Пайдаланылған әдебиеттер:
Негізгі:
1. Бизақова Ф., Мамашбаева Ш. Отбасылық дағдарыс психологиясы. -Астана: Фолиант, 2010ж.
2. М.В.Коляева. Отбасын қолдау орталығы қызметкерлерінің әдістемелік құралы.- Шымкент: 2007ж.
3. Отбасы педагогикасы. Т.Н.Жүндібаева. -Алматы: «Экономика»баспасы ЖШС, 2014ж.
4. А.А.Шарафадин. Отбасында ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттырудың педагогикалық шарттары. -Алматы: 2004ж.
5. Капенов А.А. Қазақ отбасындағы мектеп жасына дейінгі баланың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру.-Алматы, 2009ж.
6. Жұмаханов Ә. Семьяда балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің кейбір мәселелері.-Алматы, 1986ж.
7. Атемова Қ.Т. Отбасында баланың іс-әрекетін ұйымдастыру жолдары.
-Алматы: 2002ж.
Қосымша:
1. С.М. Жақыпов, Ф.Ә.Бизақова. Білім беру жүйесінде қолданылатын психокоррекциялық жаттығулар.-Тараз: Қорғау, 2006 ж.
2. С.М. Жақыпов, Ф.Ә.Бизақова. Білім беру жүйесінде қолданылатын психодиагностикалық жаттығулар.-Тараз: Сенім, 2006ж.
3. Төребаева К.Ж., Есенғұлова М.Н. Психологиялық-педагогикалық диагностика. -Алматы: Атамұра-Қазақстан, 2012ж.
17. Дәріс тақырыбы: Отбасы әлеуметтендіру және тәрбиелеу субьектісі ретінде
Дәріс жоспары:
1.«Отбасы» және «отбасы тәрбиесі» туралы.
2.Отбасы әлеуметтік институт ретінде.
3.Отбасы типтері (түрлері).
Дәрістің мазмұны:
1 «Отбасы» және «отбасы тәрбиесі» туралы ұғым
«Отбасы деген не, оның мәні неде, қоғам қандай рөл атқарады, әр адамға не береді?» деген сұрақтарды жан-жақты қарастырып, шешу кезінде көптеген ойшылдар, ғалымдар атсалысқан. Мысалы: ежелгі грек ойшылы Платон «Адамдар отбасын құру үшін болашақ өмірдегі серігінің қандай отбасынан шыққанын, оның әке-шешесі мен ата-балаларын жақсы білуі қажет» деген екен. Ал, Аристотель болса, «отбасы – адамдардың қарым-қатынастарының ең бірінші түрі және ол мемлекеттің бірінші кішігірім бөлігі» деп санаған. Ол «Баланы жөргегінен бастап, барлық жақсы қасиеттерге баулуға болады және бала 7 жасқа дейін өзінің отбасында тәрбиеленуі керек, ең бастысы кішкенелер үшін олардың дене мүшелерін дұрыс жетілдіру, дұрыс тамақтандыру, шынықтыру керек» дейді.
Классикалық неміс философиясының өкілі Кант отбасы мәселесін қарастыра отырып, ондағы адамдардың құқықтық мәселелеріне көп көңіл білген. Фихте отбасының негізі – махаббат десе, Гегель бірінші болып отбасы мен некенің тарихи формаларын көрсеткен.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап отбасына деген тарихи көзқарастар толықтырыла түсті. Мысалы, 1877 жылы шыққан «Ежелгі қоғам» атты кітабында Л. Морган отбасының тарихын, оның некелі қарым-қатынасын, экономикалық, әлеуметтік дамуын және қызметін қарастырған. Одан кейінгі уақыттарда отбасы туралы марксистер де жазды. Соның бірі – Ф. Энгельстің 1884 жылы шыққан «Отбасының, жеке меншіктің және мемелекеттің шығуы» атты еңбегі. Мұнда Ф. Энгельс жанұяны тарихи категория ретінде қарастырып, оның формаларының байланысын, даму жолдарын көрсетті.
Зерттеудің дереккөздері: Отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі Чехтың ұлы педагогы Ян Амон Коменский еңбектерінің төрінен орын алған. Ол тәрбие негізі ретінде отбасын бөліп қарастырып, оны білім беру жүйесінің алғашқы сатысы «Ана мектебі» деп көрсетеді. Өйткені, бала адамгершіліктің негізгі түсініктерін отбасында алып, алғашқы адамдық қасиеттерін отбасында қалыптастырады.
