СҰЛТАНМАХМҰТ ТОРАЙҒЫРОВ ЖӘНЕ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ІЗДЕНІСТЕР
Шығармашылық өмірбаяны. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы, 28 қазан күні, Көкшетау облысының Қызыл ту ауданында туады; бес-алты жасынан Павлодар облысының Баянауыл ауданында өседі. Ол анасы өліп, бір жасында жетім қалады. Сонан кейін жас нәрестені ұлы анасы алып тәрбиелейді.
Сұлтанмахмұттың туған әкесі Шоқпыт (шын аты Әбубәкір) кедей болады. Момын, қулық-сұмдықты білмейтін, ақ көңіл, қолындағысын адамнан аямайтын жомарт, айтқанынан қайтпайтын қайратты, қазақша хат білетін адам болған деседі.
Сұлтанмахмұт алты жасар күнінде әкесінен оқып, хат таниды. Осыдан соң Шоқпыт кейде өзі оқытып, кейде ауыл арасындағы молдаға беріп оқытып, баласын оқудын үзбейді. Сұлтанмахмұт 1902-1903 жылдары Әлі деген молдада, 1904-1905 жылдары Торғай деген молдада, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдада оқиды. Сұлтанмахмұт ХХ ғасыр басындағы өзіндік өлең өрнектерімен, сырлы сөздерімен, атқарған істерімен есте қалды. Ол өзінің тұлға ретінде қалыптасып, ақындығын айқындауда аға буын Абай, Шәкәрім және Мағжан, А. Байтұрсынов, М. Дулатов сынды өзімен қатарлас замандастарының шығармалары мен өмірдегі, өнердегі ұстанған бағыт-бағдарларын өлеңдеріне арқау етіп, пір тұтты.
Сұлтанмахмұттың мақалаларының дені «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап», «Абай» журналдарында жарияланған. Бұл басылымдардың («Айқаптан» басқасы) күні кешеге дейін керітартпа, реакцияшыл, ұлтшыл атанып, баспасөзіміздің мәдениетіміздің, әдебиетіміздің тарихындағы өзіне тиісті орнын ала алмай келгендігі белгілі Торайғыров, міне, осы басылымдармен тығыз байланыста болған; кейбіреулерінде қызмет атқарып, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға өзіндік үлес қосқан. Ақын шығармашылығындағы шешуі қиын түйіндердің бірі осы газет-журналдар бетінде жарияланған туындылардың идеялық бағыт-бағдары еді.
Лирикасының тақырыптық-идеялық ерекшелігі. Реалист ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті. Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы "Адасқан өмір" поэмасы, XX ғ. басындагы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген "Қамар сұлу" шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы - оны қазақ әдебиетіндегі демократтык әдебиеттің ірі өкілі етті.
Осы кезден ақыңдыққа ден қойып, 1912-1913 жылдар аралығында «Оқып жүрген жастарға», «Тәліптерге» («Шәкірттерге»), «Ендігі беталыс», «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Мағынасыз мешіт», «Жарлау», «Досыма хат», «Шығамын тірі болсам адам болып», «Түсімде», «Жазғы қайғы», «Қымыз», «Кешегі түс пен бүгінгі іс», т.б. өлеңдерін, «Зарландым» атты ұзақ очеркін жазды.
Осы тұста «Қамар сұлу» романын жазуды бастады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішіңде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.
Достарыңызбен бөлісу: |