Дәріс Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет5/8
Дата09.06.2016
өлшемі2 Mb.
#124891
1   2   3   4   5   6   7   8

Шошқаларға зонд жіберу техникасы.

Шошқаларға зондты ауыз қуысы арқылы еңгізеді. Ол үшін ауыз қуысына арнайы дайындалған, ортасында тесігі бар ағаштан жасалған езулік қойып, сол тесік арқылы зондтың үшін қатты таңдайға қарай бағыттап еңгізеді.

Ірі аналық шошқаларға жылқыға қолданатын зондты қолдануға болады. Ал торайларға жуандау келген медициналық зондты қолданады. Езуліктің де мөлшері малдың жасына байланысты таңдап алынады. Ұсақ малдарға И.Г.Шарабрин ұсынған металл езулікті де қолдануға болады.

Ірі шошқаларды бір жақ жанына жатқызып, жақсылап бекіткеннен кейін ғана зондты кіргізуге болады. Ал торайлардың басын дәрігердің көмекшісі икемдеп ұстағанда, олардың сезімталдығының ерекшеліктеріне байланысты, олардың ауыз қуысы өзінен-өзі ашылады да, оған езілікті орналастыруға қолайлы жағдай болады. Езулікті азу тістің артқы жағынан орналастырады да, оның сыртқы екі ұшына байланған бинт арқылы малдың желке тұсына бекітеді. Залалсыздандырылған, вазелинмен майланған зонд езуліктің тесігі арқылы кіргізіліп, жұтқыншаққа қарай бағытталады. Ары қарай зонд мал жұтынғанда оңай жылжып асқазанға барады. Асқазаннан ас қалдығын немесе асқазан сөлін алу үшін 100-200 мл шприці қолданылады. Егер ас қалдығы сорылмаса, онда зондты қозғау арқылы оның жатқан жағдайын өзгертеді. Алынған ас қалдығы мен асқазан сөлін лабораториялық зерттеу үшін арнайы нұсқау беріледі.

Иттерге зонд жіберу техникасы торайларға жібергенмен ұқсас болып келеді. Мұнда да ортасында тесігі бар ағаш езулікті қолданған қолайлы. Асқазаннан ас қалдығын және сөлін алу немесе асқазанды тазалап жуу үшін медициналық зондты қолданады. Ол болмай қалған жағдайда ұзындығы 1 м6 диаметрі 10-15 мм кәдімгі резина түтікшені қолдануға болады.

Зондты жіберер алдында дәрігердің көмекшісі иттің аузын ашып, азу тістің артқы жағына езулікті орналастырады. Оны винтарқылы бекітеді. Асқазаннан ас қалдығын немесе сөл алу үшін жоғарыдағыдай шприц пайдаланылады.



Бұзаулардың мәйегіне зонд жіберу техникасы.

Бұзаулардың мәйегін зонд арқылы тексеру әдісі И.А.Симонов, Н.С.Мушинский, М.Х.Шайхаманов, Г.М.Даценколардың еңбектерінде кездеседі. Зондты кез келген танау қуысы арқылы оның төменгі кеңсірік қуысы арқылы еңгізеді. Танау-өңеш-мәйек зонды ретінде ұзындығы 115-130 см, диаметрі 6 мм, бас жағында 3 тесігі бар, диаметрі 7-8 мм болып келетін пенопласты оливасы бар жұмсақ қызыл түсті резина түтікшесін қолданады.

Зондты жіберер алдында оны залалсыздандырып, вазелинмен майлайды да зондты төменгі кеңсірік қуысы арқылы өңештің мойын бөлігінің орта тұсына дейін еңгізеді де, бұзауға еміздік арқылы уыз сүтін ішкізеді. Осы кезде өңешті мәйекпен жалғастыратын өзекше-жылға пайда болады. Соны пайдаланып, зондты ақырындап жылжыта отырып, мәйекке еңгізеді. Зонд дұрыс барғанда, бұзаудың конститутциясына байланысты, оның кіру ұзындығы 75-90 см мөлшерінде болуы керек. Сондай ұзындықты зондта күні бұрын белгілеп қойған дұрыс. Зондтың сыртқы тесігін тығын немесе қысқышпен жауып, бұзаудың ноқтасына байлап қояды. Осылай бекітілген зондқа бұзауға кезекті тамақ берілгенше тиіспейді. Кезекті уыз сүті немесе жәй сүт берілгеннен кейін зондтың сыртқы тесігін ашып, оған Жанэ шприцін қосады да әрбір 1-2 сағат сайын мәйектің ас қалдығы мен сөлін алып отырады. Оларды зерттеу арнайы құсқауларға сәйкес жүргізіледі.

Шошқалардың, иттердің және жаңа туған бұзаулардың асқазандарын жуу жылқылардың асқазанын жуу процесіне ұқсас. Тек воронканыңы және жууға пайдаланылатын сұйықтың мөлшерлері ғана малдың жасы мен салмағына байланысты болады. Асқазанды тазалап жуғаннан кейін сол зонд арқылы дәрілік, қоректік заттарды жіберуге болады.


Құстардың бөтекесіне зонд жіберу техникасы.

Зонд ретінде ұзындығы 30-50 см, диаметрі 5-7 мм болып келетін резина түтікшесі қолданылады. Дәрігердің көмекшісі сол қолымен құсты қысып ұстап, оң қолымен оның тұмсығын ашып, тілін саусағымен басып тұрады. Дәрігер зондты ешбір кедергісіз ауыз қуысы арқылы бөтекеге еңгізеді. Зондтың сырты тесігіне воронка орналастырып, ссол аарқылы жылы су немесе залалсыздандыратын ерітіндіні 100 мл мөлшерінде құяды. Бөтекедгі асты аздап қолмен уқалап жұмсартуға болады. Оны шығару үшін зондпен бірге құстың басын төмен қарай еңкейтіп, саусақпен бөтекенің төменгі жағынан қысым түсіреді. Процедура біткеннен кейін зондты шығаруға ешқандай кедергі болмайды. Керек болған жағдайда құсты аздап дем алдырып барып, процедураны қайталауға болады. Егер зонд арқылы құстың бөтекесі тазаланбаса, онда операция жасаған дұрыс. Операция жасау өте оңай және асқыну болмайды. Жіберілген зонд арқылы дәрілік заттарды берудің де ешқандай қиындығы жоқ.

Құстардың безді асқазанынан ас қалдығы мен сөлді алу үшін Л.М.Обухов ұсынған зондты пайдаланған қолайлы. Ол жұмсақ полиэтиленнен тұрады. Оның қасиеті ол асқазанда тотықпайды және улылығы жоқ. Зондтың бас жағында тесігі бар, жұмыр келген башлығы бар, әртүрлі мөлшерлі.

Зондты жіберер алдында қайнату арқылы немесе спиртпен залалсыздандырады да, вазелинмен майлайды. Зондты жоғарыда айтылғандай бөтекеге еңгізеді де, сол қолдың саусақтарымен оның үшін өңештің кеуде бөлігіне қарай бағыттайды. Зондты аздап кедергі болғанға дейін жылжытады. Аздаған кедергінің болуы зондтың безді асқазанда екенінің белгісі. Зондпен бірге құстың басын бағыттағанда безді асқазанның химусы өзі бөлінуі тиіс. Өздігінен бөлінбесе шприц қолданылады. Безді асқазанның химусының көп бөлінетін кезі құсты тамақтандырғаннан кейінгі бірінші сағатта болатынын ескерген дұрыс.


Әртүрлі зондтарды қолдану техникасы.
Жоспар:

  1. С.Г.Меликсетянның зондын қолдану техникасы;

  2. В.А.Коробовтың зондын қолдану техникасы;

  3. В.А.Черкасовтың зондын қолдану техникасы.

Ірі қара малдарының арасында жиі кездесетін жарақатты аурулардан сақтандыру үшін көптеген магнитті зондтар ұсынылған. Солардың ішінде ең алғашқысы ретінде С.Г.Меликсетян ұсынған магнитті зондты келтіруге болады. Зондтың құрамына кіретін негізгі заттар:



  1. Ұзындығы 50 мм, диаметрі 32 мм, сыртқы бетінде ұзынынан 6 жолағы бар, резина манжеткамен жабдықталған, темір шынжырлы, «Алнико» маркалы, сопақша келген магнит;

  2. Ұзындығы 2,5 м келген өте жұмсақ, ішінде екі қабат капронды бауы бар, екі басында резбалы латунды муфталары бар резина түтікше;

  3. Зонды өңешке кіргізіп және одан алып шығу үшін қолданылатын, бір жақ басы имек, екінші жақ басында резбасы бар, ұзындығы 75 см, диаметрі 8 мм никелді құрыш таяқша;

  4. Магниттің қай жерде екенін анықтау үшін қолданылатын компас.

Зондты қолданар алдында месқарынға 1-2 л су жіберу арқылы оның жынын сұйылтып алу керек. Егер месқарын газбен керілген немесе асқа толған болса, онда В.А.Черкасовтың зондын пайдаланып, месқарынды жуып тазалап алған дұрыс. Зондты еңгізу техникасы арнайы нұсқауда беріледі.

Өңешке түскен магнит мал жұтынғаанда алдымен месқарынға, одан кейін тахия қарыншаққа барады. Егер малдың жұтынуы нашар болса, онда бөтелке арқылы су ішкізуге болады.

Компас арқылы магниттің қай жерде екенін анықтауға мүмкіншілік бар. Егер магнит тахия қарыншаққа бармай месқарында шөгіп қалатын болса, онда оны кардиналды сфинктерге дейін кері тартып, месқарынның үстіңгі қабы жирылған кезде қайтадан жібереді.

Зондты аурудан сақтандыру үшін 30 – 60 минутқа, ал емдеу үшін 24 сағатқа дейін қалдыруға болады. Ол уақытта мал организмінде болатын физиологиялық процеске ешқандай кері әсерін тигізбейді.

Зондты танау қуысы арқылы артып шығарады. Зондты шығарарда күш жұмсауға болмайды. Егер өңеш қатты жирылып зондты босатпаса, онда малға бөтелке арқылы су ішкізу керек.

Зондты тиімді пайдалану арқылы, әсіресе мол өнімді ірі қара малдарында минералды заттардың алмасуының бұзылуынан болатын, жарақатты ретикулит, ретикулоперитонит, ретикулоперикардит ауруларынан сақтандыруға болады.

С.Г.Меликсетян ұсынған зондтың кемшіліктерін ескере келе, А.В.Коробов өзінің жетілдірілген магнитті зондын ұсынды (ЖМЗ-1). Ол зонд арқылы алдыңғы қарыншақтарда болатын бос жатқан металл заттарын ғана емес, олардың қабырғасына еніп тұрған металл заттарын да тартып шығаруға болады-мыс. Себебі ферромагнитті заттарды шығару үшін үлкен тарту күші бар арнайы стерженді цилиндр пішінді магнит ұсынылған. Олар металл заттары ұзынынан жататындай етіп магниттелген. Көтеру күштілігі бұрынғы 300 – 400 г орнына 8 – 12 кг.

Бұл зондтың тағы бір артықшылығы оның ауыз қуысы арқылы еңгізілуі. Ол үшін мал резина түтікшені шайнап тастамас үшін ол түтікше темір штоктың ішіне орналастырылған. «П» тәрізді пластинка арқылы темір шток төменгі жақ сүйегіне бекітіледі. Зондты жарақаттан сақтандыру үшін 15-20 минутқа, емдеу үшін 1 сағатқа қалдыруға болады. «П» тәрізді пластинка мен темір шток езуліктің қызметін атқарады. Олар жақ сүйегіне бекіту үшін жартылай автоматты белдіктермен жабдықталған.

С.Г.Меликсетянның зондына қарағанда бұл зонды еңгізу және шығару технологиясы өте жеңілдетілген. 24 сағаттық ашықтыру диетасынан кейін қолданғандағы нәтижесі әлдеқайда жоғары.



Эллипсоидты магнит шығыры, оны қолдану техникасы. Шығыр ұзыншақ пішінді, шеттері доғалданған, ұзындығы 65 мм, қабырғаларының кесіндісі барлық жерінде 55 мм, салмағы 35 г , арнайы «Магнико» немесе «Алнико» қоспаларынан дайындалған. Шығыр ұзынынан магниттелгендіктен металл заттары оған ұзынынан жабысатын болады.

Магнит шығыры ірі қара малдарының алдыңғы қарыншақтарын металл заттарымен жарақаттаудан сақтандырады. Малға ауыз қуысы арқылы болюс бергіштің көмегімен еңгізуге болады.Мал шығырды қайта шығарып тастамас үшін, оны бергеннен кейін су ішкізу керек. Тахия қарыншаққа түскен шығыр ферромагнитті заттарды өзіне тартып жинайды. Олардың тарту күші әртүрлі болып келеді.

Магнитті шығырға жинақталған металл заттарын шығырмен бірге магнитті зонд арқылы шығарып алады.

Шығырдың бар-жоғын компас арқылы анықтауға болады. Ескеретін жағдай: егер шығыр металл заттарынан таза болса, онда компас жақсы реакция береді. Ал егер металл заттары шығырда көп жиналса, онда компас раекция бермейді.

Магнит шығырының артықшылығы сол, оны малды жарақаттан сақтандыру үшін фермадағы, жеке шаруашылықтардағы барлық малдарға қолдануға болады. Ал магнитті зондты ауруға күдікті деген малдарға ғана қолданады.

Ірі қара малдарының тахия қарыншақтарынан ферромагнитті заттарды шығару үшін қолданылатын арнайы магниттер де бар. Соңғы кездегі арнайы тарту күші жоғары магниттердің шығуы оларды жарақатты аурулардан емдеу үшін кеңінен қолдануға мүмкіндік берді. Ондай магниттердің авторлары: А.В.Коробов, А.С.Белановский, И.А.Телятников.

Магнит цилиндр пішінді, екі жақ басы қарама-қарсы зарядты, конус тәрізді, стерженді, біртұтас қоспа ретінде шығарылған. Бір жақ басында қосқыш шынжырды бекітетін шығырық бар. Магнит ұзынына қарай магниттелген. Сондықтан металл заттары оның бойында ұзынынан орналасады.

Кейбір жарақаттағыш металл заттарының қарыншақтардың қабырғасына кіріп тұратынын ескерсек, оны тартып шығару үшін күшті магнит керек. Міне, сондықтан да арнайы, тарту күші 8 – 12 кг-ға дейін жететін магнит шаруашылықтардағы мал мамандарына өте қажет құрал. Бұл магнит хирургтерге руминотомия жасаған кезде металл заттарын тез табу үшін де өте қолайлы. Малдарға күні бұрын беріліп қойылған магнитті сахиналарды, оларға жабысқан жарақаттаушы металлдармен бірге алып шығады. Емдік нәтижесі 24 сағаттай ашықтырылған малдарға әлдеқайда жоғары.

В.А.Черкасовтың зондын қолдану техникасы. Бұл зонд ұзындығы 2-2,5 м, диаметрі 35-50 мм, ортасында металл спиралы және кіргізетін жағының жанында тесіктері бар прорезинді қуыс түтік. Зондқа қосымша құрал ретінде үшкірленген және басқышты тесікті су шығарғыштар мен 10 литрлік металл воронкасы бар.

Зонд негізінен алдыңғы қарыншақтарды жуу және олардағы ас қалдықтарын алып зерттеу және тазалау үшін қолданылады. Көбінесе малдар уланғанда, малдың іші кепкенде, алдыңғы қарыншақтардың жирылуы әлсірегенде, бітелгенде, асқа толып толып кеткенде қолданылады.

Зондты қолданар алдында малды жалпы клиникалық тексеруден өткізіп, жеке жүйелерінің функцияларына көңіл аударады. Клиникалық көрсеткіштері дұрыс болған жағдайда малды станокқа кіргізіп бекітеді. Ірі мал болғанда дәрігердің көмекшілері малдың мүйізінен ұстап немесе ноқтасы арқылы малдың басын алға қарай тартып ұстайды.

Зондтың кірер үшін вазелинмен немесе жәй маймен майлап, малдың тілін сыртқа шығарғаннан кейін, зондтың үшін тілдің түбіне еңгізеді. Ақырын жұмсақ қимылмен зонды өңешке бағыттап, месқарынға еңгізеді. Зондтың сыртқы басына орналастырылған воронка арқылы алдымен 39-40ºС 2-4 кәтел 1 %-ды карлсбад тұзының немесе сондай концентрациядағы сода ерітіндісін құйып, месқарынның жынын араластырады. Ол үшін зондтың ішіндегі ерітіндіні месқарынға толық жібермей, воронканы жоғары-төмен түсіріп отырады. Ақырында воронканы алып, ас қалдықтарын сыртқа төгеді. Осындай жууды 2-3 рет қайталағаннан кейін, енді воронка арқылы 1-2 кәтел 10ºС суды құйып, жылдам қайта шығарады. Кенеттен өзгерген судың температурасы месқарынның жирылуын күшейтеді де, алдыңғы қарыншақтар жақсы тазаланады.

Осындай процедура біткеннен кейін зондқа үші үшкірденген су шығарғышты еңгізіп, оны су құбырының шүмегіне қосады. Судың ағыны зондтың ішінен шықпай, оның ішіндегі заттарды сұйылтады. Егерде зондтың ішінде «азық тығыны» пайда болса, онда үш жағында басқышты тесіктері бар су айдағышты қосады. Осындай тәсілдерді кезектестіре отырып, алдыңғы қарыншақтарды толық тазалауға болады. Бұл тәсілді бір жағында тұра алмай жатқан малға да қолдануға болады. Малдардың жағдайы нашар болғанда жуу, тазалау тәсілдерін қайталауға болады.

Егерде жоғарыда келтірілген тәсіл жеткіліксіз болса, онда вакуум тудыру әдістерін қолданған жөн. Кейде месқарында тесіп те қысым түсіруге болады.

В.А.Черкасовтың зонды өңештегі ас қалдығын, өңеш бітелген кезде, месқарынға түсіру үшін де, месқарын арқылы малға дәрілік заттарды беру үшін де қолданылады.

Малдың іші кепкен кезде зондты қолданғанда ескеретін екі жағдай бар:



  1. Зондты еңгізерде оның сыртқы тесігін бітеп, зондты еңгізгеннен кейін оны ақырындап ашу арқылы газды біртіндеп, аз-аздап шығарады;

  2. Зондтың кірер ұшына жіп байлап, оның келесі үшін зондтың іші арқылы сыртқа шығарып, шығыршықтап қояды. Зондтың үші месқарындағы жынға батып қалса, сол жіпті тарту арқылы оның үшін жоғары көтереді де, газды ақырындап шығарады.

Малдың алдыңғы қарыншақтары арқылы дәрі беру керек болғанда немесе месқарынның жынын лабораториялық тексеруге жіберерде месқарынның жынын аз мөлшерде алу керек болғанда жылқыларға қолданылатын зондты қолдануға болады.
Әртүрлі зондтарды қолдану техникасы.
Жоспары:

  1. Малдың өңеші бітелгенде көрсетілетін емдеу көмектерінің техникасы;

  2. А.Л.Хохловтың зондын қолдану техникасы;

  3. Дәрілік заттарды кеңірдек арқылы жіберу техникасы.

Өңештің бітелуі әсіресе ірі қара малында кездесетін ауру. Ол аурудың негізгі себептеріне малдарды азықтандыру ережелерін дұрыс сақтамау жатады. Ірі қара малдарында өңеш көбінесе картоп, қызылша, шалқан, сәбіз, капустаның сабақтарымен; кейде клетчаткасы мол қатқыл азықтың үлкен кесегімен; ағаш, шүберек, сүйек және т.б. бөгде заттармен; күйіс қайырған кезде жынмен келген фитобезоармен; шошқаларда көбінесе тамыр-жемісті азықтардың бөлшектерімен; иттерде сүйектермен, еттің кесегімен; жылқыларда көбінесе өңеш түйілген, салданған, тарылған кездерде қатқыл, құрғақ азықтармен (сабан, жем жармасы және т.б.) бітеледі.

Өңештің бітелуі ірі қара малдарында оның жоғарғы, ал жылқыларда төменгі бөліктерінде байқалады. Өңеш ұзақ уақыт бітелген болса, онда бөгде заттың тұрған жері қабынады, ісінеді, кейде тіпті іріңдеп асқынуы да мүмкін. Мұндай жағдайда бірден-бір емдік әдіс - өңешті бітеген бөгде затты дер кезінде өңештен шығару немесе месқарынға итеріп, түсіріп жіберу.

Ауруды емдеу үшін көптеген, әртүрлі әдістер ұсынылған. Қалай болғанда да малды тез арада бөгде заттан құтылдырудың айласын ойластыру керек екені сөзсіз. Ол үшін әртүрлі малдардың өңеш құрылыстарының, онда жүретін физиологиялық процестердің ерекшеліктерін ескере отырып іс-қимыл жасаған дұрыс.

Емдеу процесіне кіріспес бұрын өңешке 100-150 мл өсімдік, вазелин майларын немесе әртүрлі қайнатпаларды құяды. Өңештің түйілуін босаңсыту үшін терінің астына атропин сульфат, пилокарпин; венаға хлоралгидрат ерітінділерін жібереді. Өңештің тұсын жылылап ұстайды. Өңештің мойын бөлігінде орналасқан бөгде затты алдымен қолмен уқалап, ауыз жаққа қарай сығымдап, сыртқа шығаруға тырысады. Егер бөгде зат өңештің ауыз қуысына жақын жерінде орналасқан болса, онда оны тікелей қолмен шығарып алуға да болады. Ол үшін ірі малдарға езулік қолданылады. Дәрігер залалсыздандаралған қолының саусақтарын тілдің жағалаулары арқылы жұтқыншаққа, одан өңешке еңгізеді. Ал ұсақ малдарға езулікті қолданбаса да болады. Бұл әдістің қолайлылығы жұтқыншақ пен өңештің тіндері аз зақымданады; ал қолайсыздығы – бөгде зат жұмыр, сырты тайғанақ болғанда қолмен ұстау қиынға соғады. Мұндай жағдайда алдын ала дайындалған ілгек сым темірді пайдаланған дұрыс. Қалай болғанда да малдың түріне байланысты оларды жақсылап бекітіп, қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, кейде тіпті И.И.Ворониннің әдісімен төменгі жақ сүйегінің жүйкесіне блокада жасап барып іске кіріскен жөн.

Өңештің кеуде жақ бөлігінде тұрып қалған бөгде затты месқарынға қарай серпінді зонлпен итеріп түсіруге тырысады. Бұл әдіс өңешті бітеген зат жұмыр, сырты тайғанақ болған жағдайда нәтижелі. Зондты қолданар алдында малға ауыз қуысы арқылы 200-300 мл май ерітіндісін немесе кілегей тұнба құйған дұрыс. Бөгде затты зондпен итергенде еппен, қысымды бірте-бірте үдете отырып, оны орнығып қалған жерінен жайлап жылжыту керек. Күшке салу өңешті тесіп жіберуі мүмкін.

Өңеште тұрып қалған кейбір тамыр жемісті азықтар кейде жұмсарып немесе өңештің босаңсуынан өздігінен жылжып, мал жұтынғанда месқарынға түсіп кетуі де мүмкін.

Егерде мұндай әдістерден нәтиже болмаса, онда тенотомды қолданып бөгде затты ұсақтауға тырысады. Бұл әдісті қолданғанда өңештің кілегей қабығының жарақаттануы мүмкін.

Өңеш жұмсармайтын, жібімейтін бөгде заттармен (ағаш, шүберек, күнжара, фитобезоар) бітелген жағдайда, басқа қолданған әдістер нәтиже бермесе, онда хирургиялық әдісті қолданады.

Ұсақ малдардың өңештерінің жоғарғы жақ бөлігінде тұрып қалған бөгде затты корнцангпен де алуға немесе мойын-көктамыр науасының маңынан төменнен жоғары қарай сығымдап уқалау арқылы ауыз қуысынан итеріп шығаруға тырысуға болады. Ал кеуде жағында орналасқан бөгде затты зонлпен месқарынға немесе асқазанға итеріп түсіреді.

Құсатын малдарға құстыратын дәрілік заттарды беруге болады: шошқалар мен иттерге апоморфин гидрохлоридін, вератрин ерітінділерін қолданады.

Бөгде зат шығарылғаннан кейін, егерде өңештің кілегей қабығы жарақаттанған болса, онда бастапқы 2-4 тәуліктер бойы кілегей қайнатпалар, суық су, дәрілік ерітінділер (перманганат калий, фурациллин және т.б. ерітінділер) ауыз қуысы арқылы беріледі.


Өңештң бітеген бөгде затқа қарсы ұсынылған көптеген әдістердің ішіндегі қолайлысы А.Л.Хохловтың 1954 жылы ұсынған екі тұзақты, ауыз-өңеш зонды. Бұл зонд арқылы бөгде затты сыртқа шығарумен қатар, оны месқарынға итеріп түсіруге де болады.

Зондты қолдану техникасы: алдымен малды жақсылап не станокқа, ондай мүмкіншілік болмаған жағдайда ірі малдарды бір қабырғаға тақап бекітеді. И.И.Ворониннің әдісімен төменгі жақ сүйегінің жүйке талшығына тежеу жасайды. Одан кейін ауыз қуысы немесе танау-өңеш зонды арқылы 50-75 мл новокаинның 5 %-ды ерітіндісін құяды да, зондты ауыз қуысы арқылы еңгізуге дайындайды.

Зондты жақсылап майлайды. Оператордың көмекшісі малдың тілін шығарып, таза орамалға орап ұстап тұрады. Оператор зондтың үшін қатты таңдай арқылы жұтқыншаққа қарай бағыттап еңгізеді. Ары қарай малдың жұтынуын қадағалап, зондты ақырындап жылжыта отырып бөгде затқа дейін жеткізеді. Зондтың бөгде затқа жеткен-жетпегенін қолмен сезілетін аздаған кедергі арқылы оңай білуге болады. Бөгде зат күні бұрын орнынан жылжып кетпес үшін оператордың көмекшісі ол затты төменгі жағынан демеп тұрғаны дұрыс. Оператор зондтағы сыртқы тұтқаны қолдану арқылы зонлтың тұзақтарын бірінің үстіне бірін жатқызады да, оны бөгде зат пен өңеш қабырғасының арасы арқылы бөгде заттың төменгі жағына түсіреді. Одан кейін зондтың тұзағын сол тетік арқылы «Х» тәрізді жағдайға келтіреді. Ендігі кезекте зондты ақырындап тарта отырып алдымен бөгде затты орнынан қозғап алады да, артынан біртіндеп тартып сыртқа шығаруға тырысады. Оператордың көмекшісі бөгде заттың жылжуын үнемі қадағалап отырады. Операцияның алдында өңешке аздап май құйғанда бөгде заттың жылжуы жеңілдірек болады.

Өңешті бітеген бөгде затты А.Л.Хохловтың зонды арқылы месқарынға итеріп түсіруге де болады. Бұл әдіс өңешті бітеген бөгде зат оның төменгі бөлігінде орналасқанда және оның сыртқы беті тегіс, жылтыр болған жағдайда жеңіл орындалады. Ол үшін зондты жоғарыда баяндалғандай бөгде затқа дейін еңгізеді. Өңешке ауыз қуысы арқылы 200-300 мл-дей өсімдік майын немесе кілегейлі тұнба құяды да, зондты ақырындап итере отырып, бөгде затты месқарынға түсіруге тырысады.

Ондай операцияны жылқыларға жасағанда олардың өңештерінің түйілуін болдырмау үшін терінің астына атропин сульфатын немесе аминазин ерітіндісін; венаға хлоралгидрат ерітіндісін жіберуге болады. Массаж жасайды, кілегейлі тұнба ішкізеді.

Шошқаларға құлағының артқы жағынан терінің астына аққорғасынның спиртті ерітіндісін жіберіп құстыруға болады.

Иттерге терінің астына 5 %-ды морфин ерітіндісін 0,5-1,0 мл мөлшерінде жіберіп құстыруға болады.
Малдәрігерлік тәжірибеде, әсіресе өкпелердің ауруларын емдеген кезде, организмге дәрілік заттарды жіберудің басқа әдістерімен қатар оларды кеңірдектің ішіне еңгізу әдәсә де жиі қолданылады. Дәрілік заттарды кеңірдекке зонд немесе ине арқылы жіберуге болады.

Дәрілік заттарды зонд арқылы еңгізу үшін алдымен малдың түріне, жасына байланысты қолайлы зондты таңдап алады. Көбінесе танау-жұтқыншақ зонды жиі қолданылады. Оны залалсыздарып майлағаннан кейін не ауыз қуысы, не танау қуысы арқылы кеңірдекке еңгізеді. Зондты еңгізу, оның дұрыс барған-бармағанын бақылау «Жылқыларға зонд қолдану техникасы» бөлімінде келтірілгендей.

Зондтың сыртқы тесігіне тиісті воронканы орналастырып, сол арқылы дене қызуына сәйкес температурадағы дәрілік заттарды жібереді. Дәрілік заттардың алғашқы бөлігі кеңірдек арқылы өтіп өкпелерге барғанда малда жөтел пайда болады. Кейде жіберілген дәрілік зат ауыз қуысы арқылы шығып алуы да мүмкін. Ондай жағдайда воронканы төмен түсіріп, дәрілік затты жіберуді тоқтата тұрған дұрыс. Процедура кезіндегі малдың тынышсыздануы, жөтелуі ұзаққа созылмайды, тез қалпына келеді. Жөтел басылып, мал тынышталғаннан кейін процедураны жалғастыруға болады.
Зондты танау қуысы арқылы еңгізуге мүмкіншілік болмаған жағдайда, езулікті қолдана отырып оны ауыз қуысы арқылы еңгізуге болады.

Дәрілік затты жіберіп болғаннан кейін зондты еппен, ақырындап шығарып алады да, оны жақсылап жуып, тазалап, келесі процедураға дайындап қояды.


Дәрілік заттарды кеңірдекке ине арқылы еңгізудің техникасы. Инені еңгізетін жер – кеңірдектің мойын бөлігінің кеуде қуысына тақау орта тұсы. Ол үшін операцияның орнын ережелерге сәйкес дайындайды. Залалсыздандырылған инені кеңірдектің сақиналарының арасы арқылы еңгізеді. Малдың дене қызуына сәйкес температурадағы ерітінді шприц немесе воронка арқылы кеңірдекке жіберіледі. Мал тынышсыздана бастағанда жоғарыда айтылғандай әрекет жасайды. Жатқан малға дәрілік заттарды өкпелердің не оң жақ, не сол жақ бөліктеріне жіберуге мүмкіндік бар. Процедура біткеннен кейін инені шығарып, оның орнын залалсыздандырады.
Дәріс-7. Малдардың ішкі ағзаларының ауруларын

емдеу әдістерінің техникасы.
Жоспары:

  1. Қуықты тазалап жуу техникасы;

  2. Қуықты тесу, пункция жасау техникасы;

  3. Месқарынды, құрсақ қабырғасын, жалбыршақ қарыншақты және кеуде қуысын тесу техникалары;

  4. Жылқының соқыр ішегін және шошқаның асқазанын тесу техникалары

  5. Құстардың жұмыртқасын шығару техникасы.


Малдың қуығына катетр еңгізу техникасы. Малдардың зәр шығаратын жолдарының ауруларында (Қуықтың қабынуы, зәр шығару жолдарында тастың түзілуі, қуықтың түйілуі, ірі қара малының созылмалы гематурия ауруы) қуықтағы жиналған зәрді катетр арқылы шығаруға тура келеді.

Катетрлердің жұмсақ, жартылай қаттылау және қатты түрлері бар. Малдәрігерлік тәжірибеде көбінесе жұмсақ және жартылай қаттылау түрлері қолданылады. Олар диаметрлері әртүрлі болып келетін, қуыққа кіретін басы доғалданған, жақтауында 2-3 тесігі бар, әртүрлі размерлі резина немесе пластмасса түтіктер.

Катерді қолдану технологиясы: алдымен малдың түріне, жасына байланысты тиісті катетрді таңдап алады да, оны мұқият тексереді. Оның сыртында кедір-бұдыры, жарықшағы, сызаты болмауы керек. Оны қайнату немесе тиісті ерітінді арқылы залалсыздандырады. Малдың катетр кіретін жерін жылы ерітіндімен жуып, тазалайды. Дәрігердің қолы да таза болуы керек. Залалсыздандырылған катетрдің сыртта қалатын үшінен ұстап тұрып, екінші кіргізілетін үшінен бастап вазелинмен, маймен немесе сұйық парафинмен майлайды. Еркек малдарға ұзындығы 70-90 см, диаметрі 7-10 мм катетрлер қолданылады. Оны оң қолымен малдың үрпісіне 10 см тереңдікке дейін еппен еңгізеді. Процндура жеңіл жүруі үшін тік ішек арқылы қуыққа масаж жасап алғанның нәтижесі жақсы. Егер мал тынышсыздана бастаса, онда катетрді еңгізуді тоқтатып, тынышсызданудың себебін анықтап алады.

Аттарға, айғырларға катетрді тұрған түрінде, малдың артқы жағына қарап тұрып еңгізеді. Егер мал жатқан болса, онда малдың артқы жағынан белдеменің тұсынан тізерлеп отырып, оң қолымен үрпіні тауып ұстайды да, катетрді еңгізеді.

Сиырлар мен шошқаларға катетрді еңгізу үшін вазелинмен майланған сұқ саусақтың үшін қынапқа еңгізіп, оның соқыр қапшығының жоғарғы жағындағы тесікке катетрдің үшін саусақпен қадағалап отырып бағыттайды. Катетр дұрыс жіберілген болса оның қозғалысы еркін болады да, одан зәр бөлінеді. Қолданылған катетрді жақсылап тазалап жуып, залалсыздандырып сақтайды.

Биелерге катетр еңгізу өте жеңіл. Ол үшін диаметрі 8-10 мм катетр қолданылады. Биенің құйрығын бір жағына қарай ығыстырады да, сол қолымен оның сарпайын ашып, оң қолымен катетрдің үшін уретра арқылы қуыққа еңгізеді де, қолдың саусағын суырып алады.

Төбет иттерге ұзындығы 30-55 см, диаметрі 2-4 мм катетр қолданылады.

Зәр шығару жолдарында іріңді қабыну процестері болғанда катетрді қолдануға болмайды.



Қуықты жуу. Қуықтың ауруларын емдеу үшін және оның кілегей қабығындағы әртүрлі патологиялық заттарды тазалау үшін қуықты жуу әдісі кеңінен қолданылады. Қуықты жуар алдында ондағы зәрді шығарып алады. Қуықты зәрден жылдам босату үшін тік ішек арқылы оған массаж жасауға болады. Кейде Жанэ шприці арқылы да шығарады. Қуықты жуу үшін қолданылатын ерітіндіні мақсатқа байланысты тағайындайды. Ондағы патологиялық процеске байланысты риванол (1:1000), марганец қышқыл калий (1:5000), физиологиялық ерітінді және т.б. ерітінділер қолданылады. Жіберілетін ерітіндінің мөлшері малдың түріне, жасына, физиологиялық жағдайына байланысты болады. Ірі малдарға 250 мл, ал ұсақ малдарға 50 мл мөлшерінде жіберуге болады. Оның температурасы малдың дене қызуына сәйкес болуы керек.

Қуыққа жоғарыда келтірілген әдістермен катетрді кіогізеді де, оған резина түтікше арқылы Жанэ шприцін қосады. Ерітінді қуыққа үнемі барып тұруы үшін шприцті малдың денесінен жоғарырақ ұстайды. Қайта шығатын ерітінді таза болғанша қуықты бірнеше рет қайталап жуады. Концентрациясы төмен ерітінділерді қуықта аз уақытқа қалдыруға да болады. Егерде қуық түйілсе немесе оның сфинктірі босаңсымаса. Онда хлоралгидрат, люминал, морфин ерітінділерін жібереді, жылулық және массаж әдістерн қолдануға болады.

Мысалы, қуықтың жіті және созылмалы іріңді қабынуында оны алдымен хлорлы натрийдің изотоникалық ерітіндісімен жуу керек. Одан кейін төменгі концентрациядағы залалсыздандыратын ерітінділерді қолданады: 0,5-1 %-ды стрептомицин; 2-3 %-ды бор қышқылы, пенициллин; 0,1 %-ды азот қышқыл күміс; 2-3 %-ды резорцин; 1:1000 – 1500 концентрациядағы сутегінің қос тотығы және т.б.

Қуықты тесу, пункция жасау техникасы. Қуықтағы жиналған зәрді массаж жасау арқылы немесе катетрдің көмегімен шығара алмаған жағдайда қуықты тесуге тура келеді. Ол үшін алдымен тік ішекті тазалап, оны залалсыздандыратын ерітіндімен жуады. Пункция жасау үшін ұзындығы 30 см, жуандығы 2-3 мм троакар қолданылады.

Вазелинмен майланған троакарды оң қолмен тік ішекке еңгізеді. Стилеттің үшін канюлаға еңгізіп, оны сұқ саусақпен жауып тұрады. Тік ішектің қабырғасы арқылы қуықтың бас жағын табады. Троакарды тік, төмен қарай бағыттап, қатты қимылмен 4-6 см тереңдікке еңгізеді. Қуық дұрыс тесілгенде зәрдің шыққан ағыны байқалады.

Сиырлар мен биелерде қуықты қынап арқылы теседі.

Етқоректілерде құрсақ қуысының қабырғасы арқылы теседі. Ол үшін қарынның ақ сызығы арқылы тұспалдап отырып саусақпен шар тәрізді дөңесті тауып алады да, саусақпен үнемі бақылай отырып, инені 2-5 см тереңдікке еңгізеді. Егер зәр ақырын бөлінетін болса, онда шприц қолдануға болады.



Құстардың жұмыыртқасын шығару. Құстардың, көбінесе тауықтардың, жұмыртқаларын шығаратын әртүрлі әдістер бар: пенициллин мен стрептомицин ерітіндісін еттің ішіне жіберу; клоакаға спринцовка арқылы қысыммен тұзды ерітіндіні немесе өсімдік майын жіберу және т.б. әдістер. Егер мұндай әдістер нәтиже бермесе, онда жұмыртқаны қолмен шығаруға болады. Ол үшін дәрігердің көмекшісі құсты артқы аяқтары мен қанаттарының түбінен бекітіп, тік, салақтатып ұстап тұрады. Дәрігер құстың сол жағынан тұрып, сол қолының 4саусағын оның арқасына салады да, үлкен саусағымен ақырындап жұмыртқаны клоакаға қарай жылжытады. Залалсыздандырылған және майланған оң қолдың сұқ саусағын клоакаға еңгізіп, жұмыртқаның шығуына көмектеседі.

Қаздар, үйректер және күрке тауықтарда жұмыртқаны екі алақанның арасына салып қысып шығарады. Егер жұмыртқаның жолында жұмыртқаның қабы болса, онда оны қолмен алып тастайды.

Жұмыртқаны шығару техникасы онша қиын емес және нәтижесі әрқашанда оң болады. Малдың жіті түрде іші кепкенде немесе жайылымда көп мал бірден ауырып, оларға жедел жәрдем көрсету керек болған жағдайда месқарынды тесу әдісін қолдануға болады.

Алдымен месқарынды тесетін жерді дайындап алады. Ол жер күйіс қайыратын малдарда сол жақ аш шұңқырының ортасы немесе сергек пен соңғы қабырғаның ортасын қосатын сызықтың ортасы.

Ірі малдардың месқарынын тесу үшін үш жақты, өткір, троакардың гилзасына тығыз орналасқан стилеті бар троакар қолданылады. Тесер кезде стилеттің үшін оң жақ шынтақ сүйекке қарай бағыттайды. Тесу үшін стилетті белгілі бір күшпен соғып кіргізеді. Тескеннен кейін стилетті еппен, ақырын шығарып алып, троакардың гилзасының аузын бармақпен басып тұрып, газды біртіндеп шығарады. Газды бірден көп шығарып жібергенде бас миға қанның баруы азайып, мал талып қалуы мүмкін. Егер троакардың гилзасы ас қалдығымен бітеліп қалса, онда стилетті қолдану арқылы оны ас қалдығынан тазалайды. Троакардың гилзасын оның құлақшасындағы тесігі арқылы теріге бекітіп, месқарында 3-5 сағатқа дейін қалдыра тұруға болады. Гилза арқылы месқарынға залалсыздандыратын, ашу процесін болдырмайтын дәрілік заттардың ерітінділерін (креолин, ихтиол, лизол және т.б.) жіберуге болады. Месқарынды троакардан босатарда гилзаны тазалап, оған стилетті қайта кіргізеді. Одан кейін бір қолдың алақанымен гилза тұрған жерді басып тұрады да гилзаны ақырындап суырып алады.

Бұзауларға және басқа да ұсақ күйіс қайыратын малдарға жіңішке троакарлар бар немесе иандренімен Бобровтың инесін қолдануға болады.

Троакарды шығарғаннан кейін ол жерді йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып барып коллодиймен жауып тастайды.
Құрсақ қабырғасын тесу малдың ауруын анықтау, ондағы жинақталған сұйықты шығару және оған емдік дәрілік заттарды жібер үшін қолданылады. Тесу үшін ұзындығы 5-6 см инені қолданады. Тесу нүктесі қарын ақ сызығынан 2-3 см қашықтықта, төс шеміршегі мен кіндіктің ортасы. Тесетін нүктені анықтап, ол жерді залалсыздандырып дайындағаннан кейін теріні аздап орнынан жылжытып барып инені кіргізеді. Тері мен ет қабаттарын тескеше аздаған кедергі байқалады. Ал құрсақ қуысына енген ине еркін жылжи бастайды және инеден сұйық шығады. Жиналған сұйық өз қысымымен де аға бастайды, бірақ толық және жәйлап шығару үшін шприцті қолданған дұрыс. Егерде операция кезінде малдың жағдайы нашарлай бастаса, онда процедураны тоқтатып, малдың терісінің астына кофеин ерітіндісін жіберуге болады. Процедура біткеннен кейін инені оның тұрған жерін басып тұрып шығарып алады да, оның орнын йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып, коллодий жағып қояды.
Жалбыршақ қарыншақты тесу ол асқа толып бітеліп қалғанда және оны емдеу үшін басқа қолданылған әдістерден нәтиже болмағанда істелетін іс-шара. Ол үшін жіңішке троакар немесе Бобровтың инесі қолайлы. Тесетін нүктені анықтау үшін иық-жауырын көлденең сызығын жүргізеді де сол сызықтың бойымен немесе одан 2-3 см төменірек, малдың оң жағынан 8-9-шы қабырғалардың арасынан, иненің үшін 10-шы қабырғаға қарай бағыттап, 5-8 см тереңдікке еңгізеді. Ендігі кезекте шприц арқылы 50-100 мл залалсыздандырылған физиологиялық ерітіндіні жіберіп, оны жалбыршақ қарыншақтағы ас қалдығымен аралас қайта сорып алады. Оның құрамы арқылы иненің дұрыс барған-бармағанын анықтайды. Егер ине дұрыс жалбыршақ қарыншаққа барған болса, онда сол ине арқылы дәрілік ерітінділерді, майлы эмульсияны жібереді. Инені шығарып алу, орнын залалсыздандыру жоғарыда келтірілгендей.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет