Достық деген не?
Ой-ұғымы, сезім-түйсігі ұқсас, жаны жалғас адамдар ғана бір-бірімен тату дос бола алады. Себебі ондай адамдар бір-бірінің жай-күйін жақсы ұғысады. Бара-бара ондай адамдардың ой-арманы бір жүйеге түсіп бірінің ішіндегі пікірді екіншісі айтпай-ақ түсінетін болады. Олардың қандай жағдайда не істеу керектігі жайындағы пікірлері де бір жерден шығады. Бірлесе қимылдайды. Мұндай дос адамдар әрқашанда бірін-бірі ренжітуге, бір-бірінің көңілін қалдырмауға тырысады. Бірақ кейде олар өзара қатты қақтығыстарға да барады. Ондай сәттерде, қалаштасқан дұшпандай болып, ауыр-ауыр сөздермен аянбай жаға жыртысады... Достың қатесін дос көрсеткенде осылай болады. Осылай, шындықпен шиедей етіп шапалақтап алып, олар бір-бірін жаман істен сақтандырады, қауіптен құтқарады. Міне, «Дос жылата айтады» деген сөз осыдан қалса керек.
...Абайдың бір өлеңі: «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деп басталады. Бұған мән беріп байқасақ, көңіл дегеніміз тас немесе темір сияқты қатып жатқан затқа емес, қозғалатын, қимылдайтын жанды нәрсеге ұқсайтынын байқаймыз. Жанды нәрсе болғанда самғап ұшатын құс іспетті екенін аңғарамыз. Ал құстың тек бір бағытқа қарап емес, шартарапқа бет алып ұшатыны белгілі... Адамның көңілі де үнемі бір қалыпта тұрмайды: өмірдің әр алуан құбылысына орай өзгеріп, құбылып, құлпырып отырары хақ. Сондай сәттерде бұрын дос санаған адамыңа ойда жоқта ренжіп, өкпелеп қалатының болады. Кейбір қатігез адамдар бір өкпелесе морт сынып, «маған енді ондай достың керегі жақ» деп, қолын бір-ақ сілтейді. Доссыз жалғыз қалады. Сөйтіп, өмірдегі ең жанашыр жақынынан айырылады. Жүрек сырын ақтарып, түсінісіп сырласатын серігінен ажырайды. Жүрегіне жиналған мұңын шағып, назын ақтара алмай, көп адамның ішінде жаны құлазып жалғыз қалады... Міне, мұндай күйге ұшырамау үшін досқа кінәмшіл болмау керек. Егер досыңның адамгершілікке нұқсан келтіретін аса бір шектен шыққан қылығы болмаса, оның мінез-құлқындағы ұсақ-түйек кемшіліктерді термелеп, оны ретті-ретсіз кінәлап, өкпелей беруге болмайды. Әрине, достың ондай кемшіліктерін айтып, ескертіп қоюға болады. Бірақ адам бір-бірімен пікірлес, сырлас, бір-біріне өмірлік сүйеніш, серік болу үшін дос болады. Адам бір-бірінің бойындағы кемшілікті көргенше ғана пікірлес болып, оны көргеннен кейін тайқып кету үшін дос болмайды. Бірінің кемістігін бірі түзеп, бірінің олқысын екіншісі толтырып отыру үшін дос болады. Адам бір-бірінен ажырап кету үшін емес, айырылмау үшін дос болады. Бір-біріне жан-жүйесі, ақыл-парасаты, мақсат-мүддесі сәйкес келіп табысқан адамдардың достығы дүниеде сирек кездесетін аса қымбатты металға ұқсайды. Қолындағы асылдың бағасын білмей рәсуа етсе, адамның енді ондай металды жердің өзге тұсынан, өзге қабатынан іздеп табуы оңайға түспейді, оны табар да, бірақ іздеуге уақыт керек... Сен қара тер боп іздеп, тексеріп, таңдап жаңа дос тапқанша өмір тоқтап тұрмайды. Орыс халқының: «Жол-жөнекей табылған екі достан, ескі достың өзі артық» деген мақалы, бәлкім, осындай шындыққа негізделген болар.
...Қазақта: «Көзден таса – көңілден болады ұмыт» деген нақыл сөз бар. Әрине, бұл досқа арналмаған, айналадағы алыс-жақын таныстарға арналған мәтел. Күнделікті қарым-қатынас жасап жүрген адамдарың басқа қызметке ауысып, не басқа жаққа кетіп қалса, біраздан кейін сен оны ұмытып кетесің. Алғашқы кезде оны ауызға алып жүрсең де бара-бара біржола естен шығарасың, тек қана ата мен ана алыстағы баласын естен шығармайды, адал дос досын ғана ойында сақтайды. Досты дос қарама-қарсы отырғанда, жақында жүргенде ғана емес, қиыр шет, қиын алыста жүргенде де көкейінде ұстайды. Кейбір адамдар, тіпті, өлген достарын да ұмытпайды...
Көп жұрт дос болғаннан кейін достың үйіне қайта-қайта барып, ішіп-жеу керек, достың дастарқаны әрқашан да қайысып тұруы тиіс деп ойлайды. Дос келгенде дос, қарызданып-қауғаланып болса да, ағыл-тегіл етуі парыз, құстың сүтін, құланның етін табуға міндетті деп есептейді. Осыдан кейін «Досыңның асын дұшпаныңдай же» деген бар емес пе дегенді және желеу етеді... Бұл дұрыс емес, өйткені жан қияр дос досынан ешқашанда ас аямайды. Сондықтан сен оның табағына емес, қабағына қара, дастарқанында барын місе тұт, жоғына өзің көмектес, досыңның көңілінде кірбің болса, соны кетіруге асық. Ол бақытсыздыққа ұшыраса – барыңмен бөліс. Ауруға шалдықса – көңіліңмен демеу бол. Ауырып жатқан достың маңдайын алақаныңмен бір сипағанның өзінде қанша қуат бар екенін ескер. Ол ашулы отырса, ақылыңды айтып, алдын теже. Адал достың бір-бірімен қарым-қатынасы тек қана осылай болуы абзал. Ал қарын тойдыру қиын емес. Ол үшін асхана бар, мейрамхана бар... Досты қинағаның – өзіңді қинағаның, оны сыйлағаның – өзіңді сыйлағаның!...
Достарыңызбен бөлісу: |