Дәріс Кіріспе. «Ветеринариядағы диагностикалық және емдеу техникалары» пәнінің мақсаты мен міндеттері



бет6/8
Дата09.06.2016
өлшемі2 Mb.
#124891
1   2   3   4   5   6   7   8

Кеуде қуысын тесу.

Операциясы малдың ауруын анықтау, кеуде қуысында жиналған патологиялық сұйықты шығару және ол жерге дәрілік заттарды еңгізу үшін қолданылады. Егерде кеуде қуысында патологиялық сұйық көп жиналған болса, онда оның жоғарғы шекарасын анықтап алып барып, тесетін нүктені белгілейді. Инені 7-8 қабырғалардың арасынан 3-5 см тереңдікке еңгізеді де, күні бұрын дайындалған дәрілік ерітіндіні жібереді.

Процедура біткеннен кейін инені шығарып алу, оның орнын залалсыздандыру жоғарыда баяндалғандай.

Жылқының соқыр ішегін тесу ол кенеттен жіті түрде газға толып керілгенде және малдың өміріне қауіп төнгенде істеледі. Ол үшін соқыр ішектің бас бөлігін мандренді ұзын инемен немесе жіңішке троакармен теседі. Тесу нүктесі малдың оң жағында, аш шұңқырдың ортасында, сергек пен ақырғы қабырғаның ортасын қосатын сызықтың бойында орналасады.

Ине кіретін жердің терісін аздап жылжытып, иненің үшін кеуде шеміршегіне қарай бағыттап еңгізеді. Инеден мандренаны шығарып алып, соқыр ішекті газдан босатады. Газ шығып болғаннан кейін сол ине арқылы залалсыздандыратын, газды сіңіретін дәрілердің ерітінділерін жібереді. Ине кірген жерде тіндердің өлі еттенуі болмас үшін оны бір сағаттан ерте шығармайды. Иненің орнын йодтың спирттегі ерітіндісімен залалсыздандырып, коллодиймен желімдейді.


Шошқалардың асқазанын тесу. Шошқаларға ауыз қуысы арқылы дәрілік затты беру кей кезде оңайға соқпайды және берілген дәрілік заттың толық мөлшері асқазанға түсті ме, жоқ па? Оны анықтау да оңай емес. Сонымен қатар ауыз қуысы арқылы берілген дәрілік заттың әсерінен аспирациялық бронхопневмония пайда болуы мүмкін. Олардың асқазанына зонд жіберу, оларға езуліктерді таңдау да оңай шаруа емес. Дәріні азыққа қосып берудің де нәтижесі айтарлықтай емес, себебі ауру шошқалар азыққа қарамайды. Міне, осындай жағдайларды ескерсек, онда дәрілік заттарды бірден асқазанға жіберудің маңызы айқындала түседі. Асқазанды төс шеміршектің тұсынан тесу малдың өміріне қауіпті емес және асқыну байқалмайды.

Бұл операцияны зертханалық тәжірибеде малдардың улануын анықтау үшін де қолдануға болады.

Шошқалардың асқазанын тесу онша қиын операция емес, шаруашылық жағдайында әрбір малдәрігері орындай алады. Ол үшін залалсыздандырылған Бобровтың немесе соған ұқсас инекциялық инелерді қолдануға болады.

Ұсақ малдарды арқасына жатқызып, ал ірі шошқаларды сол жақ жамбасына жатқызып бекітеді. Инені еңгізу нүктесі – малды арқасына жатқызғанда қарынның ақ сызығы мен ақырғы қабырғаның алдындағы қабырғаның доғасы арқылы жүргізілген сызықтың қиылысқан жері. Ал сол жақ жамбасына жатқызған малда бұл сызық осы нүктеден солға қарай 3-5 см ойысады. Ол жатқан малда ішкі ағзалардың орындарының аздап ауысуына байланысты.

Инені залалсыздандырылған нүктеден малдың сол жақ иық сүйегіне бағыттап, төмен және алға қарай еңгізеді. Иненің асқазанға дұрыс барған-бармағанын тексеру үшін инеден шығатын иіске көңіл аударады және шприц арқылы асқазанның жынын алып тексеруге де болады. Ине дұрыс орналасқан жағдайда оған шприцті қосып дәрілік заттарды, эмульсия ерітінділерін жібереді.
Дәріс-8 Компресс, клизмаларды қою техникасы
Жоспары:


  1. Компресс және оны қою техникасы.

  2. Клизмалар және оны қою техникасы

Компресс қою техникасы.

Жылулық процедурасын кез келген жағдайда және өте оңай іске асыратын әдіс – ол компресс қою. Организмді жылытатын компресс барлық ағзалардағы қан тамырларын біркелкі, ұзақ уақытқа кеңейтеді. Зат алмасу процесіне ферменттердің әсері жақсарады, фагоцитоз құбылысы артады, сұйықтардың жиналуы, тіндерге сіңуі бәсеңдейді. Компресстің организмді тыныштандыратын, керексіз сұйықтарды сіңдңретін, ауырсынғандықты басатын организмге тиімді әсерлері бар.

Компресстің бірнеше түрлері бар: ыстық, жылытатын, суық, спиртті, приснецепт, скипидарлы және термокомпресстер. Сондай –ақ қарапайым және қоздырғыш болып та жіктеледі.

Компресс 4 қабаттан тұрады:



  1. сіңіргіш-сорғыш қабаты;

  2. ылғалдылықты өткізбейтін қабат;

  3. жылулықты сақтайтын қабат;

  4. бекіту қабаты.

Ыстық компрессті қою үшін тығыз бұлдан алынған материалды бірнеше қабаттап, температурасы 70-80ºС сумен ылғалдап аздап сығады да, малдың терісінің сыртынан күні бұрын дайындалған жеріне орналастырады. Сыртынан саңылаулы резинкамен жабады. Оның сыртынан жылы затпен орап бекітеді. Ыстық компрессті 30 минутқа дейін ұстауға болады.

Тері қабынғанда, шихан, сыздауық, қотыр, ісік пайда болғанда қолдануға болмайды.



Жылытатын компрессте бірінші сіңіргіш қабаты жылы сумен ылғалданып, оның сыртынан су өткізбейтін қабатпен (клеенка, целлофан, хлорвинилді пленка және т.б.) жабады да, оның сыртынан жабылған жылуды ұстап тұратын қабатты бинтпен бекітеді. Бұл компресстің түрі жітілеу және созылмалы қабыну процестерінде қолданылады. Компрессті 5-7 сағат сайын ауыстыра отырып, күніне 2-3 рет қоюға болады. Процедура біткеннен кейін оның орнын құрғақ материалмен сүртіп кептіреді.

Кейбір созылмалы ауруларда приснецепті компресс қолданылады. Оның жылулық компресстен айырмашылығы онда су өткізбейтін қабат жоқ. Сондықтан жылу денеге өте жәй тарайды.

Бұл компресстерді де тері ауруларында қолдануға болмайды.

Спиртті компресс те жылулық компрессіне ұқсас. Тек оның сіңіргіш қабаты 30-80º спиртпен немесе арақпен ылғалданып, 5-7 сағатқа қойылады.

Суық компрессті қою үшін күні бұрын дайындалған бірнеше материалдарды мұзды сумен ылғалдап, ауырған жерге әрбір 5 минут сайын ауыстыра отырып басады. Мұндай компресс жіті қабыну процестерінде, қан аққанда қолданылады.

Іріңді өлі еттенген процестерде, абсцесс, флегмоналарда қолданбайды.



Скипидарлы компресстің тітіркендіру, көңілді басқа жаққа аудару қасиеттері тыныс алу жүйесінің ауруларын емдегенде жақсы нәтиже береді. Бірақта бүйректер мен қуықтың ауруларында кері әсер етеді.

Термокомпресстер сірке қышқылды натрий тұздарының ерітіндісімен толтырылған резинка қапшықтан тұрады. Қайнап тұрған суға салғанда тұз ериді де, ал суытқанда кері жүретін реакцияның әсерінен 6-8 сағаттай жылу бөлінеді. Міне, осы қасиеті малдәрігерлік тәжірибеде ауру малдарды емдеу үшін пайдаланылады.

Клизмалар.

Клизма – сұйықтарды немесе дәрілік заттардың ерітінділерін тік ішек арқылы еңгізу әдісі. Көбінесе емдік әдіс ретінде қолданылады. Малдың артқы бүйен ішектерін жуып тазалау үшін, оған дәрілік заттарды жіберу үшін, ішектерді рентген арқылы тексеруде оларға контрасты заттарды жіберу үшін таптырмайтын әдіс.

Жіберілетін дәрілік заттардың мөлшеріне байланысты макро- және микроклизмаларды ажыратады. Макроклизмада ірі малдарға 20 литрге дейін, ал ұсақ малдарға 3 литрге дейін ерітінділер жіберуге болады. Ондай әдіспен жіберілген ерітінділердің әсерлері бірінші күннен бастап-ақ білінеді және ешқандай кері әсері байқалмайды.

Жіберілген сұйықтардың сіңу тереңдігі олардың мөлшеріне, әр малдың организмінің өзіне тән физиологиялық ерекшеліктеріне, ерітіндінің концентрациясы мен температурасына, жіберу техникасына тікелей байланысты болады.

Клизмалардың жіберу әдістеріне қарай екі түрі бар:


  1. Гидравликалық клизмалар. Мұндай жағдайда сұйық резервуары малдың денесінен жоғары орналастырылады да, ерітінді өз салмағымен түтікше арқылы ағып, бағытталған жерге барады. Резервуар ретінде әртүрлі ыдыстар: кәтел, бак, воронкалар, металл резервуарлар және т.б. қолданылады. Ұсақ малдарға Эсмарх кружкасы қолайлы.

  2. Айдамалау клизмалары. Бұл жағдайда арнайы аппараттың көмегімен жіберілетін ерітіндіге белгілі бір деңгейде қысым түсіріледі.

Клизманы табиғи жағдайда тұрған малдарға жасайды. Оны белгілі бір себептермен орнынан тұра алмай жатып қалған малға да жасауға болады. Жіберілетін ерітіндіні күні бұрын дайындап алу керек. Клизма қояр алдында малдың тік ішегін нәжістен тазартып алған дұрыс. Оны тазалау клизмасы арқылы, оған мүмкіншілік болмағанда тіпті қолмен де істеуге болады. Одан кейін залалсыздандырылған дармтампонаторды (Darm – неміс тілінде «ішек», tampon – француз тілінде «тығын»), егер ол жоқ болса, онда бас жағында ұштығы бар резина түтікшені вазелинмен майлап, тік ішекке 25 – 30 см тереңдікке еңгізеді де, күні бұрын дайындалған ерітіндіні жібереді. Егер ерітіндіні жіберген кезде кедергі сезілсе, онда түтікшені аздап кері тартып барып қайтадан жібереді. Жіберген кезде ыдыстағы сұйықтың деңгейін қадағалап отырады. Оның деңгейі бірден кетіп қалмай баяу азаюы керек. Егерде клизма кезінде мал нәжіс бөлуге ыңғайланса, онда ерітіндіні жіберуді тоқтатып, аз уақытқа малдың құйрығын қысып ұстап тұру керек.

Жылқыларға терең клизма қою үшін ішек дармтампонаторлары қолданылады. Олардың 3 түрі бар:



  1. С.Г.Меликсетян ұсынған резинадан тұратын;

  2. Мейер ұсынған металлдан тұратын;

  3. М.З.Андрейцев ұсынған пластмассадан жасалған түрлері.

Резинадан жасалған дармтампонатор ұзындығы 18 см қапшық. Оны ерітіндіге толтыру үшін қолданылатын түтікшелері бар. Тампонатор тік ішекке қапшықтың сыртында орналасқан 3 тесікті резинка фланец арқылы бекітіледі.

Мейер ұсынған металлдан істелген тампонатордың сыртқы диаметрі 11,5 см, ортасында кішкентай шарикпен аяқталатын түтікшесі бар, кәдімгі қоңырауға ұқсас аспап. Оны малдәрігерлік тәжірибеде қолайлы болғандықтан жиі қолданады.

Пластмассадан тұратын дармтампонаторды кәдімгі су құятын пластмасса бөтелкелерінен оңай дайындап алуға болады. Ол үшін бөтелкенің жоғарғы жағын кесіп, пайда болған ауызға тығын дайындайды. Ол тығынның ортасынан пластмасса түтікшесі сиятындай тесік теседі де, сол жерге тік ішекке кіргізілетін түтікшені бекітеді. Осыдан кейін дармтампонаторларды залалсыздандырып, майлап, қолдануға дайын етеді. Оны ерітінді құйылған резервуармен қосып, ерітіндіні тік ішекке жібергенде тампонаторды қолмен ұстап тұрады.

Дармтампонаторлар арқылы клизманы зәр шығару жолында тас түзілгенде, капростаз болғанда, бүйен ішектер бұралып қалғанда қолдануға болады. Оны жылқыларға қолданғанда оларды станокқа бекітіп барып, өте сақтықпен клизма қояды.

Сондай-ақ, дармтампонаторларды тік ішекке жібергенде жылдам айналдырып, қатты қимылмен жіберуге болмайды. Ондай жағдайда тік ішектің жарылып кетуі мүмкін.

Айдамалау, қысым арқылы қойылатын клизманы жасау үшін ыстық және суық су құбырларының шүмегін пайдаланған дұрыс. Ол үшін судың қажетті температурасы мен белгілі бір уақытта ағу көлемін реттеу керек. Қалай болғанда да судың қысымы онша жоғары болмағаны дұрыс.

Клизмалар оларды тағайындау себептеріне байланысты жіктеледі:


  1. Тазалау клизмасы;

  2. Жуу клизмасы;

  3. Босаңсыту клизмасы;

  4. Қоректік клизма;

  5. Дәрілік клизма;

  6. Субаквалдық клизма.

Тік ішекке жіберілген су механикалық түрде ғана әсер етіп қоймайды. Суық су ішектердің жирылуын күшейтеді, су мен химустың бөлінуін жылдамдатады. Өте суық судан ішектің түйілуі мүмкін. Суық су клизмасы ішектерде метеоризм болғанда, нәжіс қатып қалғанда қолданылады.

Жылы су жүйке жүйесін тыныштандырады, аздап болса да ішектердің жирылуын үдетеді. Ал ыстық су ішектердің жирылуын әлсіретеді, кілегей қабықтарын жақсы тазалайды.

Ас тұзының изотоникалық, гипотоникалық ерітінділері рецепторларды аз тітіркендіреді. Ал гипертоникалық ерітіндісі ішектердің жирылуын күшейтеді. Кілегейлі ерітінділер, тұнбалар ішектердің жирылуын бәсеңдетеді. Дистілденген суға қарағанда, су құбырындағы судың тітіркендіру күші жоғары болады.

Тазалау клизмасын уақытша немесе ұзақ уақытқа нәжіс тоқтап қалғанда жылы сумен Эсмарх кружкасы арқылы іске асыруға болады. Жіберілген су ішектердің қабырғасына қысым түсіреді, оны созады, тітіркендіреді және нәжісті сұйылтады. Ішектің жирылуы күшейеді де, нәжіс жақсы бөлінеді. Ішектің жирылуы мен нәжістің сұйылуын жақсарту үшін су,а сабын немесе глицерин қосуға болады.

Кейде дені сау малдардың бөксе жағын рентгенге түсіріп зерттеу үшін тазалау клизмасын жасайды. Ондай жағдайда су резервуарын малдың денесінен 0,5 – 1,0 биіктікте ұстаса болғаны.



Жуу (сифонды) клизмасының тазалау клизмасынан артықшылығы онда тек нәжіс қана шығарылып қоймайды, онымен қоса, ұзақ уақыт жуғанда, кілегей қабықтағы ірің, улы заттар тазаланады.Ондағы патологиялық қоспалар жақсы еруі үшін әртүрлі ерітінділерді (физиологиялық, марганец қышқыл калий – 1:1000) қолдануға болады.

Ол үшін (40ºС) жылы ерітіндіні тік ішекке воронка арқылы жібереді де, воронканы төмен түсіру арқылы ішектің химусын шығарып, төгеді. Бұл процедураны бірнеше рет қайталауға болады. Артынан қолданылған инструменттерді жақсылап залалсыздандырады.



Босаңсыту клизмасы ішектердің жирылуын орташа реттейді, экссудат пен транссудаттың бөлінуін үдетеді, іш өткізеді. Алдыңғы клизмаларға қарағанда ішекті тітіркендірмейді, оның жирылуын күшейтпейді. Бұл клизма үшін өсімдік және минералды майларды, орта тұздардың гипертоникалық ерітінділерін қолдануға болады.

Майды жіберер алдында 30ºС-қа дейін қыздырып алады. Ірі малдарға 1,5 литрге дейін жіберуге болады. Әсері жақсы болуы үшін малдың құйрығын 15-20 минуттай анусқа қысып ұстап тұрады.

Ұсақ малдарға 50-300 мл мөлшерінде жайлап шприц-катетр немесе воронка-катетр арқылы жіберуге болады. Жібергеннен кейін 20 минуттай малды жатқызып ұстап отырады. Іш өткізу әсері 12-24 сағаттың аралығында білінеді.

Қоректік клизма. Малдәрігерлік тәжірибеде малдардың тәбеті болмағанда, ауыз қуысының әртүрлі жарақаттарында, малға танау-өңеш зондын жіберуге мүмкіншілік болмаған жағдайда қоректік заттарды тік ішек арқылы жібереді. Тік ішек арқылы жіберілген қоректік заттардың организмге сіңуі ауыз қуысы арқылы терілген азықтармен салыстырғанда көп төмен. Оның негізгі себебі бүйен ішектерде қажетті биохимиялық орта жоқ және қоректік заттар ондағы ірің бактерияларының әсеріне ұшырайды.

Қоректік клизманы қою үшін алдын ала тазалау клизмасы арқылы тік ішекті тазалап алады. Қоректік заттарды жібергеннен кейін малдың құйрығымен анусты қысып, 15-20 минуттай жауып тұрады.

Қоректік заттар ретінде көбінесе глюкоза, хлорлы натрий ерітіндісі; күріш,бидай, арпа, сұлы тұнбаларына және сүтке жұмыртқаның сары уызын қосып, күніне 2-3 реттен жіберіп отырады.

Қоректік клизманы қолдана отырып иттің қоңдылығын бірнеше жұма бойы бірқалыпта сақтауға болатын көрінеді.



Дәрілік клизма. Бұл әдіс малдәрігерлік тәжірибеде кеңінен қолданылатын клизманың түрі. Дәрілік заттарды тік ішек арқылы аз мөлшерде (20 мл-ге дейін) жібереді. Оны қояр алдында міндетті түрде тазалау клизмасын жасайды. Дәрілік затты резина түтікшесі арқылы шприцпен жәйлап, аз қысыммен, 30-40ºС температурада жіберген дұрыс. Дәріні жібергеннен кейін малдың құйрығын анусқа қысып 10-15 минуттай ұстап тұрады.

Дәрілік ерітінділерді тамшылату әдісімен де жіберуге болады Мұндай жағдайда дәрі жақсы сіңеді, ішектің қабырғасы созылмайды, оның жирылуына әсер етпейді, ауырсынғандық байқалмайды. Арнайы аппарат арқылы 1 минутта 40-80 тамшы дәрілік ерітіндіні жіберуге болады.

Бауырда, ас қорыту жүйесінде қан айналысы бұзылғанда – оймақ гүл, кофеин, диуретин ерітінділерін; ауырсынғандықты басу үшін – хлоралгидрат ерітіндісін; өкпелердің қабынуларында – хлорлы кальций ерітіндісін жіберуге болады.

Субаквалды клизма. Асқазан мен ішектер қабаттаса қабынғанда – гастроэнтеритте, оларды біртұтас жуу үшін иттерге қолданылатын клизма.

Алдымен тазалау клизмасын жасағаннан кейін 30 минут өткен соң Эсмарх кружкасына 30-40ºС температурадағы суды тік ішекке еңгізеді. Су қайта төгілмес үшін тік ішекке кіретін түтікшені жақсылап тығындайды. Эсмарх ыдысын 1,5-2,0 метр биіктікке көтеріп суды ит құсқанша жібереді. Егер ит тынышсызданса, онда суды жіберуді тоқтатады да, иттің тынышталуын осады.

Клизмадан кейін иттер 2 сағаттай тамақ қабылдамайды, ал одан кейін тәбеті қалпына келіп, жалпы жағдайы жақсарады.

Клизма уақытында иттің жалпы жағдайын үнемі қадағалап отыру керек.

Жүрек, бауыр, бүйректердің ауруларында; асқазанның ойық жарасында бұл клизманы қолдануға болмайды. Онда оны терең клизмамен немесе асқазанды жуумен алмастыруға болады.
Дәріс-9. Мал ауруларын физикалық күштермен емдеу әдістерінің техникасы
Жоспары:


  1. Физикалық емдеу туралы түсінік

  2. Сумен емдеудің негізі, техникасы

  3. Жылытқыштар, қыздырғыштар, вапоризация

  4. Шипалы балшықтармен, шымтезекпен және саз балшықтармен емдеу техникасы

  5. Парафинмен, озокеритпен емдеу техникасы.

  6. Жарық сәулелерімен емдеу техникасы.

Физиотерапия

Физиотерапия – (гр. physis – табиғат; therapeia – емдеу) организмге сыртқы ортаның кейбір табиғи күштерінің немесе қолдан жасалған физикалық факторлардың әсерлерін ауруларды емдеу және олардан сақтандыру үшін қолдану әдістерін оқытатын ілім.

Табиғи физикалық факторларды ем ретінде қолдану өте ерте кезде қолға алына бастаған. Бірақ ол кезде емдеу әдістеріне ғылыми негіз қаланбаған. Ол факторлардың негізін түсініп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп қолдану біздің эрамыздың XVII ғасырынан басталады. Ал физиотерапия жеке пән болып оқу орындарында XX ғасырдан бастап оқытыла бастады.

Мадәрігерлік тәжірибеде физикалық факторларды мал ауруларын емдеу және олардан сақтандыру шаралары ретінде қолдану туралы деректер XX ғасырдың 30-шы жылдарында жарыққа шықты.

Физикалық факторларды пайдаланудың негізі:


  • физикалық факторлар мал организміне терінің және кілегей қабықтардың рецепторлары арқылы әсер етеді;

  • кез келген физикалық факторларда энергияның қоры болады, ол мал организміне беріледі;

  • энергия организмге сіңірілгенде тітіркену пайда болып, рефлекс құбылысы іске қосылады.

Физикалық емдеу әдісін таңдап алу аурудың жағдайына байланысты жүргізіледі. Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданылатын әдістер:

  • ыстықтық-суықтықпен емдеу;

  • сумен, шипалы балшықпен, шымтезекпен, парафинмен, озокеритпен, құммен және басқа да механикалық әдістермен емдеу;

  • электр тоғымен емдеу;

  • жарық сәулесімен емдеу.

Ауруларды емдеуде ыстықтық пен суықтықты пайдалану өте көп тараған, ертеден келе жатқан әдістердің қатарына жатады. Бұл әдістің негізгі мақсаты – мал организмінде олар ауырған кезде болатын ауытқуларды қалпына келтіру.

Ыстықтық-суықтық ең бірінші кезекте терінің рецепторларына әсер етеді де, ол әсер шартты және шартсыз рефлекстер арқылы барлық организмге тарайды. Мал организмінің сыртқы ортаның ерекшеліктеріне бейімделуіне жағдай туғызады.

Емдік ретінде су мен жылулықтың табиғи және жасанды түрлерін пайдаланады. Суды пар, мұз, қар ретінде де қолдануға болады. Міне сондықтан да, сумен емдеу әртүрлі температурадағы суды емдік ретінде пайдалану әдісі. Кей кезде бұл әдіс механикалық және химиялық тітіркендіру әдістерімен қабаттаса жүргізілгенде жоғарғы нәтиже алуға болады.

Сумен емдеу оның төмендегідей физикалық және химиялық қасиеттерінің ерекшеліктеріне сүйене отырып жүргізіледі:



  • су – тітіркендіргіш (бұл жерде оның температуралық факторының әсерінің рөлі зор);

  • су – еріткіш және температураны жеткізуші;

  • судың жылу сиымдылығы жоғары (1 грамм затты 1 градусқа жылытуға кететін жылудың мөлшері, грамм/каллория);

  • Судың жылу өткізгіштігі жоғары (1 º температурада көлдененң кесінің көлемі 1 см² заттан 1 секундта өтетін жылулық - каллория).

Сумен емдеудің жалпы және жергілікті процедуралары бар.

Сумен және жылулықпен емдеудің биологиялық негізі:



  • жылулықты рефлекс арылы реттеу;

  • терінің рецепторларына және тері астына жиналатын экссудат, транссудаттардың таралуына оң әсер ету арқылы ісікті болдырмау;

  • жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтеріне оң әсер ету: суықтықты жүрек тұсына басқанда жүрек сирек және күштірек соғады, ал жылулық керісінше әсер етеді;

  • жүйке жұмысына оң әсер етеді: аз уақыт әсер еткенде оны қоздырады; көбірек әсер еткенде, керісінше, әлсіретеді. Судың жергілікті жансыздандыру әсері осыған байланысты;

  • бұлшық еттерге әсері: аз уақыт әсер еткенде бұлшық еттердің жирылуы күшейеді, көбірек әсер еткенде әлсірейді. Невралгиялық шаншуларда ыстықтық пен суықтықты қолданғанда судың осы әсеріне сүйенеді;

  • қанның құрамына әсері: қан элементерінің саны иен гемоглобиннің мөлшері көбейеді; жылулықтың әсерінен қарсы денелер жақсы түзіледі, ал суықтық оны әлсіретеді;

  • тыныс алу жолдарына әсері: суықтық аз уақыт әсер еткенде дем алу сирек және толық болады. Ал жылулықпен әсер еткенде дем алу жиі және үстіртін болады;

  • зат алмасу процесіне әсері: суықтықпен қалыпты жағдайда әсер еткенде организмде химиялық энергияның түзілуі жақсарады, ал жылулықта - әлсірейді;

  • тер мен зәр шығаруға әсері: тер су ваннасында 40º, су буында одан жоғарырақта, жарықта 50-60º, құрғақ ауада 60-70º болғанда жақсы шығады. Температура бұл көрсеткіштерден жоғары болғанда тердің шығуы азаяды. Ыстықтық пен суықтықтың әсерлерінен зәр шығару уақытша молаяды.

Ыстықтық пен суықтықты төмендегідей жағдайларда қолдануға болады.

Суықтық процедураларын:


  • әртүрлі қабыну процестерінде: жіті және іріңді түрлерінен басқа;

  • бұлшық еттердің жирылуын күшейту үшін;

  • зат алмасуын жақсарту үшін;

  • қан тамырларының өзегін тарылту үшін;

  • капиллярлардан аққан қанды тоқтату үшін.

Жылулық процедураларын:

  • қабыну процесінде түзілетін зиянды, токсикалық заттарды таратып, сіңіру үшін;

  • іріңді процестердің жетілуін жылдамдату үшін;

  • жарақаттанған тіндердің жазылу процесін жақсарту үшін;

  • тер шығару үшін;

  • бүйректердің жұмысын реттеу үшін;

  • жергілікті қан мен лимфаның айналысын жылдамдату үшін.

Жылулық және суықтық процедураларын төмендегідей жағдайларда қолдануға болмайды.

Суықтықты:



  • жедел іріңді процестерде;

  • өлі тіндер пайда бола бастағанда;

  • қан азайғанда.

Жылулықты:

  • қатерлі ісіктерде;

  • қан аққан кезде; аневризмдерде;

  • жүректің орны толтырылмайтын жеткіліксіздіктерінде.

Сумен байланысты процедураларды тері жарақаттарында (ылғалды экзема, гангрена) қолдануға болмайды. Мысықтар су процедурасына шыдамсыз келетінін ескеру керек.

Сумен емдеу

Сумен емдеудің негізгі тәсілдері. Сумен емдеуді анықтап, оның дозасын белгілеу үшін 3 жағдайды ескеру керек:



  1. Судың тітіркендіру күші мен механикалық қысымының мөлшерін;

  2. Әсер ететін уақытының ұзақтығын;

  3. Әсер ететін дененің көлемін.

Малдәрігерлік тәжірибеде сумен емдеу үшін жиі қолданылатын әдістер:

  • сумен жуу – арнайы аспаптарды пайдалану арқылы орындалады;

  • Суды белгілі бір биіктіктен малдың желке тұсына, арқасына, ішіне, аяғына құю;

  • суланған затты денеге басу, таңып қою;

  • Майер, Меликсетян, Андрейцевтердің дармтампонаторларын қолдана отырып, тік ішек арқылы клизма қою;

  • арнайы щеткаларды, жөкені және т.б. заттарды пайдалана отырып сумен ысқылау;

  • әртүрлі зондтармен малдың асқазанын, алдыңғы қарыншақтарын жуу;

  • акушерлік-гинекология ауруларында малдың жатыры мен қынабын жуу;

  • компресс қою;

  • жалпы және жергілікті ванналарды пайдалану.

Малдәрігерлік тәжірибеде ванналардың бірнеше түрлері бар:

  • емдеу ваннасы – ваннаға емдік дәрілік заттарды салып малды шомылдыру;

  • тұзды ванна – 300 литр суға 1-5 кг ас тұзын салып ерітеді;

  • креолин ваннасы -  100 литр суға 2,5 кг тазаланған креолинді қосады;

  • лизол ваннасы - 100 литр суға 2 литр лизол қосады;

  • күкіртті натрий ваннасы;

  • темекі ваннасы - 50 литр суға 7,5 кг темекі салып қайнатады да, суыған ерітіндіге 1 кг карбол қышқылы мен 1 кг натрий сілтісін қосып, көлемін 250 литрге жеткізеді;

  • Гауффе ванасы.

Жергілікті ванна малдың аяқтарына, емшектеріне қолданылады.



  • Душтар денеге температуралық және механикалық әсер етеді. Олардың судың температурасына байланысты бірнеше түрлері бар: суық (16-23º), индиферентті (28-33º), жылы (33-40º), ыстық (40º-тан жоғары). Душтағы судың қысыма байланысты: төменгі қысымды (0,3-1 атм.), орташа қысымды ( 1,5-2 атм.) және жоғарғы қысымды (3-4 атм.) болып бөлінеді. Душтағы судың шашыратылу түрлеріне байланысты: жаңбырлатқыш, циркулды, шанышқылайтын, шаңды, жоғары бағытталған, жылулықты реттейтін душтар бар. Кейбір душтар оларды ұсынған авторлардың аттарымен аталады. Мысалы, малдәрігерлік тәжірибеде Шарко – шапшып ағатын, Шотланд – желпіп шашырататын душтар қолданылады.

  • Малдың денесін сергітіп, организмнің тонусын жоғарылату үшін шомылдыру әдістерін қолданады;

  • Жоғарыда айтылып кеткен вапоризация әдісі;

  • Құрғақ жылулық пен салқындату процедуралары қолданылады. Ол үшін әртүрлі фендер және электр қыздырғыштары пайдаланылады. Әртүрлі фендер ылғалды экземада, үсікте, жатыр ауруларында және ісіктерде пайдаланылады. Электрогрелкаларды плевраның, өкпелердің, бұлшық еттердің, буындардың қабынуларында қолдануға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет