МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭТИКАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
№11 дәріс
ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ РОМАНЫ
Жүсіпбек Аймауытов - аса ірі тұлғалардың бірі. Ол – ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, Жүсіпбек революциядан кейін туған жаңа советтік әдебиеттің негізін салушылардың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа жанрлардағы ізденістерді орнықтырды.
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында туған. Арғы аталары ауқатты болған деседі. Бірақ Жүсіпбектің өз әкесі Аймауыт та, оның әкесі Дәндебай да шағын шаруалы адамдар болған. Жүсіпбектің 15 жасқа дейінгі өмірі өз ауылында өтеді. Ол ауыл молдасынан оқып сауат ашады. Үзіп-жұлып әр қилы молдалар (өз айтуынша, Жүніс қожа, Шәймерден қожа, Қожахмет молда, Қапар қажы, Мұхамеджан) алдын көріп, есікше едәуір білім алады. Содан кейінгі аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» романында суреттелетін бала молда өзі екенін жазушы мойындап жазған.
1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. «Оспанның (Аймауыттың інісі) Серебрянников дейтін тілмәші мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық школына барып, емтихан ұстадым», - дейді ол. Бірақ ауыл шаруашылық мектебінде ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауыл шаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана оқуға мүмкіндік алған Жүсіпбек мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады.
Осыдан кейін біраз уақытын ол ауылда балы оқытумен, Баяндағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырумен өткізеді. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі, оны 1919 жылы бітіреді. Жүсіпбектің алашордашылардың істеріне араласатыны да осы кез. Семейде ол «Абай» журналын шығарысады.
1919 жылы Жүсіпбек алашордадан бөлініп, Совет өкіметі жағына шығады. Коммунистік партияның қатарына кіреді. Семейде, Павлодарда партия, совет жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан Советтерінің Құрылтай съезіне делегат болып қатысады. Содан кейін Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатында басшылық қызметте қалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауысады. Кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып істейді. 1922-1924 жылдары Қарқарылады мектеп мұғалімі болып, 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында қызметтер атқарады. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумынын директоры болады. Ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзі пайдаланып кетті» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады. «ОГПУ органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріскен. әлгі аталған 14 адамның бәрі де тұтқындау үшін жеткілікті негіз боларлық айыптары жоқ болса да, прокурордың санксиясынсыз-ақ қамауға алынған. Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша жаңағы 14 адамға түгелдей сырттай үкім шығарылған» - дейді, Аймауытовтар ісін қайта қарауға қатысқан Қазақ ССР Жоғарғы сотының председателі Т:Қ. Айтмұхаметов.
Міне, осылардың қатарында Ж. Аймауытовтың өмірі 1931 жылы, 42 жасында нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды.
Жүсіпбектің әдебиетке құмарлығы жастай оянған тәрізді: өзі: «Ауылдағы өзім құрбы балалардан хатты ерте таныдым. ... Хисса, өлең кітаптарды көп оқушы едім. Қадыкеш апамның бір сандық хиссасы бар еді. Қыстың ұзақ кештерінде алғашқыда Қадыкешке, соңынан Ақат екеуімізге әкем хисса оқытқызып отырушы еді» - дейді жоғарыда аталған С.Садуақасовқа жазған жауабында. Жүсіпбектен қалған мұра аса бай. Оның ішінде «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі мен көптеген әңгімелер, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Қанапия мен Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалар, өлеңдер мен «Нұр күйі» поэмасы, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар мен көптеген аударма кітаптар, оқулықтар бар. өз кезіндегі газетжурналдар бетінде Жүсіпбек жазған мақалалар да бірсыпыра. Оларды толық жинап бастыру, зерттеу – алдағы күннің міндеті.
Осындай жан-жақты талант иесі. Жүсіпбек революциядан кейін туған қазақ совет әдебиетінің бастауында тұрып, өзінің замандастары Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Мағжан, Сәбиттермен бірге көптеген жаңа жанрлардың негізін салуға қатысты. Әсіресе оның проза мен драматургиядағы орны үлкен.
«Күнікейдің жазығы» повесі 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарияланған. Мұның да тақырыбы - әйел тағдыры.
Жүсіпбектен қалған бірталай әңгіме бар. Олар: «Бетім-ау, құдағи қой» (1918), «Елес» (1924), «Әнші» (1925(, «Боранды болжағыш әулие» (1926), «Ханалар тарихы» (1927) т.б.. бұларда сол кездегі ел тұрмысын, заман тынысын танып бейнелейтін жазушының қолтаңбасы анық көрінеді.
Жүсіпбектің драматург есебінде көзге түсуі де тым ерте. Ол Семейде оқыған жылдары жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, спектакльдер қойған, өзі басты рольдерде ойнаған. 1917 жылы 17 желтоқсанда Семейде оқитын жастардың әдеби кеші болып, онда Жүсіпбектің «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға» атты бір перделі пьесалары қойылған. Кейін «Ел қорғаны» «1925), «Мансапқорлар» (1925), «Қанапия мен Шәрбану» (1926), «Шернияз» (1926) атты драмалар жазған.
Жүсіпбек пьесалары идеялық мазмұнының байлығымен ғана емес, драмалық тартыстың өткірлігімен, мінез жасаудағы ізденістерінің әр қилығымен ерекшеленеді. Ол тартысқы негіз етіп әлеуметтік қайшылықты алады. Сол қайшылықты күрестерде тап өкілдерінің позициясын анықтап, образдарды даралауға ұмтылады. «Қанапия мен Шәрбану» пьесасында бір-бірін сүйетін екі жастың қосыла алмау шырғалаңы 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі әлеуметтік тартыстар жағдайында суреттелсе, «Рабиға» пьесасында екі салт негізінде мал берген қойшы шалға тиген Рабиға деген жас қыздың өмірі сөз болады.
Жүсіпбектің «Қартқожа» романы тұңғыш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Бұл – қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы елеулі шығармасы. Онда қазақ ауылының революция адындағы және әлеуметтік қақтығыстар кезіндегі тіршілігі, азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңаша ұмтылысы шыншылдықпен бейнеленеді. Шығарма тарихтың осындай бір кезеңді, шытырман оқиғаларға толы тұстарындағы қазақ ауылы өмірінің жалпы шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттей алуымен де бағалы. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның 1917 жылы февраль революциясына ұласуы, қазақтардың ел ішіндегі әлеуметтік күрестерге араласуы, «Алашорданың» құрылуы мен ақ әскерлерінің большевиктерге қарсы күресі, Октябрь революциясы мен азамат соғысының жеңісті оқиғалары роман сюжетіне негізгі желі боп кіреді. Шығарма қаһарманы Қартқожа да, оның елі де, жұрты да осы оқиғалар фонындағы тартыста есейіп, есін жинап, ілгері басады, болашаққа қарайды.
«Ақбілек» - жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма. Ол кезінде «Әйел теңдігі» журналының 1927, 1928 жылдар ішіндегі бірнеше санында жарияланған.
«Ақбілек» тақырыбы жағынан «Қартқожа» романымен үндес. Егер «Қартқожада» жазушы ескі қоғамдық құрылыс жағдайында теңсіздікте күн кешкен қазақ кедейінің Социалистік революциядан соң құлдықтан құтылып, азаттық күрес жолына шыққанын суреттесе, «Ақбілекте» де осы идеяны жалғастырады. Мұнда феодалдық-рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең құқықты азамат болуы бейнеленеді.
Романның композициясында, жазылу әдісінде ешқандай қалыптасқан дағды жоқ. Бұрын үлкен прозасыболмаған әдебиетте ондай дағдының болуы да мүмкін емес. Бекьолат, Ақ офицер, Мұқаш бейнелерін жасауда, портреттерін, ішкі сезімдерін жазушы олардың өз ұғымына сүйенеді, кейіпкердің монологы үлгісін пайдаланады. Романның төртінші бөлімінің оқиғалары яғни Ақбілектің жаңа өмірі екі әйелдің (Ақбілек пен Кәмилә) әңгімесі ретінде жалғастырылады. Кейде күнделік араласып кетеді. Әсіресе Ақбала – Ақбілек – Балташ арасындағы қарым-қатынасты суреттеуде жазушы осы үлгіге көбірек жүгінеді. Мұның бәрін образ ашудың жолдары ретінде қолданылады.
Романдағы ел тұрмысының, әдет-салттың суреттері де әр тұрғыда, әр түрлі жағдайлармен байланысты жасалады. Мұқашьың әйелі алтынайдың тіршілігі, Мұсабай ауылындағы әйелдер – Бозінген, Күмсінай т.б. тұрмыстық суреттермен көрінген бейнелер.
Жалпы алғанда, «Ақбілек» - бір қыздың тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріндегі қазақ ауылының жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романдарының бірі.
Әдебиеттер тізімі
Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы – 1989.
Қирабаев С. Жүсіпбек Аймауытов. Алматы – 1990.
Қирабаев С. Қуатты қалам, күрделі тағдыр//Жұлдыз, 1989. № 10
Елеукенов Ш. Жаңа жолдан. Алматы – 1989.
№12 дәріс
Достарыңызбен бөлісу: |