Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Омыртқалы жануарлардың онтогенезінің негізгі сатылары
2. Омыртқалылар онтогенезінің кезеңдері
3. Эмбриональдық кезеңнің жалпы сипаттамасы
4. Факультативтік жəне облигаттық диапаузалар, олардың себептері
5. Əртүрлі таксон өкілдерінің жұмыртқадан шығу жəне тірі туу ерекшеліктері
6. Дернəсілдік кезеңге тəн белгілер
7. Толық жəне жартылай неотения. Педогенез
8. Метаморфоз, оның типтері
9. Амфибиялар метаморфозының ерекшеліктері жəне оның гормональды бақылануы
10. Ювенильді кезеңнің негізгі белгілері. Жыныстық жетілуге байланысты өзгерістер
11. Көбею (кəмелеттік жасқа толу) кезеңінің ерекшеліктері мен ұзақтығы
12. Қартаю кезеңінде организмде жүретін жастық өзгерістерге жалпы сипаттама
Дәріс 6. Бөлшектену кезеңіндегі клеткалар бөліну ерекшеліктері
Ұрықтану процесі анабиоздық жағдайда болатын жыныс клеткасының метаболизімін күрт белсендіреді. Ең алдымен оттегіні пайдалану жоғарылайды, көмірсу жəне фосфатты зат алмасу күшейеді, белоктың қарқынды түрде синтезделуі басталады. Ұрықтану процесінің ең маңызды нəтижелерінің бірі ұрықтың митоздық бөліну арқылы майда клеткаларға – бластомерлерге бөлшектенуі болып табылады. Бұл жағдайда клеткалардың бөлінуі өте жоғары жылдамдықта жүреді. Мысалы, бақаның жұмыртқасы 34 сағат ішінде 37000 клеткаға бөлінеді. Бөлшектену көп клеткалы ұрықтың пайда болуын қамтамасыз етеді жəне барлық Metazoa өкілдерінің онтогенезінің маңызды сатылары болып саналады. Бөлшектену сатыларының мынандай маңызды ерекшеліктері бар деп есептейді: 1) бөлшектену барысында ұрық өспейді; 2) сыртқы пішіні өзгермейді, бірақ оның ішінде алғашқы дене қуысы - бластоцель пайда болады; 3) əрбір бөлінгеннен кейін ядродағы ДНҚ екі еселенеді, сондықтан ұрықтағы ДНҚ көлемі үздіксіз өседі; 4) бөлшектену процесінде ооплазманың құрылымдық гетерогенділігі өзгермейді; 5) бластомерлерде қалыпты ядролық – плазмалық байланыстар қалпына келеді. Бөлшектену бірнеше жүз, ал кейбір түрлерде бірнеше мың морфологиялық жəне функциялық жағынан маманданбаған бластомерлерден тұратын бластуланың қалыптасуымен аяқталады. Бірақ бұл кезеңде көптеген жануарларда, бластомерлерде əртүрлі мРНҚ синтезі жүріп, генетикалық біркелкілігіне қарамастан бластомерлердің сапасы өзгереді. Бұл құбылыс көптеген жануарлар жұмыртқасының цитоплазмасының біркелкі еместігін көрсетеді. Сапасы əртүрлі жұмыртқа цитоплазмасының аймақтары бөлшектену кезінде əр алуан бластомерлерге түсіп, ядроға əрқалай əсер етіп, геномның əр аймақтарының белсенділігін анықтайды. Əртүрлі жануарлардың жұмыртқаларының бөлшектенуі бірнеше көрсеткіштер бойынша ажыратылады. Ооплазмадағы сарыуыздың мөлшері жəне олардың орналасуы, сонымен қатар жануарлар тобының филогениясы айтарлықтай маңызға ие. Бөлшектену процесін жіктейтін құрылым келесі көрсеткіштерге сүйеніп жасалынады: 1. Жұмыртқа цитоплазмасы қаншалықты толық бластомерлерге бөлшектелінеді. Осыған байланысты голобластикалық немесе толық жəне меробластикалық немесе толық емес бөлшектену деп бөлінеді. Голобластикалық бөлшектенуде ооплазманың барлық көлемі бластомерлерге бөлінеді. Сарыуыз бөлшектенуге аздап болса да кедергі жасайды, сондықтан жұмыртқаның сарыуызға бай аймағындағы бластомерлер салыстырмалы түрде ірірек келеді, бірақ олардың саны аз болады. Голобластикалық бөлшектену а-, олиго- жəне мезолецитальді жұмыртқаларға тəн.
Меробластикалық бөлшектенуде ооплазманың бір бөлігі, əдетте, сарыуызға бай болады да, бластулаларға бөлшектенбейді. Бұндай бөлшектену типі сарыуызға бай полилецитальді, телолецитальді жəне центролецитальді жұмыртқаларға тəн. Топографиясына байланысты бластомерлерге бөлшектенген ооплазманың аймақтарын төмендегідей бөліп қарастырады: а) беткейлік бөлшектену – бұл бөлшектену типінде цитоплазманың тек жоғары қабаты ғана бластомерлерге бөлінеді (бунақ денелілердің жұмыртқасы); ə) дискоидальді бөлшектену – сарыуыздан бос, жұмыртқаның анимальді полюсінде орналасқан цитоплазманың жұқа дискісі ғана бөлінеді (сүйекті балықтардың, бауырымен жорғалаушылар, құстар, алғашқы аңдардың полилецитальді, телолецитальді жұмыртқалары). 2. Бөлшектену барысында пайда болған бластомерлердің көлеміне қарай төмендегідей түрлерге бөледі: а) біркелкі бөлшектену – пайда болған бластомерлердің көлемі шамамен бірдей болады. Осылайша тікентерілердің жəне ланцетниктің изолецитальді жұмыртқалары бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |