиналарды қоюға рұқсат етпеуге;
кешке, барлық жұмыс аяқталғаннан кейін паркте барлық үй-жайларда жарықтың өшірілуін және тек кезекші жарықтың қалдырылуын, ал парктің сыртқы жарық беру нүктелерінің барлығы қосылғанын бақылауды жүзеге асыруға;
арнайы, улы техникалық сұйықтарды сақтау үшін арналған үй-жайлардың (қоршалған алаңдардың) есіктерінде құлыптар мен пломбылардың болуын және ақаусыздығын, сондай-ақ су-май жылытқыштарда сақталатын, төмен температурада қататын суытатын сұйықтықтар бар ыдыстардағы пломбыларды тексеруге;
паркке бөлім командирінің орынбасары және одан жоғары тікелей бастықтар, сондай-ақ бөлім бойынша кезекші келгенде оларды қарсы алуға және оларға баяндауға міндетті.
Мысалы: «Майор мырза. Менің кезекшілігім уақытында оқиғалар болған жоқ (немесе мынадай болды). Парк бойынша кезекші лейтенант Орманов».
Баяндаудан кейін кезекші келген командирді (бастықты) парк аумағы бойынша алып жүреді.
Келген командирді (бастықты) бөлім командирі немесе оның қару-жарақ жөніндегі орынбасары қарсы алған және оған баяндаған жағдайда парк бойынша кезекші баяндамайды, тек өзін таныстырады.
443. Парк бойынша кезекші парктен машиналарды белгіленген тәртіппен шығарады.
Машиналар паркке келісімен және оларды бақылау-техникалық пункті бастығы тексергеннен кейін парк бойынша кезекші жол қағазына және машиналардың шығуы мен қайтып оралуы журналына қайтып оралған уақыты, спидометрдің көрсеткіштері туралы жазу жазады, ал машинаға толық қызмет көрсетілгенде және май құйылғанда оны тұраққа жібереді немесе белгіленген тәртіппен оны күзетуді ұйымдастырады, одан кейін экипажға (жүргізушіге) парктен кетуге рұқсат етеді.
444. Паркте өрт шыққан кезде парк бойынша кезекші дереу өрт сөндіру командасын шақырады, өртті сөндіруге, машиналарды шығаруға және қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, материалдық құралдарды құтқаруға шаралар қолданады, болған оқиға туралы бөлім бойынша кезекшіге, бөлім командиріне және оның қару-жарақ жөніндегі орынбасарына баяндайды.
445. Парк бойынша кезекшіде: парктің схемасы; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру кезінде техниканы шығару жоспары; қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың үлгілерін мөрлеу және күзетуге қабылдау тәртібі туралы нұсқаулық; өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулық; парк үй-жайларын, сақтау орындарын және ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған техниканы ашуға (жабуға) рұқсат етілген лауазымды адамдардың тізімі; рұқсаттамалар мен пломбалардың (мөрлер бедерлерінің) үлгілері; парк бойынша кезекші мен тәуліктік кезекшіге, кезекші тартқыштың механик-жүргізушісіне (жүргізушісіне) нұсқаулықтар; ашық алаңдар мен қалқалардың астында тұрған қару-жарақтың, әскери және басқа техниканың тізімдемесі; парк мүлкі мен жабдығының тізімдемесі; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; машиналардың шығуы мен қайтып оралуы кітабы; парктегі жұмыс тәртібі; жол құжаттамаларының үлгілері; машиналарды пайдалануға наряд; парк үй-жайларын, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы ашу кітабы; машиналардың кабиналары мен люктерінің, парк үй-жайлары мен қақпаларының кілттерін беру кітабы; жұмыс дәптері; кілттерге арналған шкафтар (жәшіктер); жалпыәскери жарғылар; машиналарды парктен шығаруға құқығы бар лауазымды адамдардың қолдарының үлгілері; парк үй-жайларының, сақтау орындарының қосалқы кілттерінің жиынтығы; суды ағызуды есепке алу кітабы; бөлім командирінің парктегі ішкі қызметті ұйымдастыру жөніндегі бұйрығынан көшірмелер және басқа құжаттар болуы тиіс.
446. Парктегі жұмыс аяқталысымен парк бойынша кезекші парктің барлық үй-жайларында және аумағында өрт қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарының орындалғанын, тәртіпке келтірілгенін тексереді; бөлімшелер командирлерінен парк үй-жайларын, сақтау орындарын, ашық алаңдар мен қалқа астында тұрған сақтаудағы қару-жарақты, әскери және басқа техниканы қабылдайды, оларды мөрлеуге рұқсат етеді және оларды қосымша парк бойынша кезекшінің мөрімен мөрлейді. Улы техникалық сұйықтарды сақтауда және пайдалану, өрт қауіпсіздігінің талаптарын бұзулар анықталған кезде бөлім бойынша кезекші мен бөлім командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасарына дереу баяндайды, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қолданады. Өрт сөндіру наряды адамдарымен бірлесіп паркті тексергеннен және өрт сөндіру жетонын алғаннан кейін ол паркті қарауылға күзетуге тапсырады.
Парк бойынша тәуліктік кезекші
447. Парк бойынша тәуліктік кезекші сарбаздардан (матростардан) тағайындалады.
Ол паркте белгіленген тәртіптің сақталуы мен машиналарды парктен шығарудың және олардың паркке қайтып оралуының дұрыстығы үшін жауап береді. Парк бойынша тәуліктік кезекші парк бойынша кезекшіге бағынады.
448. Парк бойынша кезекті тәуліктік кезекші:
тек парк бойынша кезекшінің рұқсатымен әскери қызметшілерді паркке жіберуге, сондай-ақ машиналарды және басқа техниканы парктен шығаруға және паркке кіргізуге;
паркте тазалық пен тәртіпті ұстауға және парк бойынша кезекшіге анықталған парктегі ішкі тәртіпті бұзулар туралы баяндауға;
парк үй-жайлары мен аумағында, осы үшін арнайы бөлінген орындарды қоспағанда, шылым шегуге және от жағуға жол бермеуге;
машиналардың тұрақтағы орындарынан (орнына) тек парк бойынша кезекшінің рұқсатымен шығарылуын (қойылуын) бақылауды жүзеге асыруға;
суық уақытта парктің от жағылатын үй-жайларында ауа температурасын қадағалауға; от жағылмайтын және далалық парктерде қозғалтқыштардың суыту жүйелерінен судың ағызылуын және «Суы ағызылды» деген тақтайшаның ілінуін; қатты аяздарда машиналардың аккумуляторлары алынғанын және «Аккумулятор батареялары алынды» деген тақтайшаның ілінуін бақылауды жүзеге асыруға;
өрт шыққан кезде оны сөндіруге шаралар қолдануға және бұл туралы парк бойынша кезекшіге баяндауға міндетті.
449. Кезекті тәуліктік кезекші паркке кіреберіске қойылады, ал бос ауысымның тәуліктік кезекшісі парктегі жұмыс уақытында парк аумағында болады және ішкі тәртіпті, өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуын қадағалайды және парк бойынша кезекшінің рұқсатынсыз ешқайда кетпейді.
Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі)
450. Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі) бөлімшелердің механик-жүргізушілерінен (жүргізушілерінен) тағайындалады және кезекші тартқыштың қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды дереу эвакуациялауға ұдайы әзірлігі үшін жауап береді. Ол парк бойынша кезекшіге бағынады.
451. Кезекші тартқыштың механик-жүргізушісі (жүргізушісі):
парк бойынша тәуліктік наряд адамдары үшін бөлінген үй-жайда ұдайы болуға;
парк үй-жайлары мен сақтау орындарынан қару-жарақты, әскери техника мен басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды эвакуациялау үшін кезекші тартқышты пайдалану ережелері мен тәртібін білуге;
кезекші тартқышта бар қозғалтқышты сырттан от алдыру, қару-жарақты, әскери және басқа техниканы сүйреу мен эвакуациялау құралдарының болуына және ақаусыз жай-күйде ұстауға;
кезекші тартқыштың төмен температурада тез және кедергісіз от алуын қамтамасыз ететін кезекші тартқыш қозғалтқышының белгіленген температуралық режимін ұстауға;
паркте өрт шыққан кезде тартқышты дереу жұмыс істейтін жай-күйге келтіруге және парк бойынша кезекшінің нұсқауы бойынша қару-жарақты, әскери және басқа техниканы, басқа да материалдық құралдарды эвакуациялауға кірісуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |