Негізгі әдебиеттер:
Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. – Алматы, 1992
Койгелдиев М.К. Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920-1940-х годов. Алматы, 2009
Қазақ қалай аштыққа ұшырады? (Қасіретті жылдар хаттары). – Алматы, 1991
Қозыбақова Ф.А.Қазақстандағы кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің аграрлық саясаты және оның салдары (1920-1930 жж.). учебное пособие. – Алматы, 2011 5,4 п.л
Мұхатова О.Х. Қазақстанда ірі байлардың мал-мүлкін тәркілеу мәселелері.(1940-1980 жж) // Отан №2/99 53-59 б.
Қосымша әдебиеттер
Алаш қозғалысы: Құжаттар мен материалдар жинағы: сәуір 1920-1928 жж. /Бас ред.: Қойгелдиев М.Қ.; Жауапты құраст.:Грибанова Е. М., Жағыпаров Н. Р. – Алматы: Ел-шежіре, 2007.– 304 б.
Қонаев Д.А. Ақиқаттан атауға болмайды – Алматы, 1994.
Рысбекова С. Социальная модернизация традиционного общества в Казахстане (1920-1936 гг.) // Издательство «Арыс», - Алматы, 2013. 370 с.
Тақырып 5. Қазақстандықтардың фашистік агрессорларға қарсы майдандағы және тылдағы ерліктері. Соғыс жылдарындағы ғылым, білім және мәдениет
Дәріс жоспары:
1.Фашистік агрессорларға қарсы соғыстың басталуы және Республика өмірін соғыс қажетіне бейімдеу.
2.Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар. Жауынгерлердің ерліктері - ата-баба қаһармандығының дәстүрлі жалғасы.
3.Соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің еңбектегі ерен ерлігі соғыстың қорытындылары мен сабақтары
4. Соғыс жылдарындағы ғылым, мәдениет және халыққа білім беру қызметі.
Ұлы Отан соғысында Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауды қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.
Гитлер тұтқиылдан шабуыл жасау арқылы КСРО-ның негізгі қарулы күштерін аса қысқа мерзімде күйретеміз, сөйтіп соғысты 1941 жылдың күзіне қарай аяқтаймыз деп есеп құрды. КСРО-ға қарсы агрессияның “Барбаросса” деп аталған жоспары соғыс басталмастан бұрын дайындалды. Фашистік Германия басшыларының алдына қойған басты міндеттерінің бірі Кеңес мемлекетін өздерінің басқаруына ыңғайлы болу үшін бөлшектеу. Бұл жоспарды жасаған кезде фашистік Германияның билеушілері КСРО-ны “көп ұлтты жасанды тұрақсыз бірлестігі, ішкі бірліктен жұрдай, этностық конгломерат” деп есептеді. Фашистер басып алынатын Кеңес аумағында Остланд (Белорусь пен Балтық жағалауы) Украина, Московия (Ресей) және Кавказ, елдің шығыс шет аймақтарында Түркістан және Еділ-Орал рейхкомиссариатын құруды жоспарлады. “Ғылыми зерттеу институты” деп аталған “Арбайтегемайншафт Түркістан” атты жоғары барлау мектебі құрылып, болашақтағы “Үлкен Түркістан” картасын әзірледі. Оған Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Шыңжаң, Ауғанстан бір бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекет құру идеясы экономикалық және саяси мақсат көздеуден туындады.
Республика экономикасын соғыс жағдайына лайықтап қайта құру жүзеге асырылды. Жаңа кәсіпорындардың, Қарағанды шахталарының, Жезді, Қоңырат, Мырғалымсай, Найзатас кеніштерінің, бірқатар байыту фабрикаларының, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының, Текелі және Өскемен қорғасын-мырыш комбинаттарының құрылысы жедел қарқынмен жүргізілді. Майданға жақын өңірлерден өнеркәсіп орындарын елдің шығыс аудандарына көшіру жүзеге асырылды. Оның ішінде 220 зауыт пен фабрика, цехтар мен артельдер Қазақстанға орналастырылды. Республика тамақ өнеркәсібінің 54, жеңіл және тоқыма өнеркәсібінің 53 кәсіпорны көшіріліп әкелініп, негізінен қалпына келтірілді. Бірқатар кәсіпорындардың жабдықтары салынып жатқан өнеркәсіп кешендерін аяқтау үшін пайдаланылады. Машина жасайтын, металдар өңдейтін, шағын қозғалтқыштар (двигательдер), оқшаулағыш материалдар, радио аспаптарын, таразы және тігін машиналарын шығаратын 20 шақты зауыттың технологиялық майдан қажетіне лайықтап қайта құру қажет болды. Авиация жарақтарын, қопарғыш машиналар, траншеялық огнеметтер, электр торпедаларын, теңіз машиналарын, танк новигациялық өнеркәсібіне арналған трестер және қарудың басқа да мейлінше маңызды түрлерін шығару игерілді. Көшіріліп әкелінген зауыттар мен фабрикалар негізінен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды, Ақтөбе қалаларына орналастырылды. Оларды орналастырған кезде соғыс уақытының талабы – қалпына келтіру жұмыстарының мейлінше асығыс болуы, майдан үшін өте қажетті өнімді мүмкіндігінше тезірек беру жағы ескерілді.
Соғыс кезінде Казақ КСР-і КСРО-ның аса ірі мал шаруашылық базасына айналды. Колхозшы шаруалар мемлекеттік маңызы бар міндеттерді құлшына орындап, отаншылдық үлгісін танытты.
Брест қамалын қорғаушылар арасында қазақстандықтар А.Наганов, қатардағы жауынгер А.Мүсірепов, саяси жетекші В.Лобанов, кіші сержант Қ.Иманқұлов, зеңбірекші-пулеметші К.Жұматов, В.Фурсов, Т.Тұрдыев, Ш.Шолтыров және басқалар болды. Майдан даласында ұрыс салған мыңдаған қазақстандықтар отаншылдық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Мәскеу түбінде генерал-майор И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-атқыштар дивизиясы ерлікпен шайқасты. 1941 жылғы қарашада Дубосеково разъезі түбінде ұрыс салған 1075-атқыштар полкінің танк жоюшылар тобының ерлігі елге мәлім болды. Осы топта болған ротаның саяси жетекшісі В.Г.Клочковтың: “Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Мәскеу” – деген жалынды сөзі бүкіл майданды шарлаған ұранға айналып кетті. Мәскеу үшін шайқаста И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті.
Қазақстандық партизандардың жалпы саны 3,5 мың адамнан асып түсті. Олардың қатарындағы Қ.Қайсенов (кейін Халық Қаһарманы), .Ағаділова, Е.Воробьева, П.Семенова, Д.Ә.Әбдрайымов, Ә.Шәріпов, У.Оразбаев, Ж.Саин, Ж.Нәметов, Т.Жұмабаев т.б. қаһармандық ерліктерімен тарихта қалды. Жүздеген қазақстандықтар шетелдердегі қарсыласулар қозғалысына қатысты. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батырлары А.С.Егоров пен З.У.Хусайыновтың есімдері белгілі болды. Тек үш елдің ғана – Францияның, Италияның, Болгарияның қарсыласу қозғалысы күрескерлерінің қатарында 180 қазақстандық ерен ерлікпен шайқасты.
1945 жылы қазан айында КСРО үкіметі Қазақ КСР Ғылым академиясын құру туралы шешім қабылдады. Қ.И.Сәтбаев бастаған Қазақстан ғалымдары қара, түсті және сирек кездесетін металлдарды, жанатын пайдалы қазбаларды, су және энергетика қорын майдан қажеттеріне жұмылдыру бағытында жұмыс жүргізді. Қ.И.Сәтбаевқа Жезқазған мыс кен орындарына сіңірген көпжылдық еңбегі үшін 1942 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді, көшіріліп әкелінген Мәскеу авиация институты, Мәскеу түсті металдар мен алтын институты, Киев және Харьков біріккен мемлекеттік университеті білікті кадрлар даярлап шығара бастады. Соғыс кезінде Алматыда Мемлекеттік шет тілдер педагогика институты, Шымкент технология институты, Қазақ Мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика институты ( 2008 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті), Дене шынықтыру институты құрылды. Әдебиет пен өнер соғысып жатқан халықтың қуатты идеялық қаруы болды. Қазақстаннан 100-ге жуық жазушы мен ақындар соғыс майдандарында шайқасты. М.Әуезовтің көптомдық “Абай” эпопеясының бірінші кітабы, С.Мұқановтың өмірбаяндық “Өмір мектебі” повесі, Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ғ.Мұстафиннің “Шығанақ”, Ә.Әбішевтің “Жас түлектер” повестері бүкілодақтық оқырмандарға қазақ кеңестік прозасының идеялық және көркемдік жағынан кемеліне келгенін көрсетті. Қазақ әдебиеті С.Мәуленов, Ж.Молдағалиев, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин сияқты жаңа есімдермен толықты. Майдангер-офицер Б.Бұлқышевтің публицистикалық мақалалары елеулі құбылыс болды. Ж.Сайн, Қ.Аманжолов майданда жүріп жалынды жырлар жазды. Жамбылдың “Ленинградтық өренім” өлеңінің маңызы бүкілодақтық дәрежеге көтерілді.
Достарыңызбен бөлісу: |