Дәріс Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет4/8
Дата09.06.2016
өлшемі2 Mb.
#124891
1   2   3   4   5   6   7   8

12 –ші сурет. В.В.Мосиннің әдісі бойынша иненің бағыты. А – жылқы, Б – сиыр.

Бұл әдіс бойынша 0,5 %-ды новокаин ертіндісін плевра үсті клетчаткасына, оны қоршаған шекаралық симпатикалық нерв бағанасын және кеуде пердесінің аяқтарының алдыңғы жағында орналасқан ішкі нервтерді тежеу үшін жібереді.

Жылқылар мен ірі қара малдарына инені жіберу нүктесі соңғы қабырғаның алдыңғы шеті мен арқаның ұзын бұлшық етінің латералды шетінің түйіскен жері болып табылады. Алдымен сол жерге новокаинның 0,5 %-ды ертіндісін инфильтрациялық әдіспен сіңіреді. Ұзындығы 10-12 см, диаметрі 1,5 мм инені 30-35º бұрыштықпен, көлденең, қабырғаның алдыңғы шетіне параллель бағытта, кеуденің соңғы омыртқасының алдындағы омыртқаның денесіне тірелгенше еңгізеді. Содан кейін инені шприцпен қоса сагиталды жазықтықта 5-10º-қа бұрады. Сонда иненің үші омыртқаның денесінен аздап алшақтайды. Шприцтің поршеніне қысым түсіре отырып ертінді плевраның үстіңгі клетчаткасына еркін кіргенге дейін инені алға қарай жай жылжытып отырады. Ертінді еркін кірген жерге 0,5 %-ды новокаин ертіндісін 0,5 мл/кг мөлшерінде малдың екі жағына тең етіп бөліп жібереді.






13 –ші сурет. В.В. Мосиннің новокаинмен тежеу әдісінің үлгісі. 1 – инені енгізу бағыты,

2 – ерітіндіні жіберердегі иненің бағыты, 3 – үстіңгі бұлшық ет, 5 – омыртқа денесі.




Ұсақ малдарға қолдану әдісі де осы тәріздес. Онда малды бір жағына жатқызып бекітеді. Иттерге, қойға, ешкіге, түлкілерге 0,5 %-ды новокаин ертіндісін 2 мл/кг; мысық пен қояндарға 5-10 мл/кг мөлшерінде, екі жағына бірдей етіп бөліп жібереді.

Патологиялық процестің жіті түрінде бір рет, ал жітілеу және созылмалы түрінде 7-10 күннен кейін екінші рет жіберген жеткілікті.

Бұл әдістің тәжірибе жүзінде маңызы өте зор. Оны тек ауруды емдеу үшін ғана емес, сондай-ақ құрсақ қуысындағы ағзаларды жансыздандыру үшін де қолдануға болады. Ондай жағдайда ішкі ағзалар тек жансызданып қана қоймайды, оларда қан айналысы қалыптасады, құрсақ қуысының еттері босаңсиды, қан қысымы тұрақталынады, организмдегі ағзалар мен жүйелердегі өзгерген функциялар реттеледі. Операциядан кейінгі перитонит, атония құбылыстары байқалмайды. Новокаинмен тежеу әдісін өкпе, жүрек-қан тамырлары жүйесі, күйіс қайыратын малдардың алдыңғы қарыншақтарының, асқазанның, ішектердің, бауырдың, көк бауырдың, бүйректер мен бүйрек үсті бездерінің ауруларында; бұзаулар мен торайлардың диспепсиясында; малдың шуы уақытында бөлінбегенде, маститте, жыныс жолдарының ауруларында; тері аурулары мен жарақаттарда қолдануға болады.



Бүйрек маңайына (паранефралды) новокаинмен тежеу әдісі.

Бұл әдіс асқазанның, ішектердің, қуықтың, бауырдың, бүйректердің қабынуларында; акушер-гинекологиялық ауруларда; пішуден кейінгі асқынуларда; еркек малдардың жыныс мүшелерінің ауруларында; шаншуларда; алдыңғы қарыншақтардың атониясында; жарақаттар мен ойық жараларда қолданылады.

Бүйрек маңайын тежеу әдісінде ганглия алдыңғы және ганглиядан соңғы симпатикалық нерв талшықтары құрайтын «күн тәріздес» және бүйрек түйіндері ғана тежеліп қоймайды, сондай-ақ сол түйіндерге қатысы бар вагус талшықтары да тежеледі. Нәтижесінде ваго-симпатикалық эффект байқалады. Ал В.В.Мосиннің әдісінде тек симпатикалық эффект орын алады.
. И.Я.Тихонин ұсынған белдеме тұсының жүйкелерін

(паранефралды) новокаинмен тежеу әдісі.

Алдымен инені еңгізетін нүктені анықтап, операциялық жерді дайындайды. Жылқыларда ол нүкте сол жақтағы ақырғы қабырға мен бірінші белдеме омыртқаның аралығында, омыртқа қанатының алдыңғы шетінде, арқа сызығынан 8-10 см төмен орналасқан. Ал ертіндіні оң жақ бүйрек маңындағы клетчаткаға жіберу керек болғанда инені 17-18-ші қабырғалардың аралығы арқылы, арқа сызығынан 10-12 см төмен қашықтықта еңгізеді. Иненің үшін алға және ішке қарай бағыттап, малдың жасына және қоңдылығына байланысты, 8-12 см тереңдікке еңгізеді.

Тежеу кезінде инені еңгізгенде оператор үш кедергіні сезінуі керек: бірінші – теріні тескенде; екінші – көлденең сіңірді тескенде; үшінші – төменгі көлденең еттің сіңір желісін тескенде. Осы үш кедергіден өткен иненің үші еркін шұңқырға түскен іспетті болады. Осындай сезім оның бүйрек маңайындағы майлы клетчатка аймағында екенінің белгісі. Инеден мандренаны шығарғанда онда қан болмауы керек. Содан кейін ғана 0,25 %-ды новокаинның жылы ертіндісі бар шприцті инеге қосуға болады. Иненің үші дұрыс, іздеген жерге орналасқанда ертінді аздаған кедергі арқылы жіберіледі. Ал кедергінің жоғары болуы екі жағдайда байқалады: иненің үші бүйрекке кіргенде (шприцте қан болуы мүмкін), онда инені ертінді еркін жүргенше еппен кейін қарай жылжытады және иненің үші етке тірелгенде (шприцте қан жоқ) , онда инені ертінді еркін жүргенше алға қарай жылжытады. Новокаинның 0,45 %-ды хлорлы натрий ертіндісінде дайындалған 0,25 %-ды ертіндісін 1 мл/кг мөлшерінде жібереді. Ертіндін жай жіберу керек. Ертіндіні жіберіп болғаннан кейін инеден шприцті босатады, инеге мандренаны еңгізеді, ине кірген тұстағы теріні саусақпен басып тұрып инені ақырындап шығарады. Терідегі иненің орнын йод тұнбасымен майлап, коллодиймен желімдейді.

И



14 –ші сурет. И.Я.Тихониннің әдісі бойынша белдеме тұсының блокадасы. А – оң жағынан, Б- сол жағынан.

ттерге тежеу жасау үшін оны операциялық үстелге бір жақ жанына жатқызып бекітеді. Ертіндіні жіберу әдісі, оның концентрациясы мен мөлшері жоғарыдағыдай. Ертіндінің дозасын тең етіп бөліп, екі жағынан да тежеудің нәтижесі әлдеқайда жоғары.
Тежеу жасауда И.Я.Тихонин ұсынған қарапайым приборды қолданған қолайлы. Ол үшін 500 немесе 1000 мл сиымдылықты түбі жадағай колбаны алады да, оған бас жағы бүгілген, диаметрі 3-4 мм шыны түтікшені тығыны арқылы түбіне дейін жеткізіп орналастырады. Түтікшенің сыртқы үші ұзындығы 40-45 см болатын резина түтікшемен қосылған. Оған бір муфтасы 10-20 граммдық шприцпен қосылған Агали краны жалғастырылған. Агали кранының екінші муфтасы 45-50 см ұзындықтағы екінші резина түтікшесімен қосылған. Ол түтікшенің орта тұсында шыны түтікшеден бақылау терезесі орналастырылған. Оның бос үшіне инемен қосу үшін конюля еңгізілген. Новокаин ертіндісін колбаға құйып, жеке, қайнату арқылы зарарсыздандырады. Содан кейін прибордың бөліктерін жалғастырады. Тежеу аймағына еңгізілген инені резина түтікшесіндегі конюлямен қосады. Одан кейін Агали краны арқылы колбадан шприцпен 100 мл\мин жылдамдықпен ертіндіні ине арқылы тежелетін аймаққа жібереді. Ұсақ малдарға 20-граммдық шприц қолданылады.



15–ші сурет. И.Я.Тихонин мен М.М.Сенькин ұсынған бүйрек маңайының блокадасы. 1,2 – сол және оң жақ бүйректер, 3 - арқаның ұзын бұлшық еті, а және б – инені енгізетін нүкте.



М.М.Сенькин ұсынған белдеме тұсының жүйкелерін

(паранефралды) новокаинмен тежеу әдісі.

Бұл әдіс бойынша новокаинмен тежеуді малдың оң жағына жасаған қолайлы. Ол үшін малды станокқа бекітіп, ине еңгізетін операциялық жерді дайындайды. Инені ақырғы қабырға мен бірінші белдеме омыртқасының қанатының аралығы немесе бірінші және екінші белдеме омыртқаларының қанаттарының аралығы арқылы, омыртқа қанаттарының үшінен орталық арқа сызығына қарай 1,5-2 см қашықтықта еңгізеді. Инені төмен, аздап ішке қарай бағыттап, малдың жасы мен қоңдылығына байланысты, 8-11 см тереңдікке еңгізеді. Иненің үші кеуде пердесінің аяқтары мен сіңір қапшықтары арқылы өткенде тырс еткен дыбыс сезіледі. Одан кейін де инені 1,5-2 см-дей ары қарай жылжытып барып 0,25 %-ды новокаин ертіндісін 1 мл/кг мөлшерінде жібереді. Қажет болған жағдайда 7 күннен кейін қайталауға болады.

Ірі қараның оң жақ бүйрегі көбінесе бірінші және екінші белдеме омыртқаларының қанатарының аймағында орналасады. Краниалды шеті соңғы қабырғаның алдыңғы жағында бауырмен шектеседі, ал каудалды шеті – үшінші белдеме омыртқасының қанатының деңгейіне дейін барады. Латералды шеті – бірінші және екінші белдеме омыртқаларының қанаттарының үшінен 2-3 см шығыңқы болады.

Ірі қараның сол жақ бүйрегінің ұзын шажырқай бауы бар. Міне, соның салдарынан ол бүйрек малдың месқарнының толу деңгейіне байланысты әртүрлі жерде орналасады. Месқарын асқа толы болғанда бүйрек оңға қарай ығыстырылады да, 2-5 белдеме омыртқаларының денесінің астында орналасады. Сондықтан да ірі қараға тежеуді тек оң жағынан жасаған қолайлы.

Қойлар мен ешкілерге бұл тежеуді Г.В.Мартыновтың әдісімен жасаған дұрыс. Ол үшін бірінші және екінші белдеме омыртқаларының қанаттарының арасы арқылы, олардың үшінен 1-1,5 см ішке қарай ығысып барып инені еңгізеді. Инені омыртқа қанатына тірелгенше еңгізеді де, одан аздап ығыстырып барып 1,5-2 см тереңдікке еңгізеді. Иненің үшінің дұрыс орналасқанын тексеріп барып, малдың салмағына байланысты, 40-60 мл мөлшерінде 0,25 %-ды новокаин ертіндісін жібереді.

Желінсауды емдеуде қолданылатын патогенездік әдістердің

техникасы. Желіні қабынған малдарды емдеу үшін өте көп әдістер және дәрілер қолданылады. Емдеудің негізгі мақсаты, ауырған ағзаны жылдамырақ жазумен қатар, оның атқаратын қызметін ауырғанға дейінгі қалпына келтіру болып саналады. Осы мәселені шешу үшін емдеуді жан – жақты бағытта ұйымдастырып жүргізу қажет. Желінсауды жылдам жазу үшін төмендегі ережелерді қатал сақтау керек:


  1. Ауруды неғұрлым ертерек анықтап, емдеуді сол бойда бастау қажет.

  2. Желінсауды емдеуде, ол малдың азығының құрамына өзгеріс енгізу, күтіп – бағу және сауу технологиясын сақтау.

  3. Ауырған желін бөлігінен сүтті толық сауу (қолмен күніне 2-3 рет).

  4. Ауруды жылдамырақ жазу үшін қосымша патогенездік емдерді қолдану.

  5. Малдың жалпы тонусын жоғарылатуға бағытталған шараларды пайдалану.

Малдың желіні қабынғанда ең алдымен ауруды туғызған себебін анықтап, оның түрін ажыратқаннан кейін емдеуді жан-жақты бағытта ұйымдастырып жүргізу қажет.

Желінсауды емдеуде патогенездік ем ретінде новокаинді жиі қолданады. Новокаиннің емдік әсері, нерв талшықтары арқылы қабынған жерде пайда болған қозу процестері орталық миға берілуі уақытша тоқталып, жергілікті зат алмасу процесі қалпына жылдамырақ келеді. Новокаиннің емдік әсері өте жоғары, ал желінсау асқынғанда (желіннің семуі, тас желін, желіннің шіруінде) оның емдік әсері төмендейді.

Новокаиннің емдік әсерін жоғарылату үшін, желіннің қызметінің қандай нервтермен реттелетінін жетік білуі қажет.
Сиырдың желінінің нервтері.Желіннің жұмысы төмендегі беломыртқаның жұлынынан шығатын 4 жұп нерв түйіндері мен тармақтары арқылы реттеледі: мықын – құрсақ асты нерві; мықын – шап нерві; сыртқы ен нерві; айналшақ пен сарпай аралығындағы нервтер.

16 – шы сурет. Желін нервтері.


  1. Мықын – құрсақ асты нерві;

  2. Мықын – шап нерві;

  3. Сыртқы ен нерві;

  4. Айналшақ пен сарпай аралығындағы нервтер.

Жоғарғыдағы нервтермен бірге желінге симпатикалық нервтердің тармақтары келіп желіннің қызметін реттеуге қатысады.

Сыртқы ен нервтері желіннің негізгі нерв тармақтары деп саналады. Бұл нерв беломыртқаның 2 – 3-ші және 4-ші жұлынынан шығатын симпатикалық нерв тармақтарынан тұрады. Аталған нервтер жамбас қуысынан шап каналындағы қантамыры – нерв шоғыры арқылы бірге шығады. Желіннің ұлпаларына жеткеннен кейін, бұл нервтер ұсақ нерв талшықтарына бөлшектеніп желіннің қызметін реттеуге қатынасады.

Мықын – шап нерві – 2-ші беломыртқаның жұлынынан шығып, пайда болған нерв өрімінен басталады. Бұдан шыққан нерв тармақтары желіннің алдыңғы жақ бөлігінің қызметін реттеуге қатынасады.

Мықын – құрсақ асты нерві. Бұл нерв 1-ші және 2-ші беломыртқаның аралық тесігінен шығатын нервтерден тұрады. Осы тұстан бағытталған нерв тармақтары желін терісінің алдыңғы жағы мен тері астындағы ұлпаларға енеді.

Айналшақ пен сарпай аралығындағы нервтер желіннің артқы бөліктерінің терісі мен оның астында орналасқан желін безінің ұлпаларының қызметін реттеуге қатынасады.

Жоғарғыдағы желін нервтері желін бөліктерімен, альвеолла маңы, сүт жолдары мен қантамырларының қабырғасы және емшекке дейін жетіп олардың қызметін реттейді.

Малдың желіні ауырғанда (желінсауда) төмендегі патогенездік емдерді пайдалануға болады: новокаинмен блокада жасау; әртүрлі ұлпаларды ем ретінде қолдану; физио және т.б. емдер.

Желін қабынғанда төмендегідей новокаинмен тежеу әдістері қолданылады:


  1. Б.А. Башкировтың әдісі.

  2. Д.Д. Логвиновтың әдісі.

  3. И.И. Магданың әдісі.


Б.А. Башкировтың әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу

техникасы. Бұл әдісте негізінен новокаинмен мықын-шап және сыртқы ен нервтеріне тежеу жасалынады. Новокаин үлкен және кіші беломыртқаның бұлшық еттерінің арасындағы жұмсақ дәнекер ұлпаға енгізіледі. Осы жерде жоғарғыдағы аталған нервтер орналасады.

Новокаинді енгізудің алдында малды бекіту керек. Ол үшін сиырдың мүйізіне салынған басжіппен дінгекке оның басын қысқа байлайды, немесе мұрынқысқышпен бекітіп ұстайды. Содан кейін үшінші – төртінші беломыртқаның көлденең қанаттарының (өсінділерінің) тұсындағы терідегі жүндерді қырқып, сол жерді иод ерітіндісімен өңдейді. Инені енгізетін нүктені табу үшін, үшінші және төртінші беломыртқаның тіке өсіндісінің арасын тауып, сол тұстан 6 – 7 см төменгі жеріне инені 55 – 60° қиғаштықта, тереңдігі 6 – 9 см, омыртқаның денесіне тірелегенге дейін енгізеді. Содан кейін инені кері 2 – 5 мм тартып 80 – 100 мл 0,5% новокаин ерітіндісі енгізіледі. Желіннің қабынған бөлігіндегі ауырсынуы новокаинді енгізгенен кейін 12 – 15 минуттан кейін басылып, 2 – 3 сағатқа дейін ауырсыну тоқталады.


17 – ші сурет. Б.А. Башкиров әдісі бойынша инені енгізетін жердің топографиясы.





18 – ші сурет. 4-ші беломыртқаның көлденең кесіндісі және Б.А. Башкиров әдісі бойынша инені енгізу бағыты.

  1. үлкен белдеме бұлшық еті;

  2. белдеме және мықын фасциясы;

  3. сыртқы ен нерві;

  4. үлкен және кіші белдеме бұлшық

еттерінің аралығындағы қуыс;

  1. кіші белдеме бұлшық еті.

Бұл әдісті желіннің оң және сол жақ алдыңғы бөліктері қабынғанда қолдануға болады. Сонымен қоса, желінге операция жасайтын жағдайда малдың 100 кг салмағына 7 мл 3% новокаинді пайдалануға болады.


Д. Д. Логвиновтың әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу

техникасы. Желінсауды емдеуде желін нервтерін Д.Д. Логвинов әдісі бойынша новокаинмен тежеу жасау жақсы нәтиже береді. Ол үшін сиырды арнайы станокқа бекітеді. Ине енгізетін жердің жүнін қырқып, ол жерді иодты спиртпен өңдеу керек. Новокаин енгізу үшін ұзындығы 10 – 15 см ине қолданылады. Желінің артқы бөлігі қабынса, ине енгізетін жерді табу үшін желіннің артқы бөлігінің жоғарғы тұсынан көлденең сызық түсіріп және желінді екіге бөлетін сызықтың қиылысқан тұсын табу қажет. Егер желінің сол жақ артқы бөлігі қабынған болса, онда жоғарыдағы аталған тіке және көлденең сызықтардың түйіскен тұсынан 1 – 2 см солға қарай ығысып барып желін терісіне инені енгізеді. Инені жоғарыдан төменге қиғаштап, сол жақтағы алдыңғы аяқтың тізе буынына бағыттап, 10 – 12 см тереңдікке енгізеді.






19 – шы сурет. Желін нервтерін Д.Д. Логвинов әдісі бойынша тежеу.
Осы талапты орындағанда ине желіннің жоғарғы жағы мен құрсақтың бұлшық етінің аралығындағы қуыста орналасқан нервтер маңынан өтеді. Тежеу жасау үшін 0,5% новокаин ерітіндісі, 150 – 200 мл мөлшерінде желіннің қабынған бөлігінің жоғарғы тұсына бөлшектеп енгізілуі керек. Егерде желіннің екі артқы бөлігі қабынса, новокаин жоғарыдағы тәсіл бойынша қатарынан ауырған бөліктерге енгізіледі.

Желіннің алдыңғы бөлігі қабынса новокаинді енгізу үшін, қабынған бөліктің алдыңғы жағындағы терісін жоғарғы тұсынан ұстап, инені төменнен жоғары, қарсы жақтағы артқы тізе буынына бағыттап, тереңдігі 10 – 12 см енгізу қажет.




20 – шы сурет. Д.Д. Логвинов әдісі бойынша желіннің алдыңғы бөлігі қабынғанда новокаин ерітіндісін енгізу көрінісі.

Содан кейін, көлемі 150 – 200 мл, 0,5% шприцтегі новокаин ерітіндісін, инені кері шығару барысында, желін бөлігінің жоғарғы қуысына бөлшектеп жібереді.. Желіннің алдыңғы бөліктері қатарынан қабынса, онда новокаинмен екі бөлігінде тежеуге болады.

Желінде қабыну процесі алғашқы басталғанда новокаинді ем ретінде қолданса, 3–5-ші күндері желінсау жазылады. Серозды, катаральды желінсауда 24 – 48 сағат аралатып новокаинді 2 – 3 рет қолдануға болады. Фибринозды және іріңді желінсауда новокаинді 24 сағат аралатып 5 – 6 рет қолдануға болады. Салқын уақытта желінді жылы ұстау және малды жиі сауу қажет.

Желін нервтерін тежеуде новокаинмен бірге антибиотиктерді қолдану жақсы нәтиже береді. Ол үшін новокаин ерітіндісіне 200 – 300 мың бірлік әсерінде (БӘ) пенициллин немесе стрептомицинді қосып пайдалануға болады.




И.И. Магда әдісі бойынша желін жүйкелерін тежеу техникасы.

Аталған әдісте айналшақ пен сарпай маңайында орналасқан нерв тармақтары новокаинмен тежеледі. Новокаинді енгізу үшін шонданай сүйегінің ойысын тауып, сол тұстың терісі залалсыздандырылғаннан кейін, 1,5 – 2 см тереңдікке ине енгізіліп, шприцпен 15 – 20 мл мөлшерінде 3%- ды новокаин ерітіндісін бөлшектеп, ине жолының оң және сол жағына енгізіледі.