Орыстың ұлы педагогы К. Д. Ушинский баланы дұрыс тәрбиелеу туралы былай деп жазды: «Адамның жеке қара басы біреудің жеке басының қалыптасуына және дамуына әсер ете алады, мінезінде қалыптастыру үшін де мінезбен әсер ету керек».
Отбасы тәрбиесі туралы орыстың педагогы А. С. Макаренко: «Әрбір отбасы сырттан алынған даяр рецептілерді пайдаланбай әрдайым .... өмір мен адамгершіліктің жалпы принциптік системасы пайдаланып, көптеген педагогикалық мәселені өзі шешуі керек», - десе, Н. К. Крупская: « Балаға деген сүйіспеншілікті россиялықтар шығыс халықтарынан үйренсін», - деп орынды айтқан.
Бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес. Ол үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан халық өмір есігін енді ғана ашқан бөбек тәрбиесін бесіктен бастаған. Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» еңбегінде:
“Ақ сүтпен бірге сіңген жақсылық,
Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.
Ет сүйекпен бірге біткен қылығың,
Өзгермейді салғанша ажал құрығын” – деп ана сүтімен дарыған қасиетті дәстүрлер халықтың салт-санасынан берік орын алатындығын айтса, бірде:
"Кейін өзің қалмау үшін табаға,
Жөнге салып, ие болғын балаға"- деп, бірде:
"Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,
Өнерімен қуантады түбінде.
Бала нені білсе жастан, ұядан -
Өле-өлгенше соны таныр қиядан.
Өнер-білім берем десең басынан,
Бер оқуға балаларды жасынан,
Ата-анадан өсіп ұрпақ тараған,
Жақсы-жаман болса, бала соларда," - деп ата-аналарға өсиет айтады.
Қазақтың ұлы ақыны Абай да отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-аналар тарапынан жол берілетін кемшіліктерді ескере отырып, отбасы тәрбиесін ұйымдастыруда кеңестер береді. Нақтырақ айтатын болсақ, Абай өзінің 10-сөзінде: "Әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны берем, міне мұны берем деп, баста балаңды алдағаныңа мәз боласың. Соңында балаң алдамшы болса, кімнен көресің?" деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды. Ондай-ақ "Адамның адамшылығы - ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады" деп көргендікпен ой түйіп, бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетасы ата-ана арқылы отбасында қаланатындығын айтады.
"Балаға берілген бірінші тәрбие - ата-анасын, туған туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады" дейді ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин.
Қазақ ағартушыларынан С, Көбеевте отбасы тәрбиесі мәселелеріне аса үлкен мән берген. С. Көбеевтің 1955 жылы "Коммунизм жолы" газетінде "Баланы семьяда тәрбиелеу" атты мақаласы жарияланды. Бұл еңбегінде бала тәрбиесінің қыр-сырына тоқталған. Отбасындағы тәрбиеде ұсақ-түйек есебінде көңіл аудара бермейтін жағдайларға оқытушы терең мән беріп, педагогтік тұрғыдан талдаулар жасайды. Ата-аналардың балалары алдындағы беделі отбасындағы тәрбие нәтижесі екендігін атап көрсетеді.
"Отбасы" деген сөз әлеуметтік өмірімізде ертеден орын алса да "семья", "жанұя","үйелмен" деген сөздер оның орнын алмастырып жүр. Өйткені олардың түпкі мағынасы - әке мен шешенің және қандас адамдардың тіршілік ету кезіндегі бірлігі, одағы. Әйтсе де "отбасы" деген терминнің өзіндік мағынасы бар. Себебі адам тіршілік барысында қажеттілігіне байланысты от жағып, үй салады, жұптасып отбасын құрады, ұрпақ сүйіп, өмірін үрпақтан-ұрпаққа жалғастырады. Отбасы сөзінің мағынасы терең, адамның әлеуметтік өмірін айқындайды. Сондықтан соңғы кезде жарық кқрген күрделі еңбектердің мазмұнынан "отбасы" деген термин орын алған. Отбасы тәрбиесі - барлық тәрбиенің негізі. Өйткені, балалардың туған кезінен бастап, есейгенге дейінгі уақыт аралығында өміріне арқау болатын тәлім-тәрбие отбасы мүшелері (әке, шеше, ата, әже, аға, апа, жеңге, жезде және т. б.) арқылы беріледі. Олар баланы ата-бабаның өміріндегі еңбек және қоғамдық іс-әрекеттің барысында ғасырлар бойы жинаөтаған тәжірибесінен өнеге алып, оны құрметтеуге, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылуға, қоршаған ортасын танып, онымен қарым-қатынас жасауға және баланы өз бетімен әрекет етуге бейімдеп отырған.
Достарыңызбен бөлісу: |