Негізгі әдебиеттер:
Алдажуманов К.С., Алдажуманов Е.К. Депортация народов преступление тоталитарного режима. А., 1997.
Алдажуманов К.С., Козыбаев М.К. Тоталитарный социализм: реальность и последствия. –Алматы, 1997.
Исторический опыт защиты Отечества. Военная история Казахстана. А., 1999.
Козыбаев М.К. Казахстан-арсенал фронта. А., 1983.
Қосымша әдебиеттер:
Жакупбеков С.К. История легкой индустрии Казахстана. А., 1984.
Козыбаев М.К. Историческая наука Казахстана. А., 1992.
Тақырып 6. Жеке басқа табынудың «шарықтауы» және «жылымық»
Дәріс жоспары:
1.Соғыстан кейінгі Қазақстан халық шаруашылығындағы қиыншылықтар мен проблемалар
2. Партиялық бақылаудың күшеюі, тарихи зерттеулерден ұлтшылдықты іздестіру (Е.Б.Бекмахановтың, Қ.И.Сәтбаевтың,Б.Сүлейменовтың т.б еңбектері)
3. Н.Хрущевтың «жылымығы» және экономиканы басқару саласындағы тиянақсыз реформалары.
4. Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің кезеңдері, табыстары, экологиялық және демографиялық зардаптары Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру
Екінші дүниежүзілік соғыста аса маңызды жеңіске жеткен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (КСРО) бейбіт құрылысқа көшті. Соғыстан бұрын-ақ жеке билік орнатып алуға қол жеткізген коммунистік әкімшілік қолында күші бар ведомстволарды пайдалана отырып, билік басында бұрынғыдан да мығым отыруға мүмкіндік алды. Соғыс ауыртпалығын өз көздерімен көріп, жан дүниелерімен сезінген Кеңес адамдары күшті жаумен болған аса ауыр соғыста “Жеңісті асқан кемеңгерлікпен ұйымдастыра білген” компартияға шын сеніммен қарады. Большевиктер билікке келгеннен бергі уақытта болып жатқандардың бәрі бұлтартпас ақиқаттай, өте орынды болып көрінді. Бұқараға шаруашылықтағы, әлеуметтік-мәдени өмірдегі қиындықтар өтпелі әрі уақытша сияқты болып, келешекке сеніммен қарады.
Соғыстан кейінгі жылдарда елдегі қоғамдық-саяси өмірде жұрттың ой-пікіріне қатаң бақылау орнату, коммунистік идеологияның ықпалын күшейтіп, басқаша орнату, коммунистік идеологияның ықпалын күшейтіп, басқаша ойлаумен күрес жүргізу, демократияны барынша шектеумен сиппатталды.
Тарихшы Е.Бекмахановтың Кенесары Қасымұлы туралы материалы мен 1946 жылы КСРО Ғылым Академиясында қорғаған докторлық диссертациясы негізінде жазылған “ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан” деген атпен жарияланған монографиясы жайында даңғазалық, айқай-шу етек алды.
Осындай олқылықтарды түзету жөнінде шаралар қолданбады, кадрларды жерлестік қағида бойынша іріктеді, мемлекеттік қаржыны жұмсауда жіберілген елеулі кемшіліктерге Ғылым Академиясының төралқасы немқұрайды қараған деп орынсыз жазғырып, Қ.И.Сәтбаевты орнынан алды. 1952 жылы сәуірде Қазақстан Ғылым Академиясының президенті болып Д.А.Қонаев сайланды.
Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмысты істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас еркіндігінен айрылып, алыс лагерьлердің біріне айдалды. Бір кезде өзімен істес болған кейбір ірі ғалымдардың араласуымен Бекмаханов 1954 жылы ақталып шықты.
Е.Бекмахановпен қатар, 1952 жылы Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым М.П.Русаков, академиядан шығарылған А.Қ.Жұбанов, Қ.Ж.Жұмашев, тарихшы Б.Сүлейменов, филолог-ғалымдар Е.Исмайылов пен Қ.Мұхаметқанов, соңғысы Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселелерінде жіберген ұлтшылдық қателері үшін қамауға алынып, ұзақ мерзімге сотталған. Сондай-ақ, Ә.Марғұлан, Ә.Әбішев, С.Бегалин сынды ғалымдар мен жазушылар саяси және буржуазиялық-ұлтшылдық қателіктер жіберді деп айыпталды. Ғылым Академиясының Президенті Қ.И.Сәтбаев «Едіге батырға» алғысөз жазғаны үшін «ұлтшыл» атанса, М.Әуезов 1945 жылы жарық көрген «Абай өмірінің және творчествосының биографиялық очеркі» еңбегінде Абайды «феодалдық ақындар Шортанбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев ортасында суреттегені» үшін қудаланады. Сол кездегі ахуалдың төзгісіз болғаны соншалық Қ.И.Сәтбаев, М.Әуезов, А.Жұбанов және басқа көрнекті ғалым, мәдениет қайраткерлері республикадан кетіп қалды.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін қуғын-сүргін науқаны біраз баяулады. Сталиннің өз кезінде жоспарланған Қазақ КСР Ғылым Академиясының тарих, археология, этнография институтын, тіл және мәдениет институтын, Кеңестік жазушылар Одағын «ұлтшылдардан» тазалау саясаты тоқтатылды. Кезінде ОГПУ, НКВД-ні басқарып, әкімшіл-әміршіл жүйенің адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарын заңдастырған Берия ату жазасына кесілді. «Үштіктер», «Бестіктер», «Ерекше кеңес» жойылып, ГУЛАГ МҚК-не берілді. Бірақ бұл әкімшіл-әміршіл жүйенің күйреуі емес болатын.
Сотталған адамдар бұрынғыша лагерьлерде отырды, ал адам құқығының аяққа басылуына Сталиннің өзі сияқты қатысты болған көптеген саяси қайраткерлер жоғарғы өкімет билігінде отыра берді.
КОКП-ның ХХ съезі (1956 жылғы 14-25 ақпан) Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған және әшкерелеп, өкіметтік билікті пайдалануда жіберілген қателіктер мен асыра сілтеушіліктерді жоюдың шараларын белгіледі. Осы съезден кейін Қазақстанның бірқатар мемлекеттік қайраткерлері С.Асфендияров, О.Жандосов, О.Исаев, Л.И.Мирзоян, С.Меңдешов, М.Масанчи, Н.Нұрмақов, А.Розыбакиев, С.Сейфуллин есімдері қайта қалпына келтірілді.
Тарихта «жылымық» деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі біршама босаңси бастады. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін туғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз адамдар лагерьлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Бекмаханов, Қ.И.Сәтбаев, М.Әуезов еліне оралды. 1955 жылы Д.А.Қонаев Министрлер Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Қ.И.Сәтбаевты қайтадан республика академиясының президенттігіне ұсынды. Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен олардың төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшіл жүйені толық жойған жоқ. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан біріңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтаңдақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді.
Соғыстан кейінгі жылдар ауыл шаруашылығы үшін ауыр болды. Түрлі себептерге байланысты Қазақстанда ауыл шаруашылығының мүмкіндіктері жөнді пайдаланылмай келді. Тіпті ауа райының қолайлы болған жылдардың өзінде ол не бары 100-150 млн. пұт (шамамен 1,6-2,4 млн. т) ғана тауарлы астық өндіретін. 1953 жылдың аяғында тың игеруге қатысты мәселелер Одақ деңгейінде қызу талқыланып жатты. Жарамды жерлер көп Орал, Сібірмен бірге Қазақстан да алдымен аталып жүрді. Жерді жаппай жыртып тастау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуға зиян келтіреді деп санаған республика партия ұйымының басшылары орнынан алынды. Орталықтың нұсқауы бойынша Қазақстан КП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып П.К.Пономаренко сайланды, ал оның орынбасарлығына, біраз уақыттан кейін бірінші хатшының өзі болып сайланған Л.И.Брежнев отырғызылды.
Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы шешім 1954 жылдың көктемінде қабылданды. Онда 1954-1955 жылдары тың жерлерді игеру есебінен дәнді дақылдар егісі аумағын 13 млн. гектарға арттыру, ол жерлерден 1100-1200 пұт астық, соның ішінде 800-900 млн. тауарлы астық алу көзделді. Тың игеру жөніндегі бұл шешімді қазақстандықтар мақұлдап, қуаттайтындықтарын білдірді. Тың игеруге шет жерлерден ғана емес, республиканың өз ішінен де адамдар тартылды. Тың игерудің алғашқы екі жылында республикаға барлығы 640 мың адам келді. Бірақ олардың 150 мыңы ғана ауылшаруашылық механизаторлары еді. Тыңгерлер барар жеріне дейін тегін көшірілді. Әр отбасына 500-1000 сомнан, оның әр мүшесіне 150-200 сомнан бір мезеттік көмек көрсетілді. Үй салу үшін (оның 35 пайызын мемлекет өз мойнына алып), мал сатып алу үшін несие берілді. 1954 жылдан бастап егіске жарамды жерлерді зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ол жұмыстарға Мәскеудің, Ленинградтың, Украинаның топырақ зерттеуші ғалымдары, ботаниктері, гидрогеологтары қатысты.
Алайда өмірлік тәжірибе көрсеткендей, орасан зор көп жерді жыртып тастаудың зиянды салдары ескерілмеді және сол кездің науқаншыл басшыларын келешек туралы ғылыми болжамдарға иландыру оңай емес еді. Тың игеру республиканың Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Торғай облыстарында жүргізілді.
Тың игеру мал шаруашылығына үлкен зиян келтірді. Мал жайылымы, шабындық жерлер азайып, малдың саны кеміді, әсіресе түйе, жылқы орны толмайтын шығынға ұшырады. Тың эпопеясы экологиялық мәселеде өзінің теріс жағын көрсетті. Жер жырту салдарынан 1957-1958 жж. Павлодар облысының жеңіл топырақты аймақты емес, ауыр топырақты жерлерді де қамтыды. 1960 жылға дейін Солтүстік Қазақстанда 9 млн. гектардан астам жер жел эрозиясына ұшырады, бұл сол кездегі Франция сияқты елдің бүкіл ауыл шаруашылық жер көлеміне тең еді.
Тың және тыңайған жерлерді игерудің сонымен бірге үлкен азаптары мен көлеңкелі жақтары да болды. Атап айтқанда, басқа республикалардан келгендердің саны шамадан тыс көбейіп кетті. Жергілікті жерде ұлттық мектептер жабылып, қазақ балалары ірілендірілген мектеп-интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізіле бастады. Жер-су аттары орыс тіліне көшірілді. Мұндай орыстану процесінен халықты республиканың тәуелсіздігі ғана құтқарды. Бірақ бұл процесс соның өзінде де қазақ халқының, оның зиялыларының елеулі бөлігін өз ұлтының тілін білмейтін шала күйінде қалдырды.
Достарыңызбен бөлісу: |