21 – ші сурет. И.И. Магда әдісі бойынша айналшақ пен сарпай

аралығындағы нервті новокаинмен тежеу.


Бұл әдісті желіннің артқы бөліктері қабынғанда қолдануға болады.

Қорыта келгенде, болашақ кәсіптік негізде мал мамандарын дайындауда ауруларды анықтау, емдеу және олардан сақтандыру үшін қолданылатын әдістердің техникасын жете меңгеру үшін терапевтикалық техниканы үйренудің маңызы өте зор. Ауру малды дұрыс емдеу үшін қазіргі кезгі талаптарға сай ұсынылып отырған техникаларды пайдалана білу әрбір маманның міндеті. Тек заманауи техниканы, әдістерді жете меңгеріп, оны тиімді пайдалана білетін маман ғана өз ісінің шебері атанады.

Болашақ мал маманына өте қажетті арнайы клиникалық пәндерді терең игеру үшін, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыра білу үшін бұл пәннің алатын орны ерекше. Малшаруашылық өнімдерін тиімді пайдалануды малдарды аурулардан, әсіресе ішкі жұқпалы емес аурулардан, сақтандыру бағытындағы теориялық, методологиялық және ұйымдастырушылық салаларының жеткен жетістіктерін түгелдей дерлік есепке ала отырып, ауру малды дара және топтап емдеу әдістерінің техникасын ары қарай дамытып, жетілдіру арқылы іс жүзіне асыруға болады. Ол үшін диспансеризация әдісін дұрыс пайдалану малдәрігерлерінің жоспарының негізі болуы керек.

Қышалар
Қышалар терінің рецепторларына, қан тамырларына әсер етеді. Малдың организмін нақтылы емес қуаттаныдрушы емдеу әдістерінің негізінде белсендендіреді. Малдәрігерлік тәжірибеде қышаның талқандалған ұнтағы мен майсыздандырылған ұрығынан қышаның қамырын дайындап барып қолданады.

Қышаның ұрығының құрамында эфир майы, синигрин глюкозиды және мирозин ферменті бар. Жылу мен ылғалдылықтың әсерінен мирониз ферменті глюкозид синигринді ыдыратады, одан қышаның эфир майы түзіледі. Қышаны теріге жапсырғанда бастапқыда күйдірген тәрізді әсер етеді де, артынан ұзаққа созылатын қызару пайда болады.

Малдың терісінің қыша қойылатын жерін жақсылап тазалап, сумен ылғалдайды. 400 граммға жуық қышаның ұнтағын алып, жылы суға илеп қамыр жасайды. Қамырды щетка арқылы, малдың жүнінің жығылысына қарсы бағытта жұқа етіп жағады. Оның үстін суланған орамалмен жауып, сыртынан су өткізбейтін қабатты (клеенка, целлофан, полиэтилен пленкасы) орналастырады да, жылулық қабатымен орап тастайды. Осындай жағдайда қамыр тез кеппейді және қышаның эфир майы ұшудан сақталады.

Қышаны терілері қалың ірі малдарда 20-25 минут, ал ұсақ малдарда 10-15 минуттай ұстайды. Уақыт біткеннен кейін қышаны жылы сумен жуып, орнын құрғатып сүртеді де, малдың үстін жылылап қояды.

Егер қыша дұрыс қолданылған болса, онда қыша қойылған жерде 4-6 сағаттан кейін қабыну ісігі пайда болады да, ол ісік 2-3 күндей сақталады. Қышадан кейін қыздырғыш аспаптарды қолданған пайдалы.

Қышаны малдың өкпелері, плеврасы, бронхылары қабынғанда; жарақатты және ревматикалық миозиттерде; малдың сіңірі созылғанда; жүйке жүйесінің ауруларында қолдануға болады.

Терінің, емшектердің ауруларында, геморрагиялық диатезде, ісіктерде қолдануға болмайды.

Банкілер

Банкілер ауру малдың көңілін басқа жаққа аудару үшін қолданылады. Олар мал организмінде десенсибилизация процесін тудырады және нақтыланбаған қуаттандырушы емдердің қатарына жатады.

Ірі малдарға сиымдылығы 250-400 мл, ал ұсақ малдарға 50-100 мл немесе медициналық банкілер қолданылады. Банкілердің шеті доғал қалың болып келеді. Процедура тұрған малдарға істеледі және малдың процедура кезінде қозмалмағаны дұрыс. Ол үшін ірі малдарды станокқа бекітеді. Банкі қою үшін малдың кеуде тұсының жүректің тұсынан басқа жерлерін пайдаланады.

Банкіні қоятын жерді жақсылап тазалайды. Жасыл сабынмен немесе вазелинмен мол етіп майлайды. Осындай жағдайда қойылған банкінің ішіне ауа кірмейтін болады. Банкінің ішіндегі ауаны спиртпен ылғалданған ватаны жағу арқылы ығыстырып шығарады да, теріге жабыстырады. Ішінде ауасы жоқ банка теріні 1-2 см-ге дейін өзіне тартып, сорып алады. Банкіні 15-25 минуттай ұстайды. Банкін алу үшін оны бір жағына қарай қисайтып саңылау шығарады да, оның ішіне ауа кіргізеді. Осындай жағдайда банка өзі босап қалады. Артынан малдың үстін жылылап жауып қояды. Ірі малдарға кезекпен ауыстыра отырып 10 банкіге дейін қоюға болады.

Банкі қойған жерде белсенді емес гиперемия пайда болады. Ол жерге қанның, лимфаның құрамындағы элементтер шоғырланады да, ары қарай ыдырайды. Сол ыдыраудан пайда болған заттар организмге қуаттандырушы әсер етеді. Гемопоэз жақсарады, организмнің қорғаныс күштері белсендендіріледі.

Банканы кіші қан шеңберінде қанның қысымы жоғарылағанда, тыныс алу жүйесінің ауруларында, бұлшық еттің жіті және созылмалы қабынуларында, жүйке жүйесінің ауруларында қолдануға болады.
Дәріс-6. Мал ауруларын анықтау және емдеу үшін

әртүрлі зондтарды қолдану техникасы

Жоспары:


  1. Жылқыларға қолданылатын зондтар;

  2. Шошқаларға зонд жіберу техникасы;

  3. Бұзаудың мәйегіне зонд жіберу техникасы;

  4. Құстардың бөтекесіне зонд жіберу техникасы.

Малдәрігерлік тәжірибеде әртүрлі зондтар жылқылардың, шошқалардың және иттердің асқазандарын; күйіс қайыратын малдардың алдыңғы қарыншақтарын тазалап жуу үшін, олардағы ас қалдықтарын алып тексеру үшін, дәрілік немесе қоректік заттарды жіберу үшін, ағзалардың жирылуын жазып тексеру үшін және т.б. іс-рекеттер үшін қолданылады.

Жылқыларға арналған зонд ұзындығы 160-225 см, өзегінің диаметрі 12-14 мм болып келетін, жұмсақ резина түтік. Зонд жылқының танау қуысы арқылы жіберіледі және оны қалаған уақытыңша асқазанда қалдыруға болады.

Зондты қолданаар алдында оның өзегінің ашықтығын оған су жіберу арқылы тексеріп алады. Қайнату арқылы немесе спиртпен залалсыздандырады, вазелинмен майлайды. Жіберілген зондтың қай тұста екенін бақылап отыру үшін зондтың екі жеріне белгі қояды:



  1. Танаудың сыртқы үшінен жұтқыншаққа дейінгі;

  2. Танау қуысынан асқазанға дейінгі аралықтардың қашықтығына.

Ең алдымен қай жақ танау қуысы арқылы еңгізу керектігін анықтайды. Соған байланысты оң немесе сол қолдың саусақтары арқылы зондтың еңгізілетін үшін ұстайды да, оның бос жағын көмекшісіне ұстатады немесе көмекші болмаған жағдайда өзінің иығынан асырып қояды. Дәрігер жылқының қарсы алдына тұрмай өзіне қолайлы жағына орналасады. Зондты сол жақ танау қуысы арқылы жіберер кезде сол қолдың алақанымен танаудың үстінен басып тұрып оның қуысын ортаңғы саусақпен ашады да, екінші көрсету саусағымен зондтың үшін танау қуысының төменгі жолына бағыттайды. Ақырын жылжытып отырғанда зондтың үші жұтқыншаққа жеткен кезде аздаған кедергі пайда болады. Ары қарай зондты өңешке еңгізу үшін, асықпай малдың жұтыну кезін тосу керек. Ол көп тостырмайды. Себебі жұтқыншақтың өңешке өтетін жерінің кілегей қабығының рецепторын зондтың үші тітіркендіргенде жұтыну өзінен-өзі пайда болады. Ондай жағдай болмаса қолдан жұтындыру процесін тудыруға болады. Ол үшін малдың аузын кергішарқылы ашып тілін шығарады да, малдың басын төмен қарай бағыттайды және т.б. қимылдар жасайды. Зонд өңешке дұрыс түскенде өңештің қабырға еттерінің қысымының салдарынан зондтың ары қарай жылжуына аздап кедергі пайда болады. Ал егер зонд кеңірдекте болса, онда ондай кедергі болмайды. Ары қарай зондтағы белгілер арқылы оның асқазанға жеткен-жетпегенін қадағалау керек. Жылқылардың габитусына байланысты асқазанға дейінгі ара қашықтық 153-199 см аралығында болады (П.С.Ионов, Ш.А.Кумсиев).

Кей кезде зонлтың кардиналды сфинктрден өтуі қиынға соғады. Ондай кезде малдың жұтынуын, өңештің жирылуын тосады немесе зонд арқылы жыл су , не май ерітіндісін құюға болады.

Зондтың өңештң ме, жоқ кеңірдекте ме екенін анықтаудың бірнеше тәсілдері бар:


  1. Зонд өңеште болса оны ары қарай жылжыту аздаған кедергіге тап болады, ал кеңірдекте болса ондай кедергі жоқ;

  2. Мойын көк тамырын 4-5-ші мойын омыртқаларының тұсынан сипалағанда өңештегі зондтың пішінін анықтауға болады;

  3. Зонд асқазанға дұрыс барса оның сыртқы өзегінен асқазанға тән дыбыс естіледі, ал кеңірдекте болса ауаның ағыны білінеді. Егер екінші танау қуысын жаба қойсе, онда ауаның ағымы күшейе түседі;

  4. Зонд асқазанға дұрыс барғанда оның сыртқы бос жағына еңгізілген спринцовка ауаға толмайды, ал кеңірдекте болса мал дем алған кезде ол ауаға толады. Ескеретін жағдай: асқазанда бір себептермен ауа жиналып қалған болса, онда спринцовка ауаға толуы мүмкін;

  5. Егер зонд кеңірдекте болса, онда зондтың бос үшін суға батырғанда суда ауа көпіршігі пайда болады;

  6. Зонд кеңірдекте болғанда рецепторлардың тітіркенуі салдарынан мал жөтеліп, тынышсызданады.

Зондтың асқазанда екеніне көз жеткізгеннен кейін оның бос жағын жүгеннің сағағына бекітеді. Оны ары қарай пайдалану дәрігердің алдына қойған мақсатына байланысты іске асырылады.

Малдәрігерлік тәжірибеде оны көбінесе асқазандағы ас қалдықтары мен оның сөлін алып зерттеу үшін пайдаланады. Олардың құрамын анықтау тиісті нұсқауларға сүйене отырып жүргізіледі.

Асқазанның сөлін зерттеу үшін оны бір рет немесе фракциялы түрде көп рет алуға болады. Бір рет алу әдісі ашықтырылған жылқыдан немесе оған тітіркендіргіш азық берілгеннен кейін алынады. Асқазан сөлін фракциялық зерттеуде Я.И.Клейнбок ұсынған зерттеу әдісін қолданған дұрыс. Ол арнайы нұсқауда беріледі.

Асқазанның ас қалдығын алу үшін әртүрлі аспаптар ұсынылған. Солардың ішіндегі ең қолайлысы Камовскийдің насосымен қосылған шыны бутыль. Насос арқылы шыны ыдысқа вакуум тудырады. Асқазан мен шыны ыдыстың арасындағы қысым айырмашылығы асқазандағы ас қалдығының шыны ыдысқа құйылуын жеңілдетеді. Осындай әдіспен жылқының асқазанын жуып тазалауға да болады. Әбден тазаланған асқазанға, керек болған жағдайда, сол зонд арқылы дәрілік немесе қоректік заттарды жібереді.

Тәжірибе біткеннен кейін зондты шығару онша қиындық тудырмайды. Тек сақтық үшін жылқының танауын қолмен ұстап тұрып зондты шығарып алған дұрыс.

Кейбір малдарға зондты қолдануға болмайтын жағдайлар туындауы мүмкін. Ондай жағдайлар:



  • ауыз қуысының, жұтқыншақтың, көмекейдің қабынуларында;

  • өңештің және кардиналды сфинктрдің тарылуы мен спазмасында;

  • өңештентнемесе өкпеден қан кеткенде;

  • жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтерінің жеткіліксіздігінің ауыр түрлерінде.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет