ұжымдық шарттың немесе келiсiмнiң мазмұнын құрайтын мәселелердi талқылаудағы таңдау еркiндiгi;
тараптардың мiндеттемелер қабылдау ерiктiлiгi;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау болып табылады.
282-бап. Ұжымдық келiссөздер жүргiзудiң, ұжымдық шартты әзiрлеу мен жасасудың тәртiбi
1. Кез келген тарап ұжымдық шарт жобасын әзiрлеудiң бастамашысы бола алады.
Екiншi тараптың ұжымдық шарт жасасу жөнiндегi келiссөздердi бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он күндiк мерзiмде қарап, осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiппен келiссөздерге кiрiсуге мiндеттi.
2. Ұжымдық келiссөздер жүргiзу және ұжымдық шарттың жобасын әзiрлеу үшiн тараптар тепе-тең негiзде комиссия құрады. Комиссия мүшелерiнiң саны, оның жеке құрамы, жобаны әзiрлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзiмдерi тараптар келiсiмiмен айқындалады.
Жұмыс берушi тараптардың келiсiмi бойынша ұжымдық шартты әзiрлеу мен жасасу үшiн қажеттi жағдай жасауды қамтамасыз етедi.
Кәсiптiк одақтың мүшелерi болып табылмайтын қызметкерлер жұмыс берушiмен өзара қарым-қатынастарда өз мүдделерiн бiлдiру үшiн кәсiподақ органына да, өзге өкiлдерге де уәкiлеттiк беруге құқылы.
Ұйымда қызметкерлердiң бiрнеше өкiлдерi болған кезде комиссияға қатысу және ұжымдық шартқа қол қою үшiн олар бiртұтас өкiлдi орган құруы мүмкiн. Бұл ретте олардың әрқайсысына өздерi өкiлдiк ететiн қызметкерлердiң санына қарай пропорционалды өкiлдiк ету принципi негiзiнде келiссөздер жүргiзу жөнiндегi бiртұтас органның құрамында өкiлдiк ету құқығы берiледi.
3. Комиссия әзiрлеген ұжымдық шарттың жобасын ұйым қызметкерлерi мiндеттi түрде талқылауға тиiс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердiң өздерi айқындайды. Комиссия келiп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтайды.
4. Тараптардың келiсiмiне қол жеткiзiлген кезде ұжымдық шарт кемiнде екi данада жасалады және оған тараптардың өкiлдерi қол қояды.
5. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелерi бойынша тараптар арасында келiспеушiлiктер болған кезде ұжымдық келiссөздер басталған күннен бастап бiр ай iшiнде тараптар бiр мезгiлде келiспеушiлiктер хаттамасын жасай отырып, келiсiлген талаптармен ұжымдық шартқа қол қоюға тиiс.
6. Ұжымдық шартты өзгерту және толықтыру осы бапта оны жасасу үшiн белгiленген тәртiппен тараптардың өзара келiсiмiмен ғана жүргiзiледi.
7. Егер алынған мәлiметтер мемлекеттiк, қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын болса, ұжымдық келiссөздерге қатысушылардың бұл мәлiметтердi жария етуге құқығы жоқ.
8. Ұжымдық келiссөздерге қатысушылар келiссөздер жүргiзу кезiнде орташа айлық жалақысы сақтала отырып, еңбек мiндеттерiн орындаудан босатылуы мүмкiн. Бұл мерзiм олардың еңбек өтiлiне қосылады.
9. Тараптардың өкiлдерi тараптар қол қойған ұжымдық шартты бiр ай мерзiм iшiнде еңбек жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне мониторинг үшiн ұсынуға мiндеттi.
10. Тараптардың өкiлдерi қызметкерлерге ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы мезгiл-мезгiл хабарлап отыруға мiндеттi.
283-бап. Ұжымдық шарттың тараптары
1. Қызметкерлер және жұмыс берушi ұжымдық шарттың тараптары болып табылады.
2. Ұжымдық шарт ұйымдарда да, филиалдар мен өкiлдiктерде де жасалуы мүмкiн.
284-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы
1. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымын тараптар айқындайды. Ұжымдық шартқа: 1) еңбекке ақы төлеудi нормалау, оның нысандары, жүйелерi, қызметкерлерге, оның iшiнде ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi еңбек жағдайлары бар жұмыстарда iстейтiн қызметкерлерге тарифтiк ставкалар мен жалақылар, үстемақылар мен қосымша ақылар мөлшерi туралы; 2) еңбекке ақы төлеудi индекстеу туралы, жәрдемақылар мен өтемақы төлемдерiн төлеу туралы, оның iшiнде жазатайым оқиғалар кезiндегi қосымша өтемақылар туралы;
3) тиiстi мамандықтың, ұйымдағы лауазымның ең жоғары және ең төменгi жалақысы мөлшерлерiнiң арасындағы жол берiлетiн арақатынас туралы;
4) разрядаралық коэффициенттердi белгiлеу туралы;
5) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының ұзақтығы, еңбек демалыстары туралы;
6) салауатты және қауiпсiз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау туралы, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi шараларды қаржыландыру көлемi туралы, денсаулық сақтауды жақсарту туралы, қызметкерлердi және олардың отбасы мүшелерiн медициналық сақтандыру кепiлдiктерi туралы, қоршаған ортаны қорғау туралы;
7) тиiстi саланың разрядаралық коэффициенттерiн белгiлеу туралы ережелер енгiзiлуге тиiс.
2. Ұжымдық шартқа: 1) еңбектi ұйымдастыруды жақсарту және өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру туралы;
2) еңбек тәртiптемесi мен еңбек тәртiбiн реттеу туралы;
3) босатылатын қызметкерлердiң жұмыспен қамтылуын, оларды даярлауды, бiлiктiлiгiн арттыруды, қайта даярлауды және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету туралы;
4) жұмысты оқумен қоса атқаратын қызметкерлерге берiлетiн кепiлдiктер мен жеңiлдiктер туралы;
5) қызметкерлердiң тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы;
6) қызметкерлердi сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу және олардың тынығуы туралы; 7) кәсiподақ мүшелерi болып табылатын қызметкерлермен еңбек шартын бұзған кезде ұйымның кәсiподақ органының дәлелдi пiкiрiн ескерудiң тәртiбi туралы;
8) кәсiподақ органына сайланған қызметкерлерге берiлетiн кепiлдiктер туралы;
9) қызметкерлердiң өкiлдерi қызметiн жүзеге асыруға арналған талаптар туралы;
10) кәсiподақ қызметi үшiн жағдай жасау туралы;
11) қызметкерлердi сақтандыру туралы;
12) ұжымдық шарттың орындалуын бақылау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi туралы;
13) еңбек шарттарын ереуiлдi желеу етiп жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзуды болдырмау туралы;
14) қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң өздерi келтiрген залал үшiн жауаптылығы туралы;
15) тараптардың ұжымдық шартты орындауға жауаптылығы туралы;
16) ерiктi кәсiптiк зейнетақы жарналары туралы;
17) тараптар айқындаған басқа да мәселелер бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiнiң өзара мiндеттемелерi енгiзiлуi мүмкiн.
3. Ұжымдық шарт еңбек заңнамасымен, бас, салалық, өңiрлiк келiсiмдермен салыстырғанда қызметкерлер жағдайын нашарлатпауға тиiс. Мұндай ережелер жарамсыз деп танылады.
285-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзiмдерi мен аясы
1. Ұжымдық шарт тараптар айқындайтын мерзiмге жасалады.
2. Ұжымдық шарт, егер оның ережелерiнде өзгеше көзделмесе, қол қойылған кезден бастап күшiне енедi және тараптар оны орындауға мiндеттi.
3. Ұжымдық шарттың күшi жұмыс берушiге және солардың атынан ұжымдық шарт жасалған ұйым қызметкерлерiне және жазбаша өтiнiш негiзiнде оған қосылған қызметкерлерге қолданылады.
4. Ұйымның қайта ұйымдастырылу (бiрiгу, қосылу, бөлiну, бөлiнiп шығу, қайта құрылу) кезеңiнде ұжымдық шарт өз күшiн сақтайды.
5. Ұйым мүлкiнiң меншiк иесi ауысқан кезде ұжымдық шарт үш ай бойы өз күшiн сақтайды. Осы кезеңде тараптар жаңа ұжымдық шарт жасасу немесе қолданыстағы шартты сақтау, өзгерту және толықтыру туралы келiссөздердi бастауға құқылы.
6. Ұйым таратылған, ол банкрот деп жарияланған кезде ұжымдық шарттың қолданылуы барлық қызметкерлермен еңбек шарттары тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
286-бап. Тараптардың ұжымдық шартты орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi
Ұжымдық шартта көзделген мiндеттемелердi орындамағаны үшiн тараптар ұжымдық шартқа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
287-бап. Келiссөздер кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар
Шақырылған сарапшылар мен мамандарға еңбекақы төлеу жұмыс берушiлердiң не қызметкерлердiң өкiлдi органдарының солармен жасасқан еңбек келiсiмi бойынша жүргiзiледi.
Қызметкерлердiң өкiлдi органдарының ұжымдық келiссөздерге қатысатын мүшелерi келiссөздер жүргiзу кезеңiнде (ұйымды тарату жағдайларынан басқа) тиiстi өкiлдi органның келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша жұмыстан босатылмайды.
32-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ҚАРАУ
288-бап. Ұжымдық еңбек дауының туындауы
1. Ұжымдық еңбек дауы жұмыс берушiге жалпы жиналыстың (конференцияның) шешiмiмен бекiтiлген қызметкерлер талаптары туралы жазбаша хабарлама берiлген күннен бастап немесе жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi өз шешiмдерiн хабарламаған жағдайда, осы
Кодекстiң 290-бабында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап туындаған болып есептеледi. 2. Ұжымдық еңбек даулары бiтiмгерлiк рәсiмдер тәртiбiмен және (немесе) сот тәртiбiмен шешiледi.
289-бап. Қызметкерлердiң талаптарын ресiмдеу мен мәлiмдеу тәртiбi
1. Қызметкерлердiң еңбек жағдайлары мен еңбегiне ақы төлеудi белгiлеу және өзгерту, қызметкерлер мен жұмыс берушiнiң, жұмыс берушiлер бiрлестiгiнiң арасындағы ұжымдық шарттар мен келiсiмдердi жасасу, өзгерту және орындау мәселелерi жөнiндегi талаптары
қызметкерлердiң жалпы жиналысында (конференциясында) ұйым қызметкерлерi жалпы санының кемiнде жартысы болған кезде жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың көпшiлiк даусымен түзiледi және бекiтiледi.
2. Қызметкерлердiң талаптары жазбаша түрде жазылады және жұмыс берушiлерге, жұмыс берушiлердiң бiрлестiктерiне жалпы жиналыс (конференция) өткiзiлген күннен бастап күнтiзбелiк үш күн мерзiмде жiберiледi.
3. Аталған талаптарды әртүрлi жұмыс берушiлердiң қызметкерлерi қойған жағдайда, бұл талаптарды кәсiптiк одақтардың салалық немесе өңiрлiк бiрлестiктерi не қызметкерлер уәкiлеттiк берген өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар ұсынуы мүмкiн.
4. Жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi қызметкерлердiң талаптар қою жөнiнде жиналыс (конференция) өткiзуiне кедергi келтiруге әсер ететiн қандай да болмасын араласудан қалыс қалуға мiндеттi.
290-бап. Қызметкерлердiң талаптарын қарау
Жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi қызметкерлердiң қойған талаптарын соларды алған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрмей қарауға және оларды шешу үшiн шаралар қолдануға, ал шешуге мүмкiндiк болмаған кезде туындаған келiспеушiлiктердi одан әрi қарау үшiн өз өкiлдерiн көрсете отырып, өздерiнiң шешiмдерi мен ұсыныстарын аталған мерзiм iшiнде қызметкерлерге жазбаша түрде жеткiзуге мiндеттi.
291-бап. Бiтiмгерлiк рәсiмдер
1. Қызметкерлердiң талаптарын осы Кодекстiң 290-бабында көзделген тәртiппен шешу мүмкiн болмаған кезде олар бiтiмгерлiк рәсiмдер тәртiбiмен қаралады.
Жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi (олардың өкiлдерi) қабылдамаған немесе олардың iшiнара қанағаттандырған талаптары алдымен бiтiмгерлiк комиссиясында, ал онда келiсiмге қол жеткiзiлмесе - еңбек арбитражында қаралады. 2. Тараптар ұжымдық еңбек дауын қараудың кез келген сатысында делдалға жүгiне алады. Делдалдық рәсiм бiтiмгерлiк комиссиясындағы, еңбек арбитражындағы бiтiмгерлiк рәсiмдерге қарағанда дербес рәсiм болып табылады және солармен қатар жүргiзiлуi мүмкiн.
292-бап. Бiтiмгерлiк комиссиясы
1. Бiтiмгерлiк комиссиясын тараптар жұмыс берушi, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгi (олардың өкiлдерi) өз шешiмiн қызметкерлерге (олардың өкiлдерiне) хабарлаған не хабарламаған күннен бастап не ұжымдық келiссөздер барысында келiспеушiлiктер хаттамасы жасалған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде құрады.
2. Бiтiмгерлiк комиссиясы ұжымдық еңбек дауы тараптары өкiлдерiнен тепе-тең негiзде құрылады. Бiтiмгерлiк комиссиясын құру туралы шешiм жұмыс берушiнiң актiсiмен және қызметкерлер өкiлдерiнiң шешiмiмен ресiмделедi.
3. Бiтiмгерлiк комиссиясы құрылған күнiнен бастап күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрмей қызметкерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) талаптарын қарайды. Бiтiмгерлiк комиссиясының талаптарды қарау, көрсетiлген мерзiмдi ұзарту тәртiбi тараптардың келiсiмiмен жүзеге асырылады және хаттамамен ресiмделедi.
4. Бiтiмгерлiк комиссиясы бiтiмгерлiк рәсiм барысында, қызметкерлермен (олардың өкiлдерiмен), жұмыс берушiмен, жұмыс берушiлер бiрлестiгiмен (олардың өкiлдерiмен), мемлекеттiк органдармен және өзге де мүдделi тұлғалармен консультациялар жүргiзедi. 5. Комиссияның шешiмi тараптар келiсiмiнiң негiзiнде қабылданады, тараптардың өкiлдерi қол қоятын хаттамамен ресiмделедi және оның тараптар үшiн мiндеттi күшi болады.
6. Бiтiмгерлiк комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмегенде, оның жұмысы тоқтатылады, ал дауды шешу үшiн еңбек арбитражы құрылады.
293-бап. Еңбек арбитражы
1. Еңбек арбитражын ұжымдық еңбек дауының тараптары бiтiмгерлiк комиссиясының жұмысы тоқтатылған күннен бастап күнтiзбелiк бес күн iшiнде әлеуметтiк-еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi республикалық, салалық немесе өңiрлiк комиссия мүшелерiнiңқатысуымен құрады.
2. Еңбек арбитражы мүшелерiнiң саны, оның дербес құрамы, еңбек дауын қараудың тәртiбi тараптардың келiсiмiмен белгiленедi. Еңбек арбитражы кемiнде бес адамнан құрылуға тиiс. Еңбек арбитражының құрамына қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi, мемлекеттiк еңбек инспекторы, мамандар, сарапшылар мен басқа да адамдар енгiзiледi.
3. Еңбек арбитражының төрағасын тараптар арбитраж мүшелерi қатарынан сайлайды.
4. Еңбек арбитражы ұжымдық еңбек дауын ұжымдық еңбек дауы тараптары өкiлдерiнiң мiндеттi түрде қатысуымен, ал қажет болғанда басқа да мүдделi адамдар өкiлдерiнiң де қатысуымен қарайды.
5. Дауды қарау рәсiмiн еңбек арбитражы белгiлейдi және ұжымдық еңбек дауы тараптарының назарына жеткiзедi.
6. Еңбек арбитражының шешiмi құрылған күнiнен бастап күнтiзбелiк жетi күннен кешiктiрiлмей арбитраж мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылданады. Еңбек арбитражы мүшелерiнiң дауыстары тең бөлiнген кезде төрағаның дауысы шешушi болып табылады. Шешiм дәлелдi әрi жазбаша түрде болуға және оған арбитраж мүшелерiнiң барлығы қол қоюға тиiс.
7. Бiтiмгерлiк комиссиясында ұжымдық еңбек дауы тараптарының келiсiмiне қол жеткiзiлмеген кезде, заң бойынша ереуiлдер өткiзу тыйым салынған немесе шектелген ұйымдарда, еңбек арбитражы мiндеттi түрде құрылуға тиiс.
8. Ұжымдық еңбек дауының тараптары еңбек арбитражының шешiмiн орындауға мiндеттi болады.
294-бап. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау
1. Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау тәртiбi ұжымдық еңбек дауы тараптарының келiсiмi бойынша айқындалады.
2. Тараптар өздерiне қатысты тәуелсiз ұйымдар мен тұлғаларды делдал ретiнде белгiлейдi. Әлеуметтiк-еңбек қатынастарын реттеу жөнiндегi республикалық, салалық, өңiрлiк комиссиялар ұжымдық еңбек дауы тараптарының келiсiмiмен ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөнiндегi жұмысқа орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, қауымдастықтардың және басқа да қоғамдық бiрлестiктердiң басшылары мен қызметкерлерiн, жұмыс берушiлердi, сондай-ақ тәуелсiз сарапшыларды тарта алады.
Делдалды таңдау жағдайларының бәрiнде олардан делдалдық етуге жазбаша келiсiм алынуға тиiс.
295-бап. Тараптардың ұжымдық еңбек дауы бойынша келiсiмге қол жеткiзуiнiң салдарлары
1. Ұжымдық еңбек дауының тараптары арасында дауды делдалдың қатысуымен немесе онсыз шешу туралы келiсiмге қол жеткiзiлген барлық жағдайларда аяқталмай қалған бiтiмгерлiк рәсiмдерi тоқтатылады, ал тараптар арасындағы келiсiмнiң талаптары дауды шешудiң талаптары деп есептеледi.
Ұжымдық еңбек дауының тараптары қол жеткiзген келiсiмдер жазбаша түрде ресiмделедi.
2. Тараптар арасында даудың шешiлуi туралы келiсiмге қол жеткiзу, егер ереуiл жарияланған болса, оның тоқтатылуына әкеп соғады.
296-бап. Ұжымдық еңбек дауының шешiлуiмен байланысты кепiлдiктер
Бiтiмгерлiк комиссиясының мүшелерi ұжымдық еңбек дауын шешу жөнiндегi келiссөздерге қатысқан уақытта орташа жалақысы сақтала отырып, негiзгi жұмысынан босатылады. Қызметкерлердiң, олардың бiрлестiктерiнiң ұжымдық еңбек дауын шешуге қатысатын өкiлдерi ұжымдық еңбек дауын шешу кезеңiнде тәртiптiк жазаға тартылмайды, басқа жұмысқа ауыстырылмайды немесе солардың өкiлдiк етуiне уәкiлеттiк берген органның алдын ала келiсiмiнсiз жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша олармен еңбек шарты бұзылмайды.
297-бап. Тараптардың және бiтiмгерлiк органдарының ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөнiндегi мiндеттерi
1. Тараптардың ешқайсысы бiтiмгерлiк рәсiмдерге қатысудан жалтаруға құқылы емес. 2. Бiтiмгерлiк комиссиясы, еңбек арбитражы реттей алмаған ұжымдық еңбек дауындағы келiспеушiлiктер жазбаша түрде тараптардың назарына жеткiзiлуге тиiс.
3. Егер жұмыс берушiнiң өкiлi өкiлеттiктерiнiң жеткiлiксiз болуына байланысты ұжымдық еңбек дауы тараптарының келiспеушiлiктерiн реттеу мүмкiн болмаса, қызметкерлердiң талаптары ұйымдардың, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мүлкiнiң меншiк иелерi шетелдiк жеке немесе заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдардың не шетелдiк қатысуы бар ұйымдардың мүлiк меншiк иелерiне, құрылтайшыларына (қатысушыларына) немесе акционерлерiне табыс етiледi.
4. Осы баптың 2, 3-тармақтарында көрсетiлген рәсiмдердiң нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, қызметкерлер өз мүдделерiн қорғаудың заңда көзделген, ереуiл өткiзуге дейiнгi өзге де барлық тәсiлдерiн пайдалануға құқылы.
298-бап. Ереуiл өткiзу құқығы
1. Егер бiтiмгерлiк рәсiмдер арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткiзiлмесе, сондай-ақ жұмыс берушi бiтiмгерлiк рәсiмдерден жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткiзiлген келiсiмдi орындамаған жағдайларда қызметкерлер ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдай алады.
2. Ереуiл өткiзу жөнiндегi шешiм қызметкерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) жиналысында (конференциясында) ұйым қызметкерлерi жалпы санының кемiнде жартысы болғанда қабылданады және жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың кемiнде үштен екiсi сол үшiн дауыс
берген жағдайда қабылданды деп есептеледi.
3. Ереуiлдi қызметкерлер (олардың өкiлдерi) уәкiлеттiк берген орган (ереуiл комитетi) басқарады. Бiрнеше жұмыс берушiлердiң қызметкерлерi (олардың өкiлдерi) бiрдей талаптар қойып, ереуiл жариялаған жағдайда, оны осы қызметкерлер өкiлдерiнiң бiрдей санынан құрылатын бiрлескен орган басқаруы мүмкiн.
4. Ереуiлге қатысу ерiктi болып табылады. Ешкiмдi ереуiлге қатысуға немесе ереуiлге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды.
5. Қызметкерлердi ереуiлге қатысуға немесе ереуiлге қатысудан бас тартуға мәжбүрлейтiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
299-бап. Ереуiлдiң басталуы туралы жариялау
1. Осы Кодекстiң 298-бабының 3-тармағында көрсетiлген уәкiлеттi орган ереуiлдiң басталуы мен болжамды ұзақтығы туралы жұмыс берушiге, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгiне (олардың өкiлдерiне) оны жариялағанға дейiн күнтiзбелiк он бес күннен кешiктiрмей жазбаша түрде ескертуге тиiс.
2. Ереуiл жариялау туралы шешiмде: 1) тараптардың ереуiл өткiзуге негiз болған келiспеушiлiктерiнiң тiзбесi;
2) ереуiл өткiзiлетiн күн, орын мен уақыт, оның ұзақтығы және қатысушылардың болжамды саны;
3) ереуiлдi басқаратын органның атауы, бiтiмгерлiк рәсiмдерге қатысуға уәкiлеттiк берiлген қызметкерлер өкiлдерiнiң құрамы;
4) ереуiл өткiзу кезеңiнде орындалатын қажеттi жұмыстардың (қызмет көрсетулердiң) ең төменгi көлемi жөнiндегi ұсыныстар көрсетiледi.
300-бап. Ереуiлдi басқаратын органның өкiлеттiктерi
1. Ереуiлдi басқаратын орган өзiне осы Кодекспен берiлген құқықтар шегiнде және қызметкерлер (олардың өкiлдерi) берген өкiлеттiктер негiзiнде әрекет етедi.
2. Ереуiлдi басқаратын органның:
1) қойылған талаптарды шешу мәселелерi бойынша жұмыс берушiмен, жұмыс берушiлердiң бiрлестiгiмен (олардың өкiлдерiмен), мемлекеттiк, кәсiподақ, өзге де заңды және лауазымды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда қызметкерлер мүдделерiн бiлдiруге;
2) жұмыс берушiден, жұмыс берушiлер бiрлестiгiнен (олардың өкiлдерiнен) қызметкерлердiң мүдделерiн қозғайтын мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) қызметкерлердiң талаптарын қарау барысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отыруға; 4) даулы мәселелер бойынша қорытындылар шығару үшiн мамандарды тартуға;
5) қызметкерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) келiсiмiмен ереуiлдi тоқтата тұруға құқығы бар. 3. Бұрын тоқтата тұрған ереуiлдi қайта бастау үшiн бiтiмгерлiк комиссиясының, делдалдың немесе еңбек арбитражында дауды қайта қарауы талап етiлмейдi. Жұмыс берушi, жұмыс берушiлер бiрлестiгi (олардың өкiлдерi) және еңбек дауларын реттеу жөнiндегi орган ереуiлдiң қайта басталуы туралы үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей ескертiлуге тиiс.
4. Ұжымдық еңбек дауының тараптары оны реттеу жөнiндегi келiсiмге қол қойған, сондай-ақ ереуiл заңсыз деп танылған жағдайларда, ереуiлдi басқаратын органның өкiлеттiктерi тоқтатылады.
5. Ереуiлдi басқаратын органның өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру кезiнде жұмыс берушiнiң, мемлекеттiк органдардың және қоғамдық бiрлестiктердiң құзыретiне жататын шешiмдердi қабылдауға құқығы жоқ.
301-бап. Ұжымдық еңбек дауы тараптарының ереуiл барысындағы мiндеттерi
Ереуiл өткiзу кезеңiнде ұжымдық еңбек дауының тараптары осы дауды бiтiмгерлiк рәсiмдер жүргiзу жолымен шешудi жалғастыруға мiндеттi.
Жұмыс берушi, мемлекеттiк органдар және ереуiлдi басқаратын орган ереуiл кезеңiнде қоғамдық тәртiптi, ұйымның мүлкiн және қызметкерлердiң қауiпсiздiгiн сақтау, сондай-ақ тоқтап қалуы адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төндiретiн машиналардың және жабдықтардың жұмысын қамтамасыз ету жөнiндегi өздерiне байланысты шараларды қабылдауға мiндеттi.
302-бап. Қызметкерлерге ереуiл өткiзуге байланысты берiлетiн кепiлдiктер
1. Ереуiлдi ұйымдастыру немесе оған қатысу (осы Кодекстiң 303-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда) қызметкердiң еңбек тәртiбiн бұзуы деп қаралмайды және осы Кодексте көзделген тәртiптiк ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
2. Ереуiл кезiнде қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы), әлеуметтiк сақтандыру бойынша жәрдемақы төлемiне құқығы, еңбек өтiлi сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепiлдiк берiледi.
Ереуiлдi жалақының төленбеуiне немесе уақтылы төленбеуiне байланысты өткiзуден басқа жағдайларда, ереуiлге қатысушы қызметкерлердiң ереуiл кезiндегi жалақысы сақталмайды.
303-бап. Заңсыз ереуiлдер
1. Ереуiлдер: 1) соғыс жағдайы немесе төтенше жағдай не төтенше жағдай туралы заңнамаға сәйкес айрықша шаралар енгiзiлген кезеңде; Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң органдары мен ұйымдарында, елдiң қорғанысын, мемлекеттiң қауiпсiздiгiн, авариялық-құтқару, iздестiру-құтқару, өртке қарсы жұмыстарды қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу немесе оларды жою мәселелерiмен айналысатын басқа да әскери құралымдар мен ұйымдарда; құқық қорғау органдарында; қауiптi өндiрiстiк объектiлер болып табылатын ұйымдарда; жедел және шұғыл медициналық көмек көрсету станцияларында; 2) осы баптың 2-тармағында көрсетiлген шарттар сақталмаған жағдайда, темiр жол көлiгi, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдарда (қоғамдық көлiк, сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету), жұмысының тоқтатыла тұруы ауыр және қауiптi зардаптарға әкеп соғуы мүмкiн үздiксiз жұмыс iстейтiн өндiрiстерде;
3) осы Кодексте көзделген мерзiмдер, рәсiмдер және талаптар ескерiлмей жарияланған жағдайда; 4) адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қатер төндiретiн жағдайларда; 5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда заңсыз болып танылады. Осы тармақта көрсетiлген негiздердiң бiреуi болғанда, сот тиiстi шешiм шығарғанға дейiн прокурор ереуiлдi тоқтата тұруға құқылы.
2. Темiр жол көлiгi, азаматтық авиация, денсаулық сақтау ұйымдарында, халықтың тыныс-тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдарда (қоғамдық көлiк, сумен, электр энергиясымен, жылумен, байланыспен қамтамасыз ету) ереуiл жергiлiктi атқарушы органмен алдын ала келiсу
негiзiнде айқындалатын халыққа қажеттi тиiстi қызмет көрсетулердiң тiзбесi мен көлемi сақталған жағдайда өткiзiледi.
Үздiксiз жұмыс iстейтiн өндiрiстерде ереуiл негiзгi жабдықтардың, тетiктердiң iркiлiссiз жұмысы қамтамасыз етiлген жағдайда ғана өткiзiлуi мүмкiн.
3. Ереуiлдi заңсыз деп тану туралы шешiмдi сот Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қабылдайды.
4. Ереуiлдi заңсыз деп тану туралы шешiмдi сот жұмыс берушiнiң немесе прокурордың өтiнiшi бойынша қабылдайды.
Сот шешiмi қызметкерлерге ереуiлдi басқаратын орган арқылы жеткiзiледi, ол ереуiлге қатысушыларды сот шешiмi туралы дереу хабардар етуге мiндеттi.
Ереуiлдi заңсыз деп тану туралы заңды күшiне енген сот шешiмi дереу орындалуға тиiс.
Адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төнген жағдайда прокурор немесе сот тиiстi шешiм қабылданғанға дейiн ереуiлдi тоқтата тұруға құқылы.
5. Ереуiлдi басқарушы органның сот шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағымдануға құқығы бар.
304-бап. Ереуiлдердi заңсыз деп танудың салдары
Сот ереуiлдi заңсыз деп танығанда, жұмыс берушi ереуiлдi ұйымдастыруға немесе өткiзуге қатысқан қызметкерлердi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартуы мүмкiн.
305-бап. Локаутқа тыйым салу
Ереуiл өткiзудi қоса алғанда, ұжымдық еңбек дауын реттеу барысында локаутқа, яғни қызметкерлердiң ұжымдық еңбек дауына немесе ереуiлге қатысуына байланысты солармен жасалған еңбек шарттарын жұмыс берушiнiң бастамасы бойынша бұзуға тыйым салынады.
5-БӨЛIМ. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ
33-тарау. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТIК БАСҚАРУ
306-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары
Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясат:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеуге және қабылдауға;
2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк, салалық (секторлық) және өңiрлiк бағдарламаларды әзiрлеуге;
3) еңбек жағдайларын, оның қауiпсiздiгi мен қорғалуын әзiрлеу және жақсарту, қауiпсiз техникалар мен технологияларды әзiрлеу және енгiзу, еңбектi қорғау, қызметкерлердiң жеке және ұжымдық қорғану құралдарын өндiру жөнiндегi қызметтi экономикалық ынталандыру жүйелерiн құруға және iске асыруға; 4) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында мониторингтi жүзеге асыруға; 5) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргiзуге; 6) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және кәсiптiк ауруларды есепке алудың бiрыңғай тәртiбiн белгiлеуге; 7) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын мемлекеттiк қадағалау мен бақылауға;
8) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында қызметкерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру тәртiбiн нормативтi түрде бекiтуге;
9) өндiрiстегi жазатайым оқиғалардан және кәсiптiк аурулардан зардап шеккен қызметкерлердiң, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiнiң заңды мүдделерiн қорғауға; 10) ауыр жұмыс және өндiрiс пен еңбектi ұйымдастырудың қазiргi заманғы техникалық деңгейiнде жойылмайтын зиянды (ерекше зиянды), қауiптi еңбек жағдайлары бар жұмыс үшiн еңбекақы төлеу шарттарын белгiлеуге; 11) еңбек жағдайларын жақсарту және еңбектi қорғау жөнiндегi отандық және шетелдiк озық жұмыс тәжiрибесiн таратуға;
12) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi мамандарды даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға; 13) өндiрiстiк жарақат алу, кәсiптiк ауру туралы мемлекеттiк статистикалық есептiлiктi ұйымдастыруға;
14) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы бiртұтас ақпараттық жүйенiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге;
15) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталған.
307-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк басқару, бақылау және қадағалау
Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мемлекеттiк басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкiметi, еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган және өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдар өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.
308-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптар
1. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi және қызметкерлердiң еңбек қызметi процесi кезiнде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi қамтуға тиiс.
2. Жұмыс берушiлер мен қызметкерлер Қазақстан Республикасының аумағында өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптарды орындауға мiндеттi.
309-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мониторинг пен тәуекелдердi бағалау
Еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын кешендi бағалау, өндiрiстiк жарақаттануды азайту және өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласында мониторинг пен тәуекелдердi бағалауды ұйымдастырады.
34-тарау. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚҰҚЫҚТАРЫНЫҢ КЕПIЛДIКТЕРI
310-бап. Еңбек шартын жасасу кезiнде еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер
1. Еңбек шартында зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторларды қоса алғанда, еңбек жағдайларының дәйектi сипаттамасы, Қазақстан Республикасының заңнамасында және ұжымдық шартта көзделген осындай жағдайлардағы жұмыс үшiн берiлетiн кепiлдiктер,
жеңiлдiктер мен өтемақы төлемдерi көрсетiлуге тиiс.
2. Ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi еңбек жағдайлары бар жұмыстарда, сондай-ақ жерасты жұмыстарында iстейтiн қызметкерлермен еңбек шартын жасасу азамат алдын ала медициналық тексеруден өткеннен кейiн және денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша қайшылықтар жоқ екендiгi айқындалғаннан кейiн жүзеге асырылуға тиiс.
311-бап. Еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер
1. Жұмыс орнындағы еңбек қауiпсiздiгiнiң жағдайлары мемлекеттiк стандарттарға, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi ережелер талаптарына сәйкес болуға тиiс.
2. Жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптарды бұзуы салдарынан жұмыс тоқтап тұрған уақытта қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы) және орташа жалақысы сақталады.
3. Өзiнiң немесе айналасындағы адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қауiп туындаған жағдайда, қызметкердiң жұмысты орындаудан бас тартуы оны тәртiптiк және (немесе) материалдық жауапкершiлiкке тартуға әкеп соқпайды.
4. Жұмыс берушi қызметкердi жеке және (немесе) ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киiммен қамтамасыз етпеген жағдайда, қызметкер еңбек мiндеттерiн орындауды тоқтатуға құқылы, ал жұмыс берушi осы себеп бойынша туындаған iркiлiс кезiнде қызметкердiң орташа жалақысы мөлшерiнде еңбекақы төлеуге мiндеттi.
5. Еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда, келтiрiлген зиянды өтеу осы Кодексте және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда жүргiзiледi.
312-бап. Қызметкерлердi мiндеттi медициналық тексеру
1. Жұмыс берушi ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi еңбек жағдайлары бар жұмыстарда iстейтiн қызметкерлердi Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен мерзiмдiк медициналық тексеруден және тексерiлуден өткiзудi өз қаражаты есебiнен ұйымдастыруға мiндеттi.
2. Ерекше қауiптi жұмыстармен, машиналармен және тетiктермен байланысты жұмыстарда iстейтiн қызметкерлер ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өтуге тиiс. Ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өту талап етiлетiн кәсiптердiң тiзiмiн денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайды.
313-бап. Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, нұсқама беру және бiлiмдерiн тексеру
1. Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқытуды, нұсқама берудi және бiлiмдерiн тексерудi жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен жүргiзедi.
2. Қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқыту, нұсқама беру және бiлiмдерiн тексерудiң тәртiбi мен мерзiмiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган қызметтiң тиiстi салаларындағы өзге де уәкiлеттi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша айқындайды.
3. Жұмысқа қабылданған адамдар кейiннен олардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша бiлiмi мiндеттi түрде тексерiле отырып, жұмыс берушi ұйымдастыратын алдын ала оқытудан мiндеттi түрде өтедi. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша алдын ала оқытудан, нұсқама беруден және бiлiмiн тексеруден өтпеген қызметкерлер жұмысқа жiберiлмейдi.
4. Өндiрiстiк ұйымдардың басшы қызметкерлерi мен еңбек қауiпсiздiгiн және еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдары мезгiл-мезгiл, үш жылда бiр реттен сирек болмайтындай етiп тиiстi бiлiм беру ұйымдарында бiлiктiлiгiн арттыру курстарында еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқудан және бiлiмiн тексеруден өтуге мiндеттi.
35-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДIҢ ЖӘНЕ ЖҰМЫС БЕРУШIНIҢ ЕҢБЕК
ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
314-бап. Қызметкердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау құқықтары
Қызметкердiң:
1) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнына;
2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi, сондай-ақ еңбек шартында, ұжымдық шартта көзделген талаптарға сәйкес санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киiммен қамтамасыз етiлуге;
3) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне өз жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары мен еңбектi қорғауға тексеру жүргiзу туралы өтiнiш бiлдiруге;
4) өзi немесе өз өкiлi арқылы еңбек жағдайларын, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғауды жақсартуға байланысты мәселелердi тексеруге және қарауға қатысуға;
5) денсаулығына немесе өмiрiне қауiп төндiретiн жағдай туындаған кезде бұл жөнiнде тiкелей басшысына немесе жұмыс берушiге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен еңбек мiндеттерiн қауiпсiз атқару үшiн қажеттi бiлiм алуға және кәсiптiк даярлыққа;
7) жұмыс берушiден жұмыс орнының сипаты мен ұйымның аумағы, еңбек жағдайларының жай-күйi, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы, өмiрi мен денсаулығына төнген қатер туралы, сондай-ақ оны зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғау жөнiндегi шаралар туралы дәйектi ақпарат алуға;
8) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сай болмауына байланысты ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына;
9) жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы заңсыз әрекеттерiне шағымдануға құқығы бар.
315-бап. Қызметкердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мiндеттерi
Қызметкер: 1) өндiрiсте болған әрбiр жазатайым оқиға, кәсiптiк аурудың (уланудың) белгiлерi, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн жағдай туралы өзiнiң тiкелей басшысына дереу хабарлауға;
2) мiндеттi мерзiмдi медициналық тексеруден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан, сондай-ақ өндiрiстiк қажеттiлiкке байланысты басқа жұмысқа ауысу үшiн не кәсiптiк аурудың белгiлерi пайда болған кезде медициналық куәландырудан өтуге;
3) жұмыс берушi беретiн жеке және ұжымдық қорғану құралдарын қолдануға және мақсатқа сай пайдалануға;
4) медициналық мекемелер ұсынған емдiк және сауықтыру iс-шараларын жұмыс берушi қаржыландырған жағдайда соларды орындауға;
5) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нормалардың, ережелердiң және нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушiнiң өндiрiстегi жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi талаптарын сақтауға мiндеттi.
316-бап. Жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы құқықтары
Жұмыс берушi: 1) қызметкерлердi жұмыс орындарында қолайлы еңбек жағдайларын жасағаны, қауiпсiз еңбек жағдайларын жасау жөнiндегi өнертапқыштық ұсыныстары үшiн ынталандыруға;
2) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптарды бұзатын қызметкерлердi осы Кодексте белгiленген тәртiппен жұмыстан шеттетуге және тәртiптiк жауапкершiлiкке тартуға құқылы.
317-бап. Жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы мiндеттерi
1. Жұмыс берушi: 1) профилактикалық шаралар жүргiзу, өндiрiстiк жабдықтар мен технологиялық процестердi олардың неғұрлым қауiпсiз түрлерiмен ауыстыру жолымен жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелдердi болғызбау жөнiндегi шараларды қабылдауға;
2) қызметкерлердi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша оқыту мен даярлаудан өткiзуге; 3) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi ұйымдастыру-техникалық iс-шараларын жүргiзуге; 4) нұсқаулар беруге, өндiрiстiк процесс пен жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiндегi құжаттармен қамтамасыз етуге; 5) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес бiлiмiн тексеруден өтуге және басшылар мен мамандардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша бiлiмдерiн тексерудi ұйымдастыруға; 6) қызметкерлерге қажеттi санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, қызметкерлердiң арнаулы киiмi мен аяқ киiмiн берудi және жөндеудi, еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нормаларға сәйкес қызметкерлердi профилактикалық өңдеу, жуу және зарарсыздандыру құралдарымен, медициналық қобдишамен, сүтпен, емдеу-профилактикалық тағамдармен жабдықтауды қамтамасыз етуге; 7) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға және оның аумақтық бөлiмшелерiне, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарының лауазымды адамдарына, қызметкерлердiң өкiлдерiне солардың жазбаша сауалы бойынша ұйымдардағы еңбек қауiпсiздiгi мен еңбек жағдайлары және еңбектi қорғаудың жай-күйi туралы қажеттi ақпарат беруге; 8) мемлекеттiк еңбек инспекторларының нұсқамаларын орындауға;
9) өндiрiстегi жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк ауруларды тiркеудi, олардың есебiн жүргiзудi және талдауды жүзеге асыруға;
10) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен ережелерге сәйкес қызметкерлер өкiлдерiнiң қатысуымен өндiрiстiк объектiлердегi еңбек жағдайларының жай-күйi бойынша бес жылда бiр реттен сирек болмайтындай етiп мерзiмдiк аттестаттауды өткiзуге, сондай-ақ реконструкциядан, жаңғыртудан, жаңа техника немесе технология орнатудан кейiн мiндеттi аттестаттауды өткiзуге; 11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тексерудi қамтамасыз етуге;
12) еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлгенi үшiн жауапкершiлiктi сақтандыруға;
13) қатты улану жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тиiстi аумақтық бөлiмшесiне хабарлауға;
14) қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайларының өзгеруiне байланысты басқа жұмысқа ауыстыру кезiнде не кәсiптiк аурудың белгiлерi пайда болғанда өз қаражаты есебiнен қызметкерлердi мiндеттi, мерзiмдiк (еңбек қызметi барысында) медициналық тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан өткiзуге;
16) авариялық жағдайдың өршуiн және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуiн болғызбау жөнiндегi шұғыл шараларды қабылдауға мiндеттi.
2. Қызмет ерекшелiктерi мен жұмыстардың түрлерi, айрықша қауiптiлiк көздерiнiң болуы ескерiле отырып, еңбек шартында не ұжымдық шартта жұмыс берушiнiң қосымша мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 317-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
318-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру
Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi iс-шараларды қаржыландыру жұмыс берушiнiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
Қызметкерлер бұл мақсаттарға шығынданбайды.
Қаражат көлемi ұжымдық шартпен айқындалады.
36-тарау. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГIН ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУДЫ
ҰЙЫМДАСТЫРУ
319-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау
1. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдастыру, техникалық, технологиялық, санитарлық-гигиеналық, биологиялық, физикалық және өзге де нормаларды, ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi белгiлейдi.
2. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауды тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.
3. Жұмыс берушi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нұсқаулықтарды әзiрлеудi және бекiтудi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен тәртiппен жүзеге асырады.
320-бап. Өндiрiстiк объектiлер мен өндiрiс құралдарын жобалау, салу және пайдалану кезiндегi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптар
1. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сай келмейтiн өндiрiстiк ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта құруға, технологияларды әзiрлеуге және пайдалануға, машиналарды, тетiктердi, жабдықтарды құрастыруға және әзiрлеуге жол берiлмейдi.
2. Егер жаңадан салынған немесе қайта құрылған өндiрiстiк объектiлер, өндiрiс құралдары немесе өнiмнiң басқа да түрлерi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сай келмесе, қабылданбайды және пайдалануға берiлмейдi.
3. Өндiрiстiк объектiлер еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен еңбек жағдайлары бойынша мiндеттi мерзiмдiк аттестаттаудан өткiзiлуге тиiс.
4. Қабылдау комиссиясы өндiрiстiк мақсаттағы объектiнi пайдалануға қабылдап алуды мемлекеттiк еңбек инспекторының мiндеттi қатысуымен жүргiзедi.
321-бап. Жұмыс орындарының қауiпсiздiк талаптары
1. Жұмыс орындары орналасқан ғимараттар (құрылыстар) өзiнiң құрылысы бойынша олардың функционалдық мақсатына және еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарына сай болуға тиiс.
2. Жұмыс жабдығы осы жабдық түрi үшiн белгiленген қауiпсiздiк нормаларына сәйкес келуге, онда тиiстi сақтандыру белгiлерi болуға және қызметкерлердiң жұмыс орындарындағы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қоршаулармен немесе қорғау құрылғыларымен қамтамасыз етiлуге тиiс.
3. Авариялық жолдар мен қызметкерлердiң үй-жайлардан шығатын жолдар бос болуға және ашық ауаға не қауiпсiз аймаққа шығаруға тиiс.
4. Қауiптi аймақтар нақты белгiленуге тиiс. Егер жұмыс орындары жұмыстың сипатына қарай қызметкерге қауiп-қатер төндiретiн немесе құлайтын заттар бар қауiптi аймақтарда болса, онда мұндай орындар мүмкiндiгiнше бұл аймақтарға бөгде адамдардың кiруiн шектейтiн құрылғыларымен жабдықталуға тиiс. Жаяу жүргiншiлер мен
технологиялық көлiк құралдары ұйымның аумағында қауiпсiз жағдайларда жүрiп-тұруға тиiс.
5. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерде (учаскелерде), оның iшiнде биiктiкте, жерасты жағдайларында, ашық камераларда, теңiз қайраңдары мен iшкi су айдындарында жұмыстар жүргiзу үшiн қызметкерлердiң жеке қорғану құралдары болуға тиiс.
6. Жұмыс орындары орналасқан үй-жайлардағы температура, табиғи және жасанды жарық, сондай-ақ желдеткiш жұмыс уақыты кезiнде еңбектiң қауiпсiздiк талаптарына сай болуға тиiс.
7. Қызметкерлер еңбек жағдайлары зиянды (шаң-тозаң, газдану және басқа да факторлар) жұмысқа жұмыс берушi қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз еткеннен кейiн жiберiледi.
37-тарау. ЕҢБЕК ҚЫЗМЕТIНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАРДЫ ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ ӨЗГЕ ДЕ ЗАҚЫМДАНУЛАРЫН ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ МЕН ЕСЕПКЕ АЛУ
322-бап. Тергеп-тексерудiң жалпы жағдайлары және өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды есепке алу
1. Қызметкерлердiң, сондай-ақ: 1) техникалық және кәсiптiк, орта оқу орнынан кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм берудiң бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын оқу орындарында оқитын, кәсiптiк практикадан өтiп жүрген адамдардың
2) әскери қызмет өткерумен байланысты емес жұмыстарды орындауға тартылған әскери қызметшiлердiң 3) сот үкiмi бойынша еңбекке тартылған адамдардың
4) әскерилендiрiлген авариялық-құтқару бөлiмдерi, әскерилендiрiлген күзет жеке құрамының, авариялардың, дүлей зiлзаланың салдарларын жою жөнiндегi, адам өмiрiн және мүлiктi құтқару жөнiндегi ерiктi командалар мүшелерiнiң еңбек қызметiне байланысты және еңбекке қабiлетсiздiгiне не өлiмiне әкеп соққан денсаулығының зақымдану жағдайлары осы Кодекске сәйкес тергеп-тексеруге және есепке алуға жатады.
2. Өндiрiстiк жарақаттар мен қызметкердiң денсаулығына еңбек мiндеттерiн атқарумен байланысты келтiрiлген өзге де зақымданулар не жұмыс берушiнiң мүддесi үшiн өз бастамасы бойынша еңбекке қабiлетсiздiгiне не өлiмге әкеп соққан басқа да әрекеттер жасау, егер олар: 1) жұмыс уақыты басталар алдында немесе аяқталғаннан кейiн жұмыс орнын, өндiрiс құрал-жабдықтарын, жеке қорғану құралдарын және басқаларын дайындау және ретке келтiру кезiнде;
2) жұмыс орнындағы жұмыс уақыты iшiнде немесе iссапар кезiнде не жұмыс берушiнiң немесе ұйымның лауазымды адамының тапсырмасы бойынша еңбек немесе өзге де мiндеттемелердi орындауға байланысты басқа жерде болғанда; 3) қауiптi және (немесе) зиянды өндiрiстiк факторлар әсерiнiң нәтижесiнде; 4) жұмысы қызмет көрсету объектiлерi арасында жүрумен байланысты қызметкер жұмыс уақытында жұмыс берушiнiң тапсырмасы бойынша жұмыс орнына бара жатқан жолда;
5) қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауы кезiнде жұмыс берушiнiң көлiгiнде;
6) жеке көлiгiн қызмет бабында пайдалану құқығына жұмыс берушiнiң жазбаша келiсiмi болғанда өзiнiң жеке көлiгiнде;
7) жұмыс берушiнiң өкiмi бойынша өз ұйымының немесе басқа ұйымның аумағында болған кезеңде, сондай-ақ жұмыс берушiнiң мүлкiн қорғау не жұмыс берушiнiң мүддесi үшiн өз бастамасы бойынша өзге де iс-әрекеттер жасау кезiнде болса, өндiрiстегi жазатайым оқиғалар ретiнде тергеп-тексерiледi және есепке алынады.
3. Тергеп-тексеру барысында жарақаттар мен зақымданулардың:
1) зардап шеккен адамның өз бастамасы бойынша жұмыстарды немесе өзге де iс-әрекеттердi функционалдық мiндеттерiне кiрмейтiн және жұмыс берушiнiң мүддесiмен байланысты емес, оның iшiнде вахталық әдiспен жұмыс iстеу кезiнде ауысымаралық демалыс және түскi ас үзiлiсi кезеңiнде, сондай-ақ алкогольдiк мас болу, уытты және есiрткi заттарды (олардың аналогтарын) пайдалану күйiнде орындаған кезде;
2) өз денсаулығына қасақана (әдейi) зиян келтiру нәтижесiнде немесе зардап шеккен адам қылмыс жасаған кезде;
3) зардап шеккен адам денсаулығының медициналық қорытындымен расталған, қауiптi және (немесе) зиянды өндiрiстiк факторлардың әсерiмен байланысты емес кенеттен нашарлауынан болғаны нақты анықталса, олар өндiрiстiк жарақаттар және қызметкерлер денсаулығының өндiрiстегi өзге де зақымданулары ретiнде ресiмделмейдi.
4. Әрбiр жазатайым оқиға туралы зардап шеккен адам немесе куәгер жұмыс берушiге немесе жұмыстарды ұйымдастырушыға дереу хабарлауға мiндеттi. Денсаулық сақтау ұйымдарының жауапты лауазымды адамдары қызметкерлердiң өндiрiсте жарақат алуына немесе өзге де зақымдануына байланысты бастапқы өтiнiш жасауының әрбiр жағдайы туралы жұмыс берушiнi және мемлекеттiк еңбек инспекциясының аумақтық
бөлiмшелерiн, сондай-ақ қатерлi кәсiптiк ауру (улану) жағдайлары туралы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк органды хабардар етуге тиiс.
5. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудi ұйымдастыруға, ресiмдеуге және тiркеуге жұмыс берушi жауапты болады.
Ескерту. 322-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.07.27. N 320 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
323-бап. Жұмыс берушiнiң өндiрiстегi жазатайым оқиға кезiндегi мiндеттерi
1. Жұмыс берушi: 1) зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетудi және қажет болған кезде, оны денсаулық сақтау ұйымына жеткiзудi ұйымдастыруға;
2) авариялық жағдайдың өршуiнiң және жазатайым оқиғаның орын алуына себеп болған факторлардың басқа адамдарға әсер етуiн болғызбау жөнiндегi шұғыл шараларды қабылдауға; 3) жазатайым оқиға болған жердегi ахуалды (жабдықтар мен тетiктердiң, еңбек құрал-жабдықтарының жай-күйiн), егер бұл басқа адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiрмесе, ал өндiрiстiк процестiң үзiлiссiз жұмысын бұзу аварияға әкеп соқпайтын болса, оқиға болған кездегi күйде сақтауға, сондай-ақ жазатайым оқиға болған жердi фотосуретке түсiруге;
4) өндiрiстегi жазатайым оқиға жөнiнде зардап шеккен адамның жақын туыстарын дереу хабардар етуге және осы Кодексте, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген мемлекеттiк органдар мен ұйымдарға хабарлама жiберуге; 5) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мен есепке алуды осы тарауға сәйкес қамтамасыз етуге;
6) арнайы тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия мүшелерiн өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру үшiн оқиға болған жерге кiргiзуге;
7) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және кәсiптiк ауруларды тiркеудi, есепке алу мен талдауды жүзеге асыруға мiндеттi.
2. Жұмыс берушi өндiрiстегi жазатайым оқиға туралы еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша:
1) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның мемлекеттiк еңбек испекциясының аумақтық бөлiмшелерiне;
2) қауiптi өнеркәсiп объектiлерiнде болған жазатайым оқиғалар кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi жергiлiктi органдарға;
3) кәсiптiк ауру немесе улану жағдайлары жөнiнде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы жергiлiктi мемлекеттiк органға;
4) қызметкерлер өкiлдерiне; 5) қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру шартын жасасқан сақтандыру ұйымына хабарлайды.
Осы тарауға сәйкес арнайы тексерiлуге тиiс жазатайым оқиға болған кезде жұмыс берушi: 1) жазатайым оқиға болған жердегi құқық қорғау органына;
2) өндiрiстiк және ведомстволық бақылау мен қадағалаудың уәкiлеттi органдарына хабарлауға тиiс. 3. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезiнде комиссияның талабы бойынша жұмыс берушi өз қаражаты есебiнен:
1) техникалық есептеулердiң орындалуын, зертханалық зерттеулердiң, сынақтардың, басқа да сараптама жұмыстарының жүргiзiлуiн және осы мақсаттарда сарапшы мамандардың тартылуын;
2) оқиға орнын және зақым келтiрiлген объектiлердi фотосуретке түсiрудi, жоспарлар, эскиздер, схемалар жасауды; 3) көлiк, қызметтiк үй-жай, байланыс құралдарын, арнаулы киiм, арнаулы аяқ киiм және тексеру жүргiзу үшiн қажеттi басқа да жеке қорғау құралдарын берудi;
4) мыналарды: жұмыс орнының жай-күйiн, қауiптi және (немесе) зиянды өндiрiстiк факторлардың бар-жоғын сипаттайтын құжаттарды (жоспарларды, эскиздердi, схемаларды, ал қажет болғанда оқиға орнында түсiрiлген фото- және бейнематериалдарды және т.с.с); нұсқау берулердi тiркеу журналдарынан және зардап шеккен адамдардың еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi бiлiмiн тексеру хаттамаларынан, жазатайым оқиға куәгерлерi мен лауазымды адамдардан жауап алынған хаттамалардан, зардап шеккен адамдардың түсiнiктемелерiнен, мамандардың сараптама қорытындыларынан үзiндi көшiрмелердi;
зертханалық зерттеулер мен эксперименттердiң нәтижелерiн;
зардап шеккен адамның денсаулығына келтiрiлген зақымданудың сипаты мен ауырлық дәрежесi немесе оның өлiмiнiң себебi туралы, алкогольдiк, есiрткiлiк немесе уыттық мас болу белгiсiнiң бары (жоғы) туралы медициналық қорытындыны;
зардап шеккен адамға арнаулы киiм, арнаулы аяқ киiм және басқа да жеке қорғану құралдары берiлгенiн растайтын құжаттардың көшiрмелерiн;
аталған өндiрiсте (объектiде) мемлекеттiк еңбек инспекторлары мен аумақтық мемлекеттiк қадағалау органының лауазымды адамдарының (егер жазатайым оқиға осы орган бақылайтын ұйымда немесе объектiде орын алса) бұрын берiлген нұсқамаларынан үзiндi көшiрмелердi, сондай-ақ қоғамдық еңбек инспекторларының анықталған еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нормативтiк талаптарды бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаларынан үзiндi көшiрмелердi;
комиссияның қалауына қарай iстiң қаралуына қатысы бар басқа да құжаттарды бередi.
324-бап. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртiбi
1. Арнайы тергеп-тексерiлуге тиiс жағдайларды қоспағанда, өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудi жазатайым оқиға болған кезден бастап жұмыс берушiнiң актiсiмен жиырма төрт сағат iшiнде құрылатын, мынадай құрамдағы комиссия жүргiзедi: төраға - ұйымның (өндiрiстiк қызметтiң) басшысы немесе оның орынбасары; мүшелерi - ұйымның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң басшысы және қызметкерлердiң өкiлi.
Жазатайым оқиға болған тиiстi учаскедегi еңбек қауiпсiздiгiне тiкелей жауап беретiн лауазымды адам тергеп-тексерудi жүргiзу кезiнде комиссия құрамына енгiзiлмейдi. 2. Арнайы тергеп-тексеруге:
1) ауыр немесе кiсi өлiмiмен аяқталған жазатайым оқиғалар;
2) зардап шеккен адамдар жарақаттарының ауырлық дәрежесiне қарамастан, бiр мезгiлде екi және одан да көп қызметкерлер ұшыраған топтық жазатайым оқиғалар;
3) қатерлi уланудың топтық оқиғалары жатады.
3. Жұмыс берушiнiң - жеке тұлғаның өндiрiсiндегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге жұмыс берушi немесе оның уәкiлеттi өкiлi, қызметкерлердiң өкiлi, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге шарт негiзiнде де шақырылуы мүмкiн еңбектi қорғау жөнiндегi маман қатысады.
4. Қатерлi улану жағдайында комиссияның тергеп-тексеруiне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк органның өкiлдерi қатысады. 5. Комиссияның жұмысына жұмыс берушiмен немесе зардап шеккен адаммен тиiстi шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымының өкiлi қатысуға құқылы.
6. Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру мерзiмi комиссия құрылған күннен бастап он жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
7. Өндiрiстiк практикадан өтiп жүрген, жалпы бiлiм беретiн, кәсiптiк мектептерде және жоғары оқу орындарында оқитын адамдар ұшыраған жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудi жұмыс берушiнiң және зардап шеккен адам өкiлiнiң қатысуымен өз аумағында оқиға болған ұйымның басшысы құратын комиссия жүргiзедi. 8. Басқа ұйымның аумағында орналасып, жұмыс жүргiзiп жатқан ұйымның қызметкерi немесе өндiрiстiк тапсырманы (қызметтiк немесе шарттық мiндеттердi) орындау үшiн басқа ұйымға жiберiлген қызметкер ұшыраған жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудi аумағында жазатайым оқиға болған ұйымның жауапты өкiлiнiң қатысуымен жұмыс берушiнiң өзi жүргiзедi. 9. Қызметкер қоса атқаратын жұмысын орындау кезiнде ұшыраған жазатайым оқиғаны жұмыс өз аумағында немесе соның тапсырмасы бойынша жүргiзiлген жұмыс берушi тергеп-тексередi және есепке алады. 10. Көлiк құралдарының авариясы салдарынан болған жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жол полициясының тергеп-тексеру материалдары негiзiнде жүргiзiледi. Жол полициясы жазатайым, оқиғаларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия төрағасының талабы бойынша көлiк оқиғасы болған күннен бастап бес күн мерзiмде тергеп-тексеру материалдарының көшiрмелерiн беруге мiндеттi.
11. Әрбiр өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезiнде комиссия оқиға куәгерлерiн, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың бұзылуына жол берген адамдарды анықтайды және олардан жауап алады, жұмыс берушiден қажеттi ақпарат және мүмкiн болса, зардап шеккен адамнан түсiнiктеме алады. 12. Жұмыс берушiге уақтылы хабарланбаған немесе нәтижесiнде еңбекке қабiлетсiздiгi бiрден туындамаған (талап ету мерзiмiне қарамастан) жазатайым оқиғалар зардап шеккен адамның (оның өкiлiнiң) өтiнiшi бойынша немесе мемлекеттiк еңбек инспекторының нұсқамасы бойынша өтiнiш тiркелген, нұсқама алынған күннен бастап он күн iшiнде тергеп-тексерiледi. 13. Жиналған құжаттар мен материалдар негiзiнде комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайлары мен себептерiн анықтайды, жазатайым оқиғаның жұмыс берушiнiң өндiрiстiк қызметiмен байланысын және тиiсiнше, зардап шеккен адамға оқиға орнында өзiнiң еңбек мiндеттерiн орындауына байланысты болуы түсiндiрiлгенiн анықтайды, жазатайым оқиғаны өндiрiстегi жазатайым оқиға ретiнде немесе өндiрiспен байланысты емес жазатайым оқиға ретiнде саралайды, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтап, өндiрiстегi жазатайым оқиғалардың себептерiн жою және алдын алу жөнiндегi шараларды белгiлейдi.
14. Режимдi объектiлердегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның жұмыс жағдайлары осы объектiлерге кiру, соларда болу ерекшелiктерi ескерiлiп айқындалады. 15. Қызметкердiң (қызметкерлердiң) еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалтуына әкеп соққан өндiрiспен байланысты әрбiр жазатайым оқиға медициналық қорытындыға (ұсынымға) сәйкес еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жазатайым оқиға туралы актiмен қажеттi данасы жасалып (әрбiр зардап шеккен адамға жеке-жеке) ресiмделедi.
Денсаулық сақтау ұйымы белгiленген тәртiппен растаған улану жағдайлары да еңбекке қабiлеттiлiктiң жоғалғанына немесе жоғалмағанына қарамастан, жазатайым оқиға туралы актiмен ресiмделедi.
325-бап. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды арнайы тергеп-тексеру ерекшелiктерi
1. Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексерудi мемлекеттiк еңбек инспекциясы органының аумақтық бөлiмшесi құрған комиссия мына құрамда жүргiзедi:
төраға - мемлекеттiк еңбек инспекторы;
мүшелерi - жұмыс берушi және қызметкерлердiң өкiлi.
2. Екi адам қайтыс болған топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бас мемлекеттiк еңбек инспекторы басқаратын комиссия жүргiзедi.
3. Қауiптi өнеркәсiп объектiлерiнде болған жазатайым оқиғалар кезiнде комиссия құрамына төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi мемлекеттiк инспектор кiредi.
Техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде болған жазатайым оқиғалар кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi мемлекеттiк инспектор арнайы тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы болып тағайындалады. Бұл жағдайда мемлекеттiк еңбек инспекторы комиссия мүшесi болып табылады.
4. Қайтыс болған адамдар саны үш адамнан бес адамға дейiн болса, топтық жазатайым оқиғаларды тергеп-тексерудi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, ал бес және одан да көп адам қайтыс болғанда - Қазақстан Республикасының Үкiметi құрған комиссия жүргiзедi.
5. Сараптамалық қорытындыны талап ететiн мәселелердi шешу үшiн арнайы тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы ұйымдардың мамандары, ғалымдар және бақылау-қадағалау органдары қатарынан сараптамалық кiшi комиссиялар құруға құқылы.
6. Ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе кiсi өлiмiмен аяқталған жазатайым оқиғаны, қызметкерлердiң топтық жазатайым оқиғасын және топтық қатерлi улану жағдайын тергеп-тексеру еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысандағы арнайы тергеп-тексеру актiсiмен ресiмделедi.
7. Арнайы тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия төрағасының келiсiмiнсiз куәлерден, куәгерлерден жауап алуды, сондай-ақ ресми тағайындалған комиссияның жұмыс күндерiнде кез келген бiреудiң немесе өзге де комиссияның осы жазатайым оқиғаға қатысты қатар тергеп-тексерулер жүргiзуiне үзiлдi-кесiлдi тыйым салынады.
8. Ұйым объектiлерiндегi жарылыстың, аварияның, қираудың және басқа да жағдайлардың нәтижесiнде зардап шеккен адамды (зардап шеккен адамдарды), жоғалған адамды (жоғалған адамдарды) iздеудiң тоқтатылуын арнайы тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия авариялық-құтқару бөлiмшесi басшысының және сарапшы мамандардың қорытындысы негiзiнде айқындайды.
326-бап. Өндiрiстегi жазатайым оқиғалардытергеп-тексеру материалдарын ресiмдеу және
оларды есепке алу
1. Жазатайым оқиға туралы акт толтырылып, оған еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң және ұйым бөлiмшесiнiң басшылары, сондай-ақ ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерi қол қояды және оны жұмыс берушi бекiтiп, ұйымның мөрiмен расталады. 2. Улану жағдайларында жазатайым оқиға туралы актiге халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк органның өкiлi де қол қояды.
Егер жұмыс берушi жеке тұлға болса, жазатайым оқиға туралы акт толтырылып, оған жұмыс берушi қол қояды және нотариалды түрде расталады.
3. Акт тергеп-тексеру материалдарына сәйкес ресiмделуге тиiс.
Егер өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезiнде комиссия зиянның туындауына немесе ұлғаюына өрескел абайсыздық себеп болғанын анықтаса, онда комиссия тараптардың аралас жауапкершiлiгiн қолданып, қызметкер мен жұмыс берушiнiң кiнәсiн процентпен айқындайды.
Егер жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның бiр мүшесi комиссияның (көпшiлiктiң) қорытындысымен келiспейтiн болса, ол өзiнiң дәлелдi пiкiрiн тергеп-тексеру материалына қосу үшiн жазбаша түрде ұсынады. Ол арнайы тергеп-тексеру актiсiне»"ерекше пiкiрге қара" деген сiлтеме жаза отырып, қол қояды. 4. Әрбiр жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн жұмыс берушi үш күннен кешiктiрмей зардап шеккен адамға немесе оның сенiмдi адамына жазатайым оқиға туралы актiнi беруге мiндеттi, актiнiң бiр данасы жұмыс берушiмен тиiстi шарттық қатынастары бар сақтандыру ұйымына, ал екiншiсi - мемлекеттiк еңбек инспекциясына жiберiледi.
Улану жағдайында актiнiң көшiрмесi халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттiк органға да жiберiледi.
5. Тергеп-тексеру нәтижесiмен келiспеген немесе жазатайым оқиға туралы акт уақтылы ресiмделмеген жағдайда, зардап шеккен адам немесе оның сенiм бiлдiрген адамы, ұйым қызметкерлерiнiң өкiлi жұмыс берушiге жазбаша түрде жүгiнуге құқылы, жұмыс берушi олардың өтiнiшiн он күн iшiнде қарап, тиiстi шешiм қабылдауға мiндеттi. 6. Тергеп-тексеру барысында жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, ресiмдеу және тiркеу мәселелерi бойынша жұмыс берушiнiң, қызметкердiң және мемлекеттiк еңбек инспекторының не қауiптi өнеркәсiп объектiлерiнде болған оқиғалар кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнiндегi мемлекеттiк инспектордың арасында туындаған келiспеушiлiктердi тиiстi жоғары тұрған бас мемлекеттiк еңбек инспекторы бағыныштылық тәртiппен қарайды және (немесе) сот тәртiбiмен қаралады.
Жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру мәселелерi бойынша жоғары тұрған бас мемлекеттiк еңбек инспекторының шешiмi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда қорытынды түрiнде ресiмделедi.
7. Жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актiсi материалдарының көшiрмелерiн жұмыс берушi мемлекеттiк бақылау органдарына жiбередi. Оның үстiне, жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн мемлекеттiк еңбек инспекторы арнайы тергеп-тексеру актiсi материалдары көшiрмелерiнiң бiр данасын жетi күн iшiнде жергiлiктi iшкi iстер органына жiбередi, ол заңнамаға сәйкес тиiстi шешiм қабылдап, қабылданған шешiм туралы жиырма күннен кешiктiрмей хабарлайды. 8. Актiмен ресiмделген әрбiр жазатайым оқиға өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және денсаулыққа келтiрiлген өзге де зақымдануларды тiркеу журналына жазылады және өндiрiстегi уақытша еңбекке қабiлетсiздiгi мен жарақаттану туралы статистикалық есепке енгiзiледi, оған жұмыс берушi қол қойып, белгiленген тәртiппен статистика органдарына ұсынады. Журнал еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша жүргiзiледi. 9. Жұмыс берушi жазатайым оқиғалар туралы актiлерге сәйкес статистика жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген нысанға сай мемлекеттiк еңбек инспекциясының аумақтық органдарына ұйымда болған жазатайым оқиғалар туралы мәлiметтердi тиiстi кезеңдегi өсу қорытындысын көрсетiп, ай сайын берiп отыруға мiндеттi.
10. Жұмыс берушi немесе оның өкiлi уақыт өте келе ауыр зардаптарға немесе кiсi өлiмiне әкеп соққан жазатайым оқиғалар санатына ауысқан өндiрiстегi жазатайым оқиғалар туралы тиiстi мемлекеттiк еңбек инспекциясына, ал сақтандыру жағдайлары туралы - сақтандырушының атқарушы органына (сақтанушы тiркелген жердегi) хабарлайды.
11. Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары ұйымда қырық бес жыл бойы сақталуға тиiс, ұйым таратылған жағдайда жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдары мiндеттi түрде сол ұйым жұмыс iстеген жердегi мемлекеттiк мұрағатқа тапсырылуға тиiс.
12. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру материалдарында тергеп-тексеру актiсiмен қатар: 1) зардап шеккен адамның еңбектi қорғау жөнiнде оқығаны және нұсқама алғаны, сондай-ақ алдын ала және мерзiмдiк медициналық тексерулерден өткенi туралы мәлiметтер;
2) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша жауап алу хаттамалары және оқиға куәгерлерiнiң, сондай-ақ еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарының сақталуына жауапты лауазымды адамдардың түсiнiктемелерi; 3) оқиға болған жердiң жоспарлары, схемалары мен фотосуреттерi; 4) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарын регламенттейтiн нұсқаулықтардан, ережелерден, бұйрықтардан және басқа да актiлерден үзiндi көшiрмелер, өндiрiстегi салауатты және қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапты лауазымды адамдардың мiндеттерi және басқалар; 5) зардап шеккен адамның денсаулығына келтiрiлген зақымның сипаты мен ауырлығы (өлiмге әкеп соққан себеп) туралы медициналық қорытынды; 6) зертханалық және басқа зерттеулердiң, эксперименттердiң, сараптамалардың, талдаулардың нәтижелерi және тағы сол сияқтылар;
7) бас мемлекеттiк еңбек инспекторының қорытындысы (егер бар болса);
8) жұмыс берушiге келтiрiлген материалдық залал туралы мәлiметтер;
9) жұмыс берушiнiң зардап шеккен адамға (отбасы мүшелерiне) оның денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу және жол берiлген оқиғаға кiнәлi лауазымды адамдарды жауапкершiлiкке тарту туралы бұйрығы;
10) қоса берiлетiн құжаттардың тiзбесi болуға тиiс.
13. Зардап шеккен адам немесе қызметкерлердiң өкiлi жазатайым оқиғаны тергеп-тексерудiң бүкiл материалдарымен танысуға және қажеттi үзiндi көшiрмелер жасауға құқылы.
327-бап. Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақтылы тергеп-тексерiлуi мен есепке алынуын бақылау
Жазатайым оқиғалардың дұрыс, уақтылы тергеп-тексерiлуi мен есепке алынуын, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептердi жою жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылауды мемлекеттiк еңбек инспекторлары өз құзыреттерi шегiнде тексерулер жүргiзу, азаматтардың шағымдарын, арыздары мен өтiнiштерiн қарау және ұйымдарды тексеру арқылы жүзеге асырады. Өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру, сондай-ақ мұндай оқиғаларды туындатқан себептердi жою жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылау аясында мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүргiзетiн тексерулер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құқықтық статистика мен арнайы есепке алу туралы заңнамасына сәйкес тiркеуге және есепке алынбайды.
6-БӨЛIМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ САҚТАЛУЫН БАҚЫЛАУ
38-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК БАҚЫЛАУ
328-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылау
1. Ұйымдарда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк еңбек инспекторларына:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттiк еңбек инспекторы - Қазақстан Республикасының еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органының мемлекеттiк еңбек инспекциясының басшысы;
2) мемлекеттiк еңбек инспекциясының бас мемлекеттiк еңбек инспекторлары - еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның мемлекеттiк еңбек инспекциясының лауазымды адамдары;
3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың бас мемлекеттiк еңбек инспекторы - еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның мемлекеттiк еңбек инспекциясының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлiмшесiнiң басшысы;
4) мемлекеттiк еңбек инспекторлары - мемлекеттiк еңбек инспекциясы органының облыстық, республикалық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлiмшесiнiң лауазымды адамдары жатады.
3. Мемлекеттiк еңбек инспекторлары қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде заңмен қорғалады және Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн басшылыққа алады.
4. Мемлекеттiк еңбек инспекторына қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрген тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 5. Өңiрлiк қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын сақтауына мемлекеттiк бақылауды Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
Алматы қаласы өңiрлiк қаржы орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган:
1) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органды Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының бұзылу фактiлерi туралы өз құзыретi шегiнде хабардар етуге;
2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының орындалу жай-күйi туралы ақпаратты еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанға сәйкес еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға тоқсан сайын берiп отыруға мiндеттi.
Ескерту. 328-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 2007.12.19. N 9 (алғашқы ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
329-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекциясы қызметiнiң принциптерi мен негiзгi мiндеттерi
Мемлекеттiк еңбек инспекциясының қызметi қызметкерлердiң құқықтары мен бостандықтарын сыйлау, сақтау және қорғау, заңдылық, әдiлдiк, тәуелсiздiк және жариялылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк еңбек инспекциясының негiзгi мiндеттерi:
ұйымдарда Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды қамтамасыз ету;
қауiпсiз еңбек жағдайларына құқықты қоса алғанда, қызметкерлердiң құқықтары мен бостандықтарын сақтауды және қорғауды қамтамасыз ету;
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының мәселелерi бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң өтiнiштерiн, арыздарын және шағымдарын қарау болып табылады.
330-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының құқықтары
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк еңбек инспекторларының:
1) еңбек заңнамасының сақталуына тексеру жүргiзу мақсатында ұйымдар мен кәсiпорындарда кедергiсiз болуға;
2) жұмыс берушiлерден өздерiне жүктелген функцияларды орындауға қажеттi құжаттарды, түсiнiктемелердi, ақпаратты сұратуға және алуға;
3) жұмыс берушiлер орындауға мiндеттi нұсқамалар, қорытындылар беруге, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар мен қаулылар толтыруға, әкiмшiлiк жазалар қолдануға;
4) өз құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша түсiнiктемелер беруге;
5) ұйымдардың, жекелеген өндiрiстердiң, цехтардың, учаскелердiң, жұмыс орындарының қызметi және жабдықтардың, тетiктердiң пайдаланылуы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сай келмейтiнi анықталған жағдайда, оларды үш күннен аспайтын мерзiмге, көрсетiлген мерзiм iшiнде мiндеттi түрде сотқа талап-арыз бере отырып, тоқтата тұруға (тыйым салуға);
6) жұмыс орындарында белгiленген талаптарға сай келмейтiн арнаулы киiмнiң, арнаулы аяқ киiмнiң және басқа да жеке және ұжымдық қорғану құралдарының берiлуi мен пайдаланылуына тыйым салуға;
7) жұмыс берушiге (оның өкiлiне) хабарлай отырып және тиiстi акт жасау арқылы арнаулы киiм үлгiлерiн, пайдаланылатын немесе өңделетiн материалдар мен заттарды талдау жасау үшiн алуға;
8) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды белгiленген тәртiппен тергеп-тексеруге;
9) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оқудан, нұсқау беруден, бiлiмiн тексеруден өтпеген қызметкерлердi жұмыстан шеттету үшiн жұмыс берушiлер орындауға мiндеттi нұсқамалар беруге;
10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, мемлекеттiк еңбек инспекторларының актiлерiн жұмыс берушiлердiң орындамауы фактiлерi бойынша тиiстi құқық қорғау органдарына және соттарға ақпарат, талап қою және өзге де материалдар жiберуге;
11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарда көзделген еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi бiлiмдi тексеруге қатысуға;
12) шетелдiк жұмыс күшiн тартуға рұқсат беру кезiнде белгiленетiн айрықша талаптардың орындалуына тексеру жүргiзуге;
13) жұмыс берушiнiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бойынша iшкi бақылау жүргiзуiнiң толықтығы мен дәйектiлiгiн бақылауды жүзеге асыруға;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
331-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторларының мiндеттерi
Мемлекеттiк еңбек инспекторлары: 1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға; 2) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын тексерудi уақтылы және сапалы жүргiзуге; 3) анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтарды жою жөнiндегi шараларды қабылдау мақсатында осындай бұзушылықтар туралы жұмыс берушiлердi (олардың өкiлдерiн) хабардар етуге, кiнәлi тұлғаларды жауапқа тарту жөнiнде ұсынулар енгiзуге; 4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелерi бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң өтiнiштерiн уақтылы қарауға;
5) еңбек заңнамасының бұзылуына әкеп соғатын себептер мен мән-жайларды анықтауға, оларды жою және бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтiру жөнiнде ұсынымдар беруге;
6) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды және кәсiптiк ауруларды тергеп-тексеруге қатысуға; 7) еңбек заңнамасының бұзылу себептерiн жинауды, талдауды, қорытуды жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бұзылуының алдын алу жөнiндегi жұмысты күшейтуге бағытталған iс-шараларды әзiрлеу мен қабылдауға қатысуға;
8) мемлекеттiк құпияны, еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты өзiне мәлiм болған қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге;
9) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану мәселелерi бойынша түсiндiру жұмысын жүргiзуге;
10) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асыру кезiнде азаматтармен және қызметкерлердiң өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасасуға мiндеттi.
332-бап. Жұмыс берушiнiң мемлекеттiк еңбек инспекторы бақылау жүргiзген кездегi құқықтары мен мiндеттерi
1. Жұмыс берушi Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде: 1) жүргiзiлген тексеру актiлерi бойынша мемлекеттiк еңбек инспекторына түсiнiктемелер беруге; 2) егер жүргiзiлетiн тексеру нысанасына қатысы болмаса, мәлiметтер мен құжаттарды бермеуге;
3) тексеру нәтижелерi туралы актiге және мемлекеттiк еңбек инспекторының iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағымдануға құқылы.
2. Жұмыс берушi Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүргiзу кезiнде:
1) мемлекеттiк еңбек инспекторының тексерiлетiн объект аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруiн (болуын) қамтамасыз етуге;
2) тексеру жүргiзетiн мемлекеттiк еңбек инспекторына және ұйым қызметкерлерiнiң өкiлдерiне тексеру нәтижелерi туралы актiге қоса тiркеу үшiн қағаздағы және электрондық тасығыштардағы құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн беруге, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер базасына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуiне мүмкiндiк жасауға;
3) мемлекеттiк еңбек инспекторының актiлерiн орындау үшiн қабылдауға және актiнiң екiншi данасына оны алғаны туралы тиiстi белгi жасауға;
4) тиiстi мерзiмдерде мемлекеттiк еңбек инспекторының актiлерiн орындау жөнiнде ақпарат беруге мiндеттi.
333-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторының актiлерi
1. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасын бұзушылықтардың анықталуына қарай мемлекеттiк еңбек инспекторы мынадай актiлер: 1) нұсқама:
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы; жарақаттану қаупi бар және авариялық жағдайлардың туындауын болғызбау үшiн өндiрiстiк объектiлер мен жабдықтардағы, сондай-ақ өндiрiстiк процестердегi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi алдын алу жұмыстарын жүргiзу туралы;
жекелеген өндiрiстердiң, цехтардың, учаскелердiң, жұмыс орындары мен жабдықтардың пайдаланылуына және тұтас алғанда ұйым қызметiне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы нұсқама шығарады (жасайды). Бұл ретте ұйым қызметiне тыйым салу (оны тоқтата тұру) туралы акт сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады; 2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы; 4) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы шығарады.
2. Мемлекеттiк еңбек инспекторының актiлерi жұмыс берушiлер мен лауазымды адамдардың тексерудi жүзеге асыру барысында белгiлi болған (анықталған) еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарына ықпал етудiң құқықтық шаралары болып табылады. Актiлер екi дана етiп жасалады, оның бiреуi қолы қойғызылып, жұмыс берушiге тапсырылады.
3. Лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттiк еңбек инспекторының актiлерiн орындауға мiндеттi.
4. Мемлекеттiк еңбек инспекторы актiлерiнiң нысанын еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
334-бап. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуын тексеру, олардың түрлерi, нысандары мен мерзiмдерi
1. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер болып бөлiнедi.
Жоспарлы - еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган немесе оның аумақтық бөлiмшесi жоспарлаған, алдыңғы тексерулерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген уақыт аралықтары ескерiлiп жүргiзiлетiн тексеру. Жоспарлы тексеру Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау мәселелерi бойынша басқа бақылаушы органдармен және қызметкерлердiң өкiлдерiмен бiрлесе отырып, кешендi түрде де жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Бiр жеке немесе заңды тұлғаға қатысты жоспарлы тексеру жылына бiр реттен аспайтындай етiп, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген болса, үш жылда бiр реттен жиi болмайтындай етiп жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Жоспардан тыс тексерулер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының бұзылуы туралы жеке немесе заңды тұлғалар, мемлекеттiк органдар өтiнiш бiлдiрген, сондай-ақ мемлекеттiк еңбек инспекторы қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн әрi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы бұзушылықтарды дереу жоюды талап ететiн фактiлердi анықтаған немесе осындай бұзушылықтар белгiлерiнiң болуын куәландыратын немесе өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тексерудi жүргiзу кезiнде анықталған құжаттармен және өзге де дәлелдемелермен расталатын өзге ақпарат алған жағдайларда жүргiзiледi.
Анонимдiк өтiнiштер жоспардан тыс тексеру жүргiзуге негiз болып табылмайды.
4. Тексеру ұзақтығы күнтiзбелiк он күннен аспауға тиiс. Ерекше жағдайларда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған кезде, сондай-ақ тексеру көлемi ауқымды болған кезде мемлекеттiк еңбек инспекциясының немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң басшысы (немесе оның орнындағы адам) тексеру жүргiзу мерзiмiн оқшауланған құрылымдық бөлiмшесi жоқ заңды тұлға үшiн күнтiзбелiк жиырма күнге дейiнгi мерзiмге, ал оқшауланған құрылымдық бөлiмшесi бар заңды тұлға үшiн күнтiзбелiк отыз күнге дейiнгi мерзiмге ұзартуы мүмкiн.
335-бап. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттiк еңбек инспекторының шешiмдерiне, әрекеттерiне (әрекетсiздiктерiне) шағымдану тәртiбi
1. Мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде жұмыс берушiнiң құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған жағдайда, жұмыс берушi мемлекеттiк еңбек инспекторының әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен еңбек
жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға, жоғары тұрған мемлекеттiк инспекторға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
2. Шағымдану мемлекеттiк еңбек инспекторлары берген актiлердiң орындалуын тоқтатпайды.
336-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекциясының басқа мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен өзара iс-қимыл жасасуы
1. Мемлекеттiк еңбек инспекциясы өз қызметiн басқа мемлекеттiк қадағалау және бақылау органдарымен, қызметкерлердiң өкiлдерiмен, қоғамдық бiрлестiктермен, басқа да ұйымдармен өзара iс-қимыл жасаса отырып жүзеге асырады.
2. Мемлекеттiк органдар мемлекеттiк еңбек инспекторына Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру жөнiндегi мiндеттерiн атқаруына жәрдемдесуге мiндеттi.
337-бап. Мемлекеттiк еңбек инспекторының мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiндегi жауапкершiлiгi
Мемлекеттiк еңбек инспекторы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде өз қызметтiк мiндеттерiн орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған, сондай-ақ өзге де заңға қайшы әрекеттер (әрекетсiздiктер) жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
39-тарау. ЕҢБЕК ҚАУIПСIЗДIГI ЖӘНЕ ЕҢБЕКТI ҚОРҒАУ ЖӨНIНДЕГI
IШКI БАҚЫЛАУ
338-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi iшкi бақылау
1. Iшкi бақылау еңбек жағдайларының жай-күйiн қадағалауды ұйымдастыруды, өндiрiстiк бақылаудың деректерiне жедел талдау жүргiзудi, тәуекелдердi бағалауды және еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi анықталған сәйкессiздiктердi жою жөнiнде шаралар қабылдауды қамтиды.
2. Жұмыс берушi жұмыс орындарында еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi белгiленген талаптарды сақтау және анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жедел шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi iшкi бақылауды жүзеге асырады.
339-бап. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi iшкi бақылауды жүзеге асыру тетiгi
1. Қызметкерлерiнiң саны 50-ден асатын өндiрiстiк ұйымдарда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарын сақтау үшiн iшкi бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс берушi еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiн құрады. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi өз мәртебесi бойынша негiзгi өндiрiстiк қызметтерге теңестiрiледi.
2. Ұйымдағы еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметi туралы үлгiлiк ереженi еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
3. Қызметкерлерiнiң саны 50-ге жетпейтiн жұмыс берушi қызмет ерекшелiгiн ескере отырып, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi мамандық лауазымын енгiзедi не еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi мiндеттi басқа маманға жүктейдi.
4. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi қызметтiң немесе еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi маманның еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау талаптарын орындау жөнiндегi нұсқауларын ұйымның барлық қызметкерлерi орындауға мiндеттi.
40-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ЕҢБЕК ЗАҢНАМАСЫНЫҢ
САҚТАЛУЫН ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
340-бап. Ұйымда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылау
1. Ұйымда еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды ұйымның кәсiподақ комитетi, ал кәсiподақ болмаған кезде қызметкерлердiң жалпы жиналысы (конференциясы) сайлайтын еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспектор жүзеге асырады.
2. Қызметкерлердiң республикалық, салалық, өңiрлiк бiрлестiктерi ұйымдарда еңбек заңнамасының сақталуын қоғамдық бақылауды мұндай құқық келiсiмдерде және ұжымдық шарттарда бекiтiлген жағдайда жүзеге асырады.
341-бап. Еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспекторлардың құқықтары
Еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспектордың:
1) жұмыс берушiлердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi, жұмыс берушiнiң ұйымдардағы жұмыс орындарында қалыпты еңбек жағдайлары мен қауiпсiздiк техникасын жасау жөнiндегi келiсiмдердi, ұжымдық шарттарды сақтауын қоғамдық бақылау арқылы жұмыс берушiлер алдында қызметкерлердiң еңбектi қорғау құқықтарының қорғалуын жүзеге асыруға;
2) өндiрiстегi жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруге және мемлекеттiк еңбек инспекторлары жүргiзетiн еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғаудың жай-күйiн кешендi тексерулерге қатысуға;
3) жұмыс берушiлерден және ұйымдардың өзге де лауазымды адамдарынан өз функцияларын атқару үшiн қажеттi, оның iшiнде жазбаша түрде ақпарат пен түсiнiктемелер алуға;
4) жұмыс берушiлердiң келiсiмдерде, ұжымдық шарттарда еңбектi қорғау бөлiгiнде көзделген мiндеттемелердi орындауын тексерулердi жүзеге асыруға және тексеру қорытындылары бойынша лауазымды адамдардың атына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгiзуге;
5) өндiрiстiк объектiлер мен өндiрiс құралдарын сынақтан өткiзу және пайдалануға қабылдау жөнiндегi комиссиялардың жұмысына қатысуға;
6) еңбектi қорғау туралы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеуге қатысуға, оларға өз ұсыныстарын енгiзуге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау туралы заңнамасының, еңбектi қорғау бөлiгiнде келiсiмдер мен ұжымдық шарттар ережелерiнiң бұзылуына, өндiрiстегi жазатайым оқиғалар мен кәсiптiк ауруларды жасыруға кiнәлi жұмыс берушiлердi және ұйымдардың өзге де лауазымды адамдарын жауапқа тарту туралы талаптармен тиiстi мемлекеттiк органдарға жүгiнуге;
8) еңбек жағдайларының өзгеруiне, Қазақстан Республикасының еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi заңнамасының бұзылуына, келiсiмдерде және ұжымдық шарттарда, сондай-ақ еңбек шарттарында көзделген мiндеттемелердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау бөлiгiнде орындалмауына байланысты еңбек дауларын қарауға қатысуға;
9) қызметкерлердiң еңбек мiндеттерiн орындауға байланысты жарақат алуы немесе денсаулығының өзге де зақымдануы салдарынан келтiрiлген зиянды өтету құқықтарын қорғау үшiн әрi қызметкерлердiң еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау құқықтарына қысым жасалған басқа да жағдайларда қызметкердiң өтiнiшi бойынша талап қойып соттарға жүгiнуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |