1.6.4 Орманның ауа мен топырақ температурасына әсерi. Орман қыста топырақ бетiн суықтан қорғайды, соның себебiнен мұндағы температура ашық алаңдағыдан жоғары болады. Ал жаз кезiнде орман шымылдығы топырақ бетiн күн сәулелерiнiң қызуынан қорғайды және шымылдық астындағы ауа температурасы даладағыдан төмен болады. Орман әсерінен өзгертiлген ауа температурасы көршiлес далаға тарайды да, орман және дала арасында өзiндiк ауа алмасу тұрақтайды.
Орманға жақын жатқан даланың ауа және топырақ температурасы режиміне әсерiнiң үлкен агрономиялық маңызы бар.
Жазық дала мен орманды дала аудандарындағы орман алқаптары ауаның жерге жақын қабатының тәулiктiк температурасының ауытқуын азайтады және алқап аралық даланың температура режимін теңестiредi, бұл ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң түсiмдiлiгiн арттырады, ол көбейген сайын орманның өзi де жақсы өседi.
1.6.5 Ормандағы температура режимін шаруашылық шараларымен реттеу. Ормандағы экологиялық жағдайдың, оның iшiнде температура режимінiң өзгеруiне басты мақсатқа пайдаланудың түрлi жүйелерi мен кесу тәсiлдерi, сондай-ақ орманды күтiп-баптау түрлерiмен кесу әдiстерi біршама әсер етедi. Орман құрамын, пішінін, толымдылығын және желегінің түйісуін өзгерте отырып, орман шымылдығы астындағы температура режимін реттеуге мүмкiндiк туады.
Кесулерден басқа, екпе ағаштар құрамын, пішінін, жиілігін таңдай отырып, беткей экспозициясы мен жарық сәулесiнің екпелер қатарына бағытын ескеру арқылы ормандағы температуралық жағдайды реттеуге болады.
Көшеттiктерде сеппелерді аптап ыстықтан және үсiктен қорғау үшiн қатарларды көлеңкелейдi, топырақты арнайы заттармен сеуiп, қопсытады және түтiндеудi пайдаланады. Жекелеген жағдайларда кесiлген жерлер мен алаңдарда өскiннiң өсуiне жылу жағдайын жақсарту үшiн орман қабырғалары мен ашық алаңқайлар тығыздығын реттеуге болады.
Қабықтың күюiнен және тамыр мойнының күйiп кетуiнен сақтау үшiн ауа және топырақ температурасын төмендетуге бағытталған орман өсiру амалдары (кесулер жүйесiн қолдану, топырақ қопсыту, көлеңке сүйгiш өсiмдiктер үстiне аязға төзiмдi ағаш түрлерінен жабын құру және т.б.) арқылы күресу керек.
Сұрақтар
1. Орман тіршілігіндегі жылудың маңызы неде?
2. Вегетациялық кезең дегеніміз не?
3. Ағаш түрлерін жылу сүйгiштiгi бойынша бөлу. Жылу сүйгiштiк шкалаларын атаңыз.
4. Ағаш түрлеріне өте төмен және өте жоғары температуралардың әсерi қандай?
5. Төмен және жоғары температуралардың қолайсыз әсерiмен күресу шараларын атаңыз.
6. Ауа мен топырақ температурасына орман шымылдығының әсерi қандай?
7. Ормандағы температуралық режимді қандай шаруашылық шараларымен реттейдi?
8. Өркендердiң (немесе олардың бөлiктерiнiң) төмен температурадан жойылуының физиологиялық себептерiн атаңыз.
9. Ерте және кеш түсетiн үсiк түрлерi, олардың ерекшелiктерi және келтiретiн зақымдарын атаңыз.
10. Аяздан пайда болған жарылулар деген не? Олар қашан және қалай пайда болады, олардың сүректi өсiмдiктерге келтiретiн зиянын атап өтіңіз?
11. Ағаш түрлерінің тіршілігі үшiн ең төмен, оңтайлы және ең жоғары температуралар қандай?
12. Орман шымылдығы астындағы ауа температурасына сүрекдiңдердiң құрамы, пішіні және жасы қалай әсер етедi? Қазақстанның әр түрлi геоботаникалық өңiрлерiнен мысалдар келтiрiңдер.
13. Топырақ температурасы қанша °С-қа жеткенде сүректi өсiмдiктер тамырларының қызметi басталады?